Азақ әдебиеттануындағы Е.Ысмайыловтың еңбегі
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ұлттық интеллигенцияның иммунитетіне айналған ұлы тұлғалардың әр біреуі тамырын тереңге тартқан алып бәйтерек, сарқылмас құнды қазына. Табиғатынан қарапайым, танымы терең, талғамы жоғары, ұлт үшін құрбан болған сол тұлғалардың жаратылысы да, жүріс-тұрысы да бөлек еді. Көкірегі алтын сандық, кемел ойы жүрегіңді тербететін сол ұлылардың бірі қазақтың аса көрнекті фольклортанушысы, әдебиет зерттеуші ғалым Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов болатын. Көкше өңірінде, қазіргі Еңбекшілдер ауданының Шоқытас ауылында, әйгілі Біржан сал туған киелі топырақта 1911 жылы қазан айының 15 күні дүние есігін ашқан Есағаң әуелі әдебиет әлеміне ақын болып енді. Ақындық қасиет те кез келген топырақта, кез келген адамға қона бермейтіні анық. Ол үшін ата-тегі аруақты, туған топырағы қасиетті болуы шарт. Қазақтың қай топырағы да қасиетті ғой. Дегенмен, Тәңірінің назары түскен өлкелердің бірі – Көкшетау өңірі екені белгілі. Кешегі Абылай хан да қазақтың үш жүзінің басын осы Көкше өңірінде, Бурабайдың қойнауында қосты. Ұшса қыранның қанаты талған ұлан-ғайыр қазақ даласынан хан ордасы маңайына сұңғыла билер мен жалаңтөс батырларды, қара қылды қақ жарған шешендерді топтастырды. Сол кезеңде бүгінгі Еңбекшілдер ауданының Шоқытас ауылына Кіші жүздің Алшын-Жаппас, Алшын-Жағалбайлы руларынан құралған екі ауыл қоныс тепкен екен. Есмағамбет ағамыздың шежіресі сол Алшын-Жаппас руынан таратылады. Қара өлеңнің қасиетін ерте сезіп, ауыз әдебиетінің уызын мейірлене қанып ішкен хас таланттың қаламынан «Тұлпар жыры» (1933), «Жігер» (1934), «Жаз еркесі» (1936) секілді жыр жинақтары туады. 1926-1930 жылдары Көкшетау мен Қызылжардағы (Петропавл) балалар үйінде оқып, тәрбиеленген Есмағамбет 1930-1934 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогика институтында (қазіргі Абай атындағы педагогикалық университет) тәлім алып, тіл-әдебиет факультетін ойдағыдай бітіріп шығады. Еңбек жолын ғылыми-зерттеу институтында, журналистика саласындағы қызметтерден бастайды. 1939 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ғылыми-педагогтік қызметті ұштастырып, абыройлы еңбек етті. Ақ сөйлеп, адал жүрді. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалындағы Жамбыл атындағы әдебиет және халық шығармашылығы секторының аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі болды. 1943 жылы «XX ғасырдың басындағы қазақтың демократиялық әдебиеті» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғайды. 1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясы құрылып, оның Тіл және әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директор қызметтерін атқарды. 1957 жылы «Қазіргі ақындардың шығармашылығындағы ұлттық дәстүр» деген тақырыпта («Ақындар» монографиясының негізінде) докторлық диссертация қорғады. Есмағамбет Ысмайылов – ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын шәкірттерінің бірі, әрі сырласы, әрі мұңдасы болған адам. Есағаңның әдебиетті шын сүйген еңбекқорлығына, білімдарлығына сүйсініп, қатты риза болған Мұхтар Әуезов өзінің Есағаңа жазған хатында: «Мен сені қазақ әдебиеті ғылымының айнымас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – еңбек торысы деймін. Сол үшін сүйемін де бек бағалаймын» дейді. Ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі осылай бағалаған Есағаң шын мәнінде әдебиетіміздің бағына туған ғалым болатын. Иә, Есағаң қайсар қайраткерлігімен, табиғи талантымен, ұлтқа деген ұлы махаббатымен туған халқының әдебиетіне өлшеусіз еңбек етті. Кеңес өкіметінің солақай саясатының тырнағына да ілікті. А. Фадеевтің 1947 жылы маусым айында КСРО Жазушылар одағының IX пленумында жасаған баяндамасының «Сынның ұлт мәселесі төңірегіндегі қателіктері» деген бөлімінде Есмағамбет Ысмайыловтың «Қазақ совет әдебиеті» атты оқулығы қатты сынға алынды, ауыр сөздер айтылды. Кейін осы ұшқары шешімнің салдарынан ғалым ағамыз 25 жылға лагерьге айдалып, тек Сталин өлгеннен кейін ғана ақталып шықты. 1961 жылы Тіл және әдебиет институтынан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бөлініп, өз алдына шаңырақ көтергенде Е.Ысмайылов оның қалыптасып, өркендеуіне елеулі үлес қосқан аға буын ғалымдардың алдыңғы сапында болды, әдебиет тарихы, фольклор бөлімдерін басқарды. 1958 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1961 жылы «Қазақ КСР-інің ғылымға еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 1934 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Е.Ысмайылов – қазақ әдебиетінің тарихы, сыны, теориясы саласында ұзақ жылдар талмай еңбектеніп, артына мол мұра қалдырған ғалым. Оның әдеби-ғылыми мұрасы сан тақырыпты қамтитын бай қазына. Ол зерттеп, пікір айтпаған қазақ әдебиетінің бірде-бір жанры, проблемасы, көкейкесті мәселесі жоқ. Төл әдебиетіміздің зерттелуіне, өсіп-өркендеуіне өле-өлгенше өлшеусіз еңбек етті. Есмағамбет Самұратұлы Ысмайыловтың қазақ фольклоры туралы алғашқы зерттеулері 1935 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялана бастайды. Олардың алғашқысы – «Қазақтың ел әдебиеті, оған Фирдаусидің әсері» және «Шора батыр туралы» деген мақалалар. Бірінші мақаласында парсының ұлы шайыры Әбілқасым Фирдаусидің әйгілі «Шахнамасынан» алынған «Рүстем дастан» жырының қазақша нұсқасын тілге тиек етіп, кең талдап, жалпы шығыс сюжетіне құрылған, қазақ ортасына кең тараған қисса-дастандар жайында сөз қозғайды. Олардың батырлар жырына, халық дастандарына әсерін әңгімелейді. Екінші мақалада «Шора батыр» дастанының сюжеттік, композициялық құрылымын зерттейді. Ғалым 1938 жылы «Қазақ ертегілерінің» алғашқы томын баспаға әзірлейді. Бұл жинаққа 95 ертегіні іріктеп алады да, оларды 7 бөлімге топтастырады. Автор осы еңбекке жазған алғысөзінде былай деп көрсетеді: «Бұл бірінші томдағы ертегілердің жіктелуі (ілгері-соңды берілуі, бөлімдерге бөлінуі) алдымен тақырыптық жағына негізделді». Өкініші, бағалы еңбек кезінде жарық көрмей, қолжазба күйінде қалып қойған. Қазақ ертегілерін топтастыру жайындағы пікірін ғалым өзінің кейінгі мақалаларында да дамыта түсті. Ертегілерді жүйелеп жариялау ниеті көп жыл өткеннен кейін ғана жүзеге асты. «Қазақ ертегілерінің» үш томдығы жалпы көлемі 150 баспа табақ көлемінде 1957-1964 жылдары жарияланды. Оның жалпы редакциясын профессор Ысмайылов басқарып, ертегілерді сұрыптау, жүйелеу жұмыстарын қайтадан жүргізді, ғылыми түсініктемелер мен көрсеткіштер берілді. Осы ғылыми басылымға академик М.О. Әуезовпен бірігіп көлемді кіріспе мақала жазды. «Қазақ ертегілерінің» үш томдығын құрастыруды аяқтаған жылдарда Есағаңның мәскеулік профессор Сидельниковпен өз үйінде ұзақ әңгімелесіп отырғанын бірнеше рет көрген едім. Халық ертегілерінің табиғатын жақсы білетін Сидельников ертегілер туралы, олардың халық тарихындағы орны туралы кең толғанушы еді. Е.Ысмайылов табан аудармай, тыңғылықты зерттеген жанрдың бірі – қазақтың батырлық жырлары мен тарихы жырлары. Жоғарыда айтылған «Шора батыр туралы» мақаласынан кейін, 1939 жылы «Батырлар жыры туралы» деген іргелі зерттеуін жазды. Баспа мүмкіндігінің жетіспеушілігінен бұл еңбек те жарық көрмей, қолжазба күйінде қалды. Бұл еңбегінде ғалым қазақтың батырлар жырын мынадай топқа бөледі:
1. « xiv ғасырға дейінгі қаңлы-қыпшақ заманының батырлар жыры»: «Ер Төстік», «Құламерген», «Аралхан», «Көрұғлы», «Бозұғлан», «Алпамыс», т.б.
2. xiv-xvi ғасырлардағы ноғайлы заманының батырлар жыры: «Едіге», «Қобыланды», «Орақ – Мамай», «Шора», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Бөген батыр», «Ер Сайын», т.б.
3. xvii-xviii ғасырлардағы қазақ-қалмақ арасының қарым-қатынасына байланысты туған батырлар жыры: «Есімхан», «Бөгенбай», «Қабанбай», «Олжабай», «Арқалық», «Алатай», «Қаратай», т.б.
4. xix ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына байланысты батырлар жыры: «Сырым», «Кенесары – Наурызбай», «Исатай – Махамбет», «Бекет», «Жанқожа», «Ағыбай», «Сұраншы», «Сыпатай», т.б.
Эпикалық жырларды зерттегенде Е.Ысмайылов, әсіресе, тарихи жырларға көп көңіл бөледі. Ол Жамбыл жырлаған «Сұраншы батыр» туралы мақаласын 1938 жылы жазып, жариялайды.Қазақ халқының эпостарын, тарихи жырларын зерттеуге арналған монографиясын аяқтау кезеңінде академик В.Жирмунскиймен ой бөлісіп отырғанын талай көрген едім. Е.Ысмайылов xviii-xix ғасырлардағы жаугершілік заманда туған, қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы күресін бейнелейтін халық поэзиясын да ұзақ жылдар зерттеп, «Тарихи жырлар» атты монографиялық зерттеу жазды. Автор мұнда тарихи жырлардың жанрлық ерекшелігін анықтайды. Оның басқа батырлар жырынан айырмашылығы – тарихи оқиғаны немесе кейіпкерді нақты фактілер негізінде суреттейтіндігін атап көрсетеді. Алайда, мұндай жырлардың нақты деректерден, оқиғалардан алшақтап кететін тұстары да болады. Бұл ақынның шығармашылық қиялына, көздеген идеялық мақсатына байланысты дейді ғалым. Е.Ысмайылов тарихи жырларды төрт кезеңге бөліп зерттеуді қажет деп табады. Бірінші – орта ғасырлар, екінші – xviii ғасыр, үшінші – xix ғасыр, төртінші – XX ғасыр көлемінде туған шығармалар. Ол өзінің 1939 жылы жазған «Батырлар жыры туралы» деген мақаласында эпикалық дастандарды әзірлеу мәселесіне тоқталып, осыған ұқсас пікір ұсынғанын жоғарыда айтқанбыз. Сөз болып отырған соңғы зерттеуінде әр дәуірдің тарихи жырларына тоқталып, оған ғылыми сипаттама береді. xviii ғасырдан бергі жылдардың кейбіреулерінің авторлары да ұмытылмай, ел аузында сақталған. Олардың нұсқалары көп емес. xix ғасырда туған тарихи жырлардың көпшілігі патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы халық көтерілісінің сырын шертеді. Кейбір жырларда қазақ әйелдерінің де әлеуметтік іске, ерлік оқиғаларға араласа бастағаны көрініс береді. Ғалым xix ғасырдың ақыры мен XX ғасырдың басындағы тарихи жырларға ерекше мән берген. Бұл қазақ даласында Ресей империясының отаршылдық, қанаушылдық саясатын күшейте түскен, аштық, жұт апаттары арқаға аяздай батқан, оның үстіне 1905 жылғы төңкерістің, орыс-жапон соғысының, бірінші империалистік соғыстың зардабы елді күйзелткен қауырт кезең еді. Бұған 1916 жылғы оқиға келіп ұласты. Қазақстан Орталық комитеті 1947 жылы 21 қаңтарда «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулы қабылдап, онда Кенесары бастаған көтерілісті дәріптеген жырларға қарсы пікірлер айтылғаны белгілі. Осыған байланысты Есағаңның баспаға дайындаған «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған алғашқы томының қолжазбасына едәуір түзетулер енгізіледі. Авторлар ұжымы жазған бұл қолжазба келесі жылы кітап болып басылып шықты. «Тарихтағы Кенесары – Наурызбай туралы тарихи жыр-әңгімелер» жөніндегі тараудың авторы Е.Ысмайылов жоғарыда аталған қатал қаулыға қарамастан, көтерілісті және ол туралы тарихи жырларды әділетті бағалауға тырысты. Сол еңбегінде Е.Ысмайылов: « xix ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы күрестерінің ең бір іргелісі Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі еді. Он жылға созылған (1837-1847) бұл көтеріліс қазақтың әлеуметтік тарихынан қандай зор орын алатын болса, ауыз әдебиеті тарихынан да ерекше орын алады» деп жазады. Әрине, мұндай батыл тұжырым жасау идеологиялық жағдай ушығып тұрған ондай уақытта үлкен ғылыми ерлік еді. Ғалымның қазақ фольклоры мен әдебиеті тарихындағы осындай әділ де батыл пікірлері кейін оны «ұлтшыл» деп айыптап, қамауға алуға себеп болды. Қазақ фольклортану ғылымында ертегілер мен батырлар жырын едәуір зерттеген ғалым ХХ ғасырдағы Жамбыл бастаған халық ақындары шығармашылығына да айрықша көңіл бөлді. Әсіресе, жыр алыбы – Жамбылдың ақындық өнерін зор сүйіспеншілікпен зерттеді. Өмірінің ақырына дейін одан қол үзген жоқ. Е.Ысмайылов Жәкең туралы былай дейді: «Жамбыл поэзиясы – халықтың бұрын-соңды ауыз әдебиетінің жаңа сапалы жиынтығы. Олай болса, Жамбылды, Жамбыл сияқты таланты қайта оянып, шығармашылығы гүлденген халық ақындарының бұрынғы фольклорлық, ақындық дәстүрлермен байланысын да ашу қажет болады». Сонымен бірге, ғалым Жамбылдың үзеңгілес шәкірттерінің бірі – жыр дүлдүлі Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылығына да көп көңіл бөлді. 1940 жылы оның тұңғыш жинағына алғысөз ретінде «Нұрпейіс ақын» деген мақаласын жазып, жариялады. Е.С.Ысмайылов 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихында» (1-том, «Фольклор») «Қазақ фольклоры» атты көлемді зерттеуін жариялады. Е.Ысмайыловтың «Ақындар» монографиясының құндылығы Жамбыл, Нұрпейіс, Иса сияқты ірі өнер тұлғаларының шығармашылығын жан-жақты зерттеуге ғана емес, жалпы суырып салма ақындық өнер туралы бұрын-соңды айтылып жүрген пікірлерді саралап, бір жүйеге келтіруде және өзінің тың тұжырымдарын жасауда, сөйтіп бұл жайындағы ғылыми-теориялық пікірлерді жинақтап, түйіндеуде екені даусыз. Жалпы, Е. Ысмайыловтың «Ақындар» атты кітабы қазақ кеңес фольклоры туралы кең тынысты, көлемді де ғылыми парасатты үлкен еңбек болып қалды. Ол кісінің «Ақындар» деп аталатын монографиясы – Одақ көлемінде жоғары бағаланған мұра. Көрнекті ақын, белгілі ғалым Әбділда Тәжібаев өз зерттеулерінде: «Халық ақындарының өнерлеріне қарай жіктеп бөлуде Әуезовпен қатар Есмағамбет Ысмайыловтың да көрсеткен тапқырлығы аз емес. Солардың бір тобын әнші ақындар деп атап және олардың талант табиғатын түсіндірудегі Есмағамбет еңбегі ерекше қымбат» деп жазды. Осы орайда Е.С.Ысмайыловтың әнші ақындардың ерекшелігін, өзіндік сипатын ғылыми жағынан саралап қана қоймай, олардың ірі өкілдері туралы зерттеулер жазғанын да айту керек. Мысалы, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері туралы, олардың ақындық, сазгерлік, әншілік өнері жайында толымды, толғамды еңбек жазды. Біржанға қатысты зерттеуінде Сарамен айтысына тоқталып, даулы пікірлерді талдап айтумен қатар, өзінің ғылыми болжамын ұсынады. Айтыстың ақиқат болғандығын, бірақ көп уақытқа дейін хатқа түспей, ел аузында жатқа айтылып келгендіктен, кәдімгі фольклор шығармалары сияқты бастапқы нұсқасынан өңделіп, өзгерістерге ұшырағанын қисынды дәлелдейді. Есмағамбет Ысмайлов – тек әдебиетте ғана емес, біздің ұлттық академиямыздың қалыптасуына, қоғамдық ғылымдардың дамуына, фольклортану саласында кадр дайындауда ерекше еңбек сіңірген қайраткер. Сол алпысыншы жылдары игілікті істің басы-қасында жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні тыным таппай, жан-тәнімен беріліп жұмыс істеп Есағаң жүретін. Ол кезде жұрттың айтуға батылы жетпей жүрген шақта қазақ әдебиетінің ерте дәуірі туралы Бейсембай Кенжебаевтың батыл тұжырымын ең алғаш қолдаған ғалым осы Есмағамбет Ысмайылов болатын. Есағаң әдебиет сынына да өте белсенді араласты. Әдебиеттің прозасына, поэзиясына, драматургиясына жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырды. Әуезов бастаған, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Мұхамеджан Қаратаев қостаған әдебиет тарихын зерттеушілерінің еңбегі әлі толық бағаланған жоқ. Бұл да бір кезек күттірмейтін іс.