Тақырыбы: Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптары.
Дәріс мазмұны:
- Сөзді таптастыру мәселесі.
- Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптары.
- Қазақ тіл білімінде сөз таптарының зерттелуі.
Негізгі әдебиеттер:
- Әбуханов Ғ. Қазақ тілі. Алматы, 1960.
- Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
- Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
- Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Қосымша әдебиеттер:
1. Тоқтарова Т. Сөздерді таптастыру теориясының негізін қалаушы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2007, 63-66-б.б.
Сөздер семантикалық сипаттарының, түрлену жүйесінің, синтаксистік қызметтерінің ортақтығына қарай топталады. Әдетте қазақ тіліндегі сөз топтары атаушы немесе мағыналы сөздер, көмекші сөздер болып, кейде оған үшінші топ – одағай сөздер қосылып жүр. Атаушы сөздердеп ақиқат өмірде ұшырасатын ұғымдарды я тікелей, я жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын, өздеріне тән толық материалдық мағыналары бар, қалыптасқан дыбыстық құрамдары мен белгілі дауыс екпіні бар дербес сөздерді айтамыз. Атаушы сөздердің өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар, ретіне қарай олардың үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатысқа түсе алатын дербес сөздер. Көмекші сөздердеп өз алдына тұрып жеке ұғымдарды тікелей д, жанай да білдіре алмайтын, тек атаушы сөздердің араларындағы әр қилы қатынастарды білдіру үшін я олардың мазмұнына әр түрлі дәрежеде айқындық, дәлдік қосу үшін жұмсалатын, мағыналық дербестігі я солғындаған, я жоғалған, дыбыстық құрамы да, екпіні де тұрақсыз жәрдемші сөздерді айтамыз. Көмекші сөздер мағыналық дербестігі болмайтындықтан, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады да, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды. Осыған сәйкес, олар түрленсін мейлі, түрленбесін мейлі, сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, тек атаушы сөз арқылы жасалған мүшенің құрамына енеді де, сол мүшелерді өзара жалғастыруға дәнекер болады. Одағай сөздердеп ешқандай да ақиқат ұғымдарды білдірмейтін, тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын сөздерді айтамыз. Одағайлар шығу тегі мен қалыптасу табиғатының ерекшелігіне қарай өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді. Тілдің барлық (дыбыстық, лексикалық, грамматикалық) жақтары бір-бірімен байланысты болатыны сияқты, бұл аталған үш топ сөздер де өзара бір-бірімен байланысты.
Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық сипаттары мен белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде жан-жақты жіктеу үшін жүйелі принциптер негізге алынуы керек. Ол принциптер сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.
Сөздерді грамматикалық топтарға, яғни сөз таптарына жіктеуде, топтастыруда ұстанатын басты принцип – семантикалы принцип. Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі-белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді таптастырудың екінші негізгі (морфологиялық) принципі, яғни сөздердің түрлену жүйесі болып табылады.Мысалы, зат атауын, заттық ұғымды білдіретін сөздерге көптелу, септелу, тәуелдену тән де, қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздерге жіктелу, шақты білдіру тән болып келеді. Сөздерді таптастырудың үшінші синтаксистік принципі сөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқаруымен және сол сөздердің тіркесу сипатымен, яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты. Мысалы, зат атауын білдіретін сөздер атау тұлғада тұрып, қимыл, іс-әрекеттің иесі бастауыш, табыс септігінде келіп, тура толықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш, ілік септікте және екінші затпен қатыстық қатынаста келіп анықтауыш, көлемдік септіктерде келіп, пысықтауыш қызметтерін атқарады. Осы көрсетілген принциптердің негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін – сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл, іс-әрекеттің түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін) білдіретін – үстеу, әр түрлі дыбыстарға, қимыл қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмеші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады. Өйткені олардың жеке лексикалық мағынаары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты мәндер қосады.
Сөз таптарын лексика-грамматикалық категорияға жатқызатындар сөздер өзіне тән белгілері, атап айтқанда, семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері бойынша топталып, соған сәйкес белгілі бі сөз табына телінеді деп түсіндіреді.
Бұл пікірді көпшілік белгілі ғалымдар мақұлдайды. Мысалы: орыс тілінің көрнекті маманы А.А. Шахматовтың пікірі бойынша, әрбір сөз табы сөздің негізгі лексикалық мағынасы мен оған қосымша грамматикалық ұғымдардың, граммматикалық категориялардың жиынтығынан құралады. Зат есімдерге заттың атауы мағынасы және жекеше-көпшелік, септік, тәуелдік мағыналары тән. Ал, етістіктерге қимылдың атауы болатын лексикалық мағына мен грамматикалық мағына болып саналатын болымсыздық, етіс, шақ, жақ т.б. мағыналар тән болып келеді.
Орыс тіл білімінде сөз таптарын формальды-грамматикалық категория деп санайтын пікірді қуаттайтын ғалымдар қатарында акад. В.В.Виноградов та бар. Бұл ғалымдардың осы пікірі сайып келгенде И.А.Бодуен де Куртенэ мен Л.В.Щербаның сөз таптары туралы көзқарасына барып тіреледі.
Акад. И.И.Мещанинов та сөз табын сөздердің мағыналары мен формаларының өзара ұштасуы деп қарайды. Осы пікірді Н.С.Поспелов та қолданды.
Сөз таптарын грамматикалық категория деп қарайтын ғалымдар да бар. Олардың қатарына О.П.Суникті, А.А.Реформатскииді жатқыызуға болады. Суник сөз таптарын ажыратуда негізге алынатын белгі лексикалық мағына емес, әр сөз табына тән жалпы грамматикалық мағына деп санайды. Оның пікірінше, заттылық зат есімге тән, оны басқа сөз таптарынан ажырататын басты, жалпы грамматикалық мағына болып саналады. Ал жалпы грамматикалық мағына сол сөз табының лексикалық мағыналарында да, синтаксистік қызметінде де көрінеді дейді.
Осындай пікір А.А.Реформатскийдің еңбектерінде де көрініс табады.
Біздің байқауымызша, сөз таптарын лексика-грамматикалық категория деп санайтын пікір, ғылыми жағынан құнды сияқты көрінеді.
Сонымен, сөз таптарын бір-бірінен тек грамматикалық ерекшеліктері жағынан емес, сондай-ақ лексикалық мағынасы жағынан ерекшеліктерін ескере отырып ажырату керек деген бір топ ғалымдардың /басым көпшілігінің/ пікірін дұрыс деп есептеуге болады.
Орыс пікірдің негізінде, қазақ тіліндегі сөзқдерді топтастырудың принциптеері туралы мәселеге көшуге болады. Тілдегі барлық сөздерді атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп бөлуде бір-біріне таяныш болатын тірек- семантикалық белгі. Осы семантиккалық белгі сол сөздерді одан әрі іштей топтастыруға да бірден-бір сенімді тірек болады.
Тілдегі барлық сөздерді топтастырғанда мынадай екі принципті басшылыққа аламыз:
1. Барлық топтастыратын сөздер сөздік құрамға енеді. Қай сөз табына енсе де, сөздердің лексикалық жағы ескерілуі керек. Ал, сөздің лексикалық жағын ескеру деген сөз олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей. Сондықтан, әрбір сөз табына енетін сөз лексика-семантикалық тұрғыдан қарастырылуы тиіс.
2. Сөздерді грамматикалық жағынан топтастыру, олардың түрлену, өзгеру жүйесін, сөздердің тіркесу мүмкіншіліктерін, сөйлемдегі синтаксистік қызметін, тағы басқа осы сияқты мәселелерді анықтау тәрізді міндетке бағытталу керек. Бұл принциптер тікелей грамматикада қарастырылатын мәселелер. Ендеше, қандай болмасын сөздің, сөз табына топтастырылғанда, грамматикалық жақтары ескерілуі керек.
Міне, сөздерді топтастыру принциптері дегеніміз- осылар. Яғни, тілдегі сөздер сөз табына топтастырылғанда екі белгісіне қарай басшылыққа алынып айырылады: лексика-семантикалық жағы және грамматикалық /морфологиялық және синтаксистік/ жағы.
Осы принциптен сөз табы деген ұғым лексика-грамматикалық деген қосарланған компоненттердің жиынтығы деген түсінікке алып келеді.
СӨЗ ТАБЫ деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз.
Сөйтіп, қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады:
1. Зат есім; 2. Сын есім; 3. Сан есім; 4. Есімдік; 5. Етістік; 6. Үстеу; 7. Еліктеу сөздер. 8. Шылаулар. 9. Одағай; 10. Модаль сөздер.
Аталған он сөз табының тілімізде сөйлеу процесінде алатын орын, атқаратын қызметі бірдей, біркелкі емес. Олардың әрқайсысының ұқсас топтардан айқындылығы, ажыратылу шегі, түрлену жүйесі, жетілу дәрежесі де бірдей емес. Сөз таптарының шығуын, қалыптасуын бірсыпыра ғалымдар сөйлем мүшелерімен байланыстырады. Негізгі сөз таптары сөйлеу процесінде сөздердің белгілі сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалуы барысында біртіндеп жасалып қалыптасқандығын көрсетеді. Сөз жоқ, ең алдымен саралана бастаған – есімдер тобы мен етістіктер. Бұл топтардың өзі сөйлеуде қызметтері, орын тәртібі арқылы ажырап отырған. Есімдер субъект, объект есебінде сөйлемнің соңындағы сөздер предикат қызметінде жұмсалып, көпшілік жағдайда бір сөздің өзі әрі есім ұғымында, әрі қимылдық ұғымда орын тәртібіне қарай білдіріп жұмсала берген. Тілімізде қазір омоним деп танылып жүрген, түркі синкретизмі деп аталатын құбылыс, яғни есім-етістік бір буынды негізгі түбірлер осының айғағы болса керек: көш (керуен) – көш (бір жаққа көшу), той (думан) – той (тойып тамақ ішу), т.б.
Апта