Xix ғасыр тіл білімі 4 страница
Ф. де Соссюр тілдің жүйесі жөніндегі проблеманы да ерекше сөз етеді. Ол: тіл - барлық элементтері бірігіп бір бүтін болып тұратын жүйе. Тілдік таңбалар - сол жүйенің құрамды элементтері. Жүйе элементтерін оларды біріне-бірін қарсы қойып қарау арқылы айқындауға болады. Сол арқылы тілдік таң-балардың маңызы мен ролі танылады. Тілдік таңбалар, яғни жүйе элементтері өзара байланысты, шартты қатынаста болады. Бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы олардың мағыналары түрленеді, мәні, құны айқындалады дейді. Тілдің өзіндік құрылымы бар жүйелі объект екені Ф. де Соссюрге дейін де сөз болған. Ол туралы В.Гумбольдт та біраз пікір айтқан. Бірақ Ф.де Соссюрдің олардан ерекшелігі ол тіл жүйесі проблемасын лингвистиканың ең өзекті объектісі деп санады, оны өзінің басқа бірсыпыра концепциясының тууына негіз етті. Бұл саладағы оның ең бір жағымды да маңызды ісі - тілдің қазіргі күйін, оның жүйесінің қазіргі функциясын жан-жақты және терең зерттеуді талап етуі болды. Қазіргі тіл білімінде тілдік жүйе, тілдік құрылым деген меселелер ең елеулі проблемалар қатарында қаралып жүр.
Ф. де Соссюр атына байланыстыратын тағы бір мәселе - зерттеудің синхрондық және диахрондық түрлері. Ол тіл білімін синхрондық лингвистика, диахрондық лингвистика деп екіге бөледі.
Синхрондық лингвистика тілдің ішкі жүйесін зерттейді де, диахрония бір-біріне байланыста алынған тілдік элементтердің тарихын зерттейді. Тілдің ішкі механизмі дейтініміз - тілдік жүйе. Тілдік жүйенің сырын ашу тек синхрондық зерттеудің ғана қолынан келеді. Сондықтан синхрондық лингвистика диахрондық лингвистикадан маңыздырақ. Ол - тілдің бөлшегі, бір дәуірдегі күйі туралы теория. Синхрония тілдік жүйе құрайтын элементтердің бір-бірімен логикалық, психологиялық қарым-қатынастарын талдайды.
Сөйтіп, Ф.де Соссюр тілді зерттеудің сипаттама /синхрония/ және тарихи (диахрония) әдістерін бір-біріне қарама-қарсы қояды. Синхрония тілдік жүйенің сырын ашады, диахрония тілдік жүйені бұзады, оны өзара байланысы жоқ, бөлек-бөлек фактілердің жиынтығына айналдырады деп қарайды. Тіл ғалымдарының басым көпшілігі Ф. де Соссюрдің бұл пікірін тіл тарихының мәнін елемегендік деп санайды.
Ф. де Соссюр қойған және өзінше шешкен бұл мәселелердің қай-қайсысы да XX ғасыр тіл білімі дамуының талап-мүдделеріне толық сай келді. Бұлар күні бүгінге дейін тіл білімінің өзекті мәселелері ретінде қаралып келеді.
Тіл ғылымы тарихында тіл білімінің ілгері дамуына дәл Ф. де
Соссюрдей ықпал жасаған ғалым аз. Дегенмен, оның концепцияларының бәрі бірдей мінсіз де емес, еңбектерінде қайшылықтар да, қате тұжырымдар да бар.
Тілдің әлеуметтік мәні кеңес тіл білімінде "тіл және қоғам" деген атаумен 1930-жылдың бас кезінен бастап кең қойылып келеді. Тілдің қоғаммен байланысын жан-жақты талдаған кеңес ғалымдары Р.О.Шор, Е.Д.Поливанов, М.Н.Петерсон, Л.П.Якубинский, В.М.Жирмунский, В.В.Виноградов, Н.Я.Мар, т.б.
Тілдің қоғаммен байланысы дейтін мәселе қазіргі кездегі тіл білімінің де маңызды объектісі. Бұл салада атқарылған істер де аз емес. Онда бүкіл дүниежүзілік тіл білімінің үлесі бар.
Структуралық лингвистика. XX ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген лингвистикалық мектептердің ең көрнекті және кең тарағандарының бірі - структуралық лингвистика деп аталатын бағыт. Бұл мектеп салыстырмалы-тарихи тіл біліміне оның бір бұтағы жас грамматикалық мектепте қарсы бағытта туып қалыптасты.
Структуралық лингвистиканың немесе структуралық әдістің дүниеге келуінің ішкі-сыртқы себептері бар. Ең негізгісі - XX ғасыр ғылымы дамуында пайда болған жаңа бағыт. XIX ғасыр ғалымының негізгі сипаты тәжірибие арқылы бақылаудан туған фактілерді есепке алу, сипаттау болса, XX ғасыр ғылымы олардың өзіндік мәнін, ішкі заңдылықтарын, зерттеліп отырған объектің құрылым ерекшелігін, оны құрайтын элементтердін ара қатынасын, бір-бірімен байланысын, бір-біріне тигізетін әсерлерін ашуға тырысады.
Үстіміздегі ғасырдың бас кезінен бастап философия, жаратылыстану, әдебиеттану, тарих, эстетика, психология, социология, этнография сияқты бірсыпыра ғылымдарда өз пәнін өзара шарттас, біріне-бірі тәуелді элементтерден тұратын күрделі біртұтас құрылым деп санап, оны осы тұрғыдан зерттеу талабы күшейді. Бұл тіл біліміне де әсер етті. Сонымен бірге, жалпы ғылымның, оның жаңа түрлері - кибернетиканың, математикалық логиканың дамуы, электрондық машиналардың пайда болуы, оны тіл біліміне қолдану талабының өсуі, тілдің практикалық кызметінің бірден-бірге күрделене түсуі структурализм бағытының тууына себепші болады.
Структурализмнің тууының ішкі, таза лингвистикалық себептері де жоқ емес. XIX ғасырда дүниеге келген салыстырмалы-тарихи тіл білімі басты назарды тіл туыстастықтарын, тілдің түп төркінін, шыққан тегін ашу сияқты мәселелерге аударды да, нормативтік грамматикаға жеткілікті мән бермеді, оны тек мектеп оқулығы дәрежесінде ғана қалдырды. Тілдің өзіндік сипаты, ішкі құрылыс қандай? Тілдік элементтер бір-бірімен қалай байланысады? Олардың байланысында қандай заңдылықтары бар? деген тәріздес сұрақтарға тұжырымды жауап болмады.
Структурализм бірден пайда болған жоқ. Оның алғашқы соқпағы В.Гумбольдт, Ф.де Соссюр, И.А. Бодуэн де Куртенэ еңбектерінде салынды. Структуралистер өз зерттеулерінде осы ғылымдардың, әсіресе Ф.де Соссюрдің еңбегіне сүйенеді.
Структуралдық бағыттың көпшілікке танылған үш мектебі болды: Прага (Чехословакияда), Копенгаген (Данияда) мектептері және дескриптивтік мектеп (Америкада). Кейін келе бұл бағыт басқа елдерге де тарады. Структурализм мектептерін бі-ріктіретін ортақ бағыт, проблемалар мыналар:
1.) структурализм мектептердің барлығы да тілді ішкі элементтері бір-бірімен байланысты, тұтас жүйе, бір бүтін құрылым деп санайды. Тіл білімінің міндеті - тілдің құрылымын, структурасын зерттеу дейді. Бұл бағыттың структуралық лингвистика деп аталуы да осыдан;
2) жас грамматистер тілді зерттеуде тек дифференциациялық принципті қолданса, тілдік элементтерді бір-біріне байланыссыз жеке зерттесе, структуралистер тілдік элементтерді бір-біріне байланыста, тұтастықта қарайтын нтеграциялық принципті қолданады. Тілдің құрылымдық элементтерін зерттеуде лингвистикалық сипаттау әдістемесін қолдануға шешуші мән береді;
3) үш мектептің үнідеуі де құрылымдық, құрамдық элементтерге жіктелуінілік және олардың бір-бірімен байланысты тілдің ең негізгі қасиеті, тіл білімінің негізгі міндеті - тілдің құрылымдық элементтері арасындағы байланысты талдау - тіл білімінің тек өзіне ғана тән, оның бірден бір объектісі деп біледі;
4) структурализм мектептерінің барлығы да Ф.де Соссюрдің ізімен тілді таңбалар жүйесі деп санайды;
5) структурализм мектептері синхрония, диахрония проблемасына да мән береді. Синхрондық зерттеу - тіл жүйесінің ішкі механизмін аңдуда шешуші роль атқарады деп, оны бірінші орынға қояды (Прагалықтардан басқалары).
Бұл аталған меселелерде де көзқарастары бір арнаға тоғысқанымен, әр мектептің ерекше шұғылданған, өзінше шешкен жеке проблемалары да болды.
Прага мектебі. Бұл мектеп өзіндік бағыты бар лингвистикалық үйірме ретінде 1926 жылы қалыптасқан. Оны қалыптастырушы чех ғалымы профессор В.Матезиус (1882-1945). Үйірме құрамында Б.Гавранек, Б.Трика, В.Скаличка, орыс эмигранттары С.Карцевский, Р.Якобсон, Н.Трубецкой, т.б. болған.
Үйірме 1929 жылдан бастап "Прага лингвистикалық үйірмесінің еңбектері" деген жинақ шығарып тұрады. Мектептің теориялық бағдарламасының мазмұны "Прага лингвистикалық үйірмесінің тезисі" деген атпен осы жинақтың бірінші томында жарияланады.
Бұлар тіл білімінің негізгі объектісі - тілдің құрылым жүйесімен тілдік элементтердің қызметін зерттеу дегенді баса айтты.Әрбір элемент өзінің тілдік жүйеде атқаратын қызметіне қарайбағалану керек. Тіл дегеніміз - функционалды жүйе, белгілі бір мақсат үшін қодданылатын тілдік таңбалардың жүйесі, тілбілімінің міндеті осы жүйені тілдің барлық қабатынан - фонологиядан, морфологиядан, синтаксистен, лексикадан да табу жөн, олардың әрқайсысының өзіндік сипаттарын айқындау деп санайды. Тілдік элементтердің қызметін бірінші орынға қоятындықтарына қарап бұл мектепті Прагалық функцияналды лингвистика деп те атайды.
Адамдардың ойлауға, сезімге, еркін білдіруге психикалық қабілеттілігі тілдің үш түрлі қызметін - коммуникативтік, білдірушілік айту, қаратпалылық қызметтерін туғызды. Бұл қызметтерге тілдегі хабарлы, лепті, бұйрықты сөйлемдер және сөйлеу актісіндегі тілдік таңбалардың құрылымы сай келеді дейді.
Функционалдық лингвистика өкілдерінің әрқайсысы әр түрлі проблемамен айналысты. Солардың ішінде олардың жақсы зерттеп, айтарлықтай табысқа жеткен саласы - фонология. Фонологияны олар функционалды лингвистиканың ең жетекші пәні деп санады. Бұл мәселеде Прагалықтар Бодуэн де Куртенэнің фонема туралы ілімін басшылыққа алып, оны ілгері дамытты. Бұл салада әсіресе Н.С.Трубецкойдың атқарған ролі, ғылыми табысы елеулі болды. Ол өзінің "Фонологияның негізі" /бұл еңбек автор қайтыс болғаннан кейін 1939 жылы неміс тілінде басылып шықты, 1960 жылы орыс тіліне аударылды/ деген еңбегінде әр түрлі тілдердің екі жүзге жуық фонологиялық жүйесін сипаттайды. Фонетика мен фонология тіл білімінің тең дәрежедегі екі саласы, фонетика сөйлеу дыбыстарын, фонология тіл дыбыстарын зерттейді. Фонологияның негізгі объектісі - фонема. Фонема - тілдің ең кіші фонологиялық бөлшегі. Сөйлеу дыбыстары - фонеманың материалдық символдары. Фонема бір сөзді екінші сөзден бөліп танытады, лексикалық, грамматикалық мағыналарды ажыратып танытатын фонологиялық оппозициялардың жиынтыға фонологиялық жүйе деп аталады. Оппозиция фонологияда шешу роль атқарады. Фонема сол оппозицияның бір мүшесі. Таза тіл білімдік пән - фонология, фонетика олай емес дейді. Бірақ фонетиканы тіл білімінің қарауынан біржола шығарып тастамайды, фонологиялық элементтердің функцияларын талдағанда, фонетиканың да пайдасы бар, фонетика - тіл дыбыстарының физикалық-физиологиялық сипаттары туралы ілім, ал фонология тіл дыбыстарының функциялық, мағына ажыратқыштық жағымен шұғылданады деп санайды. Бұлардың пікірінше, фонемалардың сөз мағынасын түрлендіру, сөз өзгерту функциясы - фонологияның ең негізгі мәселесі. Прагалықтар әдеби тіл теориясы мәселесіне де көп назар аударды. Әдеби тіл нормасы, тілдік, поэтикалық стиль, сөйлеу мәдениеті мәселелерін зерттейді.
Прага мектебі тілдік элементтердің ара қатынасын зерттеуде, алдымен, сол қарым-қатынас көрсеткіштерінің /элементтердің/ өзіндік сипатына ерекше мән беру керек, қарым-қатынас пен сол қарым-қатынасқа түсетін материал мен формалар өзара байланысты болатындығын естен шығармау керек депді.
Прага мектебі синхрония мен диахрония арасында жакындаспайтын алшақтық, бітіспейтін қайшылық жоқ деп, екеуін бірлікте қарайды. Диахрондық зерттеу жүйесін бұзбайтыны, функцияны жоққа шығармайтыны былай тұрсын, қайта бұл екеуін /тілдік элементтердің жүйесі мен функциясын/ ескере отырмайынша, диахрония өз міндетін толық атқара алмайды, бұл синхрондық зерттеуге де қатысты. Егер синхрондық сипаттау тілдік эволюцияны, бір жүйені екінші жүйемен ауыстырып отыратынын ескермесе, өз міндетін жақсы атқара алмайды деп қарайды. Сөйтіп, бұл мәселеде функциялық мектеп Ф. де Соссюрге қосылмайды, мұнысы дұрыс та.
Прага структуралистері тіл - дүниетанудың құралы, ол мәдениетпен, көркем өнермен, әдебиетпен тығыз байланысты, тілді өзімен-өзі тұйықталып жатқан автономиялы дүние деп санау дұрыс емес, сондай-ақ тіл жүйесін бір қалыптан аумайтын, өзгермейтін синхрондық қана жүйе деу де қате, жүйе де үнемі өзгеріп отырады дейді. Мұның өзі Прага мектебінің басқа структурализм мектептеріне қарағанда көп мәселені дұрыс шешкенін көрсетеді.
Прагалықтар өздеріне дейінгі, әсіресе жас грамматикалық бағыттың табыстарына ұқыпты қарады, өздерін оның мұрагеріміз деп есептеді. Бұлар өз зерттеулері арқылы XX ғасыр тіл біліміне елеулі үлес қосты. Прага мектебі беделді лингвистикалық бағыт ретінде елуінші жылдарға дейін өмір сүрді. Оның ықпалы қазіргі Чехия, Словакия және басқа да біраз елдер тіл білімінде күні бүгінге дейін елеулі.
Копенгаген структуралық мектебі. Бұл мектеп өкілдері өздерін компаративистикалық бағыттардан бөлектеу үшін гректің глосса деген сөзі негізінде глоссематиктер деп атады. Осы атау арқылы олар өздерінің тек тіл біліміне ғана тән мәселелермен айналысатын, тілдің ғылымдар аралық объектілеріне жуымайтан зерттеушілер екендітерін байқатқысы келді.
Глоссематикалық бағытын қалыптастырушы және оған дем беруші Дания тіл ғалымы профессор Лун Ельмслев/ 1899-1965/. Бұл мектептің теориялық негізін белгілеген алғашқы еңбек Ельмслевтің 1928 жылы жарияланған "Жалпы грамматиканың шешімдері" атты кітабы. Глоссематиктер 1933 жылдан бастап Прага мектебімен бірлесе, тіл білімі жөніндегі еңбектер" атта журнал шығарып тұрған. Журнал структуралистердің халықаралық органы деп жарияланды. Осы журналдың бірінші санында жарияланған глоссематик Вигго Брендальдің "Структуралды лингвистика" деген мақаласы мен Ельмслевтің кейініректе жарияланған "Лингвистикадағы структуралық талдау әдісі", "Тіл теорияларының негіздері", "Тіл теориясына кіріспе" деген мақалаларында (бұлар орыс тіліне аударылған) глоссематиканың негізгі ұстанған бағыттары кең баяндалған.
Глоссематиктер алғашқыда Ф. де Соссюр тұжырымдарына сүйеніп, прагалықтармен пікірлес болғандарымен, кейін олар-дан біраз мәселеде жекеленді. Бұл мектептің негізгі принциптері мыналар:
- нақты тілдік фактілермен байланысы жоқ абстракт аксио-малық теория жасауды көздеу. Бірақ ондай теория жасай алған жоқ, жасау мүмкін де емес еді;
- лингвистикадағы маңызды мәселе - тілді таза қатынастардың торы, схемасы деп санау, сол қатынастардың сипаттарын айқындау деді;
- тілдің әр түрлі ғылымға ортақ объект болатын тарауларын лингвитикалық пән емес деп жариялап, оларды тіл білімінің қарауынан біржола шығарып тастауды ұсыну. Бұларша, фонетика лингвистиканың емес, физика, физиология ғылымдарының объектісі, семантикалогияға, философия ғылымдарының объектісі, т.б. Тіл дыбыстары тілдің материалдық жағы болса, семантика тілдің идеялық жағы. Бұл екеуінсіз тіл жоқ. Сондықтан глоссематиктердің бұл екі категорияны лингвистикалық пән емес деп жариялаулары - тілді материясы мен мазмұнынан айыру деген сөз;
- зерттеу жұмысынан салыстырмалы-тарихи әдіс дегенді бір-
жолата аластау керек, тілдер туыстастығы деген ғылыми проб-
лема емес, оның орнына тілдердің жалпы, универсалды грам-
матикасын жазумен шұғылдану керек деді /Бұл к.сыңар жақ
пікір. Тіл білімі үшін структуралдық та, салыстырмалы-тарихи
әдіс те қажет, әрқайсысының өзобъектісі, алға қойған өзіндік
мақсаты бар/;
- тілді объективтік өмірден, басқа ғылымдардан бөліп
жекелеп қарау, /олар қай ғылымныңболса да ғалымдар аралық
саласы оның басқа салаларына қарағанда анағұрлым терең,
анағүрлым жан-жақты шешілетінін ескермейді/;
- зерттеу ісінде индуктивтік, яғни жекеден жалпыға қарай зерттеу әдісін қолданбауды, дедуктивтік, яғни жалпыдан жалқыға қарай зерттеу әдісін ғана қолдануды ұсыну. /Көптеген ғалымдар қажетті жеріне қарай бұл зерттеу тәсілдерінің екеуі де қолданылуы керек деп санайды/;
- құрылымды дерексіз таза қарым-қатынастар схемасы, торы деп тусіну. (Структуралық мектеп деп аталғандарымен прагалықтар мен глоссематиктердің құрылым дегенді түсінулері бірдей емес, прағалықтар оны өзара байланыста, шартты қатынаста тұратын тұлғалардан құралған бірлік, тұтастық дейді. Бұл мәселе дұрыстық прагалықтарда);
- Ф.де Соссюрдің ізімен синхрондық зерттеуге шешуші мән
беріп, оны тілдің жүйелік сипатын зерттеудегі бірден-бір тәсіл
деп санау;
- Ф.де Соссюрдің ізімен сөйлеуді индивидуалдық деп санап,
оны тілдік нормаға, узусқа қарсы қою. (Норма - материалдық
форма, ал узус қоғам қабылдаған сөйлеу әдетінің, дағдысының
жиынтығы. Тіл жеке құрылысы жағынан алғанда, фигуралар
мен функциялардың жиынтығы. Фигуралар - таңба жасауға
қажетті материалдар. Функцияға тілдік тұлғалардың байланысы
жатады дейді).
Дескриптивті мектеп үстіміздегі ғасырдың 20-жылдарында Америкада қалыптасқан. Мектепті қалыптастырушылар және АҚШ тіл білімінің классиктері профессорлар Эдуард Сепир (1884-1939), Леонард Блумфилд (1887-1949). Бірақ структурализмді қалыптастыруда екеуінің атқарған ролі мен ұстанған принциптері бір емес, сондықтан бұл екеуі қазіргі АҚШ тіл біліміндегі - этнографиялық, структуралық деп аталатын екі мектептің дем берушілері болып саналады.
Америка структурализімі дескриптивтік мектеп немесе дес-криптивтік әдіс деп те аталады. Бұл әдіс бойынша тілдің белгілі бір дәуірдегі күйі, статикалық қалпы эмпирикалық тәсіл бойынша сипатталады, ондағы өзгеріс-құбылыстар, даму, тарих дегендер ескерілмейді
Дескриптивтік мектеп - тілдік текстерді талдаудың әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, жетілдіру, лингвистикалық терминдерді айқындау мәселелерге ерекше мән береді.
Дескриптивтік мектеп ол баста таза практикалық мақсаттан туған. Американың байырғы тұрғындары индеецтер тілдерін зерттеуге салыстырмалы-тарихи әдіс жарамады. Бұл тілдердің қазіргі статикалық күйін түсіну үшін зерттеудің жаңа әдіснамасын табу қажет болды. Ізденіс нәтижесінде структуралық әдістің тиімділігі айқындалды.
Дескриптивтік мектептің жұмыс әдісі мен принциптері салыстырмалы принципке сай келгенімен, көп мәселеде Ф. де Соссюр мен Копенгаген структуралистерінің концепцияларын басшылыққа алғандарымен, оның өзіндік ұстанған жолы, бағаты бар. Структурализмнің басқа мектептеріне қарағанда оның қалыптасқан, тұрақты зерттеу жүйесі бар. Кейбір ғалымдар дескриптивтік тіл білімін тілдің құрылымын сипаттаудың ең айқын тәсілін қалыптастырған мектеп деп санайды.
Америка структуралистерше бірден-бір материал болған және сол әдістің дүниеге келуіне себепші болған индеецтер тілдерін ең алғаш зерттеген адам - Американың көрнекті тіл ғалымы белгілі антрополог Франд Боас(1858-1942).
Л.Блумфилд өз зерттеулерінде бихевизмдік (мінез-құлық) психологияның концепцияларын басшылыққа алды. Бұларша, психология тек міңез-құлықты ғана зерттеу керек, ал міиез-құлық дегеніміз - организмнің сыртқы реакциясының жиынтығы, реакция қоршаған орта туғызатын стимулдар арқылы механистік жолмен пайда болады.
Л.Блумфилд те өз ілімін механистік теория деп атады. Бихевиоризмнің механистік концепциясын сол күйінде сөйлеу процесін түсіндіруге белгілі бір жағдайға байланысты туатын реакциясы деп есептейді
Сөйлеу процесі бірнеше стимулдар мен реакцияларға бөлшектенеді, тіл арқылы қатынас жасау дегеніміз - стимулдар мен реакциялардың, әсер мен салдар туғызған себептердің жиынтыға деп түсіндіреді.
Сөйлеудің ойлаумен, ұғыммен байланыстылығы ескерілмейді. Тіл қызметінде жеке индивидумның мінез-құлқына, адам организмнің құбылыстарына, организмге сырттан болатын әр түрлі әсерлерге, түрткіге шешуші мән береді. Тілдің коммуникативтік қызметін мойындағанымен, оның іске асуын механистік жолмен түсіндіреді. Ал тілдің ойды қалыптастыру қызметін тіпті сөз етпейді.
Бұл тәріздес елеулі кемшіліктеріне қарамастан, Л.Блумфилд негізінен тілдердің қай-қайсысына болса да қолдануға жарайтын, тіл білімінің дамуына белгілі ықпалы болған жаңа әдісті қалыптастырып, сындарлы жүйеге келтірді Ол тілді формальды сипаттаудың қажеттігін дәлелдеп негіздеді. Л.Блумфилдті әдетте, дескриптивтік, кейде Йель мектебі деп аталатын лингвистикалық бағыттың негізін қалаушы деп санайды. Оның ілімін З.Харрис, Б.Блок, Ч.Хоккет, Дж.Л.Трейджер т.б. шәкірттері басшылыққа алып отырды.
Дескриптивтік әдіс өз дамуының жоғары сатысына 40-50 жылдары көтерілді. Л.Блумфилдтің көрнекті шәкірттерінің бірі З.Харрис 1951 жылы "Структуралық лингвистиканың әдістері" деген монография жазды. Бұл еңбек Америка структуралистер зерттеулерінің жинақталған қорытындысы іспеттес. Онда дескриптивтік әдістің ең түйінді, өзекті мәселелері жан-жақты талданған.
Америка структуралистері өздерінің алдына жалпы тіл білімі теориясын дамыту міндетін емес, тілдік элементтерді оңай және тез табу, оларды есепке алып, қандай контексте қолданылатынын айқындау міндеттерін қойды.
Дескриптивистер тіл - ішкі, сыртқы байланыстары бар сигналдар жүйесі дейді де, тіл білімін металингвистика, микролингвистика деп екі салаға бөледі.
Мегалингвистика сөздік мінез-құлықтың сыртқы жағын зерттейді. Ол этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, мевталингвистика, фонетика, паралингвистика /интонация, ымдау-нұсқау сияқтыларды зерттейді/ деп аталатын салаларды қамтиды.
Микролингвистика сөздік сигналдарды сипаттайды, бірақ оны сипаттағанда металингвистикалық жайттарға, яғни сыртқы өмірмен байланысқа, тарих мәселелеріне, тілдің семантикалық жағына көңіл аудармайды, оның материалдық жағын ғана зерттейді.
Америка структуралистері зерттеудің негізгі әдістемесі ретінде дистрибуцияны алады (бөлу, жіктеу мәнінде). Тіл білімінде дистрибуция дегеннен белгілі бір тілдік элементтің сөйлеу процесінде қолданылатын орны, контексі деген мағына түсініледі. Мысалы, фонема үшін контекст оның алды-артында келетін фонемалар болса, морфема үшін контекст оның айналасында келетін, яғни оны қоршап тұрған морфемалар болады.
Дискриптивтік талдаудың объектісі - сөйлеу тілі, сөйлеу процесіндегі тілдік материалдар. Ал көзделетін түпкі мақсат – сол ауыз екі материалдарды талдау арқылы тілдің құрылымдық сипатын айқындау. Бұл мақсатқа жету үшін әр қабаттың элементтері жеке-жеке айқындалып, есепке алыну керек, екіншіден, ол элементтердің дистрибуцияларын айқындау керек. Бұл әрекеттердің әрқайсысы екі реттен қайталанады: бірінші - фонемалық элементтерді бөліп, олардың дистрибуциясын ашу; екінші - морфологиялық элементтерді есепке алып, олардың дистрибуциясын айқындау.