АЕҰ негізгі функциялары

Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2011 жылғы 05 қаңтардағы № 7 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 14 ақпанда № 6774 тіркелді

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 32-бабына сәйкес және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдардың қызметін жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметі туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры (А.Ғ. Төлеғалиева) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Әкімшілік, бақылау және кадр жұмысы департаментінің директоры (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін заңнамада белгіленген тәртіппен оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.
5. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министрдің
міндетін атқарушы Б. Садықов

Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтауминистрінің
міндетін атқарушының
2011 жылғы 5 ақпандағы
№ 7 бұйрығымен бекітілген

Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі жөніндегі ереже

Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 17.08.2013 № 479 (алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Жалпы ережелер

1. Осы Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі – МСАК) және консультациялық-диагностикалық көмекті (бұдан әрі – КДК) қоса алғандағы амбулаториялық-емханалық көмекті көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін реттейді.
2. Амбулаториялық-емханалық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және ақылы негізде медициналық қызмет көрсетуге мемлекеттік лицензиясы бар мемлекеттік және жеке меншік нысанындағы денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.
3. Амбулаториялық-емханалық көмек (бұдан әрі – АЕК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» есепке алу есеп беру құжаттамаларын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 21 желтоқсандағы № 907 бұйрығына (бұдан әрі – № 907 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) сәйкес жүргізеді.
4. АЕҰ негізгі мақсаты халық денсаулығын сақтау және нығайту, оның амбулаториялық-емханалық көмекке мұқтаждықтарын қанағаттандыру болып табылады.
5. АЕҰ негізгі міндеттері:
1) медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
2) халыққа дәрігерге дейінгі, білікті мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті көрсету;
3) тұрғындардың сырқаттанушылығын, мүгедектігін және қайтыс болуын төмендетуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу;
4) созылмалы аурулардан зардап шегетін адамдарды динамикалық бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
5) қызметті жетілдіру және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың жаңа технологияларын енгізу;
6) басқа денсаулық сақтау ұйымдарымен сабақтастықты және ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету болып табылады.
6. МСАК мыналарды:
1) анағұрлым көп таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттарды, улануларды және басқа шұғыл жағдайларды диагностикалау мен емдеуді;
2) отбасын, ана, әке болу мен балалық шақты қорғауды, сондай-ақ отбасыны жоспарлауды;
3) ТМККК шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуді;
4) профилактикалық іс-шараларды және қауіп факторларын айқындауды;
5) ауруларды ерте айқындауға жүргізілетін скринингілік зерттеулерді;
6) халықтың кең таралған патологиялық жағдайлар мен салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы хабардарлығының деңгейін арттыруды;
7) негізгі инфекциялық ауруларға қарсы иммундауды;
8) тұрғындарды гигиеналық оқытуды және сумен қауіпсіз жабдықтау мен тұрғындардың оңтайлы тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;
9) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізуді қамтиды.
7. КДК өзіне тәулік бойы медициналық бақылаусыз мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек қызметтерін қосады.
8. МСАК көрсететін ұйымдардың қызметі «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы № 1263 қаулысымен бекітілген Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту қағидаларына сәйкес медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын есепке ала отырып, тіркеу орны бойынша азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық қағидат бойынша құрылады.
9. Бір әкімшілік аумақтық бірлік шегіндегі МСАК көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына аумақтық қызмет көрсету аймағын МСАК қызметтерінің ең жоғарғы деңгейінің қамтамасыз етілуін есепке ала отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары айқындайды.
10. Аумақтық қызмет көрсету аймағы шегінде учаскелер бойынша тіркелген тұрғындарды бөлуді МСАК көрсететін денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекітеді.
11. Азаматтарды медициналық ұйымды таңдау құқығымен қамтамасыз ету мақсатында тіркелген азаматтардың санын есепке алу арқылы ТМККК шеңберінде медициналық көмек алу үшін осы ұйымға аумақтық қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұратын, оқитын немесе жұмыс істейтін азаматтарды МСАК ұйымдарына тіркеуге болады.
12. МСАК мамандары (жалпы практика дәрігері, учаскелік дәрігер-терапевт/педиатр, учаскелік мейіргер/жалпы практика мейіргері, фельдшер, акушер) МСАК-ты:
1) медициналық пунктте;
2) фельдшер-акушерлік пунктте;
3) дәрігерлік амбулаторияда (отбасы денсаулығы орталығында);
4) емханада көрсетеді.
13. КДК-ны бейінді мамандар:
1) консультациялық-диагностикалық орталықта /емханада;
2) емхананың консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесінде, сондай-ақ стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетеді.
14. КДК халықтың оны көрсетілуне мұқтаждығына сәйкес, сырқаттанушылық пен өлімді, тұрғындардың жыныстық-жастық құрамын, оның тығыздығын, сондай-ақ халық денсаулығын сипаттайтын өзге көрсеткіштерді ескере отырып ұйымдастырылады.
15. КДК ТМККК шеңберінде:
1) МСАК көрсететін медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіппен;
2) шұғыл және кезек күттірмейтін жағдайларда МСАК көрсететін медицина қызметкерлерінің жолмасысыз өздігінен жүгінгенде;
3) бейінді мамандардың диагнозды тағайындау, ушығуы болған кезде және пациентті бір аяқталған жағдай шеңберінде пациентті емдеудің одан әрі тәсілін айқындау мақсатында берген жолдамалары бойынша жоспарлы тәртіппен көрсетіледі.
Бейінді маманның бір аяқталған жағдай шеңберінде қайтадан қабылдауы МСАК маманының жолдамасысыз жүзеге асырылады.
Бір аяқталған жағдай шегінде КДП үштен аспайтын бейінді маман консультация беруі мүмкін.
16. Халықтың әлеуетті осал санаттарын ТМККК шеңберінде қымбат тұратын диагностикалық зерттеулерге жіберу консультациялық-диагностикалық көмектің және жалпы дәрігерлік практика/учаскелік қызмет бөлімшесінің меңгерушісімен келісілген АЕҚ мамандарының жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
17. ТМККК шеңберінде медициналық көмекті қамтамасыз ететін АЕК жұмысының режімі демалыс және мерекелік күндері МСАК және КДК кезекші дәрігерлерінің жұмысын қамтамасыз ету арқылы барлық мамандар және құрылымдық бөлімшелер үшін жылжымалы кесте бойынша сағат 08.00.-ден сағат 20.00.-ге дейін белгіленеді.
18. МСАК дәрігерінің (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт-дәрігер/педиатр) АЕҰ-дағы қабылдау ұзақтығы күніне 5 сағаттан кем болмауы тиіс.
19. Амбулаториялық-емханалық күндізгі стационар мен үйде жағдайларында да көрсетіледі.
20. Дәрігердің немесе орта медицина қызметкерінің үйге шақыртуға қызмет көрсетуін учаскелік қызмет (жалпы дәрігерлік) бөлімшесінің меңгерушісі, ол болмаған кезде учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) үйлестіреді.
Шақыртуды қабылдау МСАК ұйымы жұмысының аяқталуына 2 сағат қалғанда (18.00-ге дейін) аяқталады.
Мынадай айғақтар үйге шақыртуға қызмет көрсету үшін табылады:
1) пациентке өз бетімен МСАК ұйымдарына баруға мүмкіндік бермейтін жіті ауырсыну жағдайы;
дене қызуының 38 С градустан жоғарылауы;
жай-күйінің айқын бұзылуы бар атреиялық қысымның жоғарылауы;
бірнеше рет қайталанып іштің өтуі;
омыртқаның және жүруді тежейтін аяқ буындарының қатты ауырсынуалары;
бастың айналуы, қатты жүрек айнуы, құсу;
2) пациенттің өз бетінше емханаға баруына мүмкіндік бермейтін созылмалы ауырсыну жағдайлары (онкологиялық аурулардың ауыр болуы, (I – II топтың) мүгедектері, сл, аяқтың тілінуі);
3) айналасындағыларға қауіп төндіретін жіті инфекциялық аурулар;
4) тасымалдауға болмайтын пациент;
5) МСАК ұйымдарының жұмыс уақытында жедел медициналық жәрдем станциясынан берілген шақыртуларға қызмет көрсету.
21. МСАК ұйымының медицина қызметкерінің пациенттің үйіне, оның ішінде аула аралау (пәтер аралау) арқылы белсенді баруы:
1) жіті аурулар, созылмалы аурулардың ушығуы кезінде оның жағдайын, ауру ағымын бақылау және қажетті зерттеп-қарауларды және (немесе) емдеуді уақытылы тағайындау (түзету) мақсатында;
инфекциялық ауру індетінің пайда болу қаупі орын алғанда немесе инфекциялық аурумен сырқат науқастар анықталған жағдайда тұрғындардың жеке тобының, олармен байланыс жасаған немесе инфекциялық аурумен сырқаттану күдігі бар тұлғалардың патронажы.
22. Амбулаториялық – емханалық көмек медициналық ұйымнан айтарлықтай алыс жерде орналасқан және (немесе) климаттық-географиялық жағдайлар есебімен нашар көліктік қолжетімділігі бар елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін бару орны бойынша ұтқыр медициналық бригадалар жылжымалы медициналық кешендерде, консультациялық-диагностикалық пойыздарда көрсетіледі.

АЕҰ негізгі функциялары

23. АЕҰ-ның негізгі функциялары:
1) «Медициналық көмектің нысандары мен көлемін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 796 бұйрығына (бұдан әрі – № 796 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5955 тіркелген) сәйкес МСАК (дәрігерге дейінгі, білікті) көрсету;
2) № 796 бұйрыққа сәйкес КДК (мамандандырылған, жоғары мамандандырылған) көрсету;
3) «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 бұйрығына (бұдан әрі – № 786 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7306 тіркелген) сәйкес бекітілген халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
4) ауруларды профилактикалау және саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы халықтың арасында түсіндірме жұмысын жүргізу;
5) инфекциялық аурулардың ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу;
6) «Денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 30 қазандағы № 630 бұйрығына (бұдан әрі – № 630 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5917 тіркелген), сондай-ақ «Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік қызметкердің қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқауды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 20 желтоқсандағы № 907 бұйрығына сәйкес бекітілген халыққа психологиялық және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету;
7) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес «Бекітілген халық тіркелімі» порталын жүргізу болып табылады.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.05.2014 № 230 бұйрығымен (алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Параграф 1. Емхана

24. Емхана – оның қызмет көрсететін ауданында тұратын тұрғындарға амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін көпбейінді медициналық ұйым.
25. Емхана басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен тағайындалады.
26. Емхананы құруды, қайта ұйымдастыруды, қызметін тоқтатуды облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
27. Емхана денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына арналған клиникалық база болуы мүмкін.
28. МСАК көрсететін емхана қызметкерлерінің функциялық міндеттері осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес айқындалады.
29. Емхана жағдайындағы амбулаториялық-емханалық көмек:
1) пациенттерге жіті және созылмалы аурулар, жарақат, улану және басқа шұғыл жағдайларда кезінде дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді;
2) шұғыл медициналық, оның ішінде үйде көмек көрсетуді;
3) созылмалы ауру нысандары бар адамдарды динамикалық бақылауды;
4) ауруларды ерте айқындау мақсатында пациенттерді тексеріп-қарауды;
5) пациенттерді «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде Емдеуге жатқызу бюросы арқылы стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 492 бұйрығына (бұдан әрі – № 492 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6380 болып тіркелген) сәйкес емдеуге жатқызуға жіберуді;
6) функцияларының бұзылулары бар, тіршілік әрекеті және жұмысқа қабілеттілігі шектелген науқастарды ерте, жалғастырушы және кеш медициналық оңалтуды;
7) денсаулық сақтау саласында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен профилактикалық тексеріп-қараулардың барлық нысандарын (скринингілік, жұмысқа тұратын кездегі алдын ала, мерзімді, нысаналы және т.б.);
8) осы Ережеге № 2-қосымшаға сәйкес ТМККК медициналық қызметтерінің көлемін көрсетуді;
9) тіркелген халықты № 786 бұйрыққа сәйкес дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді;
10) инфекциялық аурулар ошағында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізуді;
11) науқастардың еңбекке уақытша жарамсыздығына сараптама жүргізуді, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық органдарына еңбекке жарамдылық қабілетін тұрақты түрде жоғалту белгілері бар адамдарды жіберуді;
12) № 907 бұйрыққа сәйкес статистикалық есепті және есептілікті, оның ішінде электрондық форматта жүргізуді, статистикалық деректерді талдауды;
13) бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана, стендтер мен көрнекі материалдарды ресімдей, сондай-ақ ауруларды профилактикалау және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша аудио-бейнематериалдарды тұрақты түрде холлдарда және күту орындарында прокатқа бере отырып ауруларды профилактикалау және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді;
14) шұғыл және дағдарыстық ахуалдар орын алғанда өзіндік-өзара көмек көрсету әдістеріне тұрғындарды оқыту жолымен халықты азаматтар денсаулығын қорғау процесіне тартуды;
15) мектептерді, клубтарды, қолдау топтарын, қоғамдық кеңестерді ұйымдастыру, еріктілерді және көшбасшыларды ұйымдастыруды;
16) халықты гигиеналық оқытуды;
17) отбасы мен ана, әке болу мен балалық шақты қорғауды, оның ішінде отбасыны жоспарлауды;
18) қауіпсіз сумен жабдықтау және тұрғындардың оңтайлы тамақтануы жөнінде түсіндірме жұмыс жүргізуді;
19) иммундық профилактиканы ұйымдастыру мен жүргізуді;
20) «Халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық тексеріп-қарауды жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 10 қарашадағы № 685 бұйрығына (бұдан әрі – № 685 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5918 болып тіркелген) сәйкес профилактикалық және скринингілік бағдарламаларды іске асыруды;
21) тіркелген халыққа психологиялық көмек және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді;
22) онкологиялық сақтық, туберкулезді және жыныстық жолмен берілетін ауруларды айқындау, тиісті медициналық ұйымдарға айқындалған науқастар туралы ақпаратты уақытылы беру бойынша емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізуді;
23) емдеудің қолдау фазасында туберкулезбен ауыратын науқастарға химиотерапия жүргізуді;
24) медициналық оңалтуға және санаториялық-курорттық емдеуге іріктеуді;
25) дәрігерлердің және орта медицина персоналының біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды;
26) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бюджеттен тыс қаражаттарды тарту бойынша қызметті жүзеге асыруды;
27) персоналдың және емхананың құрылымдық бөлімшелері қызметінің есебін жүргізуді, емхана жұмысын сипаттайтын статистикалық деректерді талдауды қамтиды.
30. Емхана өзіне:
1) Отбасылық денсаулық орталығын (жалпы дәрігерлік практика бөлімшесін/учаскелік қызметі);
2) профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесін;
3) консультациялық – диагностикалық көмек бөлімшесін;
4) қосымша бөлімшелері (үй-жайларды) қосады.

Параграф 2. Дәрігерлік амбулатория
(отбасы денсаулығы орталығы)

31. Дәрігерлік амбулатория (Отбасы денсаулығы орталығы) (бұдан әрі – ОДО) дербес заңды тұлға немесе МСАК көрсететін (дәрігерге дейінгі, білікті) емхананың құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
32. МСАК көрсететін ОДО қызметкерінің функционалдық міндеттері осы Ережеге № 1-қосымшаға сәйкес айқындалады.
33. Отбасы денсаулығы орталығы халыққа амбулаториялық жағдайларда, үйде, күндізгі стационарда, үйдегі стационарда (дәрігерге дейінгі, білікті):
1) пациенттерге жіті және созылмалы аурулар, жарақаттанулар, уланулар кезінде немесе басқа шұғыл жағдайларда дәрігерге дейінгі және білікті медициналық көмек көрсетуді;
2) үйде шұғыл медициналық көмек көрсетуді;
3) ауруларды ерте айқындау мақсатында пациенттерді зертеп-қарауды;
4) пациенттерді емдеуді;
5) пациенттерді № 492 бұйрыққа сәйкес емдеуге жатқызуға жіберуді;
6) функцияларының бұзылулары бар, тіршілік әрекеті және жұмысқа қабілеттілігі шектелген науқастарды жалғастырушы және кеш медициналық оңалтуды;
7) диспансерлеу мен профилактикалық тексеріп-қарауды;
8) осы Ережеге № 2-қосымшаға сәйкес ТМККК медициналық қызметтерінің көлемін көрсетуді;
9) тіркелген халықты № 786 бұйрыққа сәйкес дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді;
10) инфекциялық аурулар ошағында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізуді;
11) науқастардың еңбекке уақытша жарамсыздығына сараптама жүргізуді, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық органдарына еңбекке жарамдылық қабілетін тұрақты түрде жоғалту белгілері бар адамдарды жіберуді;
12) № 907 бұйрыққа сәйкес статистикалық есеп және есептілікті, оның ішінде электрондық форматта жүргізуді;
13) бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана, стендтер мен көрнекі материалдарды ресімдей, сондай-ақ ауруларды профилактикалау және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша аудио-бейнематериалдарды тұрақты түрде холлдарда және күту орындарында прокатқа бере отырып ауруларды профилактикалау және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөнінде халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді;
14) шұғыл және дағдарыстық ахуалдар орын алғанда өзіндік-өзара көмек көрсету әдістеріне тұрғындарды оқыту жолымен халықты азаматтар денсаулығын қорғау үдерісіне тартуды, мектептерді, клубтарды, қолдау топтарын, қоғамдық кеңестерді ұйымдастыра, еріктілерді және озаттарды дайындай отырып өзін-өзі қорғау мінез-құлықтар дағдыларына баулуды;
15) халықты гигиеналық, оның ішінде отбасы мен аналықты, әкелікті және балалық шақты қорғау мәселелері бойынша оқытуды;
16) қауіпсіз сумен жабдықтау және тұрғындардың оңтайлы тамақтануы жөнінде түсіндірме жұмыс жүргізуді;
17) иммундық профилактикалауды ұйымдастыру мен жүргізуді;
18) № 630 бұйрыққа сәйкес профилактикалық және скринингілік бағдарламаларды іске асыруды;
19) тіркелген халыққа психологиялық көмек және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді;
20) онкологиялық сақтық, туберкулезді және жыныстық жолмен берілетін ауруларды анықтау, тиісті медициналық ұйымдарға анықталған науқастар жөніндегі ақпаратты уақытылы беру бойынша емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізуді;
21) емдеудің қолдау фазасында туберкулезбен сырқат науқастарға химиотерапия жүргізуді қосатын МСАК көрсетеді;
34. Отбасы денсаулығы орталығының құрамында:
1) бөлімше меңгерушісінің кабинеті;
2) жалпы практика, участкелік қызмет (терапевт/педиатр дәрігері) дәрігерлерінің қабылдау бөлмесі, мектепке дейінгі балалар мекемелерімен және оқу орындарымен жұмыс жөніндегі педиатр дәрігерінің кабинеті;
3) акушер-гинеколог дәрігердің кабинеті;
4) күндізгі стационар;
5) қосымша бөлімшелер: медициналық статистика, талдау және ақпараттандыру бөлмелері, зарарсыздандыру кабинеті;
6) тіркеу орны;
7) дәрігерге дейінгі кабинет (сүзгі);
8) емшара кабинеті;
9) егу кабинеті;
10) зертхана;
11) физиотерапиялық емдеу кабинеттері;
12) химизатор кабинеті;
13) қақырық жинау кабинеті бар;
14) профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің құрамында:
бөлімше меңгерушісінің кабинеті;
дәрігерге дейінгі кабинет;
акушерлік қабылдау (қарау) кабинеті;
әлеуметтік қызметкер/психолог кабинеті;
салауатты өмір салты кабинеттері/диабет, демікпе, артериялық гипертензия, босануға дайындау, жас ана және т.б. бейіндегі мектептер;
жастар денсаулығы орталығының кабинеттері бар.
35. Профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі МСАК шеңберінде профилактикалық қызметтер, сондай-ақ әлеуметтік және психологиялық қызметтер Отбасылық денсаулық орталығының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
36. Профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің мамандары МСАК шеңберінде халыққа амбулаториялық жағдайда, үйде:
1) № 685 бұйрыққа сәйкес профилактикалық және скринингілік бағдарламаларды іске асыруды;
2) салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметімен сабақтастықты ұйымдастыруды;
қызмет көрсетілетін аумақтық учаскелер бөлігінде скринингілік тексеріп-қарауға жататын тіркелген халық арасынан адамдар тізімін әзірлеуді;
4) тіркелген халық арасынан нысаналы топ адамдарын қажетті көлемді белгілеу арқылы профилактикалық тексеріп-қараулар мен скринингілік зерттеулерден өту қажеттігі жөнінде (тұрғылықты жері бойынша және жұмыс орны бойынша) мекенжайлық хабардар етуді. Профилактикалық тексеріп-қараулар мен скринингілік зерттеулерге шақыртуы бар мекенжайлық хабарлама тұрғылықты жеріне, сондай-ақ жұмыс істейтін адамдар үшін жұмыс берушіге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметкерлердің профилактикалық тексеріп-қараулар мен скринингілік зерттеулерден өту қажеттігі туралы хабардар ете отырып жұмыс орны бойынша жеткізіледі;
5) зерттеулер көлеміне сәйкес, оның ішінде бейінді мамандармен профилактикалық тексеріп-қарауға және скринингілік тексеруден өткізілуге жататын тұлғаларды тексеріп-қарау уақытын және графигін айқындауды;
6) жүргізілген профилактикалық тексеріп-қараулар мен скринингілік зерттеулер нәтижелері бойынша аурулардың қауіп факторлары бар халықтың нысаналы топтарын қалыптастыруды және мониторингілеуді;
7) МСАК деңгейінде салауатты өмір салтын қалыптастыру алгоритміне сәйкес аурулардың қауіп факторлары бар адамдар және науқастарды профилактика мен салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістеріне оқытуды;
8) бейіндері бойынша денсаулық мектептерінің, жастар денсаулығы орталығының, қарттар клубының қызметін ұйымдастыруды;
9) аурулардың созылмалы нысандары бар адамдардың патронажын тұрақты негізде өткізуді;
10) № 630 бұйрыққа және уәкілетті орган бекіткен әдістемелік ұсынымдарға сәйкес тіркелген халыққа психологиялық көмек пен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді;
11) № 907 бұйрыққа сәйкес статистикалық есепті және есептілікті, оның ішінде электрондық форматта жүргізуді, сондай-ақ статистикалық деректерді талдауды қосатын әлеуметтік және психологиялық қызметтер көрсетеді.

Наши рекомендации