Кәсіби іскерліктің психологиялық мәні

Еліміздің білім беру саясатын айқындайтын құжаттарындағы білім беру жүйесін дамыту талаптары интеллектуалды ұлтты қалыптастыру туралы нақты міндеттерінен туындап отыр. Олар төмендегі бағыттарды қамтиды: біріншіден, интеллектуалды еңбектің мәртебесін көтеріп, жастардың білімділікке, парасаттылыққа, Отан мен халыққа қызмет етуге деген қарым – қатынасын өзгерту; екіншіден – ұлттық интеллектінің діңгегін құру, ол үшін халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді, жаңаша ойлайтын, қабілеті мол азаматтар қалыптастыру; үшіншіден – білім, ғылым және инновациядағы серпілісті қамтамасыз ету. Бұлардың барлығы да жаһандық әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі факторы адами капитал рөлін арттыру, адами ресурстарға деген жаһандық бәсекелестіктің өсуі және жаңа «технологиялық толқын» талаптарына жауап беруді қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.

Қазақстан Республикасында 2011–2020 жылдарға дейінгі білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында: «еңбек нарығының, еліміздің индустриялық – инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу» деп көрсетілген.

Білім мен ақпаратқа бет алған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Халықаралық ұйымдар, соның ішінде, Европалық білім қауымдастықтары да жаңа білім парадигмасының білім беру нәтижесіне бағдарлылық мазмұнын алға қоюда. Мысалы, біздің еліміз толық мүшесі болып қабылданған Болон процесі барлық деңгейлердегі білім беру ұйымындағы оқытудың қалыптасқан нәтижелері – білім, білік, дағдыға – қоса құзіреттілік сапаларының қарастырылуын жаңа парадигма туғызып отырған жаңа қажеттік деп бағалайды.

Ағылшын зерттеушісі М. Барбер «білім беру нәтижесін түбегейлі өзгертудің басты үш факторы бар, олар: педагогтық қызметке соған лайық адамдардың келуін қадағалау, оларды оқытушылық қызметін тиімді жүргізуге қажетті деңгейде даярлау және әрбір білім алушыға сапалы білім беруге қолайлы жағдай туғызу. Кез келген білім беру ұйымындағы білім сапасы онда жұмыс істейтін оқытушылар сапасынан жоғары болуы мүмкін емес деген. Ол сонымен қатар, өзінің көптеген елдерде жасалған зерттеулеріне сүйене отырып, «әлемдегі нәтижесі жоғары білім беру ұйымдарындағы бәріне ортақ қасиет – ұйым жұмысындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізудің бірден бір факторы педагогтарды дамытуға қажетті жағдайлардың жасалуы» дейді.

Бүгінгі күні қазақстандық жоғары білім беру жүйесі өзінің іргелік және сапалылық қасиеттерін сақтай отырып, әлемдік білім беру жүйесіне ықпалдасу негізінде пайда болып отырған өзгерістерге тиісті дәрежеде жауап бере алу қажеттігі туындауда. Осы міндеттерге сай, жоғары білім беру жүйесіндегі адам ресурстары – педагогтардың кәсіби акмеологиялық мәдениеті мен құзіреттілік сапаларын қалыптастыру білім беру мекемелері алдындағы өзекті мәселеге айналып отыр. Жүйедегі басқа ресурстардан адам ресурстарының ерекшелігі төмендегідей белгіленеді:

· Ең бастысы, бұл – тұлғалық және интеллектуалдық ресурс, сондықтан, оның қызметі эмоциялық, саналылық және ойлылыққа негізделеді;

· Екіншіден, адамның шын мәніндегі әлеуеті басқа ресурстардай емес, бірден ашылмауы мүмкін, сондықтан, әр адамның жалпы ұйымның табыстылығын арттыруға үлес қосатын шығармашылық, кәсібилік қасиеттерінің мол екені сөзсіз;

· Үшіншіден, бүгінгі даму жағдайларында адам ресурстарының да моральдық түрде үнемі жаңғыртып отыруды қажет ететіні белегілі. Сонымен қатар, олар өзіндік мотивациялары негізінде өзін дамытуды, өз біліктілігін көтеруді, жаңа құзіреттілік сапаларын қалыптастыруға назар аударып, өздері қызмет ететін ұйымдардың оған жағдай туғызуын, кәсіби шеберлігін дамытуға қолдау көрсетуін күтеді;

· Төртіншіден, адамдардың қабілеттері, кәсіби білімі мен біліктіліктері әртүрлі болатындықтан оларды үнемі оқыту, үйрету, қайта даярлау қажет болады;

· Бесіншіден, адам тұлға ретінде ішкі қажеттіктеріне қарай өздігінен шешім қабылдауымен қатар, қоршаған ортамен де санасып отырады. Сондықтан, білім берудің басты міндеттерінің бірі – оның мотивациясын қалыптастыру болып табылады;

· Тағы бір назар аударарлық фактор – тек адам ресурстары ғана басқа ресурстардың барлығының өзара байланысын, тұрақты қызметін қамтамасыз етеді.

Кәсіби акме педагогтың жоғары кәсіби іс – әрекетін, кәсіби қарым – қатынасын меңгеруінен тұрады. Сондықтан іс – әрекеттің, қарым – қатынастың және еңбек адамының тұлғалық жетілуінің көрсеткіштері кәсіби акменің әртүрлі формасы мен түрлерінің өлшемі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Наши рекомендации