АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 5 страница
Жүсіпбек Аймауытов - осы қатардағы аса ірі тұлғалардың бірі. Оның революцияның от-жалынында жазып, азаттық теңдік идеясын таратқан туындылары, әр жанрдағы ізденістері жаңа әдебиеттің саяси беталысын ғана емес, көркемдік саласындағы табыстарын да орнықтырады.
Жүсіпбек Аймауытов 18891 жылы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында туған2. Арғы аталары ауқатты болған деседі. Бірақ, Жүсіпбектің өз әкесі Аймауыт та (шын аты - Оймауыт), оның әкесі Дәндебай да шағын шаруалы адамдар болған. Жүсіпбектің 15 жасқа дейінгі өмірі өз аулында өтеді3. Ол ауыл молдасынан оқып сауат ашады. Үзіп-жұлып әр қилы молдалардың (өз айтуынша Жүніс қожа, Шәймерден қожа, Қожахмет молда, Қапар қажы, Мұхамеджан) алдын көріп, ескіше едәуір білім алады. Содан кейін аз уақыт өзі молдалық құрып, бала оқытады. «Қартқожа» романындағы бала молда бейнесінде жазушы өз өмірінің осы тұсын суреттеген.
1907 жылы Жүсіпбек молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебіне түседі. «Оспанның (Аймауыттың інісі. С.Қ.) Серебрянников дейтін тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылык (с-хоз) школіне барып, емтихан ұстадым», - дейді ол4. Бірақ ауыл шаруашылық мектебінде ол ұзақ оқи алмайды. Бір айдай ауыл шаруашылық жұмысына қатысып, одан кейін екі ай ғана оқуға мүмкіндік алған Жүсіпбек мектеп режімі мен әділетсіздікке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады.
Осыдан кейінгі біраз уақытын ол ауылда бала оқытумен өткізеді. Баяндағы мектептің үшінші класында оқуын жалғастырады. Содан 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектепте, кейін интернатта білім альш, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі, оны 1919 жылы бітіреді. Жүсіпбектің Алашордашылардың істеріне араласатыны да осы кез. Семейде ол «Абай» журналын шығарысады. Семинарияда Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады, бірге оқиды.
1919 жылы Жүсіпбек Алашордадан бөлініп, кеңес өкіметі жағына шығады. Коммунистік партияның қатарына (1919) кіреді. Семейде, Павлодарда партия, кеңес жұмыстарын атқарады. 1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысады. Содан кейін Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатына басшылық қызметте (комиссардың орынбасары болып) қалады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып ауысып, кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып істейді. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1924-1926 жылдары Ташкенте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында бөлім бастығы қызметтерін атқарады. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры. Ара-тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды «өзі пайдаланып кетті» деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады. Содан 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады. «ОГПУ органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кіріскен. Әлгі аталған 14 адамның бәрі де тұтқындау үшін жеткілікті негіз боларлық айыптары жоқ болса да, прокурордың санкциясынсыз-ақ қамауға алынған. Тергеу бір жылдан астам жүргізілген және заңсыз тұтқында ұсталған осынша ұзақ мерзім ішінде сол 14 айыптаушының қылмысын дәлелдерлік бірде-бір объективті дерек табылмаған. Контрреволюциялық ұйымның болғандығына дәлел жоқ, ондай ұйымның бағдарламасы, жарғысы, әлдебір алға қойған практикалық мақсаттары мен соларды жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекеттері жөнінде тергеушілер ешқандай нақты дерек жинай алмаған. Соған қарамастан, айыптау қорытындысы жасалған да, ешкімнің бекітуінсіз-ақ соттан тыс органның қарауына берілген. Айыпталушылар іс материалдарымен таныстырылмаған, ешқайсысына да өздерін қорғау үшін мүмкіндік туғызылмаған. Осындай қолдан ұйымдастырылған жасанды іс бойынша жаңағы 14 адамға түгелдей сырттай үкім шығарылған», - дейді Аймауытовтар ісін қайта қарауға қатысқан бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Т.Қ.Айтмұхаметов1.
Міне, осылардың қатарында Ж.Аймауытовтың өмірі 1931 жылы, 42 жасында, нағыз шығармашылық толысқан кезінде қыршынынан қиылды.
Жүсіпбектің өз айтуынша, оның туып өскен ортасы өнерге жақын болған. Оның болашақ жазушыға әсері де мол болған түрі бар. «Ақат ағам екеуіміз де әрі молда, әрі етікші, әрі ағашшы, әрі шимайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Әкем домбыра тартушы еді. Ақатты бес жасынан алдына алып отырып, домбыра тартып үйреткен еді. Біздерден үлкен екі апамыз болды. Үлкені домбыра тартушы еді, хат танушы еді. Бізге өлең, ән үйреткен екі апамыз еді. Қадыкеш деген үлкен апамыз өлең де шығарушы еді, ұзатылатын қыз жолдастарына шығарған өлеңдерін ұрлап алып оқи беруші едік. Байы өлген қатындарға шешем (Батима) жыр шығарып, үйретіп отырғанын жас кезімде құлағым шалушы еді»1, - дейді ол С.Садуақасовтың сұрақтарына берген жауабында.
Осындай ортада Жүсіпбектің әдебиетке құмарлығы ерте оянады. «Ауылдағы өзім құрбы балалардан хатты ерте таныдым. ...Хисса, әлең кітаптарды көп оқушы едім. Қадыкеш апамның бір сандық хисассы бар еді. Қыстың ұзақ кештерінде алғашқыда Қадыкешке, соңынан Ақат екеуімізге әкем хисса оқытқызып отырушы еді»2 - дейді ол.
Алғаш өлең жазумен әуестенуін Жүсіпбек 13 жастан деп санайды. «Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным 19-20 жастар кезі болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы; Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім - 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алып-сатардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім. Бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1916 жылы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықнады»3, - деп жазды Жүсіпбек.
Жүсіпбектің шығармашылыққа бір жола берілуі революциядан кейін басталды. Оған дейін әрқилы оқиғаларға үзіп-жұлып өлең арнаған жас ақын кейін үлкеи қоғамдық такырыптарға бой ұрады, халықтың азаттық жолындағы күресі идеясын терең көтеріп, осы халықтық қозғалыстағы ауыл кедейлерінің рөлін, олардың теңдік үшін ұмтылысын жан-жақты бейнелейді. Революциядан кейінгі қазақ өмірінің сан қилы қиындығы жазушыны өмір фактісіне сәйкес әр жанрда ізденуге үйретеді. Сөйтіп, ол әдебиеттің көптеген жанрларын бастаушы болады. Одан қалған мұра аса бай. Олардың ішінде өлеңдер мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия-Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалар, көптеген әңгімелер мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертегі кітапшалар, сын мақалалар мен аударма кітаптар, оқулықтар бар. Сол кездегі газет-журнал беттерінде Жүсіпбек жазған көптеген мақалалар сақталған.
Жүсіпбектің шығармашылығын өлең жазумен бастағаны жоғарыда айтылады. Бірақ ол поэзияда көп аялдамаған, кешікпей-ақ драмалық және прозалық шығармалар жазуға ауысқан. Одан қалған поэзиялық туындылар көп емес. Бізге мәлімдерінің ішіндегі елеулілері - «Сарыарқаның сәлемі», «Ұршық», «Ах-ха-ха-хау» (1917), «Көшу», «Ұран», «Әскер марсельезасы» (1918), «Жәмила», (1920), «Тұңғиық түпсіз астында», «Ленинге» (1924) атты өлеңдері мен «Нұр күйі» (1929) атты поэмасы негізінен, жас ақынның өнерге деген алғашқы талабын, өмір қиындығын өзінше танып бейнелеуге ұмтылысын көрсетеді. «Ұршық» өлеңінде ол жіп иіруге арналған осы бір халықтық аспаптың зырылдап жүгірген бейнесін аша отырып, оны иіріп отырған кемпірдің монологы аркылы әлеуметтік мәселелерге ауысады. Кемпірдің жалғыз баласы алыста, жолда. Анасы соның аман оралуын тілейді, соған жаңа шекпен тігер жіп иіріп қоюды армандайды, бірақ кедей тұрмыс («Кәрі шешең сыңсып, толтыра алмай ұршығын, отыр жылап бүкшиіп, көзінің сүртіп былшығын») қарысып, ісі өнбейді. Кемпірдің баласының қайда екенін ақын ашып айтпайды, бірақ:
Жеңіліп қашан жаман жау,
Мереке болар, Құдайым.
Жалғызым қайтып есен-сау,
Қашан туар күн, айым1,-
дегеніне қарап солдатқа алынған 1916 жыл болар деп ойлайсың. Өлеңнің:
Қыршаңқы, аксақ, соқырдың
Көтерілді базары,
Жырық пен пұшық қотырдың
Жаңа кірді ажары 2, - .
деген жолдары да оны анықтай түседі. Мұндай кем-кетікті адамдардың солдатқа алынбағанын ескерсек, кейпір баласының майданның қара жұмысында жүргенін түсінуге болады. Өлең ұршықтың фонында асырап отырған жалғызынан айрылған кедей кемпір тұрмысын әлеуметтік тұрғыда тәп-тәуір суреттей алған.
Құбылысты сурет арқылы тануға ұмтылыс жас ақынның өлең өнерінің сырын, мақсатын дұрыс түсінгенін байқатады. Мысалы, ол «Көшу» өлеңінде ескі ауылдағы көшу суреттерін тұрмыстык детальдар арқылы жасайды. Өлеңде көшпелі елдің көшті салтанат тұтуы, кеш кезіндегі у-шу, көш маңындағы адамдар айқын суретке түседі. Ақынның жіті көзі олардың ішінен әр қилы типтерді таниды. «Ала шолақ өгіздің арбасына, амалсыз жабысам-ау енді тағы», - деп тұрған мінер аты жоқ кедей баласы, «Байтал мінген-байпақсыз байқұс кедей», «Тәлімшіл желек киген келіншектер» - бәрі де көш маңынан көрінеді.
«Жәмила», «Ах-ха-ха-хау» өлеңдері ескі салт шырмауындағы қазақ қызының тағдырына арналған. Алдыңғы өлеңде автор жүзі солғын, өңі сынық, мұңды Жәмиланы көріп, ойың көңіл-күйіне ортақтастық білдіреді. Авторлық монолог арқылы қазақ қызының кайғысын ашады. Сүйгенінен айрылған қыздың мұңын оның жай-күйінен таныса, «Арқаңда анау таңба не? А, имансыз ол хайуан» деген жолдар арқылы зорлықпен барған күйеуінің қызды ұрып-соққанын да көрсете кетеді. Екінші өлеңінде ақын қыздарды осындай күйге түсірген, «Жас иіске құмар», «Жапырақсыз, гүлсіз, іші қуыс кәрі ағаш» - қазақ шалдарының ерсі, ұятсыз қылықтарын күлкі етеді.- Өлеңде шалдың күні өткенін:
Қыркүйек өтті - Қырау,
Қараша мынау, Соқыр-ау.
Қаңтар келіп қамшылап,
Сәйкес болған оқырау.
Көкектің айы көңілде,
Шонамдай жақ тоқырау1, -
деп қыс айларының суреті арқылы бейнелейді.
Жаңа бір қызық стильде жазылған өлең - «Тұңғиық, түпсіз астында». Бұл өлеңнің жаңалығы - казак өлеңіне үйреншікті сыртқы ұйқасты сақтауда емес, ішкі ырғақ байлығында. Ол ақ өлеңмен жазылған, еркін оқылады. Ақын су сабалап, суды тіліп көк теңізде келе жатқан кемені теңіз тулап мерт еткенін әдемі суреттермен береді. Дауыл мен толқын талқандаған кеменің бір тақтайында мықтап тұрып байланған жас нәресте - бала кетіп барады.
Қара толқын арасында,
Тұңғиық түпсіз астында.
Қатерден ешбір хабарсыз
Көңілі қамсыз, өзі шат
Жымиып күледі жас бала.
Балдырғандай жас қолдарын
Шолтаңдатып су сабап
Салқын суға малады.
Малайын деп малмайды,
Толқын қолға соғады.
Толқынның аппақ көбігі
Баланың үстін қаптайды.
Толқынның бүріккен ұшқыны
Ұшықтайды баланы.
Оны бала ойын ғой деп,
Жыпылықтап көзін қысып,
Сақылдап тұрып күледі.
Кызық қой тегі балаға
Түпсіз терең көк теңіз
Қорқытпайды баланы.
Асқар таудай көк толқын
Ұшырмайды зәрені 2.
Өлеңде революция дауылы талқандаған тіршіліктің ендігі иесі осы жас бала сияқты көрінеді. Оның сәби қылығы нанымды да.
Жүсіпбектің «Ұран», «Әскер марсельезі» атты өлеңдері осы күнге шейін дұрыс бағасын ала алмай келді. 1918 жылы «Абай» журналында басылған бұл өлеңдер Семейде құрылған Алашорданың «Ұраны», Алаш «әскерлерінің марсельезасы» еді. Өлеңдердің сол тұста жазылып, осы мақсатқа арналғаны да рас. Бірақ, Жүсіпбек бұл өлеңдерін сонымен бірге қазақ халқының қанаудағы өмірін, оның азаттық жолындағы күресін, халықтың ерлік дәстүрлерін мадақтауға құрған. Оларда революция жылдарындағы халықтың рухын көтеріп, оны алға, күреске шақыру улгісі қолданылған. Патша өкіметі құлағаннан кейінгі Алаш қазаққа бостандық, теңдік әкеледі, өз алдына тәуелсіз ел боламыз деген ақын үміті де көрінбей қалмайды. Сондықтан да ол қазақты:
Қазағым, қақтықпа, қамалма.
Ел болар қамыңды амалда.
Кетті; түн, атты таң, шықты күн,
Сал малды, сал жанды аянба.
...Жатқа жем бай едің, кең едің,
Бағың жоқ биіктен кем едің,
Партия, Сұрқия, қым-қиғаш,
«Басы аман» көп надан сен едің.
Зарыққан, тарыққан шағыңда,
Тап болды бостандық бағыңа
Ұйымдас, ұрандас, жағалас,
Сен де мін бабанның тағына 1,-
деп, өз бақытын өзі жасау жолындағы күреске үндейді, бірлікке, ынтымаққа шақырады.
Екінші өлеңде ақын қазақтың көшпелі тұрмысын, жауынгер салтын мақтаныш тұтады, одан романтика іздейді. Бөлек, дербес ел болу талабы тұсында халықтың ерлік дәстүріне сүйену қажеттігін көтереді.
Арғы атам - ер түрік
Біз қазақ еліміз
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Сай сайлап, мал айдап,
Сайрандап ен жайлап,
Ерке өскен Арқаның
Еркесі серіміз
...Ат мінсек, жел болып,
Дуылдап шабамыз.
Лап десек ерленіп,
Дуылдап жанамыз.
...Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз
Қаймығып еш жаудан
Қайтпаған бетіміз2 .
Өлеңде осындай ерлік салтты Алашты қорғауға жұмсауға үндеу бар. Ол Алаштан үміт күткен ақын сезімінің көрінісі. Ал, тұтастай алғанда екі өлең де елдікті, ерлікті, бірлікті жырлаған, отты, революция жылдарының көтеріңкі рухын бойына сіңірген туындылар.
Заманның осы бір күрес стилін Жүсіпбек кейін «Еңбекшілер ұранын» және «Жас әскер» (Молодая гвардия) атты революциялық жырларды аударғанда да берік сақтады. Осыларды аудару арқылы ол бүкіл дүние жүзілік азаттық күресіне үн қосты. Соңғы өлеңдер стилі алдыңғы шығармалармен туысып, бәрі де Жүсіпбектің халықтың азаттығы, бостандығы жолындағы тұтас көзқарасын айқындай түседі.
Жүсіпбектің соңғы ақындық шығармасы - «Нұр күйі» поэмасы. Ол 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылған. Оны автор «Күйлі сөз» деп атаған. Поэма оқиғасы Жібек деген ананың жаңа туған нәрестесіне толғанып айтқан жырымен басталады. Бірақ ана қуанышы баласының соқыр екенін біліп тез басылады. Алайда, бала өнерпаз, күйші болып өседі. Өнерімен жұртты таңқалдырады. Кейін орыс дәрігерлерінің көмегімен көзі жазылып, ол қуаныш, шаттық күйін тартады. Автордың «Нұр күйі» дейтіні сол. Ақын сол арқылы өнерпаз бала көрген, оның келешегін айқындаған нұрдың, жарық сәуленің шаттық сезімдерін жырға қосады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиыншылыққа мойымай онымен күресе білуге тәрбиелейді. Поэманың жазылу үлгісінде ақ өлең көбірек колданылады.
Жүсіпбектің поэзиялық шығармалары - сан жағынан көп болмағанмен ақындық ізденістің өзіндік беті жағынан тың туындылар. Оларда мазмұнның жаңалығы сыртқы түр жаңалығымен байланысып жатады. Алайда, Жүсіпбек мұрасынан қол үзіп қалғанымыз қазақ әдебиетінде мұндай өлең үлгісінің жеткілікті дамуына мүмкіндік бермеді. Тек соңғы жылдары ғана ақындарымыз ақ өлеңді жаңаша пайдаланудың жолдарын қарастыруда.
Жүсіпбек драмалық шығармалар жазумен де ерте айналысқан. Бұл жанрда еңбек етуіне оның өнер сүйгіштігі айрықша әсер еткен. Ол жасынан ел ішіндегі ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, жақсы ән салған. Мұндай өнерге құштарлық оның от басындық тәрбиесінде кең орын алған. «Мені, 7-8-дегі жалаң бұт жүгіріп жүретін кезімде ойын-сауык болғанда, келіншектер бізді (Ақат ағам екеуімізді) көтеріп әкеліп, етегімізге бауырсақ, құрт салып қойып, қосылдырып ән салғызар еді»1, - дейді Жүсіпбектің өзі. Осы табиғи өнерін Жүсіпбек оқып жүрген кездерінде жалғастырып дамыта түскен. Семейде оқып жүрген кездерінде ол бұларға қоса жастардың драмалық, сахналық кештеріне қатысып, ұлттық мәдени ойын-сауықтың ұйтқысы болған. Ол 1914 жылы Абайдың қайтыс болуының он жылдығына арналған Семейде өткен кешке қатысқан. 1915 жылы сол қалада «Біржан мен Сара» спектакілін сахнаға лайықтап қойып, онда Біржанның ролін ойнаған. Сахна өнеріне құмарлық кейін Жүсіпбектің пьеса жазуына себепкер болған.
Жазушының «1916 жылғы қазақтан жүмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады» деуі, оған жалғас «Рабиға», «Жебір болыс» («Мансапқорлар») «Қанапия-Шәрбану» 1916-1917 жылғы жазған пьесаларым, кейін түзетіп баспаға бердім»1 деген сөзі мұны растайды. 1917 жылы 17 желтоқсанда Семей жастарының ойын-сауық кешінде Жүсіпбектің өзі режиссерлік етіп сахнаға дайындауымен оның «Рабиға», «Ескі тәртіппен бала оқыту» атты пьесалары қойылған. Жиырмасыншы жылдар ішінде оеы жанрдағы ізденісін жалғастырып ол «Сылаңқыз» (1922), «Ел қорғаны» (1925), «Шернияз» (1926) сияқты пьесалар жазған. Бұрынғы пьесаларын жөндеп бастырған. «Мансапқорлар» (1922), «Рабиға» (1926), «Қанапия- Шәрбану» (1926).
Жүсіпбек пьесалары, негізінен өз дәуірінін, ең маңызды әлеуметгік мәселелерін көтеруге, оларды сахна арқылы бейнелеп көрсетуге арналады. Ол феодалдық-патриархалдық салтты, мешеулікті шенейді, елді оқуға, өнер-білімге қараңғылықтан шығуға үндейді. Әйелдердің бас бостандығын, халықтың азаттығын, теңдігін қорғанды. Бұл тұрғыда ол - революция арқылы келген халық азаттығы идеясын жақтаушы әрі насихаттаушы.
«Рабиға» пьесасында ескі салт бойынша мал берген қойшы шалға тиген Рабиға деген жас әйелдің өмірі сөз болады. Әуелі бата бұзудан, ата-ана қарғысынан қорыққан Рабиға тағдырына мойын ұсынып бақса да шалының ожар мінезіне (әр нәрсені сылтау қылып, жас әйелді ұра береді) шыдай алмай, одан кетуге мәжбүр болады. Ескі салт қосақтаған шалдан өз басына бостандық алып кетіп бара жатып ол: «Кел, қазақтың күң қыздары, қол ұстасып бостандық тұрмысқа жетейік», - деген ұран тастайды.
Осы тектес идеяның анықтығы Жүсіпбектің пьесаларында да байқалады. «Қанапия - Шәрбануда» Кеңес өкіметінің арқасында теңдік алып қосылған екі жас сахна соңында «Жасасын теңдік» деп шығады. «Шерниязда» пьеса уақиғасы сахна сыртында мылтық атылып, революцияның болғанын хабарлаумен бітеді. Бұлардың бәрі көп жылдар отаршылдықтың қанауында болып келген халықтың өміріне өзгеріс, бостандық, теңдік әкелген жаңа өмірдің, жаңа дәуірдің басталғанын, онын, жеңісін паш ету идеяеынан туады.
Жүсіпбек пьесалары идеялық мазмұнының байлығымен ғана емес, драмалық тартыстың өткірлігімен, характер жасаудағы ізденістерінің әрқилылығымен ерекшеленеді. Ол тартысқа негіз етіп әлеуметтік қайшылықты алады. Сол қайшылықты күрестерде тап өкілдерінің позициясын анықтап, образдарды даралауға ұмтылады. «Қанапия мен Шәрбану» пьесасында сүйіскен екі жастың қосыла алмау шырғалаңы 1916 жылғы июнь жарлығы кезінде әлеуметтік тартыстар жағдайында өтеді. Шәрбанудың әкесі Исатай ер баласы Ынтықбайды солдаттан қалдыру мақсатымен қызы Шәрбануды Сазанбай байға береді. Мұның кедей адамның басындағы еріксіз болған трагедиялық оқиға екені, байдың сәтті пайдаланып жасағаң зорлығы пьесада орынды ашылады. Елдің барлық ниеті - Қанапия мен Шәрбану жағында. Пьеса соңында солдаттан қайтқан Қанапия Шәрбануды алып қашып, Кеңес өкіметін паналайды. Бірақ, жазушы таптық қайшылықты өршіте, шиеленістіре бермейді. Сазанбай жастардан жасаған қателігі үшін кешірім сұрайды. Бұл - Жүсіпбектің кертартпалардың кейбір зорлық мінездерін надандықтан кәріп, оларды ағарту, түсіндіру жолымен жөндеуге болады деген ойларының, қазақты жікке бөлмей қарауға тырысқанының көрінісі болса керек.
«Мансапқорлар» пьесасы атақ, дәреже құмар ел басшыларының арасындағы тартысқа құрылған. Тартыстың бір жағында - Қасқырбай болыс болса, екінші жағында - оның туысқан інісі - тілмашы Мүсілім. Ол кезінде әкесіне жасаған зорлығы, өзін оқытпағаны үшін ағасынан кек алмақ, оны өлтіріп, орнына болыс болмақ. Сол үшін болыстың жас әйелімен көңілдес болып, оны болысқа у беруге жұмсайды. Жазушы Мүсілімнің қылығын болыстан кек алумен ғана шектемей, оньщ жауыздығын, мансапқорлығын ашу тұрғысынан көрсетеді. Шығарма туыс адамдардың арасын айырып жатқан таптық жіктелушіліктің, зорлықтың - үлкен қоғамдық зұлымдыққа, жауыздыққа ұласып жатқандығын ашады.