С. мұқанов шығармашылығындағы заман шындығы
Сәбит туралы, оның жазушылық жолы туралы айту – ХХ ғ.дың жиырмасыншы-жетпісінші жылдары аралығындағы қазақ әдебиеті мен қазақ халқы тарихындағы өзгерістерді әңгімелеумен бірдей.
С.Мұқанов 1900 ж. 26 сәуірде бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола губерниясы, Қызылжар уезіне қарасты Таузар болысының екінші аулында (қазіргі Солт.Қаз.тан обл.ның Жамбыл ауданы, Сәбит ауылы) туған. 1922-26 жж. Орынбор жұмысшы факультетінде оқиды. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында бөлім бастығы, Қазақ мемлекет баспасында бас редактор болып істейді. 1928-35 жж. Әуелі Ленинград университетінде, одан Мәсекуге ауысып, Қызыл профессор институтында білімін толықтырады. Одан кейінгі Сәбиттің өмірі Қазақстан Жазушылар одағымен тікелей байланысты. 1935 ж. «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор боп тағайындалған ол 1936 ж. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланады. Бұл қызметте екі жылдай істеген Сәбит 1937 ж. «халық жауларын әшкерелеу» науқаны кезінде қудаланып, орнынан босайды. С.Сейфуллин, М.Жұмабаевпен байланысы үшін партия қатарынан шығарылады.
20-30 жж. Ішінде оның «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш», «Ақ аю» сияқты ірі поэмалары (шағын поэмалары оннан асады) мен «Адасқандар», «Теміртас», «Жұмбақ жалау» (Кейін «Ботакөз» болып өзгерген) атты романдары жарық көреді. Көптеген өлеңдер жазады. Одан кейінгі дәуірлерде «Сырдария», «Өмір мектебі», «Балуан Шолақ», «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз» романдары мен әңгіме-повестері, очерктері басылады. «Күрес күндерінде», «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары театр сахналарында қойылады. Ол 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазып, қазақтың халық әдебиеті, әдебиет тарихы жайлы зерттеулер жариялайды. Фольклорлық және тарихи-әдеби мұраларды жинап бастырады. Бұл салада оның «Айтыс туралы», «ХVІІІ-ХІХ ғас.дағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері», «ХХ ғ.дағы қазақ әдебиеті», «Жарқын жұлдыздар» атты кітаптарын атауға болады. 1974 ж. жазушының «Халық мұрасы» атты тарихи-этнографиялық еңбегі жарияланды.
Сәбит – шығармашылық өмірін ақындықтан бастаған қаламгер. Оның алғашқы өлеңдері өзі туған, өскен ортаның – қазақтың жалшы шаруаларының көңіл күйін, тағдыр ауыртпашылығын суреттеуге құрылған. «Көңілім», «Неге тудым?», «Жалшының зары» (1917) атты өлеңдерінде жас ақын кісі есігінде күн кешкен жетім баланың сезімі арқылы кедейдің ауыр бейнетін, аянышты халін өткір бейнелейді. Ол өмірге неге келдім? – деп назаланады.
Туған күннен төсегім шоқпыт болды,
Көрген күнім үнемі жоқтық болды, - деген жолдарда қоғамдық әділетсіздіктің, теңсіздіктің сырлары танылады.
Ақын байырғы қазақ өлеңін сындыру, қирату жолымен емес, 11 буынды қара өлеңнің әр сөзіне ойлы салмақ беріп, оны жеке тармақ етіп бөліп, оған интонациялық екпін түсіріп тұтас күйінде ой түйінін шумақпен бірге аяқтауға бейімдеді. Сәбиттің бұл саладағы ізденісі «Ақынға» (1930), «Мәдени бәсеке» (1931) атты өлеңдерінен басталып, «Майға сәлемде» (1933) орнықты. «Майға сәлем» - Сәбиттің бұл саладағы дәуірлік ізденісінің елеулі нәтижесі.
Сәбит – қазақтың эпикалық поэмасына да елеулі үлес қосқан ақын. Схемалық сюжетке құрып, оқиғаны суреттеуден гөрі баяндау көбірек берілсе де, «Жұмаштың өлімі» (1919), «Құрдас» (1923), «Жаулау үстінде» (1923), «Альбом» (1924), «Пионер» (1925), «Наурыз күні» (1925) сияқты поэмалар Сәбиттің тынымсыз ізденісін танытады. Алғашқы екі поэмада ол бар қайратты өмірін кісі есігінде сарп еткен жалшының өмірден жақсылық көрмей, қорлықта өлгенін суреттей отырып, олар көрген әділетсіздікті еске алады. Ақын енді өмір жаңартып, кедейлерге теңдік тиеді деп қуанады. Таптық сезім ояна бастайды. «Альбомда» жасынан бірге өскен кедей мен бай балаларының идеялық жағынан ажырауын көрсетсе, «Жайлау үстінде» поэмасында бұрынғы, бүгінгі жайлау өмірін салыстыра отырып, елді еңбекке, еңбекшілдікке үндейді. Қалада оқып келген пионердің («Пионер») орыс тілі, Ленин туралы әңгімелері арқылы кедейдің қара лашығына жаңа заман идеясының ене бастағанын бейнелейді.
Сәбит қазақ кедейлерінің жаңа өмірін суреттеуге арналған бірсыпыра поэма жазды. Олардың елеулілері – «Батырақ» (1926), «Қанды көл» (1926), «Балбөпе» (1927), «Октябрь өткелдері» (1927), «Құланың құны» (1928-1929). т.б. «Батырақ» әуелде «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» деген атпен жарық көрген. Онда қазақтың жалшы батырағының кешегі, бүгінгі өмірлері салыстырылып көрсетіледі. Ақын бүгінгі жалшылардың оянып, теңдікке ұмтылуын, «Қосшы» ұйымының жұмысына қатысып, тап күресі сырын түсіне бастағанын суреттеуге ұмтылады. Кешегі жалшының өмірін ол негізгі кейіпкердің (Қозыбақтың) әкесі Қарашұнақ тағдыры арқылы ашады. Өмірі кісі есігінде жалшылықта, қорлықта өткен Қарашұнақты байдың бурасы шайнап өлтіреді, шешесі Күңшаш сүзектен өледі. Жетім қалған Қозыбақ жеті жасынан қозы бағып, «таз қойшы» атанады. Осы кезде төңкеріс болып, қазақ кедейлерін біріктіретін «Қосшы» атты ұйым құрылып, Қозыбақ солар арқылы теңдік жолын ұғынады. Байдан ақысын даулап, бай тоқалы Гүлжанмен көңіл қосады.
Бұл – заманның әділетсіздігінің, онда өмірден қағажу көрген топтың барын, олардың тұрмыс күйін таныту ниетінен туған. Қазақтың кедей-батырақтарының ортасынан шыққан Сәбит те өзі таныған кейіпкерлерді осылай бейнелеу жолын ұстанады. Оның Қарашұнағы да, Қозыбағы да үсті-басын күс басқан, қолдары қарғаның тұяғы сияқты күйінде әдебиетке енді.
«Мөлдір махаббат» (1959) атты роман жазды. Ұзақ жылдар тәжірибе жинақтап, қаламы төселген, үлкен прозаның қыры мен сырын меңгерген ол Бүркіт пен Бәтестің махаббаты арнасында 20-жылдардағы қазақ аулының өмірі шындығын, әлеуметтік өзгерістер мен жаңашыл, ескішіл күштердің тартысын кең суреттеді. Роман үлкен әлеуметтік сыпатқа ие болды. Жастықтың мөлдір сезіміне малтығып, ауыр өмір соқпағын өткен қаһармандарын су түбіне жібермей, оны жаңаша тәрбиелеуге жол ашқан қоғам гуманизмін ашты.
Отызыншы жылдардағы Сәбиттің үлкен прозадағы еңбегі «Теміртас» романынан (1935) басталады. Бұл – жаңа заман тақырыбын игеруге ұмтылған жазушының елеулі ізденісін танытады. Онда қазақ аулында тап күресінің өоістеуі, егіндік, шабындық жерлерді байлардан тәркілеп, кедей шаруаларға бөліп беру науқаны оқиғалары суреттеледі. Бұрыннан көрші отырған Құлтабан аулы (кедей ауыл) мен Қаршығалы ауылы (бау ауыл) арасындағы талас-тартыс жер мәселесіне байланысты шиеленіседі де, кеңес заңымен шешімін табады. Алайда тартыс заңымен тоқтамайды. Биліктен айрылған тап астыртын жаулық жасайды. Олар өзіне тиген жерден көп шөп шапқан кедейлердің пішенін өртейді. Романның бірінші кітабының соңы (жазушы, сірә, ұзағырақ жоспарлаған болуы керек) осылай аяқталады.
Роман сол дәуірдегі қазақ ауылының шиеленіскен өмірі, адамдар тағдыры туралы едәуір мәлімет береді. Онда екі ауылды құрайтын топтардан басқа сырттан келген адамдар кеңес саясатын түсіндіріп, іске асырушы өкілдері мен астыртын жау топқа тілекшілер орын алған. Шығарманың басты кейіпкері – Теміртас азамат соғысының майданын өтіп келген, кедей ішінен шыққан, кеңес жолына берік азамат болып суреттеледі. Сауаты аз Теміртастың жаңа саясаттың қыр-сырын түсінбей дағдаратын тұстары (мысалы, жаңа экономикалық саясатқа көзқарас) да кездеседі. Дегенмен ол адал, ісіне тиянақты. Ауылдағы жер бөлі ісін басқарып, кедейлерге жолбасшы болады. Оның басшылығымен өсіп келе жатқан кедейлер көп. Жазушы Шолпан, Ерден, алма бейнелерін солай жоспарлаған. Сағындық, Мұрат, Қозыбақ. Жауғашар сияқты бейнелер – ауылға кеңес жолын түсіндіріп, оны іске асыруға көмектесуші топ өкілдері. Бұлардың көбі саясаттан туған, таза идеологиялық сыпаты бар, схемалық типтер. Сондықтан романда жарқын бейне болып қалыптаса алмаған.
Сәбиттің соңғы драмалық шығармасы – «С.Сейфуллин» атты пьеса. Бұл – қазақ әдебиетіндегі тарихи-революциялық драма жанрына өзіндік көркемдік бояуын алып келген туынды. Ол қазақтың белгілі қоғам қайраткері, ақын С.Сейфуллиннің революция жылдары басынан кешкен өмір тарихына құрылады. Пьесадағы тартыс ақмолада өтеді. Тақтан құлаған патшаны жақтаушылар мен оған қарсы, еңбекші халыққа теңдік әпереміз деп ұмтылып жүрген топтардың шайқасы осында болады. Колчактың қолдауымен алғашқы топ Ақмоладағы билікті қолына алып, күрескерлерді тұтқындайды.
Классицизм.
XVII - XVIII ғасырларда Европа әдебиетінде классицизм бағыты туды. Бұл бағыттың классицизм деп аталатын себебі: Европа әдебиеті ерте замандағы Грек және Римнің классик әдебиеттерін өздеріне үлгі етіп ұстады.
Ертедегі Грек, Рим әдебиеттерінің әсері тек сол кезде ғана болып қойған жоқ, онан кейін де болды. Мысалы: орыс поэзиясында ертедегі Грек, Римнің классик өлең құрылыс түріне еліктеушілікті, олардың өлеңдеріндегі образ қолданыстарын алып пайдалануды біз Пушкиннен де, Феттен де және соңғы кездегі символистерден де кездестіреміз.
Осы кезде, XVII - XVIII ғасырда, ертедегі Грек және Рим үлгілеріне сүйеніп жазатын жаңаша бір бағыт туды. Бұлар өзгеше творчестволық бағытты ұсынды. (бірақ ертедегі Рим, Грек әдебиетін олардың көпшілігі өзінше талқылады және көп мәселені теріс түсінді).
Бұл бағытты жасаушылар дворянство және дворянствоға жақын сауда буржуазиясының жоғарғы топтары болды.
Бұл методқа (классицизмге) тән ережелерге көркем шығармалардың бағынуы шарт еді. Көркем творчество сарай маңындағы жоғарғы қауымның ұнатуына, солардың қалауларына бейім болуы керек болды.
Тақырып таңдап алу және шығармаға қатысушыларын іріктеу мәселелері классицизм тәртібіне бағынып отырады. Әдебиетте суреттелетін адамдар үстем таптан алынды. Төменгі таптардан шығармаға адам кіргізуге тек комедияларда ғана рұқсат етілді. Тақырыпты және шығармаға қатынасушы геройларды осылай таңдап алудың салдарынан ол кездегі әдебиеттің үстем түрлері трагедия, комедия, батырлықты суреттеген поэмалар; поэзияның лирикалық түрлерінен ода сияқтылар ғана (бұлар туралы кейінірек айтамыз) болды. Көркемдігі жағынан құнды трагедия жазушы Францияда Корнель, Расин, Англияда Шекспир, ал комедияның авторы Мольер болды.
Россияда бірнеше трагедияны Сумароков жазды, бірақ ол Европаның трагедия жазушыларына еліктегені ғана болмаса, көркемдік жағынан ештеңе қоса алған жоқ. XVIII ғасырдағы орыс әдебиетінде батырлықты суреттеген поэмалардың ең белгілісі Херасковтың «Россияда» деген поэмасы еді, бірақ бұ да көркемдік жағынан нашар поэма болып шықты.
Классицизм бағытындағы шығармалардың өзінше өзгешеліктері тек тақырып, қатысушыларды таңдап алуда ғана емес, сонымен қатар қатынасушы адамдарды суреттеулерінде де өзгешеліктер болды. Қатысушылардың мінезі бір жақты суреттелді. Қатысушылардың қайсысы болсын, оларда психологиялық бір қасиет (батылдық, қайырымдылық, серттен таймаушылық т.б.) үстем болып алынды. Бұлар шындық өмірдегі адамдардан гөрі, әртүрлі киім кигізіп, қиялдың жасап шығарған адамдарына жақын. Қатысушылардың мінез-құлықтары өмір шындығынан алшақ жатты. Олар өз бастарындағы күйініш-сүйініштер жөнінде көп ойланып, ұзын-ұзын монологтер сөйлейтін болды.
Классицизм бағытында жазылған шығармаларды жалпы алғанда сол шығармаларда өмірді шын сол болған күйінде суреттемей, не король, не корольдің жанындағылардың (үстемдік етушілердің) көзқарасынша, олардың ұнатуынша, солардың қалауынша суреттеді.
Классицизмге тән негізгі ерекшелік - көркем шығарманың құрылысын бір тәртіпке бағындыру. Мысалы, драмалық шығармаларды «үш бірлікті» сақтай отырып жазу керек. Бұл «үш бірлікті» сақтамаса, жоғарғы ережеден шетке шыққан болып саналады. «Үш бірлік» дегеніміз: уақыт бірлігі (оқиға бір тәулік - 24 сағат - ішінде ғана болуы керек), орын бірлігі (оқиға тек бір орында болуы керек), оқиға бірлігі (бұнда оқиғаны бірінен-бірі туып, бұтақсыз, бір ізбен дамып отыратын бір ғана сюжеттік шиеленіс болуы керек).
Бұлардың барлығы шығармаға ерекше сымбат беру және оны түсінікті ету үшін керек деп саналды.
Үш бірлікті кейде реалист жазушылар да қолданды. Мысалы: орыс әдебиетінде реалистік жазушыларынан үш бірлікті сақтап жазған Грибоедов («Ақылдан қайғы»). Қазақ әдебиетінде үш бірлікпен жазылған пьеса жоқ.
Классицизм туралы сөз қозғағанда, шығарманың тілі қандай болу керек, соған тоқталық.
Трагедияға қатысушы патша және басқа геройлардың сөздері өктем менмендікті көрсететін ірі сөздер болып келеді. Ода мен эпостық поэмалар да өте көтеріңкі, әсірелеген тілмен жазылды. Езілуші таптың күнделікті сөйлеп жүрген тілдері тек комедияға қолдануға ғана болды. Әдеби шығармалар, тіпті драмалық шығармалар да, дағдылы түрде өлеңмен жазылды.
Жалпы алғанда, классицизмнің өмір шындығынан алшақ жатқан жақтары көп, әрине, классицизм жазушылары да суреттелген нәрселерін өмір шындығынан алғаны сөзсіз. Әйтсе де сол өмір шындығын олар өз електерінен өткізіп және өз табының көзқарасынан көрсетті. Қандай өмір шындығын суреттесе де, патша, корольдің, солардың маңындағылардың ұйғаруына сәйкестеніліп, солардың тілегіне бағындырылды.