ШӘкӘрім ҚҰдайбердіҰлы
Өткен ғасырдың аяғы мен жаңа ғасырдың бас кезінде үлкен шығармашылық дәуірді бастан кешірген Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық мұрасы бай, нәрлі, әрі құнарлы. Оны зерттеу соңғы кезде ғана қолға алынып, ақынның өмірі мен шығармашылығын ке4інен қамтитын еңбектер енді көріне бастады. Әсіресе, ақын жазып қалдырған бай поэзия мұрасын мұқият жинап, жарыққа шығару да үлкен міндет.
Шәкәрімнің ақындық өнері жайында талдау жасаудан бұрын оның ақталу тарихына біраз тоқтала кеткен жөн. Өйткені, соңғы жиырма-отыз жыл ішінде Шәкәрім мүрасын жарыққа шығаруға байланысты әрқилы пікір алысу, талқңлау, кеңесу, ой қорыту болған, ұсыныстар жасалған, бұлардың өзі бір тарих.
Ақынның туған жерінен, партия, кеңес оргаидарынан түскен көп хаттар, сұрақтарға байланысты 60-жылдардың басында Қазақстан ҚП Орталық Комитеті арнаулы комиссия құрып, оның ұйғарымын тыңдаған. Кейін, яғни 1964 жылы, ақынның өз басына байланысты жайлар біраз анықтала бастаған соң, көркем шығармаларының идеялық дәрежесін қарау, әрі ақын мұрасын түгел жинау жайында Академияның Әдебиет және өнер институтына тапсырма жасалғанды. 1966-1969 жылдары институт үш жыл бойы Шәкәрім шығармаларын жинап зерттеп, ақырында 164 өлеңін, үш поэмасын, бірнеше аудармаларын мамандар талқысына салды. 1969 жылы 3 желтоқсанда Алматы жоғары оқу орыңдарының, Академия қоғамдык ғылымдар институттарының, Жазушылар Одағының, басқа да мәдениет, баспасөз орындары мамандарының қатысуымен Институт жанындағы Ғылыми үйлестіру кеңесінің мәжілісі шақырылды, онда кең пікір алысылды. Қорытындысында бір-ақ қана шешім қабылданды: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларында идеялық, я басқа саяси қате жок, көркемдігі жоғары, осы себепті ақынның қазір Институт жинаған 706 беттік мұрасы кітап болып басылсын. Мәжіліс бастығы С.Мұқанов еді. Сөйлегендер ішінде әдебиетшілер, жазушылар С.Кеңесбаев, М.Ғабдуллин, Ы.Дүйсенбаев, Ж.Молдағалиев, I.Жарылғапов, 3.Ахметов, 3.Қабдолов, С.Қирабаев, М.Базарбаев, т.б. болды. Мәжіліс шешімін Қазақстан КП Орталық Комитетіне жеткізу Институтқа тапсырылды. Сол жылдың 10 желтоқсанында аталған жинақ пен жолдама хат, шешім-қаулы Орталық Комитеттің хатшысына табыс етілді. Ақырғы әнгіме де, сөз де сол болды. Қайтып Шәкәрім жайында ләм-мим деген жан болмады. Суға батып, құмға сіңгендей мәселе үн-түнсіз қалды. 1985 жылы 14 мамырда, арада жиырма шақты жыл уақыт еткен соң, Д.Қонаевтың атына Шәкәрім мұрасын шығару жайында институттан үлкен хат жазылды, бірақ, оған да жауап болмады. Тек, 1988 жылы ғана көпшілік қауымның тағы да сұрау салып, талап етуіне байланысты, Шәкәрім шығармалары жарық көретін болды. Осы шырғалаңның бәрі сонау 1958 жылы қазанда Шәкәрім құлантаза ақталғаннан кейін болып отырғанын еске алып қайран каласың. Не деген қыңырлық төрелік, керек десеңіз, топастық. Өйткені, ССРО Прокуратурасы 1958 жылы ақтағаннан кейін іс біткені анық қой. Қара дүлей күшгер сондай заң қағаздың өзін жоққа шығарып, ақын атын 30 жыл бойы ататпай келді. Ол әлі саяси ақтау емес деп, аңқау елге арамза молдалар өктемдік етті. Қайтесіз, нағыз трагикомедиялық жай. Қаншама уақыт надандық билемеді, қаншама уақыт ақыл адасып, ес жаңылмады. Соншама топастық қараңғы төрешілдік енді артта қалды ма, жоқ па деп осы күнге дейін күмәнданасың. Мәдениет, әдебиет майданында айтса адам сенбейтін жайлар бастан кешілді. Ендігі міндет - соны қайтадан болдырмау, қайта келтірмеу, ақыл, ой, сана мәселееін бұйрықпен, нұсқаумен шешуден әбден арылу. Енді міне, ақын шығармалары халық игілігіне айналған кезде көмегін тигізіп, бар күш-жігерін осыған салатын Шәкәрімнің баласы Ахат та марқұм болды: 1984 жылы сексеннен асқан жасында дүние салды. Оның бармаған, жазбаған, кезбеген жері кем-ақ, 1958 жылғы ақтау да соның көп ізденіп, сұрануына байланысты еді. Абайдың Жидебайдағы қыстағы қайта қалпына келтіріліп, Семейдегі музейдің филиалы болғанда, Ахат соның меңгерушісі, қараушысы болып бекітілген еді. Кейін Ахат Абайдың Семейдегі музейінде біраз уақыт қызмет істеді.
Шәкәрім ұрпағына қамқорлык етуде, ақын атын ақтауға және Қарауыл мен Жидебайда Абай мен Шәкәрім атындағы мәдени қорық жасауды ойласуға өз үлесін қосып, ықыласын аямаған, көп ізденіс жасаған адамның бірі Хафиз Матаев болды. Абайдың туғанына 125 жыл толу кезінде Абай бейіті мен Шәкәрім бейіті біраз жөнделді. Бірақ, түбінде архитектуралық өзгеріс енгізбесе, бұл бейіт-ескерткіштердің қазіргі түрі көңілге қонбайды.
Шәкәрімнің есімі мен шығармашылығына мәдениет пен әдебиет әлемінен тиісті орын беру жөнінде осындай ұзақ уақыт бойы айтыс, тартыс, даулы-дамайлы ой-пікірлер толастамай жүріп жатты. 1959 жылы Академияның Тіл мен әдебиет ииституты ұйымдастырған қазақ әдебиетінің негізгі мәселелеріне арналған конференция қаулы-сыидр-ақ Шәкәрім шығармашылығын терең зерттеп, идеялық-көркемдік бағытын анықтау жөнінде ұсыныс жасалған-ды. Ол ұйғарым да өз бетімен қала берді. Шындығында ол конференция біраз мәселелердің сырын ашқан, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің көлемді қорытынды сөзінде едәуір даулы жәйттардың, беті бері қараған еді. Оның қаулы-ұсынысында фольклор мен әдебиет тарихының біраз шығармаларына дұрыс талдау жасалған-ды. Не керек, бұл да аяқсыз қалды. Сонымен, қарап отырсақ, бір кезде әдебиет ғылымы батыл койып, өзі шеше бастаған мәселелерге тиым салынып, зерттеу ісі біржола жабылған. Мұның бәрі өзіміз тікелей бастан кешкен оқиға болған соң айтпасқа болмайды. Жоғарыда аталған көп ұйғарым, ұсыныстар әдебиет зерттеуші қауымның бірлескен ойы болатын. Қай-қайсысына болса да, олар тікелей катынасқан, ат салысқан. Амал не, Шәкәріммен қатар Омар Қарашев, Нармамбет, Әбубәкір Кердері, Мұрат, Дулат, Шортанбай шығармалары кейінгі зерттеуден тыс қалды. Бұл жағдайға да енді ғана оралатын жен келді Міне, төрешілдік пен өктемдік, бұйрық пен жарлық- тәсіліне айналған тоқырау заманының берген «жемісі» осындай.
Шәкәрім - ұлы Абайдың жақын туысы. Немере інісі. Ақындық мектепті де Абайдан өткен. Жастайынан ата-анасынан жетім қалып, Абай қолында тәрбиеленген. Жеті жасында хат таныпты, әрі қарай өз бетімен көп оқыған. Батыс, Шығыс әдебиетіне қанық. Әсіресе, шығыс поэзиясының жұлдыздары Фирдоуси, Сағди, Омар Хайям, Хафиз, Жәми, Низами, Физули, Науаи шығармаларын көп оқыған. «Ләйлі - Мәжнүн» сияқты қиссаны аударған. Сонымен қатар орыс, Батыс Европа әдебиетінен көп мағлұмат алған. Осының бәрі Абай тәрбиесі, Абай ықпалынан. М.Әуезовтің Абай романында бұл жай Дәрмен бейнесімен анық берілген. Абай өз айналасындағы талапты жастарға әр түрлі оқиғадан хабар беріп, сол тақырыпқа шығарма жазуға шақырып отырғаны белгілі. Мағауия, Ақылбай шығармалары оған дәлел. Сондай-ақ «Еңлік-Кебек» жайын жазуды Шәкәрімге тапсырған. Бұл жайды М.Әуезов «Абай жолы» романында былай береді: «Өз ішінен осы Дәрмен деген інісін «Абайға шәкірт етіп, жолдас етем» деп әкеп қосқан қарт Дәркембайға қазір Абай алғыс айтып келеді...
- Дәрмен, Дәрмен, сүйінші! Еңлік жыры сенікі, -деді Мағаш. Абай: - Жыр Дәрмендікі. Дәрмен, сен жазасың», деп қорытады. Романда Шәкәрім прототипін анықтайтын басқа да анықтамалар көп, Біздің айтпағымыз - Шәкәрімнің тікелей Абай тәрбиесінде болғандығы.
Кеңес дәуірінде Шәкәрім шығармаларына тиым салудың басты себебі - оның Алашордаға қатысуы, оның Семей басшылығына мүше болуы еді. Бірақ, ақын ол тарапта белсенді жұмыс істемеген, оның ұйымдастыру істеріне қатыспаған. 1918 жылы бір алаш азаматы үкімет әскері қолынан қаза болады. Шәкәрімнің сол азаматты жерлеу кезіндегі сөзі оған кінә ретінде тағылып келді. Ал, ол сөзде де үкіметке қарсы ештеңе жоқ. Болған оқиға жайында «Сары Арқа» газетінде 1918 жылы 18 наурызда анық айтылған:
«ТҰҢҒЫШ ҚҰРБАН. Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде большевиктер ұнатпай «ойыныңды тоқтат, мылтығыңды бер» деп мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционер-қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастық қылатын ниет болмаған соң, қарсы да келмеді. Ойындарын да тоқтатпады.
6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына он-он бес солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалды. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң, бірді-жарымды жігіт қашуға айналғанда, милиция бастығы учительская семинария шәкірті Қазы Нұрмұхаммед ұғылы жігіттерге айғайлап: «Қайда барасындар! Жазықсыз өлсек өлейік, бәрімізді қырмас!» - деп тоқтау айтып, өз орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, Қазының өзіне де, атына да оқ тиеді. Оқ жүректен тиген. Есіл жас сол арада жан тапсырады.
Марқұмның жолдастары ботадай боздап, басын кұшақтап, шуласты. Көрген, естіген жан қайғырды. Ертеңіне халық көп жиналып, жаназасын шығарысты.
Алғаш алаш жолында құрбан болған жас балғынды ұмытпасқа белгі болып қалсын деп, екі рет суретке басылды. Бір рет қанды киімімен жатқан қалпында, екіншісі халық жаназа оқьш, сапта тұрғанда табыттағы жатқанын.
Қабірге койып, құран оқылып болғаннан кейін, Шаһкерім ақсақал халыққа карап сөз сөйледі:
«Әлеумет! Мынау жатқан кім? Білесіңдер ме? Бұл - ұлт үшін шыбын жанын құрбан қылған алаш азаматтарының тұңғышы, мұны өлді демеңдер! Бұл өлген жоқ. Бүгінгі һәм мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар мына мен сияқты болып, «ұлтым» деңдер деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқүмның аты да Қазы еді. Қазы - би деген сөз, Қазы билігін айтып кетті.
Қарағым Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ: құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек.
Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарынды ұмыта көрмеңдер. Оның үй ішінің міндеті сендердің мойындарыңда... бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл баласы) қалыпты. Соны тәрбиелеп, адам қылу бәріңнің - барлық алаштың мойнына қарыз, һәм өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. 60 жасқа келгенде мұндай ұлт үшін жанын қиып, кұрбан болған азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым Қазыжан! Қадіріңді біліп құрметтей алмасақ кешіру қыл. Қош. Қабірің нұрлы болсын!» - деді.
Жиылған әлеумет еңіреп жылап жіберді.
Сонан кейін Мержақып тұрып:
Мынау кім жатқан, әлеумет,
Жас қабірді жамылып.
Мұнша ардақты кім еді
Тұрсыңдар бәрің жабығып?!
Жалғызы ма еді біреудің?!
Тілеп алған зарығып.
Байы ма еді бұл елдің
Құрметтейтін жабылып?
Би мен бектің бірі ме еді,
Жылардай жұрты сағынып?
Ханзада яки Сейіт пе,
Қарашы шулар қамығып?
Жоқ, әлеумет!
Бұл жатқан:
Жалғыз да емес,
Бай да емес,
Би де емес,
Бек те емес,
Сейіт те емес!
Хан да емес,
Бусанып жатқан жас қабір...
Иесін мұның айтайын:
Мақсаты ұлттың жолына,
Туын ұстап қолына,
Жас ғұмырын пида еткен
Жар жолдасын күйзелткен,
Алаштың адал баласы,
Армансыз өлген данасы,
Жүректен жалғыз оқ тиген,
Аяулы жолдас, Қазы жас!
Жаза баспай деп тиген,
Алаштың бұл құрбаны.
Қош бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың.
Қабыл болып құрбаны -
Алашты құдай ондасын!...
Жиылған халық қамығып, көңілі босап көзіне жас алды. Бұлардан кейін Райымжан, Жанғали қажы, Мұстафим сөйледі. Ақырында Қазының бірге оқып жүрген жолдасы Жүсіпбек еңіреп тұрып:
«Жан бауырым, жолдасым! Қош бол, жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің, бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың, өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бірақ арманың кетті. Ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай жазықсыз оққа ұштың. Тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Қош, баурым! Жолдасым, қош!» - деп көзінің жасыи тия алмай, сөзін әзер тоқтатты.
Сөйтіп 7 мартта бейсембі күні алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапарына жөнелтіп, жұрты тарқасты.
Сол күні біздің басшы азаматтар Қазының жолсыз өлгені туралы большевик бастықтарымен сөйлесті. Олар: «Біз мұндай жұмысты істе деп, ешкімге бұйырғанымыз жоқ, өз бетімен істеп жүрген бұзақылардың жұмысы» деп, оқ атқан солдаттарды айыптапты. Сонан кейін атушы солдаттар военно-революционный сотқа берілді.
Қазы мархұм жасы 22-де. Семей уезі, Еңрекей болысында, Сыбан деген рудан еді. Жасынан кедейлікпен алысып, талабымен оқып келіп еді. Семейде екі класты мектепті бітіргеннен кейік бірер жыл бала оқытып, бұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып журген жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді.
Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі, ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті. Ұлттың жолында жанын құрбан қылды. Жасаған ие есесін толтырып, кейінгі жастардан орынбасар шығарсын!
Басшы азаматтарымыз һәм облыстық қазақ комитеті кеңесіп, марқұмның басына тас қоюға һәм жақсылап белгі бейіт салуға қаулы етті. Қазының оқуға жасы жеткен бір інісі бар еді. Соны оқытуға стипендия ашты. Кәрі ата-анасына һәм қатын-баласына жеті мың сом ақша бермек болды.
Жастар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып, құран оқытты, дұға қылдырды.
Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар. Бірақ біздің бұдан үлгі алып, жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек.
Рухың шат болсын, шаһит болған алаштың шын баласы! Біз де сенің ізіңде.
Қош жолдасымыз!
Байымбет