Оқу пәнінің 8-сыныптағы базалық білім мазмұны

32. Пәнді оқыту үшін бағдарлама материалдарын оқуға 56 сағат, тіл дамыту, шығармашылық жұмыстарға 8 сағат, сыныптан тыс оқыған шығарманы әңгімелеуге 4 сағат, барлығы 68 сағат бөлінген.

33. Пәннің білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:

1) «Кіріспе» (1 сағат).Қазақәдебиеті туралы жалпы түсінік. Әдебиеттің адам өмірінде атқаратын қызметі туралы.

34. «Ежелгі дәуір әдебиеті» (5 сағат):

1) «Ежелгі дәуір әдебиеті туралы түсінік» (2 сағат). Түркі халықтарына ортақ әдеби құндылықтар жөнінде (шолу). «Алып Ер Тоңа» дастаны. Көне замандарда өмір сүрген түркілер көсемі Алып Ер Тоңа туралы бізге жеткен деректер. Туған жерін сыртқы жаудан қорғауы, түркі жұртын бірлікке үндеуі. «Алып Ер Тоңа» - ХІ ғасырда бізге Махмұд Қашғари жазып алып жеткізген, атадан балаға мирас болып қалған жоқтау жыр. Бұл жоқтаудың ежелгі түркі әдебиетінің алғашқы нұсқасы ретінде «Түркі сөздерінің жинағы» деп аталатын кітапқа енгендігі. Алып Ер Тоңа ХІ ғасырдағы Иранның ұлы шайыры Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының кейіпкері;

2) «Орхон ескерткіштері. «Күлтегін жазуы» (1 сағат). Жазба ескерткіштердің тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арнап, тасқа қашалып жазылған жырлар екендігі. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің зерттелу тарихы. Орхон жазуларының мазмұны, композициялық құрылымы. Батырлар жырына ұқсастығы. Жанрлық сипаты. Жыр мазмұнынан түркі тайпалардың сол кездегі өмірі, тұрмыс-тіршілігінің көрініс беруі. Жырдың танымдық, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: жырдың композициясы туралы;

3) «Қорқыт ата кітабы» (1 сағат). Аңызға айналған Қорқыт ата бейнесі. Қорқыт айтқан нақыл сөздердің тәрбиелік мәні. Қорқыттан қалған нақыл сөздердің қазіргі қолданыстағы қазақ мақал-мәтелдерімен ұқсастығы. Қорқыт ата кітабының зерттелуі. Жырдың сюжеті, композициялық құрылымы. «Қорқыт ата» кітабындағы кейіпкерлердің Алпамыс батыр жырымен ұқсастығы. «Дерсеханұлы Бұқаш туралы жырдағы» кейбір мотивтердің Айман-Шолпан жырында қайталануы. Әдебиет теориясы: аңыз және әпсана. Пәнаралық байланыс:музыка (Қорқыт күйлері);

4) «Оғыз қаған» жыры (1 сағат). Жырдың бізге жету тарихы, зерттелуі. Оғыздардың Көк Тәңірге табынып, көк бөріден тарайтындығы туралы деректер. Көкбөрі туралы аңыздың түркі тайпаларының барлығында кездесуі. Жырда ел қорғау, қаһармандық рухтың көрінуі. «Оғыз қаған» жырының құрылысы, қазақ эпостарымен ұқсастығы. Әдебиет теориясы: тақырып пен идея.

35. «Ислам дәуіріндегі әдебиет (Х-ХІІ ғғ.)» (9 сағат):

1) «Ислам дәуіріндегі әдебиет туралы түсінік (шолу)» (1 сағат). Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері, шығармаларындағы ізгілік идеялары және эстетикалық ой-пікірлер. Ислам дәуіріндегі әдебиет – күллі түркі халқына ортақ рухани мұра;

2) «Әбунасыр әл-Фараби. «Қашықтасың туған жер», «Бауырым, қанша сүйгенмен», «Қағаздың түсіп бетіне», «Тамылжып бал тыныштық айналамнан», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» (2 сағат). Әбунасыр әл-Фарабидің өмірі, туған жері, өлеңдері мен ғылыми еңбектері. «Қашықтасың туған жер» өлеңіндегі ақынның туған жерге деген махаббаты, сезімі. «Қағаздың түсіп бетіне» және «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкердің Отан алдындағы парызы, достық, адалдық туралы ойлары. Әдебиет теориясы:лирика туралы түсінікті тереңдету;

3) «Ахмет Йүгінеки (Ахмед Махмұтұлы Жүйнеки)» (1 сағат). Өмірі мен шығармашылығы. Ақын өмір сүрген тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдай. Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» («Хибатул-хақайық») шығармасы. Қолжазбаның біздің дәуірімізге жету тарихы. Жырдың композициялық құрылымы, сюжеттік желісі, идеялық мазмұны. «Ақиқат сыйы» дастанында көтерілген тақырыптар: адамгершілік, оқу-білім, т.б. Дастанның көркемдік сипаты. Ақынның сөз қолдану ерекшелігі. Әдебиет теориясы: тақырып пен идея, архаизмдер;

4) «Ахмет Йасауи. «Хикметтері» (1 сағат). Қожа Ахмет Йасауидің өмірі мен шығармашылығы. Хикметтердің дидактикалық сарыны мен ондағы шешендік, поэтикалық оралымдар, нақыл сөздер. Қ. Йасауи тілінің қазақ тіліне жақындығы. Әдебиет теориясы: сопылық поэзия туралы;

5) «Жүсіп Баласағұни. «Құтты білік» (үзінді)» (1 сағат). Ж.Баласағұнидың өмірі. «Құтты біліктің» әлем әдебиетінің асыл мұраларының бірі екендігі, түркі тілдес халықтарға ортақ өлеңмен жазылған трактат екендігі. Дастанда адамға білім мен ғылымның не үшін қажет екендігі, жалпы адам баласын ғасырлар бойы толғандырып келген ізгі мұраттар, ел басқару, моральдық-этикалық, т.б. тұрмыстық мәселелердің арқау болуы. Поэманың бүгінгі таңдағы өміршеңдігі, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы:қисса, дастан;

6) «Махмұт Қашғари.Мақал-мәтелдері, «Қордайдың аққу-қазы қаңқылдайды» өлеңі» (1 сағат). Махмұт Қашғаридың өмірі мен шығармашылығы. Оның түркі тілдерінің дамуына қосқан үлесі. «Қордайдың аққу-қазы қаңқылдайды» өлеңіндегі туған жерге, табиғатқа деген ақын сезімінің шынайылығы. Тіл бейнелілігі. Әдебиет теориясы: мақал-мәтелдер туралы;

7) «Рабғузи. «Лұқман хакім» («Қисса – ул Әнбиадан» үзінді)» (1 сағат). Рабғузидің өмірі мен еңбектері. Туындыдағы табиғат, жаратылыстың пайда болуы және әулие-әнбиелер, пайғамбарлар туралы түсінік. «Лұқман хакім» әңгімесіндегі адамгершілік идеясы. Әдебиет теориясы: миф туралы;

8) «Сәйф Сараи. «Түрікше Гүлстан» (1 сағат). С.Сараидың өмірі мен шығармашылығы. Бұл еңбек парсы ақыны Сағдидың «Гүлстан» кітабының түркі тіліндегі аударма нұсқасы екендігі. Аударма туындының өзіндік ерекшеліктері. С. Сараидың төл туындысы – «Суһаил мен Күлдірсін» шығармасы туралы. Шығарманың өсиет-өнегесі, адамгершілікке (жомарттық, қанағатшылдық) баулитын тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы:нәзирашылдық дәстүр.

36. «ХІХ ғасыр әдебиеті» (9 сағат):

1) «Махамбет Өтемісұлы. «Ереулі атқа ер салмай», «Мұнар күн», «Мен құстан туған құмаймын», «Жалғыздық» (2 сағат). М. Өтемісұлының өмірі, оның өмір сүрген дәуірі. Өлеңдерінің тарихи мәні, халықтың арман-тілегін жырлауы. Махамбет жырларының жауынгерлік, асқақтық, күрескерлік сипаты. Өлең-жырларының жанрлық ерекшеліктері, бейнелеу тәсілдері, ішкі ырғақтары мен теңеулері. «Ереулі атқа ер салмай» өлеңінің тақырыбы. Өлеңнен көрінетін көтерілістің мақсаты мен міндеті. Өршіл, прогресшіл романтизм. «Мұнар күн» өлеңіндегі ақынның сыры, қайғысы, эллегиялық сарын. «Мен құстан туған құмаймын». Ақын поэзиясындағы асқақ арман, жігер. «Жалғыздық» өлеңінің философиялық лирикаға жататындығы. Әдебиет теориясы: әдебиеттің қоғамдық мәні. Пәнаралық байланыс: Қазақстантарихы, музыка (Құрманғазының «Кішкентай», «Сарыарқа» күйлері), кино («Кісен ашқан» фильмі);

2) «Шортанбай Қанайұлы. «Зар заман» өлеңі» (1 сағат). Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығы. Ақынның толғау өлеңдеріндегі заман зары, отарлық езгіден азып-тозып бара жатқан қазақ елінің тағдыры туралы. «Зар заман» өлеңінің тақырыбы мен идеясы. Өлеңде көрінетін Ресейдің отарлау саясаты, оның қазақ халқына әкелген зобалаңы. Ақынның отаршылдыққа, ол әкелген жаңалыққа қарсылығы. Бейнелі тіл нақыштары.Әдебиет теориясы: өлең құрылысы туралы түсінікті кеңейту;

3) «Майлықожа Сұлтанқожаұлы.«Ілімге толса көкірек» толғауы» (1 сағат). Майлықожаның өмірі мен шығармашылығы. Толғау өлеңдеріндегі ғибратты ойлары. Ақын жырларындағы шығыстық сарындар. Жақсылық пен жамандық қасиеттерді салыстыра сипаттауы. Толғаудың тілі, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: толғау туралы түсінік;

4) «Абай Құнанбайұлы. «Адамның кейбір кездері», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Кешегі өткен ер Әбіш», «Тұла бойың ұят, ар едің», «Талаптың мініп тұлпарын» өлеңдері, он жетінші қарасөз» (3 сағат). А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы негізінде ақын шығармашылығы туралы мәлімет беру. Абай шығармаларының өлшем-өрімдері, бейнелілігі. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Абайдың поэзияға қоятын биік талабы мен міндеті. Ақынның өлеңді «өнер» деп түсінуі. «Адамның кейбір кездері». Өлең құдіреті, оның дүниеге келу сыры, ақынның шығармашылық психологиясы. «Кешегі өткен ер Әбіш», «Тұла бойың ұят, ар едің», «Талаптың мініп тұлпарын» өлеңдеріндегі ақынның жан күйзелісі, гуманизм мен философия. Әбдірахман бейнесі. Он жетінші қарасөз. Абайдың қарасөздері туралы қысқаша мәлімет. Қарасөздің мазмұны және ой түйіні. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерінің сабақтастығы жөнінде. Әдебиет теориясы: өлең менқарасөз туралы түсінік. Пәнаралық байланыс:Қазақстантарихы (ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайы);

5) «Шәкәрім Құдайбердіұлы.«Қалқаман-Мамыр» поэмасы» (3 сағат). Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы туралы. «Қалқаман-Мамыр» дастанына өзек болған тарихи шындық, шығарманың композициялық құрылысы, кейіпкер бейнесін даралап берудегі шеберлігі. Жырдағы халықтық әдет-ғұрыптың, ұғым-түсініктің көрінісі. Жырдың көркемдікм ерекшелігі. Әдебиет теориясы:образ туралы.

37. «ХХ ғасыр әдебиеті» (25 сағат):

1) «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.«Адамдық іс», «Арқаңның ауруы не, қозбайтұғын» өлеңдері» (1 сағат). Т.Ізтілеуовтің өмірі мен шығармашылығы. «Адамдық іс», «Арқаңның ауруы не, қозбайтұғын» өлеңдерінде білім мен ғылымды, адамдық ізгі қасиеттерді насихаттауы, жастарды имандылыққа шақыруы, сондай-ақ оқу-білім ізденіс нәтижесінде табылатынын айтуы. Өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: өлеңдегі ырғақ;

2) «Жамбыл Жабаев. «Жаныс ақынға», «Патша әмірі тарылды», «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарынан үзінді» (2 сағат). Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы, Жамбыл – ауыз әдебиетінің ірі өкілі, айтыс ақыны, жыршылық өнердің шебері. «Жаныс ақынға» арнау өлең үлгісі, онда ұстазы Сүйінбайды пір тұтуы. «Патша әмірі тарылды». 1916 жылғы патша жарлығына ақынның іштей қарсылығы, жан күйзелісі, халыққа, жастарға деген жанашырлығы. «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандары. Сұраншы, Өтеген батырлардың өмірде болған тарихи тұлғалар екендігі. Сұраншы батырдың ХІХ ғасырдың орта тұсында Қоқан хандығына қарсы, Өтеген батырдың Жоңғар шапқыншылығында көрсеткен ерліктері суреттелуі. «Сұраншы батыр» дастанының «Қобыланды батыр» жырына ұқсастығы. Ақын дастандарының тәрбиелікмәні. Әдебиет теориясы:гипербола, эпитет, теңеу. Пәнаралық байланыс:Қазақстан тарихы, қазақ тілі. «Жамбыл мұражайы» телесабақ.

3) «Мағжан Жұмабаев.«Түркістан» өлеңі, «Батыр Баян» поэмасы» (3 сағат). Ақынның өмірі, шығармашылық жолы. Мағжан нәзік лирик, сыршыл ақын. «Түркістан» лирикасы. Өлеңдегі туған жерге, елге деген ақынның мақтаныш сезімі. Тұран елін, оның тарихын перзенттік сезіммен жырлауы. «Батыр Баян» поэмасының тарихи-әлеуметтік негізі. Абылай хан, Батыр Баян бейнелерін даралап сомдауы. Баян батырға тән биік рух, отты сезім. Поэманың көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы:поэмажанры;

4) «Міржақып Дулатұлы. «Шешенің балаларын сүюі» өлеңі» (1 сағат).М.Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы. «Шешенің балаларын сүюі» өлеңінің тәрбиелік мәні. Ананың балаға деген махаббатын жырлауы, ақынның әр балаға анасын сыйлауды, қадірлеуді насихат етуі;

5) «Мұхтар Әуезов. «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі (үзінді)» (3 сағат). М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы. «Қараш-Қараш оқиғасы» тарихи шындыққа негізделген көркем туынды. Повестегі Бақтығұл, Тектіғұл, Жарасбай бейнелері. Бақтығұлдың тағдыры. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен мінез ерекшеліктерін суреттеудегі жазушы шеберлігі. Повестің тақырыбы, сюжеті мен композициясы, көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы: сюжет;

6) «Тахауи Ахтанов. «Күй аңызы» әңгімесі» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы. «Күй аңызының» өнер тақырыбына жазылған шығарма екендігі. Әңгімедегі Естемес, Оразымбет, Жаңыл образдары. Күйдің нар идірген құдыреті. Әңгімедегі өнер иелерінің тағдыры. Жазушының сөз қолдану шеберлігі. Әдебиет теориясы: әңгіме жанры;

7) «Мұқағали Мақатаев. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы» (2 сағат). М.Мақатаев шығармашылығы туралы. Поэмадағы табиғатты қорғау, аялау идеясының халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, ұлттық наным-сенімдерімен сабақтастықта суреттелуі. Ана мен бала, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың эпикалық туындыда көркем бейнеленуі. Поэманың тақырыбы мен идеясы, сюжеті мен композициясы. Әдебиет теориясы:сюжет пен композиция. Пәнаралық байланыс: музыка: Н.Тілендиевтің «Аққу» күйі. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» телесабақ;

8) «Шерхан Мұртаза.«Бесеудің хаты» драмасы (үзінді)» (3 сағат). Ш.Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы.Тарихи драмада бейнеленген өмір шындығы. Қазақстанда ХХ ғасырдың басында болған тәркілеудің зардабы. Отыз екінші жылы қасақана жасалған қазақ халықының басына түскен ауыр қасірет. Ашаршылыққа араша түскен қазақтың бес асыл азаматының бейнесі. Әдебиет теориясы:драма жанры. Пәнаралық байланыс:Қазақстан тарихы (1930-32 жылдардағы ашаршылық);

9) «Қабдеш Жұмаділов. «Қаздар қайтып барады» әңгімесі» (2 сағат).Қ.Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығы туралы. «Қаздар қайтып барады» әңгімесіндегі шетелдегі қазақтардың ата мекенге, елге деген сағынышы. Әңгіменің негізгі кейіпкері – қарттың мойнынан түспеген қырық жылғы бойтұмардың символикалық, тәрбиелік мәні. Тақырыбы мен идеялық мазмұны. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы);

10) «Олжас Сүлейменов.«Арғымақ», «Қыз қуу» өлеңдері» (1 сағат).Ақынның өмірі мен шығармашылық жолы. Әлем және қазақ әдебиетіндегі орны. «Арғымақ», «Қыз қуу» өлеңдеріндегі пафос, ұлттық өрнек, ұлттық мінез, таным-түсінік. Әдебиет теориясы:теңеу, өлең құрылысы;

11) «Төлеген Айбергенов. «Ана», «Аруана – бауыр дүние» (1 сағат). Т.Айбергеновтің өмірі мен шығармашылық жолы. «Ана» лирикасының идеясы, көркемдік ерекшелігі. «Аруана – бауыр дүние» өлеңіндегі аруананың туған жерге деген махаббаты. Т.Айбергенов өлеңдерінің құрылымдық ерекшелігі. Пәнаралық байланыс: музыка: Құрманғазының күйі «Қайран шешем», Динаның күйі «8 март»;

12) «Төлен Әбдіков.«Қонақтар» (хикаяттан үзінді)» (2 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылығы. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, қала мен дала адамдарының мінез-құлқы. Хикаятқа арқау болған ұрпақ тәрбиесі. Әңгіменің тақырыбы мен идеясы. Әдебиет теориясы: хикаят;

13) «Дулат Исабеков.«Әпке» драмасы» (2 сағат). Әпкесінің бауырларына деген қамқорлығы, махаббаты. Әпкенің жан дүниесінің байлығы, адамгершілік болмысы. Туындының тәрбиелік мәні. Пьесадағы адамдар арасындағы психологиялық тартыс. Әдебиет теориясы: драма жанры.

38. «Әлем әдебиеті үлгілері» (5 сағат):

1) «Әбілхасан Рудаки. «Өмір маған ақыл айтты», «Егіз жолдар» (1 сағат). Ә.Рудакидің өмірі мен шығармашылығы. Парсы поэзиясының атасы атанған ақын өлеңдеріндегі дидактикалық сарын. Өлең жолдарындағы ақыл-парасат, адамгершілік, имандылық қасиет туралы ақынның қалдырған өлмес мұрасы;

2) «Омар Һаям. «Рубаилар» (1 сағат). Әлем поэзиясында рубаиларымен артына өшпес із қалдырған ақын екендігі. Рубаиларының тақырыптары. Философиялық мәні. Қазақ әдебиетіне жасаған әсері;

3) «Расул Ғамзатов. «Менің Дағыстаным» әңгімесі (үзінді)» (1 сағат). Р.Ғамзатовтың өмірі туралы. «Менің Дағыстаным» - патриоттық туынды. Елін, тілін, туған жерін сүйген ақынның үні. Туған тілін ұмытқан баласын «өлдің» деген ана қасиеті. Шығарманың тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: рубаилар;

4) «Шыңғыс Айтматов.«Найман ана» романынан үзінді» (2 сағат).Аңыздағы ана трагедиясы. Мәңгүрт ұғымы туралы түсінік. Адам санасын қолдан өзгертудің апарып соқтырар қасіреті. Ананың өз баласының қолынан мерт болуының себептері. Пәнаралық байланыс:балет. («Найман ана», қоюшы режиссер Б.Аюханов). Театр («Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі, қоюшы режиссер Ә.Мәмбетов).

39. Қорытындылау (1 сағат).

Наши рекомендации