Xix ғасыр тіл білімі 2 страница

Қазір типологиялық белгілердің негізгілері ретінде сөз құрылымын, сөздердің тұлғалық түрленісін, сөз туғызатын, сөз түрлендіретін формаларды, синтаксистік қатынастарды алады. Сөз құрылымы морфологияның негізгі объектілерінің бірі болғандықтан, ғылымда типологиялық жіктеу - морфологиялық деп те аталады. Морфологиялық белгілерге ерекше мән берілетін себебі ол тілдік ұсақ жүйелер ішіндегі ең тұрақтысы, екіншіден, морфологиялық тип тілдерде онша көп емес және оған тән тұлғалар айқын да тұрақты, сондықтан оларды жүйелеу оңай. Осы аталған белгілерге қарай тілдерді түбір тіл, жалғамалы /агглютинативті/, қопармалы /флективті/, поли-синтетикалық тілдер деп бөлу - қазіргі заман тіл білімінде көп тараған принцип.

Типологиялық әдіс тек тілдерді жіктеуге ғана қолданылмайды, сонымен бірге, салыстырмалы сөздіктер жасауда да, шет тілді оқытуда да кең қолданылады.

XIX ғасыр тіл біліміндегі ағымдар. Тіл білімі өзінің бүгінгі көтерілген сатысына ішкі қайшылықтарсыз, талас-тартыссыз бірден жеткен жоқ. Оның даму тарихында әр түрлі ағымдар, пікір таластары болып отырды және қазір де бар. Ондай ағымдардың тууына түрткі болған себептердің бірі - тілдің өзіндік табиғаты мен мәнін ашу мәселесі. Кейбір ғалымдар тілдің қоғамдық мәнін дұрыс түсініп, оны қоғамдық құбылыстар қатарына жатқызса, енді бір топ зерттеушілер тілді табиғат құбылысы деп түсініп, оны зерттейтін ғылымды табиғаттану ғылымдары тобына қосты, тілді таза психикалық құбылыс деп санап, тіл білімін психология ғылымына тәуелді етпекші болғандар да болды. Осындай көзқарастағылар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өз алдарына лингвистикалық мектептер болып қалыптасты. Олардың қатарына натуралистік, психологиялық, жас грамматикалық деп аталатын лингвистикалық мектептер жатады.

Натуралистік немесе биологиялык көзқарас. Натурализм латынның натура (жаратылыс) деген сөзінен шыққан. Натурализм жеке ағым ретінде көркем әдебиетте, өнерде, ғылымда XIX ғасырдың екінші- жартысында Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды.

Ғылымда натуралистер деп аталатындар - қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жаратылыс заңдарын басшылыққа алып, мәселені соған негіздеп шешуге ұмтылушылар.

Тіл біліміндегі натурализм көрнекті неміс ғалымы, Россия Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Август Шлейхер /1821-1869/ есімімен байланысты. А.Шлейхер - салыстырмалы-тарихи тіл біліміне тіл философиясын қалыптастырушылардың, тіл фактілерін салыстыруда дыбыс құбылыстарының заңдылықтарын қатал сақтауды талап етушілердің, үнді-еуропалық ата тілді мүсіндеушілердің, тілдердің типологиялык ұқсастығы мен генеологиялық бірліктерін жан-жақты талдаушылардың ең көрнектілерінің бірі.Ол славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикаларын жазудағы зерттеулері арқылы тіл білімін теориялық жағынан дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады. Салыстырмалы-тарихи әдісті жетілдіре, оның объектісін айқындай түсумен бірге А.Шлейхер XIX ғасырда туған тіл философиясының да көрнекті өкілі болды. Көптеген пайдалы істермен қатар ол тіл біліміне бірсыпыра концепциялар да енгізді. Оның сондай теріс көзқарастарының бірі - тіл білімінде натуралистік көзқарасты қалыптастырды.

Оның натуралистік көзқарасы "Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу","Неміс тілі", “Дарвин теориясы және тіл білімі" дейтін еңбектерінен толық көрінеді.

Бұл еңбектерінде А.Шлейхер тілді табиғи организм, тіл де табиғи организмдер сияқты басқаларға тәуелсіз, өз бетінше өмір сүреді, туады, өседі, қартаяды, жаратылыс заңына бағынады, сондықтан тілді зерттегенде, жаратылыс заңдарын басшылыққа алу керек, тіл білімі жаратылыстану ғылымдары тобына жатады, соның бір саласы дейді. Тіл табиғаты жөніндегі бұл тұжырым, әрине, қате. Өйткені тіл қоғамдық құбылыстар қатарына жатады да, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық ғалымдар тобына қосылады.

Философиялық екінші тұжырымы - тілдің мәніне байланысты. Оның пікірінше, тілдің негізгі функциясы - ойды қалыптастырып, жарыққа шығару. Тіл дегеніміз - дыбысты ойлау дейді. Тілдің ойды қалыптастыратын құрал екені даусыз, бірақ ол тілдің негізгі және бірден-бір қызметі емес, оның негізгі қызметі - коммуникативтік. Бұл жөнінде ол ештеме айтпайды.

А.Шлейхер көтерген тағы бірмәселе - тілдегі болатын өзгеріс-құбылыстарға, тіл тарихына байланысты. Ол тілдегі өзгеріс адам еркіне тәуелсіз, өзіндік заңы бойынша іске асады, сондықтан ол биологиялық организмдер тобына жатуы керек, өйткені биологиялық организмдер де басқаларға тәуелсіз өз заңы бойынша өзгереді, сөйтіп, екеуі де өзгерудің бірғана заңына бағынатындықтан, екеуіндегі өзгерістің сипаты да бірдей, яғни тілдегі өзгеріс, қоғамдағы өзгерістер сияқты, тілдің дамуымен тарихын көрсетпейді, биологиялық организмдегі сияқты тек өсу, қартаю ғана болады дейді. Тілдік өзгерістерді А.Шлейхер тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі деп екі жікке бөледі де, тілдің тарихқа дейінгі өзгерісі оның дамуы, тарихи болады да, тарих басталғаннан кейінгі өзгерісі оның дамуы емес, тек өсуі ғана дейді.

А.Шлейхер тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысқан. Ол дүние жүзіндегі тілдерді түбір тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл деп үш түрге бөледі. Шлейхердің пікірінше, тілдер типінің бұл үш түрі, оның дамуының үш түрлі басқышы: ең жоғарғы сатыда қопармалы тіл, ең төменгі сатыда түбір тіл тұр, бұл үш түрлі сатының үшеуі де тіл дамуының тарихқа дейінгі дәуірінің жемісі дейді. Бұл пікірлер, әрине, қате.

А.Шлейхер үнді-еуропа тілдері тараған ата тілді мүсіндеу мәселесімен де айналысты. Оның бұл саладағы теориялық тұжырымы ғылым тарихында "Тілдің тегі" /родословное древо/ деп аталады. Бұл теория бойынша баста бір тіл болған да, содан келе-келе әр түрлі тілдер бөлінген. Тіл зерттеушілер арасында бұл теорияны қолдаушылар да, қарсылар да бар.

А.Шлейхер тіл білімі мен филология арасындағы қарым-қатынасты да сөз етті. Оның пікірінше, тіл ғылымы жаратылыстану ғылымдары құрамына енетіндіктен, ол тарихи ғылым емес, ал филология - тарихи ғылым. Өйткені филология жазбалар тілін зерттейді. Жазбалар тілі дейтініміз - тарих, онда халықтың рухани өмірінің тарихы бар. Сондықтан филология тек тілді ғана емес, халықтың рухани өмірінің тарихын зерттейді.

А.Шлейхердің тіл табиғатына, мәніне, тарихына байланысты айтқан пікірлерінің қате бағытта болғанына қарамастан, оның концепцияларында ойлы, тартымды жүйелілік бар. Сол себепті көпшілік назарын аударды, қолдаушылар да, қарсылар да мол болды. Шлейхердің талантты жазылған фонетикалық, грамматикалық еңбектері де мол. Ғылымда А.Шлейхер еңбектерімен компаративистиканың I дәуірі аяқталды деп есептейді.

Психологиялық көзқарас. Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт-психологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм XIX ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тіл ғылымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының объектісі - адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық үрдістер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің профессоры Гейман Штейнтальды /1823-1899/ жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің профессоры Александр Потебня /1835-1891/, неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт /1832-1920/, Герман, Пауль, тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету - XIX ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктірді.

Лингвистикалық психологизм өз ішінде қайшылықтары, алалықтары жоқ, біртұтас көзқарас емес. Бұлардың басын біріктіретін, ортақ концепция бар: Ол - тіл мәселелерін шешуде психологиялық қағидаларды басшылыққа алу. Тіл психологиялық бақылаудың объектісі тіл біліміндегі логикалық көзқарастарды сынау, тілдік категориялар мен логикалық категориялар арасында қайшылықтар көп, сондықтан тіл мәселелерін зерттеуде логика заңына сүйенуге болмайды деу. Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі.

Индивидуалистік психологизмның ең көрнекті өкілі Герман Пауль. Бұлар тіл біліміндегі натуралистік және логикалық бағыттарға қарсы күресе отырып, тілдік құбылыстардың барлығын жеке адамдардың сөйлеу және психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой-санасындағы өзгеріс-құбылыстарына тәуелді етеді. Жалпы халық тілі, біртұтас ұлт тілі деген - жалған сөз. Тіл жеке индивидумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті - индивидумның тілін зерттеу. Индивидумның тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады деп қарайды.

Индивидуалистік психологизм тілдің қоғамдық мәнін жоққа шығарады. Тіл білімін қоғамдық ғылымдар тобынан бөліп алып, оның дербестігін жояды, оны психологияға тәуелді, соның бір саласы деп санайды.

Ал әлеуметтік психологизм өкілдері индивидуалистердің "ақиқат бар нәрсе - индивидумдар тілі ғана" дейтін қағидаларына қарсы, олар тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолданушы да жалпы халық, қоғам дегенді айтады.

Әлеуметтік психологизм теориясын негіздеуші, оның ең көрнекті өкілі Г.Штейнталь. Оның тіл мәселелерін психологияның заң-ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым-қатынастары" (1855), "Психология мен тіл біліміне кіріспе" (1881), “Тілдің шығуы" (1851) деп аталатын т.б. еңбектерінде баяндалған.

Барлық психологистер сияқты бұлар да тілді психологиялық бақылаудың объектісі деп санайды. Индивидуалдық психология халықтық психологияға негіз болады. Халықтық психология - халық рухы жөніндегі ілім. Халық рухы - адамдардың рухани әрекетінің қайнар көзі. Халық рухы, ең алдымен, тілінен, одан кейін әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, жалпы әрекетінен көрінеді. Осылардың бәрі, соның ішінде тіл де, халық рухының жемісі, халықтық психологияның көрінісі.

Психологизм өкілдері сөйлеу психологиясы, оның сөйлеу әрекетімен байланысы, сөйлеу әрекетінің іске асу жолдары деген мәселелерге ерекше мән береді. Психологизм көп жағдайда лингвистикалық талдау орнына психологиялық талдауды қолданады, сөйтіп, тіл білімін өзінің негізгі функциясынан айырады. Психологизм - тілдік категориялардың барлығы да тек тілдік материалдар арқылы көрінетін, соны жамылған психологиялық категориялар деп санайды.

Тіл біліміндегі психологиялық бағыт үстіміздегі ғасырдың 50-ыншы жылдарынан бастап психологиялық лингвистика /психолингвистика/ деген атпен тіл білімінің дербес саласы ретінде қалыптасты. Ол - психология мен тіл білімінің аралығында, екеуінің түйісуінен туған жаңа бағыт. Бұл бағыт алғаш Америка тіл білімінде қалыптасты да, көп ұзамай басқа елдерге тарады.

Қазірде психолингвистика - сөйлеу әрекеттерінің заңдылықтарын зерттейтін ғылым деп саналады. Мұны сөйлеу әрекеттерінің теориясы туралы ғалым деп те атайды. Кейбір зерттеулерде психолингвистиканың негізі - ақпарат теориясы дегенді де айтады. Олай дейтіні психолингвистика сөйлеу әрекетінде болатын хабар беру, хабарды қабыддау үрдістерінің қалай іске асатындығын зерттейді. Бұл - оның негізгі объектісі. Психолингвистика - өз объектісін, міндеті мен мақсатын жан-жақты және дәл айқындай қоймаған жас ғылым.

Жас грамматикалық бағыт. Жас грамматикалық бағыт (младограмматизм) XIX ғасырдың 70-жылдарынан бастап қалыптасты. Алғаш Германияда туғанымен, көп ұзамай оған тілектес, пікірлестер әр елден табылып, өте тез өркен жайды. Францияда М.Бреаль, Швейцарияда Ф. де Соссюр, Америкада Уитни, Италияда Г.И. Асколи, Россияда Ф.Ф. Фортунатов бастаған Мәскеу лингвистикалық мектебі мен Бодуэн де Куртенэ бастаған Қазан лингвистикалық мектептері болды.

Бұл ағым өкілдері салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейінгі өкілдерін "бұлар - жорамалға толы қапырық шеберханада үнді-еуропалық ата тілді мүсіндеушілер" деп кекетіп, тіл ғалымдарын сол "сасық шеберхананы" тастап, жаңа жол табуға шақырған болатын. Олардың осы қызбалықтарына, албырттықтарына қарап, неміс лингвисі Ф.Царнке оларды "жас грамматистер" деп ажуалаған еді. Осы ажуа ат бірте-бірте лингвистикалық мектептің аты болып қалыптасты.

Жас грамматистік көзқарасты қалыптастырушылар Бругман, Остгоф, Дельбрюк, Пауль, т.б. Лейпциг университетінің тіл ғалымдары болғандықтан, кейін ол Лейпциг лингвистикалық мектебі деп те аталды.

Жас грамматистер мектебі өз зерттеулеріне екі түрлі принципті негіз етті. Оның бірі - тарихи принцип те, екіншісі - психологизм принципі. Осы себептен де жас грамматикалық бағытты кейде психологиялық салыстырмалы-тарихи тіл білімі деп те атайды.

Бұлардың бағыт-принциптерін баяндайтын еңбектер көп. Олардың ішіндегі ең негізгілері деп Г.Остгоф пен К.Бругманның "Үнді-Еуропа тілдерінің морфологиялық зерттеулері" (1878) дейтін кітапқа жазған алғы сөзін, Г.Паульдің "Тіл тарихының принциптері" (1880) және К.Бругман мен Б.Дельбрюктің "Үнді-Еуропа тілдері салыстырма грамматикасының негізі" (1886-1900) атты кітаптарын атауға болады.

Жас грамматикалық бағыттың тууына тіл білімі дамуының ішкі факторлары себепші болды. XIX ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап компаративистік тіл білімінің жайы қанағаттандырғысыз, бағыты бұлдыр, тоқырауға ұшырады деген пікірлер туып, сол тоқыраушылықтан құтқаратын жаңа бағыт іздеу басталды. Жас грамматикалық бағыт осылайша туып, көп ұзамай-ақ әлемдік тіл ғылымындағы ғылыми ағым болып қалыптасты.

Өрісінің кеңдігі, тілдік зерттеу еңбектерінің молдығы, ғылым дамуына тигізген әсері жағынан ХІХ ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы жартысындағы лингвистикалық ағымдардың ешқайсысы да жас грамматикалық мектепке тең келе алмайды. Бұл мектеп белсенді, беделді ғылыми ағым ретінде елу жылдан астам уақыт өмір сүрді.

Әдетте, жас грамматистер дәуірін салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының екінші кезеңі деп есептейді. Өйткені бұлар өздеріне дейін қолданылып келген салыстырмалы-тарихи әдісті түбірмен өзгертуді көздеген жоқ, оның кейбір ескірген, пайдасыз деген амал-тәсілдерінің орнына зерттеудің жаңа әдістерін енгізуді мақсат етті.

Жас грамматистер тіл ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Олар салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейін орын алып келген көптеген кемшіліктерін дұрыс ашып, компаративистиканы жаңа, жоғары сатыға көтерді. Туыстас тілдер семьялары жөнінде көптеген құнды салыстырмалы-тарихи зерттеулер берді. Натуралистік ағымның тілді табиғи организм дейтін, тіл білімін жаратылыстану ғылымдары тобына қосатын және тіл тарихын екі кезеңге бөлетін көзқарастарының терістігін жете әшкереледі. Туыстас тілдердің дыбыстық ұқсастықтарын айқындаудың жолдарын, амал-тәсілдерін нақтылап, жетілдіріп, Үнді-Еуропа тілдеріндегі фонетикалық заңдылықтарды тілдік фактілер арқылы талдап көрсетті. Үнді-Еуропа тілдерінен орасан көп нақтылы тілдік материалдар жинады. Бұл материалдар тіл білімінің практикалық саласының дамуына мұрындық болуымен қатар кейінгі дәуірлерде тіл білімін теориялық жағынан жетілдіре түсуге, тіл білімінде бұрын болмаған немесе тым елеусіз болып келген диалектология, лингвистикалық география, эксперименталды фонетика сияқты жаңа салалардың туып, қалыптасуына да көп септігін тигізді.

Үнді-Еуропа тілдерінің материалдары негізінде түрлі салыстырма сөздіктер, салыстырма грамматикалар жазылды. Туыстас тілдер фактілерін бір-біріне диахрондық жолмен салыстыру әдісі өзінің ең жоғары сатысына көтерілді. Осылардың бәрі жас грамматикалық кезең - салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының ең гүлденген заманы болды деуге мүмкіндік берді.

Жас грамматикалық бағытта жетістіктермен қатар көптеген кемшіліктер де болды. Оларды топтап жинақтасақ төмендегідей болмақ:

1) жас грамматистердің тілдің табиғаты жөніндегі философиялық концепциялары дұрыс болмады. Олар тілді туғызатын да, дамытатын да жеке адамдар дегенге сүйеніп, тіл білімінің теориялық негізі индивидумдар психологиясы, лингвистиканың міндеті - индивидумдар тілін зерттеу деді;

2) фактіге сүйену дегенді желеу етіп, ғылыми абстракция-
ның мәнін ескермеді, нақтылы фактілермен дәлелдеуге бол-
майтын дыбыс тілінің шығуы, оның алғашқы дәуірдегі сипаты
сияқты мәселелерді тіл білімінің объектісі емес деп жариялады;

3) тілдің құрамдық бөлшектерін бір-біріне байланыссыз жеке-жеке талдаушылыққа бой ұрды. Бұл - тілдің элементтері бір-бірімен тығыз баяланыста тұратын біртұтас жүйе деп тануға кедергі болды.;

4) лингвистикалық талдау - сөйлеу тілі фактілеріне сүйену керек деген қағиданы берік ұстап, жазба тіл дәстүріне жеткілікті мән берілмеді;

5) барлық назар туыстас тілдер фактілерін өзара салыстыра зерттеуге аударылды да, туыстас емес тілдердің бір-біріне тигізетін әсеріне, тілдік контакт мәселесіне жеткілікті көңіл аударылмады;

6) тілдің өзіндік ішкі даму заңына, фонетикалық заң мен аналогияға шешуші мән беріп, тілдік құбылыстарға экстралингвистикалық жайттардың тигізетін әсерлерін ескерусіз қалдырады;

7) зерттеу істерінде бір ғана диахрондық, индуктивтік әдіс-
терге сүйенді де, синхрондық, дедуктивтік әдістерге жөнді мән
бермеді, ондай зерттеулерді ғылыми емес деп санады.

Жас грамматикалық бағыттың осындай олқылықтары XIX ғасырдың соңғы он жылынан бастап айқын байқалды. Олардың концепциясына наразы пікірлер, жаңаша бағыт-бағдар іздеушілер әр жерде, әр елде бой көрсете бастады. Тіл білімі жас грамматикалық концепцияларға қарсы күресу, зерттеудің жаңа жолын іздеу үстіне ХХ ғасырдың есігін ашты.

Мәскеу лингвистикалық мектебі. Мәскеу лингвистикалық мектебін XIX ғасырдың 70-80 жылдарында Мәскеу университетінің ғалымдары қалыптастырды. Оны басқарған сол кездегі орыс тіл білімінің көрнекті ғалымдарының бірі - академик Филипп Федорович Фортунатов (1848-1914). Ол Германияда, Францияда, Англияда болып, жас грамматикалық бағыттағы көрнекті ғалымдардың лекциясын тыңдаған, өзі де осы бағытты қуаттаған, компаративистиканың Россиядағы көрнекті өкілі болған, Үнді-Еуропа тілдерінің фонетикасын, морфологиясын зерттеп, бұл саладан біраз еңбектер берген.

Бұл мектеп құрамында орыс тілі білімінің көрнекті өкілдері академик Алексей Александрович Шахматов (1864-1920), Александр Матвеевич Пешковский (1878-1933) , т.б. болды.

Мәскеу лингвистикалық мектебі, негізінде Лейпциг жас грамматистерінің Россиядағы қолдаушылары болды. Бұлар да индивидуалдық психологизмді өздерінің әдістемелік негізгі принципі деп санады. Лейпциг мектебі сияқты бұлар да тілді фонетикалық заңын өз зерттеулерінде әрдайым есепке алып отыруға ерекше мән берді. Бұлардың концепциялары, көп жағдайда, психологизм принципіне негізделді.

Мәскеу лингвистикалық мектебі лингвистикалық бағыт ретінде үстіміздегі ғасырдың отызыншы жылдарына дейін, Н.Я.Маррдың "Тіл туралы жаңа ілім" деп аталатын мектебі үстемдік алғанға дейін өмір сүрді.

Қазан лингвистикалық мектебі. Бұл Қазан қаласындағы университетте XIX ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Оған дем беруші - поляк-орыс тіл ғалымы, Қазан университетінің профессоры Иван Александрович Бодуэн де Куртенэ (1845-1929). Ол жалпы тілдік теориялық мәселелермен көбірек айналысқан.

Бодуэн де Куртенэ жас грамматикалық бағытпен тығыз байланыста болды, көп жағдайда олардың концепциясын жақтады. Солардың ізімен бұл да индивидуалдық психологизмді қолдады, ақиқат бар тіл - индивидумдар тілі, біртұтас ұлттық тілі деген тек қиялда ғана болатын жалған нәрсе, сондықтан зерттеудің негізгі объектісі индивидумдар тілі, индивидумдар психологиясы дейді. Солай дей тұра ол, екінші жағынан, тілде даралықпен бірге жалпылық та болады, бұл екеуі бірлікте. Индивидумдағы бар нәрсе, екінші жағынан, жалпынікі, жалпы адамдық болып табылады. Олай болатыны барлық индивидумдар психикасы біркелкі болады. Бұл біркелкілік - жалпылықтың, әлеуметтіктің негізі дегенді айтады. Сөйтіп, Бодуэн де Куртенэнің психологизмі индивидуалдық қана емес, әлеуметтік те психологизм болып шығады. Бұл - бүкіл Қазан лингвистикалық мектебіне тән тұжырым. Бұлардың көтерген тағы бір мәселесі - тілдің статикалық және динамикалық күйі деген мәселе. Жас грамматизм ізімен бұлар да тілдің динамикалық күйін, яғни тарихын зерттеудің бірінші орынға қоя отырып, екінші жағынан, тілдің статикалық күйін, яғни жүйесін зерттеуге де көңіл аударды. Тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, жүйесін айқындауда статикалық әдіс - таптырмайтын құрал дегенді айтты. Мектептің, оның көсемі Бодуэн де Куртенэнің бұл пікірі өзінен кейінгі де Соссюрдің статикалық және динамикалық лингвистикасы дегендерімен үндес келеді.

Қазан лингвистикалық мектебі, әсіресе Бодуэн фонема мәселесіне ерекше назар аударды. Оның бұл саладағы еңбегі кейініректе Прага структуралистерінің фонема жөніндегі зерттеулеріне күшті әсерін тигізді.

Қазан лингвистикалық мектебі құрамында Н.В.Крушевский, В.А.Богородицкий сияқты көрнекті тіл ғалымдары да болды. Кейінгі кезде бұл мектептің бағытын қолдап, оны ілгері дамыта түскен ғалымдар - Л.В.Щерба мен Е.Д.Поливанов.

XX ғасыр тіл білімі

Лингвистикалық мектептер. Қазіргі заман тіл білімі жас грамматистерге қарсы күресте туып қалыптасты. XIX ғасырдың соңғы он жылы мен XX ғасырдың бас кезінен бастап Батыс Еуропа тіл білімінде жас грамматистік бағыт қатты сынға алынды, зерттеудің жаңа әдісі, бұрынғыдан өзгеше амал-тәсілдері іздестіріледі. Әр елде, әр жерде жас грамматизмге қарсы лингвистикалық мектептер пайда болды. Олардың қатарына "Сөздер мен заттар", "Эстетизм", ''Социологизм" деп аталатын мектептерді жатқызуға болады. Жас грамматизм бағытын сынауда бұлардың өкілдері бірауызды болғандығымен, тілдің өзіндік сипатын, мәнін айқындауға келгенде әр-қайсысының өзіндік көзқарастары, ұстаған жолдары болды. Енді соған келейік.

Наши рекомендации