Артайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың — ашыған у, ойың — кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық Кім көңілді көтеріп болады ермек? Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ еткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір құдайдан басқаның,бәрі өзгермек. Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек, Өнерсіздің қылығы өле көрмек. Шыға ойламай, шығандап қылық,қылмай, Еріншек ездігінен көпке көнбек. Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. Арамдықтан жамандық, көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек. Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек? Наданға арам, ақылды құлаққа ілмек, Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек. Рас сөздің кім білер қасиетін, Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек. Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек* Қызықты ертегіге көтерілмек. Ақсақалдың, әкенің, білімдінің Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек. Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әрнәрсеге өзіндей баға бермек. Таразы да, қазы да өз бойында, Наданның сүйенгені көп пен дүрмек. Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек. Ел бұзылса, құрады шайтан -өрнек, Періште төменшектеп, қайғы жемек. Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек. Сырттансынбақ, қусынбақ,өршілденбек, Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек. Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ, Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек? Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек? Адалдық, арамдықты кім теңгермек?! Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

Артайдық,қайғы ойладық,ұлғайды арман

Қартайдық,қайғы ойладық,ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан Терін сатпай, телміріп көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман. Бай алады: кезінде көп берем деп, Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп, Би мен болыс алады күшін сатып, Мен қазақтан кегіңді әперем деп. Жарлы алады: қызметпен өткерем деп. Елубасы*: шар салып,* леп берем деп. Жалаң қаққан жат мінез жау алады: Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп. Дос алады:бермесең,бұлт берем деп, Жауыңа қосылуға сырт берем деп, Бұзылған соң мен оңай табылмаспын, Не қылып оңайлықпен ырқ берем деп. Сұм-сұрқия сұмдықпен еп берем деп, Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп. Жүз қараға екі жүз аларман бар, Бас қатар бас-аяғын тексерем деп. Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп, Мал берсем сен мендік бол деп берем деп Қара қарға сықылды шуласар жұрт: Кім көп берсе, мен соған серт берем деп. Бұзыларда ойламас бет көрем деп, Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп. Қабаған итше өшігіп шыға келер, Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп. Орыс айтты: өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр: бұл ісіңді кек көрем деп. Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп, Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп. Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен. Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп? Атаны бала аңдиды, ағаны іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні. Арын сатқан мал үшін антұрғанның Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні. Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып, Аямай бірін бірі жүр ғой аңдып. Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар, Паруардигәр* жаратқан несін жан қып! Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын. Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын. Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір, Өз үйінде шертиген паңы құрсын.

Атыны мен Масақбай

Қ а т ы н ы: Сырмақ қып астына, Байының тоқымын, Отының басына, Төрінің қоқымын, Бүксітіп, Бықсытып, Қоқсытып келтірді. Осының бәрімен, Көңілінде міні жоқ, Жүзінің нәрі мен Бойының, сыны жоқ. Бүкшиіп, Сексиіп, Түксиіп өлтірді. Б а й ы: Күлкі боп көргенде, Құрбыға қадірсіз. Ас қылып бергенше Шыдамас сабырсыз Келді ойбай, Салды айғай Түк қоймай боқтады Сөзінің жөні жоқ, Ақылсыз томырық, Қатынның күні жоқ— Қамшы мен жұдырық. Барқылдап, Тарқылдап, Салпылдап тоқтады.

Иясбайға

Үстіңдегі киімің, Киім емес қызыл шу, Жүрген жерің күнде ду, Уайым жоқ, қайғы жоқ, Атадан тусаң, сендей ту,- деп, аяғын өзің айтып жіберші дегенде, Қиясбай.: Тамағым тоқ, уайымсыз, Жаным-ау, менің өзім неткен қу! Әгөй-әгәгөй... депті.

Ор болды жаным

Наши рекомендации