АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 11 страница

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

Әне сол анам еді мені тапқан.

Мағжанның терең ой мен сұлу суретке толы өлеңдерінің шығуы - тек қазақ елін ғана емес, сонымен бірге татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, қарақалпақ елдеріне де жеткен үлкен құбылыс еді. Ал, бала ақынның өз елі - қалың қазақ халқы - бала Мағжаннан ардагер Абайдың ізбасарын көріп, өлең-жырдың әсерлі де әдемі әуеніне бөленді1.

Елдегі оқумен канағаттанбай, болашақ ақын 1910 жылы күзде өзінің ауылдасы, талапкер жазушы Бекмұхамбет Серкебаевпен бірге (ССРО Халық артисі, белгілі әнші Ерімек Серкебаевтың әкесі) медресе «Ғалияға» түсу үшін Уфаға сапар шегеді. Медресе өзінің дәрежесі жағынан алғанда Жоғары оқу орнымен бара-бар еді. Мағжан сол медреседе сабақ беретін ұстаз, жоғарыда айтылған белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен, медресенің жетекшісі Сәлімгерей Жантуринмен, жерлесі, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.

Болашақ ақын талантын таныған Ғалымжан Ибрагимов оған білімін әрі қарай көтере түсу керектігін айтып, ақыл-кеңес береді. Осыдан соң Мағжан Жұмабаев Омбыдағы Мұғалімдер семинариясына түсіп, сол қалада орын тепкен. 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы басылып шыққанда оған жоғарыда айтылғандай Ғалымжан Ибрагимов көп жәрдем еткен.

Өлеңдер жинағы - өзінің соны сезімдегі лирикаларымен, қазақ поэзиясындағы жаңа өрнегімен көзге түседі. Бір айта кетер жәйт - 1909 жылы Петербургте жарық көрген Абай жинағы бұл кезде көпшілікке мәлім еді. Мағжан да, әрине, оны оқыған. Семинарияда М.Жүмабаев болашақ революционер ақын Сәкен Сейфуллинмен танысады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Мағжан Жұмабаев көпшілік қауым мойындаған, қалыптасқан ақын болып танылады. Оның жырлары қазақ даласын шарлап кетеді. «Жан сөзі» атты: атақты өлеңінде ақын өзінің медресе «Ғалиядан» кетуіне үзілді-кесілді қарсы болған әкесі Бекенмен арадағы салқындықты және жергілікті дау-шарға қатысқысы келмеген жайын, өзінің сол тұстағы қауымға наразылығын зарлай жырлайды. 1919 жылы ақын екі бірдей қасыретке душар болады: тағдыр қосқан қосағы толғақ үстінен қайтыс болса, азамат соғысы уақытысына орай есімін Граждан қойған перзенті бір жылдан соң ол да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне зіл батпан ауыртпалығын салып, зілзала ізін қалдырады. «Мен де, өлім, әлдиле» өлеңі осы сәттерде туған.

1912-1915 жылдары Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің редакторы, түрколог, қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Ахмет Байтұрсыновтан және Шығыс мәдениетімен де, Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең суарылған аса дарын иесі Міржақып (Мир - Якуб) Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі. Мағжанға европалық білім алуға, орыс тілін үйреніп, мәдениетімен қанығуға олар көп себін тигізген.

1916 жылы Мағжан Жүмабаев Омбының мұғалімдер дайындайтын ееминариясын ойдағыдай бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ даласында «Алаш» партиясын құруға қатысып, чех көтерілісін бастан кешеді; кейін Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде істейді.

Мағжан өмірінің бұл тұсы - ол біраз драмалық жайларды бастан кешірген кез еді. Уақытша үкімет кезінде және онан соң біресе Колчак әскері, біресе Совдеп билік құрып тұрған кезде, «Алашорда», «Үш жүз» партияларының айтысы кезінде, М.Жұмабаев «Алаш» партиясының мүшесі ретінде біраз уақыт түрмеге жабылады. 1919 жылы жоғарыда айтылғандай, өзі сүйіп қосылған жары Зейнеп баладан қайтыс болады, аздан сон сәби ұлы да шетінейді. «Баланың қабір тасына» деген өлең жазады. «Өлгені емес, жерді тастап кеткені, ізгі оймен жайлы жаннат төрінен орын алып, ата-анасын күткелі» дейді ақын. Бұл тұстағы белгілі, әрі әйгілі өлеңі, әлгінде ескерілгендей, «Мені де, өлім, әлдиле». Әлеуметтік жолайырық кезіндегі шартарап ой кұшағындағы қамығулы ақынның жанына жара боп түскен ең жақындарынан айырылу қайғысы қатты күйзелтеді. Бірінен соң бірі келген қаза оған тағдырдың сайқымазағындай керінеді де, ашынған көңілден: «Өлім күйі тәтті күй, Балқиды жаным бұл күйге: мені де, өлім, әлдиле, әлдиле, өлім, әлдиле» дегізеді. Жастайынан бірге өмір сүріп, ақырында сүйіп қосылған жары Зейнепке арнаған «З...ға» деген өлеңінде: «қосылған жас күнімнен жарым едің, сүйікті анық досым, жаным едің, алысқа ұзақ жолға шыққанымда, сарғайып мені күтіп қалып едің» деген жолдардан акынның өкініш, қиналыс, жан толқуын аңғаруға болады. Екінші әйелі Зылихаға Мағжан 1921 жылы үйленеді. Ол кісі 95 жаска келіп, 1990 жылы дүние салды.

Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында М.Жұмабаев Ташкентте - шығармашылық өнімді еңбек құшағында. Сонда шығатын «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет атқарып, біраз дүниелерін бастырады. Дәл осы кезде қалың қауымға таныс поэмасы «Батыр Баянды» жазып, жарыққа шығарады.

1924-1927 жылдары Мағжан Жұмабаев Москвада Жоғары әдебиет-көркеменер институтында оқиды, ол кезде институтты В.Бргосов басқаратын еді. Бұл жылдары ол орыс әдебиетін, Батыс Европа әдебиетін терең зерттеп, оқиды. Орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады.

Бұл кезеңде де ақын жаны жай таппайды: ылғи сын, қаңқу, шаншу сөздерден кәзі ашылмайды, Ескішіл, байшыл ақын атанады. Оқушы қауымға Мағжан өлеңдерін жат өлең ретінде, өткенді көксейтін, жаңа өмірге ілестірмейтін, кертартпа, уайымшыл шығармалар деп уағыздайтын мақала, сөздер баспа бетінде көбейе бастайды. Әсіресе, өзі Мәскеуде оқуда жүргенде мұндай материалдар каптап кетеді. 1923 жылы Ташкент жүртшылығы алдында Ж.Аймауытов Мағжан ақындығын талдап, терең түсіндіретін баяндама жасап, оны «Лениншіл жас» журналына бастырып шығарса да, сыңаржақ сыншылар тобы ақынның соңынан қалмайды. Қайта Ж.Аймауытовтың өзін қоса сынайды. М.Жұмабаевтың ескішіл, жат өлеңдері орынсыз мақталды деп, оған кінә қояды. Ойламаған жерден болған төтенше оқиға - Мәскеуде оқитын қазақ жастарының Мағжанға қарсы жиналысы еді. 1924 жылдың аяғына таман өткен бұл жиында Мағжан өлеңдері талқыланып, оның ақын шығармаларын теріске шығарған каулысы елге, Қазақстанға жіберіледі. Мұндағы газеттер жиын ұйғарымын басып шығарады. Мәселен, «Еңбекші қазак» газеті оны 1925 жылы 14 қаңтарда жариялаған. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын «Сәлем хат» деген өлең жазады. Ол «Тілші» газетінде 1924 жылы 3 желтоқсанда жарияланады. Өлеңде мынадай жолдар бар:

Қайтуым хақ, белді буып тас қылып,

Кет деме, елім, енді мені басқа ұрып.

Дейтін болсаң: қой жырыңды, жырауым,

Қобызымды қиратармын тасқа ұрып.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 19 желтоқсандағы санында: «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына» деген ескертпемен «Сәлемге сәлем» деген жауап өлең басылады, авторы Сәбит Мұқанов. Онда мынадай жолдар бар.

Сен құлан, өз қағынан жүрген жеріп,

Ел аман, жұрт тыныш кезде қайғыға еніп.

У жеген бір қасқыр сен, сені қалай

Ел жазып адам қылмақ емін беріп.

Шіріген жұмыртқа елге неге дәрі,

Шіріп қайта таусылсын одан әрі.

Сүйгіш жолыңнан табан бұрма,

Қобызыңнан, ақыным, безбе әлі.

Ақынға қарсы шабуылдың соншама мейірімсіз, қатал болғанын, елін сағынып, оқуда жүрген жанның жүрегі елжірей жазған сәлем хатына берілген осы жауаптан байқауға болады. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қарсы нақтылы өлең жазбаса да, «уралап, алақайламадың» деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, жарлы-жақыбай сөзін сейлемедің деген айыппен осылай қатаң сынға алынады. Шындығында ақынның 1912-1923 жылдары шыққан жинақтарын қарап отырсақ, ылғи ғана қазақтың сор, бишара халі, ғылым-білім, теңдік жоқтығы жырланады. Сонда Мағжанның ғажайып ақындық талантына бақталастықпен, бақастықпен қарсы шықпаса, не үшін оған осыншама шүйліккен деген ой туады. Бұл жорамалды кейінгі, 60-жылдар жайы да дәлелдей түседі: ақталған ақынға жол бермей, атын мүлде өшіріп тастау, 1960 жылы «Өмір және поэзия» деген кітабында Ә.Тәжібаевтың Мағжан Жұмабаевты істен алғысыз етіп балағаттап, бүкіл шығармашылығын мансүқ етуі, 1968 жылы «Простор» журналының ақын жайында ақтау мақалалар басылған нөмірінің солайымен туралып кетуі, айналып қелгенде, осының бәрі - іш қызғаныш, көре алмау салдарынан, ілгергі дәуірде тырнақтары тым батып, дәлелсіз қудалау қылықтарының әшкере болуынан кымсынып, қорқу салдарынан емес пе? Мәселен, 1927 жылдың өзінде Ә.Тәжібаев:

Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,

Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.

Кезбеймін есуас боп ен даланы

Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.

Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,

Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін1, -

деп жазады. Белгілі «Тоқсанның тобы» поэмасына да қарсы бұл кісінің ұзақ өлең жазғаны мәлім. Көпті, еңбекші тапты қолдаймын деп тұрған Мағжанға өршеленіп: жоқ олай болмайды, ол үшін сен алдымен сол тоқсанның тобырынан шығуың керек деген шарт қояды. Шыққан тегіне бола жау керіп тұр. Сондағысы - ақынның орта шаруалық қана хал жайы. Мағжан шығармаларына көп тоқталып, саяси жағынан, таптық жағынан қатты сынға алғандардың бірі - Ғаббас Тоғжанов. «Мағжан совет тұсында» деген мақаласында ол Мағжаиды табы, тобы бөлек, сөзі жат ақын дегенге барады, «Пікір-идея жағынан Мағжан идеяшыл ақын, киял Мағжанның тәңірісі. Қазаққа келгенде, Мағжанның саяси жолы қазақ байына қосылып отыр. Бүгінгі қазақ еңбекшілерінің жаңа тұрмысы оған ұнамайды. Бүгінгі заман «сұм-заман». Бұ жағынан қарағанда, Мағжан байшыл ақын. Бұ күндегіден безген, келешегі жоқ, уайымшыл, жылауық ақын»2. Тек саяси жағынан, тап тұрғысынан келіп сынап отырғаны көрініп түр. Сол кездегі ағым солай, жада саяси идеологияның орнай бастаған кезі. Кейін бүкіл әдебиет саясатқа айналып, өзіндік, тәуелсіздік хұқығынан түгелдей айырылғанын тарихтан білеміз. Ал, өлеңнің ажары, әдемілігі, көркемдік қасиеті дегенге келгенде мұнан Ғаббас Тоғжанов безбейді, мойындайды. «Қазақ әдебиетіне Мағжан кіргізген жаңалықтары жоқ емес. Мағжан күшті ақьш. Өз ойын, өз тілегін ұқтыра білетін ақын. Көркемдік, әдемілік жағынан қарағанда Мағжан өлеңдері (әсіресе «Баян») үлкен олжа. Жүсіпбек айтқандайын: «суретті, кестелі көркем сөз Мағжаннан басталады». Өлеңнің сыртын (форма) Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі де ақын жоқ. Аз сөзбен көп сез айтатындық Мағжанда бар. Мағжан сөзге еркін ақын. Күшеншек ақын емес, айтам дегенін оқушының көңіліне қонғандай, сезімін қозғағандай қылып айтады. Кейбір өлеңдерінде «шешендік, толғау күй төгіліп кететіні» рас3. Көріп отырсыз, баға дұрыс-ақ әрі әділ. Сонда Мағжанға неғыл дейсің деген сұрақ туады. Өзі күшті, тапқыр ақын болса, сөзге шебер, көркемшіл болса, ойдағыны айтатын болса, енді оған не істемедің деп өкпелеу керек? Ол тек, жоғарыда айтылғандай, ұрандап кетпеуі, «тап-тап» деп жар салмауы, «алақайлап» қол соқпауы. Шындығына келгенде, алақайдың жөні жоқ екенін 1927-28 жылдардағы кәмпескелеу, онан соңғы колхоздастыру, онан барып орасан қырғын аштыққа ұрыну-осының бәрі қып-қызыл қызыл ұрандарға байсалдырақ карау керек екенін, сабырмен, сын көзімен қарау керек екенін әбден дәлелдеді.

Мағжанның өз басы жайында, оның әр қилы шығармалары, кейбір әлеке өлеңдері туралы сан-алуан пікірлер туып, шабуыл сын қаптай бастады. Қазақстанға жаңа келген, өлең, әдебиет түгілі халық, ұлт жайын әлі аңғарып біле қоймаған Ф.И.Голощекиннің өзі Мағжанды сынай бастауы - сол үлкен, әрі қауіпті дүрбелеңнің салдары екені анық. Осыншама айқай-шудың аяғы Мағжанды түрмеге жабуға апарып соқты. Онымен де бітпей жанжал ұлғая берді.

1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен 10 жылға сотталады. Шын мәнісінде бұл Сибревком жанындағы Қазақ АССР өкілінің келісімімен құрылған, көпшілік қауымға белгілі, отырықшылыққа айналдыру жөңіндегі ресми түрде рүқсат етілген ұйым еді.

Өкініші сол, 1929 жылдан 1938 жылға созылған ақынның он жылдық ғұмыры бізге беймәлім. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен ол аз ғана уақыт бостандық алады, еліне келеді. Петропавлда мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұгалім болып істейді. Бірақ, біраз уақыттан кейін бұл қызметтен босатылады. Ол туралы өзі: «не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне 20 шақты күн болды жұмыссыз отырмын» деп жазады, Алматыға Жазушылар одағының бастығы Сәбит Мұқановқа жолдаған хатында1. Аударма ісімен айналысқанын, бірақ шарт жайында баспадан хабар жоғын айта келіп, Мағжан тағы да: «мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын» дейді. Бұл хат 1937 жылы 20 февральда жазылады. Март айында Алматыға келеді. Бұл кез айтыс-тартыстың нағыз қайнап тұрған кезі. Біреудің үстінен біреу жала жазып, ұстатып, айдатып жаткан уақыт. 13 августа Ілияс Жансүгіров ұсталады. 29 августа Жазушылар одағының хатшысы М.Қаратаевтың «Социалистік Қазақстанда» «Қазақ әдебиетіндегі авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек» деген бас-аяғы жиырма шақты жазушыны, ең алдымен Сәкенді қаралаған, мұндай фашист жендеттерінің көзін жою керек деген мақаласы басылды. 16 сентябрьде «Қазахстанская правдада» осы мақаланың орысшасы басылды. 24 сентябрьде Сәкен үйінен ұсталып әкетілді. Мұндай жағдайда алдында өзі 7-8 жыл отырып келген Мағжанның күні не болмак.? Аласапыран тұста ақыры 30 декабрьде Мағжан ұсталады да, 1938 жылы атылады. Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 24 февральда атылады. Совет ақыны, пролетариат ақыны екені айғақ, 1918 жылдан партия мүшесі Сәкеннің өзі қуғынға ұшырап жатқанда, онан саяси жағынан арасы алшақ (солай үгіттеліп келген) Мағжанның тағдыры басқаша болуы мүмкін емес-ті. Өйткені, әңгіме тапта, тапшылдықта, партияны қолдау, яки қолдамауда емес, халықтың оқыған, бетке ұстар қаймағын түгелдей жойьш жіберу жайында болған. 1936 жылы Омбы жағында жүрген сәттің бірінде інісі Мүхаметжанға жолығып, осы тұста жазған «Өміріме өкпем» деген өлеңімен таныстырады. Бұл кейін Мұхаметжанның қызы Гүлқаныстан табылды1. Онда ақынның трагедиялық өмірге налушы мүшкіл халі әте қайғылы суреттелген:

Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба?

Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?

Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,

Еңбегім екі болып жанбадың ба?

Жайшылықта жан қиған, жақын дүние,

Талып тұрсам, назарың салмадың ба?

Ортекедей орғытып, оққа жығып

Жалмауыз, жауыз жалған, жалмадың ба?

Небәрі 50 шақты жолдан тұратын осы өлеңінде ақын ертеңгі күні не болатынын болжап білгендей. 1936 жыл бітіп, 1937 жылдың январь-февралында Алматыға хат жазып, мартта келген соң, аржағы қызыл қан науқанға айналды. «Тағдырдан табандатып тиді шоқпар!»

Рас, нақты деректермен дәлелденбеген алып-қашты әңгімелер болған, бірінде - ол атылмаған, 1938 жылы мартта ату жазасына кесілген (олар бас-аяғы 19 адам болатын) партия, өкімет, мәдениет қайраткерлерімен бірге Новосибирск облысына жер аударылған-мыс, одан Новая земляға айдалып, сонда 1956 жылы жалдамалы кәззаптың қолынан қаза тауыпты-мыс. Ал, екінші лақапта ол 1942 жылы айдауда қайтыс болған. Бірақ, қазір мұның бәрі негізсіз екені аныкталып отыр: ресми жазалау орындарының бір кездерде шындықты жасырып, әр түрлі себептермен жалған мәлімет беріп отырғандығынан тараған бос сөздерге ұқсайды. Сот орындары бүл күнде 1938 жылы атылғаны ақиқат деген тұжырымға келіп отыр. Бірақ, мына бір жайды білу қажет-ақ. Ғүмырының соңғы жылдары ештеңе жазбап па екен, жазса, ол қайда, әлде ұшты-күйлі жоғалып кетті ме? Неге десеңіз, М.Жұмабаев 1927 жылы жазған «Тоқсанның тобы» поэмасынан кейін, қазақ ауылындағы үлкен өзгерістерге қарай бет бұрғаны анық. Рас, конфискация, коллективтендіру, онай кейінгі аштық жылдары, әрине, шығармашылық шабыт бере қоятын жәйттар еімес-ті. Ол уақыттың жалған поэзиясының солғын үндерін құлағымызбен естіп те, көкірегімізбен ұғып та жүрміз.

Сонда да болса, шеккен қайғы-қасіретін, тартқан азабын ақын дәптерде жазып қалдырмауы мүмкін де емес сияқты. Қалай жорамал жасасақ та, М.Жұмабаев үнін 1927 жылдан кейін естімейміз. Ақын үні тынды. Өзі бір кездері толғана жазған үні ешкен бұлбұл кейпі ақынның басына келді:

Дариға, аяқталмай үзілді жыр,

Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр.

Бұлбұлдың үнін үзген не болды екен?

Мынау не, көлдің беті жыбыр-жыбыр?

Көл беті жыбыр-жыбыр бақа: «бақ-бақ»,

Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ!

Өмірдің өзгермейтін құрсын заңы -

Бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ.

Жыршы кұс бақырайған бақа көрсе,

Бақылдап тырбық бақа әнін бөлсе,

Ойласаң таңқаларлық дәнеңе жоқ -

Құсадан ақын бұлбұл үнсіз өлсе.

М.Жұмабаевтың көңіл күйін, өткен өмір жолын башқұрт халқының аса үлкен, қадірмен жазушысы Сайфи Құдаш тебірене баяндайды. Сайфи Құдаш ғасырдың бас кезінде Солтүстік Қазақстанда мүғалім болған М.Жұмабаевпен бірге қызмет істеген жете таныс адамдар. Бұл сөздер 1969 жылы Қазақстан басшыларына Мағжанды ақтау, шығармаларын жариялау керектігі жайында толғана жазған ұзақ хатынан келтіріледі:

«М.Жұмабаевты мен өзіндік ерекше, табиғат болмысы бөлек ақын, өленнің асқан шебері санағанмын және солай санаймын да: бұл орайда ол Абайдың лайықты жолын қуушы, әрі дамытушы деуге болады. Сонымен бірге оның өмірі, ақындық еңбегі және трагедиялық тағдыры бір-бірімен тұтас, бұлақ суының бір тамшысындай. М.Жұмабаев творчествосына бір жақты баға беру, яғни, оны революционер күрескер дәрежесіне көтеру, немесе, керісінше, Совет өкіметі мен қазақ халқының қас жауы етіп сипаттау - біздің тарихымыздың тұрпайы да, анайы, орны толмас олқылығы, екінші жағынан, біздің мәдени мұраға деген көзқарастық жауапсыздығымыз, барьш тұрған дөрекі нигилизмнің өзі. Мұндай теріс түсінік XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихи жағдайды толығымен бағаламаудан туары анық, немесе, «Пролеткульт» пен РАПП белсенділерінід тұрпайы социологизм туын ұстаушы ғана болып қалуынан деуге болады»1.

Шындығында, 20-шы жылдар оқиғалары мен өмір құбылыстары қаншама күрделі екенін ойға алсақ, саяси мәні жағынан сан алуан, тіпті, көбіне қарама-қарсы екенін ескерсек, тыңғылықты тұжырым жасау, нақты талдаумен белгілі бір объективті ой-пікірге, қорытындыға келу оңай еместігіне көз жетеді. 1920 жылы ҚазАССР-ның құрылуы, ауылдардың советтендірілуі, ал екінші жартысында - байларды конфискациялау, республика лидерлері мен интеллигенция өкілдерінің сан тарапқа тартқан сөздері, ұлттық шекараларды бөлу, әсіресе, ұлттық мәдеииет мәселелері талайлардың намысын қоздырып, ақыл-ой, сананың шайқалуына әкеліп соқтырғанын анық білеміз. Мұнымен қоймай, кеше ғана ауыз жаласқан достардың табанда бір-біріне ата-жау болып шығуы, бір-бірін қаралау, күйе жағуға дейін баруы қауым ішін әбден шиеленістіреді. Осындай әрекеттер салдарынан Мағжан Жұмабаевқа ұлтшыл деген айдар тағылып, оның көркемдігі жоғары дүниелеріне: бұл пролетарлық емес, таптық емес, деген «кінәраттар» қойылды. Осындай сылтаумен 1926 жылы Ж.Аймауытовқа да айып тағылған, бірақ, көп ұзамай босатылған болатын. Бірақ, 1929 жылы қайтадан тұтқындалып, бұл жолы оның тағдыры біржола шешілді. Дәл осы жылы М.Жұмабаев та қамалды, қамалуға себеп - ақка күйе жаққандай, баяғы бұрмалаушылық, жала. Тіпті, «Тоқсанның тобы» атты құнды поэмасының өзін тоқсан саққа жүгіртіп, бұл ақынның шын ойы, шын көңілі емес деп шулағандар қаншама болды.

АҚЫННЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

М.Жұмабаев шығармашылығы енді тереңірек, молырақ қарауға жол ашылған шақта, онын. қай қырын ерекше сөз еткен орынды болар еді? Мұндай сауалға бірден кесіп жауап айту оңай емес. Мүмкін ақын туындыларының уақыт сынына төтеп берерлік тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, сөз қолдану шеберлігін, жалпы көркемдігін басты ерекшелігі деп айтармыз. Өйткені, оның нағыз өзіндік бет-бағдары мен айырым қырлары осы маңайдан табылмақ. Тәңірдей талантының, дарын табиғатының көрінісі осы бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінеді. Ол поэзияға басыңды иіп, тәнті боласың, таңданасың, таңырқанасың. Тұбасалы Мағжан Жұмабаевтың ақындық ерекшелігін дәл тауып бағалап, көпшілікке жеткізу - оңай іс емес, әрі ол бір күннің ісі болмас. Ой, қиял ұшқырлығы, молдығы, сөз кестесінің әр қилы, сан айшықты болып келуі - мүлде жайы бөлек дүниелер. Әңгіменің түп түйініне келсек, М.Жұмабаев Абай тәжірибесін бойына сіңірген де, өзімен қатар өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Сәбит Мұқанов шығармашылықтарына мүлде ұқсамайтын, соны, тың жол салған.

Наши рекомендации