Оқжетпес, Бурабай, Жұмбақтас

Көк торғын, Көкшетауды мұнар басқан,

Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан.

"Оқжетпес" етегінде бейне найза

Адамзат жасағандай құйған тастан.

Тау бүркіт көк қаршыға көкте қалқып,

Шарықтап, шыңында ойнап шаңқылдасқан.

Қызықты Көкшетаудың ертегісі,

Сілекей ағызады сырлы дастан.

"Оқжетпес", "Бурабайдың" жағасында,

Күн батыс тауға кірген сағасында.

Басында кептер кебін қыз жырлаған,

Аңғал құз, көлдің жиек тағасында.

"Бурабай" таудың шұңғыл шарасында,

Әлгі құз "Оқжетпес" пен арасында.

Ұлылы-кішілі боп көлге төнген,

Өңкей құз күміс келге жарасымда!

"Оқжетпес" кербез сұлу боянбаған,

Керіліп, кернеу тартып оянбаған.

Айнаға алдындағы мәңгі қарап.

Өзінің көркіне өзі тоя алмаған.

Аңғал құз "Оқжетпестің" етегінде,

Ботадай бойшаң нардың жетегінде,

Бұл күнде көлдің суы құзды ораған,

Дәл сол құз екен көлдің шеті о күнде.

Әлгі құз "Жұмбақтас" деп аталыпты,

Солайша калмақ қыздан бата алыпты.

Суретті "Жұмбақтастың" шежіресін,

Үлкеннен кейінгілер жат алыпты.

Мінеки, жұмбақ таста болған ертек, -

Жыр қылған, от басында әйел, еркек.

Қақтаған отқа бұтын балалар да,

Ши борбай, күс табанды, қарны шертек.

Осылай жыр қылады "Жұмбақтас" деп,

Дәу алып адам пішін сымбат тас деп.

Куәсі ертедегі болған істің,

Белгісі шежіренің қымбаттас..." деп.

Барғанда анда-санда "Оқжетпеске",

Болмайды "Жұмбақтасты" елемеске.

Елестеп көз алдыңа суреттері,

Ертегі әлгі әңгіме түседі еске.

"Жұмбақтас" - бейне арыстан шөгіп жатқан,

Айбатты жалбыр жалын төгіп жатқан.

Манқиып "Оқжетпеске" қырын қарап,

Суына "Бурабайдың" бөгіп жатқан.

Жақын кеп, қараған жан аңғал тасқа,

Сүңиген тұңғиыққа, саңғал тасқа.

Қызықты жаратылыс суретіне,

Болмайды қайран қалып, таң қалмасқа.

Сүңиген аңғал қия, мылқау-керең;

Үңілген көлге төніп, түпсіз терең.

Қарасаң етегіне келіп тұрып,

Шымырлап түршігеді барлық денең!

Анығын ертегінің сұрасаң да,

Айқайлап етегінде айтып өлең,

Қаңқылдап өз сөзіңді қайта айтады,

Жалынған сұрауыңды қылмайды елең...

* * *

Бурабай желді күні толқынады,

ЬІсқырып, дауыл соқса, бұлқынады.

Жайындай найза тиген ойран болып,

Соқтығып қырға шапшып жұлқынады.

Кескекті арыстандай арсылдайды,

Шынжырлы ақ бураша қаршылдайды.

Гүрсілдеп, көбік шапшып тасқа соғып,

Қамаған тау мен тасқа қалшылдайды.

Үнемі бір қалып жоқ "Бурабайда",

Маужырап тыныштанад тынық жайда.

Көңілді балқытады жұмсақ тербеп,

Сипайды еркелетіп жанды майда.

Аспаннан алтын Күннің сәулесі ойнап,

Құйынып, күміс суға терең бойлап.

Құбылып ойнайды көл исінгендей,

Кұлпырып сансыз түрге гауһар жайнап.

Жағалай тау мен орман анталасып,

Ортада жатқан жасыл мөлдір айна, -

Ойнайды айнадан өз жүзін көріп,

Кеш болса сансыз жұлдыз алтын ай да...

Долданып, дауыл соқса, тулап айдын,

Гүрсілдеп, аласұрды шулап айдын.

Жұлқынған шынжырынан ақ бураша,

Көпіріп соқтығады зулап айдын.

Күрсілдеп, аласұрып көбік шашқан,

Тулаған көл бейнелі - бурада айбын.

Кей күні тулаған көл, кей күн жым-жырт.

"Бурабай" тыншығады шуақ жәй күн.

Шілдеде көркем айна, торғын тұтқан.

Аждаһа, - қарадауыл құралай күн.

Тағы да бір құз тас бар жағасында,

Тағы сол күміс сулы "Бурабайдың".

Кеңесары үңгірі

Орта жүз "ақ патшаға" бағынғанда,

Патшаға хан ұрпағы жағынғанда,

Қасым хан бармай қалған, туыстары

Патшадан "байғазы" алып тағынғанда.

Кене хан Қасым ұлы қырға көшкен,

Үстінен туыстары шағынғанда.

Патшаға қарадың деп елді шапқан,

Хандығын Абылайдың сағынғанда.

Үркітіп дүйім елді бүлдіргенге,

Шулатып жабықтарын тілдіргенге.

Мәз болған хандарыңыз, - ел шапқызып,

Торсықты керегеге ілдіргенге.

"Қасым хан, туғанда қан уыстаған",

Мәз болып, "Кеңесары ту ұстаған".

Кене мен ағалары жауласыпты,

Сияқты Абылайдан туыспаған.

Бұл сөзім онша емес көне сарын, -

Әңгіме, сексен жылдан емес ары.

Шауыпты қырдан келіп ағаларын,

Абылай немересі - Кеңесары.

Тасқанда көлдің өсіп кенересі,

Су қайтса биіктейді кемері өсіп.

Түстік жақ Бурабайдың бір құзына

Қоныпты Абылайдың немересі...

Кемерде қалың орман, күз тас шошақ...

Кененің қолы келіп құрған ошақ...

Қарауыл таудан аса баршы салып,

Сол құзда Кеңесары жатқан мошап.

Сол құзда жатқан мошап үйілісіп,

"Жат болған" Көкшетауға күйінісіп.

Шаппақ боп, дуан менен таудағы елін,

Күштерін жиып, тастай түйінісіп.

Содан соң мәңгі тастап бекінісін,

Қолымен Кене кеткен шегінісіп.

Мүлде енді шөлге кеткен аулын шауып,

Қасымның екі ағасын, екі інісін.

Үйшік бар, әлгі құзда үңгірлеген,

Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.

Аталған "Кенесары үңгірі" деп,

Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген.

Наши рекомендации