АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 2 страница

деуі, сез жоқ, бағалы пікір. Рас, Шәкәрім адал еңбекті жақтағанда ұйымдасқан еңбекті қолдау дәрежесіне бара алған жоқ. Оның өскен қоғамдық ортасы да, өмірге көзқарасы да мұндай талап-тілекке мүмкіндік бермеді. Әйтсе де, оның парақорлық пен арамтамақтықты сынап, адал еңбекке шақыруы, адамның адамдық қасиеттерінің бірін адал еңбекке байланыстыруы - орынды уағыз еді.

«Арың сатпа, терің сат адалды ізде», «егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ» деген жолдарды ақын өлеңдерінен көп ұшыратамыз. Еңбекке, оқу, білімге, өнерге шақырады, жалқаулықты, бойкүйездікті надандықты сынайды, талапты бол дейді.

Өмірдің өкінбейтін бір айласы,

Ол айла--қиянатсыз ой тазасы.

Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,

Таза жүрек, тату дос - сол шарасы.

Және:

Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек,

Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.

Тағы да:

Еңбекке шыда ебін тап та,

Сабырдың түбі сары алтын.

Өзімшіл болма көпті ардақта,

Адамның бәрі өз халқың.

Шәкәрім шығармашылығын қарастырғанда, оның қоғамдық өмір жайындағы жекелеген пікірлері мен философиялық ой-түйіндері туралы айтпай кетуге болмайды. Өз ортасының белгілі көреген адамы Шәкәрім әлеуметтік өмірдің әр алуан сұрқын байқай білді және оларға өзінің қатынасын айқын білдіріп отырған. Оның қоғамдық хұқық пен философияның жекелеген мәселелері жөнінде өзіндік жүйелі түсінігі болған. Мұның өзі Шәкәрімнің қатардағы ақын ғана емес, ірі ойшыл екенін танытады.

Әр заман тұсындағы сыяқты Шәкәрімге дейін де, оның өз шағында да дін иелері мен басқа да «ақылгөйлердің» үнемі уағыздап келген жалған, кертартпа тұжырымдарының бірі - өмір азды, біреуден қорлық көру де, зорлық көруде тағдырдың ісі, оны өзгерту адамның қолынан келмейді деген ұғымның төңірегінде болатын. Шәкәрім осы бір ескі, әрі теріс ұғымды батыл сынаған ақын.

Кейбіреулер жазады қу өмір деп,

Тұрағы жоқ алдамшы су өмір деп.

Көрген қызық, қылған іс бәрі де ұмыт,

Я көлеңке, я түс, у өмір деп...

Кім үйретті дүниені жамандатып,

Оны сөгіп өзіңді амандатып,

Мұны үйреткен білімсіз шала молда,

Қу қазыққа байлаған табандатып.

Қоғам өмірінде орын алып келген теріс түсініктер мен жалған ұғымдардың шығу кезін ақын дұрыс таниды, сынайды. Оның надандық пен кертартпа ұғымдарды уағыздаушыларды қатты сынауын сол қиын-қыстау дәуір тұрғысынан қарасақ, үлкен батылдық, әрі көрегендік деп бағалауға болады.

Ақынның «дүние алдамшы» деген тұжырымға қарсы ұсынар пікірі салмақты.

Өмір емес алдаған - өзіңді өзің,

Пәленше екем айтты деп қалма сеніп,-

немесе:

Дүние алдамшы, өмір қу деп елірме,-

дейді ол. Демек, бұл арада ақын адамды өзіне, өзінің іс-әрекетіне, өткені мен болашағына дұрыс қарай білуге шақырады, өзін жақсылыққа ұмтылсаң, өмір сені кейін итермейді, барлығы да өзіңнің талап, жігеріңе байланысты деген пікірді ұсынады. Оның бұл пікірінен өмірге тізгініңді беріп жіберме, шамаң келсе өмірдің тізгінін өзің ұстап, тілеген жағыңа бұр деген үлкен ой туады. Мұны Шәкәрімнің қоғамдық көзқарастарындағы ұнамды құбылыстардың бірі ретінде бағалағанымыз жөн.

Шәкәрім өзі өмір сүрген қоғамдық ортада теңсіздік пен әділетсіздіктің мейлінше үстем болып тұрғанын да жете тани білді. Сол қорлықтан құтылудың жолың көрсете алмағанымен, адалдықтың, ақтықтың жойылмайтындығына кәміл сенді. Сондықтан да:

Белін бекем буғаннын, белі талмас,

Ел бұзса да, адалдык өзгерілмес,-

дейді.

Ақынның бұл арада «адалдық өзгерілмес» деген сөзі халык өмір сүрсе, адалдық та сол халықпен бірге өмір сүре бермек деген пікірден туғанға ұқсайды. Ал «Ел бұзса да» дегендегі «ел» әр түрлі билеуші орындардағы бюрократтарды, қуларды білдіреді. Автор ел билеушілердің көпшілігінен-ақ ешбір адалдық, жақсылық күтпеген.

Шәкәрімнің қоғам өміріндегі кейбір құбылыстарды тануында, белгілі жеке адамдарға берген бағаларында терең ой байламдар жатыр. «Қалқаман -Мамыр» поэмасында Шәкәрім Әнет бабаны былайша суреттейді.

Әнет бабаң арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молда ғұламасы.

Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,

Сол кезде тоқсан беске келген жасы.

Қалай болғанда да, әр кездегі адам қоғамында әділ билер мен адал айтушылардың болуы тарихи шындық деп қарайды. Ақынның Кеңгірбай би, Нысан абыз жөніндегі бағаларынан да осы тұжырымдарды көреміз.

Шәкәрім шығармаларында барды да, жоқты да ынтымаққа шақырған, бірігіп іс істеуге үндеген жайттар бар-ақ:

Онандағы біріңе-бірің пейіл ет,

Білгеніңді түзу айт, адалға жет.

Мұны ұқпасаң, оңалма онан да әрмен,

Қулар түгіл ит жесін ту бәлекет,-

дейді.

Бірігіп іс істеп, берекемен күн көруге шақырады. Жалпы ескілікті тұрмыс-тіршіліктің бәрін бірдей жоққа шығармайды. Жақсы жақтарынан үлгі алуға шақырады. Ақынның Нысан абызға берген сипаттамасына көңіл аударсақ, Нысан абыздың «көріпкел білгіштігін» шын пейіл, адал көңілімен жырлайтынын көреміз. Бұл да ескі наным, сенімдерді құрметтеуден екені белгілі. Халык, жадын, халық түсінігін қадір түту - үлкен парыз.

Шәкәрім Құдайбердіұлы адам, оның орны мен қызметі, ісі, қылығы жайында, акыл мен ой жайында, көңіл мен жүрек, түйсік, сезім жайында жақсы мен жаман, адалдық пен арамдық, түзулік, қулық, ақтық сияқты мәселелер туралы көп философиялық толғаныстар, тебіреністер жасаған. Әсіресе, қазақ қоғамына, оның қауымдық, ұлттық ерекшеліктеріне, оқу-білімінің аздығына ұйымшылдықтың жоқтығына, керенаулыққа байланысты жәйттарды батыл көтерген. Абайды көп толғантқан өсу, өну, ағарту ісі, алға, болашаққа қарау- Шәкәрім поэзиясында түгелдей дерлік өріс табады. Адамның жеке басының жетілуі, ақыл мен парасатқа ұмтылу, адал болу, кісі ақысын жемеу, халық қамын ойлау - ақынның жатпай-тұрмай тебірене ойлаған тақырыптары. Көпшілігі насихат, ғибрат түрінде болып келсе де, Абай салған шыншылдық, сыншылдық сарын анық көрініп, дамып отырады. Өрнек, сурет, бейнелері анық реалистік әдебиеттің қалпын байқатады. Өлең өлшемдері де сан алуан өзгеріп құбыла, құлпыра түседі.

Адамның қоғамдағы орнын ақын жоғары бағалап, оған көп жүк артады, міндет қояды. Рас, дидактика, уағыз басым, бірақ, адрессіз, атсыз емес, нақты ортаны, нақты адамдарды мегзеп айтқан. Мұндай ғибрат, уағыз сөздер Абайда да бар екенін білеміз. Бұл тектес өлеңдер, негізінде, жалаң насихат емес, ақынның қоғам, адам жайындағы жинақталған ойын білдіретін ақыл сөздер, философиялық түйін, толғаулар. Жалпы өмірге әлеуметтік көзқарасын байқасақ рационализм сезіледі. Оқудың, білімнің, өнердін, адамға, ортаға тигізер пайдасы, ықпал, әсері көп айтылады. Жеке бастың жетілуі ақылға, білімге байланысты деген пікір үнемі уағыздалып отырады.

Шәкәрімнің өлеңдерінде «халқым, қазағым, туған ел-жұртым» деген ұғым жиі ұшырайды. Және оны ақын алуан түрлі тақырыптарды қозғай отырып, өлеңнің негізгі кілті, мазмұны есебінде ұсынады. Қай шығармасын алсақ та, шаруасы жағынан артта қалған оқу, өнерден, озат мәдениеттен тыс қалған халықтың жайын, тағдырын көреміз. Ақын көбіне налып айтады, кейіп те айтады. Тек мағынасы жағынан ғана емес, сөз түзілісі, формасы жағынан да мұндай жолдары Абайға өте ұқсас. «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ» деген өлеңдерінде Абайдың «Қалын, елім, қазағым,. қайран жұртым» деп келетін өлеңдеріндегі ой, идея дамытылады.

Ойда жоқ өнер, білім, жол табатын,

Жалмауға жалықпайды өз маңайын.

Мұның түбі не болар деген жан жоқ,

Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын...

Қайран елім, қазағым, қалың жүртым,

Көп айтып, уа, дариға не кылайын...

Көретін кезі жоқ,

Ұғатын сөзі жоқ,

Қазақтың бұл күнде

Аты бар, өзі жоқ.

Түзелер кезі жоқ,

Түзетер тезі жоқ,

Жер жүзі халқының

Қазақтан езі жоқ.

Қазақ халқының феодалдық дәуірде, ру араздығы қозып айла-сұмдық жүріп тұрған дәуірде береке, бірлік болмақ емес, ел ішін бұзатын қулар жойылмай, өсу, өрлеу болмайды деген қорытындыға келеді ақын.

Бір ұрты май, бір ұрты қандар да бар,

Қой терісін жамылған жандар да бар.

Жазасызды жазалап атақ алып

Ақ жүрексіп жүретін паңдар да бар.

Абайдың белгілі өлеңімен салыстырсақ, Шәкәрімнің онан көп мазмұн идеялық үлгі алғанын көреміз:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың...

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.

Сонымен бірге, елін, халқын қаншалықты сүйетін, оның жаман жақтарына күйінсе, келешегін ойлап, жақсы жақтарын ойлап, сүйсінетінін ашық білдіреді. Кемшіліктерін қатты сынаса, ел ішіндегі залалды қылықтарды батыл айтса, жұрт сонан безінсін, бойын аулақ ұстасын деп істейтінін ақын тебірене айтады.

Мен қайғы жедім ғой,

Қапы еттім дедім ғой,

Қазағым, қам ойлан,

Сен де адам едің ғой!

Елді сөктім сайтанға ересің деп,

Неге оларға тізгінің бересін деп.

Елерткенге еліріп ере берсең,

Ескерттім азып-тозып өлесің деп

Тағыда талай сөз жаздым,

Елім тәлім алсын деп.

Қазактың мінін кеп қаздым,

Адам емес, аңсын деп.

Бұл сөздерден ақынның халқына тәубасындай сенетіні, жаны қинала тілек тілейтіні көрініп түр. Абай бастаған сыншыл реализм сарыны Шәкәрімде одан әрі өріс алған. Сыншыл реализм әдебиетінде халық тағдыры аса елжірей, жүрек ауыра жырланғаи тақырып, әсіресе, орыс әдебиетінде, Н.А.Некрасов поэзиясында бұл тақырыптың қаншалықты терең жырланғаны мәлім. Қазақ әдебиетінде халық, жұрт, ел тақырыбын көлемді, аумақты етіп, арманы мен тілегіне ден қойып, жай-күйіне жіті көңіл бөліп жүрегі қарыс айрыла жазған - Абай. Кейінгі дәуірде бұқарашыл ақындардың бұған тоқталмағаны кемде-кем. Шәкәрім шығармашылығында да мұның едәуір көтерілгенін көреміз.

Жолдастыққа, достыққа берік болу, қайырымды болу, бір сөзде тұру сияқты адамгершілікке, байланысты мәселелерді Шәкәрім тек ақыл айту, белгілі шындықтарды тізу жолымен емес, оның өмірдегі алуан түрлі көріністерін алып, сынау, мінеу әдісімен көрсетеді. Адамның қоғамдағы бір-біріне қатынасын, мінез, құлқын ашып, оның ұнамсыз жақтарын әшкерелеуде Шәкәрім тереңдікті, көргіштікті байқатады. Абай көбіне налып, қиналып айтса, бұл бір жағынан ренішін білдіріп, екінші жағынан келемеж, күлкі ете айтады.

«Адамнан артық жәндік жаралмаған» деп басталатын өлеңінде ақын табандылыққа, айнымастыққа келгенде кейбіреулерден ит артық, онан алар тәлім көп деген пікірді білдіреді. «Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері, достықты ит ұмытпайды артық жері» дейді де, ақын адамның ұнамсыз қылығын «жүз жылдық дос бір күнде жау болады, көңіліне бір қылығың симаса да» деп дәл басып көрсетеді. Әрі қарай:

Қарызы бар еді деп мойын бұрмас,

Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.

Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,

Не қылса бір зияны тимей қоймас...

Ит иесін қаппайды қүтырса да,

Адамның шын досы жоқ иттен басқа,-

деп қорытындылайды. Екі жүзді адамның қалпы тапқырлықпен суреттелгені айқын көрініп тұр. Әсіресе, «айни салып, дұшпаныңа карай жүгіреді» деуі нағыз жеріне жеткізе тауып айтылған сөз. Сонымен қатар, ақынның тым өсіре, асыра айтып отырғанын да ұғуымыз керек. Ол әдейі істелген. Түбегейлеп келгенде, әрине, адамнан ит артық бола алмайды, оған қол қою қиын. Мұны ақын да біледі, бірақ әдейі «иттен басқа дос жоқ» деген қорытындыны ұсынады. Мұның бәрін тіке мағынасында емес, ауыспалы мағынасында ұғыну қажет. Кейбір қауіпті адамдардан қалай сақтану керек деген тезиспен қараса, ақынның өсіріп, үлкейтіп айтқан пікірі өзінен-өзі түсінікті. Сатып кететін, қауіп-қатерге ұшырататын достық, әрине, болғанынан болмағаны артық (оның орнына жақсы ит болғаны дүрыс па, жоқ па, ол - екінші мәселе). Бұл - даусыз. Ал итті алсақ, оның берілгендігіне шек келтіруге болмайды. «Ертең қалай қарары белгісіз» достан гөрі (қылығы, ісі жағынан ол әлі бітеу жара, ашылмаған адам), бар ынта, ықыласы сыртында көрініп тұрған итке шүбәсіз, күмәнсіз сенуге болады. Бұл - шындық. Ақын осыны алып, әдейі мысал ретінде айтқан. Өлеңнің соңында өз пікірін бекіту ушін, ақын түн жамылып қастандыққа келе жатқан біреуді (бұрынғы дос) ит жарып өлтіргенін баяндайды. Сюжет алғашқы тезисті ақтауға керек болған.

Сөз тіркестеріне, шеберлігіне келсек, ақын халық аузында айтылып жүрген ұғым, түсініктерге жүгінген («Ит иесін қаппайды») және Абайдық «күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» дегеніне қарамастан, итті бірден-бір дос етіп көрсеткен. Онысында, бірақ, қайшылық жоқ. Абай әдейі болмайтын нәрсенің болғанын айтады. Күшіктей асыраған ит әдетте иесін қаппайды. Бірақ ол жайды Абай адам қылығына көшіріп, тұспалдаған. Абайдың екі жолы түгелдей метафора, күрделі метафора. Өйткені күшік деп отырғаны ит емес, адам, өзі тәрбиелеген, өзі өсірген жан. Бірақ, ол өзіне қарсы шыққан. Абай өлеңінде осы жайды айтқан, Шәкәрім негізінде, дос-дұшпан жайындағы ойын Абайдың ой, байламдарына сәйкес өрбітеді. Мәселен, Абайдың:

Дос алады: бермесең бұлт берем деп,

Жауыңа қосылуға серт берем деп,-

деген екі жолын Шәкәрімнің «Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас» деген жолымен салыстырсақ, мағына жағынан ете ұқсас екенін байқаймыз. Тек Шәкәрім тіке, кесіп айтады. Абайға жалпы мінездеу, жинақтай айту тән де, Шәкәрімде нақты сурет, бейнелеу басым.

Осы тақырыпқа сай Шәкәрім рушылдық, ымырашылдық, жалған жақындық сияқты жәйттарды қатты сынап, оидай істің көбі әркімнің өз өктемдігін жүргізу үшін жасалатынын әшкерелейді. Ондай өлеңдерінен сықак, күлкі естіледі, ирония сезіледі.

Досты мықты қылмақсың,

Дұшпаныңды қырмақсың,

Аяғыңда сен де бір

Кішірек құдай болмақсың.

«Абай марқұм» дейтін осы өлеңінде Шәкәрім ұлы ақын арман еткен көп жайларды еске альш, үлкен толғанысқа енеді. Лирикалық героймен сөйлескен, ақылдасқан болып, өзін қинайтын біраз мәселелерді ортаға салады. Жоғарыдағы үзінді сол лирикалық геройға арналған. Ақын негізінде дұрыс қылықты алады да, оны өзі теріске шығарады. Себебі - сынап отырған адамның түпкі ойы-«арам ой», досты көбейтіп, дұшпаннан арылу ғана емес (ол түбінде жаман нәрсе емес қой), соның арқасында өзі мықты болғысы келеді. Акын сондықтан да «кішірек құдай болмақсын» деп кекетеді, мазақ етеді.

Көңіл күйі жөнінде, ақыл, ой, жүрек толқуы, сезімі жөнінде, дүние өмір туралы жазған өлеңдерінде Шәкәрім нағыз жазба әдебиет дәстүріндегі ақын ретінде танылады. Батыс, шығыс әдебиетінен көп оқып, онан айта қаларлықтай үлгі, өнеге алумен бірге, өз талантының молдығы, сөз өнері байлығы, талғам тереңдігі оны осы дәрежеге көтерген. Қозғаған тақырыптары мен оны шешу, түбіне терең бойлау жағына келгенде, жақсы дәстүрлер мен қатар, біраз жаңашылдық қальш білдіреді. Адам көңілі, табиғат жайы, сұлулық, көркемдік, махаббат жайындағы лирикаларында Шәкәрім қазақ поэзиясын тың сурет, бейнелермен, соны сөз, теңеулермен байытқан.

«Қабағынан қар жауған қараңғы бұлт жоғалды» дегенде Абай дәстүрін (табиғатқа, жылдық мезгілдеріне жан бітіріп, адамша) ілгері дамытқан, өз тарапынан жаңалық қосқан. «Түнерген бұлт», «Қара бұлт» деген халық аузында бұрыннан бар. Ал «қараңғы бұлт» деп айтпайды. Шәкәрім қараңғы бүлтты «Қабағынан қар жауған» деп адам бейнесіне жақындатады, адамға тән мінез, сипаттама жасайды. «Өлген көңіл - ындынсыз өмір» деген сөз тіркестерінің мүлде жаңаша екенін байқау қиын емес.

Жаралы жүрек жабырлап,

Өліп қалған сұм жүрек.

Оятсам да тұрмас-ты;

Қайғылы көңіл тырп етіп,

Қабағын ашпас салбырап.

Қайғылы біздің көңілден

Қайғырған сайын қан шықты:

Жаздың күні болғанда

Жаңбыр жауар күркіреп,

Жаралы біздің көңілге

Бір тамбайды сіркіреп, -

деген жолдарды оқимыз. Келесі «Бақшадағы гүлдер» деген өлеңінде:

Көңілі ояу, көзі ашық елде кім бар?

Өлі жүрек, өзімшіл, күншіл мұндар! -

деген жолдар бар. Қарап отырсақ, Шәкәрім бұл тақырыпта да соны ізденістерге барған, өзіндік өрнек, бейнелер жасаған. Көңілдің кабағы салбырауы, сұм жүректің оянбауы, күншілдерді «өлі жүрек» деп метафорамен атауы - бәрі де тек жоғары парасатты жазба поэзия дәстүрінде болуға лайык. Көңіл күйін, жүрек соғысын бейне бір адам мінезіне, адам ісіне ұқсату арқылы ақын үлкен бейнелік сурет жасаған. Сонымен бірге, айтылмақ ой, идея, әрине, тереңдей түскен, мазмұны байыған. Жаңбыр жаууы - табиғаттың аса бір қасиетті құбылысы; біткеннің бәріне нәр беретін, жібітетін жауын, осы ұғымнан шығуы айқын; «Жаралы біздің көңілге бір тамбады сіркіреп» дегенде, мүлде тың, жарасымды сурет шығады. Бұрынғы поэзия үлгілеріне қарасақ, бұл мүлде жаңаша. Өйткені еңбеккер қазақтың ұғымында ежелден жауын табиғаттың қасиетті құбылысы болып есептеледі. Оған себеп: ен дала жауынсыз шөл далаға айналып кетер еді. Онда шөп те жоқ, мал да жоқ. Сол түсінік бойынша ақын әбден торыққан, жылылық көре алмай қамыққан жүректі жаңбыр тимеген қураған далаға теңейді. Ол семген, ылғалсыз, кепкен. Жүрекке шипа боларлық ештеңе жоқ. Сондықтан да ол өледі, тастай болып қатады. Саналы жанға мұнан артық трагедия бола ма! Ақын лирикалық қаһарман басындағы осы халді білдіреді. Сонымен бірге қиянатшыл жандарды да мейірімсіз деген мағынада осылай айтады. «Тас бауыр», «тас жүрек» деудің орнына «өлі жүрек» деуі (өзімшіл мүңдарды) поэзияда бұрын кездесе бермейтін жаңалық (өлген адам, немесе, сезімсіз, суынған жүрек жайында талай айтылуы мүмкін, яғни өзінің тіке мағынасында; бірақ адам бейнесін беру үшін айтылған түрін ұшыратқан емеспіз).

Жаңалық, сонылық түрін мына жолдардан да байқайсыз:

Қайран терең ойым, қартайып тоздың ба?

Еріншек боп бұйда создың ба?..

Есті жи, тозды ми...

Жыр жазбасаң, тартар ой

Күннен күнге жалқауланып баяу...

Мида жоқ бұзық қан, ақылың таза,

Не себептен боласың, ойды бұзып,

Күдер үзіп, наза.

Бұл үзінділерден де ойдың «қартаятынын», «тозатынын», «жалқауланатынын», мидың «тозатынын» байқап отырмыз. Қазақ поэзиясында бұрын кездеспеген тіркестер. «Сергек ой», «терең ой», «алжасқан ми», «ауысқан ми» деген сөз тіркестері әбден таныс та, ал «тозған ой», «жалқау тартқан ой» дегендер болмаған. Ақын жаңа сөз тіркестерін жасау аркылы айтылмақ ойдың мән-мағынасын толық жеткізе алған. Олай дейтініміз - ақын жаңа эпитеттерді кездейсоқ қолданып отырған жоқ: оның айтайын дегені анығында да тозған ой, запыда болған, шаршаған ой, істен, қызметтен, талқыға көп түсуден тозған. Акынның айтқалы отырғаны -«алжасқан», «адасқан» ой, немесе «ауысқан» ми емес. Әрбір физикалық дене, зат сияқты ойдың да, ақылдың да тозатынын білдірген. Ақынның зары да, мұңы да, осы сөздерде түр; трагедиясы да осында. Өйткені, бұл сөз тіркестері тектен-тек қолданылмаған, әбден титықтаған адамның қалпын аңғартады. Ұлы Абай «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» дегенде, сол кездегі ортаның қайшылык, қиындықтарын, өз басына түскен тауқыметті білдірген. Абайдың ағартушылық, ілгерішіл бағытын ұстанған Шәкәрім де сол феодалдық-патриархалдық жағдайдағы сорақы кемшіліктерді көріп налиды.

Жолама, қулар, маңайға,

Не қылмадық талайға!

Кім жағады сендерге

Тартқызған азап Абайға!

Соның да тілін алмадың,

Сабадың, сөктің қарғадың.

Көріне қашан кіргенше

Арсылдап иттей қалмадың,-

Наши рекомендации