Ішім өлген, сыртым сау
Ішім өлген, сыртым сау, Көрінгенге деймін-ау: Бүгінгі дос — ертең жау, Мен не қылдым, япырм-ау?! Өз үйінде өзендей Күркірейді, айтса дау. Кісі алдына барғанда Шабан, шардақ және шау. Мұндай ма едің ана күн, Мұның қалай, батыр-ау? Үш күн арқаң босаса, Бола қалдың бас асау. Жан қысылса, жайтаңдап, Жанды еріткен жайдары-ау. Жан жай тапса, сен неге Жат мінезсің жабырқау? Ұрлық пенен қулыққа Байлағанда кестің бау. Берерменде бесеусің, Аларманда және алтау. Топ болғанда көресің Түрлі дауды жүз тарау Аяғында сендейлер Көрмей жүр ме ханталау? Қайта кірер есікті Қатты серіппе, жарқын-ау Жетілсең де жетсең де Керек күні бір бар-ау. |
Абидоллаға
Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын, Қайдан білсін өмірдің көбін-азын, Бәйтеректі күндейді жетемін деп, Жылы күнге мас болып, көрсе жазын. Күз келген соң тамырын үсік шалып, Бетегеге жете алмай болар жазым. Мен-дағы көп есіттім жастың назын, Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың? “Боламынмен” жүргенде болат қайтып, Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім. |
Алымнан надан артпас ұққанменен
Ғалымнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен. О-дағы қалыбынан аса алмайды, Жауқазын ерте көктеп шыққанменен. |
Ашықтық, құмарлық пен — ол екі жол
Ғашықтық, құмарлық пен — ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол. Көңілімнің рақаты сен болғансың, Жасырынба, нұрыңа жан қуансын. Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді, Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?! Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе, Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып. |
Ашықтың тілі — тілсіз -тіл
Ғашықтың тілі — тілсіз -тіл, Көзбен көр де, ішпен біл. Сүйісер жастар қате етпес, Мейлің илан, мейлің күл. Ол тілге едік ондайлы, Қарыпсыз біліп сондайды, Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек, Енді ішіме қонбайды. |
Ылым таппай мақтанба
Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ — Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой — Бес асыл іс, көнсеңіз. Жамандық көрсең нәфрәтлі,* Суытып көңіл тыйсаңыз. Жақсылық көрсең ғибрәтлі,* Оны ойға жисаңыз. Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз. Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз. Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз. Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса мейлі, сол айтты Ақылменен жеңсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңiз. Аят, хадис емес қой, Күпір* болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз. Көп орында көріне айтпа, Біздің сөзге ерсеңіз. Мұны жазған кісінің, Атын білме, сөзін біл! Осы жалған дүниеден. Шешен де өткен не бұлбұл, Көсем де өткен не дүлдүл. Сөз мәнісін білсеңіз, Ақыл-мизан*, өлшеу қыл. Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл. Егер түзу көрінсе, Ойлап-ойлап, құлаққа іл. Ақымақ көп, ақылды аз, Деме көптің сөзі бұл. Жақынның сөзі тәтті деп, Жақыным айтты дей көрме. Надандықпен кім айтса, Ондай түпсіз сөзге ерме, Сізге айтамын, қаупiм —бұл. Өзің, үшін үйренсең, Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма-жыл. Біреу үшін үйренсең, Біреу білмес, сен білсең, Білгеніңнің, бәрі — тұл. Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай, Әрнәрседен құр қалма. Мұны жазған білген құл, Ғұламаћи* Дауани Солай депті ол шыншыл. Сөзін оқып және ойла, Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл — гүл |
Қажымас дос халықта жоқ