Хайуан мен ақымақтар

Табиғат неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай ТӘН жаратты.
Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ,
Есепсіз қанша мың мен сан жаратты.

Бұл сөзге біреу мәңгүр, біреу нанды,
Ақылмен білген адам әбден қанды.
Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш.
Ғаламда не бар болса, бәрі жанды.

Өледі кейбіреуі қаза жетіп,
Кесесің, бүлдіресің бір нәрсе етіп.
О да өлі, бұ да өлі деп адыраймай,
Көзіңді байқап қара төмендетіп.

Қарасаң, көрінбей ме таста қына,
Оны кім сүйтіп қойды, ойла да ұна.
Шөп қураса, тамыры қурамайды,
Сондайлармен дүниенің бәрін сына.

Бірақ, жанның әлдісі әлсізі бар,
Кейі дәнді кейінің дәнсізі бар.
Дәндісінде өсім бар, үлкеймек бар,
Оның да дәмдісі бар, дәмсізі бар.

Өсімді, ең күшті жан адамда тұр,
Алдында жақсы да тұр, жаман да тұр.
Өзгенің бәрі — жалғыз адам үшін,
Жаралып орны-орнымен ғалам да тұр.

Несін сүй, несін сүйме, ерік өзіңде,
Нәпсің де, ақылың да тұр көзіңде.
Сынау үшін жаратқан бір иең бар,
Тексерілмей қалмайсың бір кезіңде.

Хайуандар ақылы аздау, бізден төмен,
Айласы бірдей емес адамменен.
Шөп пен ағаш, суларды өлі дейміз,
Білімі, сезімі жоқ ештемеден.

Ал енді осы сөзді ұмытпай ақта,
Керекті бір іс келер артқы жақта.
Ақымақ пен хайуанның қайсысы артық?—
Білінер салыстырып байқасақ та.

Таппай қалған хайуандық—жатқан өлі,
Осы болды тегінде сөздің жөні.
Кейінгі сөздерімнен байқап отыр,
Адамзат қыла ма екен тегі соны?

Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,
Арамдық, өтіріктен ерте сақтан.
Күні бұрын жуытпа маңайыңа —
Есер, есірік, ынжықтық солар жақтан.

Еріншектің несі артық өліктен де,
Өзің сына оларды көріп кел де.
Байқарсың еріншектің төмендігін,
Көп МІНІП шабан тартқан көліктен де.

Хайуаннан несі артық жудың-дағы,
Бір антұрған залалкес тудың-дағы.
Қораға үрмес бір төбет тышқан аңдып,
Адамдықты сонымен жудың-дағы.

Мақтаншақтың бұқадан артық жері —
Бұқа қойса, қоймайды біздің сері.
Жуан мойын, ала көз, мүйізі алай,
Менен артық кім бар деп жүргендері.

Көрсеқызар маймылдан ілгері ме,
Түбін көрмей қызықпақ білгені ме?
Адам қайтсе, сүйтемін дейді маймыл,
Мен де маймыл болам деп жүргені ме?

Ызақорды байқалық енді мақтап,
Қабатұғын төбетпен бір салмақтап:
Кей төбеттен жеңіліп, кейде жеңіп,
Әбден көзі қызарсын арсалақтап.

Бет түзетіп сәндегіш әтеш болсын,
Қоқиып, қодырайып, ұшып-қонсын.
Іш түземей, сыланып сыртын түзеп,
Тауықтың айғыры бол, бейне солсың.

Жоғарғы мұтпа деген сөзім бар ғой,
Байқайсың ба, ақыл, ой көзің бар ғой?
Қылығына қара да сөзімді ойла,
Бұларға бір жолығар кезің бар ғой.

Сәнқойлар

Шедірейіп, шекиіп,
Қасын керіп кекиіп,
Қолдан пішін жасаған,
Біреу келер секиіп.
Шырт түкіріп, шынтақтап,
Жүз құбылып, қылтақтап.
Сұлуын-ай шіркініің
Дегізбекші жұрт мақтап.
Мұнымен мақтау алмақ па? -
Шамалап өзің салмақта.
Мұнша әдемі көрініп,
Көңлі қызға бармақ па?
Мен қыз емес, өзің қыз,
Осы күнде сындасыз.
Өз бетіңді өзің бұз,
Үйте алмаймыз, жаным, біз.
Бояған пішін бола ма,
Оны қылған оңа ма.
Ерте бастан айтқаным -
Сол пішінге жолама...
Бір салмойын сал келер,
Омырауы дал келер.
Бақайынан келмес-ақ,
Өзінен басқа пенделер.
Құлағын киер тымақтың,
Мойны бостау шырақтың.
Mac кісідей талтақтар,
Осыны қайтіп ұнаттың?
Жүрсе, тұрса, бұлықсып,
Мұнысы тапқан қылықсып,
Өнер қылар, ат мінер,
Жығыла жаздап толықсып.
Осындай салғырт салымыз,
Көтеріп аттан алыңыз.
Аяғын жерге анықтап
Баса алмайды, наныңыз.
Өзіне-өзі өң берген,
Терісін түзеп жөнделген.
Осындай шебер елде көп,
Өз қылығын жөн көрген.

«Бір салмойын сал келер...»

Бір салмойын сал келер,
Омырауы дал келер.
Бақайынан келмес-ақ,
Өзінен басқа пенделер.

Құлағын киер тымақтың,
Мойны бостау шырақтың.
Мас кісідей талтақтар,
Осыны қайтіп ұнаттың?

Жүрсе, тұрса, бұлықсып,
Мұнысы тапқан қылықсып,
Өнер қылар, ат мінер,
Жығыла жаздап толықсып.

Осындай салғырт салымыз,
Көтеріп аттан алыңыз.
Аяғын жерге анықтап
Баса алмайды, наныңыз.

Өзіне-өзі өң берген,
Терісін түзеп жөнделген.
Осындай шебер елде көп,
Өз қылығын жөн көрген.

Ызақорлар

Ашу келсе, тұрғызбас,
Артыңа мойын бұрғызбас.
Көрінеу отқа салады,
Орынды жұмыс қылғызбас.

Ыза керсе бойыңды.
Ойлатпайды ойыңды.
Басқызып алсаң, пайда жоқ,
Батпаннан ауыр шойынды.

Ашумен қылған іс емес,
Қайрат та емес, күш емес.
Ашуына билеткен,
Ақылы түзу кісі емес.

Пішінің кетер қуарып,
Аузың, ернің ұзарып.
Тышатұғын баладай
Екі көзің қызарып.

Қабаған иттей арсылдап,
Дуанадай қалшылдап,
Ыза қылған кісінің.
Соңынан қалмай жалпылдап...

Осыдан пайда не шықты?
Mac күнінде нені ұқты?
Ақылға салып ойлашы,
Мұнымен болар кім мықты?

Буындырмай өзіңді,
Бұлтитпай-ақ көзіңді,
Ойланып айтсаң болмай ма
Керекті ғана сөзіңді?

Бойды ашуға билетпе,
Басынан жаман үйретпе.
Адырайып, аптығып,
Бір жеріңді күйретпе.

Билеп алсаң ашуды,
Пайдасыз істен қашуды,-
Сонда әдемі байқарсың
Аяқты қалай басуды.

Ашусыз адам болмайды,
Ескеру керек ондайды.
Қапы өткізбей кайырып
Алмағандар оңбайды.

Еріншек, ашу, құмарлық -
Бұларды істен шығардық.
Жамандықтың басы осы,
Кісі болса ұғарлық...

Еріншек

Еріншектен - салақтық,
Салақтықтан - надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық.

Еріншек таза жүре алмас,
Кірі-қоңын жуа алмас.
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмас.

Жүрейін десең, тұрғызар,
Төсекке мойын бұрғызар.
Аналар да жүр ғой деп,
Біреуді мысал қылғызар.

Тұрайын десең, жатқызар,
Буынды сүйтіп қатқызар.
Орынды іске кіргізбей,
He болса соны шатқызар.

«Мен емес пе сабырың,
Жаныңа тыныш тамырың,
Асықпа - деп алдайды,-
Қазулы ма - деп - қабырың?

«Құдайдың - дейді - күні көп
Асыққан істің міні көп.
Аз ғана рахат қылсаңшы,
Істерсің ертең мұны»-деп.

Осымен-ақ жүре сал,
Мына бір жерге-ақ кіре сал.
Бір жырымың үзілсе,
Қанжығаңмен іле сал.

Тарамыс қайда, біз қайда,
Асығыстан не пайда.
Тігіп ала қоярсьң,
Біз табылған бір жайда.

Сонымен қалсаң алданып,
Ұмтылмасаң қамданып,-
Жалқаудың құлы болғаның,
Жатпақ үшін жалданып.

Шаруа да көп басыңда,
Көндіру керек жасыңда.
Қылайын десең харакет,
Еріншек отыр қасында.

Және айтады ақылды,
Қысып қояр тақымды:
«Тілімді алсаң, тек отыр,
Менің сөзім мақұл-ды.

Жас басыңнан аптықпа,
Кіре берме боқтыққа.
Өмір өзі-ақ береді,
Тағдырға қарсы соқтықпа.

Құлақ қойсаң сөзіме,
Пайда айтамын өзіңе.
Арқалатпа бейнетті
Қызық көрер кезіңе.

Бейнетке жаның шыдай ма,
Осы сөзім ұнай ма?
Пендесін аштан өлтірмес,
Қарсы болма құдайға».

Мұның сөзі мақұл деп,
Айтқаны дұрыс ақыл деп,-
Харекетсіз кеткенің,
Жай іздермін ақыр деп.

Бұл сөзді ұғып жас кетті,
Ішіп алып мас кетті.
Бар керектен айрылып,
Еріншек деген қас кетті.

Еріншектің қақпаны,-
Көрінбей көзге жатқаны.
Біреу оған ілінсе,
Оны құдай атқаны.

Іс қалдырмас еселі -
Ең білімнің кеселі.
Кірсе бойдан шығу жоқ,
Күн сайын өсер бес елі.

Төбені сүйтіп теседі,
Орныққан сайын өседі.
Ғибадат жоқ, өнер жоқ,
Бәрінің жолын кеседі.

Даулассаң желдей еседі,
Өзі айтып, өзі шешеді.
Үйір болған кісілер,
Жан тыныштық деседі.

Жан тыныштық бұл емес,
Жан дененің құлы емес.
Өзің байлап бересің,
Жан жұмысы ол емес.

Құмарлық

Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар.

Бай баласын көп көрдім,
Кедейлікті жек көрдім.
Сауық көрсем құмар боп,
Мен де сүйтем деп көрдім.

Мылтық атты, құс салды,
Домбыра, гармонды қолға алды.
Ауыл кезіп, ән салды,
Көрген адам таң қалды.

Дойбы, карта - бәрі бар,
Жүз құбылған әні бар.
Киім біткен қынаулы,
Таңырқарлық сәні бар.

Мен де осындай болам ба,
Бола алмасам оңам ба?
Бар малымды шашсам да,
Жетпей қойсам соған ба!

Арпалыстым, алыстым,
Жағаластым, жарыстым.
Дәл өзіндей болған соң,
Озамын деп қарыстым.

Жеттім, оздым. Жер білді,
Маңайдағы ел білді.
Бәрекелді батыр деп,
Қыз-бозбала сол күлді.

Мақтағанға бу ала,
Селкілдедім дуана.
Баяны жоқ, пайдасыз
Бір сағымды қуала.

Әлі келем далақтап,
Қызыл тілім салақтап.
Менен озған кім бар деп,
Алдыңғы жаққа алақтап,

Қара көрсем, кетемін,
Жетуге талап етемін.
Пайдасында ісім жоқ,
He де болса жетемін.

Заман өтті, жас өтті,
Қайрат, өнер бос кетті.
Абырой жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жетті?

Естігенді ұға бер,
Ыдысың болса - тыға бер
Пайдасыз болса құмарың,
Сілкініп тастап шыға бер.

Наши рекомендации