Б.Майлин әңгімелері
Б. Майлин, өзімен замандас Қазақ қаламгерлерінің көбі сияқты, жазуды өлеңнен бастағанымен, көп ұзамай прозаға ден қойған, бұл жанрдағы алғашкы туындыларының өзімен-ақ (мысалы, "Шұғаның белгісі") үлкен суреткер екенін паш еткен жазушы. Ол қазақ әдебиетіне проза жанрын қалыптастыруда керемет еңбекқорлық пен үздік шеберлік танытты. Әсіресе оның қуатты талантын айғақтайтын әңгімелері сан жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік деңгейімен де қазақ прозасының алтын қорындағы інжу-маржандары болып табылады.
Поэзиясы сияқты, Майлин прозасы да, өзі жетік білетін, негізінен, ауыл өміріне, әсіресе Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамында адамдардың ой-санасы мен мінез-құлқында, психологиясында болған жаңғыруларды бейнелеуге арналған.
Б. Майлин әңгімелерінде ауыл адамдарының жаңа тұрмысқа көшуінің қиын процесі терең білгірлікпен біртіндеп, сатылап әңгімеленеді. "Қара шелек" деген әңгімесінде колхозға ұйымдасудың бір көрінісі шынайы суреттелген. Мұнда қарапайым ауыл әйелдерінің бірі Айшаның "Коллектив боламыз" деген жиналыста ойламаған жерден белсенділік көрсетіп, ауыл адамдарының атынан сөйлеуі, "майкөт" (байкөт) болған екі байдың жиналыстан шығарылуын талап етуі, ақырында өзі артель бастығы болып сайлануы баяндалады. Жиналыс кезінде өжеттік көрсеткен Айша, кенет өзін артель бастығы етіп сайлағанда, қатты толқиды. Қолдағы малын ортаға салуға іштей қимағанмен, ол жұрттың ауқымынан, заманның ағымынан сырт кете алмайды... Сөйте тұра, қара шелегін бүлдіріп қойғаны үшін Айша көрші әйелге қол жұмсайды. Автор Айшаның санасындағы жекеменшікшіл психологияның қайшылығын көрсетпек болған. Оқиғалар мен мінездерді өмірдің өз ағынынан ойып ала білген суреткер, әлгіндей бір көрініс, деталь арқылы-ақ ұжымдастыру жүзеге оңай аспағанын, бұл жолда талай-талай шырғалаң мен сарсаң, күдік пен толқу болғанын байқата алған.
Ал "Ұлбосын" атты әңгімесінде автор ауылдағы жалған белсенділердің зиянкестігін шебер көрсетеді. Жалпы, Б. Майлин шығармаларында колхоз қозғалысына орасан зардап келтірген арамза атқамінерлердің ұнамсыз қылықтары әшкереленіп отырады. "Ұлбосында" да солай. Колхоз жаңа ұйымдасып, әлі де көңілдері дүдәмал жүрген адамдарды шолақ белсенділер дүрліктіре түседі. Мәселен, Оспан дегеннің үйіне, ойламаған жерден мынадай салық түседі. Салықты хабарлаушы бала Оспанның әйеліне келіп: "Шеше, тыңдаңыз, сіздің үйге берілген жоспар: бір пұт ет, он қадақ шыртылдақ, он қадақ ескі темір, он қадақ ескі жүн, төрт мүйіз, бес тұяқ, бір ит терісі, бір мысық терісі..."—дейді Салықтың жиылып тапсырылуына жеті-ақ күн мерзім береді. Мынау сияқты сорақылықты тыяды дейтін өкілдің өзі ештеңені жарытьш түсініп көрмеген адам. Осыдан-ақ ондайлардың ауыл өміріне қаншалық залал келтіргенін сезуге болады.
Ауылдың әккі қулары ойлап тапқан пәлекет жалғыз салықпен шектелмейді. Бұлардың озбырлығын көрген ел ішінде неше алуан алып қашпа сөз гулейді. Үрей туғызатын лақаптар тарайды. Қалампыр дейтін өсекші кемпір жұртты онан сайьш шошытады: "Колхозға кіргеннің малы да, жаны да өзінікі болмайды екен ғой. Үндеместің үйі біліп, қоңыр сиырын қалаға сатуға апарғалы жатыр екен, колхоздың бастығы барып: "мал сенікі емес"деп жетегінен шешіп алып қалыпты. О да ойыншық-ау, адамды. айтсайшы, бәрінен де масқарасы — әйелді ортаға салады білем. Неке болмайды дейді. Әйел мен еркекті нөмірлейді дейді". Міне, осындай жағдайда ауылдың момын шаруа адамдары неше түрлі машақатқа түскен. Автор Оспан деген қарапайым адамның отбасында осы тұста болған мінездерді бейнелейді. Үй иесі Оспан да, әйелі Шәрипа мен қызы Ұлбосын да түрлі толқуларды бастан өткереді. Бұрын қызын кешке қарай үйінен шығармайтын Шәрипа, "әйел мен қыз ортаға түседі" дегенді естігенде, қызын тезірек күйеуге беруді ойлайды. Ақыры Шәрипа қызы Әбулақап деген мұғалімге қосылғанда ғана тыным табады.
Жазушы жеке адамдар өмірінің күнделікті қарым-қатынас шындығынан қоғамдық тіршіліктің сырын аңғарта біледі, "кішкентай" фактілерден үлкен тарихтың сипатын сездіреді.
Б. Майлиннің бірсыпыра шығармасында топас белсенділердің ұнамсыз бейнелері жасалған. Өздері ештеңенің жөн-жосығын түсінбесе де, мансапқа қызығып, көп нәрсені бүлдіреді. Ондайлар "шаш ал десе, бас алуға әзір", айқайға, зорлыққа үйір. Отызыншы жылдардың бас кезіндегі Қазақстанда орын алған нәубетке жандайшаптар айрықша себепкер.
"Шұғаның белгісі" хиқаяты. Өзінің проза жанрындағы тұңғыш туындысы—"Шұғаның белгісі" хикаятын Б. Майлин жасы жиырмаға толар-толмаста "Садақ" атты қолжазба журналда жариялайды. Соған қарамастан, бұл шығарма күні бүгінге дейін қазақ прозасының айтулы үлгілерінің бірі болып қалып отыр. Егер ол кез — 1914—1915 жылдары — қазақ прозасының жаңа ғана бой көтере бастаған балаң шағы екенін ескерсек, онда мұндай ғажайып туындыны қолына жаңа қалам ұстаған шәкірт талапкердің дүниеге әкелуі танымдық тұрғыдан да ерекше қызық кұбылыс. Хикаятта ескі қазақ қоғамындағы кезекті мәселе — әйел теңсіздігі, бірін-бірі сүйген жастардың махаббат бостандығы әңгіме болады. Әлеуметтік теңсіздік кедергі болып, армандарына жете алмаған байдың қызы — аяулы Шұға сұлу мен кедейден шыққан мақтаулы, оқыған жігіт Әбдірахманның қайғылы тағдыры суреттелген. Есімбек бай қызын кедей жігітке бергісі келмей, олардың жолығысуына тыйым салады. Онымен де тынбай, өтірік жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Осындай қатыгез зорлықтан ішкұса болған нәзік жанды Шұға айықпас дертке шалдығып қайтыс болады. Айдаудан босатылған Әбдірахман сүйікті ғашығы — Шұғасына асығып жеткенде, қайран арудың қазасының үстінен шығып, бордай егіледі, өзіне қалдырған хатын оқып, көз жасын көл етеді...
"Шұғаның белгісі" — жастардың теңдік, еркіндікті аңсап, әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы үн көтере бастағанын шынайы бейнелеген шығарма.
Біріне-бірі себеп, бірінің-бірі салдары болып жымдасып келген оқиғаларының шынайылығы мен тартымдылығы, шұрайлы да суретті тілінің сиқырлы мәнерлілігі, әсіресе махаббат бостандығын аңсап әлеуметтік теңсіздікке қарсы шыққан Шұға мен Әбдірахман бейнелерінің айырықша сүйкімділігі мен сәулеттілігі, сондықтан да олардың тағдыр-талайының трагедиялық әсерлілігі хикаяны көркемдік-эстетикалық деңгейі ең биік туындылар қатарына қосады.