Леуметтік топ ұғымы. Әлеуметтік топтардың түрлері
Қоғамның әлеуметтік құрылымының негізгі элементтеріне әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар жатады.
Қоғам әртүрлі топтардың: үлкен және кіші, реалды және номиналды, алғашқы және кейінгі топтардың жиынтығы. Топ адамзат қоғамының фундаменті. Әлеуметтік топ – жеке адамдардың бірлескен, ынтымақтасқан әрекетті жүзеге асыру қажеттігін қанағаттандыруға бағытталған адамдардың, олардың бірлестіктерінің әлеуметтік өзара әрекетінің негізгі бір формасы.
Топтарда норма, ереже, дәстүр, әдет-ғұрып, рәміздер туындайды, яғни топтарда әлеуметтік өмірдің фундаменті қаланады. Әлеуметтік топтарды ауқымына, әлеуметтік белгілеріне қарай былайша жіктеуге болады:
1) номиналды топ – тұрғындарды статистикалық есепке алуға арналады. Бұндай топты әлеуметтік категория деп те атайды.
2) реалды топтар – үлкен және кіші болуы мүмкін. Олардың реалды аталуының себебі, бұндай топта адамдар нақтылы әлеуметтік белгілеріне қарай ажыратылады. Реалды топтардың өзін жеке таптарға бөлуге болады:
- стратификациялық: құлдар, касталар, жіктер, таптар;
- этникалық: нәсіл, ұлт, халық, тайпа, клан;
- территориялық: қалалық, ауылдық т.б.
Әлеуметтік топтарды қарастыру барысында оларды алғашқы және екіншілік (кейінгі) деп екіге бөлеміз.
Алғашқы топ – индивидтердің алғаш рет әлеуметттенуі жүретін, қарым-қатынастары, жеке дара, формалды емес сипатта болатын топ. Топ мүшелерінің негізгі мақсаты өзара араласу.
Екіншілік топ – мүшелерінің арасындағы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастар жеке емес сипатта болатын топ. Мұндай топ ортақ мақсатқа жету үшін құрылып, ондай қажеттілік жойылғанда тарайды.
Қоғамның келесі элементі әлеуметтік қаумдастық болып табылады. Әлеуметтік қауымдастықтарға – таптар, қабаттар, қоғамның ірі бірлестіктері жатады. Әлеуметтік қауымдастықтар – ортақ әлеуметтік белгілердің болуымен біріккен, бірлескен, ынтымақтастық әрекетті іске асыруға деген олардың қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған адамдардың тұтас жиынтығы. Яғни, әлеуметтік қауымдастықтар өмірлік іс-әрекеттерімен, қандай да бір топқа қатысты өзара байланысатын индивидтерімен, тарихи қалыптасқан территорияға жатуымен, өзара іс-әрекет ететін индивидтердің, топтардың әлеуметтік институттарға қатысымен сипатталатын адамдар жиынтығы.
Әлеуметтік қауымдастықтардың қалыптасып, дамуы оның элементтері индивидтердің әлеуметтік байланысы мен өзара ықпалдасуының негізінде жүреді. Әлеуметтік байланыс негізі нақты бір әлеуметтік қауымдастықты құратын адамдардың іс-әрекетімен сипатталады. Әлеуметтік қауымдастықтар ұлттық, діни, мәдени, территориялық, этникалық, жыныстық, жастық т.б. белгілеріне қарай біріктіріледі.
2. Әлеуметтік желілер. Әлеуметтік ұйым ұғымы мен теориясы.
Әлеуметтік институттар әлеуметтік ұйымдармен тығыз байланысты. Н.Смелзер ұйымды қысқаша былай анықтайды: бұл "белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу үшін жасақталған үлкен топ" [45]. Формула қысқа әрі нұсқа, бірақ түпкілікті емес. Олай болатыны, "ұйым" деген сөздің өзінің әртүрлі мағынасы бар.
Біріншіден, қоғамда белгілі бір орын иеленетін және азды-көпті айқын белгіленген функцияларды орындауға арналған институттану сипатындағы жасанды бірлестік ұйым деп атала алады. Бұл мағынасында ұйым белгілі мәртебесі бар әлеуметтік институт болып табылады және автономдық объект ретінде қарастырылады. Мұндай мәнінде "ұйым" деген сөзбен, мысалға, кәсіпорынды, билік органын, еріктьі одақты және т.с.с. атауға болады.
Екіншіден, "ұйым" (ұйымдастыру – организация) термині функциялар бөлінісін, орнықты байланыстар орнатуды, үйлестіруді және т.б. қамтитын ұйымдастыру жөніндегі белгілі бір қызметті білдіре алады. Бұл жерде ұйым объектіге көзделген мақсатпен ықпал етумен байланысты, демек ұйымдастырушы мен ұйымдасатындар контингенті болатын процесс болып табылады. Бұл мағынасында "ұйым" ұғымы "басқару" ұғымымен бара-бар келеді, әйтсе де түпкілікті емес.
Үшіншіден, ұйым дегенде қандай да бір объектінің тәртіптелу дәрежесі ойға келуі мүмкін. Онда бұл терминмен белгілі бір құрылымды, құруды және объектінің әр түрі үшін ерекше болатын бөліктерді біртұтастыққа біріктіру тәсілі ретіндегі байланыс түрлерін белгілейді. Бұл мағынасында объектіні ұйымдастыру – объектінің қасиеті, атрибуты. Термин мұндай мазмұнымен, мысалға, ұйымдасқан және ұйымдаспаған жүйелер, қоғамның саяси ұйымы, тиімді және тиімсіз ұйым және т.б. туралы сөз болғанда қолданылады. "Ресми" және "бейресми" ұйым ұғымдарында дәл осы мәні алынады.
Әлеуметтік ұйымның бірқатар өзіне тән белгілері бар [46]:
1. Ол мақсаттық табиғатқа ие, өйткені белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу үшін құрылады және мақсатқа қол жеткізгені арқылы бағаланады. Бұл адамдар бөлек-бөлек, жалғыз дара қол жеткізе алмайтын мақсаттар үшін адамдарды біріктіру және мінез-құлықтарын регламенттеу функцияларын қамтамасыз ету құралы мен аспабын білдіреді.
2. Мақсатқа қол жеткізу жолында ұйымның мүшелері рольдері мен мәртебелері бойынша бөлінуге мәжбүр. Демек, әлеуметтік ұйым оған енетін мүшелерінің әлеуметтік позициялары мен атқаратын рольдердің күрделі өзара байланысқан жүйесін білдіреді. Әлеуметтік ұйым адамға өзінің қажеттіліктері мен мүдделерін адамның оған алдын ала белгіленген әлеуметтік мәртебесімен, әлеуметтік рольдерімен, сол әлеуметтік ұйымдағы қалыптасқан әлеуметтік номалармен және құндылықтармен белгіленетін шекте қанағаттандыруына мүмкіндік береді.
3. Ұйым еңбек бөлінісінің және оның функционалдық белгілері бойынша мамандандырылуының негізінде пайда болады. Сондықтан жекелеген ұйымдарда әртүрлі горизонталь құрылымдар орын алады. Алайда ұйымды түсіну үшін анағұрлым маңызды болып табылатын нәрсе, олар әрқашан тік (иерархиялық) белгі бойынша құрылады, онда басқарушы жәнее бағынушы ішкі жүйелер айтарлықтай айқын білініп тұрады. Басқарушы жүйенің қажеттігі горизонталь құрылымдардың әр алуан бағыттағы қызметтерін үйлестіру қажеттігінен туған. Ұйымды құрудың иерархиялылығы мақсат бірлігіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді, оған орнықтылық пен тиімділік береді.
4. Басқарушы ішкі жүйелер ұйымның қызметін реттеу және бақылаудың өзіндік ерекшелік құралдарын жасайды. Бұл құралдардың ішінде институттанулық, немесе ұйымішілік деп аталатын нормалар, яғни ерекше өкілеттіктері бар ерекше институттардың қызметімен жасалатын нормалар елеулі роль атқарады. Аталмыш институттар нормативтік талаптарды іс жүзіне асырады, оларды өзінің айрықша билігімен және ықпалымен ұстап тұрады, олардың жүзеге асуын бақылайды және өз санкцияларын қолданады.
5. Әлеуметтік ұйымдар тұтас әлеуметтік жүйені білдіреді. Ал тұтас, жоғарыда атап өтілгеніндей, өзінің бөліктерінен үлкен. Сондықтан ұйымның әртүрлі элементтерін біріктіру базасында ерекше ұйымдық, немесе синергетикалық эффект жасалады. Әлеуметтік ұйымдардағы синергияның көрініс табуы олардың қатысушыларының жеке күш-жігерлерінің қосындысынан артық қосымша энергияның пайда болғанын білдіреді.
Синергетикалық эффект оның негізгі үш құраушысынан құралады:
· ұйым өзінің көптеген мүшелерінің күш-жігерін біріктіреді; жай бұқаралық, яғни көптеген күш-жігерлердің бірмезгілділігі энергияны өсіреді;
· бірліктердің өзі – ұйымның элементтері оған кіре отырып едәуір өзгешеленді: олар ішінара мамандандырылған, демек тек белгілі бір функцияларды ғана атқаратын бірбағытты элементтерге айналады. Жеке адамның әрекетінің бұл мамандандырылған бірбағыттылығы да оның энергиясын күшейтеді, өйткені энергия бір нүктеге шоғырланады;
· басқарушы ішкі жүйенің арқасында адамдардың әрекеттері синхрондалады, бұл да ұйымның жалпы энергиясының артуының қуатты көзі болады.
Ұйымға тән белгілерді бөліп қараумен қатар олардың белгілі бір типологиясы болады. Анағұрлым жиі ресми және бейресми ұйымдар боп бөлінеді.
Ресми ұйым. Бұл әлеуметтік ресмилендіру, яғни құқықтық, ұйымдық және әлеуметтік мәдени нысандардағы стандарттық, тұлғасыз мінез-құлық үлгілерін мақсатты түрде қалыптастырудың негізінде құрылған ұйым. Ресми ұйымның басты функциясы адамдар қоғамдық еңбектің құралдарымен және мақсаттарымен бір тұтастыққа біріккен гетерогендік жүйені құруда.
Ресми ұйымдардың негізгі ерекшеліктерін былай сипаттауға болады.
1) Ол оңтайлы, яғни оның негізін мақсатқа сайлық, белгілі мақсатқа қарай саналы түрдегі қозғалыс құрайды.
2) Ол принципті тұлғасыз, яғни араларында алдын ала жасалған бағдарлама бойынша "стандартталған" ("идеал") қарым-қатынастар орнайтын абстрактілі жеке адамдарға арналған; бұл бағдарламада жекее адамдар арасындағы қызметтіктен басқа ешқандай қарым-қатынастар, функционалдықтан басқа ешқандай мақсаттар көзделмеген, демек ол әдейі бірмәнді. Өзінің дамуының шегіне жеткен дәрежесінде ресми ұйымның бұл ерекшеліктері оның бюрократылық жүйесіне трансформацияланады және оған ұйымның жеке жақтары мен элементтерін абсолюттендіру, оларды дербес құндылықтар рангіне көтеру және қызмет ету құралдарын мақсатқа айналдыру тән болады.
Қоғамдық еңбектің тиімділігін қамтамасыз етудегі ресми ұйымның орасан артықшылықтарымен қатар, оның шектеулілігін атап өткен жөн, өйткені ол қоғамдағы барлық ұйымдық қарым-қатынастарды қамти алмайды. Сондықтан оның шегінен тыс немесе тіпті оның ішінде ұйымдасудың басқа түрі – бейресми ұйым құрылады.
Бейресми ұйым қандай да бір топтың ішіндегі ұзақтығы азды-көпті тұлғааралық араласудың нәтижесі болып табылатын әлеуметтік байланыстардың, нормалардың, әрекеттердің спонтанды қалыптасқан жүйесін білдіреді. Бейресми ұйым ресми ұйымның принципінде әлеуметтік өзара әрекеттестіктің барлық жақтарын, барлық процестерін қамтуға және оған енетін жеке адамдардың барлық әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетсіздігінен туады. Ресми ұйымға қатысты алғанда бейресми ұйым ең алдымен өтемдік деп аталатын функцияны орындайды, яғни ресми ұйымның кемшіліктерін толтырады. Сонымен қатар, жеке адам ұйымның мұндай нысанына қатысуды ресми ұйымның шектеуші ықпалынан қорғану механизмі ретінде қажетсінеді, ол оған әртүрлі әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға - өзін іс жүзінде көрсетуге, өзіне өзі сенімді болуына, қоғамда танылуына және т.б. үлкен мүмкіндіктер береді. Кей кездері бейресми ұйымдар ортақ мақсаттарға қол жеткізуге қарсы әрекет ете, беделін "ыдырата " және т.б. істей отырып ресми ұйымдарға қатысты дисфункционалдық (яғни ресми ұйымдардың қажеттіліктеріне қол жеткізуіне кедергі жасайтын) рольді де атқарады.
Бейресми ұйым өзін екі негізгі нысанда көрсетеді: ресмиден тыс және әлеуметтік-психологиялық.
Ресмиден тыс ұйым – бұл ресми ұйымның мүшелері спонтанды дамытатын, ресмиленбеген қызметтік қарым-қатынастардың ұйымдастыру міндеттерін ресми алдын ала белгіленгеннен өзге тәсілдермен шешуге бағытталған жүйесі. Жеке тұлға әрқашан да автономиялықтың, өзі орындайтын функциясына қатысты тәуелсіздіктің белгілі бір дәрежесін сақтайды. Осы автономияның арқасында ресми ұйымның қызметкері қызметтік мінез-құлықтың нақты нысандарын таңдауда әрқашан белгілі бір еркіндік диапазонына ие болады. Басқа сөзбен айтқанда, адамдар ресми ұйымның алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізу үшін өз бетінше, ресми ұйымның ықпалынсыз осы ұйымның міндеттерін орындау және бұл ретте берілген, ресми ұйым "алдын ала белгілеген" тәсілдерден өзге тәсілдермен әрекет ету үшін біріге алады.
Әлеуметтік-психологиялық ұйым – бұл тұлғааралық қатынастардың спонтанды пайда болған, тікелей таңдаушылық (оңтайлыға қарағанда көбірек эмоционалды) және бір-біріне өзара қызығушылық таныту негізінде құралатын жүйесі. Ол жеке адамдардың өздерінің әлеуметтік қажеттіліктерін – араласуға, танылуына, топқа жатуына деген қажеттіліктерін қанағаттандыруы мақсатында құрылады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл тікелей байланыстағы адамдардың, олардың жеке әуестенулеріне негізделген қауымдастығы.
Әдетте, бұл топтар саны жағынан салыстырмалы түрде онша үлкен емес (зерттеушілердің көпшілігінің мәліметтері бойынша – 3-тен 10 адамға дейін), бұл тікелей жеке байланысуларды қолдау мүмкіндіктерімен анықталады. Мұндай топтардың шекаралары ресми ұйымдардың шекараларымен дәлме-дәл келуі немесе олардан өзгеше болуы мүмкін, өзіне ресми ұйымның әртүрлі бөлімшелерінің мүшелерін қоса немесе оның шегінен тыс фунция атқара алады.
Көбінесе, топтың шеңберінде өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырыса отырып, адам оған тәуелді болып қалады, өйткені топ қандай да бір жолмен өз мүшелерінің мінез-құлқын бақылап отырады. Бұл үшін ықпал ету құралдарының тұтас бірқатары пайдаланылады: кінәлау, моральдық оқшаулау және т.б. Әлеуметтік-психологиялық ұйым өзіндік мінез-құлық нормаларын жасайды, және оның әрбір мүшесі оны сақтауға жасырын міндеттенеді. Топта қандай да бір жолмен олардың мүшелерін мерейлік шкала бойынша бөлінуі жүреді, ол ресми ұйым шеңберінде қалыптасқан топ үшін көбінесе лауазымдық рангтік құрылыммен бара-бар келе бермейді. Топта көшбасышылық пен бағыныстылықтың өзіндік бейресми иерархиясы пайда болады. Бұл сәттердің барлығы қандай да бір дәрежеде топтың жасаған бақылау механизміне жатады. Мұндай механизм көп жағдайда ресми ұйымның иерарахиялық байланыстар жүйесімен дәлме-дәл келе бермейтіндліктен, бұл көбінесе ұжымның құрылымы ресми және әлеуметтік-психологиялыққа бөлінуіне әкеп соғады. Кей кездері осы негізде қарсы тұрулар пайда болуы мүмкін: бөлімше – топ, лауазым – мерей, басшы – көшбасшы және т.с.с. Жүйенің мұндай жағдайы тұрақсыздыққа, бүлдіруге соқтырмай тұрмайтынын түсіну қиын емес.
Ресми ұйымды қарастыра отырып бюрократия сияқты басқару жүйесін айналып өтуге болмайды. Тарихи тұрғыдан бұл ұғым мемлекеттік органдар мен үкімет шенеуніктерінің қызметімен байланысты, бірақ социологтар оны кең спектрлі мақсаттарды көздейтін ұйымдарда байқалатын басқарудың белгілі бір нысандарын белгілеуге пайдаланады.
Техникалық термин ретінде бюрократия социологияда М. Вебердің есімімен байланысты. Ол оған дәл анықтама берген және ұйымдық мақсаттарға оңтайлы және тиімді қол жеткізу үшін ең жақсы әкімшілік нысан болып табылады деп ұйғарған.
Бюрократияның Веберлік идеал түрі өзіне әртүрлі элементтерді қамтыған:
· маманданудың жоғары дәрежесі және ресми міндеттер ретінде бөлінетін міндеттері бар анық көрініп тұратын еңбек бөлінісі;
· өкімдік ету және жауапкершілік аясы нақты белгіленген биліктің иерархиялық құрлымы; ұйымның қызметін басқаруға арналған ережелердің ресми жиынын белгілеу;
· жазбаша құжаттарға негізделген әкімшілік жасау;
· ұйым мүшелерінің өз ара және клиенттермен байланысының тұлғасыз сипаты;
· қабілеттері мен техникалық білімдері негізінде адам құрамын толықтырып отыру;
· лауазымды тұлғаларды дайындаудың ресми процедурасы;
· ұзақ мерзімді қызмет, жасына үлкендігіне немесе сіңірген еңбегіне қарай жоғарылау; ұйым мүшелерінің белгіленген жалақылары;
· жеке және ресми кірістер бөлінісі;
· әрбір қызметкердің ұйымға қатысты ниеті түзулігі және белгіленген ережелерді одан ауытқымай сақтауға тырысу (әйтсе де бұл басшыға немесе басқа кез келген қызметкерге жеке берілгендікке айналуы шарт емес).
Бұл сипаттамалардың арлығы бірге алғанда қызметкерлер мен ресми ұйымның мінез-құлықтарын алдын ала болжайтындай етеді. Мұндай жүйе қызметінің түпкі нәтижелері тұлғасыздық болмақ.
Сонымен, адамдарды ұйымдарға біріктірудің негізгі факторы ең алдымен олардың қатысушыларын мұндай бірігудің нәтижесінде өзара күшейтуде тұр. Бұл берілген адамдар жиынтығы қызметінің энергиясы мен жалпы тиімділігінің қосымша көзі болады. Бұл қоғамға оның алдында қандай да бір проблемалар тұрғанда сол проблемаларды шешу үшін арнайы ерекше аспаптар ретіндегі ұйымдар құруға түрткі болады. Ұйымдар құруды "қоғам" атты жүйенің функцияларының бірі болып табылады деп айтуға болады. Сондықтан ұйым өзі жүйелік құралым бола отырып, белгілі бір дәрежеде үлкен әлеуметтік жүйе ретіндегі қоғамның жүйелік қасиеттерін қайталайды, көрсетеді. Сонымен қатар ұйымдардың қоғамдық мақсаттарға ғана құрылмайтынын естен шығармаған жөн. Егер де бұл мақсаттар адамдардың өздерінің мақсаттарына түбірімен қарама-қайшы келсе онда олар ұйымдарға айтарлықтай ықыласпен енбес еді. Сондықтан да ұйымдарға біріктірудің тиімді механизмі бір мақсаттарға қол жеткізу басқа мақсаттарды жүзеге асыру арқылы ғана мүмкін болатындай болуға тиіс. Ұйымның қатысушысы өз мақсаттарына тек ұйымға барын беріп жұмыс істегенде ғана қол жеткізе алады; және керісінше – ұйым өзінің алдында тұрған міндеттерін қаншалықты жылдам және табысты шешетін болса, өз қатысушыларының қажеттіліктерін де соншалықты толығырақ қамтамасыз ететін болады. Демек, ұйымдар тек мақсатқа ұмтылған ғана емес, іс жүзінде көп мақсатты жүйені де білдіреді