АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 6 страница

Театр зерттеуші Б.Құндақбаев Жүсіпбек пьесалары жайындағы зерттеуінде оның басқа драматургтердің еңбектеріне ұқсамайтын ерекшелігі есебінде психологиялық толғаныстарды ашудың өзгеше жолына назар аударады. «Оның барлық пьесалары шымылдығьшың ашылуы - жеке кейіпкерлердің психологиялық толғанысынан бастау алады. «Рабиғада» окиға өзімен өзі іштей арпалысып отырған Рабиғаның монологынан басталса, «Ел қорғанында» оқығанның әңгімесінен, «Қанапия-Шәрбануда» Шәрбанудың шешесі Ұмсынайдың уайымға толы үрейлі монологынан, «Мансапқорларда» болыс сайлануды армандаған Мүсілімнің айла-тәсілінен, ішкі жоспарынан басталады. Осылай басты кейіпкерлердің сөзінен немесе монологтарынан басталған пьесаның әрекеті ширақ, кейіпкерлері барлық оқиғалардың түйінін шешіп, соның тізгінін пьесаның аяғына дейін ұстап отырады»1.

Жүсіпбек пьесаларындағы адам сезімінің ішкі иіріміне, оның нәзік қылдарын баса білген шеберлігіне көңіл аудара қарасақ, Б.Қүндақбаев байқаған жазушы ерекшелігі туралы ойлардын шындығына көзіңіз жетеді. Әдет-салтқа мойын ұсынып шалға барған жас келіншек Рабиғаның ішкі ой-сезімін Ахметтің әні талқандап кетеді. Теңіне қосыла алмай қалған Рабиға ендігі жерде іске аспаған арманына ой жіберіп, шалының дөкір, тұйық мінезін міней бастайды. «Тым болмаса жарқылдап отырса, кедейлігі де, шалдығы да білінбес еді» деп ойлайды. Оны рухани үйлесе алмаушылық, жалғыздық қинайды. Осы жайлар жас әйелді азаттық бостандық жолына итермелейді.

Керісінше, жазушы «Қанапия-Шәрбануда» сүйіскен екі жастың жарасымды диалогына, іштей толқыған сезім күйіне көбірек көңіл аударады.

«Мансапқорларда» психологиялық толғаныс шен-шекпенге құмартқан, парақор адамдар басында көрінеді. Ол әрекетпен байланысты ашылады. Тілмаштық қызметті азсынып, болыс болмақ ойы бар Мүсілім алдағы тартысты іштей саралал, өзімен өзі арпалысса, парақорлық пен мансапты өзінше ақтап («Қазақтың жақсыларында бұрынғы-соңғыда ел қанамағаны болды ма? Біз солардан артықпыз ба? Мен алмағанмен, біреу алады...»). Қасқырбай болыс жүр. Қасқырбайдың жас келіншегі Күләнда өз қатарласы Мүсіліммен жарасқанына іштей қуанып, махаббат алданышына күйіп-піседі. Жүсіпбек мансап жолындағы күресті, сөйтіп, кейіпкерлердің сезім тартысы арқылы ашады.

Б.Құндақбаев Аймауытов пьесаларының тағы бір ерекше сыпаты есебінде «Оқиғаның басталуы шымылдық ашылмай тұрып, бұрыннан өтіп жатқан өмір тірлігінің жалғасы сияқты әсер қалдыратынын»1 айтқан және мұны зерттеуші 20-жылдар драматургиясының үлкең жетістігі деп қарайды. Бұл да Жүсіпбек шеберлігін, оның өмірді терең білетінін көрсетеді. Ол шығарманы өмірдің бір үзігі деп қарайды, жүріп, ағып жаткан өмір құбылыстарын тежеп, қоюлатып не ыдыратып алмай, ең бір тартысты тұсында үзіп алып, жеке күйінде ұсынады. Оны драматургия заңына, сахна өнеріне лайықтап береді..

Жүсіпбек шеберлігінің екінші бір сыры - оның режиссерлік өнерімен байланысты. Оның пьесалары көбінесе авторлық түсіндірмеге бай келеді. Кейде ол шығарманы қалай қою, сахнаға қалай дайындау қажеттігін де көрсетіп береді. Сондай түсініктің бірін «Ел қорғаны» пьесасында берген «Ескертуден» кереміз.

«Сахна. Орта кезде, әнтек оңға таман есік көрініп тұрсын. Екі жақ ашык дала, алыстан көгерген аспан көрінсін. Есік алдында оң босағада бір кішірек үстел, бір-екі орындық тұрсын.

Есік алдында ел қазақтары аулағырақ шегініп отырсын. Көпшілігі сол жақта болсын, оң жақ ашығырақ тұрсын. Алдыңғы ретте келбетті екі зор ақсақал, оларға таяу жақсы киімді, жуан қарынды үш бай, оған тете орташа киімді би, ауылнай сықылдылар орын алсын. Төменгі жақта жаман тымақты, жалба киімді кедейлер, орыс, қазақ киімін араластыра киген мұғалімдер, жастар, жай жігіттер отырсын. Ақсақалдар жақ, есікке таяулар табақ жейтіндей қатарланып, алқақотан сала отырса да, төменгі жақтағылар ұйлығып, үйме-жүйме отырғаны жөн. Төменгі жақтағылар бастары еңкейіп, кейбіреулері күбірлеп сөйлесіп, кейбіреулері насыбай атысып, жөтеліп, түкірініп отырғанда, ақсақалдар сақалдарын сипап, шалқайып, маңғазданьш отырғаны жөн...» (428-6).

Осы бір түсіндірмеден автордың көпшілік сахнаға ерекше маңыз беріп, оған қатысушы әрбір адамның, топтың отырысынан әлеуметтік сыр түюге ұмтылысьш танимыз. Осындай әр қилы топтан құралған жиында оқиғаның әңгімесіне берілетін баға да, оны ұғып-түсінуге тырысатын адамдар сыйқы да әр түрлі болмақ. Осыдан барып, ондағы кейіпкерлердің сөз қақтығысы, диалогтары да мазмүнға толы келеді. Оны тыңдай отырып, кімнің кім екенін танисыз. Басты кейіпкер - өкіл. Оқыған да жалаң ұранды сөзге бармайды, шындықты жұпыны түсіндіреді.

«Сылаң қыз» пьесасы комедия үлгісінде жазылған. Онда бойын сылаған жеңіл мінезді бай қызының қылығын күлкіге айналдырады. Оқымай қалған Батима оқыған жігіттерден күйеу таңдайды. Сөйтіп үш бірдей жігітті сергелдеңге салады. Қыз үйінде үш жігіттің кездесіп қалуы арқылы автор күлкілі оқиғаны дамытып, оларды бірінен бірін және әке-шешесінен жасырмақ болған қызының қылығын көрсетеді.

Аймауытов драматургиясының ең озық үлгісі - «Шернияз» пьесасы. Ол 1925 жылы жазылып, 1926 жылы Қазақстан Халық ағарту Комиссариатының пьесаларға жарияланған конкурсында екінші бәйге алған, сол жылы кітап болып жарық көрген. Халық ағарту Комиссариаты оған бірінші бәйгені, М.Әуезовтің «Қаракөз» пьесасына екінші бәйгені лайықтағанын айтып, Жүсіпбек: «Ол шет жерде оқып жүрген шәкірт (Мұхтар онда Ленинград . университе-тінде оқитын. С.Қ.), ақша менен гөрі оған керегірек қой»1, - деп, бірінші бәйгені Мұхтарға бергізгенін айтқан.

Шернияз бейнесінде жазушы өз дәуірінің оқыған, саналы азаматының дәуірдің қат-қабат шытырман қиьшдығын кешіп қиналысын суреттейді. Ол қаланың беймаза тіршілігінен қырға, ауылға кетеді. Жан тыныштығын, даланың дарқандығын, ағайындық сыйлы қарым-қатынасты ол қырдан іздейді. Бірақ ел ішінде алауыздық, рулық айтыс-тартыс, дау-дамай Шернияздын, тыныштығын бұзады. Ол бәрінен түңіліп, азап шегеді.

Пьеса ақ өлең үлгісімен дәстүрлі өлең араласа жазылған. Шернияз да, оның досы Базарбай да ақын. Екеуі қала мен қыр өмірін салыстыра жырлап, лирикалы диалогтар жасайды. Базарбай қаланың шуын, театры мен биін мадақтаса, Шернияз даланың жанға жайлы сұлулығын, өзіне тән қызығын жырлайды. Кейін ел өмірінің беймаза тіршілігі екі досты айырады, адал Шернияз ескішіліктің қысымына берілмей қиналса, Базарбай қазақшылықтың қолжаулығына айналады. Екі достың арасындағы тартысқа әйелдер араласып, оларды шиеленістіре түседі. Шернияз алғашқы сүйген жары Раушанмен де, кейінгі жары оқыған қыз Жәмиламен де жараса алмайды. Әуелде қазақы қыздың сыпайылығығы, жұмсақтығын, әдептілігін бағалай алмаған Шернияз қала қызының сыртқы жылтырақтығына, сылдыраған сөзіне елігіп қателеседі. Оның бойынан рухани жұтаңдық көреді. Ақыры Жәмила Базарбаймен қол ұстасып кетеді. Азаматтық өмірінде елдің ауыр тіршілігін, мазасыз ескішілдік тартыстарды бастан кешкен Шерниязға отбасы тіршілігі қосылып, қайғы артады. Шернияз - заманның осындай ауыртпалығын арқалаған өз халқының адал, күрескер азаматы. Оның ақындығы да халықтық дарынның рухани биіктігін, заманынан жоғары тұрғанын бейнелейді.

Ж.Аймауытов пьесалары идеялық бағыт-бағдары жағынан да, көркемдік ізденістері тұрғысынан да жиырмасыншы жылдар әдебиетіндегі жаңа құбылыс болып табылады. Ол жаңалық жеңісін, ескінің күйреуін суреттей отырып, өз дәуірінің жаңа адамдарын ашты, қазақ ауылындағы әлеуметтік тартыстың сырын байсалдылықпен әділ суреттеді. Драма жанрының жастығы, тәжірибесіздігінен туған кейбір шұбалаңқылық оқиға алмасуының жүйесінде кездесе тұрса да, Жүсіпбек пьесалары өз дәуірінің сұранысына толық жауап береді, алғашқы қазақ театрының репертуарын құрады.

Өзінің алғашқы әдеби қызметін баспасөз маңында қызмет істей жүріп бастаған Жүсіпбек күнделікті газет-журналдар беттерінде өткір публицистикалық мақалалар, суреттеме, оқшау сөз сияқты қара сөзбен жазылған еңбектер де жазып бастырды. Сол арқылы өз дәуірінің өзекті мәселелеріне үн қосып, көзқарасын танытып отырды. 1917 жылы февраль революциясы болып, патша тақтан түскенде ол: «Тұр, бұқара. Жиыл, кедей. Ұмтыл, Жастар» деген мақала жазып, «Жасыратын қызық жоқ - бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық»1 деп жар салған еді. Бұдан кейін ол «Абай» журналында (№1, 1918) «Байлық-кедейлік» атты мақала жариялап, қазақ ауылындағы таптық қайшылықтың сырын ашып көрсетті. Кедейлерді оянып, өз теңдігі үшін ұмтылуға шақырады. Оның мақалалары қараңғы қазақ қауымына революция мен оның мақсаты, совет өкіметінің елдегі шаралары жайлы шындықты түсіндіруге арналды. Сонымен бірге өзі Алашордаға жақын, тілектес болып жүрген кезде ол «Сарыарқа» газеті, «Абай» журналы сияқты кейбір басылымдарда солардың көзқарасын қуаттайтын, большевиктерге қарсылықты танытатын мақалалар да жариялады.

Сөйте жүріп ол прозаның газеттік жанрларын дамытты - суреттемелер, эссе, оқшау сөз шығатын әңгімелер жазды. Бұл үлгідегі Жүсіпбек туындыларының көрнектілері - «Бетім-ау, құдағи ғой» (1918), «Өмір деген осы ма?», «Мысықққа ойын, тышқанға өлім» (1923), «Елес», «Оралдан поезд өткенде», «Қойшы Тастамақ», «Жаңа өмірге қадам басты», «Көшпелі Көжебай», «Жидебайдың баяндамасы», (1924), «Жеті азбан», «Жол үстінде», «Әнші» (1925), «Боранды болжағыш әулие» (1926) т.б. Бұлар «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Жас қазақ», «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ», «Ақжол», «Қосшы», «Терме», «Әйел теңдігі», т. б. газет-журналдарда жарияланған.

Жүсіпбектің аталған шағын проза үлгілері, негізінен жазушы өмір сүрген дәуірдің шындығын бейнелеуге арналады. Оларда ел тіршілігіндегі өзгерістер, адам психологиясындағы жаңалық, әлеуметтік теңсіздік пен кедейлердің қатарға қосылуы, енер, заман, уақыт туралы толғаныстар сөз болады. Жазушы советтік шьшдықты кедейлердің теңдік алып, арқалы азамат қатарына қосылғанын көрсету арқылы бекіте түседі. Олардың жаңа қадамын құптайды («Қойшы Тастамақ», «Жаңа өмірге аяқ басты», «Оралдан поезд өткенде»).

Сонымен бірге Жүсіпбек ескінің күні өтіп, жаңаның әлі орныға алмай жатқан кезіндегі келеңсіз жайларды, совет саясатын бұрмалап жүргендердің іс-әрекетін ашып көрсетеді. Мысалы, «Көшпелі Көжебайда» жас кадрларды орнықтырмай, іске төселуіне мүмкіндік бермей, бір жерден бір жерге сырғытып ауыстыра беру саясатын сынайды. Шығарма кейіпкері сатиралық үлгіде Көжебайлардың ылғи көшумен жүріп, азаматтық бейнесін, іскерлік кабілетін жойып алуынан кауіптенеді. Көжебай мұндай саясаттың өзгеруін тілейді, «Сапырылыс тиылар, заман түзелер» деп күтеді. Әділетсіздікті, озбырлықты, зорлықты суреттегенде жазушы позициясы әділдікті жақтауға құрылады. Әлдінің әлсіздерге жасаған зорлығын («Мысыққа ойын, тышқанға өлім») өткір шенейді.

Аласапыран, төңкерісті заманда өмір сүрген жазушының қоғамдағы кейбір әділетсіздіктерді көріп, ойланатын да кезі болады. Томаша көбелекті жейді, боз торғай тұрымтайға жем болады, құрт құмырысқаның аузына түседі, өрмекші шыбынды торға түсіреді, сұлу қызды жігіт алдап кетеді - осылардың сырына үңілген ол кейде «дүние деген осы ма?» деген ойға қалады. Кезінде мұны «саясат тілінде торыққандық, түңілгендік, дүниені, қоғамды ұқпағандық дейді», - деп бұрмалап түсіндірушілер де болды1. Бұл жеке адамға табынушылық кезіндегі ҚазАПП-тың белсенді сындарының бағасы. Өмір бар жерде қайшылықты құбылыстардың болатыны, оны тусініп, бағалаудағы өнер адамының сезімталдығы, сыршылдығы әсер ететіні, оны дұрыс түсіну қажеттігі - бүгін әркімге аян. Сондай қайшылықты шындықты суреттеуде Жүсіпбек қаламының сатиралық уыты аса күшті көрінеді. Оны біз «Елес» атты әңгімеден анық танимыз. Жазушы мұнда қаламы жүрмей отырған журналистің ұзақ қиналыстан кейінгі кез алдына келген елес арқылы дәуірдің көп шындығын ашады. Елес оған заман талабын түсіндіреді, коғамдық саясатты терең ұқпай, көп нәрсені бұрмалап жүргендердің істерін ашып айтады. Ол уытты сөзін революциялық өзгерістің тереңіне бойламай, «күнде айғай, күнде даурық, желдеткен қара боран сөз» қуған баспасөз қызметкерлеріне, «ескі әдебиет, ескі мәдениет байдікі, патшанікі екен. Оларды жояйық» - деп журген белсенділерге, жаңа заман шындығын дәл танып жаза алмай жүрген дәрменсіздерге арнайды. Елеспен кездескен журналистің бейнесінде де осындай түсінбестік басым. Жазушы оның қаламы жүрмей қиналып отырған кезін өз аузынан былай айтқызады:

«Бар бітіргенім алабота жаққан ауылша, тұмсығымнан түтінді гу-гуімен шығарып, бықсыта беремін. Үйдің іші алай-түлей сасық тұман. Қазынаны жеп, жазаға тартылған завхоздан жаман ұнжырғам түсті, сұрым қашты, ыза болдым. Сол кезде ойым көзіме көрінетін зат болса, дереу «Саботажник», «Контр» деп жағасынан алғандай едім. Әттең қолыма түспеді» (422-6).

Осы бір үзіндіде оның сыртқы пұшайман бейнесі ғана емес, ішкі «белсенділігі», жаза алмай отырса да, елді қорқытуға, үркітуге, үрейлендіруге дайын тұрғаны да көрінеді. Жазушы сондай типтердің ел ішінде совет саясатын жургізудегі зиянын ашады.

«Әнші» атты әңгімесін Жүсіпбек Әміре Қашаубаевтың өнеріне арнаған. Әңгіме кейіпкері Әмірқанның әншілік өнерін жазушы оның характерімен тұтастықта ашьш көрсетеді, Әмірқанның ән айтқан кездерде аруақтанып, өзін өзі ұмытып, өнер дүниесінде қалқып жүретінін, оның жолдастық, азаматтық мінездерін, Ақтамақпен адал махаббатының сырын біз щығармадан жақсы танимыз. Солардың бәрін ашуда Жүсіпбек детальды жақсы пайдаланады. Оның бірінші жақтан айтылатын әңгімелерінде заман шындығы кейіпкердің ойы, сыры арқылы ашылады, алайда, кейіпкер әңгімесі жазушы суреткерлігін тежемейді.

Жүсіпбектің шағын прозадағы алғашқы беталысы оның журналистіктен жазушылыққа, өмір фактілерін тізуден бейнелеп көрсетуге ұмтылысын, суреткерлікке бой ұрғанын көрсетеді. Сейте-сөйте ол үлкен прозаға бет бұрды. 20-жылдардың екінші жартысында ол, негізінен, көлемді проза үлгілеріне ауысты.

Жүсіпбектің үлкен прозадағы тұңғышы - «Қартқожа» романы Ол - жазушының ғана емес, қазақ совет әдебиетіндегі тұңғыш роман. Қызылорда қаласында басылып шықты. Егер бізде осы күнге дейін қазақ совет әдебиетінде романның тууын жиырмасыншы жылдардын, аяғы мен отызыншы жылдардың басында деп қарасақ; Жүсіпбектің жиырмасыншы жылдары жазылған романдары бүл түсінігімізге түзету. кіргізіп отыр. Сонда біз осы жанрдьщ алғаш тууы мен қалыптаса бастауы Жүсіпбек шығармашылығымен байланысты екенін көреміз.

«Қартқожа» алғаш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. Бұл - қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған шығарма. Онда қазақ аулының революция алдындағы және әлеуметтік қақтығыстар кезіндегі тіршілігі, азаттық жолындағы күрестен кейінгі жаңаша ұмтылысы шындықпен бейнеленеді. Әсіресе, жазушы осы тартыстар талқысында қазақ кедейінің қоғамдық теңсіздік сырларын түсінуге жетіп, әлеуметтік әділетсіздіктің себептеріне ой жіберуін нанымды суреттейді. Шығарманың негізгі кейіпкерін де Жүсіпбек осы тұрғыдан көрсетеді. Бұл - автор позициясының ұстамдылығын танытады. Шығарма - тарихтың осындай бір кезеңді, шытырман оқиғаларға толы тұстарындағы қазақ аулы өмірінің жалпы шындығын жұмсартпай, шынайы, кең тұрғыда суреттей алуымен де бағалы. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оньщ 1917 жылғы февраль революциясына ұласуы, қазақтардың ел ішіндегі әлеуметтік күрестерге араласуы, «Алашорданың» құрылуы мен ақ әскерлерінің большевиктерге қарсы күресі, Октябрь революциясы мен азамат соғысының оқиғалары роман сюжетіне негізгі желі боп кіреді.

Шығарма қаһарманы Қартқожа да, оның елі, жүрты да осы оқиғалар фонындағы тартыста есейіп, есін жинап, ілгері басады, болашаққа қарайды.

Деректерге қарағанда, Қартқожа - өмірде болған адам, романға негіз болған оқиғалардың біразын басынан да кешірген. Жүсіпбектің жерлесі, белгілі жазушы З.Ақышевтің айтуынша, Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев 1896 жылы туып, 1938 жылы репрессияға үшыраған. «Өз басым ол кісіні жақсы білемін, - дейді Зейтін, - оның атын атамай, Қартаға дейтін едік. Ол өзінің алдынан сабақ алған біздерге ғана емес, оны білген әлеуметтің бәріне қадырлы, сыйлы адам еді. Жеті атасынан бері шыр бітпеген тақыр кедей болатын... Жасынан зерделі бала байдың козысы мен қойының соңында жүріп-ақ молдадан оқып, арабша сауатын ашып алады. Оған қанағаттанбай Баянаула бекетіндегі бастауыштан жоғары мектепке (высшеначальное училище) түсіп орысша оқиды»1.

Совет өкіметінің алғашқы жылдары мұғалімдік курстан өткен Қартқожа бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған. Оны жақсы білген Жүсіпбек Қартқожаны тақыр кедейдің ішінен шығып, совет өкіметін паналап оқып, жаңа дәуірдің рухани тіршілігін жасауға қатысқан алғашқы жастардың өкілі есебінде қараған. Жазушының романын осы тәрізді жастарға арнауы осыны аңғартады, «Елі үшін күйген, еңбекті сүйген, ізгі тілекті, ер жүректі, жүртшылық көсемі-жалынды жастарға арнаймын», - делінген онда (422-6).

Жүсіпбектің Қартқожаны қазақ аулындағы ең әлсіз топ - тақыр кедейдің баласы етіп алуында да үлкен мән бар. Біріншіден, ол тарихи Қартқожаның шыққан ортасын дәл көрсетуді кездесе, екіншіден, қоғамдық жіктің ең төменгі, әлсіз ортасынан алынған қаһарманның социалистік революцияның арқасында бостандық, теңдік алып сол қоғамға пайдалы азамат болуын суреттеу ниетінен туған. Бұған жазушының өзінің шыққан ортасы да әсер еткен. Ол да кедей ішінен шыққан, сол өмірді жақсы білген. Сонымен бірге Жүсіпбек Қартқожа өмірінің деректері ырқында қалып қоймай, оны дәуір шындығына лайықтап қиялмен толықтырып, нақты тип-тік көркем бейне жасаған. Оның қаһарманы өмірде болған прототипінен көп жағынан өзгеше, оның таныс-бейтанысы сияқты.

Роман оқиғасы Қартқожаның балалық кезін суреттеуден басталып, сонын, іздену, өсу жолын қадағалай дамиды. Бір адамның өмір жолын бір сюжеттік желімен суреттеуіне қарап, оны «повесть» десе болатын сияқты. Жазушының өзі де алғашқы бастырғанда «әңгіме (үш бөлімді)» деп атаған. Алайда, кейіпкердің шытырман тағдырын, ол өткен жолдың күрделілігін жазушының әлеуметтік тұрғыда кеңдікпен суреттеуі, сол арқылы революция тұсындағы қазақ аулының өмірін ашуы, ондағы дәуір шындығы суреттерінің байлығы оның роман екеніне дау тудырмайды.

Романды Жүсіпбек негізгі кейіпкерін таныстырудан бастайды, ол ауыл молдасы алдындағы көп балаларды суреттей келіп, «Сол балалардың ішінде босаға жақта - астында бір жапырақ тайтері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, кұнысып бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, калай?.. Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында балпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа... Жас балаға лайық ат емес қой», - деп жазады (24-25-6). Жазушы оның сыртқы портретін де, ішкі мінез-құлқын да ұзақ тәптіштеп жатпайды. Кейіпкерді таныстыру қазақтың байырғы әңгімешілдігі, халық әдебиетінің дәстүрі үлгісінде берілген. Бірақ, соның өзінде Жүсіпбек тартымды сурет жасайды, оқырманға кейіпкерінің кім екенін аңғартады. Ең бастысы назар аударатын нәрсе - жас баланың оқуға ынтасы, құмарлығы. Бұл - сол кездегі қазақ балалары психологиясындағы жаңалық. XX ғасырдың басындағы азаттық, теңдік идеяларының тууы, ұлттық сананың оянуы, ел ішіне оқу-білім таратуға ұмтылу - дәуірдің типтік құбылысы ретінде адам алдына жаңа жол ұсынды, жастар оқуға тырысты. Өмірде болған Қартқожаның «байдың қозысы мен қойының соңында жүріп-ақ» хат тануы, Жүсіпбектің өзінің жастай оқу құмар болуы, 5- 15 жастар арасында талай молданың алдын көруі - осының бір мысалы. Қартқожа оқу-білімге құмарта жүріп, оны-мұны көргіш, түсінгіш, ойшыл болып өседі.

Көшпелі тіршілік пен рушылдық-ағайыншылдық қарым-қатынас қазақ аулындағы қайшылықтарды сырт көзге бірден көрсетпей, жасырын ұстауға тырысқанмен, ел ішіндегі таптық жік, қоғамдық әділетсіздік, әсіресе, кедейлер өмірінде кезге түспей қалмайтын еді. Қартқожа да есін жия келе ең алдымен осыны көреді. Ол өзін кемсітіп, әлімжеттік жасай беретін бай балаларының қылығына қоса, әкесінің әлділерден көрген қорлығын да ойына түйеді. Әлділерге қарсы істер дәрмен өзінде де, әке қолында да жоғы ызаландырады. Кейде ол: «Әттең, менің кедейлігім-ау. Әйтпесе, солардың менен ақылы артық па? Зейіні артық па? Артық болса, малы артық. Дүние шіркін-ай. Кегімді алатын да күн болар ма екен», - деп кіжінеді.

Наши рекомендации