Тілдің қоғамдық мәні және оның жүйесі мен құрылымы
Жоспар:
Тілдің анықтамасы мен қоғамдық қызметі
Тіл және ойлау
Синхрония мен диахрония
Тірек сөздер: диахрония, синхрония, логика, социолингвистика,психолингвистика
Тілдің табиғаты, қоғамдық, әлеуметтік мәні және қызметі деген мәселелер - соцлингвистиканың үлкен проблемаларының бірі. Кеңес лингвистикасы бұл проблеманы біздід ғасырдың 20-жылдарында-ақ арнайы зерттей бастады. Ал американ тіл білімінде бұл проблема елуінші жылдарда ғана қолға алына бастады. Бұл жөнінде американ лингвистерінің өзі де мойындайды.
Солай бола тұра, тілдің қоғамдық табиғаты туралы мәселе жөнінде әр кезде-ақ айтыстар, пікір таластары туған. Мәселен, тіл - биологиялық құбылыс па, жоқ, әлде әлеуметтік жағдаймен байланысты ма деген мәселе алғашқы компаративистерді де біраз ойландырған. Мәселен, Франц Бопп: тіл - биологиялық организм деп топшылаған. Бұл пікірді әсіресе А. Шлейхер қатты қолдаган, Шлейхер «Дарвин теориясы және тіл туралы ғылым» атты еңбегінде табиғат дамуын тілге әкеп таңа салды. Шлейхерше, тіл де организм сияқты өседі, өшеді; табиғат дамуы үш түрлі (кристалл дәуірі, өсімдік дәуірі, жан-жануарлар дәуірі) болса, тіл де сондай, тіл де осылайша да мыған. Бұл, бір жағынан, тіл - биологиялық құбылыс та, екінші жағынан, тіл мұрагерлік жолмен болатын, яғни адамның өзінде болатын биологиялық мәні бар нәрсе деген сөз. Әрине, бұл дұрыс емес, тіл - атадан балаға үйретілетін құрал. Жаңа туған жас бала өз ата-анасының тілінде сөйлеуі де мүмкін, сөйлемеуі де мүмкін. Жаңа туған жас бала өзі өскен ортаның тілінде сөйлейді.
Лингвистердің енді бір тобы тілді психикалық құбылыс деп түсіндірді. Мұның мәнісі: тіл - құдай тағаланың жаратқан нәрсесі немесе адамзаттың рухының көрінісі деген сөз еді. Егерде тіл рухтың көрінісі болса, әр адамның жеке-жеке тілі болған болар еді. Жеке адам тілі өз айналасынан, өз ортасынан тыс дамыған болар еді. Әрине, өмірде олай болмайды. Жеке адам тілі ұжымда ғана туады, ұжымда ғана дамиды, ұжым тілі әсерімен дамиды. Шындығында, адамдар бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі.
Тіл деген сөздің өзі де қазір омоним:
· тіл - адам организмінің - ауызы ішіндегі ең жылжымалы органының бірі;
· тіл - адамдар арасындағы коммуникативтік қатынас құралы;
· тіл - адамдардың қарым-қатынас құралы;
· тіл - адамдардың қарым-қатынас құралы болумен бірге, олардың ой-сезімін бір-біріне жеткізуші құралы;
· тіл - адамдардың дыбыстық, лексикалық, грамматикалық құралдарының жүйесі.
Тіл деген сөздің бірінші мағынасы (сөйлеу органы атының бірі), орган ретінде, тілдің биологиялық және физиологиялық мағынасымен байланысты болса, екінші мағынадағы тіл әрі биологиялық, әрі әлеуметтік мағынада ұғынылып жүр. Олай болса, қатынас құралы, ой-сезімді білдіру, оны біреуге жеткізу құралы ретінде, тіл - қоғамдық айрықша құбылыс (феномен), ал шығу органы жағынан тіл - биология мен физиология зерттейтін объект.
Сөйтіп, тіл биологиялық та құбылыс емес, организм де емес. Тіл нәсілге байланысты да құбылыс емес. Тіл -адамның ортасына, ұжымына байланысты құбылыс. Тілдің ортаға, ұжымға, қоғамға байланысты екеніне көз жеткізу үшін толып жатқан мысалдар келтіруге болады.
Адам ортасында, адам қоғамында өспеген адамда тіл болмайды. Ондайларды адам қоғамына қайтадан алғанның өзінде де тілге, адамға тән қасиеттерге үйретудің өзі қиын көрінеді. Есейіп-қатпаған шағында хайуанат қалпында өседі. Бұл жөнінде болған шындықтар да, аңыз-әңгімелер де көп.
Соның бірі-1920 ж. Индия жерінде қасқыр үңгірінен табылған екі қыз - Амала мен Камала хикаясы. Қасқыр үңгірінен алынғанда, Амала екі жасар, Камала жеті-сегіз жасар екен. Екеуі де төрт аяқтап жүретін көрінеді. Шығаратын дыбыстары қасқырдың ырылына ұқсайды. Камала түнде ұлиды екен. Күндіз бетін қабырға жаққа қаратып алып, бұрышта отырып ұйықтайды. Кигізген киімді айырып тастайды. Түнде, түн қараңғылығын жақсы көреді екен. Алғашқы кездерде оттан, жарықтан, судан өлердей қорқатын болыпты. Камала екі жылдан кейін ғана түрегеп тұруға әзер үйреніпті. Алты жылдан кейін ғана жүруге жарапты. Онда да төрт аяқтап жүгіреді екен. Төрт жыл ішінде алты-ақ сөз, жеті жылда 45-ақ сөз үйреніпті. Амала адам қолына келген соң, біраздан кейін тифпен ауырып өліпті. Ал 7-8 жыл адам қолында - Сингх дегеп священниктің қолында тәрбиеленген Камала, ақыры, нағыз адамдық қалыпқа келе алмапты.
Осындай екінші бір әңгіме - Раму туралы. 1954 жылдың қаңтарында тағы да сол Индияның бір қалашығының вокзалы маңынан кір-қожалақ, адам тектес бір тіршілік иесі қолға түседі. Шамасы, ол қасқырлар үйірінен қалып қойған болса керек. Төрт аяқтап қимылдайды. Денесінің бір де жері сау емес, қаптаған тыртық. Бұл - ұл екен. Оған Раму деген ат қойылады. Госпитальға әкелгенде, дәрігерлер мұның қасқырлар ортасында өскен бала екенін анықтапты. Раму етті шикідей жейді екен, суды итше жалап ішеді, электр жарығына өте сезімтал, ашулы ырылдар шығарады. Ол үш айдан кейін өзін күтушілерге үйрене бастайды, ойыншықтарға қарайтын болыпты. Бірақ баланың ой-қабілеті тіптен төмен, тіптен жетілмеген, дыбысқа бөліп сөйлеу дегенді үйрене алмай-ақ қойыпты, Жаңа өмірге - адамдар арасына келгенімен, Раму қасқыр мен ит көрсе болды, .қатты қуанатын көрінеді. Әсіресе қасқыр десе, жан-тәні қалмайтын. Әдейі зоопаркке, қасқыр клеткасына апарып көрсетсе, қасқырды қатты қызықтап, мәз-мәйрам болады екен, солармен бірге клеткада қалмақ ойы болыпты. Раму қасқырлар ортасында 8 жыл болған екен, тіпті 16 жасқа келгеннің өзінде тілге үйрене алмай-ақ қойса керек.
Адам ортасының күші дегенге тағы бір мысал - Жюль Верннің «Сырлы аралындағы» Айртонның басынан кешкен қызғылықты тарих: Колонистер жападан-жалғыз, жан аяғы баспаған аралда әбден жабайы болып кеткен адамды - Айртонды тауып алады, Оны бір кезде жасаған қылмысы үшін жан жүрмейтін аралға тастап кеткен екен. Қоғамдас-қауымдастарынан айрылған Айртон бірте-бірте адамша өмір сүруден қалады, адамша ойлау қабілетінен айырылады, сөйлеуден қалады. Өйткені маңайында тіл қататын жан жоқ. Өзін тауып алған азғантай адамдар арасына қайтадан түскеннен кейін оған бірте-бірте ойлау қабілеті қайта пайда болып сөйлей бастайды.
Бұл жерде Айртонның қасқыр асыраған немесе клеткада бағылған балалардан қандай айырмасы бар деген сұрақ тууы мүмкін. Айртонның «қасқыр балаларынан» айырмасы; ол туғаннан бастап адамдар арасында өскен, тілді адамдар арасында үйренген, адамдар арасында адамдық дағдыларға әбден қалыптасып, жетілген. Ал «қасқыр немесе клеткадағы балалар» адамнан туғанымен, нағыз адам ортасында қалыптаспаған, тілі шығатын, тілге үйренер кезінде тілі бар ұжым арасында болмаган, нағыз адамдық нормалары жоқ ортаға тап болған.
Тілдің негізгі екі қызметі (функциясы) бар екені айқын: бірі - тілдің аса маңызды қатынас құралы екендігі; екіншісі - тілдің адам ойын қалыптастырып, жеткізуші құралекендігі. Тілдің басты қызметі - қатынас жасау, пікір алысу қызметтерін атқару, өйткені Маркс пен Энгельстің түсіндіруінше, тіл қажеттіліктен, басқа адамдармен қарым-қатынас жасау мұқтаждығынан туған. Лингвистикада тілдің мұндай қызметі коммуникативгік (латынның «қатынас», «байланыс» деген сөздерінен алынған) функциясы деп аталынады.
Тілдің екінші бір басты қызметі - адам ойын қалыптастыру және сол ойды жеткізу құралы болу. Өйткені тіл ойлаумен тығыз байланысты. Адамзат өзін қоршаған ортаны ойлау арқылы ғана тани алады. Маркстің сөзімен айтқанда, тіл - ойлауды жеткізуші құрал, «ойлаудың негізгі элементі». Адам өз ойын тіл арқылы ғана білдіре алады, оз ойын тіл арқылы ғана екінші біреулерге жеткізе алады. «Ой шындығы тіл арқылы көрінеді» (К. Маркс). А.А.Реформатский тілдің мұндай қызметін экспрессивті (латынның «сөйлемше» деген сөзінен алынған) функциясы деп те атайды.
Тіл өзінің басты-басты, негізгі функцияларымен қатар, бірсыпыра басқа да қызметтер атқарады. Соның бірі -тілдің эмотивті (латынның еmoveге, еmоtum - қоздыру, алаңдату, қызықтыру мағынасындағы сөздерден алынған) қызметі. Мұны тілдің аффективті, эмоционалды, волюнтативті қызметі деп те атай берді. Өйткені тіл адамның еркі, ішкі күйініш-сүйініш, түйсігі мен сезімдерін де білдіре алады. Орыс, қазақ тілдерінде мұндай ұғымдарды жеткізу үшін одағайлар, еліктеуіш сөздер, кішірейту-еркелету қосымшалары (жұрнақтары), бұйрық етіс формалары, интонация мен сөздердің орын тәртібі тәсілдері т. б. қолданылады.
Тілдегі толық мағыналы дербес (атауыш) сөздер заттар мен құбылыстарды білдіріп, номинативті (латынның «атауыш» деген сөзі) қызмет атқарады: тау. тас, адам, ұл, қыз, айтып-айтып жіберді, сөйлеп кетті, төндіріп тастады т. 6.
Мұнымен бірге тілдегі сөздердің кейбір тобы дейктивті(гректің deiko -- көрсетіп тұрмын, сілтеме жасап тұрмын деген мағыналы сөзі) қызмет атқарады. Мұның мәнісі: кейбір сөздер, мәселен, есімдіктер, қыстырма сөздер, үстеулер, демеуліктер бір затты нұсқау, соған сілтеу, бірдемеге көңіл аудара түсу, оны бадырайта, «тайға таңба басып», «соқырға таяқ ұстатқандай» ұғымды білдіру үшін қолданылады. Ондай сөздердің мән-мағынасы нақты сөйлеу жағдайында айқынырақ көрінеді. Ондай сөздер адам сезіміне тікелей әсер етерліктей болып айтылады. Бұл жағынан алғанда, дейктивті сөздер сілтеме жасау, нұқып, қолын шошайту немесе т. б. қимылдар арқылы ұқтыру, назар аударту тәсілдеріне жақын. Мысалдар:-Әй, сен! Мұнда келші, былай отыршы! Әне, әне, ананы қарашы! Дұрысы, міне, осы... Е, бәсе, солай болу керек еді! Қашаннан қазақ халқы ер ел еді!.. (С. М.)
Тілдік единицалардың (бөлшектердің) бірі - фонема, Фонемалар тілдегі сөз мағынасын сараландырушы, дараландырушы қызмет атқарады. Тілдік единицалардың мұндай қызметін сигнификативті (латынның signifare - білдіру, байқау мағыналы сөзінен алынған) қызметі деп атайды. Мәселен, ал-сал-тал-мал-қал, ток-төк, қара-тара-ара деген сияқты сөздер мағынасын айқындаушы - фонемалар, яғни тілдің мағыналы дыбыстары. Бұл айтылғандардың бәрі - тілдің негізгі және қосымша қызметтері. Осылардың бәрін топтай келіп, академик В. В. Виноградов тілдің қогамдык, басты-басты үш түрлі қызметі бар деп тұжырымдайды: тілдің қатынас құралы болу функциясы; тілдің ойды жеткізуші функциясы; тілдің екінші біреуге (басқаларға) әсер ету, ықпал ету функциясы.
Адамзаттың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын, өз ойын қалыптастырып, басқаларға жеткізетін бірден-бір құралы - дыбыстық тілінің «көмекшілері» де бар. Халықтардың дыбыстық тілдеріне қосымша қатынас құралдың бірі - мәдениеті дамыған елдердің жазу өнері. Ал жазудың өзі талай тарихты бастан кешірген. Клинопись, пиктография, идеография, буын жазуы, дыбыс жазуының т. б. ғасырлар бойғы тарихы бар. Әдетте, дыбыстық тілдің, дәлірек айтсақ, сөйлеудің екі түрі - екі формасы бар дейміз: бірі - ауызекі сөйлеу тілі, екіншісі - әдеби тілдің жазбаша формасы. Адамдардың алғашқы тілі - ауызекі сөйлеу (дыбыстық) тілі; ал жазба тіл - екінші, кейінірек шықққан, адамдардың «өздері ойлап тапқан тілі».
Дәріс №3