Quot;Қазақ әйелі" образы

Адам – ерекше жаратылыс. Ал әйел – ерекше нәзіктіктің, сезімталдықтың символы. Балалардың, болашақ батыр мен басшылардың, ғалым мен ақындардың тәлім-тәрбиесі, отбасындағы мамыражай жайлы өмірдің ұйытқысы, көзін ашқандағы алғашқы ұстазы да – әйел. Өзінің құпияға толы табиғатымен, ерекше нәзіктігімен көптеген жыр мен шығармаларға арқау болған әйел әлем әдебиетінде тақырып ретінде тамырын тереңнен жайды.

«Қазақ фольклорындағы әйелдер бейнесі де жаныңды разы қылып, жүрегіңді тебірентеді. Олардың тұрмыс талқысына мойымайтын қайсар мінезі, бір-біріне ұқсамайтын өзіндік тумыс-бітімі, көркемдік бейнелеу құдіреті адам жанын еріксіз өзіне баурап алады. Батыл да қайсар қыз Назым, айнымас адал жар, қамқоршы, дос қыз Құртқа, жаны нәзік жас ару Қыз Жібек, Баян сұлу, апалы-сіңлілі Айман – Шолпан, ақылды, тапқыр Қарашаш – асқақ шабыт үстінде шеберлердің қолымен асыл дүниеден қашап жасаған мәңгі өлмес көркем бейнелер» [25, 5]. Ал кейін Абай өлеңдеріндегі сұлудың, С.Торайғыровтың Қамар сияқты көзі ашық қыздары, С.Торайғыров пен С.Көбеевтің Жамалымен Ғайшасы, кейінірек Б.Майлин, С.Сейфуллин және С.Мұқанов жасаған «батыл, күрескер әйел» бейнелері, Ж.Аймауытовтың азат Ақбілегі, Ғ.Мүсіреповтың мейірімді әрі ер аналарының образдары – халқымыздың асыл қасиеттерін бойларына жинаған көркем бейнелер.

Әдебиеттану ғылымында әйел бейнесі ертеден бері зерттеліп келе жатыр. «Сан ғасырлық әдебиетте әйел – зұлымдық пен бақытсыздықтың бастаушы көзі (сиқыршы, жын-пері, құбыжық, жалмауыз кемпір) бейнесінде немесе әйел таңғажайып сұлулықтың символы ретінде суреттеледі (Венера, Дева Мария, Мадонна, Жібек, Баян, Құртқа) [6, 10]. Көріп отырғанымыздай, әйелдің адами қасиеттері мүлдем назардан тыс қалып отырған. Ал, негізінде, М.Әуезов өзінің «Адамдық негізі – әйел» атты әйгілі мақаласында жазғандай: «Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса, аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған – әйел» [12, 46]. Мұны уақыт өте әлем бірте-бірте мойындай бастағанда бірқатар ақын - жазушылар әйелді басқаша, жаңа қырынан танытатын шығармалар жазды. Шекспир мен Диккенс, Гете мен Шиллер, Толстой мен Пушкин, Достоевский мен Тургенев, Айтматов әйел жанының тереңдігі мен сұлулығын, парасаттылығын жырлау үшін Джульетта, Дездемона, Гретхен, Анна Каренина, Наташа Ростова, Татьяна, Маша Миронова, Лиза, Соня Мармеладова, Найман-Ана, Жәмила сияқты өшпес көркем образдарды дүниеге әкелді. Сөйтіп, әйел бейнесі жаңа биіктерге көтерілді. Осы туралы Н.Усачева: «Литературный идеал мадонны встречается в двух видах: ангел - хранитель домашнего очага, мать, нежно прижимающая к себе ребенка или кормящая грудью младенца. ...И второй тип мадонны: дама, светская красавица, в сиянии своей недоступности, загадочности, хрупкости, изысканности, утонченности и надменности: бесполезный мотылек грез и мечтаний поэтов, она не живет, а позирует, являясь вечным образцом «гения чистой красоты» [6, 9] – деп жазған да еді.

Ал осы тұста қазақтың көрегендігінің тағы бір дәлелін көре аламыз. Себебі, халқымыз әйелдің ішкі әлемінің сұлулығын, даналығын, батырлығын, адамгершілігін сонау ықылым заманнан бері мойындап келген. Қазақ әйелі қандай қиыншылық болса да елімен бірге, тіпті ерлерімен қатар қолына қару алып күресетінін, «Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен даланы тербететінін» білген. Біліп қана қоймай, оны жырларына қосып жырлаған да. Мысалы, ежелгі эпостық шығармалардағы сүйгенінің адал серігі мен тірегі бола білген Гүлбаршын, Құртқа, Айман мен нәзік Жібек, Баяндардан бастап, бертін келе Домалақ ана, Айша бибі, одан бері ұлы Абайға тәрбиесін сіңірген Зере мен Ұлжан, ел бастаған Ұлпан бейнелері соның айқын дәлелдері болса керек. "Ана мен Киелілік егіз ұғымдар. Қазақ халқының ұлттық болмысында ананы отбасының қамқоршысы, елдің ұйытқысы, береке-бірліктің бастаушысы деп санаған. Көне түркілерде Ұмай ананы шаңырақтың желеп-жебеп жүрер киесі, қасиетті қорғаушысы деп ұққан», – деп жазады ғалым Н.Келімбетов. Жалпы, зерттеулер барысында Ұмай ананың мынадай үлкен қызметтері анықталған: «1) Ұмай ананың нәресте жебеушісі ретіндегі қызметі. Мәселен, шорларда нәрестелердің жебеушісі – Май, телеуіттерде ол – Май ене, тіпті көне антика заманында бұл қызметті Гея атқарғаны белгілі; 2) түркі халықтарының санасында Ұмай ананың функциясына Жер-Ана қызметі қосылып, ол соңғы кезеңдерге дейін өшпеген; 3) әйелдердің өсіп-өну символы болуы олардың нәресте сүюімен байланысты болғанының өзінде оның түп-тегінде құрсақтағы жолдастың Ұмай аталуымен сабақтас» [13, 136]. Еуропада әйел бейнесі лайықты орнына бертін келе ғана көтеріліп жатса, бізде ол түсінік көп ғасыр бұрын қалыптасып қойғанын көреміз.

Қазақ халқы көркемдікті, сұлулықты терең сезінген және оларды өмірдің өзінен, адамнан тани білген. Әсіресе, қазақ қызының келбетінің суреттелуі – оқыған жанды тамсандырмай қоймайды. Мысалы, Назымның әдемілігін: «Сұлу болса бейне жаңа шешек жарған гүлдей; тамағы ақ, беті - жүзі бұлттан шыққан Айдай нұр сәулелі немесе жазылмаған ақ қағаздай аппақ; қимыл - қозғалысының әсемдігі ақ боз аттың жорға жүрісіндей» [9, 51], – деп суреттесе, Ақжүністің портреті кез келген жанды тамсандырмай қоймайды:

Бұхар барсаң, қолаң бар,

Қолаңды көр де, шашым көр;

Зергер барсаң, қасында

Алтыннан соққан түйме бар,

Түймені көр де, басым көр;

Молда барсаң, қасында

Қиюлы жатқан қалам бар,

Қаламды көр де, қасым көр;

Ұсталар барсаң, қасында

Тартулы жатқан сымдар бар,

Сымды көр де, қолым көр;

Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де, етім көр;

Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де, бетім көр [14, 51-52].

Ал «Қыз Жібек» жырындағы сұлу қазақ қызының бейнесінің әрбір деталіне дейін суреттеуі соншалық, дастан «сұлулар галереясын қалыптастырған жыр» деген атқа ие болған. Жырда Қыз Жібектің кескін-келбеті арқылы барша қазақ аруларының көркі бейнеленген:

Қыз Жібектің шаштары –

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң,

Сегіз пейіш ішінде

Хорлардың жаққан шырағы.

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай.

Білегінің шырайы

Айбалтаның сабындай.

Оймақ ауыз, құмай көз

Іздеген ерге табылды-ай,

Өткірлігін байқасаң,

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Кер маралдай керіліп,

Сары майдай еріліп,

Тәңірі берген екі аяқ

Бір басарға ерініп.

Белі нәзік, талып тұр,

Тартқан сымнан жіңішке,

Үзіліп кетпей неғып тұр?! [14, 54-57].

Ғашықтық дастандардың тағы бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Баянды жыршы: «Тал шыбықтай бұралған, қыпша бел, алма мойын, елден асқан сұлу. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашы тізесіне түскен, гүлдей ашылған аузынан маржан тісі көрінеді. Әлемде ондай қыз жаралған емес. Ақ маңдайы биік, алтын кірпік, өзі нәзік, өзі назды. Ол үшін мал түгіл, басыңды қисаң да арман жоқ. Сырттай күлімсіреп сөйлейді. Ішінде мұң бар, бірақ білдірмейді. Паң, көңлі ешнәрсені хош көрмейді» [9, 240-241], – деп суреттейді.

Бұл – ауыз әдебиетінің үлгілері болса, дәл осы портретті жыраулар заманынан кейінгі дәуірде де байқауға болады. Мысалы, қазақ поэзиясындағы айтыс өнерінің озық үлгісі саналатын «Біржан мен Сара айтысындағы» Сараның өзін суреттеу арқылы бүкіл қазақ даласының қыздарының портретін жырлап тұрғандай көрінеді:

Әжімсіз он саусағым бәрі де аппақ,

Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ.

Міні жоқ отыз тісім меруерттей,

Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.

Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізім шырынындай шәрбат судың,

Қаққанда төңкерілген қас бітісім

Ашылған айбатындай жібек тудың.

...Тамағым жас баланың білегіндей,

Иығым нақ сандалдың тірегіндей.

Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,

Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей [14, 65].

Ал жазба әдебиеті қалыптаса бастаған шақта, яғни ұлы Абайдың заманында да қазақ аруына тағылған сұлулық эталонының өзгермегендігін М.Әуезовтің «Абай жолында» Тоғжанды суреттегенінен байқаймыз: «Тоғжан толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей» [6, 34].

С.Жүнісов болса Ақтоқтысына деген бағасын: «Ал Ақтоқты болса, солардың ортасында мойнын иіп тастап балдыр сүзген, ерке, сұлу аққудың көгілдіріндей» [6, 34-35], – деп суреттейді. Аққудың көгілдірі – сұлулықтың символы саналады.

Ал жазушы Қ.Жұмаділов өзінің «Тағдыр» деп аталатын романында Бибінің портретін: «Жап-жазық аппақ маңдайы, жаңа туған айдай иіліп біткен қиғаш қасты, жауын шайған мойылдай мөлдіреген ұялы нәркес көзді, қызыл арайлы шапақ атып тұратын, ат жақты, сұлу жүзді, түп-түзу пісте мұрынды және оймақ ерінді», – деп суреттесе, Ырысқан портретін: «Аққудай иілген мойны, жаңа туған айдай иіле біткен жіңішке қасы, жазық маңдайына тура түскен әсем мұрны, ителгінің тамағындай аппақ, жұмыр иегі мен қымсынғанда қызыл арай теуіп тұратын нұрлы жүзі, бәрі-бәрі қолдан ойып жасалғандай» [6, 122], – деп береді.

Ал енді ұлы ақынымыз Абайдың суреттеген қазақ қызына назар аударайық:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Қолаң қара шашы бір жібек талды,

Тұрғандай толқын ұрып көз таңдайды [14, 302].

Демек, қазақ ару қызының образы – тек бір ғана заманның елегінен емес, қаншама уақыт сынынан өткен мәңгілік образ.

Ш.Елеукенов сұлулықты туралы: «Сұлулыққа, әдемілікке табыну сезімі – тарихи қалыптасқан сезім... Эстетикалық ләззат сыртқы дүниенің әсерін бей-берекет қабылдаудан емес, оны белгілі бір жүйеде қабылдаудан тумақ» [6, 36], – деп жазған екен. Яғни, ғалым адамның сыртқы ғана емес, ішкі сұлулығының маңыздылығын да меңзеп отыр. Әрине, сыртқы келбеттілік ішкі имандылықпен, ақылдылықпен, парасаттылық пен адамгершілікпен үйлескенде ғана шынайы сұлулыққа ұласпақ. Сондықтан жоғарыда аталған қазақ аруының образдары тек сыртқы сұлулықтарымен ғана ерекшеленеді екен деген ой туындамауы керек. Себебі олардың барлығы да ішкі және сыртқы әлемдерін бірдей үйлестіре білген қазақ қыздарының мәңгілік образдары. Сол мәңгілік қазақ әйелдерінің образын жасаушылардың бірі – Ғ.Мүсіреповтің өзі: «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой – ұлы, ойландыра алған сұлулық – ұлы» [6, 91], – деген екен. Яғни, бейнелерді дүниеге әкелуші осындай пікірде болса, оның образдарының бойында сұлулықпен қатар ұлылықтың болмауы мүмкін емес.

Мәңгілік образдылықтың шарттарына сәйкес бейненің қазіргі әдебиет үлгілерінде немесе қоғамда қалыптасқан тұрақты орны болуы керек. Ал қазақ қызының сыртқы бейнесі айқын көрінетін шығармалардың иесі – Мұқағали екені даусыз. Оның:

Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,

Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.

Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,

Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман

Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,

Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!

Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,

Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.

Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,

Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,

Күлкің сенің шашылған нұр, сөзің кәусар, бал ма екен,

Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!? [15, 64] –

деген жолдары қазақ қызының сұлу образы фольклор үлгілерінен алшақтап кетпегенін айқын көрсетіп тұр. Ал қоғамдағы адамдардың пікірі де әдебиетімізде қалыптасқан бейнеден алыстамас.

Қазақ халқы үшін «туған жер», «ел», «ана» деген сөздер қатар қолданылып, бір ұғымдай болып кеткен. Оның өзіндік себебі де бар. Жауға аттанған батырды ерлікке бастап, амандығын тілеп, желеп-жебеп жүретін жан, ол, әрине, ана.

Расында, ана рухы – нәзіктік пен ерлік сияқты екі кереғар қасиеттердің біте қайнасқантіршіліктің қазыналы қойнауы. Ана болмысы өмірдің мәйегіне айналған бейне бір темірқазық жұлдызы іспеттес. Сол үшін де ана образы қай заманда болмасын, ақындар мен жазушылардың жалықпастан бойлайтын мәңгілік тақырыптары болып қала бермек.

«Дүниеге келу бар да, өлу бар, тағы...тіршілік үзілмейді, адам рухы өлмейді. Жаратылыс жасаған кереметтердің ең құдіреттісі – адам, ең сүйкімдісі – сәби.

«Көрұғлы» жырында Көрұғлының көрде дүниеге келуі, Ақанай ананың жүрегі тоқтаса да, ақ сүті тоқтамайды, өлі кеудесімен ақ нәрестесін асырауы сөз болады. Жырдың сюжеті арқылы ананың рухы бар жерде өмірдің ағысы бар, ананың құдірет дарытатын киесі бар жерде өмір бар деген халықтық ұлы ұғым бар. Ауыз әдебиетінен бері үзілмей келе жатқан осы бір түсінік ғасырдан ғасырға ақын-жазушылардың шығармаларына аманат болып берілуде" [6, 52].

Әйел – ару, әйел – мейірімді ана. Табиғаттың сұлу үйлесімін түзетін, адам бойына тіршілік тамыры мен ізгілік дарытатын да әйел заты. Ол – отбасының ұйытқысы мен берекесі. Әйел-ана – ұлттың ұлт болып қалыптасуына өзіндік әсерін тигізген намысты жан. Әсіресе, «қазақ романдарындағы әйел – ана – ару бейнелері халқымыздың тарихында айрықша із қалдырған тарихи тұлғалардың, өнер дүлділдерінің рух беруші қуаты, күш дарытатын тірегі де болды. Ол – адамдық негізі әйел болып табылатын өмір шындығын көркемдік шындыққа ұластырды. Көркемдік-эстетикалық танымның биігіне көтерді» [6, 85]. Жазушылар бір жағынан бесігін тербетіп, тәрбиенің тұтқасы болып отырған қазақ әйелінің елін жау шапса, ерімен бірдей қолына қару алып күресетін ержүректілігін, қайтпас қайсарлығын, ұлтжандылығын, әйел затына тән айрықша ұстамдылық пен парсаттылықты дәріптей көрсетті. Ғалым С.Қирабаев: «Қазақ әйелінің бұрынғы тұрмыс-тіршілігі қайшылықты жағдайда өткенін, онда теңсіздікпен қатар, ие болар құрмет те болғанын біз тәжірибеден де, тарихтан да білеміз. Сан ғасырларда, әртүрлі қилы кезеңдерде ақылдылығымен, батырлығымен, шешендігімен, халыққа танымал болып, ел есінде күні бүгінге дейін мәлім Қызай, Қарашаш, Ұлдай, Бәтей сынды әйел есімімен аталатын рулар қазақ әйелінің қасиеті мен қадірін көрсетсе керек» [6, 134], – деп жазған екен.

Қазақи кеңпейілділік, салт-дәстүрге деген құрмет, имандылық пен инабаттылық сияқты қасиеттерді бойына жинаған асыл жандардың бейнесін барынша әр қырынан ашқан шығармалар баршылық. Солардың бастауында тұрғандарының бірі – М.Әуезовтің «Абай жолы» романы.

Романда «әр бейненің тастан қашалғандай бедер табатыны сондай, әрқайсысы бір ғана адам емес, бір топ адамның жиынтық бейнесі боп оқырманның көз алдында тұрады да, есінде қалады. Шығармада мейірім-шапағатқа толы, қауымның шын ықыласына ие Зере – әжелердің типтік үлгісі, сабырлы, ақылды Ұлжан – аналардың үлгісі, ал ару – Тоғжан – адал, таза махаббаттың үлгісі, Абай ақынның асыл да аяулы жары Әйгерім – сұлу жардың үлгісі» [6, 84].

Бертін келе орыс әдебиетінде М.Горькийдің Акулина Ивановнасы сияқты төл әдебиетімізде аса көркем суреттелген дана Зере әже мен парасатты Ұлжан ана образдары – бүтін халықтың анасына айналған мәңгілік ұлы бейнелер. Олар – адамгершіліктің шыңына шыға білген, шексіз махаббатты бойына жинақтай білген асыл бейнелер.

«Ғалым А.Нұрқатов: «Ғ.Мүсірепов өзінің ана туралы әңгімелер циклында жау қолында жанын аяп, тізесін бүкпейтін, елі-жұртын, өзінің балаларын емірене сүйетін, аналық махаббаты мен мейірбандылығына дақ түсірмейтін батыр ананың өршіл тұлғасын жасады», – деп жазды [6, 73]. Расында Ғ.Мүсірепов батыр тұлғалы ер аналарымен бейне бір «өжет аналар» галереясын жасағандай. Әйел қанша нәзік жаратылған жан болғанымен, рухының мықтылығы жөнінен шексіз асқақтай беретінін көрсетті. Осылайша мейірімді, көкірегі нұрға толы, мәңгілік ерекше әрі қайталанбас қазақтың әйел – ана образы дүниеге келді.

Әдебиетімізде Әуезов жасаған Тоғжан, Әйгерім, Салтанат, Керімбала, Ұлжан, Зере, Ғ.Мүсірепов бейнелеген Ақлима мен Ұлпан бейнелері Толстой жасаған бір ғана Анна Каренина, Тургенев сомдаған Лиза мен Елена образдарымен тең дәрежеде тұра алатынын дәлелдей түседі.

Халқымыз ежелден әйел затын «таңшолпанға», «раушан гүліне», «тотыға», «аққу құсына» балап, қызын оң жақ төріне отырғызып, қадірлеген. Олардың тәлім-тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. «Қызға қырық үйден тыю» деп, қыздың тәрбиесінде бір ғана отбасы емес, бүкіл ауыл болып жауапты деп түсінген. Қыздың ар-намысына кір келтірмей, нәзік гүлдей етіп өсірген. Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы Айтолқынның: «Сіздің үйде қойып кеткен қоймамыз бар, аманат қылған алтынымыз бар. Енді, міне, дәм бұйырып, сол алтынымызды алғалы келдік» [6, 163], – деп қыз баланы алтынға теңеуінің өзі оның халқымызда қадірлі жан екендігін көрсетеді. Мұны қалам иелері Ақтоқты сияқты образдар арқылы білдіртіп те отырған: «Қыз күннің сәулесін, жаздың шуағын сүйетін, аялайтын алақанға, ұрық шашар ұрпаққа жаратылған нәзік гүл екенін түсінді» [6, 93].

Бұл «Ұлттың қасиеттілігі әйелдеріне деген қарым-қатынастарынан білінеді», – деген ақын Л.Васильеваның сөзін еске салады.

Әйел – ана, сонымен қатар әйел – сүйікті жар әрі ерінің әрдайым жанынан табылатын серігі де болған. Бұл жөнінде Ақан серінің өзі: «Қыз – ертең басына жаулық салар қалыңдық қана емес, ердің қасындағы серігі, кісі сүйер жүрегі, тебірене білер сезімі бар адам» [6, 46], – деп айтып кеткен. Елдің сенері – ер жігіт болса, ер жігіттің сенімді серігі мен тірегі - оның адал жары. Олар азаматтарын ерекше қадір тұтып, сыйлаған. А.И.Левшин: «Киргизи далеко превосходят киргизов в трудолюбии. Они отправляют все домашнее хозяйство, на них лежит половина попечении о скоте, они сверх того занимаются рукоделиями и приготовлением одежды себе и детям, они же должны заботитьсяобо всем нужном для мужей своих, даже иногда седлать им лошадей и сажать их верхом» [6, 13-14], – деген екен. Бұл, әрине, әйел затының еріне қызмет етуі үшін ғана жаралғандығының белгісі емес. Қазақ әйелі қашан дане нәрсені болса асқан байыптылықпен, ерекше ұстамдылықпен атқарған. Ол «күйеуім», «ерім» деп айтпай, тек қана «төрем» дей отырып, өзінің әсері мен ықпалы, үстемдігі мол екенін ерке қылықтары мен назды сөздерімен білдіріп отырған. «Еркек – бас, әйел – мойын» деген ұғым осыдан қалса керек. Мұны айғақтайтын, қырсық хан мен сұлтандардың өздерін жіпсіз байлап, Қарашаш пен Ұлпандай қазақ әйелдерінің қаһарын шашып келгендерді асқан тапқырлығымен, ізеттілігімен жеңген жағдайлар тарихта да аз кездеспейді. Ерінің кем я артық кеткен жерін көрсетпей, араз ағайынның арасын табыстырып, жарының беделін әрқашан көтеріп отыратын қазақ әйелінің болмысы әлі талай ғасырға арқау болатыны хақ.

«Ғалым А.Нұрқатов: «Демократиялық идеяны көтеретін шығармалардағы азаттықты аңсап, армандап кеткен Ғайша, Қамар, Шұға тәрізді қазақ қыздары жаңа әдебиетте өзгеше сипат, жаңа қасиеттерге ие бола бастады, әлеуметтік, қоғамдық істердің басы-қасынан көрінетін болды. Прозалық шығармалардан танылатын Айша, Ақбілек, Раушан, Жәмила, Рәбиға – осы бір үлкен өзгеріс, зор оқиғаның айғағы ретінде суреттелетін бейнелер» [6, 95], – дейді. Бұл қазақ қыздарының тағы бір жаңа қырын көрсетеді. Ол – оқу мен білімге құштар арулардың образдары.

Зерттеуші-ғалым Ю.М.Лотман: «...если в середине ХVIII столетия читающая дворянка – явление, редкостное, то поколение Татьяны можно было представить:

... барышней уездной

С печальной думою в очах,

С французской книжкою в руках» [6, 60], –

деп жазады. Орыс әдебиетінде Татьянаның заманы қыз балалардың білім алуы заңды нәрсе бола бастаса, қазақ әдебиетіндегі Қамар мен Апақай, Ақбілек пен Ботагөз сияқты білім-ілімге талпынған қыздардың образдары қалыптаса бастаған еді. Зерттеуші Р.Тұрысбек: «Ақбілек бейнесі – қазақ қызының тағдыр-талайын танытумен бірге, бақытқа ұмтылған, жаңа өмірді, қызық-қуанышты алдан күткен күрделі әрі бедерлі бейне» [6, 60], – деп жазған екен.

Әрине, қазақ әйелінің мәңгілік образы мұнымен ғана шектелмейді. Оның ашылмаған ерекше жаңа қасиеттері әлі де жетерлік.

Әлем әдебиетінде «Тургенев әйелдері», «Бальзак бикештері» деген терминдік атаулар да орныққан. Ал әйел табиғатын асқақтата суреттеген Шекспир, Гете, Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, Ю.Лермонтов, М.Горький, Ш.Айтматов шығармаларының кейіпкерлері баршаға танымал. Біз де «Әуезов әйелдерінің», Ғ.Мүсіреповтің «ер аналарының», С.Жүнісовтың Ақтотысының мәңгілік жиынтық бейнелері әлемдік мәңгілік образдар тұғырына қонуға әбден лайық демекпіз.

Наши рекомендации