Семдіктің маңызды белгілері
Әсемдіктің ерекше сипаттары мен белгілеріне сүйене отырып ол туралы толық мәлімет беруге болады. Ондай мәліметті неден және қайдан аламыз деген сұрақтың тууы заңды. Ең бірінші ол жағымды көңіл-күйге (эмоцияға) байланысты туатын көрінеді. Мәселен, әсемдік, әдемілік әрдайым жағымды көңіл-күй туғызады, рахат сезімге бөлейді. «Эстетикалық ләззат алу, эстетикалық рахаттану» деген түсінік бар. Бұл сезім адамда ғана болатын, тек қана әсемдіктің, сұлулықтың әсерінен болатын ләззатты көңіл-күй. Керемет ғажайып сурет немесе мүсін өнері туындысын көргенде, мазмұнды спектакльді немесе киноны тамашалағанда, ғажайып сөз өнері шығармасын оқығанда ерекше сезімге бөленіп, қуанышты күйді басымыздан кешіреміз. Ал қуаныш адам сезімін әсемдікке апаратын жол.
Әсемдіктің аса маңызды белгісінің бірі оның бүтіндігі. Әсемдік бізге жартылай, бөлек-салақ күйінде емес бүтін күйінде ұнамды. Сұлулықты тануда біз оны тек көзбен көріп, құлақпен естіп қана қоймаймыз, ақылмен де танимыз, бар болмысымызбен сезінеміз. Әсемдікті тануда, оны қабылдауда сезім мен ой бірге қатысады. Әсемдікті бағалауды ең жоғары бағалау, бүтіндей бағалау дейтініміз де сондықтан.
Әсемдікті қабылдаудың сапасы ретінде оның тазалығы мен бүтіндей өзіндік болмысын айтуымыз керек. Біздің әсемдікке деген сезіміміз барынша риасыз, ешқандай қоспасыз таза. Канттың «әсемдік табиғаты адамның бөтен ештеңеге қызықпауымен тығыз байланысты» дегенінде қалай десек те шындық бар. Мысалы, біз аш болсақ, онда көзіміз көріп тұрған жеміс бізге ешқашан да әдемі де әсем болып көрінбес еді, біз оны тезірек жеп, аштығымызды басуды ең басты мақсат етіп қоямыз. Мысалы, І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Құлагер тұлпар Ақан үшін, жалпы халық үшін әсем де сұлу. Ал ішіне қызғаныш енген Батыраштың ол әсемдікті қабылдауы риясыз таза емес.
Әсемдік және онан ләззат алу дәл сол сәтте пайда әкелмесе де біртіндеп, уақыт өте келе пайда әкеледі, адамның және қоғамның әсемдікке қызығушылығын оятады, әсемдікке, әдемілікке деген сезімін тәрбиелейді.Сонда әсемдіктің пайдасы неде деген сұрақтың тууы заңды. Оны әртүрлі жағдаймен, әр алуан сипатта түсіндіруге болады. Мысалы, әсемдіктің пайдасын Шиллер пәк сезімдегі сұлулықтың адамның моральдық өміріне әсер етуімен түсіндіруге тырысқан.
Әсемдік сезімінің тек жеке адамға тән сипатынан бөлек оның қоғамдық сипатының да ерекше орынға ие екендігін білеміз. Сұлулыққа құштарлық күллі адам баласы үшін, жалпы қоғам үшін әрдайым ашық және қолжетімді сезім. Сұлулық, әсемдік сезімінің қоғамдық, таптық сипаты туралы кезінде марксистік көзқарастағы философтар көптеген еңбектер жазып, әр алуан пікірлер қалдырған. Мысалы, орыстың он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген философ-ғалымы Н. Чернышевский «Өнердің ақиқат шындыққа эстетикалық қатынасы» деген диссертациясында әйел сұлулығы деген түсінікті халықтың әр түрлі тап өкілдері қалай пайымдайды дегенге былайша жауап береді. «Қарапайым орыс шаруасы үшін сұлу әйелдің екі бетінің ұшы қып-қызыл, дене бітімі толық, тығыз болуы шарт екен. (Бұл жерде ауылдағы шаруаның ауыр жұмысқа мойымайтын, дені сау, төзімді әйелді сұлу деп қабылдайтынын айтып отыр). Керісінше, қаладағы ақсүйектер танымындағы сұлу әйел қолдары мен аяқтары кішкентай және нәзік, бет әлпеті солғын ақшыл, тек сән-салтанатты жиын-тойларда ғана көрінсе болды деген арманнан туғандығы байқалады. Ал оқыған зиялы қауым үшін басты нәрсе әйелдің көзінің әдемілігі, оның тұңғиық тереңдігі. Әйелдің жәудіреген аялы тұнық көздері оның ақыл-ойы мен терең сезімінің айнасы деген түсінік сол заманда зиялылар арасында қалыптасқан пікір болса керек».
Эстетика ғылымында әсемдік ұғымына мағынасы мен мазмұны жағынан жақын сұлулық, көркемдік деген түсініктер қалыптасқан. Көбінесе біз оларды синоним сөздер ретінде пайдалана береміз. Бірақ бұл ұғымдар мағыналық жағынан ұқсас болғанымен бірін-бірі дәл қайталай алмайды.
Біз көзімізбен көріп, құлағымызбен естігенімізді сұлу екен деп жатамыз. Ал әсемдік дегеннің мағынасы оған қарағанда әлдеқайда терең, әлдеқайда күрделірек екенін екінің бірі дұрыс пайымдай бермейді. Әсемдік сөзі көбінесе көзге көрінетін сұлулықтың ең жоғары дәрежесіне ғана айтылатынын байқаймыз. Сондықтан да «әсемдік» деген сөздің мағынасынан «сұлулық» деген сөздің мағынасына қарағанда рухани және этикалық элементтердің басымырақ көрініс беретіні аңғарылады. Яки әсемдік сұлулықтың, көркемдіктің ғана биік өлшемі емес, жақсылық пен руханилықтың да жоғары деңгейін өз мағынасына қоса сидырып тұрған ұғым екен. Бұған қарап біз әсемдік деген ұғымның сұлулық деген ұғымға қарағанда әлдеқайда кең, мазмұнды болатынын пайымдаймыз. Соған қарамастан сұлулық ұғымы әсемдіктің бір құрамдас бөлшегі ретінде танымдық тұрғыда қатар өмір сүре беретін эстетикалық түсінік болып қала береді.
Әсемдік және сұлулық деген ұғымдар қатар өмір сүре береді және сонымен бірге аталған екі ұғымның объективті және субъективті мағыналары да бар. Әсемдік пен сұлулықтың объективті сипаты кейбір заттар мен құбылыстар тек бір адамға ғана әдемі болып көрінбейді, көптеген адамдар оны әсем де сұлу деп қабылдайды, кейде тіпті барлық адам бір ауыздан әсем деп тануы мүмкін.
Билет