Рио олимпиядасындағы жетістіктер

Рио-де-Жанейро қаласында төрткүл дүниені дүркіреткен дүбірлі дода - XXXI Жазғы Олимпиада Ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан атынан үкілеп жіберілген ұлттық құрама ел үмітін ақтап, 200-ден астам мемлекет ішінен жалпы есепте 22-орынға ие болды. Қазақстан қоржынында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль бар.

Айта кетелік, Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 104 спортшы 26 спорт түрінен өнер көрсетті.

Осылайша, 2016 жылдың 20 тамызындағы жағдай бойынша 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бері тәуелсіз Қазақстанда Олимпиада чемпиондарының саны - 19-ға жетті.

Рио төрінде Қазақстан қоржынына ең алғашқы медальді дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг салған болатын. Моңғолияның тумасы, бүгінде Қазақстанның ұлттық құрамасында жаттығатын Галбадрах 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қола медаль еншіледі. Қола үшін болған белдесуде ол Куба чемпионы Даярис Местре Альвареспен күш сынасып, «иппон» әдісімен қарсыласының жауырын жер иіскетті.

Оның ізін ала дзюдошы Елдос Сметов ел қоржынын күміс медальмен толықтырды.

Ол финалда ресейлік балуан Беслан Мудрановпен белдесіп, негізгі уақытта тең дәрежеде өнер көрсетті. Өкінішке қарай қосымша уақыттың соңғы секундтарында ресейлік спортшы айласын асырып кетті. Осылайша Елдос Сметов Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Елдостың бұл жүлдесі олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына түскен екінші медаль.

Елдос Сметов - қазақстандық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі Қазақстанның спорт шебері, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол 1992 жылы 9 қыркүйекте Таразда дүниеге келген.

Олимпиада Ойындарында ауыр атлеттерімізге ерекше назар аударылғаны анық. Қазақстанның саңлақтары Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло мен Светлана Подобедовалар допинг дауы салдарынан Олимпиада жарыстарынан шеттетілгеннен кейін, спорттың осы түрі ойсырап қалғандай күй кешкен едік. Барша әлемнің спорттағы білгірлері «енді Қазақстанның шама-шарқы нешік?!» деп сын көзбен қарағаны да жасырын емес. Дегенмен бұл жолы да Алексей Ни жетекшілік ететін ұлттық құрама еңсемізді түсірген түсірген жоқ, ту сыртымыздан ала көзденіп отырғандардың есінен тандырғаны да шындық.

Рио Олимпиадасында зілтемір көтеруден 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 23 жастағы Нижат Рахимов - алтын, 22 жастағы Жазира Жаппарқұл (69 келіге дейінгі салмақ) - күміс, 23 жастағы Карина Горичева (63 келіге дейінгі салмақ), 25 жастағы Фархад Харки (62 келіге дейінгі салмақ), Александр Зайчиковтар (105 келіге дейінгі салмақ) - қола медаль алған болатын, сондай-ақ, 24 жастағы Маргарита Елисеева (48 келі) бесінші, 24 жастағы Чонтей Арли (56 келі) 4-ші орындарға қол жеткізді.

Ауыр атлет Нижат Рахимов Рио-2016 Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, Илья Ильиннің жоқтығын білдірмеді. Олимпиада ойындарының рекордын жаңартқан Нижаттың өнері барша әлем жұртшылығының таңдайын қақтырды.

Рио Олимпиадасында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нижат Рахимов жұлқа көтеру сайысында 165 келі көтерді. Ал, серпе көтеруде қазақстандық спортшы 214 келіні бағындырды. Сөйтіп, қоссайыс қорытындысы бойынша 379 (165+214) келі нәтиже көрсетіп, Рио Олимпиадасының чемпионы атанды.

«Рио Олимпиадасына жан-жақты дайындалдым. Тынбай жаттықтым. Тер төгіп еңбек еттім. Маған бапкерлерім көмектесті. Сол үшін оларға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әкеме де айтар алғысым шексіз. Маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін барлықтарыңызға рахмет! Мен Олимпиадаға барар алдында айтқанмын, қазір де қайталап айтамын: Менің қарсыласым тек қана зілтемір. Зілтемірмен ғана сайысқа түсемін. Басқа қарсылас көзіме көрінбейді», - деді Н. Рахимов толқып.

Нижат Рахимов 2015 жылғы Әлем чемпионы. Жасы 23-те. Ұлты әзербайжан. Баку қаласында туған. 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Бүгінде Атырау қаласында тұрады.

Тағы бір ауыр атлетіміз Жазира Жаппарқұл Рио Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Күміс жүлдегер атанып қана қоймай, қазақ қыздары ішінде ауыр атлетикадан Олимпиадада жүлде алған тұңғыш спортшы болып тарихта қалды.

«Маған қызу қолдау көрсеткені үшін Қазақ еліне шын жүректен үлкен алғысымды білдіремін! Елбасына айтар алғысым шексіз! Бізді керемет күтіп алып жатырсыздар! Біз сіздердің қолдауларыңызды үнемі сезініп жүрдік. Рахмет! Алға Қазақстан!», - деді ол Алматыға жетіп, тілшілерге берген алғашқы сұхбаттарының бірінде.

Сонымен қатар, Жазира енді алдағы Токио Олимпиадасында чемпион атануға күш салатындығын жеткізді.

«Енді, бұл Олимпиадада алтын медальға қол жеткізуді жоспарлаған едім. Алайда, жаттығу барысында аздап қателіктер кетті. Жарақат алып қалдым. Соны емдетемін деп алтын уақытымды жоғалтып алдым. Бірақ, өзім бәрібір көңілімді түсірген жоқпын. Риода сәл қиындау болды. Бірақ, қолымнан келгенінің барлығын жасадым. Аллаға шүкір, күміс жүлдеге қол жеткіздім. Бұған да жете алмай жатқандар бар ғой. Сол жете алмай жатқандарға осындай медальдарға жете берулеріне тілектеспін. Қазақ елі жасасын! Енді алдағы Токио Олимпиадасына дайындаламын», - деді Ж. Жаппарқұл.

Бұл спорт түрінде қола медаль алған Фархад Харки, Александр Зайчиков пен Карина Горичевалар да елдің үмітін ақтады деп толық сеніммен айта аламыз.

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Алексей Ни журналистерге берген сұхбатында Қазақстан құрама командасы Рио Олимпиадасындағы өнеріне жоғары баға берді.

Оның айтуынша, Олимпиадада әрбір медаль - қажырлы еңбектің жемісі.

«Рио Олимпиадасында барлығы 8 атлетіміз өнер көрсетті. Қоржынға 5 медаль түсті. Екі атлет төртінші орын, ал бір атлет бесінші орын алды. Бұл Олимпиадада екінші құрам өнер көрсетті десе де болады. Бес атлет Олимпиада тұғырына бірінші рет көтеріліп отыр. Осы жәйттерді ескерер болсақ, команданы жоғары дәрежеде өнер көрсетті деуге әбден болады», - деді А. Ни.

Сонымен қатар, Алексей Ни Жазира Жаппарқұлға Олимпиада чемпионы атануына өзіне деген сенімділік жетіспегенін айтты.

«Жазираға қытайлық қарсыласын жеңе алатындығына деген сенімділік жетіспеді. Оның үстіне, жұлқа көтеруден екінші орын алған соң, босаңсып қалды. Үшінші мүмкіндіктен айырылмау керек еді. Серпе көтеруде бірінші мүмкіндікті сәтсіз аяқтады. 140 келіні көтеру керек еді. Екінші мүмкіндікте - 144, ал үшінші мүмкіндікте 147 келіні көтеру керек болатын. 147 келіні көтеру - Олимпиада чемпионы болу деген сөз. Қытайлық қарсыласы 145 келіден әрі аса алмас еді. Бар мүмкіндігі сол болатын. Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, ол үшінші мүмкіндігін сәтсіз аяқтады. Жазираға бір мүмкіндік жетіспеді. Егер, ол 147 келіні көтергенде қытайлық атлет 148-ді көтере алмас еді. Жазираға жеңімпаздық рух, тәжірибе, салқынқандылық жетіспеді. Бірақ, ең бастысы Жазира қытайлық қарсыласын жеңуге болатындығын сезді. Ал бұл, баға жетпес тәжірибе. Ал тәжірибе - сенімділік кепілі», - деді А. Ни.

Бұдан басқа, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері басқа да атлеттеріміздің өнеріне баға берді.

«Карина Горичева жоғары дәрежедегі халықаралық жарыстарға қатысып көрмеген атлет. Олимпиадаға бірінші рет барып, үшінші орынға көтерілді. Бұл жақсы жетістік. Мұндай дүбірлі дода Каринаның өзіне деген сенімділігін арттыра түседі. Ал, Фархад Харки кезінде Әлем біріншілігінде 14-ші орынды иеленген. Соған қарамастан Олимпиадада қола жүлдеге ие болды. Бұл да жетістік. Маргарита Елисееваға келер болсақ, ол өз салмағында жеңіске жетуі тиіс еді. Бірақ тәжірибе жетіспеді. Бір сөзбен айтқанда психологиялық тұрғыда «жанып кетті». Ал Зайчиковтың мүмкіндігін қабылдауға болатын еді. Әттең, қазылар алқасы қабылдамай тастады. Бізге әдейі қиянат жасады. Алтын медальді бергісі келмеді», - деді Алексей Ни.

Ауыр атлетикамыз бір төбе болса, боксымыз бір төбе. Бұл жолы да Қазақстан құрамасының еншісіне медаль жаудырған боксшыларымыз жарап тұр. Әлемнің екі дүркін ең үздік бапкері Мырзағали Айтжанов гүрзі жұдырық жігіттерді жақсылап баптап келіпті

Бірден барлық салмақта Олимпиада жолдамасын алған әлемдегі үш құраманың бірі Қазақстан болды. Рио-2016 додасын сәтті өткізген боксшылар ел намысын абыроймен қорғап, 1 алтын, 2 күміс пен 2 қола медаль олжалады. Бокста жалпы есепте Қазақстан құрамасы Өзбекстан, Куба және Франциядан кейін төртінші орынды иеленді.

Айта кетейік, біздің құрамада Данияр Елеусінов 69 келіде алтын алса, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов пен 91 келіде өнер көрсететін Василий Левит күміс еншіледі. Тағы екі боксшымыз жартылай финалда сүрініп, үшінші орынға табан тіреді. Олар - аса ауыр салмақтағы Иван Дычко мен 75 келіге дейінгі салмақтағы Дариға Шәкімова.

Боксшылардың бәсекелерін көргендердің ішінде Данияр Елеусіновтің өнеріне тәнті болмаған жан жоқ шығар. Осы орайда ерекше тоқталып өтер жайт, Тәуелсіздіктен бергі алты Олимпиадада қазақ боксшыларынан жетеуі чемпион атаныпты. Данияр Елеусінов соның жетіншісі болып тарихта қалды.

Данияр Елеусінов финалда ерекше ынта-жігерімен жұдырықтасты. Қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасының чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

Жартылай финалда Данияр Франция спортшысы Сулейман Сиссокодан басым түскен еді.

Олимпиада чемпионы атанған жерлесіміз осыған дейін 2013 жылы Әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, ол 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық санаттағы спорт шебері. Данияр Батыс Қазақстан облысының тумасы, қазіргі уақытта Астанада әкесі Марат Елеусіновтің қол астында жаттығады.

Еске сала кетейік, 69 келі салмақ «қазақтың салмағы» деп аталып кеткен еді. Осыған дейінгі үш Олимпиада ойындарында осы салмақта үш боксшымыз чемпион атанды. 2004 жылы Афина Олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев жасындай жарқылдаса, міне, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында төртінші спортшымыз Данияр Елеусінов чемпион атанды.

«Тұп-тура 16 жыл армандадым. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов ағаларымыз чемпион атанғанда мен кішкентай бала болатынмын. Бала болсам да сол ағаларыма қызығып, мен де Олимпиада чемпионы болсам ғой деген асқақ арман пайда болды. Сол арманым өсе келе мені спортқа жетеледі. Міне, бүгін нәтижесін көріп отырсыздар. Адам шынайы армандап, шынайы талпынса, бәрі де орындалады екен», - деді ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Бұл орайда күміс медальға қол жеткізіп, мерейі үстем болған Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовтің де ерен еңбегін атап өткен жөн.

Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкомен финалда жұдырықтасып, төрешілердің қиянат етуімен жеңіліс тапты. Олимпиада финалында Евгений Тищенко Василий Левитті жеңгеннен кейін залда отырған жанкүйерлер ресейлікке жеңісті алып берген төрешілер шешіміне реніштерін білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, спортшылар 91 келіге дейінгі салмақ санатында айқасқан болатын. Кездесу аяқталғаннан кейін төрешілердің шешімімен жеңіс 2015 жылғы әлем чемпионы ресейлік Евгений Тищенкоға берілді. Мұндай шешімге риза болмаған көрермендер айқайлап, наразылықтарын танытты. Тіпті бірқатары «Қазақстан!» деп ұрандатқан да болатын.

Алғашқы раундта В.Левит барынша белсенділік көрсетіп, ресейліктің қорғанысын бұзып-жара бүйірінен, басынан соққылар жасады. Е.Тищенко да аянып қалмай, қарсы ұмтылғанымен В.Левит ара қашықтықты дұрыс ұстай білді. Нәтижесінде ресейлік аздаған жарақат алып, бірінші раундтың қорытындысында В.Левитке басымдық берілді.

Екінші раундта да Қазақстан боксшысы барынша белсенділік танытып, қарсыласына дәл соққылар жасағанымен төрешілер жеңісті ресейлік боксшыға ұстатты.

Үшінші кезеңде де В.Левит ресейлікті ауыр соққылардың астына алды. Алайда, жекпе-жектің қорытындысында төрешілер жеңісті ресейлікке беріп жіберді.

Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан боксшысы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың арасындағы жекпе-жектің шешіміне барша әлем наразылық танытты десе де болады. Washington Post, Eurosport сынды әлемдегі беделді басылымдар Левиттің алтын медалін «ұрлап» алды деп жар салды.

Ауыр атлетикадан, бокстан алтын медаль алу Қазақстан үшін қалыпты жайт болса, жүзуден Олимпиадада ешкімге дес бермеу - еліміз үшін таңсық еді. Жүзуші Дмитрий Баландин Рио-2016 жарысында алтын еншілеп, айды аспанға бірақ шығарды. Небәрі 21 жастағы Дмитрий бұның алдында тек құрлықтық жарыстарда жүлде алып келген балғын спортшы болатын және оның Олимпиада тұғырына көтерілетіні ешкімнің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар. Дегенмен ол АҚШ пен Ресей спортшыларын артта қалдырып, нағыз сенсация жасады. Бұл жеңіске о баста Дмитрийдің өзі де сенбепті.

«Барынша медальға таласамын деп ойладым. Бірақ, нақты «медаль аламын, чемпион атанамын» деген ой болған жоқ. Финалдық жарыста ең соңғы сегізінші жолақта жүздім. Алғашқыда бұл жолақ маған ұнамады. Басқалар бір - бір бірімен қарайлас жүзгенде қатарыңдағы қарсыласыңды көрмей жалғыз жүзу қиын сияқты болды. Кейін пайдасын көрдім. Жалғыз жүзгенде қарсыласым қалай жүзіп келеді деп алаңдамайды екенсің. Ойыңда тек қана жеңіске жету, бар күшімді соған салдым. Мәреге келгенде қарасам, менің тұсымда бірінші деген жазу жанып тұр. Мен оны бастапқыда шеткі жолақта жүзгенім үшін «бірінші жолақ» дегенді көрсеткен сан екен деп ойладым. Чемпион болдым деген ой мүлде болған жоқ. Кейін басқалар келіп менің қолымды алып, құттықтай бастағанда ғана мәреге бірінші келгенімді түсіндім», - деді ол қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында.

Оның өнеріне тәнті болған танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Дмитрий Баландинді Риодағы жеңісімен құттықтады. «Дмитрий Баландинді Риодағы жүзу бойынша алғашқы олимпиадалық «алтынымен» құттықтаймын!», - деп жазды GGG Туиттерде.

Дмитрий Баландин 2014 жылы оңтүстіккореялық Инчхон қаласында өткен Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанғанда, есімі көпке аян болды. Азиадаға дейін оны тек арнайы мамандар ғана білетін. Сол жарыста Дмитрий үш қашықтықтағы (50,100 және 200 метр) брасс бойынша алтын медаль жеңіп алып, Азиаданың рекордын жаңартқан еді. Осы жеңістен кейін елдің спорттық жетістіктерін бақылаушылар Дмитрийді Қазақстандағы жүзу спортының басты үміті деп атады.

Еркін күресте ерлерден гөрі, қыздарымыз елге үлкен олжамен оралды. Бір күміс, екі қола алып берген балуан қыздарымыздың арқасында Қазақстан күрестен жалпы есепте 11 орынға ие болды.

Әйелдер күресінен Гюзель Манюрова күміс жүлдегер атанды.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында әйелдер күресінен 75 келі салмақтағы қазақстандық балуан Гюзель Манюрова финалда канадалық балуан Эрик Уибеден ұтылды.

Ол осыған дейін, жартылай финалда Ресейдің 2010- 2011 жылдардағы бірнеше мәрте чемпионы Екатерина Буркинаға қарсы күресте нағыз спорттық сенсация жасаған еді.

Ұпай жағынан ұтыла тұрса да, Г.Манюра жекпе-жекті өз пайдасына таза жеңіспен аяқтаған. Айқастың соңына дейін 8 секунд қалғанда қазақстандық балуан ресейлік қарсыласын шалқасынан сұлатып салды.

Бұдан бұрын Олимпиаданың алғашқы белдесуінде ол Еуропа чемпионы, венгрлік Жанетт Неметті 12.2 есебімен ұтып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

Ал осыдан шамалы уақыт бұрын 63 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Екатерина Ларионова қола жүлде үшін тартыста АҚШ спортшысы Елена Пирожкованы жеңіп, Қазақстан қоржынына кезекті қола медальді салған еді. Бұл спортта қола медальді тағы бір балуан қызымыз Элмира Сыздықова жеңіп алған болатын.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Олимпиада Ойындарында 2 алтын, 5 күміс 9 қола еншілеп, бұл жолы да ел үмітін ақтады. Бұрын ел аузында болмаған жас спортшылар толағай жетістіктерге қол жеткізіп, ағалар ізін жалғастырып кетті. Дмитрий Баландин, Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Карина Горичева, Екатерина Ларионова, Элмира Сыздықова, Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Дариға Шәкімова сынды жас өскін спортшылар үлкен қарым-қабілеттерін көрсетіп, әлемде Қазақстан спорт державаларының қатарындағы ел екендігін дәлелдеп берді. Төрт жылдың ішінде олардың тәжірибесі толысып, күш-қуаттары арта түсетіні анық. Алдымызда 2020 жылы болатын Токио Олимпиадасында осы жас спортшылардан көп үміт күтеміз!


Наши рекомендации