АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 10 страница

«Сұңқар жырын» ол Максим Горький шығармаларының қазақшаға аударылып басылуына арнаған. Онда орыс жазушысының революциялық әдебиеттегі орнына зор баға береді. «Максим - көк теңіздің иісін жүтып, мастанып, жұртты кеңдікке, еркіндікке, нұрлы күнге, ерлікке, тартысқа шақырған, өрттей лаулаған, толқындай тулаған төңкеріс ақыны. Ол жабыларды жан екен демейді, ерді, сұңқарды мадақтайды. Сұр өмірді өмір екен демейді, ерікті, көрікті өмірді кексейді... Өлі жүрек, жылан жанды жорғалаған қыбырлаған адамдарды жаратпаған»1 - деп жазады.

Қазақ әдебиетінің жаңа туа бастаған кезінде осындай белсенді еңбегімен оның барлық жанрын бірдей өркендетуге күш-жігерін жұмсаған Жүсіпбек, соңың бәрінде өзінің жаңа сөзін айтуға тырысты. Ескілікті аяусыз шенеп, жаңаны орнықтыруға қызмет етті. Ол сөз өнерінің шебері ретінде танылды. Жазушы суреткерлігі, стилистігі кезінде жас қаламгерлер үшін зор мектеп болды.

Жүсіпбектің театр, музыка, өнер тарихына қатысты жазғандары да бірсыпыра.

Жүсіпбектің артында бірталай ғылыми мұра да қалды. Ол халық ағарту комиссариатында, педогогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, олардың ғылымның әр саласында жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу кұралдарын жазды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (1926) атты елеулі кітаптар бар. Бұлар, әрине, бүгінгі жетілген педагогика мен психологияның методологиясы тұрғысынан әлсіз көрінсе де, өз дәуірі үшін аса пайдалы қызмет атқарды. Қазақ жастарына осы ғылымдар негізінде алғашқы мәлімет берді, ғылыми терминдердің тууына негіз болды.

Жүсіпбек жастарды мамандыққа тәрбиелеу ісіне ерекше мән берді. Жалпы тәрбие мәселесін адамның өмір сүріп отырған қоғамдық ортасымен байланыстыра отырып, адам табиғатындағы туа біткен дарынды, ерекшелікті дамыту қажеттігін сөз етеді. «Кісі туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады; басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, қабілет яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады... Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз қолымен жүріп қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Қайғы сол: өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар. сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегі берекелі пайдалы болуын тілейді»1, деп жазады ол.

Жүсіпбектің сан салалы шығармашылық қызметі дәуірдің талап етуінен туды. Бұл - бір Жүсіпбек басындағы ғана емес, қазақ интеллигенциясының алғашқы буынына түгелдей ортақ сыпат. Әр саланың өз мамандары жоқ кезде олар заман, өзгеріс дәуірі күн тәртібіне қойып отырған қажеттікті өтеуге бар мүмкіндіктерін жұмсады. Ақын да, жазушы да, драматург те, сыншы да, ғалым да болып еңбектер жазды. Аударма да жасады. Бүгін біз Жүсіпбектің көркем туындыларының әдебиет тарихындағы орнын, жазушы шеберлігін, ізденістерінің байсалдылығын айта отырып, оның барлық шығармашылығының тарихи маңызын айрықша атаймыз.

Жүсіпбек қазақ қоғамы дамуының ең бір күрделі кезінде, әлеуметтік революциялар дәуірінде өмір сүрді. Сол дәуірдің қайшылықты сыпаттарын да бойына сіңірді. Сондықтан оның шығармаларында да, өзінің азаматтық жолында да қайшылықты сәттер кездеседі. Жазушының принципті көзқарасы сол кездегі әкімшілік жүйесінің ой-пікірімен сәйкес келе бермеген. Алайда, біз үшін маңыздысы - оның шығармашылық өнегесі. Ол күрделі әлеуметтік өзгерістер кезінде туған халқымен бірге болып, оның азаттығы бақыты үшін күресті. Қазақ халқының жаңа өмір жолындағы ізденісін өз шығармаларына арқау етті. Сондықтан, Жүсіпбек қазақ әдебиетін бастаушы ұлы суреткерлердің қатарынан заңды орын алады.

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын - Мағжан Жұмабаев. Өзі де, өлеңі де қиын-қыстау тауқымет жолын көп кешкен. Қалың бұқара оқушы арасында әуелден-ақ қаншалықты белгілі, аты Мәшһүр ақыы болып танылса да, ресми ортада барған сайын соншалықты соққыдан көз ашпай, тыныштық дүниеден біржолата қара үзіп, өмірі мен өлеңі кешегі қуғын-сүргін заманда қоса қудаланған жан.

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі шытырман оқиғалардың бәріне Мағжан куә. Олардың бәрін ақын ой елегінен, өлең өрнегінен өткізіп отырған. Қай сәтте болса да ақын ойлану-толғану үстінде. Қандай өзгерістер, жаңалықтар туып-өніп жатса да, ақын жаны күйзелісте, жүрегі оған елжірей қоймайды. Өйткені, негізгі мәселе - қазақ елі мен жерінің тағдыры ақын түсінігінде баз-баяғы жүдеу қалпында. Сондықтан да ақын шығармашылығында мынадан мынаған дейін деп шек қойылып айтылатын шекара жок. Мәселен, XX ғасыр басының қазақ ортасына тән демократиялық, ағартушылық, бостандық ізденістері Мағжан Жұмабаев үшін Қазан революциясымен бітіп, арманға қол жеткендей үзіліп қалмайды, одан кейін де ақын өз болжамынан танбай, жалпы халықтық, адамдық, мұраттық жайлардан қол үзбейді. Теңдік, азаттық жайындағы лепірме ұрандар, толып жатқан «жасасындар» Мағжанды жанамалай өтіп жатқандай, оны баурап әкетпейді. Оның басты себебі: революция халыққа азаттық әкелетін болса, неге оны қақ жарып, бір-біріне қарсы қояды, қазақ халқы бір ұлт емес пе, жарлысы да, байы да азаттық ырызығын біірге көрмей ме, әлі іргелі ел болып қалыптаспаған, ылғи тепкіде, қанауда, айдауда болып келген халық енді қол ұстасып жаңа өмір құрудың орнына жаңа араздық, жаңа наразылық туды емес пе? Мағжан ойланады, толғанады. Көп нәрсенің анығына жете алмайды. Өйткені, беріліп отырған жауап ақынды қанағаттандырмайды. Ол тереңірек, әрірек ойлайды, таразыға салады, бірақ, таразы басы тең емес, көріп отыр: парсаңы бар. Бұрынғы, қаймағы бұзылмаған қазақ халін еске алады, соны жырлайды. Мүнысы сол бір дәуірдің тым әдемі, уайым-қайғысыз жұмақ болғанынан емес, жаңа заманның көп қайшылық тудырғанынан, аяғы немен тынары белгісіз жаппай үрейден еді. Жалпы ақындық беті Қазан революциясынан кеп бұрын қалыптасқан Мағжан - жаңа кезеңде көп нәрселерге байсалды жауап іздейтін, адам тіршілігінің, өмірінің мәнін ұққысы келетін, таланты жетсе, оның құпия сырын ашуға ұмтылатын, сара сезімнің ақыны болып көрінеді. Талант жайына келсек, Мағжан Жұмабаев өнімді шығармашылық өнердің адамы екенін Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде, 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» өлең жинағы шыққан тұста танытқанды. Сол кезең жайындағы естелігінде Башқортстанның қәзіргі қарт жазушысы Сайфи Құдаш былай дейді: «Қазақтың талантты жас ақыны Мағжан Жүмабаев «Ғалия» медресесінде «Садақ» атты қолжазба журнал шығара бастады, өзінің медреседегі оқу кезінде шығарған өлеңдерін соның бетінде жариялап тұрды. 1912 жылы Қазанда оның тұңғыш өлеңдер жинағы да шықты. Сөйтіп, қазақтың поэзия әлемінде өзіндік беті бар ерекше ақын дүниеге келді, Абайдың классикалық дәстүрін алға алып барушылардың ең ірісінен саналмақ»1.

Сол 1912 жылғы «Шолпан» жинағына басылған бір өлеңінде ақын:

Ойламай біздің қазақ текке жатыр,

Бір іске жанаса алмай шетте жатыр.

Азырақ кез жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазекең таң қаларлық кепте жатыр,-

дейді. Алғашында бұл «Жатыр» деген өлең 1911 жылы «Айқап» журналының 2-нші санында басылған. Сол тұстағы акын өлеңдерінің көпшілігі осы сыпаттас болып келеді. Оқу-өнерден кемшін қалған қазақ елінің жай-күйі қапаландырады, толғандырады, кейде тіпті ашындырады. Акындық қайрат, өжеттілік те осындай ащы шындықтан бастау алып, асып-тасып жатқандай. Шығармашылық шабыт та, асқақ үн де осымен сабақтас. Оның ақын болып қалыптасуына өмірдегі өзгешеліктер, бетбұрыстар, жолайырықтар мықтап әсер еткені анық. Табиғат берген мінез де бұған дәл келіп тұр. Өлең қайсарлығы - жаралыс қайсарлығымен тең. «Мен кім?» деген өлеңінен біраз жайды аңғаруға болады:

Жалынмын мен, келме жақын жанарсың,

Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.

Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,

Көз қырымен күліп қана қарармын.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім - патша, өзім - қазы, өзім - би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?

Бұл романтикалық асқақ шумақтардан ақынның өз күшіне, өз талантына, керек десеңіз, өмір тағдырына кәміл сенетінін байқаймыз. Мұның алдында «арыстанмын, айбатыма кім шыдар, Жолбарыспын маған қарсы кім тұрар?» деген жолдар бар. Осының бәрі асып-тасудың, астамдықтың реті емес, асылдықтың, жайдың жасылындай өткірдің жөні. Ақын сөзі ащы шындықтың айнасы болып отырған. Өзі оны түсінген де, білген де. Асыл сөздерінің қадірменді иесі бар екенін кәміл ұққан. Ол - парасат қайнары, мейірбаны жүректі туған елі еді. Мағжан ақын бар өмірін, өнерін, білгенін сол туған халқына, еліне арнаған, арнаған да, сарнаған да, «Жан сөзі» деген әйгілі өлеңінде (1920 ж.):

Қазақ елі, бір ауыз сезім саған:

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма маған,-

деуінің де төркіні сонда.

Мағжан - өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті. «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» дегенде, қауіп-қатер жоқ демегені белгілі; бірақ, сондадағы, қылша мойны талша қиылатынын біліп пе? Жалпы алып қарағанда, «мен өлмеймін» деген сөздерде терең шындық жатқаны рас. 60 жылдан аса уақыт бойы автократия ақын үнін шығармай, тұмшалап келсе де, енді естіліп, ақыры жалғастық тапқаны шындық. Философиялық мағынада алсақ, ақын өлеңі мен дана сәзі өлмек емес. Бірақ, ғажабы сол, кешегі бір заманда ақынның өзі де, өлеңі де көзден таса етілді. Сол дәуір үстімізден енді ғана, бүгін ғана ауып барады.

АҚЫННЫҢ ТАҒДЫРЫ

Ақын тағдырына біраз тоқталу қажет. Ғасыр басьшан-ақ ел-жұртына мәшһүр болған Мағжан Жұмабаев 1988 жылдың желтоқсанында ғана ақырғы рет ақталды. Ақырғы рет деуіміз - ол ресми түрде 1960 жылы-ақ ақталған болатын, бірақ, оның есімін атауға, шығармаларын жариялауға рүқсат болмады. Себебі, Мағжан өлеңдерін бастыруды тоқырау заманының басшылары мақұл көрмеді, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді. Өмірі мен өлеңі бір кезде аңызға айналған ақын соңғы жарты ғасыр бойына жым-жылас жоқ болып кетті. Сондықтан кейінгі буын бұл ақынды аз біледі, тіпті білмейді де. Бірақ, ол заманның жүзін көрген азды-көпті азамат, немесе соған тетелес өскен қария жандар Мағжанды білген, оның өлеңдерін жатқа айтып жүрген. Сақталған газет-журналдардан тиіп-қашып оқыған да. Ақынның кітаптарына ешкімкің қолы жетпеген, өйткені Мағжан кітаптары жеті құлыптың астында сарғайып, тозып, жыртылып, жоғальш жатты. Тыйым салу, қудалау салдарынан. Бұл жай, сөйтіп, баршамыз білетін, көзіміз жеткен, «әттеген-ай» деп өкінетін өткен тарих болып отыр. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомбылық дәуірдің құрбаны болған ақын тағдырының күйініші мол-ақ.

Ақын есімі халқына қайта оралды. Мұны жалпы қауым қуана, тебірене қарсы алды. .Өйткені, бұл - мәдени өміріміздегі үлкен оқиға.

Дәл қазір, өткен тарихымыздың асыл қазыналары жадымызға, қаперімізге қайта оралған сәтте, талант иелері жайында тебіренбей, толғанбай, өкінбей айту - қиын. Бір кездері нахақтан күйген есім ақталып, қайта оралса, ол заманның өзгеруінен. Кешелері дулей қара күш ақыл-парасатты ауыздықтап, шідерлегенін, ата-баба жолын ұмыттырып, тексіздікке сүйрегенін білеміз. Бүгіндері өткендегі орасан қателерді жөндеп, рухани байлықты, талант сөздерін халықтың өз иелігіне қайтаруға мүмкіндік туды. Бұл - қуанарлық жай.

Енді Мағжан Жұмабаев мұрасын оқып зерттеуге жол ашылды. Бір кездерде ақын есімін еске алғаны үшін де, баспасөзде, тіпті ауыз-екі әңгімеде атағаны үшін де талай адам тауқымет тартып, кұқай көрген. 1956-1957 жылдары - Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ақталғаннан кейін - Мағжан Жұмабаев шығармашылығы да қайта қаралған. 1958 жылы ресми комиссия құрылып, таңдамалы лирикаларын жариялау жөнінде ұйғарым да болған. Ал, 1960 жылы Түркістан әскери округы әскери Трибуналының коллегиясында М.Жұмабаев толығымен, біржолата ақталған екен. Бір таңғаларлық нәрсе, бұл жөнінде комиссия мүшелеріне де, не Жазушылар одағы мен ғылыми мекемелерге де хабарланбаған, қорытынды шешім айтқан әдебиетшілер де, басқа мамандар да ештеңе білмеген. Жұмбақ сыры сол кездегі басшылардың: бұл саяси ақтау емес, бар болғаны азаматтық жағынан ақталу деген үстірт, жаңсақ түсінігінен екені енді мәлім болды. 1958 жылы ССРО Прокуратурасы ақтаған Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы да дәл осы «дәлел» айтылғанды. Өкініші сол, шешімдерді осылай ұғындырып, өңін теріс айналдыруға күш салған белгілі мәдениет қайраткерлері де болды. Олар М.Жұмабаевтың көзі тірісінде де, кейін де ақын атына қара күйе жағып, азаматтықта, ақындық та абыройын төгуге әрекеттенгенді. Ақын жайындағы мұндай ұғымның жаңғырығын бұрынғы-соңғы әр түрлі мақалалардан көреміз. Тіпті, 1930 жылдың өзінде А.В.Луначарскийдің редакциясымен шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» да Мағжан нағыз ұлтшыл, сары уайымшыл, декадент ақын болып суреттелген. Мұның бәрі, айналып келгенде, билеп-төстеуші аппараттың нұсқауымен жүзеге асып отырғаны анық.

Міне, осы жағдаяттар өкімет билігінің барынша әкімшілік қалпын, қатаң тәртібін айғақтайды. Сонан да М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, А.Байтұрсыновтың, Ш.Құдайбердіұлының, М.Дулатовтың жеке бастары қаралы болып, мұралары ұлттық мәдениеттен тыс қалды. Олардың шығармалары ешбір дәлелсіз мансұқ етілді, әдебиет пен мәдениеттің басқа бөлігіне, яғни тапшыл мазмұндағы деген бөлігіне қарсы қойылды. Шындығында бұлардың шығармаларында теңдік, еңбек, іс-қнмыл, адамның бас бостандығы мәселесі терең көтерілген. Ал, Алашорда ұйымына қатысты деу де дәлел емес, өйткені, 1919 жылы-ақ В.И.Лениннің декретімен ол ұйымға да, оның адамдарына да кешірім жасалған. Және олар кейінгі жылдары бұл тарапта белсенді жұмыс істемеген.

Тек тап күресін қолдап шиеленістіру, жеке адамның диктаторлық өктемдігін орнату амалының нәтижесінде ғана мұндай сұрапыл куғын, жаппай қырғын мүмкін болды. Жалпы социализм орнату тарихы - КСРО халықтары үшін босқа өткен қаралы тарих. Халықтың аяулы ұлдарының тағдырын, өзге де мыңдаған құрбандардың тағдырын еске түсіргенде, ендігі жерде адамдардыц шүбәсіз бас бостандығы болуы, рухани ойын ашықтан-ашық айтуға жол ашылуы, жаппай қырғынға ұшырататын жаппай қауіп-қатерден сақтайтын кепілдік болуы бірден-бір қажет екенін мойынға алмасқа болмайды.

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, қазіргі «Мағжан» совхозында дүниеге келген. Орташа ауқатты отбасынан шыққан ол ауыл мұғалімінен хат танып, сауатын ашады, ал 1905жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавловск) медресеге оқуға түседі, бұл медресені араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген, Стамбулда оқып, дәріс алған, ауқатты от басынан шыққан жергілікті интеллигент Мұқаметжан Бегишев ашқан екен. Ол өзі Шығыс халықтарының тарихы жөнінде де сабақ берген. Мағжан Жұмабаев бұл медресені 1910 жылы жақсы үлгіріммен бітіреді.

Мағжанның әкесі Бекен ел ішінде хат танитын, жұрт сыйлайтын белгілі адам болыпты. Шешесі Гүлсім Әшірбек деген оқыған адамның қызы екен. Екеуінен жеті ұл, екі қыз болған. Ұлдары: Мүсілім, Қаһарман, Мағжан, Мұхамеджан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан; қыздары Күләндам, Гүлбарам. Мағжан түрмеғе жабылғаннан кейін, басқа да азамат ұлдары қуғынға ұшыраған Бекен, 1934 жылы 61 жасында дүние салады. Жұбайы Гүлсім де 1943 жылы қайтыс болады. Мағжанның ағалары Мүсілім мен Қаһарман 1937 жылы ұсталғаннан кейін - хабар-ошарсыз. Інісі Мұхамеджан он жыл отырып келгеннен соң, сексеннен асып барып дүниеден кетеді. Кіші інісі Сәлімжан да айдалып кетіп, XX съезден кейін қайтып келеді де, 80-жылдардың бас кезінде қайтыс болады. Екі інісі - Қалижан мен Сабыржан қырғыз жерін паналап, кейінгі жылдары дүниеден өтеді. Бекеннің қыздары Күләндам мен Гүлбарам да қазір жоқ. Сөйтіп, бір әулет жан, орталарында Мағжандай қүдіретті ақыны бар тұқым, түгелдей дүниеден көшкен. Рас, Мағжаннан басқа ұлдарынан қалған немерелері бар. Олар әр жерде, әр түрлі тірлікте. Мағжамның өз басынан бала-шаға жоқ. Жұбайы Зылиха 1990 жылы қайтыс болды. Сонымен қарап отырсақ, бір адамның атына байланысты, ақын Мағжан есіміне байланысты үй-жайдың жан күйзелтер хал-ахуалынан шексіз әміршілдік, автократиялық тәртіптің драмалық, трагедиялық қалып-кейпін тануға болады: айдалған, атылған, қуылған.

Мағжан Жүмабайұлының әулетін жақсы білетін жақын ағайындарының бірі - қазіргі жазушы Хамза Абдуллин ақынның жас шағы туралы, алғашқы оқу-тәрбиелік жайы туралы былай әңгімелейді:

Мағжан өлең жазумен тым кішкентай күнінен шұғылданған. Өйткені, әкесі Бекен ақ пен қараны айыра білетін адам болған. Сондықтан да ол балаларын замана перзенті ету мақсатымен үйіне кітапты көп жиятын. Сол кездегі Қазаннан, Орынбордан, Ташкенттен шығатын кітап-журналдардың бір де бірін калдырмай үйіндегі шағын кітапхананың қорын молайтумен болған адам. Оның үстіне Әшірбек атты әрі ақымысты, әрі іскер қазақтың үйінде дүниеге келген Мағжанның шешесі Гүлсім бәйбіше сол кездегі бірінің артынан бірі шығып жатқан қазақтың әдеби кітаптарының үлкен қамқоршысы болатын. Сол кітаптарды ұқыпты ұстап, жыртқызбай ересек балаларының қолына беріп оқытатын да, ал хат танымайтын кішкентай балаларына өзі оқып отыратын. Мысалы, «Қисса-с-уль-Әнбия» атты кітапты Мағжанның жеті жасында түгелдей оқып шығып, күллі пайғамбарлардың өмірлерін түгелдей жаттап алғанын мен Гүлсім апайдың аузынан бірнеше рет естідім.

Мағжан он екі жасында Қызылжар қаласындағы Бегишев медресесіне түскеннен бастап әдебиетпен қатты шұғылданған. Тіпті қазақ, татар әдебиетін былай қойғанда, ол араб-парсы ақындарының, атап айтқанда, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Низами, Науаи сияқты даналардың ұлы дастандарын түпнұсқадан оқып үйренуді өзінің машығына айналдырған. Ал, ұлы Абай мен Дэрдман (өлеңдерін қазақша жазған татардың ұлы ақыны Зәкір Садықұлы Рамиев) өлеңдерінің казақ дүниесіне келуі кішкентай Мағжанның жан жүрегіне ауызбен айтып жеткізе алмайтын телегей-теңіз әсер әкелді. Әрбір сауық кештерінде, шілдеханаларда қыз бен жігіттер Абай мен Дэрдман өлеңдерін ең алдымен әсем әнмен шырқайтын болған. Татьянаның мұңға толы толғаныстарын қыздар жүрек жарасын емдейтін шипалы шербеттей ішіп сусаған. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, Абайға арнап: «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды. Абайға деген махаббаттың нәзік қылын шертті. Ақын болуды арман етті. Жас жігіттің өлең жазып жүрген талабы қазақ халқының әйгілі қамқоршысы, қазақ еліне: - «Қаным - башқұрт, тәнім - татар, жаным - қазақ» деп мәтел таратқан ұлы жазушы Ғалымжан Ибрагимовты қатты толғантады. Сондықтан да Ғалымжан 1910 жылдың күзінде Мағжан өлеңдерінің қолжазбаларын Қазандағы Кәрімовтардың баспасына табыс етеді. 1912 жылы Мағжанның «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Ғалымжан өзі 1911 жылы шыққан «Қазақ қызы» романының бірінші бетіне 16 жасар Мағжанның «Айға» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп келтірген:

Кең дала көресің ғой мынау жатқан.

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Наши рекомендации