Xix ғасыр тіл білімі 5 страница
Дескриптивистер әр қабаттың өзіне тән ең кіші элементтері болады: фонологиялық қабатқа фонема, морфологиялық қабатқа морфема тән т.б. Фонема фонологияның, морфема морфологияның объектісі, фонологиядан фонемалардың қатынасын зерттейтін фонотактика, морфологиядан морфемалар қатынасын зерттейтін морфотактика дейтін пәндер бөлінеді, ал фонология мен морфологияға бірдей тән пән морфонология болу керек, мұның міндеті - морфемалардың фонемалар арқылы көріну жолдарын, ондағы заңдылықты зерттеу дейді.
Америка структуралистері глоссематиктер ізімен тілдік элементтердің конкретті мағыналары мен дыбыстық құрамдары тіл құрылымына жатпайды, сондықтан олар тіл біліміне объект бола алмайды дейді. Бұл - қате тұжырым, тіл дыбыстарының тіл ғалымдарын қызықтыратын бір ғана жағы бар, ол - дыбыстардың фонемалық қасиеті, бұл - тіл дыбыстарының ең негізгі, бірден-бір өзіндік сипаты, грамматика мен лексиканың да назарын аударатын жағы - олардың бір-біріне байланыссыз алынған мағыналары мен акустикалық жақтары емес, форма мен форманың, сөз бен сөздің қатынасы, дифференциациялық мәндері дейді. Сөйтіп, бұлардың үшін тіл ғылымының ең өзекті мәселелері фонология мен морфология. Бірақ фонеманы оның дыбыстық материясынан бөліп алып, оған қарсы қояды. Фонема - лингвистиктердің интеллектуалдық шығармашылығы, структуралдық нүкте ғана дейді. Бұлардың идеализмі де осында. Дескриптивистер семантика мен фонетиканы тіл білімінің құрамынан шығарып, алдыңғыны логика мен психология, соңғыны физика мен физиология ғылымдарының объектісі етуді ұсынады. Бұл - қате тұжырым.
Шынында, қоғамдық өмірдегі болсын, табиғаттағы болсын әрбір құбылыс бір-бірімен әр түрлі байланыста, шартты қатынаста тұрады. Сондықтан тілдің жүйелік, құрылымдық сипаттарын зерттеу орынды, әрі оның біліміне берері де көп. Бірақ кейбір ғалымдар, әсіресе Копенгаген структуралық мектебі мен Америкадағы дескриптивтік лингвистика өкілдері тілдік жүйе, жүйе элементтерінің байланысы дегендерге шектен тыс мән береді. Олар жүйе элементтерінің өздерін, олардың мағыналы жақтарын ескермей, оларды зерттеуді қажетсіз санап, тілдік материалдардан, мағынадан бөліп алынған әлдеқандай таза байланыс, таза қарым-қатынас дегенді дәріптейді. Сөйтіп, бірінші орынға тілдік элементтердің қатынасын, байланысын қояды: Ал, дұрысында, жалпы материя сияқты тілдік материалдар да алғашқы, бастапқы, ал олардың бір-бірімен қатынасының соңғы, екінші екені дау туғызбайтын мәселе.
Сонымен, айқындалғандардан шығатын қорытынды: XIX ғасыр тіл біліміндегі әр түрлі ағымдардың, көзқарастардың басын біріктірген, бәріне ортақ нәрсе - өз зерттеулерінде салыстырмалы-тарихи әдіске сүйенуі соны басшылыққа алуы, бүкіл тіл білімін сол әдістің атымен салыстырмалы-тарихи тіл білімі деп атауы болса, структурализмнің әр түрлі тармақтарының басын біріктіретін бәріне ортақ нәрсе - өздерінің зерттеулерінде структуралық әдісті қолданып, бүкіл тіл білімін сол әдістің атымен структуралық тіл білімі деп атаулары.
Зерттеу әдістерінің қай-қайсысы болса да мәңгілік емес, ғылымның дамуына байланысты өзгеріп, көнесін жаңасы ауыстырып отырады, бірақ ғылым қала берді. Сондықтан әдістің атын ғылымның атына айналдыру дұрыс болмайды.
Жаңа структуралды бағыттың тууымен одан бұрын қальптасқан және қолданылып келген лингвистикалық әдістер, тәсілдер, мектептер жойылып кеткен жоқ, жойылмайды да. Олардың барлығы да структуралық бағытпен қатарласа дамып келеді Сондай-ақ, өткен ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде дүниеге келген социологиялық, психологиялық, логакалық, ареалдық бағыттар да өз мәндерін жойғызуы былай тұрсын. Қайта жаңа жағдайға жаңа талапқа сәйкестеле дамып отыр. Өйткені бұлардың қай-қайсылары болса да тіл білімі үшін маңызды мәселелер.
4.5 Этнографиялық лингвистика. Лингвистика тарихында тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрыппен байланыстыра зерттеушілік те болды. Бұл жөніндегі алғашқы пікір ХVІІІ ғасырдың соңға жартысында өмір сүрген неміс жазушысы және әдебиетшісі Иоганн Бердердің /1744-1803/ поэзияға байланысты зерттеулерінде, одан кейінгі кезде Вильгельм Гумбольдт еңбектерінде кездеседі. Бірақ тіл мәселелерін мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санамен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлу, оны тіл білімінің күрделі проблемасы ретінде қарау XX ғасырдың 20-30 жылдарында белең алды. Қазіргі тіл білімінде осы негізде туып қалыптасқан екі бағыт бар: оның бірі - Америкада, екіншісі - Германияда.
Бұлардың екеуі де этнолингвистика деген шартты атаумен аталады. Оны Америкада қалыптастырушылар - Эдуард Сепир /1884-1939/ мен Бенджамин Уорф (1897-1941). Америкалық этнолингвистика мектебінің теориялық негізі Э.Сепирдің «Тіл» (1921), "Лингвистиканың жайы" (1929), Б.Уорфтың "Тіл, ойлау және шындық" (1956) деп аталатын жинаққа енген мақалаларында баяндалған.
Э.Сепир көтерген мәселелері тек этнолингвистикалық шеңберде ғана қалып қоймайды, ол индеецтердің бірнеше тайпаларының тілдерін зерттеген, жиырмасыншы жылдардың аяғына дейін тілдің құрылымы жөніндегі мәселелерімен де шұғылданған, тілдердің типологиялық жіктелуі, әр түрлі әлеуметтік құбылыстармен байланысты мәселелер де Сепир еңбектерінің өзекті салалары.
Германия этнолингвистикалық мектебінің (кейде неогумбольдттық этнолингвистика деп те атайды) құрамына қазіргі неміс тіл ғалымдарының көпшілігі енеді. Мектепті қалыптастыруда Лео Вайсгербер көрнекті роль атқарған. Бұл мектептің ұстаған жолы, теориялық негізі Л.Вайсгербердің 1950 жылы шыққан "Неміс тілінің күйі туралы" деп аталатын төрт томдық еңбегінде баяндалған.
Бұл екі мектептің бір-бірімен жақын, ортақ жағы - екеуінің де тіл мәселелерін мәдениетпен, халықтың рухани өмірімен байланыстыра қарайтыны, екеуі де зерттеулерінде В.Гумбольдттың дүниені тану, білу үрдісінде тілдің атқаратын ролі жөніндегі ілімін басшылыққа алады, соны әрқайсысы өз тұрғысынан дамытуға тырысады. Америка мектебі, Германия мектебі болсын біраз мәселеде эстетизм, неолингвизм ағымдарымен, Г.Шумахер, К.Фосслер пікірлерімен үндеседі.
Дегенмен, екі мектепті туғызған себептер, олардың қалыптасу негіздері екі басқа: АҚШ-таға мектеп индеецтер тайпаларының тілін, мәдениетін және этнографиясын, Германия мектебі неміс мәдениетінің ұлттық сипатын, белгілерін зерттеу негізінде туып қалыптасқан. Екіншіден, Америка мектебі негізгі мәселе етіп тіл мен мәдениетті, ал Германия мектебі тіл мен халықты алады. Бұлардың В.Гумбольдт мұраларына қатысы да әркелкі. Германия мектебі оны әлдеқайда кең, жан-жақты пайдаланады, ал АҚШ мектебінде ондай өріс жоқ. Әр мектептің өзіндік ерекшеліктері нақтылы .тілдік фактілерді зерттеу ісінде айтылғандардан гөрі де молая түседі.
АҚШ этнографистері тіл білімі мен этнографияны антропологияның жеке тараулары деп санайды. Олардың пікірінше, антропология - мәдениет мәселесімен де, тіл мәселесімен де айналысатын өрісі кең, көп салалы ғылым.
Екі мектеп те В.Гумбольдттың тілді "аралық дүние", ол - адамды сыртқы дүниемен байланыстырушы, тіл - халық рухының сыртқы көрінісі, халықтың ой дүниетану дәрежесінің көрсеткіші, халық тілі - оның рухы, халық рухы - оның тілі, бұл екеуі тепе-тең, тіл рухтың заңы бойынша дамиды дейтін концепцияларын басшылыққа ала отырып, оны жаңа мысалдармен толықтырып дамытады. Л.Вайсгербер тілдің дүниетанудағы әлеуметтік сипатына, шығармашылық күшіне ерекше мән беріп, оны дүниені қайта жасаудың құралы десе, Э.Сепир тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің құралы, адамдар, белгілі мөлшерде, өз тілінің ықпалында болады, тіл мінез-құлық нормасына да әсер етеді, халықтың мәдени дәрежесін оның тілін зерттемей тұрып түсіну мүмкін емес, тіл - әлеуметтік шындықты түсіндірудің жетекші құралы дейді.
Сөйтіп, екі мектеп те тіл функциясын, оның қоғам дамуындағы атқаратын ролін шектен тыс асыра сөз етеді. Тілге оның жаратылысына тән емес қызметтерді телиді. Адамдардың ой-санасы дүниеге көзқарасы, өзін қоршаған объективтік өмірді тану, мінез-құлық нормалары – бәрі де тілге тәуелді, осылардың бәрін тіл басқарады, бағыт сілтейді, тіпті адамдардың өздері де өз тілдерінің ықпалында болады, тіл – мәдениетті де, тарихты да жасаушы, қайта туғызушы, тіл - объективтік өмірге тәуелсіз, тек рух заңына ғана бағынатын өз бетінше бөлек жатқан бір бөлек дүние, ой дүниесі, адамдарды сыртқы әлеммен ұштастыратын, осы екеуінің арасындағы аралық дүние дейді. Мұндай пікірлер, әсіресе Америка лингвисі Уорф еңбектерінде ашық айтылады.
Тілдің қоғам өмірінде, оның даму тарихында елеулі роль аткаратыны, қоғам тарихын, оның рухани өмірін тарихын зерттеуде елеулі септігін тигізетіні белгілі. Сонымен бірге, тілдің қоғамдық ой-пікірдің қалыптасып, дамуында да бейтарап қалмайтындығы айқын. Бірақ соның ешқайсысында да тіл билеушілік, басқарушылық, бағыт сілтеушілік, жол көрсетушілік қызмет атқармайды. Ой-сананың қалыптасуына, жарыққа шығуына тілдің көрсетер қызметі аз емес, бірақ бұдан ойлауды, сананы тіл туғызады, басқарады деген қорытынды шықпайды. Тілдің объективтік өмірді танып, білудегі қызметі де осындай. «Тіл адам санасы мен объективтік шындық арасындағы бірыңғай қатынас тізбегіне ене отыра, өзі сол санадан, объективтік шындықтан туған туынды болып табылады».
Этнолингвистикалық мектептердің ерекше көңіл бөлген тағы бір мәселесі - тілдің грамматикалық құрылысындағы өзгешеліктер. Бұл мәселеде де этнолингвистер, белгілі мөлшерде, В.Гумбольдт пікірін басшылыққа алады. Ал В.Гумбольдт дүние жүзінде алуан түрлі тілдердің болуын, халықтардың әр түрлі тілдерде сөйлеу себебін рухтан іздейді. Ол: тіл - халық рухының сыртқы көрінісі, соған тәуелді, тіл дегеніміз сол тілді қолданушы халықтың рухы, әр басқа, тілдердің өзгешелігі олардың дыбыстық қабықтарының немесе таңбаларының өзгешеліктерінде ғана емес, дүниеге көзқарастарының өзгешелігінде деген болатын.
Осы ізбен Вайсгербер әр тілдің дүниеге өзіндік көзқарасы болады десе, Уорф әр тілдің өзіндік метафизикасы болады дейді. Осы пікірлерге орай бұл мектептер тілдердің құрылымдық өзгешеліктеріне де оларға тән емес функциялар жүктейді. Грамматика - халық идеясын, мінез-құлық нормасын, ақыл, ой, парасатын жасаушы; тілдер құрылымдарының әр түрлі болуы - халықтың ойлау формасының әр түрлілігінің белгісі, т.б. дегендерді айтады. Америка лингвисі Уорф тілдердің грамматикалық құрылыстарындағы өзгешеліктерді халықтардың ойлау формаларындағы, дүниеге көзқарасындағы, дүниетану қабілеттеріндегі өзгешелік деп ашық айтады. Ол Америкадағы хопи деп аталатын индеецтер тайпасының тілін шартты түрде өзі САЕ (орта еуропалық стандарт) деп атаған еуропалық тілдермен (ағылшын, француз, неміс тілдері) салыстыра зерттейді де, еуропалық тілдерде кездесетін кейбір ұғымдардың, грамматикалық категориялардың хопи тілінде кездесетініне немесе басқа тәсілдермен берілетініне қарап хопи тілінің "дүниеге көзқарасы", "метафизикасы", "тілдік ойлауы" еуропалық тілдерден басқаша, төмен, икемсіз деген шовинистік, нәсілдік сипатта тұжырым жасайды.
Дамудың жоғары сатысындағы халықтар мен түрлі тарихи себептерден кенжелеп дамыған халықтардың қоршаған әлемге көзқарасы, оның өзіндік заңы туралы түсінігі біркелкі болмайтьны табиғи нәрсе. Бірақ ол белгілі бір халықтардың жаратылысының ерекшелігінен, құдіреттілігінен, ал екінші бір халықтың кері тартпалығынан, жаратылысының төмендігінен, жамандығынан болатын жайт емес, олардың бәрі де ер халықтың экономикалық тұрмыс жағдайларына, әр түрлі объективтік себептерге байланысты. Тілдер құрылымындағы өзгешеліктерге де дәл осы тұрғыдан қараған мақұл.
Тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасын зерттеу, сөз жоқ, ғалым үшін қажетті. Этнолингвистер бұл салада көптеген бағалы материалдар жинады және мәселенің актуалдығын дәлелдеді. Бірақ бұл мектеп, әсіресе оның Америкалық тармағы, тіл табиғатына тән емес идеяны уағыздады. Олардың пікірінше:
- қоғамның рухани жақтары - діні, құқығы, көркем өнері, ғылымы, тұрмыс-салтты халық психологиясына тәуелді, олардың барлығын халық психологиясы белгілейді, сондықтан олар халық психологиясының керсеткіші болады;
- тіл қоғам өмірінің барлық саласында шешуші, билеуші, нұсқаушы қызметін атқарады, қоғам мүшелерінің ойын, дүниеге көзқарасын, мінез-құлқын қалыптастырады;
- әр халықтың өзгермейтін өзіндік мәдени үлгісі (моделі), тұрақты тілдік үлгісі болатындықтан, тілдердің әр түрлі болуы олардың ойлау дәрежесінің әр түрлілігін білдіреді деп түсіндірді
Сонымен, тіл білімі өзінің дербес ғылым ретінде дамуының бір ғасырдан аз-ақ асатын тарихы ішінде бірнеше дағдарыстарды, тартыс-талас, сілкіністерді басынан өткізді. Бірақ солардың ешқайсысы да оның алға басқан қадамын тоқтата алмады. Ондағы талас-тартыстар, пікір шайқастары, белгілі мөлшерде болса да, ғылым жолында кездескен бөгеттерді жоюға жәрдемдесті. Зерттеу әдістерінің айқындала, нақтылана түсуіне, ғылыми проблемаларының кеңеюіне жағдай жасады.
Қазіргі заман тіл білімі - дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әр түрлі лингвистикалық бағаттар, мектептер, зерттеудің әр түрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөліп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете, білдіре алмайды, оған өрісі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.
Кеңестік тіл білімі
Кеңес өкіметі орнауының алғашқы жылдарында тіл білімі алдына қойған ең басты міндеттердің бірі - бүкіл халықпен бірлесе отырып елдегі сауатсыздықты жою, жер-жерде ашылып жатқан оқу орындарына қажетті оқулықтар жазу, өзіндік жазуы жоқ ұсақ халықтардың өз тілдерінің дыбыстық жүйелеріне лайықты жазулары болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болатын. Тіл ғалымдары бұл міндеттерді абыроймен іске асырды.
Жер-жерлерде әр түрлі дәрежедегі оқу орындарының көптеп ашылуы, олардағы оқыту істерінің алғашқыда әр халықтың өз тілінде жүргізілуі, ана тілінің оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы - одақ көлеміндегі тілдердің грамматикалық құрылыстарын зерттеуді, олардың практикалық және ғылыми грамматикаларын жазуды күн тәртібіне қойды. Күрделі де қиын бұл міндетті де тіл ғалымдары абыроймен орындады. Соның нәтижесінде одақ көлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарының барлығы да ана тілінде жазылған грамматикалық оқулықтарға ие болды, қырық-елуден астам тілдердің академиялық грамматикалары жарық көрді.
Тілдің грамматикасын жазу үшін әр тілдің өзіне тән нормасын айқындау қажет болады. Ол үшін тілдің диалектілік ерекшеліктерін, грамматикалық, тілдік норма етіп, ол ерекшеліктердің қайсысын қолданудың жөн болатындығын айқындау қажет. Осыған байланысты кеңес тіл ғылымында диалектологиялық зерттеу де кең көлемде етек алды. Одақтағы көптеген тілдердің диалектілік сөздіктері, диалектологиялық карталары жасалды.
Бұл жұмыс тек норманы, тілдегі диалектілерді айқындаумен ғана шектелген жоқ, соларға қоса жер-жерде әр халықтың ұлттық әдеби тілін қалыптастыру, оның өткені мен қазіргі күйін, болашақ бағыт-бағдарын зерттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Жер-жерде әдеби тілдің теориялық және практикалық жақтарын жан-жақты қамтыған көптеген зерттеулер дүниеге келді.
Айтылғандар жалаң болмау үшін қазақ тілі мысалдарымен толықтыра түсейік. Қазан төңкерісіне дейін түркі халықтарының біразы, солардың ішінде қазақтар да араб жазуын қолданды.
Ислам дінінің енуіне байланысты ІХ-Х ғасырлардан бастап түркі халықтары арасына тараған араб жазуы жергілікті халықтар тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, арабтар қалай қолданса, сол қалпында өзгеріссіз түркі тілдерінде де қолданылды. Өйткені өз заманында қалыптасқан ұғым бойынша араб тілі канондық тіл деп есептелді, сондықтан оны озгертуге арабтарға тәуелді болған халықтардың құқы болмады. Сол себептен консонанттық принципті араб жазуы түркі тілдерінің дыбыс жүйесіне сай келмеді. Бірақ соған қарамастан ол он шақты ғасыр бойы түркі халықтарының, солардың ішінде қазақ халқының да мәдени-рухани дамуына қызмет етіп келді.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласының әр жерінен миссионерлік мақсатта болса да, орысша-қазақша мектептер ашыла бастағаны, бірді-екілі болса да мерзімді баспасөздің алғашқы қарлығаштарының көріне бастағаны белгілі. Қазақ тілі де араласатын дүниеге келген бұл жаңалықтар енді сол тілдің жазба тіліне икемделуін, өзіндік жазуы болуын қажет етті. Бұл қажеттілік аталған мәселелерді шешуді алғаш рет күн тәртібіне қойды, мерзімді баспасөз беттерінде пікір алысу орын алды. Қазақтың тұңғыш тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын өзгертіп, соның негізінде қазақ тілінің ұлттық жазуын қалыптастыруды Қазан төңкерісінен бұрын қолға алған болатын. А.Байтұрсынұлы қазақ әліппесі 1915-жылдың өзінде қазақ халқының ұлттық жазуы деген атқа ие болып, 1929-жылға дейін ел өмірінің барлық саласында да кең қолданылды. Қазақ тілінен мектептерге арналған тұңғыш оқулықтарды жазған да А. Байтұрсынұлы болды. Оның «Тіл құралы» деп аталған оқулықтары 1914-жылдан бастап 1928-жылға дейін бірнеше рет қайталанып басылды. Сондықтан А.Байтұрсынұлын ана тілімізде дамыған қазақ тілі білімінің атасы, бас ғалымы дейміз.
Ресейдің әлемдік тіл ғылымына теориялық мәнді ештеңе қоса алмағаны, Батыста қалыптасқан әр түрлі лингвистикалық мектеп пен әдіс-тәсілдерді қайталаудан аса алмағаны белгілі. Бірақ соған қарамастан Кеңестік дәуір дүниеге келген күннен бастап, "ескі дүниені талқандап, жаңа дүние жасаймыз" деген тәрізді өркөкіректікке, астамшылыққа салынып, Батыстағының бәрі жаман, бәрі зиянды деп лепірушілік етек алды. Бұл салада бірінші болып қолға алынған мәселе тіл білімінің философиялық негізі, тілдің әлеуметтік мәні жайындағы мәселе болатын. Бұл отан ғылымының, солардың ішінде тіл білімінің де негізі - марксистік диалектикалық материализм деп жарияланды. Сөйтіп, осы негізде Кеңестік жаңа тіл білімін қалыптастыру талабы қойылды, оны қалыптастырушылардың жолбасшысы, көсемі болып, Н.Я.Марр Кеңестік тіл білімі әлеміне көтерілді.
Н.Я.Марр- иберий-кавказ тілдерінің маманы. Ол алғашқыда бұл тілдердің туыстық төркін, олардың семит тілдерімен байланысын зерттеді де, келе-келе өз теориясын "яфет теориясы" деп атады. "Яфет" деген терминді басында Н.Я.Марр бүкіл Кавказия, Жерорта теңізі бассейндеріндегі толып жатқан тілдердің бәріне ортақ шартты атау ретінде қолданған да, артынан осы тілдерді зерттеуден туған өз тұжырымдарын "Яфет теориясы" деп атаған. Бұл атау бертінірек келе "Тіл туралы жаңа ілім" деген атаумен ауыстырылды. Бірақ әдебиеттерде бұл екі атау кейде бірінің орнына бірі қолданыла берді.
Н.Я.Марр бастаған "Тіл туралы жаңа ілім" өз қадамын революциядан бұрын үнді-еуропалық тіл білімі деп аталатын ғылымды кеңестік дәуір талабы тұрғысынан қайта қарап, үнді-еуропа тіл біліміндегі солкездегі қайшылықтардың, тоқырашылықтардың біразын дұрыс көре білді. Бұл бағыттың буржуазиялық тілдерде бірсыпыра мәселеде реакциялық, нәсілдік бағытта болып, отар елдер мен аз ұлттарды, олардың тілдерін кемсітіп, қорлайтындықтарын ашық айтты. Шынында да, әсіресе XX ғасырдың баскезінде үнді-еуропа семьясына жататын тілдерде сөйлеуші халықтарды жоғары бағалау, бүкіл мәдениетті, ғылымды жасаушы солар, прогресс соларға тән қасиет, басқа халықтар жараталысынан дамуға икемсіз, кері-тартпадейтін шовинистік бағытедәуір етек алды.
Халықтар достық, тең құқылыға туын көтере дүниеге келген кеңестік құрылыс мүддесіне, жаңа идеяға қызмет етуді мақсат еткен Н.Я.Маррдың ондай жат идеяға қарсы күресуі, әрине, табиғи нәрсе еді. Бірақ осы сын келе-келе салыстырмалы-тарихи тіл білімінің пайдалы жағынан да бас тартып, тіл біліміне марксизмге тән емес дөрекілік, асқақтаушылық, менмендік әсер тигізді
Н.Я.Марр тіл туралы жаңа ілімді яфет тілдерін жан-жақты зерттеу, оның басқа семьядаға тілдермен қатынасын айқындау негізінде ғана қалыптастыруға болады деп санады. Ол қалыптастырған "Жаңа ілімінің" өзіндік жүйесі, бағдарламалық бағыты, концепциялары болды. Бірақ олар Маркстің қоғам дамуына байланысты айтылған қағидаларын ешбір өзгеріссіз тілге де қолданғандықтан, бірсыпыра қате тұжырымдар жасалды:
1.) Марксизм - құлдық, феодалдық, капиталистік қоғамдар -
таптық қоғамдар. Бұларда адамдар қанаушы, қаналушы таптарға бөлінеді, таптан тыс адам болмайды десе, Н.Я.Марр осы
қағиданың көмегімен таптық қоғамдағы тіл де таптық болады, қанаушы таптың өз тілі, қаналушы таптың өз тілі болады, жалпыхалықтық тіл деген жалған сөз деді;
2) Марксизм - қоғамның саяси, құқықтық, діни, көркем
өнерлік, философиялық көзқарастары - қоғамдық базистің
қондырмалары, базис жойылумен бірге бұлар да жойылады, бұл
жаңа базистің өзіндік қондырмасы болады, ескі базис тұсындағы қондырма жаңа базис мүддесіне қызмет ете алмайды десе,
Н.Я.Марр тіл де қоғамдық қондырма, ол қоғамдық базиспен
бірге жойылып отырады, феодалдық базис тұсындағы тіл капиталистік базиске, капиталистік базис тұсындағы тіл социалистік базиске қызмет ете алмайды, қоғамдық формациялардың әрқайсысының өзіндік тілдері болады деді;