Г р а м ма т и к а л ы қ к а т е г о р и я
Тіліміздегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория . Грамматикалық категория ұғымы, бір жағынан, грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен байланысты , екінші жағынан , олардан күрделі болып келеді .
Грамматикалық категория деген ұғым барлық зерттеулерде біркелкі түсіндіріле бермейді .Оның сипатын түбегейлі түсіндіруде пікір айырмашылықтары да байқалып отырады .Мысалы: А.Ысқақов:«тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады». Ахманова О.С:«Тілдегі лингвистикалық единицалардың яки оның бір тобының грамматикалық амал-тәсілдер арқылы берілетін жалпы сипаттарының бірі». (Словарь лингвистических терминов . М.1966). Бондаренко А.В:«Бірыңғай мағыналы грамматикалық формалар қатарының бір-біріне қарама-қайшы жүйесі» (Теория морфологических категорий .Л.1976).
Грамматикалық категория,ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен, сәйкестігімен яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелікпен байланысты . Үшіншіден , грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы , бір жағынан өзара біртектес, бірыңғай сипаттағы , екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория - өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы,бірлігі. Бір ғана грамматикалық мағына мен оны білдіретін грамматикалық форма грамматикалық категория құрай алмайды. Сөйтіп, грамматикалық категорияның негізінде грамматикалық мағыналар жиынтығы олардың грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады .
Грамматикалық категория болудың алғы шарттары:
1) бірнеше , кемінде екі грамматикалық мағына болу керек ;
2) ол мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды;
3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да,1-жақ 2-жаққа, я 3-жаққа қайшы келуі;
4) әрі тектес, әрі ыңғайлас , әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы ;
5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі ;
6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұлғалық сәйкестік бір жиынтық болуы .
Міне, осындай талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады. Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесі еш грамматикалық тұлғасыз семантикалық тәсіл арқылы ғана берілетін болса, онда грамматикалық категория жасай алмайды, өйткені грамматикалық категория тек грамматикалық мағыналар жиынтығы ғана емес, сол тектес, мәндес, әрі бір-біріне қарама-қайшы грамматикалық мағыналарды білдіретін, парадигмалық сипаттағы грамматикалық тұлғалар жүйесі болып табылады.
Грамматикалық категориялар грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғалану, түрлену жүйесімен соған лайық олардың грамматикалық мәнімен сөйлеу процесінде ол сөздердің атқаратын қызметімен , басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да, грамматикалық категорияларды шартты түрде морфологиялық категория және синтаксистік категория деп бөлуге болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіру мәнді морфологиялық категориялар және топтау, я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп бөлу дәстүрі бар.
Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалы(морфологиялық) категориялар бола бермейді. Грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім , сын есім, етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан-мөлшер категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, шырай категориясы, салт-сабақты етістік категориясы, етіс категориясы, болымды-болымсыз етістік категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік категориясы.
Белгілі сөз табына қатысты грамматикалық категориялардың грамматикалық сипаттары сол сөз табының семантикалық, грамматикалық ерекшеліктерімен айқындалады. Сондықтан да грамматикалық категориялардың түрлену жүйесі мен семантикалық сипаты біркелкі емес.Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық мағыналары бірде таза грамматикалық қана мағына үстеп, сол сөз табының сөз түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс, мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа ие болады.Мысалы: шырай категориясы, етіс категориясы, салт-сабақты етістік категориясы, болымсыз етістік категориясы сөзге реңк мәнін қосады. Көптік, тәуелдік, септік,рай, шақ, жақ категориялары түбір білдіретін мағынаға ешбір нұқсан келтірмейді.Сондықтан морфологиялық сипаты жағынан грамматикалық категориялардың бір тобын семантикасына қандай да болсын әсер етуіне қарай лексика-грамматикалық категория деп атап,екінші тобын, яғни түбір семантикасына ешбір әсер етпей , өзгертпей, тек оған қосымша мән үстейтін түрлерін таза грамматикалық категория деп бөлу керек.
П а й д а л ы н а т ы н ә д е б и е т т е р :
1.Қазақ грамматикасы . – Астана. 2002.
2.А.Ысқақов: Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі . 1991.
3.С.Исаев: Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. –Алматы: Ана тілі. 1992.
Лекция №3