АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 8 страница

Ол - білім алып, қатарға қосылған алғашқы қазақ әйелдерінің өкілі. Өткеніне, өзі өскен ортаға бүгінгінің көзімен қарайды. «Оқымаған әйел қор ғой. Қапастағы құстай ғой?»- деп ойлайды өзінің бүгінгі күйін өз ортасынан аса алмай қалған Кәмиламен салыстырып. Ақбілек пен Балташтың жарастықты жаңа өмірін жазушы басқаларға үлгі етеді. «Ақбілек көрген-білгенін Балташқа айтып келеді... Сөйлескен сайын бірінің білгені біріне ауысады. Кейде Балташ баяндама, отчет жазғанда салмақты Ақбілек көтереді. Ақбілек бірдемеге алданып жатса, Балташ барып тамақ әкеледі. Екеуі бірге күйінеді, бірге сүйінеді. Өйткені дененің басқалығы болмаса, екеуі бір кісіміз деп ойлайды», - (336-6) деп жазады ол.

Бұл - бұрынғы қазақ әйелі басында, әйел мен еркектің ара қатынасында болмаған жай. Жада өмір әйелді осыған жеткізеді, әйел мен еркекті бір қатарға қойды. Кешегі жуас, ұялшақ Ақбілек өнерлі жастардың қатарына қосылып, тек «ақсақалдың ғана баласы емес, көптің баласы» атанды. Ақсақалдың өзі де именеді одан. Туған еліне оралып, Алтайдың тауына шыққан Ақбілекке онда өткен өмір ауыртпалықтары, «алай-түлей қараңғы қаракүндер барса келмеске бір жола кеткендей, анау алыста, етекте бір жола қарасы өшкендей көрінеді. Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан тазарып, сонау жеті қат көктеғі ғарышқа барып, жүрегін алтын легенге салып тұрғандай, анадан жаңадан туғандай тазарды» (343-6). Бүкіл шығарманың идеясы автордың осы сөзінде жатыр. Әрине, Ақбілектің бұл күнге жетуі оңай бола салған дүние емес. Жазушы оның қайшылықты тағдырын жеңілдетпей, үлкен психологиялық образ дәрежесіне көтере біледі.

Роман Ақбілектің жау қолына түсуімен басталады да, оның жастық шағымен, ауылдағы өмірімен біз таныса алмаймыз. Оның орнын жазушы қыздын, атастырылған жары Бекболаттың сүйгенін еске алуы арқылы толықтырады. Бекболат қыздың жаңа шығып келе жатқан сүйріктей сүйкімділігін, көзі мөлдіреп қарағанын, тәтті күмістей күлкісін еске түсіреді. Оның естелігі Ақбілектің сұлулығын, қазақ аулының таңдаулы қызы болып өсіп келе жатқандығын, оның бойында халық ұғымындағы тәрбиелі, сүйкімді қызға тән мінездер тоғысқанын танытқандай, осындай, өз аулынан, ата-ана қойнынан шығып үлгермеген, ауылдың бұйығы қызы жаңа өсіп келе жатқан кезінде, 15 жасында, жау қолына ілігіп, сұғанақ көздердің талқысына түскенде өзін қалай сезінеді екен. Жүсіпбек ақтар қолындағы Ақбілекті суреттеуді осыдан бастайды. Жазушы образды түгелдей ішкі монологқа, толғанысқа құрады. Жау қолындағы қыздың мүсәпір күйіне ортақтасқан табиғат суреті де оның ішкі сезім күйлерімен байланысты беріледі.

Қара мұрт пен Ақбілектің кездесулері - қыздың тағдыр алдындағы қара күшке деген шарасыздығының белгісі еді. Басқаларына қарағанда, қара мұрт оның жүрегінде жылы әсер калдырады. Ол Ақбілекті көп орысынан қорғады, сөйтіп оны өзінің сүйетінін білдірді. Ақбілек бұл тілекке үнсіз көнді. Бұл - оған анталаған көп солдаттың талқысынан құтылудың жолы еді. Екінші жағынан, қара мұрттың қызға таласып, өзін оққа төсеуі, жекпе-жекте жирен орысты өлтіруі - Ақбілек үшін жанын қиюыиың белгісі сияқты, Осы жайлар қызды шарасыз көндіргенмен, Ақбілек іштей күйзеледі. «Бірақ, ойбай-ау. Ер жігітпен отырғаны - аузы түкті кәпір ғой, әлгі дәретсіз, сүндетсіз, түрегеп сиетін, шошқа етін жейтін, арақ ішетін, темекі сасыған, елді қыран жапқандай қылып, қамшы-қылыш, мылтық ойнататын, мейірімсіз, шадыр мінез орыс осы емес пе? Шынымен, осы орысты иіскегені ме? Шынымен ақ төсіне арам денені ойнақтатып, ашылмаған қауынын арам пышаққа жарғызғаны ма?» (163-6). Қара мұртпен кездесулерінде өткінші жылы сезімдерге бой алдырғанмен, шын мәнінде Ақбілек жүрегін жайлаған мұң осы күйінішпеп байланысты. Ол ылғи елді ойлайды, қайтуға үміттенеді. Қара мұрттың алып кету туралы ұсынысына да келіспейді. Оның кетерде атып кетпек болғаны - қыз жүрегін онан сайын жаралай түседі. Осы бір психологиялық күйініш жау қашқаннан кейін ессіз тауда қалған қыздың қорқынышты күйіне ұласып, Ақбілек бейнесін ашуға қызмет етеді. Оның жан сезімін ішкі толғаныс күйін көрсете түседі.

«Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойрандап кеткен озбыр омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты. Тықыр ұзаған сайын «алла, алла...» деген лебіз кеудені керіп, ауыздан еріксіз ағылуда еді. Көшкен орыстың жұртында бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек жалғыз қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ. Орыстың оғынан өлгеннен де; қүлазыған иесіз тауда тентіреп өлгенін артық көрді. Орыстардың дыбысы өшкенше: «Құтқарғаның шын ба, жасаған?»-дегендей, арттарынан топырақ шашып, қарасы өшкен соң, «уһ!» деп демін алып, төңірегіне көз салды.

О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ бұлттан түн жамылған күздің көзсіз қара түні ақ бас Алтайдың үстіне қарай бурадай шөгіп, сай-салаға бауырын төсеп, дүние қарауытып келе жатыр еді. Көк жүзінде жайылып жатқан жұлдыз қойларын көздеп тұратын шопан атасындай, жау көргендей, зым-зия жоғалыпты.

Саялдық қара бұлттар-ау! Ақбілектің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші!..

Күздің сарғыш жапырақтары-ау! Кімді әлдилеп сыбдырлап тұрсыңдар? Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз бөденелері-ай! Несіне қара түнді жаңғырықтырып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Қанатын қаршыға күйретіп қиқайған құстың алдына бір қолымен жер таянып, аспанға қарап отырған сұқсырдың налыған зарын тәңірісіне жеткізем дейсіңдер ме?

Бұлттар-ау! Серпілмейсіңдер ме?

Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы!

Ызғырық-ау, ызылдағанша, жапанда жалғыз, қалған баланың әкесіне хабар берсеңдерші!

Ой, мейірімсіз шіркіндер-ай! Сендердің тілдеріңді Алтайдың жаралы аруы білмейді ғой!..

Түн түнереді. Ақбілек үрейленеді» (178-179 беттер).

Осы үзіндіден жазушы стилінде суреткерлік пен публицистік толғаныс араласып кететінін аңғаруға болады. Жазушы авторлық позициясын айқын ұстап, оқиғаға көзқарасын білдіріп отырады. Кейіпкер қайғысын суреттей отырып, оған өзінің ортақтастығын айтып сөйлеп кетеді.

Қайғыға берілгенмен, Ақбілек әрекетсіз емес. Оның өзін қара мұрттың оғынан сақтап қалуы - өмір үшін күресінің басы, яғни қиыншлықпен арпалыстағы бірінші жеңісі. Екінші жеңіске ол ессіз табиғатпен, меңіреу, мылқау түн хаупімен күресте жетеді. Күздің ызғырық желі, аспанды қоршаған қара бұлт, тау ішіндегі жалғыз қосты аңдыған қасқырлар - бәріне де ол төтеп береді.

Ауылға қайту - ажал аузынан құтылу үшін болғанмен, шын мәнінде Ақбілек үшін ауыр сезім еді. Ол жұрт көзіне көрінуден қорқады, көрген қорлығына ызаланады, өлгісі келеді. Бірақ, өмір - ыстық. Өле алмайды. Елдің күдікпен қарауы, әкесінің көңіл бөлмеуі Ақбілектің жанына бір батса, Бекболатпен қатынастың үзілуі, өзінің жүкті болып қалуы, Өріктің келуімен байланысты шатақтар - қыз қайғысын тіпті қоюлата түседі, Осы жайлар жазушының образды қыздың ойлы сезіміне құруына мүмкіндік береді.

Ақбілек өмірінің шешуші кезеңі қазақ халқының жаңа өмір жолындағы күресімен байланысты. Ауылда пана таппаған Ақбілек те ағасына еріп қалаға кетеді. Оқып, жаңа орта шындығына үйренеді, жаңа жар табады. Романның осы оқиғаларға арналған беттері, негізінен, қыздың сыры есебінде, өзінің жаңа өмірін әңгімелеуге құрылады. Алғашқы тараулардағы суреттер, авторлық баяндаулар соңғы тарауда негізінен екі кейіпкердің диалогына ауысады. Оның бірі - өмірден орнын таба алмай ескі ұғымның құрбаны боп жүрген Кәмила болса, екіншісі - сол жолда өтіп барып, жаңа бақытын тапқан Ақбілек. Ақбілек әңгімелерінен ауылдың етекбасты әйелінің қала өміріне көндігуі, оқуы, көзқарасының өзгеруі көрінеді. Ол қалада көргендерін ауылмен салыстыра қарайды, жаңаны таңсық көреді, жаңалықтарды тануға тырысады.

Қазақ әдебиетіндегі Ақбілек бейнесінің маңызы да осы айтылғандармен өлшенеді. Ол - ескі дүниенің азабын тартып кеп жаңа өмірге өткен, одан орнын тапқан, сөйтіп жаңа қоғам орнатуға қатысқан қазақ әйелінің алғашқы бейнесі. Ескі салт-санамен сиыса алмай, қайғылы қазаға ұшыраған Бейімбеттің тұлғасы емес бұл - өз бақытын өзі қорғаған тың бейне. Ол Сәкеннің Айшасына ұқсамайды. Айша Ақбілек сияқты, оқу, іздену жолына түсе алған жок,. Бұл тұрғыда Ақбілек - қазақ совет әдебиетінде қазақ әйелінің ұнамды жаңа бейнесін бастайды. Осылардың көмегімен ауыл әйелдері оянып, қатардағы азаматтық қызметке араласады.

Ақбілектің шыққан, өскен ортасын суреттеу арқылы жазушы заман шындығын шынайы бейнелейді. Романдағы елдің тұрмыс-тіршілігі әдет-салты, табиғат көріністері - бәрі тұтаса келіп, тақырыпты жан-жақты ашуға көмектеседі. Жүсіпбек көп жағдайда ауыл мен қаланы салыстыра отырады. Ел, ауыл, табиғат - қазақтың стихиясы, жазушы оны құптайды, сыйлайды. Сонымен қатар елді жайлаған ескішілік дертті - жікшілдікті, рушылдықты, жалқаулықты, көргенсіздікті, қараңғылықты сынайды. Қаладан өнер-білім тапқанмен, қазақтың жақсы ұлттық дәстүрлерінен алыстап бара жатқандықты, ішімдік құмарлықты, ұстамдылықты, жүгенсіздікті сынайды. Мұның бәрі нақты образдар арқылы ашылады.

Ақбілек шыққан ортаның негізгі иесі - оның әкесі Мамырбай. Жұрт «бай» дегенмен, Мамырбайда асқан байлық та жоқ және жоқшылық та тартқан кісі емес. Онық бейнесінде азын-аулақ шаруасын өзі басқаратын, өз ортасына қадірлі ақсақалдың мінез-құлқы жинақталған. Ертеде бірер сайлауда би болып, кейін оны тастап, өз адамын қойып, сол арқылы ел билігін ұстап отырған салмақты адам. Қай әке от басының амандығын, балаларының өсіп, адам болуын тілемейді? Мамырбай да - тіленші әкенің бірі. Заман ырқын аңғарғыш ол Төлегенін қалаға жіберіп орысша оқытады, бірақ ол «жат болып» елге жуымай қояды. Шешесі өліп, қарындасы «қолды» болып кеткенде де хабарласқан емес, «Жат жұрттық бала ғой, бізбен қанша жолдастығы бар, оң жақта аз күн дәурен сүрсін» деп, маңдайынан шертпей өсірген Ақбілегі мұндай күйге ұшырады. Орыстың талқысына түсіп, жұрт алдында масқара қып кетті. Осындай ойлы, намысқой Мамырбайды жазушы ішкі тебіреніс үстінде бейнелейді. Осы бір ауыр сезімнен ол үйленуден кейін жеңілдейді. Алайда, жас тоқал жайсыз болып кеп, енді ғана әкесімен тілге келген Ақбілекті тағы да сыртқа тебеді, жүкті болған қызын қуып шығады. Мамырбайдың үйленуінің Ақбілек үшін тағы бір жайсыз жағы - оны атастырған күйеуінен айырады. Әйел тауып берген Әбен бай Мамырбайды Бекболатқа қыз бермеуге міндеттейді. Мұнда сол кездегі ел басшыларының жікшілдік мінездерінің көрінісі жатыр.

Романның жазылу стилінде, композициясында ешқандай қалыптасқан дағды жоқ. Бұрын үлкен прозасы болмаған әдебиетте ондай дағдының болуы да мүмкін емес. Оқиғаны негізінен үшінші жақтан баяндай отырып, жазушы кейде кейіпкердің өзін сөйлетуге, оның тусінігін, іс-әрекетін өз үғымына лайықтап жеткізеді. Романның соңғы жағы диалогқа құрылғаны айтылды. Ал, бірақ, алғашқы тарауы жұмбак, басталады («манағы ала атты кім? Қыз алып қашқан орыстар кім? Бұларды қуам деп оққа ұшқан кім? Олардың кім екенін біз айтайық па? Өздерін сөйлетейік пе?»). Сол жұмбақты жазушы кейіпкерлердің өздерін сейлете отырып шешеді. Сондағы сөйлейтін кейіпкердің бірі - қызының атастырылған күйеуі - Бекболат (қуам деп оққа үшқан сол), екіншісі - офицер (қыз алып қашқан ақ офицері), үшіншісі - Мұқаш (қызды шығарып беріп жүрген ала атты кісі).

Бекболат - ерке өскен бай баласы. Ескі ауылдың боз баласы типті адам. Оның бойында жұмыссыздықтан, пайдалы тіршіліктен тыс берекесіздік те жоқ емес. Әр нәрсені ермек етіп жүріп, ақыры ұстап қалғаны - аңшылық, саятшылық болыпты. Ісі, сөзі - бәрі де осы кәсіппен байланысты. Әкесі біраз жыл ел билігінде болған. Оның кейбір ісіне баласы сын көзімен қарайды.

Бекболат тіршілігіндегі бір ерекшелік - ол Ақбілекті өзі таңдаған. Қыз да оған теріс емес. Қыз аулына келе жатып өзі жаралы болып, Ақбілектен айрылған жігіттің ойларын жазушы ішкі сезім арпалысы арқылы ашады. Оның қалада ауруханада Ақбілектен хабар білгісі кеп ізденуі, қызбен кездесулерін еске алуы - осының дәлелі. Романның бүл беттері жігіт сезімінің тазалығын, адалдығын, мөлдірлігін бейкелейді. «Ақбілек аулына келіпті» дегенде ол қатты қуанады. Тіпті, оны орыс алып кеткенін де ұмытып, әлде қалай жоғалып табылғандай сезінеді. Кейін Бекболаттың қызбен хабарласып, оны алу ниетінен қайтпағаны да - осы адалдықтың көрінісі. Бірақ, түптеп келгенде, ол тағдыр өлшемінен шыға алмай Ақбілектен көз жазып қалады.

Жүсіпбектің өзін сөйлетіп таныстыратын екінші бір кейіпкері - офицер. Жазушы оның аты-жөнін айтып, түсін түстеп жатпайды. Ұғымы, түсінігі, мінез-құлқы оның патшашыл орыс офицері екенін танытады. Қызылдардан жеңіліп, шекарадан өтуге бет алған олар ендігі жерде адамдық дегенді жинап қойып, айналасының бәрін дұшпан көріп, одан өш алу, кектенуге көшкен. Ол қазақтарды надан, тағы көреді. Оны қорқытып, бағынышты ғып ұстауды дұрыс санайды. Қазақтың жерін, байлығын алу - ол үшін даулы құбылыс. Россия болмаса, басқа біреу алады. Кекшіл, ашынған ақ офицерінің ессіз тауда жатып қазақ қыздарына көз тігуі де - осы басынғандықтың белгісі.

Ақ офицерінің жалпы ұғымын осылай өзіне айтқызған жазушы кейін оларды Ақбілек көзімен барлайды. Ақбілекті құшқысы келіп ұмтылатын жирен орыс-бойын құштарлық билеген азғын болса, қара мұрт әйел сезімін көп болып таптауға қарсы, таза махаббаттың иесі. Ол айтқанына көнбегсн жирен орысты жекпе-жекте өлтіріп, Ақбілекті өзі иемденеді. Қара мұрттың Акбілекке деген сезімі адал. Әйелді ынтығып сүю, әлпештеу--қазақ қызына жат көрінгенмен, қара мұрттың өзін тым жақсы көргенін Ақбілек түсінеді. Оның кетерде Ақбілекті атып кетпек болғаны да жек көргендіктен емес, өз сүйгенін басқаға қимағандықтан. Бірақ, Ақбілек оны басқаша түсінеді. «Орыста сенім жоқ екен ғой» деп ойлайды.

Романда орыс адамдары бір ғана жағдайда, қызылдардан жеңіліп қашқан ақ офицерлері ретінде суреттеледі. Олар - елді тонап қыз-келіншегін зорлап, алып кашып жүрген азғын топ. Сондықтан Жүсіпбек оларды «ақ» деп, «жау» деп түстеп жатпайды, кім екенін ісі, әрекеті арқылы көрсетеді. Оларды сол кездегі ауыл қазақтарының ұғым-түсінігіне лайықтап «орыс» деп жалпылама атайды. Олардың қолына түскен Ақбілек те ешқайсысының аты-жөнін білмейді, «Қара мұрт», «жирен орыс» деп сөйлейді. «Ағы» кім, «қызылы» кім, әлі талдап үлгермеген, бұрын олармен араласы болмаған: қараңғы ауыл қызы Ақбілектің, тағы басқа адамдардың «орыс» деп жалпылама сөйлеуі әдейі солай көрсету мақсатынан емес, сол дәуірдің шындығын бұрмаламай беру ниетінен туған. Мұны кезінде Жүсіпбектің дұшпандары одан «ұлтшылдық» іздеуге пайдаланды.

Романда өзін сөйлетіп таныстыратын кейіпкердің бірі - Мұқаш. Кедей баласы, тіршілігінің бәрі кісі есігінде өткен. Байдан таяқты да көп жеген. Сол үшін байларға қас, кекшіл. Оны ұнамсыз бейне етіп тұрған да оның кекшілдігі. Ол байға ғана емес, көңілінен шықпаған адамның бәріне кектенеді. Мансапқор, алаяқ, жағымпаз Мұқаш - «кімнің тарысы піссе, соның тауығы», бірде ақтарға, бірде қызылдарға қызмет етеді. Кедейлігін бетке ұстап, Совет болысы бола алмай қалғанын Мамырбайдан көріп, Ақбілекті орыстарға шығарып береді. «Болшабайға» жазылып, мылтық алады, елді жүрегін шайлықтыра басынан асыра мылтық атып, лау мініп, қой сойғызады. Мұқаш - сол бір өткінші дәуір тудырған қайшылықты бейне. Революциядан кейінгі дәуірде заман сырын түсінбей, кедейлерге берілген теңдікті өз басына пайдаланғысы келген, сөйтіп, елді қорқытып ұстамақ болған белсенділер ол кезде аз кездеспеген. Б.Майлин суреттеген Арыстанбайдың Мүқышы, Ғ.Мүстафиннің Шалабайы («Дауылдан кейін») -осы Мұқаштардың сыңары.

Біріне бірі ұқсамайтын, ескі қазақ аулында кездесетін типтерді даралап бейнелеуге Жүсіпбек шебер. Романның эпизодтық кейіпкерлерінің өзі бір көрінгенде-ақ оқырман жүрегінен жылы орын табады. Олардың портреті, жазушы мінездемесі, тіпті психологиялық ой-сезімі нанымды жасалады. Ескендір дуана, Ақбілектің жеңгесі Ұрқия, Әбен, Мұсабай, Тезекбай ауылдарының адамдары - бәрі де жарқьш жасалған. Әсіресе, Әбен - романда суреттелетін ауқатты адамдардың ішіндегі байлығымен, амал-айласымен ғана емес, қарамағындағы кедей-кепшіктің тұрмыс күйіне көңіл бөлмейтін қатыгездігімен, нағыз қанаушыға тән озбырлығымен көрінген адам. Жазушы Әбен аулының жалшысы Қойтекенің үсіп өлуі негізінде әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік жатқанына көңіл аударады. Әкесі қой соңында жүріп өлген, шешесі байдың сиырын сауатын жетім бала Қойтеке жастай жоқшылықтың зардабын тартып, әкесінің жольш қүшады. Жүсіпбек әлсіз адамдарды жақтайды, әділетсіздікті ашына айыптайды. «Күштілер өз тамағына бірдеңе түсірерде «жетім-жесірдің» көз жасы... әділдік керек... обал бар... құдай бар...» деп көлгірсиді. Олай болса, Өрік неге жаза тартады? Екі баласы неге зарлайды? Қойтеке неге жасын жерге шыра етеді? Сүттей ұйып отырған, шын сүйіскен асқақ жарлар - Ақбілек пен Бекболат неге айырылады? Қайда шындық? Қайда әділдік? Қайда адамгершілік? Қайда құдай? Қайда қиямет?» (286-6) Оқиғаға осылай өз позициясын ашық білдірген Жүсіпбек сөзі оның езілгендер мен қаналғандардың, момын шаруаның мүддесіне ынталы екенін танытады.

Жазушы суреттеуінде әділетсіздік әр ауылда бар. Әбен аулына Мамырбайға атқосшы боп барған Ұлтарақ та «тегі жоқ, шұнақ құл». Әкесі - Итаяқ, шешесі - Бақыраш, ар жағын ешкім білмейді. «Тегі жоқ» дейтіні де содан болуы керек. Ат баққан, шөп шапқан, самауырын қойған, «ет асағаннан» басқаға араласпаған осы соқпандай жігіт те кырыққа келсе де қатын алмапты.

Жүсіпбек - кедейшіл жазушы. Оның қазақ аулының тұрмыс-күйін суреттеуінде жүдеу тіршілік, халықтың надан күйі, елдің еңсесін көтертпей отырған ескі ұғым-салт көріністері мол орын алады. Ескендір дуана мен Ақбілек қонатын үйдің суреті бұған мысал бола алады. Қедей мінетін ат та бөлек. Қойтеке малға мінетін торы шолақ - қойшы астында ығыр болған, қыршаңқы, қыңыр. Жазушы осы ат суретін әдемі берген.

Романда ел тұрмысы суреттері әйелдер бейнесімен тұтастықта жасалған. Қазақ аулының сытқы тіршілігі, мал қамы ерлермен байланысты болса, ауыл, үй тіршілігін ұстайтын, оны үқсататып да, үқсата алмайтын да әйелдері болған. Осы тұрғыдан жазушының тұрмыс суретін әйелдерден бастауы шындыққа сай келеді. Мұқаш үйін үй ғып ұстайтын Алтынай, Мамырбай үйіндегі Өрік, Мүсабайдың әйелі «саулы інген», тағы басқалар - осы үлгідегі бейнелер. Әйелге тән жинақылық, шаруақорлық немесе салақтық, өсек-аяңға үйірлік, көрсеқызарлық, ұрысқақ мінездер - бәрі де қазақ әйелінің әр қилы бейнесін танытуға пайдаланады.

Романның негізгі оқиғасы қазақ аулында өткенмен, жазушы оны белгілі дәрежеде қала өмірімен байланыста көрсетеді. Қазақ аулы дегенмен, ол да томаға-тұйық орта емес, революция аласапыраны оның да есігін ашып, айналасындағы басқа ортамен қарым-қатынасқа келтіреді. Қазақ арасындағы көзі қарақты адамдар балаларын қалаға оқуға береді. Солар арқылы ауылға жарық сәуле түсе бастады. Осындай байланыстың романдағы көрінісі - Мамырбайдың Төлегенді қалаға жіберуі, жараланған Бекболаттың соның соңынан барып емделуі, Төлеген үйінде оның қала жігіттерімен кездесуі, Жылтыр мен Мұқаш сияқты белсенділердің қалаға шабуы, Ақбілектің ағасына еріп қалаға кетуі, т.б. Осы оқиғалар неғізінде жазушы қала өмірін, оның ерекшеліктерін, жаңа адамдарын көрсетуге тырысады. Әрине, ауыл адамдарына қарағанда, қала адамдарының бейнесі романда толық емес, эксиздік сыпатта көрінеді. Дегенмен, жалпы образдар легінде оларды әбден тануға болады. Қала адамдарынан Төлегеннен басқа ескі беделін сүйеніш қып жүрген Ықаң мен Тыпаң, жаңа дәуір адамдары: Ақбала, Доға, Балташ, Жорғабек, тағы баскалар жап-жақсы әсер қалдырады. Жаңа өмір құрудың күрделілігі жас азаматтарды да әр қилы жолға салып, екшеп жатқанын көреміз. Бұлардың бәрінен Балташ ақыл-ойы толысқан, ұстамды қайраткер боп шығады. Басында едәуір үміт күттірген Ақбаланың нақты істен гөрі сөзге үйір, қиялшылдау болып кеткені кәрінеді. Совет өкіметі берген беделін арақ пен қызқұмарлыққа салып азған Доғада, тіршілігі ептеумен, жылпостықпен, өткен Жорғабек те өмірден азаматтық жол таба алмайды. Осылармен алғашқы кездесуде (Төлеген үйінде) жазушы сол дәуірдің бірсыпыра өзекті мәселелерін, қазақ аулын совет жолына тартудың қайшылықты жайларын сөз етеді. Романдағы пікірлердің бір кезде басшылыққа ұнамай, күшпен басылып, жаншылып қалған әр қилы халықтык ойларды бүгін еске түсіріп, оның шындығын, талас-тартыстың табиғатын түсінуде едәуір маңызы бар.

Наши рекомендации