АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 4 страница

Оятқан мені ерте Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды әлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен,

Надандықтың тазарып кетті кірі.

Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы «кәпір» қойдың.

Жанымен сүйді әдебиет, ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың.

Келесі өлеңінде ақын бұл ойын онан әрі тереңдетеді:

Білсе егер Салтыков пен Толстойын,

Сезсе олардың айтылған терең ойын.

Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса,

Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.

Ала аяқ, сұм, сопы, молдалардың қазақ халқын орыс халқына қарсы қою, діни араздықты қоздыру сияқты қылықтарын қатты сынайды да, онан өзіндік мәні бар қорытынды шығарады.

Өнерді, білімді елден тәлім алмай,

Қуларға еріп, момындар тартар азап.

Ала аяқ сұмдарға ерсең, болмас жолың,

Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.

Көріп отырмыз, «момындар», «қазақтар» деп ақын көпшілікті, халықты айтып отыр. «Сұм» дейтіні - қулар, сопы, молдалар. Білім мен мәдениет қонған, оқу, өнері дамыған орыс халқын ақын батыл өнеге етіп ұсынады, олардан тәлім алуға шақырады. Жоғары мәдениетті, ойшыл ақынға орыстың озық әдебиеті көп әсер, ықпал еткен, суреткерлікке үйреткен. Орыс әдебиетінің көп туындыларын терең ұғынып, ықыласпен қазақ тіліне аударуы да ақынның данышпан әдебиетке қарай бұрған достық бетін аңғартады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы - сөз өнерін, ақын орнын аса жоғары бағалағандардың бірі. Бұрынғы қазақ өлеңі көбіне онан-мұнан құрастырылған, тереңге бармай, үстірт, жалаң суретке, жалтылдаққа әуес болғанын ақын сынайды:

Қазақтың жайы белгілі,

Өлеңі өңкей құрама

Байқадық қой ендігі,

Оны менен сұрама.

«Ауылым конды Нұраға,

Мінген атым сұрала»,

Керексіз сөзбен бұрала,

Қазақ сүйтпей тұра ма!..

Сөзді әнге дұрыстап

Өлшеуменен сығама.

Симаса да сырықтап,

Зорлық қылып тыға ма.

«Ақындарға» деген өлеңінде поэзияға, жырға қандай талаптар қоюға болатынын, қандай жырдың көкейге қонатынын ақын былай анықтайды:

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты - гүл жарасымды, ішінде сыр.

Жаныңның ләззәт алар жарығындай,

Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.

Ән менен күйдің тілі - үн

Ұқпасаң оны саған мін.

Мұңлы, зарлы үндер еріксіз жылатар,

Қамыққанды кейі жұбатар.

Ой, ақылымды қозғар, ән-күйді,

Жаным, жай тапқандай ұнатар.

Маңызсыз айғай ән болмас,

Татымды онда мән болмас

Абай дәстүрін мықты ұстанған ақын өлең мен жырға коятын талабында да ұлы Абайға ұқсап бағады. «Құр айғай ән бе екен, құлаққа сән бе екен?!» деген жолдарды еске түсірсек, талап-тілек ұқсастығын, сонымен бірге, өлеңнің сыртқы формасының да жарасымды келетінін байқаймыз. Алайда, ақын, әрине, өзіндік мәнер, өрнек іздеген, бұрынғының шеңберінде қалып қоймай, жаңа бейне суреттер жасаған, Абай: «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» десе, Шәкәрім: «қадалып жүрегіне ақ қанжардай, оятсын ой-күйезді жан бергендей...»; «үйріліп көкейіне ұйып жатсын, тазартып жүрек кірін жуып жатсын»; «сырты - гүл, жарасымды, ішінде сыр» деп өлеңге, поэзияға қоятын талабын анықтай, тұжырымдай түседі. Мәнді, мағыналы болу, халық мұңын жырлау - поэзияның бірінші міндеті. Сонымен бірге, орнымен сұлулығын, әсемділігін сақтау, «қиыннан қиыстыру» (Абай айтқандай)- ақынға шарт. Шәкәрім «ұйқасты, сипатты, ішкі сырлы жырыңды әнге қосу» дейді. Поэзияның эстетикалық әсерін ете жоғары бағалайды, оған ғажайып арбағыш күш бітіріп, формасы жағынан «мың» құбылтып, түрлендіріп жазған үлгілері көп,

Жыршылар ән салар толғанып ойдан,

Мұңлы зар қозғалар байқалып бойдан.

Жаныңнан бір майда сыр шығар, сезімі ояу оны ұғар;

Тіл билеп, үн күйлеп, суреттесе өмір жайын он,

Мұңдатса, шырқатса, ентелетсе, оянбай ма өлген тән!

Өлең сиқырына шексіз сенетінін, әрі сүйетінін ақын айқын-ақ білдірген. Өлең мазмұнынан шығатын қорытынды шын мәніндегі көркем ән, өлең жанды тебірентпей қоймайды, оның эстетикалық әсері өте күшті.

Шәкәрім поэзиясынан форма, буын, жол сандары сияқты элементтерді алып қарасақ, сан алуан соны, тың өлшем, өрнектерге жолығамыз. Жоғарыдағы үзіндіден сол жаңалықтардың бірі байқалады. Өлең («Таң» журналына өлеңмен байғазы»- 1925) үш шумактан тұрады. Әр кайсысы бес жолдан. Ал ұйқасы буын саны жағынан мүлде өзгеше.

Ішкі ұйқастарын (ырғағына, бір - ойдың бітуіне қарай) еске алып, осы шумақты он жолға бөлуге де болады:

Жыршылар ән салар,

Толғанып ойдан.

Мұңлы зар қозғалар,

Байқалып бойдан,

Жаныңнан бір майда сыр шығар,

Сезімі ояу оны ұғар.

Тіл билеп, үн күйлеп, суреттесе,

Өмір жайын ән,

Мұңлатса, шырқатса, ентелетсе,

Оянбай ма өлген тән!?

Өте қызғылықты, зейін қойып қарар заңдылық байқалады. Ақынның өз қолжазбасына сүйенсек, осы үш шумақтан тұратын өлеңнін, әр шумағы бес жолдан. Онда жоғарыдағыдай схема: а- а-б-в-в болып шығады. Буын саны он сегізге дейін барады. Ал, соңғы реттегідей өлеңнің ішкі ырғақ, ұйқас заңдылығын ескеріп, он жолға бөлсек (мағынаға нұқсан келмейді және әдемілігі де, әуезділігі де бұзылмайды), буын саны бес, алтыдан онға дейін барады да, алғашқы төрт жол мен соңғы төрт жол шалыс ұйқасады, ортадағы екі жол қатарынан үйқасады: а-б-а-б-в-в-г-д- г-д. Бұл күйде де, ырғақ, ұйқас жағынан өлең сонылылықты байқатады. Көбінесе тұйық буынмен бітетін ұйқастарға әрі ырғақ екпіні, әрі ой екпіні түседі. Онда заңдылық бар; айтқалы отырған негізгі ойы осы соңғы буындардағы сөздерде: ойдан, бойдан, ән, тән, т.б.

Шәкәрім өлеңдерінде мұнан басқа да жаңа түрлер баршылық. Абай өрнегімен жазылғандары да мол. Олардың барлығын бірдей талдап жатудың орны жоқтай. Тек, анық түйіп айтатын жай - Шәкәрім жаңа бағыт, жаңа дәуірге сай (XX ғасырдың басын айтамыз) жаңаша ойлай білген. Жырдың ендігі мақсатын аңғарып, хал-хадерінше соны ақтап шығуға ұмтылған. Сөз кадірін жақсы аңғарғаи ақын «ойлаңыз біздің әскер өле ме, қағазға бір басылып қалған соң» деген метафорамен өлеңді әскерге балайды («Ажалсыз әскер» - 1904 ж.).

алаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 4 страница - student2.ru Қазақ мәдениетінің Абай тәрізді аса ірі қайраткерлерінің тәрбиесінде болуы - Шәкәрімді туған ел әдебиетінің арғы-бергі мұраларымен танысып қана қоймай, оның осындай ақындық талантының да ерте оянып, жедел қалыптасуына жағдай жасады.

* * *

Шәкәрім - нағыз реалистік поэзияның ақыны. Оның өледдері қай жағынан болса да, шынайы өмір құбылыстарын қозғайды. Ең алдымен адам, қоғам өміріне байланысты жайлар ақын поэзиясының негізгі өзегі болып келеді. Мұндай өлеңдерінде екіұштылық, дүдәмалдық деген болмайды, оқушы сезіміне бірден әсер етіп, баурап алады, ойды, сананы тебірентеді.

Шәкәрімнің ақындық стилінде, жоғарыда айтқанымыздай, Абайдан үйренгендік, Абай ақындығының ықпал еткені әрдайым байқалып отырады. Айталық, Абай би-болыстарды «болыс болдым мінекей» деген өлеңінде олардың өз атынан сөйлеп мысқылдайтыны сияқты Шәкәрімде де осы әдіс, тәсіл орын алады. Мысал үшін оның «Шаруа мен ысырап» деген өлеңіндегі аты-жөні белгісіз бір мақтаншақтың мына сөзін келтірелік.

Қымбат ішік, қыл шапан,

Папирос тарттым баптанып.

Бешпет, шалбар сукнодан,

Тігінші тіккен ақша алып,

Күміс баулы сағатым,

Қойнымда жүр сақталып.

Резинкеден калошым,

Аяғыма шақталып.

Ер-тұрманым жарқырап,

Күміс шапқан қақталып.

Қуанып өле жаздаймын,

Киіміме мақтанып,

Өйткенімен бәрі борыш,

Құтылам ба ақталып.

Пұл әпердім әр кімге,

Ерте ойланбай сақтанып.

Бір күні осы кетеді-ау,

Ішек-қарнымды ақтарып.

Шәкәрімнің сыншылдық әдіс, тәсілі, бұл бағыттағы шеберлігі біреуді сынауға, не бір кемшілікті көрсетуге арналған шығармаларында ғана емес, өзге шығармаларында да үнемі байқалып, оның шығармашылығына тән негізгі қасиет ретінде сезіліп отырады. Аз сөзбен көп мағына, белгілі бір сурет жасау, оқушысын тнянақты бір пікірге жетелеу - Шәкәрім лирикасының басты ерекшелігі.

Абайдың қазак әдебиетін түр жағынан байытып, бірнеше өлең ұйқасын жаңадан енгізгені мәлім. Абай жасаған сол үлкен бастаманы әдебиетімізге алғаш жая, тұрақтандыра түсушілердің бірі - Шәкәрім. Абайдың «Сегіз аяқ», «Бойы былғаң», «Сен мені не етесің», «Білімдіден шыққан сөз» т.б. өлеңдерінің түр үлгілері негізінде Шәкәрім көптеген өлеңдер жазады. Бұл өлеңдер оны Абай дәстүрін сақтап, жаиашыр ақын болғанын танытады.

Махаббат тақырыбы Шәкәрім өлеңдерінде, жалпы шығармашылығында қай қырынан көрінеді? Ақын бұл мәселеде де қазақ әдебиетінің өзінен бұрынғы озық дәстүрін онан әрі жалғастырушы. Оның махаббат туралы түсінігінің өзіндік бір өзгешелігі - адал махаббатты шынайы адамгершіліктің белгісі ретінде тануы, махаббат тек екі адамның арасында ғана болып қоймай, әрбір жүректе жалпы адамға деген үлкен махаббаттың болуы қажет деп санауы.

Не қылсаң қыл адамға махаббат деп,

Мейлің сөк, мейлің үйрет айла ізденбей,-

дейді ақын. Автордың махаббат мәселесіне бұлайша әлеуметтік мән беруі - ақын шығармашылығының тағы бір қырын көрсететін белгілердің бірі: Шәкәрімнің бұл пікірі Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» деген ой-пікірімен де үндес.

Шәкәрім шығармашылығының өнімді саласы - поэма. Бұлардың көпшілігі ескі аңыз, оқиғаларға арналған. Адамның бас бостандығы, әлеуметтік теңсіздік, ескі әдет-ғұрып салдарынан туатын драмалық, трагедиялық жайлар көтеріледі. Ақынның бірсыпыра поэмасында осындай әлеуметтік тақырыптар қозғалса да, негізінен жастар тағдыры, махаббат, сүйіспендік жайы тереңірек әңгіме болады. Ақынның көлемді поэмалық шығармалары - «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн». Жастардың жүрек сезімін жаншып, жара салын келген кертартпа әдет-салттарды сынайды, топас қара күштің қүрбаны болып, арманына жетпей кеткен жас қыршындардың аянышты өмірін суреттейді. Ақын сүйіскен жүректердің трагедиялық халге душар болуын бейнелей отырып, ескі ғұрыптар мен жаңа жас үміттің арасындағы бітпес кайшылықтарды аршып көрсетеді, ескіліктің заң-жосықтары үстемдік етіп тұрған кезде Қалқаман мен Мамырдың да, Еңлік пен Кебектің де өз тілек, армандарына жетуі мүмкін емес-ті, кейіпкерлер өлім құшағынан шыға алмайды. Бұл фактілер аталған шығармаларда реалистік мәнде, жоғары көркемдік сапада суретін тапқан. Сөйтіп, ақын махаббат тақырыбын жырлай отырып, қазақ қоғамындағы ескіліктің етегіне жармасқан кертартпа күштерді, әдет-салттарды орынды сынайды. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмаларына берілген алғы сөздерінде Шәкәрім былай дейді: «Қалкаман, Мамырдың ісіне ескі қазақтар теріс көзімен қараса да, осы күнгі көңілінің көзі ашықтар жазасыз екенін біліп дұға қылса керек». Автордың аузына бұл сөзді салып отырған сол кездегі тарихи-әлеуметтік жағдай еді; атап айтқанда, қалыптасып қалған ескі салттардың, әдет-ғұрыптардың іргесі сөгіліп, жаңаша қарым-қатынастардың орын ала бастауы. Осы тарихи құбылыс ақынды Қалқаман мен Мамырды жақтаушылардың қатарына тартады. Бұдан ақынның өз тұсындағы өмір ағымын бірқатар дұрыс танып, оған аз да болса ілесе білу талабында болғанын көреміз. «Еңлік-Кебек» поэмасына кіріспесінде ақын:

«Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе жас баланы сатып пайдаланып, еріксіз кем-кетікке беріп, обалына қал демейді. Мен соны ойлап Еңлік, Кебекті соншалық жазалы демеймін», - дейді. Бұл арада ақынның шариғат жайын адамгершілік жюлына иіп әкелу ниеті, Еңлік, Кебекті жазасыз адамдар деп тануы орынды-ақ. XX ғасырдың бас кезінде қалыптасқан кертартпа салттар әлі де біржолата жоғалмай тұрған дәуірде, Шәкәрімнің сол ескілікке қарсы шығып, Қалқаман мен Мамырдың, Еңлік пен Кебектің жазықсыз өлімін жырлауы, жаңа қадам, жақсы талап еді. Сондықтан да мұны Шәкәрім шығармашылығының аса бағалы жағы ретінде қарау қажет.

Еңлік пен Мамыр да, Қалқаман мен Кебек те шығармада махаббат еркіндігін аңсаған, бүкіл адамзатқа тән қасиеттері мол жас жандар ретінде көрінеді. Олардың арасындағы махаббат сезімі шынайы адамгершілікпен ұштасып жатады. Осы ретте Еңліктің мына бір сөзін сол кейіпкерлердің қайсысына да ортақ қасиет ретінде атай өтуге болады.

Мен татысам жігітсің маған татыр,

Міне осындай ішімде қайғым жатыр.

Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп,

Беремісің уәде Кебек батыр...

Аз күндік арам журіс аужал емес,

Бермесең уағданды мүлде кесіп.

Ғашықтық мәселесінде Қалқаман мен Мамыр, Еңлікпен Кебек осы бір ортақ адалдық, ақтық сезімнің төңірегінде көрінгендерімен, кейіпкер ретінде бірін-бірі қайталамайды, дара, тұтас бейнелер есебінде суреттеледі. Кейіпкерлердің ғашықтық сезімі поэмалардың қайсысында да романтикалық бағытта баяндалады. Олар сол жолда адалдықпен өлудің өзін - үлкен адамдық қасиет деп таниды. Осы ретте Мамырдың өлім құшағына енгелі жатып айтқан мына бір сөзі көп кейіпкердің-ақ басындағы ортақ жайды танытады.

Тілегім келді орнына арманым жоқ,

Артында Қалқаманның қалғаным жоқ.

Мені сен елтіргенмен жасармайсын,

Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ,-

дейді Мамыр Көкенайға. Мамыр осы бір сөзі арқылы азаматтық ары үшін күресіп, адалдықпен қаза табудың өзін адамдық биік қасиет деп танитынын байқатады. Автордың бұл түсінігін де қүптамасқа болмайды.

Шәкәрім «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасында да адал махаббат жырын шертті. Поэма шығыс ғашықтарына тән аңызға құрылған сияқты болғанымен, оқиға реалистік сипатта баяндалады. Ақын сүйіскен жастарға тосқауыл болған қара дүлей күштерді жиіркенішті сезіммен суреттей отырып, махаббат жеңімпаздығын паш етеді. Шығарма ғашық жандардың өлім құшағына енуімен аяқталса да, махаббат сезімінің ештеңеден жасқанбайтын қандай қиындықты болса да жеңе алатын қуатты, тегеурінді күш екенін танытады. Шәкәрімнің махаббат тақырыбында жазылған поэмаларының қайсысында болса да биік адамгершілік сенім, бір-біріне қалтқысыз берілген шынайы сезім тебірене жырланады.

Шәкәрім поэмаларын оқыған адам оның бұл жанрда кең тынысты, серпіні мол ақын болғанын аңғарады. Ақын поэмаларыныа композициялық даму заңдылығы, тақырыбына дәлдігі, реалистік ерекшеліктері ірі көркем шығармаларға қойылатын талаптардың қайсысына да еркін жауап бере алады. Ақын бұл еңбектерінде, әсіресе, адам бейнесін жасауға, кейіпкерінің психологиялық дүниесін ашуға шеберлігін танытады.

Шәкәрімнің поэмалары негізінен ғашықтық, махаббат тақырыбына арналуының өзіндік себебі де бар. Поэма жанры тумай түрғанньщ өзінде қазақтар арасына шығыстың ғашықтық жырлары едәуір тарап үлгірген болатын және едәуір орын алатын. Сондықтан, ол поэзия жанрында тыңнан туып келе жатқан кесек шығармаларға аз да болса, әсерін тигізбей қоймайды. Осы сәтті Шәкәрім поэмаларынан да нақты байқаймыз.

Шәкәрім поэмаларын тек шығыс әдебиетінің, не өзіміздің ауыз әдебиетіміздің әсері негізінде ғана бағалау, әрине, дұрыс болмас еді. Шәкәрім поэма жазуда көркем әдебиеттің өзінен бұрынғы үлгі-өнегесіи лайықты пайдалана отырып, өз тарапынан да көп ізденді, тың жаңалықтар жасады. Оның поэмаларындағы реалистік мотивтер мен кесек образдарды сол шығармашылық іздену мен өсудің лайықты нәтижесі ретінде бағалауға тиіспіз.

Шәкәрім шығыстың аты шулы ғашықтары - Ләйлі мен Мәжнүнін жазғанда, бұл саладағы шығыс поэзиясының машықтары оны әбден қызықтырғанын ұғуға болады. Шығарманың негізгі сюжеттік желісінде шығыстық ежелгі рухы сақталғанымен, поэманы негізінде аударма емес, Шәкәрімнің төл еңбегі, өзіндік туындысы ретінде қарау жөн. Бұл сияқты жағдай көркем әдебиетте жиі кездесіп отыратын құбылыс. Ләйлі - Мәжнүн оқиғасын баяндауда Шәкәрім шығыс аңызының желісінде қалып қоймайды, көпке ортақ болған сюжетті өзі тарапынан соны көріністер, психологиялық мінездемелер арқылы толықтырып, шығарманың өткірлік күшін едәуір арттыра түскен. Поэманың тақырыбы да автордың адал махаббат жырын жырлайтын ниетімен тығыз үйлеседі. Шәкәрім поэмаларының негізгі ерекшелігі, әрине, кесек мінездер қақтығысында, күтпеген қалыптар мен әрқилы оқиғаға бай болып, басты кейіпкерлер тағдырының үнемі трагедиялық жағдайда өтетіндігі. Қазақ әдебиетінде Шәкәрім - сюжеттік поэма жанрын дамытқан шебер ақын. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу», «Ләйлі-Мәжнүн» (түбі Фаули Бағдадидан аударма болғанымен, жоғарыда ескерткендей, өзіндік қоспа, толықтамаларының көптігінен, әрі еркін, төл жырға айналдыруынан мұны ақынның авторлық шығармасы деуіміз керек) поэмаларында оның ақындық дарыны айрықша көрінеді. Ертегі, аңыз болып кеткен трагедиялық сюжеттерді алып көркемдігі жоғары туындылар жасады. Бір жағынан, қазақ қауымына жетерліктей түсінікті тілмен (ескі қисса, жыр үрдісін қолдана отырып), екінші жағынан, шиеленіскен, шытырман оқиғалы сюжет құрып, бұрынғы ұзыннан ұзақ толғау сипаттас жырға түбірлі жаңалық енгізді. Абайдың «Ескендір», «Масғүд» поэмаларын, Ақылбайдың «Дағыстан», Мағауияның «Медғат Қасым» поэмаларын еске алсақ, Шәкәрім поэмаларыныд да бір жағынан шығыстан тараған сюжеттерге құрылып, негізінде адамгершілік, махаббат, ізгілік сияқты тақырыптарды романтикалық биікке көтере жырлаған төркіндестігін байқаймыз.

Пушкиннің «Евгений Онегин» романын Абай аударса, Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский» повесін поэма етіп аударды (1924 ж.). Бұл Шәкәрімнің Абай ізімен кеп, Пушкин мұрасына кезіккенін білдіретін факт. Осы аударманың негізгі құндылығы да, ең алдымен, осы ерекшелігінде. Шәкәрімге аудармашы ретінде арнайы баға беруде оның тақырыпқа мүлде еркін барып, тіпті прозаны өлеңмен аударғанына ең алдымен көңіл қою қажет.

Шәкәрім мұрасын тұтас қарағанда, ақынның ұлы Абайды тамаша ұстаз тұтып, әрдайым одан үйренуге ұмтылып отыратынын жоғарыда айттық. Шәкәрім шығармашылығының негізі қазақ қоғамын қараңғылық пен надандықтан құтқарып, өнер-білімге тарту. Ақын шығармашылығындағы бағалы, көркем шығармалары мен аса нанымды, орынды идея пікірлері, ой-байламдары да осы үлкен мақсатқа бағынған.

Жоғарыда айтылғандай, кейбір қайшылықтарына қарамастан, өмір танудағы әрқилы пікірлері мен топшылауларына қарамастан, Шәкәрім Құдайбердіұлы - қазақ поэзиясында айқын із қалдырған ақын. Әсіресе, оның поэзиялық шығармалары, азаттық, табиғаттық, махаббат лирикалары, жоғарыда атап көрсетілгендей бұрынғы дәстүр мен жаңадан ізденудің, бейнелеу амалдарының жаңа тәсілін табудың анық айғағы. Абайдың реалистік дәстүрі мен көркемдік, шеберлік жаңалықтарын бекітіп, әрі қарай дамытқан.

Қазақ поэзиясының тарихында Шәкәрім шығармашылығының алатын орны үлкен. Лирикалық өлеңдерін, поэмаларын, жалпы ақындық бетін арнайы зерттеп, аша түсу абыройлы іс Ақын мұрасының қалың оқушы жұрттың қолына жетіп, қастерлі қазынасына айналуы бұған мол жол ашады.

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ

Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің туып, қалыптасуының алғашқы кезеңінде оған үлкен үлес қосқан қаламгерлердің бірі - Жүсіпбек Аймауытов. Ақын, драматург, прозашы, публицист, сыншы аудармашы Жүсіпбек - әдебиеттің көптеген жанрларында қызмет істей отырып, осы жанрлардың қазақ әдебиетінде орнығуына ерекше еңбек сіңірген, сөйтіп, қеңестік дәуірдегі жаңа әдебиеттің негізін қаласқан топтың алдыңғы легінде болған үлкен талант иесі.

Жүсіпбектің қоғамдық, әдеби көзқарасы XX ғасырдың алғашқы ширегінде іске асқан Ресейдегі (соның ішінде Қазақстандағы) саяси-әлеуметтік өзгерістердің әсерімен қалыптасты. Алғашқы орыс революциясының (1905) демократтық бағыттағы табыстары қазақ жерінде де азаттық үшін күрес идеясының тарауына жол ашты. Қазақтың алғашқы оқыған азаматтары ұлттық дамудың мешеулігін көре тұрып, оған жол бермей отырған жағдайларға - патша өкіметінің отаршылдық саясатының елді қараңғы күйде ұстап, езіп-жаншып отырғанына, халықтың саяси құқығы жоқтығына ерекше назар аударды. Олар елді отаршылдық езгі мен ұлттық қанаудан босатуды, халық арасына өнер-білім таратуды күн тәртібіне ашық қойды. Осы мақсатқа әдебиетті де пайдаланды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сияқты әдебиетшілердің алғашқы өмір жолы, шығармашылық қызметі осы ұлттық қозғалыспен байланысты басталды. Олар өз шығармаларында халықты ұйқыдан оянып, өздерінің саяси құқығы, азаттығы үшін күресуге шақырды, озық ойлы орыс және дүние жүзі әдебиетінің үлгілерін аударды. Олардың қатысуымен ашылған алғашқы қазақтың баспасөзі де осы бағытта жұмыс істейді. Осындай революцияшыл-демократтық көзқарасы, отаршылдыққа қарсы үн көтергені үшін олар патша өкіметі тарапынан көп қуғын көрді. А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың өмірі бүған куә. Олар осы бір саяси топтың басында тұрды. М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытов ол кезде - жастау. Бұлардың әдеби, саяси көзқарасқа белсенді араласуы революция жылдарына тұстас келеді.

Наши рекомендации