Анасы мен баласының әңгімесі

Баласы: - Ана, ата деген кім болады?

Анасы: - Атаң сенің ардақты,

Әкесі ол әкеңнің.

Айтар сөзі салмақты,

Атасы ол ұлымның.

Баласы: - Ана, әже деген кім болады?

Анасы: - Әжең – мейір шуағы,

Төрімізде тұрағы.

Анасы ол әкеңнің

Бізбен бірге тұрады.

Баласы: - Ана, нағашы деп кімді айтады?

Анасы: - Ақылыңнан айналдым,

Нағашың – алтын тірегің,

Анаңның бауыр-туысы.

Тілегін тілеп жиеннің,

Тасыған әркез ырысы.

Баласы: - Ана, бауыр деген кім болады?

Анасы: - Бауыр сенің – туғаның,

Бауыр сенің – туысқаның.

Алда талай өмір бар,

Жоқ нәрсе үшін ұрыспағың.

Бата алған Әміржан

Әңгіме

Аулада екі бала доп ойнап жүр. Күннің ыстығына да қарайтын емес, кезектесіп қақпаға тұрады. Екеуі: «Шіркін-ай, балалар көп болып, нағыз футбол ойнасақ қой» деп, армандап қояды. Бір кезде қақпада тұрған Әміржан жүгіре жөнелді. Айдар болса, аң-таң.

- Әміржан, сен қайда кеттің?

- Қазір,-деді Әміржан.

Әміржан жүгірген бойы барып, бір апаның қолынан ауыр сөмкесін алды. Екеуі бірдеңе деп сөйлесіп барады.

Айдар: «Ауылдан келген туыс апасы шығар , себебі Әміржанның өз әжесі үйінде ғой» деп ойлады. Бір кезде Әміржан жүгіріп келді де, қақпаға тұра қалды.

- Әміржан, сендердің үйге келді ме?

- Кім?

- Жаңағы сен сөмкесін көтерген апа.

- Жоқ.

- Онда сен неге жүгіріп бардың?

- Көріп қалдым.

- Көріп қалсаң, жүгіре бересің бе? Мен сені таниды екен десем.

- Айдар, ол үлкен апа ғой, сөмкесі ауыр екен, көмектестім, одан менің ештеңем де кеткен жоқ, керісінше, ол кісі маған «өркенің өссін, үлкен азамат бол» деп, батасын берді.

- Қойшы, танымайтын апаға көмектесудің керегі жоқ, өзінің баласы, немересі неге көмектеспейді.

- Ол апаның баласы да, немересі де жоқ екен.

Айдар үндемей қалды. Добын қолына алып, өз үйіне қарай бұрылды.

- Айдар, ойнамаймыз ба?

Айдар үнсіз басын шайқады. Әміржан досына неге жақпай қалғанын түсінбей тұрып қалды.

Аңдар патша сайлады

(ертегі)

Аңдар, құстар, кәдімгі үйдегі жан-жануар малдар бәрі-бәрі бір күні жиналып, кеңес құрды. Осы күнге дейін сайланбай-ақ аң патшасы болып жүрген Арыстан сөз бастады.

- Қадірлі ағайын, бүгінгі бас қосуымыздың себебі бәрімізді тура жолға салып, тәртіпке келтіретін, басымызға күн түссе, құтқаратын арамыздан біреуді патша сайлайық.

Қу түлкі жағымпаздығын көрсетті:

-Өзіңіз басқара бермейсіз бе, сіз күштісіз, сіз ақылдысыз, - деп бұраңдады.

Арыстан оның сөзіне де, өзіне де мән бермеді. Сөзін ары қарай жалғастырып, жиналысты басқаруды салмақты да, сабырлы түйеге тапсырды. Түйе арыстанға сұрақ қойды.

- Ареке, патшалыққа үміткерлерге ең басты шарт қандай болады?

- Ең басты шарт – саналы адам баласына көп жақсылық жасайтын аң, жануар, құс патша бола алады.

- Онда өзіңіз төраға болыңыз. Маймыл, қасқыр, жылқы, тасбақа, қарлығаш құс сіздер әділқазы боласыздар.

- Патшалыққа үміткерлер бір-бірден ортаға шығып, өз қасиеттеріңізді айтасыздар.

Аң да, құс та, үй жануарлары да қалай болар екен дегендей аңтарылып тұрып қалды. Саспаған тек түлкі ғана. Бағанағы арыстанға жағымпазданғанын ұмытқан, сұлулығына басы айналды ма, әйтеуір бұралаңдап ортаға шықты.

Ау, ағайын, туғандар,

Бірер минөт тыңдаңдар.

Мен өзмді патшалыққа ұсынам,

Қарсы ешкім бола қоймас осыған?

Ақылына көркі сай ,

Маған келер барлық бай.

Ұқсата алса, тон боламын.

Сыйлыққа берсе, жол боламын.

Бәріңнен де адамға

Ең керегі мен болармын.

-Тон болатын мен жол бола алатындар бар болса, ортаға шықсын.

Қасекең шықты қасқиып, суыр шықты суылдап, алаңдап шықты андатр, шығып жатыр бәрі де. Құндыз шықты құлпырып, қарап қапты жұрт тынып. Түлкінің реңі қашты, ыза боп, бетін басты.

-Жан-жануарлардан талапкерлер болса, ортаға шықсын.

Кеңесіп малдар өзара келді бітімге, артықпыз деп айғай салмады ешкімге.

-Құстардан кім бар?

Бәрі қыранға қарады, қыран биіктен жерге түспеді, саңқылдаған даусымен:

Жер біздің бесігіміз, аялаймыз,

Пайдамыз болса егер аямаймыз.

Аспанның биігінде самғасақ та,

Патшалыққа біз бірақ жарамаймыз.

Сонымен не керек, аң-құстың ешбір әулетінен патшалыққа лайығы өздерін өздері ұсынбады. Арыстан жиынды басқарып тұрған түйеге:

-Ей, момын жануар, кезінде момын, аңқау мінезіңмен тышқанды басыңа шығарып, жылдан құр қалып едің. Енді осы баршамыз саған бағынсақ, қалай болады? Бәрімізден бойың да ұзын, өзің көнбіссің, су ішпей-ақ шыдап жүре аласың. Түйе ат-тонын ала қашты:

- Жоқ, жоқ Арсеке, өзіңіз болыңыз. Патшаның адуынды, айбарлы болғаны жақсы ғой.

Арыстан: - Ол дұрыс қой, бірақ мен сен сияқты шыдамды емеспін, қарным ашса, ашуым қатты. Адамға пайдам емес, залалым көп бола ма деп, қорқамын. Өзің болмасаң, төрелігін айт.

Түйе: - Жарайды, онда менің шешімім: - жылқы патшалыққа жарайды. Ол – ердің қанаты, одан басқа да көптеген қасиеттері бар. Адам баласы жаратылғалы жылқы - адамның серігі. Егер сіздер мақұлдасаңыздар, менің ұсынысым осы.

Бір уақыт тыныштықтан соң, бәрі түйенің сөзін мақұлдап, қол көтереді.

Қанатты пырақ ортаға шықты, оған бәрі қошамет көрсетті.

1999-2005 жылдар аралығында жызылды

Наши рекомендации