Дәріс. Қазіргі заманғы ғылыми білім құрылымындағы жаратылыстану ғылымдары.

1. Жаратылыстану және әлемнің суреттемесі.

2. Жаратылыстану ғылымдарының жіктемесі.

3.Техника ғылымдарының ерекшеліктері, олардың жаратылыстану, қоғамдық ғылымдарға қатынасы.

Философияның дамуына жаратылыстану ғалымдарының әсері қандай? Айтып кеткен жөн, философия мен физика экспериментальді ғылым ретінде болған жоқ. Ал физикалық құбылыстар жөніндегі білім натурфилософия төңірегінде біріктірілді. Мысалы, Демокриттің атомистік гипотезасы қазіргі кездегі материяның атомдық құрылымы мен қатар дискреттік кеңістік туралы теорияның алдын алды. Ал кейін ғалымның теориясы философиямен ғылымның дамуында жаңа ашылуларға түрткі болды.

Жаратылыстану ғылымдарының қалыптасуымен қатар (XVІІ-XVІІІ) жаңа философияның да қалыптасуы басталды. Ал “Адам-Әлем” деген ғаламды мәселенің, болмыстың ортақ заңдарын танудың әр түрлі жақтарын зерттей бастады. Бірақ философияда материяның табиғаты, құрылымы, уақыты мен кеңістіктің физикалық қасиеттері, яғни қазіргі уақыттағы нақты ғылымдардың пәні болған мәселені шешуге талпынды.

Философия физиканың дамуына жол нұсқаушы бола алатын кейбір ортақ идеяларды жасап шығарды. Оларға мысал келтірейік, заттардың атомнан құрылуы туралы, материя мен қозғалыстың сақталынуы туралы елестер. В.И. Лениннің электрондардың таусылмастығы туралы идеясы қазіргі физиканың дамуында үлкен жол көрсетті.

Пигафордың философиялық мектебінде сандар туралы еңбектері бар. Сандар – заттардың болмысы, ал Әлем (Вселенная (ғалам) – ол сандар гармониясы. Адамзат ойының тарихында алғаш рет осы ой арқылы табиғатта сандық заңдылықтың бары туралы идея айтылды.

Неміс классикалық философиясының атақты өкілі Ф.В. Шеллинг электр-магниттік, химиялық құбылыстардың бірлігі туралы рационалды идея айтып кетті. Ал осы идеяны ортаға ала отырып, дат физигі Х.К. Эрстед электрлік және магниттік құбылыстары арасындағы ұқсастықты іздейді, кейін ол электрлік токтың магниттік стрелаға әсерін ашты.

Егер жаратылыстанулық философия анализдік принциптерін қысқаша түрде сипаттасақ, онда олар жаратылыстану ғылымдары мен философия арасындағы диалектикалық бірлік пен айырмашылықты көрсетеді. Олардың бірлігі көп қырлы объективті әлемді зерттейтіндігінде, әрбір жаратылыстану ғылымы өз пәні ретінде табиғаттың белгілі бір аймағын, оның заңдылығын, ерекше байланысын алды. Ал философия болса объективті шындықтың әртүрлі құрылымдары мен құрылыстардың өзіне тән заңдылықтары мен байланыстарын, ортақ құбылыстарын ашады.

Философия физикалық шындықтың теориясын жасамайды, керісінше танымның ортақ теориясын дамытып, физиканың жалпы берілгенінентанымдық-теориялық қорытындылар жасайды. Философия мен физика бірін-бірі толықтырады. Философиялық білімнің физикалық білімнен ажыратылуы, олардың арасындағы айырмашылықты түсіндіру физикалық мәселелердің натурфилософиясымен түсіндіріліп кетуіне әкелді.

Ғалым философияға назар аудармай өз мақсатына жете алмайды. Бұл жағдай біздің кезде білініп тұр. Мысалы, А. Эйнштейннің айтуынша : “Таным теориясы мен ғылым арасындағы қатынас керемет. Олар біріне-бірі тәуелді, таным теориясы ғылыммен жанаспаса құр жүйеге айналады. Ал ғылым таным теориясынсыз тұрпайы және шиеленісті” /11/ философия мен ғылымның нақты байланысын М. Борн сипаттап бері: “Метафизикалық гипотезаға сүйенбесе физика физика емес” /12/.

ХХ ғасырда ғылым философиямен өте тығыз байланыста екенін көрсетті. А. Эйнштейн “Біздің кездегі физик өткен замандағы физиктерге қарағанда философиямен көп айналысады. Бұған физиктерді әртүрлі қиыншылықтар итермелейді” /13/. Жаратылыстану мәселелері ғылымның методологиясы мен философиясын кеңейтіп, зерттеу ғылыми тану мен философия арасындағы байланысты тануды объективті мүмкіндіктерін береді. Қазіргі кездегі ғылым философияға, оның негізгі принциптеріне, гипотезаларына, жағдайларына қарамай өте алмайды. Философия әлемге ортақ мінездемені, өлшемдерін, оның болмысына енудің тәсілдерін зерттеуді жүзеге асырады.

Ол бұл рөлге тек өзі адамның материалды әлемді игеруінің тәжірибесінің рационалды, жүйелі, ғылыми тұжырымы болып табылса ғана тұра алады.

Физиканың жетістіктерінің ықпалы мен материя туралы оқытулар жаңартылады. Қарапайым бөліктердің өзара айналуы, симметрия заңдарын ашу, физикалық вакумды зерттеу микропроцестердің ғажайып динамикасына куә.

Философиялық тұрғыдан қаралған материя, кеңістік, қозғалыстар арасындағы өзара қатынас өзінің нақтылы дәлелін салыстырмалы теорияда айқындалады және сол мезетте бұл философиялық түсініктер жаңа мазмұнға толды.

Қарапайым бөлшектер туралы, олардың қасиеттері, бір-біріне әсері туралы зерттеуде физиканың жетістігі үлкен, бірақ бұл тек зерттеудің белгілі кезеңі ғана, өйткені әртүрлі бөлшектердің комбинация бірлігі шексіз бір шаруа, егер олардың қасиеттері жылдамдатылғанда келесі металдың ерітіндісінде олардың ерекше қасиеті тірі клеткада немесе бүтін организмде көрсетіледі. Әлемнің әртүрлілігін қарапайым құрылымдарға бөлу оңай, ал заттардың әртүрлілігінің себебін, көзін анықтау, қарапайымнан күрделіліге көтерілу, қарапайым бөлшектердің шексіз әртүрлі бөлшекке сапалай өзгеруін түсіндіріп беру өте қиын. Бұл қатынаста физиканың рөлі сызылып тасталмаған /14/, /15/, /16/, /17/.

Қазіргі кездегі ғылым арсеналына ғалам тұтас жүйе ретінде дамудың барлық жағына эволюция идеясы кірген. Бірақ әлемдегі эволюциялық процестердің көптеген мінездемесі әлі де қажетті деңгейде дамымады. Мысалға, көптеген астрономдардың ойынша галактикалар, жұлдыздар, планеталар жойылмалы да тығыздалуға көшу арқылы пайда болған деп түсіндірсе, кейбір ғалымдар керісінше эволюциялық процестер қарама-қарсы бағытта болып жатыр, яғни өте тығыз жағдайын кішкене босаңдауда деп түсіндіруде.

Заттар табиғаты және одан пайда болған космостық жүйе, оның механизмдері – ол жаратылыстың ғылыми, астрономиялық сұрағы. Ол сырттай зерттеудің нәтижеінде болатын нәрсе.

Бірақ бұл мәселенің философиялық аспектілері де бар. Философия үшін космостық эволюция процесінің қандай бағытта дамып жатқандығы қызықты, ол тек бір бағытта ма әлде ғаламда эволюциялық процестерде диалектикалық қарама-қарсы бағыттардың орны бар ма?

Ғылыми техникалық процестердің мінездемелі ерекшелігі ғылым мен техника арасындағы өзара қатынасты күшейту. Бұл өзара қатынас бара-бара көпқырлы және интенсивті болуда, әрі ғылыммен өндіріс дамуына ықпал етуде. Қазіргі кездегі өндіріс ерекшелігі, әлеуметтік прогресс қажеттілігі гуманитарлық, жаратылыстанулық, техникалық ғылымдардың интеграциясының қажет екендігін көрсетуде.

Ғылымның даму тарихына үңілсек, рволюциялық өзгерулермен эволюциялық даму кезеңдерінің айырмашылығын көру керек. Эволюциялық дамуда ғылымның белгілі бір аймақтары салыстырмалы түрде бірқалыпты дамиды. Қазіргі заманғы америкалық ғалым, тарихшы Томас Кунның айтуынша: көптеген ғалымдар ортақ ғылыми атмосфера айналасында. Ал ғылымда негізгі принциптер орын алған. Олар пошкалық тәртіпке келе бастады. Бұл принциптер әртүрлі нақты сұрақтарға жайылған. Кейін уақыт өте келе ғылым дамуының эволюциялық кезеңі аяқталып, революциялық өзгерушілер кезеңі басталды. Жаңа парадигмалар пайда болып, эволюциялық кезең қайтадан жалғасады. Революциялық өзгеріс кезеңдерін Т. Кун мына ғалымдардың есімдерімен байланыстырады: Н. Коперник, И. Ньютон, А. Лавуазье, А. Эйнштейн /18/.

Атақты ресей философы, таным теориясы аймағындағы маман В.С. Степин өзінің терең ойлы шығармасы “теориялық білім де”, оны “техногенді өркениет Библиясы” деп атауға болады, ерекше көңілді ғылымның потенциалды тарихына бөлуді сұрайды. Ол мынандай нақты шешімге келеді: “Ғылым дамуы мүмкіндіктің шындыққа ауысқаны секілді, барлық мүмкіндіктер оның тарихында жүзеге аспайды”. Бұндай процестерді жорамалдау барысында мүмкіндіктер ағашы құралады, дамудың әртүрлі бағыттарымен варианттарын қарастырады. Ғылымның дамуының күшті детерминизациялануы тек ретроспективті қарастыруымызда пайда болады, яғни біз тарихты алдын ала не болатынын біле тұрып талдасаң және осы шешімге келетіндей етіп идеяның қозғалыс пошкасын құрастырсақ. Бірақ өркениеттің тарихи дамуының басқалай бұрылыстарында жүзеге асатын ағымдар да болды және олар шынайы ғылым тарихында “жабық” болып қалды.

Ғылымның қайта құруы жүріп жатқан ғылыми революциялық ғасыр кезінде мәдениет берілген мәдениетте доминантты түрде кездестін, әрі осыған ең жақсы түрде сәйкестелінетін потенциалды мүмкін сызықтарды болашақ ғылым тарихына таңдап бергендей болады /19/.

Кейбір қорытындылар келтірейік, төмендегідей келесі ғылым тарихының мәніне, рөлінің аспектісіне тоқталайық:

ол табиғатпен қоғамдық әлемнің әртүрлі сфераларында ізденістерді ынталандырады.

Білімнің кең түрліше даму динамикасының аумағын өзінде сақтайды.

әртүрлі объектілердің игерілуінің тәсілі, формасы, білімге жетудің жолдары туралы ақпаратты жинақтайды.

Зерттеушілердің назарын ғылым дамуындағы болашақсыз тығырықты жағдайларға аударып, осы арқылы ғылымды кестелікпен адастыруға әкеліп соғатынын идеялармен гипотезалардан аулақ ұстауға тырысады.

Табиғатты тану логикасы мен жолдарын қарастыра отырып, генезистік процесін, фундаментальды факторларын ғылымның теориясы мен әдістерін және олардың объективті шындықта танылуын зерттеуде ғылым тарихы зерттеушінің ойлау мәдниетін гүлдендіре отырып, қазіргі ғылымның теориялық қалыптсуына көмектеседі, ғылым философиясы мен нақты ғылымдар саласында жаңа мәселелердің қойылуын көздейді. Ғылым тарихы және техника ғылым дамуының заңдылықтарын, идеалдарын, нормаларын, объективті логикасын, дамуын анықтағанда өте қажет тәсіл ретінде қолданлады.

Қорытындысында, Нобель сыйлығының лауреаты, атақты француз физик-теоретигі Луи де Бройльдің қызықты ойын айта кетуге болады:

“Ғылым тарихы біздің танымымыздың әрбір жетістігі мәселені шешуден гөрі жаңа мәселенің тууына алып келетінін дәлелдеп отыр. Бұл аймақта ашылған әрбір “Жер” жаңа зерттелмеген континенттердің бар болуы туралы ойларды алға тастайды” /20/.

Техника философиясы қазіргі батыстық философияның бір бағыты ретінде. Философия тарихында адамзат өркениеттерін, тарихты зерттеуде, талдауда әртүрлі тәсілдер, принциптер, критерийлер қолданылады. Олардың қатарына экономикалық, географиялық, биологиялық, діни, гуманистік детерминизмдерді жатқызуға болады. Олардың арасында қазіргі қоғам өміріндегі бүгінгі өзгерістерді неғұрлым толық бейнелейтіні технологиялық детерминизм болып табылады. Технологиялық детерминизм – бұл қоғамдық дамудағы техниканың анықтаушы рөлі туралы көзқарастардың, постулаттардың біріккен жиынтығы. Шындығында да қазіргі өмірде теника мен технологияның маңызы және рөлі орасан зор.

“Адаммен бетпе-бет келген бұл мәселенің маңыздылығы сонша, - деп жазады К.Ясперс, - қазіргі уақытта техника біздің ахуалымызды түсінудің басты мәселесіне айналды. Қазіргі техниканың өмірдің барлық салаларына енгізілуін және оның біздің өмір сүруіміздің барлық қырларына тигізген салдарын қайта бағалау мүмкін емес. Мұны түсінбей және ойлау барысында дәстүрлі тарихи таңбаларды қолдана отырып біздің қазіргі және өткен өміріміздің арасында салыстыру жүргізу мүмкін емес. Өткен мен біздің заман арасында параллель жүргізу үшін міндетті түрде қазіргі техникамен байланысты орын алған радикалды өзгерістерді ескеру қажет” (Смысль и назначение истории, М., 1991, 113-бет).

Техника мен технология бүгінгі қоғамның жедел дамуының маңызды факторына айналды және техника ықпалын тигізбеген адам өмірінің бірде-бір саласы қалмады. Қазіргі коммуникация құралдарының арқасында мемлекеттің еркі оның ең шалғай аудандарына дейін қамтып, кез-келген уақытта әрбір үйде өзін білдіре алады. Техниканың әсерімен терең процестер орын алады, еңбек өнімділігі өте шапшаң өседі. Оның мазмұны өзгереді. Қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгереді. Оның үстіне адам да өзгереді. Қазіргі техника тіпті адамның терең тылсымдық жақтарына да ықпалын тигізеді. Егер ертеректе адамға табиғаттағы да, әлеуметтік саладағы да өмір сүрудің өзгерген жағдайларына бейімделуі үшін жеткілікті дәрежеде уақыт бөлінсе, ал қазір табиғат пен қоғамдағы техника мен технологияның ықпалмен болатын өзгерістердің жылдамдығы сонша, қазіргі адам өмір сүрудің өзгерген жағдайларына бейімделіп үлгіре алмайды және әрқашанда таусылмайтын жаңа мәселелердің үнемі туындап отыруына әкеледі. Осыған байланысты қазіргі философияда адам мәселесін зерттеудің техника философиясы түріндегі жаңа қырын қою қажеттілігі туындайды.

Техника философиясы—бүгінгі күні өзінің гүлдену кезеңін бастан кешіп жатқан батыс философиясының қазіргі бағыттарының бірі. Батыста техника философиясының қалыптаса бастауын И.Бекманның есімімен және 1777 жылы басылып шыққан оның “Технология бойынша жетекшілік, немесе қолөнерді, фабрикалар мен мануфактураларды тану” деп аталатын еңбегімен байланыстырады. Бірақ көпшіліктің пікірінше, бұл саладағы негіз қалаушы еңбек 1877 жылы жарияланған және жүз жылдан кейін Германияда қайта басылып шыққан Э.Капптың “Техника философиясының негізгі белгілері” деп аталатын жұмысы болып саналады.

Техника философиясы—қазіргі әлемдегі техника феноменін философиялық-методологиялық және дүниетанымдық тұрғыда зерттеуге негізделген қазіргі философиядағы бүтіндей бір бағыт. Бұл бағыт бастапқыда Батыс Европа мен Солтүстік Америкада, кейінірек 60-80 жылдары Жапонияда кеңінен таралды. Батыстағы қазіргі техника философиясының бастапқы өкілдері қатарына Э.Капп және Ф.Дессауэрмен қатар О.Шпенглерді, Ортега-и-Гассетті, Мэмфордты, К.Шиллингті және т.б. жатқызуға болады. Бірақ, сонымен қатар техника ұғымы ертедегі ойшылдарда да кездеседі. Мысалы, еңбектің табиғи және жасанды органдары арасындағы анология туралы ой Платон мен Аристотельде ұшырасады. Егер Аристотель қолды “құралдың құралы” деп атаса, Гегель де осы идеяны қайталайды. Гегель техника табиғатын түсінуде бірқатар идеялар ұсынады. Гегельдің пікірінше техникалық жабдықтар объекттің табиғатымен анықталады, ал екінші жағынан жабдықтар техникалық құралдар арқылы іске асатын мақсаттың тасымалдаушысы болып табылады. Гегель былай деп жазады: “адам өзінің мақсатында сыртқы табиғатқа бағынышты болғанымен, өзінің құралдары арқылы үстемдікке ие болады”. Антикалық авторлар мен Гегельдің бұл идеяларын Батыстың кейінгі философтары Э.Капп және Л.Нуаре жалғастырды. Олардың негізгі идеясы техника феноменін “органопроекция” негізінде түсінумен сипатталады. Олардың пікірінше техника жасанды орта болып табылады, бірақ ол адам органдарының табиғи материалға проекциясы ретінде көрінеді, яғни техниканың бүкіл дамуы адамның табиғи еңбек органдарын көшіру арқылы, оларды сыртқы әлемге “проекциялау” арқылы жүзеге асады.

Техника феноменін түсіндіруде өзге, қарама-қарсы позицияны ұстанған философ-неотомист Ф.Дессауэр болды. Ф.Дессауэр Э.Капптың және Л.Нуаренің техниканың биологиялық концепциясымен келіспеді. Ол техника табиғат заңдарымен байланысты және оның шектерінен тысқары шықпайды деп есептейді. Алайда бұл да еш нәрсені айқындамайды, техниканың автономды да мәні бар. Оның пікірінше техникалық идеялар адамның ақылында пайда болмайды, ол ақылдың көмегімен ауланады. Техникалық идеялар құдайдың ойы, жаратушының құдіретті ақыл-ойының көрінісі.

Техника мәселесі Хайдеггер философиясында негізгі орындардың бірін алады және оның көптеген шығармаларында үнемі кездесіп отырады. Бірақ бұл тақырыпқа арналған оның ең маңызды шығармасы “Техника туралы мәселелер” деп аталады. Бұл жұмысында М.Хайдеггер техниканы пайымдауды жаңа іргетасқа қойды. М.Хайдеггер былай деп жазады: “техниканың мәні белгілі мағынада техникалық емес. Сондықтан да біз ол туралы жәй ғана ойлағанда, оны қолданғанда, оны басқарғанда немесе одан қашқақтағанда техниканың мәніне деген өз қатынасымызды ешқашанда сезіне алмаймыз. Барлық осы жағдайларда, оны қызығушылықпен қолдасақ та, теріске шығарсақ та біз техникаға құлдар секілді ажырамастай таңылғанбыз. Біз техниканы бейтарап нәрсе деп есептеген кезде, оның нағыз тұтқынына айналамыз. Қазіргі кезде кең өріс алған мұндай көзқарас оның мәніне деген мүлде көрсоқырлықты туындатады” (Вопрос о технике // Новая технократическая волна на Западе. М., 1986, 119-бет).

Хайдеггерге дейін техника Ақыл-ой мен Қайырымдылықтың салтанатты шеруі ретінде бағаланып келді. Кейбір жағдайларда техниканың өзіне қарсы шығу емес, оны қолдануға қарсы шығу өзекті сөз болды. Мысалы, О.Шпенглер “түсті” нәсілдер европалықтардан техниканы тартып алып, оларды үстем жағдайынан айырады және түбінде техниканы жояды деп қорықты. Хайдеггер керісінше, техниканың өзін адам үшін үлкен қауіп-қатер деп есептеді. Техниканы түсіндірудегі Хайдеггердің тағы бір жаңалығы, оған дейін техника адамзат тарихы мен мәдениет дамуының байланысындағы көптеген факторлардың бірі ретінде қарастырылып келсе, ал бұл неміс ойшылының пікірінше техника қазіргі дәуірдің болмысы болып табылады. Және Хайдеггерге дейін техника ең алдымен мәдениет философиясы мен тарих философиясының және тек кейін ғана антропологияның мәселесі болып келсе, ал М.Хайдеггер онан метафизиканың мәселесін шығарды.

Техника болмыстың терең қасиеттерін пайымдаудың тәсілі ретінде. М.Хайдеггер де техника болмыстың терең қасиеттерін пайымдаудың маңызды тәсілі болып табылады. Ол болмыстағы табылуға және өзінің нағыз, бүлінбеген кейпінде көрінуге тиіс жасырын жағын ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Техниканың мәні арқылы адам болмыспен тілдесіп, оның үнін естиді. Бірақ импульс дұрыс табылмауы мүмкін, өйткені техника адамды өзіндік ашылудың жалған жағына қарай итермелейді.

К.Ясперс өзінің техниканы түсіндіруінде хайдеггерлік түсінікке жақын келді. Ол өзінің “Тарихтың мәні және мақсаты” деген еңбегінде техниканы әлемдік тарихтың түбегейлі жаңа факторы ретінде қарастырады. К.Ясперстің пікірінше қазіргі заманда былайша пайымдау қажет: “Қазіргі уақытта біз тарихтың бұралаң кезінде тұрғанымызды сезінеміз, бұдан жүз жыл бұрын-ақ бұл кезеңді антикалық әлемнің дағдарысымен салыстыра бастап еді, ал кейінірек оның тек Европа мен Батыс мәдениеті үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін орасан зор маңызы бар екендігі байқалды. Бұл өзінің барлық салдарларымен қоса алғандағы техника ғасыры адамның еңбек, өмір, ойлау саласындағы, символика саласындағы мыңдаған жылдар бойы жинақтағанынан сау-тамтық қалдырмайтын сияқты” (Современная техника // Новая технократическая волна на Западе, 119-бет). Қазіргі техниканың пайда болуымен барлығы да өзгереді. Ең алдымен, К.Ясперстің пікірінше, адамның табиғатпен байланысы өзгерді. Адам техниканың көмегімен табиғатты бағындыра отырып, өзі табиғаттың ықпалына түседі, табиғат адамның тиранына айналады. Техника адамның барлық күнделікті өмірін өзгертіп жіберді, ол “бүкіл өмір сүруді белгісіз техникалық механизмнің әрекетіне, ал бүкіл планетаны—тұтас фабрикаға айналдырды. Сонымен бірге адамның өзінің түбірінен толық ажырауы жүзеге асты және бұл бүгінгі күні де жалғасуда. Адам отансыз жердің тұрғынына айналып, дәстүр жалғастығын жоғалтты. Рух пайдалы функцияларды орындау мен оқып-үйрену қабілетіне айналды” (Современная техника, 121-бет). Ары қарай К.Ясперс былай деп жазады: “Мына нәрсе күмәнсіз: техника адамның өзін өзгертуге бағытталған. Адам енді өзі қалыптастырған техниканың ықпалынан босанып шыға алмайды. Және техникада шексіз мүмкіндіктермен қатар, шексіз қауіп-қатердің де бар екендігі күдік туғызбайды. Адам өзінің техниканың билігі астына қашан және қалай түскенін аңғармай да қалды” (Современная техника, 145-бет). К.Ясперстің пікірінше, техниканың маңызы мен рөлінің құдіреттілігі сонша, оның мәнін ашпай қазіргі ақуалды пайымдау мүмкін емес. Техниканың нақтылығы адамзат тарихындағы үлкен бетбұрысқа әкелді, біз адамзат өмірін механикаландырудың нағыз дер кезінде тұрғанымызбен оның барлық салдарларын болжау небір ұшқыр көріпкелдердің де қолынан келмейді.

80-жылдары техника философиясында антропологиялық аспект, прогрестің адамзаттық өлшеміне көңіл аудару күшейе түсті. Көптеген батыстық философтар техниканың мәнін ұғыну оны техника мен технологияны тарихи ағымында ғана қарастырмай мүмкін емес деген қорытындыға тоқталды. Техника мәселесіндегі антропологиялық тәсіл американдық философ Х.Сколимовскидің “Техника философиясы адам философиясы ретінде” деген жұмысында айқын көрінеді. Х.Сколимовски техниканың дамуы үнемі мәдени мутациямен, терең әлеуметтік өзгерістермен байланысты ма деген мәселені зерттеумен айналысады. Ол осыған байланысты Қытайда техниканың гүлденуі ХІV жүзжылдықта, яғни батыстық Ренессанс пен европалық ғылыми революцияға дейін жүзеге асқандығы туралы айғаққа көңіл аударады. Демек, ғылыми революция әрқашанда техника гүлденуінің қажетті алғышарты бола бермейді, ал техниканың өріс алуы міндетті түрде қандай да болсын қоғамдық өзгерістерге әкеле бермейді.

Х.Сколимовски техника философиясын адам философиясы ретінде түсінуді ұсынады. Бұл мағынада адам техникалық императивке бағынғаннан гөрі, техника адам императивіне бағынуы тиіс. Ол адамның табиғаттағы нәзік тепе-теңдікке құрметпен қатынасуын және әлемді бұлайша жабдықтандыру осы тепе-теңдікті бұзбай, бекіткенде ғана рұқсат беруді ұсынады. Оның ойынша адамның білімі қалған барлық жаратылыстарға қарсы бағытталмай, білім бақылау мен жұмсау мақсатындағы күш ретінде қолданылмай, керісінше заттардың табиғатын дұрыс түсінуге және үйлесімділікке қызмет етуі тиіс. Прогрестің гуманистік түсінігі табиғаттың өзге жаратылыстарының, сонымен бірге адам жаны мен оның сезімдік потенциясының жойылуын емес, керісінше оның рухани әлемінің кеңеюі арқасында жүзеге асатын адамның өзіндік келбетінің өсуін білдіреді.

Техника философиясы өркениетті сыни тұрғыда бағалау ретінде. Техника философиясының тұтқиылдан пайда болуының себебі неде? Неге бүгін адамзатты техниканың келешегі мазалайды? Х.Сколимовскидің пікірінше философиялық зерттеулердің бұл саласының пайда болуы европалық өркениеттің пайда болуы мен жойылуындағы техниканың рөлін кеш мойындауды байқатады. Оның ойынша техника философиясы таза схолистикалық пән емес. Техника философиясын ең алдымен біздің өркениетті сыни тұрғыдан бағалаудың нәтижесінде пайда болғанын ескеру қажет. Ол аналитикалық тұрғыда ойлаушы философтар үшін талдау жасайтын алаң ретінде қалыптасып, дамып отырған жоқ.

Біздің өркениет шексіз көп техникаларды өндіріп шығарды, бірақ оның лингивистикалық-аналитикалық алуан түрі техника мәселесін шешіп бере алмайды. Философтардың, ойшылдардың, тарихшылардың, инженерлердің және көзі ашық азаматтардың парызы—“өркениет ретінде біз тудырған мәселелерге” жауап табу.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін техника философиясында өзге мәдени құндылықтарға ғана емес, қандай да болмасын бөтен өркениеттік болмысқа деген сағыныш күшейе түсті. Батыстық философтарды мынадай сұрақтар мазалай бастады: Европа жалған жолмен жүріп өткен жоқ па, батыстық рух мәдени-өркениеттік баламаны таңдауда қателескен жоқ па? Батыстың бүгінгі қасіреттері әуел баста адамзаттың өркениеттік даму жолын дұрыс таба алмаудың себебінен емес пе екен?

Қазіргі батыстық философияда адамзаттың бастапқы кезеңінде тарихи перспективаның әр түрлі варианттары болған деген идея қалыптасты. Оның бірі бүкіл ішкі ресурстарды адамзат рухын өзіндік тануға шоғырландыру. Ертедегі шығыс халықтары осы жолмен жүрді, оның дәлелі ретінде олардың діндерін алуға болады. Шығыс діндері адамның абсолютпен, болмыспен толық бірігуін уағыздайды. Адамды табиғаттан тыс құбылыс емес, оның бөлігі ретінде қарастыру, әлемге сіңіп кетуге ұмтылу, рух кеңістігінде барлық Ғаламның үнін есту—міне, ежелгі шығыстық ілімдер мен діндердің насихаттары осындай. Егер де европалық өркениет осы жолмен жүргенде, батыстық философтардың пікірінше, онда ол антропологиялық және рухани ресурстарын дамытып, ғарышқа, Ғаламның универсумына жақындай түсер еді.

Бірақ батыстық өркениет өзге жолмен жүрді. Оны таным мен әлемді қанау құмарлығы иектеді. Адамзат жан мен тәнді жаттықтыру қабілетін жоғалтып, техниканың көмегімен бүкіл әлемді өзіне бағындыру пиғылына берілді. Адамдар өзінің табиғатына сенуден қалып, рухты дамыту мен жетілдіруден бас тартты. Техникамен қарулана отырып, олар өздерінің күш-жігерін ішкі әлемге емес, сыртқы әлемге бағыттады. Хайдеггердің терминімен айтқанда техника адам Болмысына айналды.

Техницизм қоғам туралы қазіргі батыстық теориялардың методологиялық негізі ретінде. Техника философиясы өзінің күрделі құрылымы бар жеткілікті дәрежеде күрделі философиялық ағым болып табылады. Техникалық өркениеттің динамикалық процестерін пайымдауға ұмтылған жаңа концепциялар пайда болды. Техника философиясындағы әр түрлі ағымдардың, көзқарастардың, позициялардың молдығына қарамастан барлығына ортақ нәрсе олардың технологиялық детерминизмге негізделуінде болып табылады, яғни қоғам өміріндегі техниканың анықтаушы рөлі мойындалады.

Техника философиясы ең алдымен қарама-қарсы екі бағытқа бөлінеді—техницизм және антитехницизм.

Техницизм техника дамуының адамзат үшін сөзсіз игіліктілігіне деген сенімге негізделеді.

Техницизм қоғам өміріндегі техниканың рөлін тек қалыпты құбылыс ретінде, адамзаттың игілігі ретінде ғана қарастырады.

Неотехницизм өзінің алдыңғы формаларынан ерекшеленеді. Мұнда техникаға бұрынғысынша қоғам өміріндегі негізгі орын беріледі, бірақ оның өзіндік дамуы, өзіндік реттелу мүмкіндігі теріске шығарылып, қоғамдық бақылау қажеттілігі туралы мәселе қойылады.

Антитехницизм—технофобияның көрінісі, пайда болып, таралып және өсіп келе жатқан жаңа технологиялардың жұмбақ қауіп-қатерінің алдындағы үрей мен қорқыныш, сенімсіздік. Антитехницизмнің әр түрлі варианттары бар. Оның ішіндегі ең кеңінен таралғаны “батырлық пессимизм” (Ф.Ницшенің термині) деп аталады. Ол бойынша техника мен зұлымдықтың тегеуріні техниктер мен технократтардың үстемдігін, басқаруын тудырады. Антитехницизмнің тағы бір көрінісі адам өзі игере алмайтын рационалдық білімнің әуел бастапқы агрессивтілігімен сипатталатын, мәні “билікке деген ерікке” негізделген техникаға радикалды дұшпандықты білдіретін позицияны ұстанады (Маркузе, Адорно, Хоркхаймер). 60-шы жылдардың соңында бұл көзқарастар контрмәдениет идеологиясына жүйеленді (Т.Розак). Контрмәдениет бойынша барлық қазіргі саяси күштер—мейілі ол “солшылдар”, “оңшылдар”, “орталық” болсын, технократиялық қоғамның бірыңғай құндылықтарына, техникалық рационализмге деген діни сенімге негізделген билік үшін күреске әкеледі.

Техниканы философиялық зерттеу өте күрделі құбылыс және әр түрлі қырлардан тұрады; методологиялық, әлеуметтік, саяси, эстетикалық, аксиологиялық және т.б. Қай мәселені алға тартқанына байланысты техника философиясы не ғылым философиясымен жақындайды, не әлеуметтік философияның немесе антрапологиялық философияның бөлімі ретінде қарастырылады.

Техника философиясы негізінен екі басты дәстүрдің ықпалында: неопозитивизммен әсері және байланысы бар сциентистік методологизм және мәдениеттанымдық антропологизм. Техниканы философиялық зерттеулер осы екі дәстүрдің біріне бағдар ұстануына байланысты не логикалық-методологиялық мәселелермен айналысады, не техниканың гуманистік құндылықтық қырларынан зерттейді. Бұл дәстүрлер кейде қиылысып жатады, ал бұл аталған зерттеулердің синтезіне деген тенденцияны туғызады.

Техницизм дүниетанымы, “технологиялық детерминизм” батыстық ойшылдардың көптеген теорияларын қамтып жатыр: “индустриалдық қоғам теориясы”, “постиндустриалдық қоғам теориясы”, “ғылыми революция теориясы”, “ақпараттық қоғам теориясы”. Және жалпы адамзат қоғамы дамуын кезеңдерге бөлуді қамтиды. Олардың пікірінше, техника барлық әлеуметтік факторлардың алғышарты болып табылады, оның нәтижесінде өндіргіш күштер стихиялық түрде жаңа қоғамдық қатынастарды тудырады. Техницизмнің әр түрлі өкілдері адамзат өркениетінің тарихи дәуірлерін техниканың белгілі бір аспектілерімен байланыстырады, мысалы, еңбек құралдарының алмасуы (Дж.Ленский), байланыс құралы (Маклуэн) немесе энергия көздері, яғни қоғамның дамуы мускулдық энергияның жүйелі түрде алмасуымен (бу, электр, атом) байланыстырылады. Батыстық авторлар әлеуметтік дамудағы техниканың анықтаушы рөліне негізделе отырып, адамзат тарихын үш кезеңге бөледі: “индустриалдыққа дейінгі қоғам”, “индустриалдық қоғам” және “кейінгі индустриалдық қоғам”. Индустриалдыққа дейінгі қоғамдағы басты сала ауыл шаруашылығы, сондықтан да оны аграрлы, дәстүрлі қоғам деп атайды және шіркеу мен әскер бұл қоғамның басты институттары болып табылады. Индустриалдық қоғам ең алдымен корпорациялар мен фирмалардың жетекшілігіндегі өнеркәсіпке негізделеді. Кейінгі индустриалдық қоғам тарихтың жаңа перзенті болып табылады және бірқатар факторлармен анықталады: тауар өндіруші экономикадан қызмет етуші экономикаға көшу, қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер, қоғамдағы саясатты анықтауда теориялық білімнің басымдылығы, жаңа интеллектуалды технологияның қалыптасуы, технологиялық өзгерістерді жоспарлау және бақылау.

Бақылау сұрақтары:

1. Жаратылыстану ғылымдарының жіктемесі.

2. Техницизм бұл -?

3. Антитехницизм бұл -?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Алтай Ж., Касабек А.., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы.- Алматы,2006.

2.Ақназарова Х. З. Философия тарихының дәріске курсы.- Алматы, 2009.

3. Зотов А.Ф. Современная западная философия. М.. 2010.

4. Әбішев Қ. , Әбжанов Т. Философия тарихындағы таным теориясы және метод проблемасы. Алматы,2010

5. Классическая философия науки: Хрестоматия ред. Пржилепский В.И. М., 2006

6. Ғабитов Қ. Ғылым тарихы мен философиясы. Оқулық. – Алматы, 2008.

Наши рекомендации