ЖылдардаҒы Әдеби сын 3 страница
Сонымен, екінші үлкен айтыс Сәбиттің осы мақаласынан тұтанды да, 1927 жылдың аяғына дейін созылды. Ә.Байдилдин «Қазақ әдебиеті қазір қандай дәуірде», Қ.Кемеңгеров «Көркем әдебиет туралы», Ерғали Алдоңғаров «Жазушылар мен көркем әдебиет», М.Дәулетбаев «Сыншылар мен көркем әдебиет», С.Мұқанов «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірім», Қ.Кемеңгеров «Сәбитпен айтысымды тоқтаттым», С.Мұқанов «Мен айтысты доғармаймын», Ж.Сәрсенбіүлы «Көркем әдебиет туралы», С.Сәдуақасов «Әдебиет әңгімелері», М.Дәулетбаев, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Жұмабай Орманбайұлы, Жақан Сыздықов ойларының «Көркем әдебиет туралы» атпен бірлесе жариялануы, Екеу «Көркем әдебиет туралы», С.Мұқанов «Байдың толғағы», Ыдырыс Мұстамбаев «Көркем әдебиет туралы», Шаймерден Тоқжігітов «Әдебиет мәселелері», С.Сейфуллин «Қазақтың көркем әдебиеті туралы», Ә.Байдилдин «Әдебиетке қандай кезбен қарап, сынау керек», С.Мұқанов «Әркім өзінше ойлайды» деген мақалалардың бәрі де соңғы айтыстың айрықша өріс алғандығын көрсетеді.
Сәбиттің ой-пікірін дамытқан Ә.Байдилдин болды. «Ақжол» бастаған айтыстың қорытындысы шықпағанымен оның екпіні, негізгі идеясы әлі күнге дейін созылып келе жатқанын ескеріп, «соңғы кезде әдебиет туралы сөз қозғалғанда қойылған сұрауға көбінесе «Қазақ әдебиеті қазір романтизм дәуірінде» деген жауап беріліп жүр. Көбінесе бұл жауапты ұлтшылдық бағытта оқығандар әдебиет туралы сөйлегенде «романтизмді» қайырулы қаршығасындай қолына қондыра сөйлейтін болып жүр» (ЕҚ, 09.11.1926) деп алады да, бұл идеяны алғаш рет 1923 жылы «Шолпан» журналында ауызға алған Қоңыр екенін айтады. «Әдебиетімізді романтизм дәуірінде деушілердікі адасқандық. Әдебиетіміз романтизм дәуірінде емес, көшпелі дәуірде. Бұл дәуірде көбінесе нағыздық пен төңкерісші сарындамалық бағыттар есеюге тиіс», деп тауып, кеңес әдебиетінің көркемдік шеберлігін өсіру мәселесіне тоқталды.
Ал, мұнан кейінгі Қ.Қемеңгеровтың мақаласы Сәбиттің ой-пікірлерін теріске шығарды. «Қазан төңкерісінен бұрын бай, кедей деген жікті айырып үндеу, үгіт жүргізген оқыған топтары жоқ болатын. Оқыған атаулы отаршылдыққа қарсы ұлтшылдыкты көксейтін. Ел ішін алсақ, байға наразылығын ашық көрсеткен кедей жоқ еді» (01.12.1926) деп тапшыл ақын-жазушылардың шыққандығын айта келіп, жалпы төңкерісшіл әдебиеттің келешегін бұлдырлатып: «әлде болса кедей әдебиеті көрнекті орын алу үшін көп жылдар керек, ұлтшыл жазушылар кейде қоғам кемшіліктерін тереңірек қазып жіберсе, марксшілдік жолмен дұрыс-бұрысын сынға алу керек» деп кеңес береді. Таланттың рөліне тоқтап, әдебиетті үгіт пен насихаттың кұралына айналдыруға қарсы шығады.
Өмір шындығын суреттеу, әдебиеттің әлеуметтік міндетін айқындау жайына келгенде, «Біздің әдебиетіміз қоғам тұрмысын пұшпағынан тартып жүр. Сол шет пұшпақтың өзін көбінесе кейбір жазушылар романтизмге, символизмге айналдырып отыр. Кейбір жазушылар не үгітке, не «жалаңаш порнографияға» айналдырып отыр. Осы күнге дейін реализммен жазылған Бейімбет өлеңдері (Мұның да біразы үгіт, насихат, ұран). Шын реализмнің қоныс теппеу себебі неліктен? Шын тұрмыстың бәрін қисайтып жібергендіктен» деп тауып, өз жіктеуіндегі «ұлтшыл, бүқарашыл, кедейшіл ақын-жазушылар үшін қазақ қоғамында реализм жолымен жазатын тақырып», идеяларды нақты атап көрсетті. Қошкенің айтқандарының бәрін түгелдей құптай қою қиын болғанымен сыншылық көзқарасы мен талап-талғамын аңғармау - ағаттық болар еді. Бір өкініштісі, осындай толымды ой айта білетін қаламы ұшқыр азаматтарды «қып-қызыл» болып шықпағаны үшін бауырға тартпадық, алыстаттық, жақындатпадық. Осындай әпербақандықтың ең тұрпайы да сойқанды көрінісі Мағжанның «Тоқсанның тобы» жарияланған тұста тіпті сүреңсіздік танытқан еді. Бұл атақты «Кіші Октябрьдің» салқыны болатын. Қ.Кемеңгеров қазақ жазушыларының «пікірі түгелімен қосылмаса да, бір ұйым жасаса, ортақ журнал, термелер шығарса аса жемісті болар еді», дей келіп, ал келісе алмаған жағдайда «бұқарашыл ағымдағылар бөлек үйымдасуы керек» дегеніне қарағанда, «Алқа» ұйымы әлі ойда ғана болып, нақты іспен айналыспаған сияқты.
1927 жылдың қаңтарында Сәбит пен Қошке екеуі қайта ұстасты. «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірім» деген мақаласында Сәбит алдындағы ойларын алдымен көркемдік шеберлікті жетілдіру мәселесінен бастап, оқып-үйрену, жетілу жайына айрықша назар аударды. Сондықтан, «үйрен, біл, білу керек» ұраны біздің еңбекші жазушылардың 25 ұлы міндеттерінің бірі» деп тапты. «Қазақ әдебиетінде үш бағыт бар, олар - еңбекшілдік, кеңес өкіметіне қарсы бағыт, шөре-шөреде жүргендер»,- деп жіліктеді де, ұйымдасу жағына келгенде: «Біз шөре-шөрелермен біріге аламыз. Бірақ олардың күшін пайдаланып, тізгінге өзіміз ие боламыз. Ал, Мағжандар, Қошкелер бізбен бірігер ме екен?! Жоқ, олармен біріге алмаймыз», деп ашық айтып, кімнің үстем боларына келгенде: «күш, шаруа, саясат кімнің қолында болса, соның әдебиеті тез өседі. Қазақ байлары ажал аузында отыр. Олар құриды. Олар өлсе, жыршылары да өледі. Қазактың еңбекші табы өркендеп келеді. Олай болса еңбекші таптың әдебиетшілері де өркендейді, келешек біздікі» деген ойларын қысылмай-кымтырылмай тұжырды. Бұл тек Сәбиттің ғана емес, бүкіл коғамдық-әлеуметтік және мәдени-эстетикалық жұртшылықтың танымына айналып, қалыптасып келе жатқан коммунистік сананың сілемі болатын.
Қошке «Сәбитпен айтысты доғардым» (30.01.1927) дегенде: «Мұндай адаммен айтысарлық менің уақытым жоқ. Білім жолымен айтысатындар болса мен даярмын» деуінде сол кезде жиі қолданылған, яғни төңкерісшіл ақындар білімсіз, сауаты аз, «емле білмей жатып жазуға жармасқандарға не дерсің» (Қошке) сияқты кемсітушіліктің сілемі жатқанын аңғару қиын емес. Күрескен соң жеңу, айтысқан соң ұту керек болған соң дәлел, себептерді іріктеуге екі жағы да онша қинала бермепті. Әліпті таяқ деп танымайтындарды жерлеу, сөгіп даттау машығы күрес амалы болса, айтыс барысында кедейшілдер айнала төңірекке көз салып, іздену арқылы жетіліп жатқанын аңғармау да ағаттық болар еді. Сондықтан Сәбиттің «Мен айтысты доғармаймын» деуінде көптік мағыка жатқаны анық.
Осы айтысқа тікелей араласқан Ж.Сәрсенбіұлы Сәбитті жақтап: «қазақта тап ақыны жоқ емес, бар. Бірақ таза жұмыскер табының дара шыққан ақындары қазақта қазір жоқ. Сәкен, Сәбит, Бейімбет т.б. кедей қара шаруа табының ақыны. Жинальш, кітап больш шықпай жатқаны болмаса, көркемдік жағынан ұлтшылдар-дан кем соқпайтындар шығып келеді. Кедей жазушылары да өз атының басын өзі алып жүргендей заманды кешікпей-ақ Қошке мен бізге тұрмыс көрсеткелі отыр. Менің ойымша, ұйым біреу-ақ болуы керек. Жалшылар табы (пролетариат) жазушылар ұйымы қазақтың қазіргі жағдайына ертерек болады, сондықтан кедей-қара шаруа жазушылары ұйымын ашқан дұрыс болар еді» деген өнімді ой айтты.
Айтыс аумағы кеңейе түскенде мұраны игеру мәселесі де негізгілердің біріне айналып бара жатқанын С.Сәдуақасовтың «Әдебиет әңгімелерінен» көреміз. Ең алдымен Сәбиттің «ұлтшыл не еңбекшіл деп бөлмей алғанда, жалпы қазақ әдебиеті өзінен-өзі үлгі алатын дәуіріне жеткен жоқ» деген нигилистік пікіріне үлкен эстетикалық таным-біліммен жауап береді. «Тегінде, өзінен-өзі үлгі ала алмайтын әдебиет болмауға тиіс. Өткенді ұмытып, өткеннің бәрін мансұқ қылып тастағанда жаңа қайдан өспекші. Сондықтан біз ескі мұрадан жерімейміз. Ескі мұраның жарайтынын аламыз, жарамайтыны қалады» (ЕҚ, 15.02.1927) деп мұра мәселесінде пролеткульттық түсінікке қарсы шықты, дұрыс қорытынды жасады.
Сол сияқты партияда жоқ жазушылар деген жаңа атау ұсынып, «шөре-шөре» мен жолбике дегендерге қарсы шығады да: «Жүсіпбек те, Мүхтар да сөзсіз ішімізде болуы керек. Бұлар коммунист партиясы басқарып отырған жаңа жұртшылықтың дұшпаны емес, досы. Жүсіпбек пен Мұхтарды жоқ қылу осы күнгі қазақ әдебиетінің бір қолы мен бір аяғын кесіп тастаумен бір» деп сол кез үшін өте-мөте таптырмайтын қорытынды жасады. Осы үшін де Смағүл сөзге қалды, әсіресе, партия-кеңес жұртшылығы оның «оңшылдығына» осыны сылтау қылды.
Сәкен жөнінде біраз шәлкем-шалыс пікір түйіндегенмен, Бейім беттің Мырқымбайын - қазақ кедейінің жаңа замандағы бейнесі екендігін білімдарлықпен айтып, айтыс барысында ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті тарихында ұнамды пікір білдірді. «Тапшыл жазушылардың ішінде осы күні аты шығып отырған - Сәкен мен Сәбит. Сәкен туралы жоғарыда айттық. Сәбит әлі жас. Сондықтан оған үйрену керек, оқу керек. Сәбит «Еңбекші қазақта» жазған мақаласында «біз орыс әдебиетінен ғана үлгі аламыз» дейді. Орыс әдебиетінен үлгі алу керек, бірақ өзіміздің қазақтың тарихынан да жиренуге болмайды. Қазақ тарихы бізге үлкен үлгі. Осыны түсінсе Сәбиттің өсуінде сөз жоқ. Сәбит өнерсіз ақын емес» деп жылы сөз айтады да, айтыс-тартысқа орынсыз араласа беруден сақтандырады.
Айтысқанда қазақ әдебиетінің екі-үш өкілін айналдыра бермей, тұтас алып, барлық жазушыларды сыннан өткізу, сөйтіп «Қазақ әдебиетіне толық сын беру керек. Сынағаннан әдебиет ақсамайды, қайта сынның жоқтығынан әдебиетті тот басады. Жазушының қайрағы - сын», деп сыншының коғамдық-эстетикалық міндетін биікке көтереді де: «Көркем әдебиет шын өмірді жазсын. Сыртқы түрі көркем, әдемі болсын, іші маңызды, қазақ елінің ұлт теңдігі, еңбекші табының үстемдігі болсын» деген түбегейлі ой түйеді. «Жалпы мәдениетке біз өзіміз жасаған мәдениет бұйымымен барамыз. Біз олардан алсақ, олар біздерден алады. Интернационалнзмнің негізі мәдениеттің сыртқы түрін (ұлттық кескінін) бір түсті қылу емес, ішкі маңызын бір тілектен шығару. Қазақ әдебиетінің сыртқы сипаты қазаққа ұқсаса, ішкі мазмұны жалпы адам баласының қызметіне жұмсалуы керек» деген қисынның айтылуы - ұлттық таным-білігіміздің қалпына дәлел. Әрине, Смағүлдың жалтақтамай: «Әдебиеттің міндеті - қазақтың ұлттық сезімін (ұлтшылдық емес, ұлттық) тәртіптеу, қазақ та мекемеде істей алатындықты көрсету, қазақша оқып-ақ іске жарайтындықты білдіру» керек дегенін бұрмалағандар талай оны саққа жүгіртті, оның қазақтан басқа арманы жоқ деп ағаш атқа теріс мінгізгендер көп болды. Ал шындығына келгенде, дүние жүзі мәдениетіне әр ұлт, әр халық өз әшекейін қосуы керек. Сөйтіп әлемнің әдемілігі, жалпы адамзаттық таным осындайлардан құралатынын енді ұғынуға тиіспіз.
Айтыстың екінші кезеңінде Жүсіпбек қойған мәселелер қоса әңгімеленіп жатқанын байқауға болады. «Еңбекші қазақ» газетінің 2 тамыздағы бетінде Мәжит Дәулетбаев: «Қазақ әдебиетінің еліктеу дәуірінде реализммен қабаттасып футуризм де қазақ әдебиетінің бір пұшпағына жабысқан сықылды» деп көркемдік ізденісті, әсіресе, төңкерісшіл жазушыларда Маяковскийше сілтеу кездесетінін айта отырып, «қазақ әдебиетінен ескі романтизм рухы жоғалып кеткен жоқ, тез күнде жоғалып кетерлік те болмай жатқан сықылды» деп жазуы - қазақ әдебиетінде әр қилы көркемдік айла-тәсілдер бар екенінен хабар береді. Мәжит футуризмді даттай отырып соған іш тартатындығын жасырмайды: «түсіндіре жырлауда футуризм - сырлы жаңалық. Ол әлі біздің әдебиетімізде тәжірибе жүзінде ғана» дегендері осыны аңғартады.
Ал, Сейітбаттал Мұстафаұлы болса қазіргі қазақ қаламгерлері, әсіресе төңкерісшілдер, қазақтың тілін білмейтіндер, сөздің нәрін аңғармайтындар барында «көркем әдебиеттің беті қалай болу керек, романтизм бе, реализм бе? Жоқ, өзге түрі ме? Мұның бәрі сонымен әңгіме болуы керек» деп стилистикаға назар аударады, көркемдік талғамдардан алшақтайды. Ал, Жұмабай Орманбаев бес сауал қойып, қайсысын таңдауды басканың еркіне бергенмен: «мәселеге тап көзімен қарап, оның сол тапқа жемісті болуы керек» деп бұлдыр сөйлесе, Жақан Сыздықов ашық айтты: «Ендігі мәселе - қазақтың еңбекші таптан шыққан кедей ақындарын, жазушыларын бір бағытқа түсіруде. Бұларды Қазақстанда жарлы-жалшы тап ақындарының, жазушыларының ұйымын ашып, тап саясатымен тәрбиелеу керек» дегені - сол кезде меңдеп келе жатқан, кейіннен бір жүйеге түсетін идеологиялық жүйенің алғашқы көрінісі еді.
Әрине, ізденген әдебиеттің табары едәуір боларын білгенмен, соларды бір арнаға түсіру үшін 1932 жылы арнайы қаулы алынды. Бірақ оған дейін демократиялық ой-пікір айтудың соңғы тұяқ серіппесі Екеудің «Қөркем әдебиет туралы» жазған мақаласы болғаны анык. «Қазақ әдебиеті» газеті (03.11.1989) мақала авторлығын Ж.Аймауытов пен М.Әуезовке таңады. Бірақ, шын авторлары - Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов деген де мәліметтер бар. Мәселен, сол айтысты бастаған С.Мұқанов осы мақалаға қарсы жазылған «Байдың толғағы» атты жауапты «мен жазып апарғанда редактор баспады да (Тоғжанов) аздап өзгертіп Өлкелік партия комитетінің партиялық коллегиясында секретарь боп қызмет атқаратын Хамза Жүсіпбековтың қолын қойғызып апарған соң басты. Мақала авторы - Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов» деп 1960 жылы («Өсу жолдарымыз». 56-бет) анықтама берді.
Екеудің: «мәдениеті өскен елдің киялынан да ақылы күшті болады. Міне, мұндай елдерде қатып-піскен, кемеліне келген нағыздық (реализм) түрін көбірек қолданады» дегеніне таңдана қарағанымызбен теріске шығаруға болмайды. Ал, мәдениеті кедей ел табиғатта «өздеріне зияны тиетін, қаскүнем күштер (иелер) бар, өздеріне болысатын, пайдасы тиетін дос күштер бар деп біледі. Мұндай елдің ақылынан да қиялы басым келеді. Қазақ, міне, осындай ел» (08-09.08.1927) дегендерінен романтизмге бой ұратынын аңғаруға болады. Ұзақ, сонар дәлелдемеде «әр заманда бір үстем пікір (идея), үстем ұран шығады. Әрине, оны ешкім ойлап тауып шығармайды. Тұрмыс туғызады» деп бас шұлғытып алған соң: «біреудің ақылы басым, біреудің қиялы, біреудің сезімі басым болады. Сондықтан әдебиетте нағыздық (реализм) бағыты басталды-ақ сарындамалық (романтизм) бағыты пышақ кескендей тоқталады деп ұғу дұрыс емес», - деп негізгі айтайын деген ойларына жақындай түсіп: «қазақ әдебиетінің бұл күнгі бағыты көбінесе сарындамалық, қала берсе нағыздық бағытта болуға тиісті» дегендеріне қосылуға болатындай. Бірақ ары қарай: «Арманға жету үшін қиялға сүңгімей болмайды. Қиялға сүңгімей нағыз өмірді жазған болмайсың. Идеализм, романтизм деген осындайдан тұрады. Ал, нағыздық бағытпен жазғанда бүгінгі тұрмысты нағыз қалпында суреттеу керек», деп натурализмнен сақтандырады да: «біздің еңбекшіл бағыттағы тапшыл жазушыларымыз жабайы сұр өмірді жазуға әуестеніп, өнер болу жағын ескермей кету қаупі бар. Міне осы себептен де әдебиетіміз, оның ішінде тапшыл әдебиетіміз жуырда аяқтана алмайды», - деп қисындайды.
Талай толғамды ойларды бұлғақтата келіп: «бұрынғы жалаңаш ұлтшылдық бұл күнде бұқарашылдыққа айналса, бұл бір саты, бұл табиғи жол. Қазақ жүмыскерлері шын мәнісінде пролетарий емес. Бұқара көпшілік кедей мен орта шаруа. Ендеше орыстікі тәрізді біздің әдебиетіміздің мінезі де халықшыл, бұқарашыл болуға тиіс» деген негізгі қорытындыларын айтады да, Сәбит ойларынан іліп алардай ештеңе таппайды. Бұл авторлардың әлеуметтік-эстетикалық таным-біліктері едәуір жоғары екені байқалады: ойды сендіре айту, дәлелдеуі, ол үшін әр қилы өңірге ізденіс жасау, пікірдің дұрыстығына жұрттың көзін жеткізбекке ұмтылу - сөз жоқ, сыншылық ойдың ұтымды жақтары.
«Байдың толғағы» деген мақалада: «Екеу» әдебиетте бүркеншектеп, біздің ұстаған - түпкі мақсатымызға қарсы пікір айтып отыр» деп табады да, әр сөзден саяси астар іздеп, тап күресінің әуеніне тартады. Сөйтіп, «Екеудің» оңы да, солы да теріске шығарылады: «бізде жаңа әдебиет көбейіп келеді. Оның негізгі бағытын біз пролетариат әдебиет негізіне бейімдеуіміз керек» деген тезис жетекші болды да: «біздің жаңашыл жазушыларымыз ескінің кұритынын, жаңаның туғанын жазса, оның аты - сарнау емес, шындықтың өзі. Сондықтан ішкі пішінінен де сыртқы мазмұны анағұрлым артық, айқын болу керек» (ЕҚ, 29.09.1927) деген талапқа қарай ойысады. Төңкерісшіл тапшыл әдебиеттің жөн-жобасын осылай қорғау керек деп саясатқа салынған.
«Еңбекші қазақ» газетінде басталған айтыс басқа басылымдарға да қозғау салды. «Жыл құсы» альманағы мен «Қызыл Қазақстан», кейінірек «Жаңа әдебиет» журналдары да араласып кетті. Ыдырыс Мұстанбайұлы Сәбит пен Қошке айтысына тоқтала келіп: «мұқату, кекету болмауы керек еді, аяғында бір-бірімен ұрысуға айналып кетті. Елдің айтысудан да көңілі қалды» деуінде біраз шындықтың сыры байқалады. Бүгінгі көркемдік барысты анық түсіну үшін алдымен «қазақ елінің көркем әдебиеті қашаннан басталды» деген мәселеге назар аударып: «әке-шешесі, тарихы жоқ әдебиет бола ма екен?» деген риторикалық сұрақпен өз ойына жауап бергендей сыңай танытады. «Әр елдің ауыз әдебиеті өзімен бірге туып өседі» деген үлкен тезисін жазба әдебиетке бұрғанда: «қазақ елінің тұңғыш шын ақыны - Абай» деп табады да: «Ұлтшылдар Абайды жақсы көреді деп Абайды Абай демеуге бола ма?» («Қызыл Қазақстан», № 1-2, 1927) деген пікір түйеді.
Көркемдік дүниесін түсіну жағына келгенде Ы.Мұстанбаев реализм жағында екенін анық аңғартады. «Өнер, көркем әдебиет құрғақ қана қиялдың, сезімнің жемісі емес. Бұлардың анасы - тұрмыс, нағыздық. Шын өнер нағызшылдық негізінде болады. Тұрмыстың жайын пернелеп суретпен таныстырады», деп пайымдауы зстетикалық қисыннан алыс емес. Сол сияқты «қазіргі қазақ әдебиеті көшпелі дәуірде» деген Әбдірахман пікіріне қосылады да, ұлтшылдық, бұқарашылдық, кедейшілдік ағымдар туралы айта келіп: «кедейшіл дәуір әбден орнады, басқа ағымдарға қарағанда кедейшіл ағым басқалардан үстем деуге әзір ертерек. Сәкен мен Бейімбет сияқты ақындарымыз молая келе кедейшіл ағым үстем болады» дегенді сеніммен айтады. Осы ойын: «сарындамалық дәуірі өліп бара жатқан таптың, ақынның жолы бізге керексіз дейтін жолдастардың сөзі дұрыс» деп бір бекітіп алады да, әдебиеттің болашағы - кедейшілікте, көркем әдісі - нағыздықта, реализмде деп ой түйеді. «Нағызшылдық жағынан кедейшіл жазушыларымыз тезірек жаттықса, көп кемшіліктерден өткен болар еді. Кедейшіл жазушыларымыздың өсіп келе жатқанын байқамай қалғанымыз рас. Сәкен мен Бейімбет екеуі де пікірі дөңгелектенген, ақындық беті өсіп, белгілі дәрежеге жеткен ақындарымыз» деп табады да: «азырақ үгіт те керек. Себебі әдебиетке саясат араласпай отырмайды. Бұл заман - күрес заманы. Сондықтан әдебиетімізде саяси күрестің әсері қайтсе де болады» деп қорытынды жасайды.
Шаймерден Тоқжігітұлы да осы өрістен көрінгенімен таптық танымды ширата түскен. «Қазақ ұлтшылдары пікірінен қайтпай отыр. Мағжанның қазіргі жолға пайдасынан найзасы көп. Мағжандарды пікірінен айыруға әлі де болса көп уақыт керек» деуі саяси жүйеге айналып қалған көзқарастың ұшқыны демеске болмайды. Өйткені, «Тоқсанның тобы» туралы мақала жазғанда тіпті шығандап бетке шығып, күдік пен шүбәні қарша боратқан. «Бір ғана «Тоқсан тобын» жазғанымен Мағжанның тоқсан жағына шыққанын әйгілеп жариялап, айқайлауға болмайды. «Көн құрысса қалыбына тартады» дегендей, Мағжанның тиянақты бет алысына әлде болса да сене қоюға болмайды. Мағжан ішінен белін буып, қойнына тас тығып келіп отыр ма, оның жүрегін кім ақтарып көріп отыр. Бүгінгі Мағжан мен кешегі Мағжанның түбі бір, жолы бір емес пе. Еңбекші жұртшылық у мен суды айыратын дәрежеге жетті. Құрғақ тілмен, әдемі жырмен алдауға болмайды» («Қызыл Қазақстан», № 8-9, 1927) деген сөз саптаулары мен күдіктері, әрине, Мағжанның әдебиетке қайта оралуына кедергі болғаны айқын. Иіліп келген ұлы ақынды кеудеден итерген осындай пікірлер бұдан кейін де көп айтылды. Адал көңілін түсінбеген соң Мағжан ештеңе жазбай қойды, оның аяғы 1929 жылғы қуғын-сүргінге ұласты, «Тоқсанның тобы» төңірегіндегі әңгімелер сонымен сарқылды десе де болғандай, өйткені, әдеби таным-білік емес, саясат мәселесі ширатылды. Ұлтшылдардың жеңілгендігін дәлел ретінде түсіндіруден әріге барған ешкім болмады.
Бұл ой-пікірлер «Жыл құсы» альманағы мен «Жаңа әдебиет» журналында жалғасты. ҚазАПП басқармасы атынан берілген «Октябрьдің 10 жылдығына» деген мақалада қазақтың пролетариат бағытындағы ақын-жазушыларының, өсіп-жетілуі, әсіресе, өсу қиьшшылықтары көп сөз болды. Оны Сәкен қазақ әдебиеті қалай туып, қалай өсіп, кімнен үлгі алып келеді, қазақ әдебиетінде неше саяси бет бар, сыншылары кім, кімге қандай әдебиет ұнайды, қандай бетте әдебиет үстем болып келеді, оның келешегі кімдікі? деген түбегейлі мәселелерге ұластырды.