АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 3 страница

дейді Шәкәрім, Абай күйін жадсы біліп, терең ұққан ақын елеңі Абайдың жауларына шығарған үкімдей естіледі, ақын басындағы трагедияны көзге елестетеді.

Байқасақ, суреткерлік жағынан адамның көңіл-күйін, жүрек тілегін, мұң арманын білдіруде Шәкәрім енгізген жаңалықтар мол. Рас, Абайда «ыстық жүрек», «ет жүрек», «терең ой», «ауыр ой», «зерек ақыл», «адасқан күшік» (ой жөнінде), «жаралы жүрек», «жас жүрек», «қан жүрек», «ауру жүрек», «қара көңіл», «қам көңіл» сияқты эпитеттер көп. Шәкәрім бұлардың санын да, сапасын да арттырған. Мәселен, ойдың «еріншек» болуы, ал жыр жазбаса (яғни күнде ойланып, толғанбаса), «жалқау тартуы» сияқты ұғымдар бұрынғы поэзияда атымен жоқ. Денені, қолды ғана емес, ойды да, миды да жаттықтыру керек дегенді уағыздайды ақын. Ой, ми мақсаты - уздіксіз жүмыс істеу, тынымсыз іздену, қарману. Адамның ұлы қасиеттерінің бірі - ойлану қасиеті. Ақын сол қасиеттен айырылмауды қайта оны жетілдіре беруді көздейді. Абай дәстүріндегі поэзияның биік мәдениетін, алғырлығын, философиялық түйін-толғанысқа деген қабілетінің молдығын байқаймыз.

* * *

Дерексіз ой-қиялға қабілеттілік (способность к абстрактному мышлению) - әдебиетті өнер биігі еткен факторлардың бірі дер едік. Өйткені сурет, кейіп, бейне дегендердің өзі осылай ойлаудың, қиялданудың, өмірдегі бар нәрсенің дұрыс баламасын іздеп табу ғана емес, оның өсіңкі, көтеріңкі сипатын жасау ғой. Айнала дүниедегі бар нәрсені сол күйінде айту, хабарлау - тек ақпарлық, информациялық іс. Әдебиет онымен шектелмек емес, әдбиет оған дерексіз ойлаудың нәтижесінде жан, өң бітіреді, белгілі мүсінге келтіреді, ішкі сырын ашады. Мысалы, белгілі бір нақтылы, жалқылықты таныту үшін жалпыны іздейді; сырт қарағанда, қатысы жоқ дүниелердің көбін зерттеп, салыстыру арқылы әлгі жалқыға қайта оралады. Енді оның көлемін, қалпын, сырын молырақ ұғамыз, әрі дұрысырақ танимыз. Бұл бейне, форма, мүсін. Өзіне хас мазмұнды ұстап, танытып тұрған мүсін. Суретте жай адам да көріп білетін нәрсені айтканымен, сол адам түсініп, ұқпаған немесе көңіл қоймаған, хабар етпеген жайды аңғартпақ. Ол үшін абстракция керек. Ұшқыр қиял керек. Еркін қиялсыз, терең ойсыз, яғни талдауға, жіліншіктеп шағуға күші жететін ұғым, түсінік болмайынша, бедерлі бейне жасау мүмкін емес.

Ұшқыр ойдың, оған деген адам қабілетінің белгісі әр нәрседен-ақ байқалады. Біз тек оған көңіл қоя бермейміз. Ол қабілеттілік сана алғаш сәуле бергенде-ақ пайда болған. Мәселен, ағашты ағаш күйінде, тасты тас күйінде ұғыну бар да, ал ағаштық жанатынын, тасты қару етуге болатынын білу тіршілік тәжірибесінен басталған. Ал, екі де екінің төрт болатынын білу үшін көп қабілеттілік керек: неге үш, бес, алты емес - бұған ойлану керек. Талдау, жинақтау болмайынша әр заттың, немесе әр істің шын қасиеті ашылмақ емес. Ал талдап, жинақтау үшін бейтарап еркін ой керек, абстракция қажет. Адам баласының бар рухани табысы (техникадағы табыс та ең алдымен рухани табыс, өйткені ол адам рухының, ой қүдіретінің нәтижесі ғой) осы дерексіз түрде ойлай білудің арқасында ғана мүмкін болды.

Әдебиеттегі абстракциялық ой әрбір заттың, қүбылыстың балама қасиетін, сырын кеңірек ашпақ. Көркем бейне арқылы оның затын, мазмұнын танытпақ. Мәселен, аспанды аспан, тауды тау дегеннен біз ешбір бейнелік ұғым ала алмаймыз. Ол тек информация ғана. Ал, информация бізге көп нәрсені білгізгенімен (мәселен, статистика, хабар, фотосурет) әдеби бейнедей эстетикалық сезім туғызбайды, тебірентпейді, өйткені оның мақсаты бөлек, бейнелік ұғым, түсінікке қатысы жоқ.

Ұлы Абай:

Күлімсіреп аспан тұр,

Жерге ойлантып әрнені,-

дегенде кісіні терең ойға шомылдырарлықтай көркем бейне жасаған. Ақынның дерексіз ойы арқасында ғана ол мүмкін болды. Аспан күлімсірейді, оны жұрт біледі, жер ойланбайды, оны да жұрт біледі. Ендеше ақын несімен тамсандырады.

Біріншіден, басқалар көрмегенді, байқамағанды біліп-сезуімен; екіншіден, көрген-білгенін басқаша, тұспал сөзбен, бірақ, жұрт иланарлықтай шебер бейнелеп айта білуімен. Ақын қай сәтте болса да жанды-жансыз дүниенің бәрін адам түсінігімен, яғни адамға қатынасымен баламалайды, соған қарап бейне түзеді. Мал қора да, тас қорған да өздігінен тұрғанда оған ештеңе емес. Егер қора мен қорғанның адамға қатысы бар жері болса, сонда ғана ол поэзияға материал болып ене алады.

«Күлімсіреп аспан тұр» дегенде оқушы бірден ашық, жайдары күнді еске алады және құрдан-құр емес, өзінің жай-күйіне қатысты мөлшерде, соның өлшемімен қабылдайды, ақын мұны біледі, себебі - өзі сол сезім құшағында болған. Оның үстіне сөздердің өзара қиысуы да бейнелік әсерді күшейте түседі. Тек «аспан күлімсіреді» деген тіркес ауыз-екі айтылмайтын, қолданылмайтын, жаңа тіркес, сөйтсе де бұл тек арзан қол, хабарлы сөйлем болар еді. Абайдың айтуында соны, әдемі сурет пайда бөлған да, ол оқушыға мықты әсер етерліктей қасиетке ие болған.

«Жерге» деген сөздің өзін де екі түрлі түсінуге болады. Біріншіден, ол кәдімгі жер, аспан ашық болса, жер беті жарық сәулелі, ал бұлтты болса, жер бетін қараңғылық, қара көлеңке басады. Бұл - белгілі құбылыс. Осы ретте алып, ақын аспанға да, жерге де жан бітіріп, бейне бір оны адам сықылды суреттейді. Енді екі жолдың екеуі де «аспан», «жер» ретіндегі тіке өз мағынасынан айырылып, «жерге» дегенін «адамдарға» деп ұғарлықтай мағына туады. Бұл ретте «жерге» метафора болып табылады. Қай-қайсысында болса да, әңгіме жай аспан мен жай жер туралы емес екені анық. Ақынның мезгеп отырғаны - лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі.

Мұнан шығатын қорытынды - әрбір нәрсе бейнелік бедер алмай, құр факты ретінде көркемдікті таныта алмайды, эстетикалық әсер, сезім туғыза алмайды. Ұлы Бальзак: «глупо как факт» дегенде фактінің жалаңдығын, көзге түрткендей бедіреюін, бейне бір дөңбек тастай көлбеюін, сонымен бірге, қайран қаларлықтай сырсыздығын айтқан болу керек. Факті - сыр емес, оқшау көрініс, хабар. Әдебиеттік образ, бейне болу үшін оларға жан бітукерек, ес кіру керек. Ол үшін суреткер алхимикше қимылдайды, шөлмекке сақырлап кайнаған судан алтын шығатындай рухқа енеді. Көп таңдау, арбаумен белгілі қүбылыстың тетігін табады, сырын ашады. Суреткердің алхимиктен айырмашылығы -ол жай қосынды ғана таппайды, өзінің рухы мен санасына сай жанды бейне табады, оған тіршілік, өмір береді.

Ескі грек мифологиясындағы Пигмалион суретшінің оқиғасы осыған ұқсайды. Бірақ оның скульптурасына, шынын айтқанда, жан екі рет бітеді: біріншіден, суретшінің сұлуы бейнелеу өнерінің биік туындысы ретінде жандыға бергісіз көркем бейне болса, екіншіден, сол мінсіз керкемдігінің, айтып жеткізгісіз әдемілігінің арқасында оған суретші өзі ғашық болады да, соның рухымен мүсінге кәдімгідей жан бітеді, ақырында әйелі болады. Көркем бейненің адамға етер әсерін, ықпалын айтқанда, бұл мысалдан сол образ, бейненің кәдімгі адам сияқты мінезі, өмірі, іс-қимылы, қасиеті болатынын анық көреміз. Ал, ондай жанды бейне жасау үшін, әрине, суреткер өзі жан бергендей қарманыс, ізденіс жасауы тиіс, ол ізденіс әбден ойланып, толғанбайынша, әр нәрсені тегіне, болмысына қарай барлап, абстракциялық қиялға енбейінше нәтижелі болмақ емес.

Байырғы поэзиядан, көне әдебиеттен Абай бастаған жаңа, жазба әдебиеттің жер мен көктей айырмашылығы - осы образдық ойдың, бедерлі ой-қиялдың жетілуінде. Жетіліп, толығып қана қоймай, көптеген жаңа мүмкіндіктер ашуында; бейнелік ұғым, түсініктердің құлашын кеңейтіп, атқарар қызметін күрделі етуінде; тек «тапқырлық», «қызыл-тілділік», «шешендік» жолмен емес және ол үшін емес, ақылды, зерлі, есті поэзия тудыруында. Абай поэзиясының дүние жүзі әдебиетінің данышпандық туындылары қатарынан орын алатыны осыдан.

Жаңалық іздерін, Абай поэзиясының таңбаларын Шәкәрім Құдайбердиевтің табиғат, өмір жайы лирикаларынан көп байқаймыз. Бұрынғы бар ой, идеяларды толықтыра, өзіндік мәнермен жырлай отырып, ақын соны пікірлер айтады. Философиялық ой-қиялға берілуі, өмірдің жеке фактілерін тізбелеу, сөйтіп, онан белгілі бір жинақтау түйіндер жасау - оның лирикаларының деніне тән.

Дүние қу, бір ағын су,

Түстік онда шөп болып.

Күнде ағамыз, сандаламыз,

Бейнетіміз көп болып. («Шаранамен туып едім»)

Өмір, дүние тақырыбын осылай кейде аллегория, кейде тікелей дидактика жолымен түсіндіргісі келеді. Теңеу, метафора, мысалдары, бейнелеу амалдары қызғылықты болғанымен, ақын мұндай өлеңдерінде көбіне-ақ ескі сүрлеуде. Бір жақсы айырмашылығы - тізбелемей, мысал, сурет етіп, болған оқиға сияқтандырып айтуы.

Ақын көп өлеңдерінде өмірге материалистік көзқарасын байқатады. Ол пікірін дәлелді суреттемелермен, бейнелі ой-жорамалдармен бекітеді. Әсіресе, ғылми жаңалықтарды көп насихаттайды, өзі сонық жұмбағын шешкісі келеді.

Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,

Сегіз минут ширекте жерге барып.

Әншейін құр жарқырап тұрып алып,

Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып...

Барша әлем тапжылмай тұрып қалса,

Бола ма уақыт деген өлшеу салып?

Мақсат тәртіп, керексіз тозаңы жоқ,

Тексермей неге отырмыз мүны ойланып?..,

Мұхитқа тозаң құрлы тұз салайын

Ойлайсыз сол нешеге бөлінді деп.

Келесі өлеңіндегі мына жолдарға назар аударарлык:

Жаралыс басы қозғалыс,

Қозғауға керек қолқабыс.

«Жан» де, мейлің бір «мән» де,

Сол қуатпен бол таныс -

Әлемді сол мән жаратқан,

Қозғалмасқа көшпейді,

Көшпеген нәрсе өспейді.

Өспеген нәрсе өзгермес,

Түрден ол түрге түспейді

Қозғалыс түрлеп жаратқан.

Осы үзінділерден материалистік диалектиканың біраз заңдарын көруге болады: жылылық (закон сохранения энергии), қозғалыс (движение), уақыт, әлем (время и пространство), тозаң (атом), бөліну (деление атома), жан, мән (сущность), қуат (энергия), түрден түрге өзгеріс (изменения видов, состояний) және басқа категорияларға байланысты өзінің түсінігін білдіреді және онысы - дұрыс та. Жаратылыс механикасын ғылыми жолмен ұққан адам өміріне байланысты корытындыларында да сол тұрғыдан таймайды.

Құс, балық, шаян, көп алуан,

Айуаннан өсіп болдық адам.

Кейіміз есті, кейіміз надан,

Жаралыс салған сондай мән.

Жанымыз күннен келген нұрдан,

Тәніміз топырақ пенен судан.

Күн-атам, анық жер-анам,

Бірі нұр беріп, бірі тамақ,

Бұзады бірақ қайтадан.

Ер жетем, толам, қайта солам,

Әрі анам - бұл жер, әрі молам,

Денемді жұтпай тынбаған.

Адамның дүниедегі орнын, тіршілік күйін ақын өте дұрыс ұғып суреттейді. Айуаннан дегені маймылды айтқаны болу керек. Бәрі «жарылыс» (жаратылыс) заңына байланысты етіп жатады дегені де ақылға қонады. Ал, адамдардың кейі есті, кейі надан болуы да осы әуелгі «жаралыстан» деуі ақындық түйін, ете жарасымды-ақ езу тартқызады. Адамның жақсы, жаман болуы ортаға, қоғамға, мақсат, идеяға да байланысты екенін ақын білмейді емес; бірақ бұл детальдар социологияның жұмысы; әңгіме бүкіл әлем жайында болып отырғанда ақын о жағын бажайлап жата ма! Жерді алаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 3 страница - student2.ru «әрі - анам, әрі - молам!» деп тауып-ақ айтқан. Күннен басталған өмір ақыры қайтадан бұзылып жатқаны.

Шәкәрімнің табиғат, жаратылыс, дін жайындағы көзқарастарында өзіндік жүйе бар. Шәкәрім «құдай бар, құран шын» деп түсінген. Құдайға қарсы болмай, адал мұсылман болу - Шәкәрім үшін негізгі шарт. Оның дін саласында өзіне де, өзгеге де қояр басты талабы - осы.

Шын мұсылман болайын деп ойласаң,

Құдайға құл болудың мәнісін біл,-

дейді. «Бір құдайға құл болсаң жетеді сол» деп те айтады. «Құдай өзі береді, тағдырға қарсы соқтықпа», «Пендесін аштан өлтірмес, қарсы болма құдайға», «Келер істі жалғыз-ақ алла білер», «Бір аллаға сыйынған арам өлмес», - дейтіні де бар. Автор кейде осы пікірін сәл өзгертіңкіреп, басқаша түрде де білдіреді.

Рас кұдай жазбаса, бітпес жұмыс,

Сүйтсе де бізге міндет талап пен іс.

немесе:

Деп ойлама бұйрықсыз дәулет қайда,

я болмаса,

Рас құдайдың қылғаны болмай қоймас,

Бірақ зорлап пендесін іске салмас,-

дейді. Сөйтіп ақын талап ет, ізден деген негізгі дұрыс пікірін кейде дінмен, құдай атымен де байланыстыра айтады.

Акынның адамгершілік идеяларының бірсыпырасы осы дін, немесе діни өсиет тұрғысынан баяндалады.

Ақ ісіңе кұдай жақ,

Адамнан тіпті шошыма,

немесе:

Құдай таза жаратты сен таза бол,

Ұқсаң анық айттым ғой бұл тура жол,

кейде:

Қамдан, сақтан, қағып бақ, бәле келсе,

Бәрін құдай қылады дегенге ерме,-

дейді ақын. Адамдықты, ақтықты құдайдың өзі де жақтайды деген пікірге келеді. Ақын шариғатқа берген түсінігінде де сүйіспеген жастарды зорлап қосудың терістігін көрсете кеп, неке туралы шариғаттың да «адамгершілік рухты» көздегенін дәлелдеуге тырысады. Еңлік пен Кебектің күнәсіз өлтірілуін ақын «надан елдің болады діні қатты» деп, сол діннің қаталдығынан кереді. Бұл пікірде де автордың «адамгершілікке толы» дінді ойлағаны аңғарылады. Шәкәрім көптеген өлең-жырларында елдегі шала молдаларды сынайды, оларға «шала молда дін бұзар» деген ұғым тұрғысынаң қарайды. Білімсіз, надан молдалардың дін атын пайдаланып, тоғышарлық істер істеуін мейлінше жек көреді. Автордың бұл саладағы сынында да адамгершілікті жақтап отыратын дінді және сондай дін иелерін көксегені айқын аңғарылады. Ақынның махаббат жөніндегі ізгі ойларында да сүйіспеншілікті қадір тұтып, лайықты бағалай білетін дінді «іздеп табуға» әрекеттенген сияқты. «Қалқаман-Мамыр» поэмасында Қалқаман атынан айтылатын мына бір сөз осы ниетті байқатқандай:

Ей, Мамыр, бұл іс оңай алдамасаң,

Зорлық жоқ, өзің сүйіп таңдамасаң.

Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер,

Молдалардан есіттім әлдеқашан.

Бұл арада адамгершілік пен махаббат еркіндігінің қамқоршысы ретінде суреттеліп отырған молдалар Қалқаман атынан мақталса да, Шәкәрім түсінігінің өзінде ұнамды молдалар болатынға ұқсайды. Демек, Шәкәрім дін де, дін иелері де өз мәнінде болса, адал болса, қоғам өміріндегі озық құбылыстардың қатарында бола алады деп білген. Жастардың ескі әдет-салттарды аттап өтіп, бас бостандығын алуына да дін, калыптасқан салт жәрдем жасайды деп таныған. Шын адамгершілік, бүкіл адамзаттың үрдіс тұрғысынан қарасақ, осындай ұғым-түсініктерде қате де жоқ екеніне қол қоямыз.

Ғылым, жаратылыс, философия тақырыбынан табиғат (жер, ай мен күн, жан-жануар, өсімдік) лирикасына ауысқанда да Шәкәрім ғылымдық негізден аулақ кетпейді, белгілі құбылыстың заңды ерекшеліктерін өлеңнің фабуласына қоса отырады. Абай сияқты табиғат көріністерін, жыл мезгілдерін адамға немесе оның қылығына ұқсатып жырлау ақынға тән. Жердің сан алуан өсімдіктер мен жан-жануарларға толы қалпын: «жан беріп жарық жылы нұрдан, күи атам жерді буаз қылған» деген кейіптеумен айтады. «Әбден толып жарық ай» атты өлеңінде Шәкәрім ай мен күнді сүйікті жарға бәсекелескен адам есебінде алып, үлкен поэзиялық сурет жасайды.

Айды суреттей келіп, оның бұдыр екенін, бірте-бірте кеміп, орақтай болып, ақырында жоғалып кететінін айтады (астрономиялық қүбылыс):

Қармақтай белі бүгіліп,

Таласудан түңілді

Жаны шықты жығылды,

Таласты екен несіне!

Ал өлген соң күн шықты,

Мен жеңемін оны деп,

Айдан көрі мен мықты,

Болмады айдың жолы деп,

Нұрлы күннің бетінде

Алты, жеті дағы бар

Уайым сол, ниетінде

Көреді-ау деп тағы бар.

Ай мен күнді адам ретінде алып, әдемі кейіп, сурет жасайды да, астрономиялық фактілердіде ақын өлеңге қосып жібереді. Және жайдан-жай емес, белгілі портрет жасау үшін пайдаланады. Мәселен, айдың жер көлеңкесіне жасырынып, ақырында «қармақтай бүгіліп қалатыны» рас (әдемі табылған образ), ал, күннің бетінде жеті-сегіз дақ бар екені де рас (ол дақтар астрономия айтуы бойынша, әрбір он бір жылда бір көрініп отырады). Оны адам бетіндегі секпілі есебінде алып керсетеді. Өлең лирикалык сұлулығымен тартады.

Белгілі «Қыс» өлеңінде Абай қыс суретін ақсақал шал, кәрі құда кейіпінде беретіні белгілі. Оның өзіне лайық заңы бар. Көктем әр уақытта жастықты, қай нәрсенің болса да жас шағын елестетеді. Қыс, әрине, қартқа ұқсайды. Аппақ қар, боран да түс, бояуы жағынан ағарған шашқа дәл келеді (көктемге көк, көгерген тұс лайықты болғаны сияқты). Бірақ, Абайдың ең ұтқан жері бұл емес. Оның үлкен өнері қысты «кәрі құда» бейнесінде алуы:

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң - кыс келіп әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып мазанды алды.

Поэтикалық суреттің әдемілігінде, дәлдігінде мін жоқ. Дәстүрлік түсінік пен үлкен жаңалықтың ұштасқанын байқаймыз. Дәстүрлік дейтініміз - қысты тек адам ретінде емес, «кәрі құда» ретінде алуы. Қазақ әдетінде «құда», «құдандалы» жандардың өздеріне лайық қарым-қатынасы болады. Туыс-жақын саналуымен қатар, «құданың» өкпе, назы да аз болмайды. Кінә тағар, мін тағар уақыттары көп. Кейде ат құйрығын үзіскендей алшақ та кетіседі. Татуласу үшін ат-шапан айып төлеу керек. Сондай мазаң адамның (құда, сонымен бірге, көбіне-көп қарт адам болады ғой) қыс суретін беретін метафора ретінде алынуы - ескі, дәстүрлі образды жаңа қалыпта көрінуі. Өлеңнің жаңалық жағы басым. Шыншыл суреті, тапқан бейне, бедерлері жөнінен жаңа профессионалды әдебиетке тән белгілерін ерекше атап өтеміз.

Жыл мезгілдерін, мәселен, қысты адамға теңеу, адамға лайық (сонда да кәрі кісінің, «кұданың») мінез бітіру-бұрынғы әдебиетте атымен жоқ. Бұл дәуірдің ақындары, өздері сол бұрынғы ауыз әдебиетінің жақсы дәстүрін алса да, ауыз әдебиетінің кейбір жақтарын тым жабайы көреді. Бұл кездегі ақындардың ой-санасы атам заманғы жоққа сенушіліктен анағұрлым жоғары. Сондықтан, жануарларды сөйлету, не табиғат құбылыстарына бас ию, бұрынғы «құт», «жұт», «қыдыр» тәрізді иелерге сену - оларға енді ескішілдік сияқты. Ал, кейіптеуді жаңа дәуірге лайықтап, мәдениетті елдердің ақындары тәрізді жаңаша құруға ол ақындардың шамалары жетпеді. Осы себептерге байланысты. Абайға дейінгі әдебиетімізде кейіптеу поэтикалық тілдің ерте туып, кеш қалған түрінің бірі болды..

Абай кейіптеуді қайта тірілтті. Әр түрлі өмір құбылыстарын суреттеуде болсын, автордың ой-пікірін, көзқарастарын жанды етіп айтып беруде болсын, ең күшті құрал екенін танытып, өз өлеңдерінде, аудармаларында кейіптеудің тамаша-тамаша үлгілерін көрсетті.

Абай бұрынғы ауыз әдебиетіндегі кейіптеулердің, әсіресе, Лермонтовтың табиғатты суреттеу әдісін үлгі етті. Ауыз әдебиетінен алғаны - жансыз нәрсені сөйлету. Бірақ, Абайда ондағыдай «табыну», жалбарыну жоқ. Абай табиғатқа жан бітіреді, қимылдатады, сөйлетеді, сезіндіреді, бірақ, ескі әдебиет нұсқаларындағыдай оларды шын жаны бар, күші бар деп ұғудан аулақ. Табиғат құбылыстарын ақын кейіптеу арқылы суреттесе, ол оған сенгендігі емес, суреттеген нәрсесін күнделікті тұрмыска жақындатып, оқушыларына жанды түрде елестету (Қ.Жұмалиевтың «Абайға дейінгі қазақ поэмасы және Абай поэзиясының тілі» деген еңбегін қараңыз. 1948, 120-121-беттер).

Поэзиясы дәстүрлі арнадан шықпайтын (оны жоғарыда айтқанбыз) XVIII-XIX ғасыр ақын-жырауларынан бейнелеу амалдарының мұнарасы биік әдебиетке тән үлгілерін табу қиын. Бұл жөнінде Қ.Жүмалиев пікірі бірден-бір дұрыс. Шынында да, барды бардай, жоқты жоқтай айта салу, тіке, маңдай алды суреттеу - өскен әдебиет үрдісі емес-ті. Біліммен толыққан, мәдениеті байыған, ойлау, топшылау, жобалау амалдары молайған, ойдың логикалык, жүйесіне сай алуан сурет, қиялға ерік бере алатын әдебиет қана өмірдің, табиғаттың ғаламат құбылыстарын күрделі образдық суреттерімен бере алады. Дүние-жүзі әдебиет өнерінің қазынасынан, Шығыс пен Батыс мәдениетінен мол үлгі, өнеге алған Абай ғана қазақ поэзиясын басқалармен терезесі тең дәрежеге көтере алды, мағынасы жағынан да, түр формасы жағынан да қазақ өлеңіне түбірлі өзгерістер, жаңалықтар енгізді.

Орыс әдебиетіне ынтыға құмар болған, оның классиктерін ұстазым деп атаған Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы - қазақ поэзиясының осындай өсу, кемеліне келу сапарындағы елеулі белесі. Поэтикалық ізденістері, өлеңдерінің мәдениеттілігі, жасаған сурет, бейнелерінің дәлдігі, әрі көркемдігі, сөздің мағыналық сыйымдылығын тереңдету - мұның бәрі Шәкәрім шығармашылығының томаға тұйық емес, басқа мәдениетті халықтар әдебиетінің озық үлгілерімен ұштас жатқанын байқатады. Гомер, Хафиз, Пушкин, Толстой, Гоголь, Некрасов қазыналары - ақынға мол рухани азық. Оларға табынады, бас ұрады.

Наши рекомендации