Бой тазалығы ой тазалығына жеткізеді
Қызым, жан тазалығы туралы кейін айтармын. Қазір айтайын дегенім – тән тазалығы. Таза жүр, жуынуға ерінбе, сабаққа, қызметке шашың май-май болып барғаны өте ыңғайсыз. Таза жүрсең, сергек боласың,өзіңе сенімің мықты болады. Алла тағала да тазалықты сүйеді, сондықтан да адамдарға күніне бес рет дәрет алуды, бес рет намаз оқуды парыз еткен. Ойлап қарасақ, бес уақыт жуынып, намаз оқудан Аллаға келіп-кетер ештеңе жоқ, ол адамдардың денсаулығы үшін керек.
Қызметке не кездесуге, шақырылған жерге таранбай, боянбай, қалай болса, солай киініп бара салма. Олай жүру - сенің мәдениетсіздігіңді көрсетеді. Сырт киіміңді өтектемей киме. «Кім көріп тұр» деген сөзді өмірі айтпа, барлық адамда көз бар. «Адам көркі – шүберек» деп, бабаларымыз тегін айтпаған. Сырт көз сенің жаныңа үңілмес бұрын, киген киіміңе қарайды. Содан бағалайды. Бабаларымыз тағы да: «Дос басыңа қарайды, дұшпан аяғыңа қарайды» деген, ол да тегін емес.
Киіміңді күтіп ки. Кір жуғанда кірлерді бөліп жу, ақ-қарасын бірге араластырма, қол орамалдарды мейлінше, бөлек қайнатып, жуған дұрыс, жуған кірден сабынның не кіржуғыш ұнтақтың исі шығып тұрмағаны абзал. Мүмкіндігінше, кірді кір сабынға жуған дұрыс. Кейін амандық болса, балалы-шағалы боласың, сонда сәбидің киімін ешқашан үлкендердің киімдеріне қосып жума. Ұнтаққа да жума, балаларға арналған сабынға, не кір сабынға жуу керек.Сонда баланың үсті бөртіп, қызармайды.
Қызым, ыдыс-аяғың әрқашан таза болсын. Ішіне қақ тұрған кесемен шайды өзің де ішпе, өзгелерге де берме. Күнде қолданатын ыдыстарды аптасына бір рет сода қосылған суға қайнатып алған дұрыс. Балаларыңа да осыны үйрет. Кейбір үлкен адамдар кішкентай сәбидің аузына емізікті не тағамды өзінің аузына салып алып, беріп жатады. Ол деген - барып тұрған жабайылық. Ешқашан олай етуге болмайды. Ол сәбиге жасалған қастандық деп түсіну керек. Баланың аузына емізіктің өзін таза қайнақ суға шайып алып, салу керек.
Таза киініп, таза тамақ ішкен адамның жаны да, тәні де таза болады. Көшеден тамақ ішпеуге тырыс, жалпы мұсылман баласы тұрып, тамақ ішпеген, отырып ішкен. Не болса соны жей берме, шыдауға болатын болса, шыда, үйіңе келіп тамақтан, не асханалардан тамақтанар болсаң, жақсы жеңіл-желпі тамақ алып іш. Сүймеген, сүйкімсіз тамақ ішсең, ұшынып қаласың.
Тамақ ішер алдында қолыңды міндетті түрде сабындап жу. Балаларыңнан да қолын жууды талап ет. Жуған қолыңды сілкіме, таза орамалға сүртетін бол.
Мінезге бай бол
Орта ғасырда Әл-Фараби бабамыз: «Адам басына қонған бақыттың тұрақты болуы – адамның мінез-құлқына байланысты» деген екен.
Қандай бір сәттерде ұстамды, сабырлы бол. Беталды сөйлеме, сөзге тоқта. Тыңдай біл. Үлкен адамдарды ата-анаңды қадірлегендей қадірле, кішілерге де өте мәдениетті, сыпайы түрде көмек бер, ізет көрсет. Барға, Алланың бергеніне қанағат ете біл,қызғаншақ болма. Қандай істі бастасаң да аузыңнан шығар бірінші сөз «Бисмиллаһи рахманиррахим» болсын.
Қайырымды бол, әлсіздерге болыс, саған біреу жамандық жасаса, сен оған жақсылықпен жауап бер, кек алма,бабаларымыз: «таспен ұрғанды аспен ұр» деген. Адам қалыбыңа лайық өмір сүр, адамдық қасиетіңді жоғалтпа.
Адам өз ісін жетік білу керек, сонда ғана сенің беделің болады,ол үшін көп оқып, көп ізден, оқығаныңды жадыңда сақтап, өміріңе қолдана біл. Оқығаныңды ұмытып қалмау үшін анда-санда болса да, қайталап оқып қой.
Қызым, өмір бір түсті ғана емес және бір ғана жерде, өзіңе жақын адамдармен ғана өмір сүрмейсің. Өмірдің бояуы өте көп және әр түрлі ортада, әр түрлі адамдармен өмір сүруге тура келеді. Әр ортаның өз талабы болады. Әйел баласына сабырлылық, орынды сөйлеу өте керек қасиет. Сабырсыз болып, елдің берекесін алсаң, орынсыз күліп, жеңілтек болсаң да болмайды. Балам, дүниеде жалғыз өзің бардай, дүние ауырлығын өзің ғана көтеріп жүргендей мінез көрсетпе, ерігіп жүрген ешкім жоқ. Басыңда қиындық болса, өз қалыбыңда сақта, сыртқа білдірмеуге тырыс. Жұмыс орнына әр адам өз проблемасын алып келіп, айтып отырса, не болды? Қызмет орнындағы телефонмен сөйлескенде де қысқа, тұжырымды сөйлесуге тырыс. Көптен хабарласпаған танысың болса, бос уақытыңды айтып, кездесіп сөйлес, қасыңда әріптестеріңнің жұмыс жасап жатқандығын айтып, кешірім сұра. Телефонмен сйлесе білу де - мәдениеттілік. Саған телефон соғып тұрған адам сенің жағдайыңды көріп тұрған жоқ, сондықтан қанша жерден көңілді, көңілсіз болсаң да бір қалыпты, салмақты, жарқын дауыспен сөйлесуге тырыс. Телефон соққан адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырма.
Қызым, бақытқа жақсы мінезбен бар. Тұрмыс құрып, басқа елге барғанда да мінезің жақсы болса, жақсы келін боласың, мінезің жаман болса, үйіңнен адам қашатын болады. Жолдасыңа да өз мінезіңнің жақсылығымен жағасың. Отбасының да шешілетін, шешілмей жататын мәселелері болады. Сонда жолдасыңа : «Сенің ісің, не сөзің дұрыс емес» деп, бірден айтпа, ер адамның ашуы алдында болады, күтіп ал, сабыр ет, уақыт өтсін. Ер азамат ас ішкен соң (ер адамның әлсіз тұсы -тамақ) ашуы тарқай бастайды. Егер сені тыңдайтындай сыңай білдірсе, сөзіңді баста. Сонда да «сеніңкі дұрыс емес» деп емес, «асықпайық, ойланайық, күйіп бара жатқан жоқ, ақылға кел, егер сен осыны істесең, сенің абыройың өседі, ол адам да бізге көмектесіп еді ғой, т.б.» деп, екеу ара келіспеген болсаңдар да, уақыт өткен соң: «... біздің мәселемізді өзімізден басқа ешкім шешпейді, оған біреулерді қатыстыру дегеннің өзі ұят, бақытты екеуміз жасаймыз, егер екі жаққа кетсек, жол өте алыс, ұзап кетеміз, бір-бірімізге қарама-қарсы жүрсек, жол өте жақын, сондықтан алыстау да, жақындау да өз қолымызда. Үлкендердің ақылсыз шешімінен кішкентай балалар қасірет шекпеу керек....» деген сияқты сабырлы сөздерді айту керек. Ақылды әйел үйдің қазынасы, шуағы, соны ұмытпа, балам.
Әйел-ана ақылды болмай, адамдар бақыттты болмайды.