ЖылдардаҒы Әдеби сын 4 страница

С.Сейфуллин Қазан төңкерісі - мәңгілік, оның идеясы - бүкіл адамзаттық, кедей-кепшіктің шын бақытты өмір жасайтын дәуірі туды деп түсінді. Осы танымынан бір табан ауытқыған емес. Марксизм-ленинизмнен басқа жол бар деп білмеді. Әрине, шүбәсіз құлай сену де - трагедия, бірақ оның адамгершілік жолында аз артықшылығы бар.

Сәкеннің «Жыл құсы» альманағындағы мақаласы замана дамуының барысын бағдарлай білетін көзқарасты бұлталақтатпай анық аңғартады. «Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси айқын бет бар. Бірі - байшыл, ұлтшыл, бірі - еңбекшіл, тапшыл. Байшыл, ұлтшыл бетті әдебиетшілер - Ахаң, Жақаң, Мағжан, Әлихан, Әуезұлы және басқалар. Еңбекшіл, тапшыл бетті әдебиетшілер - Рахметжан, Сәбит, Бейімбет, Сабыр, Самат, сыншы ретінде Әбдірахман, Хамза, Ғаббас және басқалар» (Шығармалар, 4-том, 324-бет), деп атап-атап көрсетуі - білгенін кесіп айтудың үлгісі. Әр ой-пікірін нақты дәлелге сүйене отырып кесіп-кесіп қомақты айтатыны және соны зор сеніммен жеткізетіні белгілі дәрежеде әр қилы түсінік туғызғанымен, авторының шыншылдығына, адалдығына шүбә келтірген емес. Сондықтан алашшыл бағыттағы ақын-жазушылар мен сыншылар: «көп оқыған, көп тәжірибелі, көп ұстарғандар. Және олардың саны да көп. Міне, сол себепті соңғы бір-екі жылға дейін қазақ әдебиетінде үлтшылдық, байшылдық бет зор болып, үстем болып келді» дегенді ашып айтты, жалтақтамады.

Алашшыл әдебиетшілердің үстемдігі көркемдік шеберліктеріне байланысты екенін мойындады. Төңкерісшіл әдебиет өкілдері партия-кеңес жұртшылығынан көмек алып отырғандығын да жасырмады: «Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы еңбекші таптікі. Еңбекші тап үкіметі нығайған сайын еңбекші тап партиясына кіруге сұранушы, кеңес құрылысына қатысушылар көбейіп келеді, большевик партиясының ықпалына жүгіруді көбейтіп келеді» деп жаңа заманның әдебиеті әкімшілік-партиялық жүйеге арқа сүйеп өркендейтініне имандай сенді. Әдебиет қоғам өмірін айнаға түсіретін қүбылыс болса, оның әлеуметтік рөлін әсер-ықпалдан бөліп алудың да еш орайы жоқ. Өйткені, Сәкендер өз сенімдеріне еш күдік келтірмей: «жыл сайын еңбекші таптың өзі өнер-білім үйреніп, балаларын оқытып, жарыққа шығып келеді. Бар жазушылары өсіп келеді. Жыл сайын еңбекші тап оқығандары әр түрлі жайды айыра танып, жете баға бере білетін болып келеді. Міне, сонымен барып, ұлтшыл-байшыл жазушыларды және оны дәріптеп көтермелеушілерді еңбекші таптың өсіп келе жатқан-екпінді күші жас таянған сайын іріген қардай, ірітіп бітірмек. Еңбекші тап жазушылары әдебиет майданында енді қарсы күшпен тіктеп күресуге жетті. Қазақтың көркем әдебиеті енді еңбекші таптікі болмақ» (327-бет.) деген тұжырым замана дамуының қорытындысындай еді.

Бұған партия-кеңес жұртшылығы әуелі егіндік жер бөлу, онан кейін бай-феодалдарды кәмпескелеу, қазақ оқығандарын, ақын-жазушыларын, сыншы-публицистерін қуғындау, тұтқындау, соттау процестерімен «әдебиет майданында төңкерісшілердің қолын жеңіске жеткізу» сәтін мейлінше жақындата түскен болатын. Бұл жалпы ел үшін ғана емес, айтыс-тартыс, бәсеке жолымен қанаттанып келе жатқан әдебиет үшін де зор трагедия болғанды.

Сонымен, әдебиеттің көркемдік әдісі, бағыты қандай, болашағы кімдікі деген үш жылға созылған айтыстың негізгі қорытындысы өршіл романтикамен қанаттанған реализм арқылы еңбекші көпшіліктің тілек-мақсатына қызмет ету, бар арман-тілек осы жөнінен табылу қажет дегенге сайды. Бұған таза теориялық, шығармашылық жарыспен қол жеткен жоқ, сол кездегі тапшылдық көзқарасты өршітуге партия-кеңес көмегіне сүйенген сыншылық ой-пікір «шапағатын» тигізгені белгілі. Жоғарыдағы әңгіме етілген жайлар қазақтың эстетикалық таным-білігінің жоғары болғандығын тануға мол мүмкіндік береді, сонымен бірге, жалпы қазақ әдебиетінің бұрынғы ресейлік, соңғы социалистік империя шындығымен астарласып жатқаны дау туғызбайды.

Қазақ әдеби сыны тек айтыс-тартыспен ғана қанатын жайып, буынын бекітіп алған жоқ, оның сенімді серіктері - әдебиет тарихы мен теориясы мүмкіндігінше демеу болып, барар биігін айқындауға жәрдемдесті. Әдебиет тарихы саласындағы төңкеріске дейін басталған ізденістер күшейе түсті. Оған, әсіресе, Тәшкенттегі басылымдар едәуір себін тигізді. Әдеби мұраны жинау, жариялау, алуан сипатты жинақтар шығару ісі қолға алынды. Түркістан оқу комиссариатының қасындағы қазақ секциясы және «Талап» қоғамы ең әуелі қазақтың халықтық әдебиетінің үлгілерін, таңдаулы ақын-жыраулардьщ шығармаларын жариялауға кірісті. Әр қадамнан саяси астар іздеп, бәрін де дұшпандықпен істеп жатыр деген айқай-шу көтергендер кездесті, бірақ, әдебиет тарихы үшін сол істердің қайырлы болғандығы сөзсіз.

Ә.Диваевтың өмір бойы жинаған дүниелерін өкімет қарамағына алып, жеті батыр жырын, А.Затаевичтің «Қазақтың мың әнін» әлемге ұсынуы, оны бастырып шығару, Абай, Сұлтанмахмұт өлеңдерін жеке том етіп жариялау, Махамбет пен Шернияз шығармаларын бастыру, «23 жоқтау», «Аламан», «Тарту» сияқты 1922-1928 жыл арасында 18 жинақ жариялау, Халел Досмұхамедұлының ауыз әдебиетін зерттеген еңбегі, мектептің ана тілі мен әдебиеті оқу құралдары жөніндегі зәрулігін өтеу, басқа пәндердің оқулықтарын қазақ тілінде жазу - сөз жоқ, қазақ әдебиеттану ісінің өнімді жолмен жүре бастағанын байқатады. Мұның үстіне Мағжанның Ақан сері, Базар жырау, Сәбиттің Үкілі Ыбырай туралы жазылған мақалалары, қазақ білімпаздарының I съезінің шешімдері, Сәкен мен Сәбиттің ауыз әдебиетінің тарихы бойынша ашық хат жазып, жұртшылықты әдеби мұраға қамқор болуға үндеулері - әшейінгі жай тірлік емес еді. Тіпті олардың теориялық қисын елегінен өтіп, толғамды ой айтқызғанын Мұхтар Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты еңбегінен көреміз. Ол әдебиет тарихы мен теориясын бірдей атқарған ғылыми туынды болды. «Әдебиетімізде өзге көп жүрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда тәртіпті жазба әдебиетінің кызметін атқарғандығы білініп отыр» («Шолпан» журналы, № 2, 1922) деген түйініне назар аударуға болады, көшпелілер мәдениетіндегі ерекшелікті әсіресе, әдебиеттің жалпы халықтық деңгейде қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтергенін байқаймыз. Қазактың сөз өнері Исатай-Махамбет көтерілісі тұсында болсын, онан әлде қайда бұрын да ел ісіне араласқанын, Бұқар жыраудың Абылай ханға ақыл қосып, талай шәлкем-шалыс қадамдардан сақтандырғанын, азаттық, тәуелсіздік жолында орасан зор рөл атқарғанын ескерсек, онда қазақ әдебиетінің қаншалықты биікке көтерілгенін, эстетикалық-әлеуметтік сана-сезімінің бастауын аңғарамыз.

Осы өнімді ой-пікірлерден бастау алған қазақ әдебиеті тарихын зерттеу жайы М.Әуезовтің 1925 жылы бастап, 1927 жылы шығарған «Әдебиет тарихы» атты еңбегіне ұласты. Сөйтіп әдебиеттанудың ең бір өзекті арнасы қолға алынды. Қазақтың қайсысы болса да, дереу оңға басып кетпейтін әдетімен кітап баспадан оқушыларына жіберілгелі тұрғанда «тұтқындалып», бүкіл тиражы өртеліп кетті. Өзінің ықтияттылығымен аман-сау алып қалған жалғыз данасын 1985 жылы 20 томдығына кіргізгенде, әсіресе сыңаржақ әдебиетшілер мен баспагерлер оның құйрық-жалын біраз күзеді. Сөйтіп, қазақ әдебиеттануьшың негізі қаланған зерттеудің - оқу құралының берекесін қашырып, оны тек 1991 жылы ғана түгел оқу мүмкіндігі туды.

Ал, бұл еңбекті теориялық тұрғыдан қарастырсақ, онда жоғарыда әңгімеленген романтизм мәселесі алғаш рет М.Әуезовтің аузына түскенін көреміз. Қазан төңкерісінен кейінгі «жаңалық - жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз (рассуждение) күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді. Қазақ әдебиетінің бұл дәуірі буыны бекіп, қатарға кірерлік әдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық - романтизм дәуірі болады», деген ойының дұрыс-бұрыстығын былай қойғанда, теориялық дәлелдеуі, қисындық толғауы кімді болса ойландырғандай еді. Мұндай ой ұшқындары сол кезеңде жариялаған мақала-еңбектерде көп кездесетінін айтқанда, 1926 жылы А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты теориялық еңбегін, яғни әдебиет теориясын ұсынуы аспаннан түскен жаңалық емес, қазақтың эстетикалық ойының заңды жалғасы, қисыншыл сана-сезімінің жемісі екенін атап айту жөн. Өйткені, мұндай еңбек көршілер түгіл, ілгергі елміз дегендердің кебінде туа қоймаған болатын. Осындай айтарлықтай қол жеткен табыс тапшылдық көзқарастың құрбаны болып, кезінде қолдау таппады. 20-жылдардың орта тұсындағы саяси жағдай осындай теориялық туынды жасаған халықтың эстетикалық таным-білігін мықтап тұсаулап, тіпті шідер салып, ілгерінді ізденіс жасатпай коюы, әрине, ғылым-білімге үлкен нұқсан, рухани қасірет болып тиді.

А.Байтұрсынов әдебиеттану ғылымының негізі болып табылған еңбекті жазуға бірден келе алған жок. Мақсаты - қазақтың жас ұрпағьша ана тілінің грамматикасын, тіл қүралын жасап бергеннен кейін енді қазақтың сөз өнерін белгілі жүйеге салу қажеттігін айқын сезді. Бұл ой күнделікті істе белгілі шешім табуы қажет екендігін біз А. Байтұрсыновтың «Айқап» журналында, әсіресе, «Қазақ» газетінде жариялаған мақалаларынан анық аңғарамыз, әдеби сынның өресін биікке көтеріп, оны теориялық тұрғыдан негіздеу жағын қарастырған ондай ойлары көп болды. Энциклопедиялық білімі бар дарын өзін уақыт зәрулігін, оқушы қауым тілегін етеу үшін көркемдік таным-білікті жүйелі арнаға бағыттайтын әдебиет теориясын жазуға міндеттімін деп санаған сияқты. Осындай ішкі толғаныс, практикалық зәрулікпен қанаттанып бүкіл казақ ғылымына ұлы олжа салды.

20-жылдардың эстетикалық-сыншылық бел-белестерін шолуды осымен аяқтап, сол кезде сынды өзінің негізгі өнерпаздық арнасы санағандар және өз еңбектері мен қазақтың әдеби сынын биікке көтеріп, жанрлық жағынан қалыптасу барысын анықтаған дарындар баршылық демекпіз. Олар алдымен - көркем шығармалары мен толымды сыни ой-пікірімен жарқырап көрінген, өздерінің көзқарасын ашық айтып жазған Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов екенін айрықша атау керек. Өсер сын әрқашан ақын-жазушылардың өнікті ойларына зәру және құштар болмақ.

20-жылдары қазақтың профессионал сыншылары айқындалып, өнерпаздық келбеттерін таныта бастады. А.Байтұрсынов, Ғ.Тоғжанов, Ә.Байдилдин, Ж.Сәрсенбин, Қ.Кемеңгеров, X.Жүсіпбеков, Д.Ысқақов, А.Байтасов, Б.Кенжебаев, М.Көшеков, Ә.Мәметова, Е.Бекенов сықылды қаламгерлердің әдебиет жайындағы ой-өрісі сын саласынан айқын байқалды. Бұлар мақалаларымен ғана емес, шығарған кітаптарымен де көрінді. Мәселен, А.Байтұрсынов өзінің теориялық кітабын шығарса, Ғаббас «Мағжанның ақындығы», «Жүсіпбектің сыны», «Екі жастың әңгімесі» (1926), «Қазақ әдебиеті мен сынының мәселелері» (1929) атты жинақтарын бастырып, сын тарихына үлкен үлес қосты.

Қазақ әдебиеті сынын өркендету жолында еңбек еткендер қатарына көптеген қоғам қайраткерлері де қосылды. Олар өздері эстетикалық таным-білімі жағынан бірқыдыру биіктен көрінді. Олар: С.Сәдуақасов, Ы.Мұстанбаев, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Ш.Тоқжігітов сынды азаматтар. Бұлар көбіне-көп партия-мемлекет жұмысына ден қойғандықтан сынға үнемі араласа бермеді. Әсіресе, С.Сәдуақасовтың мақалалары өзінің ойлылығымен, көркемдік әлемін терең түсінетіндігімен көзге түседі. Және осылардың қай-қайсысы болсын өз ой-пікірлерін ажарлы жазып беріп отырды.

Сынды өз өнерпаздығының арнасы етуге талпынған жастар да көріне бастады. Олар жоғарғы оқу орындарында оқып жүріп-ақ қалам қауқарын танытып, 30-жылдардың сыншылары сапына тұр-ғандары аз емес.

Сонымен, Қазан төңкерісінен кейінгі 10 жылдық - қазақтың әдеби керкемдік даму барысындағы бір күрделі кезең болды. Марксизм-ленинизм іліміне сүйенген тапшылдық көзқарас бірте-бірте басым түсіп, көп мәселені адамзаттық түсінік деңгейінен шығарып жібергендіктен, көркемдік өркендеу барысында әр қилы ағымдардың тууына себепкер болды. Бұрынғы халық әдебиеті аумағында дамып келе жатқан қазақ әдебиеті енді өздерінің идеялық-шығармашылық мақсат-тілегіне қарай екіге бөлінді. Халықты тапқа, жікке бөлмей, арман-тілегін тұтастай жырлауға ниеттенген алашшыл ақын-жазушыларды жаңа саяси жағдай сыртқа тепті, кедейдің, пролетариаттың жоғын жоқтаған төңкерісшіл жазушылар да олармен тіт табыса алмады. Қазақ әдебиетінде сын өнері профессионал жанр ретінде қалыптаса бастады. Жаңа ізденістер, қомақты толғамды ойлар, салиқалы ой-пікірлер әдебиет әлемінен көріне бастады.

Наши рекомендации