Бөлім. Ересектермен қарым-қатынаста туындайтын нонконформизмнің психологиялық ерекшеліктері
Нонконформизм (келіспеушілік) кең мағынасында алғанда жалпы қабылданған тәртіп пен нормаларды, құндылықтар мен салт-дәстүрлерді немесе заңдарды белсенді түрде мойындамауды білдіреді. Ал, бұған керісінше, конформизм – «жұрт сияқты» болуды білдіреді. Нонконформизм – тәртіп пен заңдарға қатысты теріс көзқарас ұстану, бұл ретте нонконформист өзі сынды адамдарға қатысты, сол сияқты өмірлік оқиғаларға қатысты жарқын ұстанымдағы адам болуы мүмкін деп айтуға балады. Жанжалдың теориялық постулаттарын көбінесе осы саладағы психологтардың елеулі ғылыми үлестерінің арқасында әзірлеуге болады, көптеген әлеуметтік психологтар, соның ішінде С. Аш, Р. Кратчфилд, Д. Майерс және тағы басқалары нонконформизмді конформизмнің (негізінен жарқын) баламасы ретінде қарастырған жөн деп санайды. Егер мына мәселені назарға алатын болсақ, бұл түсінікті болады, мысалы, Д. Майерс конформизмді «...топтың қысымы нәтижесінде мінез-құлықтың немесе сенім-нанымның өзгеріске түсуі...» деп айқындайды. Шын мәнісінде, ол тұлғаның кез келген әлеуметтік ықпалға бейімділігінің сипаты ретінде конформизмді де, сол сияқты нонконформизмді де анағұрлым кең ауқымда бағалайды. Мәселен, Д. Майерс нонконформизм көріністеріне реактивтік кедергіні жатқызады: «Мысалы, көшеде біреу сізді тоқтатып, сізді көп қызықтырмайтын қандай да бір мәселеге қатысты үндеуге қол қоюды сұрайды. Сіз ойланып тұрған кезіңізде басқа біреу келіп, «мұндай үндеулерді таратуға әрі қол қоюға мүлдем тыйым салу қажет» деп мәлімдейді». Реактивтік кедергі көрінісіне сүйенетін болсақ, сіздің бостандығыңызға шектеу салатын мұндай өрескел әрекеттер шын мәнісінде сізді аталған үндеуге қол қоюға итермелейтін болады. Біріншіден, аталған жағдайда «топтың қысымы» туралы сөз болып отырған жоқ, бұны анық байқауға болады. Бірақ мұнда басқа мәселе анағұрлым маңызды: аталған жағдайдағы айқынсыздық кезінде үндеуге қарсы шыққан тараптың әлеуметтік қысым жасауына қатысты нонконформизмнің көрініс беруі үндеуге қол қою талабына қатысты енжарлықты білдіреді. Яғни конформизм де, сол сияқты нонконформизм де, тағы да қайтадан «бір арбаға жегілген» параллельдер ретінде, яки, сыртқы ықпалға бейім нысандар ретінде көрініс береді. ХХ ғасырдың бас кезінен бері жанжал мәселесін, әсіресе, шетелдік психологтар өнімді зерттеп келеді. Сонымен, «нонконформизм» термині шын мәнісінде «негативизм» терминінің синонимі бола тұрып, психологиялық тұрғыдан алғанда, іс жүзінде, «конформизм» ұғымының антонимі болып саналмайды, ол әлеуметтік психологияда айтылатын психологиялық шынайылылықты нонконформизм және конформизм ретінде сипаттайды, бұл жеке тұлғаның топ ішінде өзін-өзі айқындауының әлеуметтік-психологиялық феноменінің көрінісі ретінде бағаланатын ұғымға мазмұны жағынан қарама-қарсы ұғым болып табылады. Бұл ретте С. Аштың классикалық экспериментальдық формуласы бойынша сынақтан өтушілердің шамамен алғанда 8%-ы нонконформизмдік мінез-құлыққа бейімділік танытып отырғанына қарамастан, тұрақты тұлғалық қасиет ретінде нонконформизм осыншама адамға тән болып келеді деп есептеуге аса негіз жоқ. [1. 15-18 бб]. Нонконформистер әдетте «үнсіз көпшілік» болып табылатын конформистер тарапынан қысым мен агрессияға ұшырайды. С. Аш «Пікірлерді бір арнаға тоғыстыру үшін емес, қайта топқа бейімделу процесін оңтайландыру үшін тұлғаның өзіне қымбат әрі маңызды көзқарастардан бас тартуы» ретінде айқындайды. Конформизм немесе конформистік мінез-құлық топтың қысымына тұлғаның мойынсұну дәрежесін, оның мінез-құлық бойынша белгілі бір стандарт пен стереотипті, топ ішіндегі нормалар мен құндылықтарды және өздеріне құнды ұстаным-бағыттарды қабылдау деңгейін көрсетеді. Топтық қысымға қарсы тұратын дербес, орнықты мінез-құлық конформизмге кереғар болып табылады. Ол топ қысымына қатысты мінез-құлықты төрт типке бөлген:
сыртқы конформизм – адам топтың пікірлері мен нормаларын тек сырттай ғана қабылдайды, ал іштей өзінің таным-түсінігі деңгейінде болады, ол өзінің ойын сыртқа білдірмесе де, топпен келіспеушілігін іштей жалғастыра береді. Жалпы мұны нағыз конформизм деп айтуға болады. Бұл - топқа бейімделетін адамның мінез-құлық типі;
ішкі конформизм – адам көпшіліктің пікірін іс жүзінде өзіне қабылдап, осы пікірмен толық келіседі, бұл аталған адамның сыртқы ықпалға түсуінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл – топқа бейімделетін адамның мінез-құлық типі;
негативизм – адам топтың қысымына қарсы тұрады, өзінің пікірін белсенді қорғап, тәуелсіз көзқарас ұстанады, өзінің жеке пікірі топ ішінде үстемдік құру үшін дауласады, оның дұрыстығын дәлелдеуге тырысады, өзінің ой-ниетін ашық мәлімдейді. Бұл – топқа икемделмейтін, қайта топты өзіне икемдеуге ұмтылған адамның мінез-құлқы;
нонконформизм – нормалардың, құндылықтар мен ой-пікірлердің тәуелсіздігі және дербестігі, топтың ықпалына берілмеушілік. Мінез құлықтың бұл типі өз-өзіне сенімді адамға тән, мұнда көпшілікке жағу үшін мұндай адам өзінің көзқарасын өзгертпейді әрі өзінің көзқарасын басқаларға таңбайды.
Конформистік реакция көрсететін сынақтан өтушілердің үштен біріне және нонконформистік реакция көрсететін сынақтан өтушілердің әрбір онына экспериментальдық жағдайда топ қысымынан өзінің жеке көзқарасын қорғай алатын орнықты бекітілген қасиет дарымаған деп есептеуге болады. Яғни, көп жағдайда олар өздері үшін референтті болып табылатын жоғары әлеуметтік-психологиялық даму деңгейіндегі топтарға кіріктірілмеген. Нонконформизм конформизмге кереғар (қарама-қарсы) ұғым емес, қайта оның екінші, яғни артқы жағы деген тұжырым С. Милгамның конформизмді зерделеуге бағытталған экспериментінің түрлендірілген нұсқасында ішінара расталып отыр және осы «Әліппе» ішіндегі «Конформизм» мақаласында жан-жақты сипатталған. Жалпы экспериментальдық жағдай және «аңыз әңгіме» бұрынғы күйінде қалған. Алайда, «жалған» сынақтан өтушілер «құрбандардың» наразылығы басталған тұста тоқты одан әрі үдетуге күш салмаған, оның орнына бірінен кейін бірі аталған рәсімге қатысудан бас тартып отырған. Күткендей-ақ, аңғал сынақтан өтушілердің басым бөлігі әріптестерінің соңына ерген. Алайда сынақтан өтушілердің 10%-ы басқа екі қатысушының қарсылығына (оппозицияда болғанына) қарамастан, экспериментатордың нұсқауларын орындауды жалғастыра берген (тоқ күшін күшейте берген). Бұл ретте, С. Милграм былай деп есептейді: «Көнбіс сынақтан өтушілер қарсы шыққан топтың соңына ермеген болса да, өз жолдастарының әрекеттерінен туындаған қысымды сезінбеген деп айта алмаймыз [2. 68-71 б]. Көнбіс сынақтан өтушілердің бірі: «Мен осы балалардың алдында өзімді нағыз қатыгез ретінде сезінсем де, оқушыны тоқпен жазалауды одан әрі жалғастыра бердім. Олар осыған орай ақылға қонымды іс-әрекетке барды және сол кезде маған соларға еруім қажет деген ой келді. Бірақ, мен мұндай әрекетке барған жоқпын, неге дейсіз ғой? Егер олар эксперименттен кететін болса, онда бұл дұрыс болғаны, ал егер мен де солар сияқты жасайтын болсам, эксперимент қанша айға созылып кетер еді деп ойладым».
Сонымен, аталған сынақтан өтуші топтың қысымын сезініп отырған, бірақ өзінің жолдастары қарсы әрекетке барғандықтан, «бұл жәйт экспериментатордың алдында оған айрықша міндеттер жүктейді және ол экспериментті аяғына дейін жеткізу үшін оған көмектесуі қажет» деп есептеген. Басқа бір көнбіс сынақтан өтушіден эксперимент кезінде неге ол қатты қобалжыды деп сұраған кезде, ол былай жауап берді: «Бәрінен бұрын, олардың жасаған әс-әрекеті маған әсер еткен болар. Олар экспериментті жалғастырудан бас тартқан кезде, мен сәл болмағанда, оларға қосылып кете жаздадым. Бірақ кейін мұндай қадамға бару маған ақымақтық болып көрінді: неге мен көпшіліктің соңынан еруім керек? Әрине, эксперименттен шығуға олардың құқығы бар. Дегенмен, менің ойымша, олар өздерін қолдарында ұстай алмады.
Сонымен бірге, тағы бір көнбіс сынақтан өтуші жалған сынақтан өтушілердің әрекетіне қатысты өзінің теріс пікірін ашық білдірді: «Мен олардың істегені дұрыс емес деп есептеймін. Ақыры, экспериментке қатысуға келіскен екен, соңына дейін шыдаулары тиіс еді» 1.
Сонымен, С. Милграм сұхбат алған үш адамның екеуі өздерінің нонкомформистік мінез-құлқына топтық қысымның себеп болғанын атап көрсетеді. Дәл осындай себеп шамалы астарлы сипатта болғанымен, бірінші сұхбатта да байқалады. Баланың нонконформистік әрекетін өте ерте жастан байқауға болады. Өмірге келген алғашқы жылдары агрессия көбінесе ересектердің басқаруына бой бермейтін, алған бетінен қайтпайтын оның импульсивті әрекеттерінде көрініс береді.
С. Снайдер және Г. Фромкин қойған эксперименттердің бірқатарында нонконформизм табиғаты анағұрлым айқын байқалады [3.,4.]. Солардың бірінде студенттер тобына бірінші кезеңде өздерінің аса маңызды 10 ұстанымын басқа студенттердің осыған ұқсас ұстанымдарымен бағалау ұсынылды. Содан кейін сынақтан өтушілердің барлығы конформизм жөніндегі экспериментальдық зерттеуге қатысты. Соның нәтижесінде мынадай заңдылық анықталды: осы заңдылыққа сәйкес сауалнама барысында өздерінің ұстанымдарын басқалардың ұстанымдарымен салыстырып отырған қатысушылар неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым экспериментальдық кезең ішінде нонконформизмге қатысты үрдіс оларда аса анық байқалды. Д. Майерс «басқа бір эксперимент кезінде сынақтан өтушілер олардың айналасындағы адамдар олардың ұстанымдарына ұқсас ұстанымдарды ұстанатынын ести салып, өздерінің көзқарасын өзгерткен...»1, яғни қайтадан топтың ықпалымен нонконформизмге жол берген. Соңғы мысал өзінің радикалдылығы арқылы ерекшеленеді, мұнда сынақтан өтушілер «жағымсыз ұстанымнан» бойын аулақ ұстау принципі бойынша топтың қысымына орай әрекет етіп қана қоймай, сонымен бірге олар топқа бөлінген деген себепті алға тартып, өздерінің ұстанымдарын да өзгертіп отырған.
Осыған байланысты, конформизмді баса отырып, әлеуметтік дәлел принципіне сүйенген ықпал ету шаралары (мысалы, жарнамалық немесе сайлау науқаны аясында) көп жағдайда оның бастамашыларының күткенінен мүлдем басқа қарама-қарсы нәтижеге алып келіп жатады.
Сол бір тұлғалық және әлеуметтік-психологиялық шынайылық көрінісінің әртүрлі нысандары ретінде конформизм мен нонконформизмнің өзара байланысын секталық типтегі жабық топтардың мысалынан анық байқауға болады. Мұндай топтардың мүшелеріне топтың ықпалына жаппай тәуелді болу тән болып болып келеді. Бұл ретте, осындай топтардың ішінде ол шектен шыққан конформизм арқылы көрініс берсе, ал басқа топтарда (отбасы, мектеп сыныбы, өндірістік ұжым және тағы басқа) керісінше радикалдық нонконформизм сипатында өріс алған. Осы ретте аталған өзара байланыс әдетте тікелей тәуелділік сипатында көрініс береді. Психологиялық-педагогикалық тәжірибе көрсетіп отырғандай, жасөспірімдер тобының арасында іс жүзінде «дауыс беру құқығынан» айрылған оның дәрежесі төмен мүшелері әдетте сынып ішінде кез келген мәселе бойынша ымыраға келмейтін, ал кейде тіпті мүлдем кереға1р көзқарас ұстанады. Бұл ретте осындай топтардың дәрежесі жоғары мүшелері өздерінің мінез-құлқының алуандығымен ерекшеленеді.
Д. Майерс конформистік мінез-құлықтың үш себебін атап көрсетеді.
Біріншіден, басқа адамдардың ымырасыз және бірбеткей әрекеті адамның өзінің бастапқы пікірінің қате екенін мойындатуы мүмкін.
Екіншіден, топ мүшелері саналы түрде болсын не еріксіз түрде болсын, көпшіліктің пікірімен келіспейтін болсам, олардың тарапынан жазалауға ұшыраймын, олардан ұрыс-сөгіс естимін, олардың мазағына айналамын деп қорқады.
Үшіншіден, жағдайдың айқынсыздығы және ақпараттың анықсыздығы басқа адамдардың пікіріне жүгінуге ықпал етеді, олардың ой-пікірі адам үшін ақпараттың анық та, айқын дереккөзіне айналады.
Топтық қарым-қатынастар кезінде конформизмнің ықпалы айтарлықтай рөл атқарады, себебі ол топтық шешім қабылдау барысында шешуші тетіктердің бірі болып табылады.