Радиожурналистикада электронды есептеу машиналарының қолданылуын түсіндіру

Радионы адамзат өркениетіндегі аса ірі ғылыми жетістік қана емес, қоғамның даму тегершігін жеделдеткен құбылыс ретінде орынды бағалағанымыз жөн сияқты. Сымсыз ақпарат жеткізуді меңгергелі бір ғасырдан асатын уақыт өтті, ал ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамып кетті. Соған тікелей жол ашқан “ақжолтайлардың” бірі де бірегейі — радио және оған қатысты технологиялар.

ХХІ ғасырда адамды және оның болашағын электронды есептеу машиналарынсыз, байланыс құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Соның бастауында тұрған ғылыми жаңалық — радио болса, ол күні бүгінге дейін жетілдірілу үстінде. Радио — ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы ғана емес, оны басқару мен жүйелеудің де тетігіне айналды. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Шағын ғана, энергияны аз қажетсінетін құрылғылар тұрмысымыздан кең орын алып, адамға көмекшілікке жарады. Бүгінгі ақпараттық тасқынның да бастау бұлағы — радиотехнологиялар. Оның жетілдірілген түрі теледидар радио әдістерімен енді бейнені де жеткізетін болған, бүгінгі газет-журнал, кітабыңыз да радио туындыларсыз басылып шықпайтынын қайтерсіз. Қайда қарамаңыз, қайда бас сұқпаңыз “радио” деген жанды сөзден тарамданып кететін жаңалықтар алдыңыздан кесе көлденеңдеп шығады.

Адамды адам еткен еңбек және сөйлеу машығы дейді ғылымда. Сөзді тыңдарманына жеткізудің де қуатты құралы радио болып табылады. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен қаруландыра алады. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады.

Осы арада тарихи ретроспективалық аз-кем шолу жасауды жөн көріп отырмын. Радио қазақ даласына айтып жеткізілуі қиын өзгерістер ала келді. Өткен ғасырдың 30-жылдары оқыту жүйесі қалыптаспаған, оқулықтар мен ұстаздар жетіспейтін кезеңде “ұзынқұлақ” атауына ие болған радио халықтың жаппай сауаттануына, мәдениетінің өсіп-жетілуіне күшті ықпал етті. Табиғатынан зерек те зейінді далалық үшін жаңа мәдениет құнарлы топыраққа отырғызылған ағаштай тез көктеп, жеміс берді. Ол ел басына күн туған қиямет соғыс жылдары елдік рухты сақтап, жауға қарсы жұмылдыруда, жеңіске жетуде аса жасампаз рөл атқарды. Соғыс жарасынан емделіп, қайта өркендеуде де бірден-бір қуатты бұқаралық құрал радио болып табылды. Халықтық өнерді насихаттауда, оны жеткізуші таланттарды жарыққа шығаруда радио айрықша орын иемденді, сөйтіп бірегей ұлттық ән мен музыканың “Алтын қоры” дүниеге келді, өткен ғасырлар үнін болашаққа жеткізудің мүмкіндігі туды. Радио қазақ журналистикасының, өнері мен мәдениетінің бір топ көрнекті қайраткерлерін, ел таныған қаламгерлерді, сөзі дуалы зиялы қауымды қалыптастырды. Радиода жинақталған мол тәжірибе, қалыптасқан дәстүр, журналистік ізденіс пен шеберлік кейіннен Қазақ теледидарының да жедел дамып, өркендеуіне жол ашты.

Электромагнитті дыбыс жазуға қажетті алғышарттар:

Магнитті дыбыс жазу процесі арнайы акустикалық және техникалық жарақтандырылған студияда жасалатыны белгілі. Электронды журналистика тәжірибесінде студиядан тыс хабарлар да көптеп жасалынады. Олар арнайы ПРС, ПТС қондырғылы автомашиналары арқылы жүргізіледі. Хабарларды белгіленген жоспарлар бойынша дайындаған уақытта арнайы мерзімде студияларда жүзеге асырылады. Хабарға қажетті техникалық құралдарды операторлар, инженерлер дайындайды. Сонымен қатар, хабарға қатысушылармен бірге, жүргізушілерге де қатысты төмендегідей жайлар талап етілуі қажет:

Акустикалық жарақтандырылған бөлмеде дыбыс сапалы жазылып, оған жаңғырық араласпауы қажет.

Қажетті микрофон таңдау. Мысалы, егер хабар «дөңгелек стол» пішінінде болса көп бағытты конденсаторлы, үлкен залдардан жазылатын болса аспалы т.б. ескерілуі керек.

Егер мәтін оқылатын болса, онда қажетті паузаның сақталуын ескеру. Олай болмайынша оқыған кезде, әсіресе тікелей эфирде қиындық туады.

Микрофонның сезімтал екенін ескеру. Қағазды сытырлатпау. Беттерді аударған уақыттағы қағаздың сыбдыры микрофон құралына өте қатты естіліп, дыбыс сапасына зиян келтіреді. Сондықтан, қағаздың шетін алуға ыңғайлы етіп бүктеп қою керек. Немесе, сытырлатпай ақырын жылжытып отырған жөн.

Наши рекомендации