Сал-серілік дӘстҮрдіҢ ҰлттыҚ сипаты
Ж.А.Кенжебекова
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің магистранты
Егер ұлттық әдебиетіміздің тарихында ХХ ғасырдың 60 жылдарынан басталатын кезеңді ерекше бір өнімді кезеңге жатқызып жүргеніміз ақиқат болса, сол кезеңдегі әдеби процестің басым бөлшегін тарихи сипаттағы шығармалар құрайды екен.
Қазақ романшылары өз шығармалары арқылы тарих қойнауына, ғасырлар көшіне барлау жасады, ұзақ мерзім бойы салтанат құрған ұлттық болмысқа, ұлттық болмыс аясындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа, әлемде теңдесі жоқ құбылыс – сал, серілер феноменіне зерделеу жүргізді. Белгілі бір тарихи оқиға, құбылысты бейнелегенде оны сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттардан, рухани өмір санасынан бөліп алып қарау мүмкін емес. Олай болуы заңды да, себебі әдебиет – адамтану ғылымы. Адамдар тобы қоғамды құрайды. Сол қоғамда өзіндік заңдылықтар қалыптасады. Ендеше, тарихи сипаттағы көркем шығармалардың танымдық, тағылымдық мәні ерекше.
Сыншы С.Қирабаев тарих пен әдебиеттің сабақтастығы жайлы «Көне замандардан бері әдебиет өзінің материалын тарихтан алып, оны көркем суретке айналдырып, өсіп, жетіліп келеді. Әдебиет өзінің зерттеу объектісі – адамды белгілі дәуірде, тарихи ортада алып суреттеу арқылы сол кезеңнің шындығын да, бейнесін де ашады. Адам тағдыры арқылы тарихи ой-сананың қалыптасуын көрсетіп, оқырманға өмір танытады, оны тәрбиелейді, адамгершілікке баулиды, тарихтың біз үшін эстетикалық сабағы да осында» - десе [1, 21], ғалым Р.Нұрғали ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің қазақ қоғамындағы рухани құндылығы, шынайлығы тұрғысында «Саясаттан қашу, тоталитаризм құрығынан құтылу үшін қаламгерлер шыншыл сөз өткізудің сан алуан тәсілін тапты: бүгінгі тақырыптардан кетіп, тарих қойнауына сүңгіді: астарлы емеурін ой айту амалдарын меңгерді: сөз өнерінің табиғатына жат сарындардан безді. Көкейкесті сырларды бейнелі, суретті, ишара сырлы сөзбен айта білген үздік шығармалар халық махаббатына бөленді, ұлттың рухани игілігіне айналды: еліміздің тұрмыс-салтын, тарихын, мінез-құлқын өзге жұрттарға таныстырды», - деп пайымдау жасады [2, 8].
Заман талабы халықтың да санасын оятты, бүгінгі уақыт еншісінде өткенді зерделеу арқылы тарихқа, ұлттық әдебиетімізге деген жаңа көзқарастар пайда болды.
Біз қарастырғалы отырған сал-серілер тұлғасы – ғасырлар бойы ұлт мақтанышы болатын, жаратылысында дарынды, қазақтың өзгеге ұқсамайтын дара болмысын жаһандану үрдісінде жарқырата көрсететін сегіз қырлы, бір сырлы, импровизаторлық, синкретті өнерді дәріптеуші, дарынды өнер иелері. Ұлт әдебиеті қазақтың халықтық музыка мәдениетінде өзіндік орны бар ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Құлтума, Естай, Қанапия т.б.
Ұлттық әдебиет пен халықтық музыка мәдениетінің көрнекті өкілдері – сал-серілер мұрасы мен дәстүрі ерте дәуірден осы заманға дейін сақталған. Сал-серілер дәстүрді ұстанған, адамзаттық құндылығы бар, танымдық, тағылымдық мұраларға бай жан-жақты өнер иелері – қазақ сахарасының рухани келбеті. Дәл нақты кезеңі белгісіз, сал-сері типі ескі дәуірден сақталған. Тарихи-археологиялық мәліметтерге сүйенген Е.Тұрсыновтың зерттеуінде андронов дәуірі кезеңінде, б.з.б. ХIҮ–XIII ғасырларда ру, тайпалардың өз ішінде отау құрып, даралау болған. Үлкен отаулар рудан бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды сал және сері типінің пайда болуы мифологияның жаңғыруы нәтижесінде «даралану», яғни құпия одақтардың, тотем-ру атасының болуы төркінінде жатса керек.
Е.Ысмайыловтың, Ә.Марғұланның, Е.Тұрсыновтың, А.Сейдімбектің, М.Мағауиннің, С.Кенжеахметұлының, С.Негимовтің, Қ.Әбдезұлының ғылыми еңбектерінде сал-сері феноменіне жан-жақты анықтамалар беріліп, құнды пікірлер айтылды. Академик Ә.Марғұлан сал және сері типінің өзгешелігі мен ұқсастығын жан-жақты талдап көрсетеді: «Бір айтатын ой, сал мен сері бір типті емес, екеуі алуан, екі дәстүр өрнектері. Олардың бірінен-бірінің өзгешелігі - тұрмыс көрінісінде, типінде. Ең алдымен сал, сері деген сөздер қалай туған? Осыдан бастайық. «Сал» европа тілімен айтқанда эксцентрик, немесе өз бағытымен жүретін бір алуан адам. Оның бар арманы сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Ертоқымның өзі де басқаныкіндей болмайды, алтынмен, күміспен өрнектеліп, ерекше салтанатпен жасалады.
Орта Азия сопыларының басты пірі-Қожа Ахмет Ясауи. Осы Қожа Ахметтің көп шәкірттерінің бірі және ең қабілеттісі- Бекташ есімді сопы болған. Қазақтың сал-серілерінің пірі-осы Бекташ. (Осман империясының тарихында Қожа Ахмет пен Азияда шыққан сопылардың есімі ерекше құрметпен аталады. Қазіргі Ыстамбұл, бұрынғы Византияның астанасы Константинопольді жаулаған әскердің алдыңғы легі тұтастай Қожо Ахмет Ясауидің жаужүрек шәкірттері болған деседі). Қазақтың сал-серілері соғысқа жеке шерік болып және сауытсыз, жанболатсыз шығатын болған.
«Сал» сөзі киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан. «Сал», «салпаң». Әрбір салдың шалбарының балағы сондай кең, оған бір кісі толығынан сиып кетеді. Ақселеудің «сал» сөзі «Сал ауруынан алынды» деуі келіңкіремейді. Халықтың әдеті бойынша, өнер иесіне ондай ат қоймайды. Қайта сол «сал аурудың» өзі осы «сал» сөзінен шыққан болу керек. «Атым сал бөксе болып жүр» десе, салды басқан кең киім сияқты атты да ауырлатып жүр дегенді білдіреді. Демек, бұл сөздің өзі салдың киімінен шыққан. Құлағы үлкен кісі мен құлағы үлкен малды да «салпаң құлақ» дейді, о да үлкендікті, кеңдікті көрсетеді. Ілгеріде мысалмен келтірілмек «Серілік», «салдықтан» бүтіндей басқа, ал екеуінің қосылатын жері, екеуі де ақын, күйші, әнші, екеуіне де ортақ болатын музыка аспаптары. «Сері» сөзі серпілуден шыққан, бой жазу, шалқу, асқақтау дегендерді білдіреді» [3, 175]. Ғалым Е.Тұрсынов «сал» мен «серінің» кейде қатар айтылатынын, серілер салдардан кейін пайда болған богема сарындарын жырлаушы өнер адамдары деген қорытындыға келеді. «ХIX ғасырда сал дәстүрінің түр ерекшеліктерінің ғана кейбір элементтерін сақтап қалған Біржан секілді жаңа сапалы салдармен қатар серілер тобына жататын Ақан сияқты өнер иелерінің пайда болуына және осы кезде «сал», «сері» деген ұғымдардың бір тектес ұғымдар есебінде пайдалана бастауына қарағанда, сал, серілер творчествосы мен дәстүрлерінің тығыз ішкі байланыстылығына қарағанда, серілер – сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деп айтуымызға болады. Генезисі жағынан алғанда, серілер- ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне қатысқан «фанаунау» секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында оларды салдардан спецификалық айыратын элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тән негізгі сарындар-богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр» [4, 148]. Ендеше, сал-серілер –музыкалық шығармаларды, ән-күйді қазақ даласында өркендетіп, таратушы өнер иелері. Олардың ерекше қасиеті – ақындығы, әншілігі, күйшілігі, елді ән мен сәнге бөлейтін, адам жанына ізгілік нұрын себетін зиялығы.
Сал-серілер тобының көш салтанаты сияқты сәнін, өзгеге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігін С.Жүнісов «Қазақтың кең сахарасында бұлайша топ-тобымен жүру, бүгінгі күнгі бір мекемеге бағынған артистер ұжымы секілді гастрольдік сапармен жүру салты бұрын-соңды тап осындай болды ма екен? Бұл топ – орыс халқының трубадурларына да, француздың жонглерларына да, испандық хугларлерге де, немістің шпильмандері мен тәжіктің масқарапаздарына да ұқсамайтын, тағдыры, сүйегі жағынан паяциларға, өзбектің қызықшыларына, Шолом Алейхан жазатын еврейлік «қаңғырған жұлдыздарға» аздап жақындайтын, тіршілігі жағынан тек қазаққа ғана тән Ақан сері, Біржан сал атымен байланысты өзінше бір жаңа серілер, салдар тобы еді» [5, 2].
Сал-серілердің даму эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен қатар спорт, жонглер, плоди өнерімен тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық, жыршылық, орындаушылықпен қатар драмалық элементтерді ұштастырған. Мимика, жесть, яғни бет-жүзін құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып бірнеше қимылды кезекпен сәтті орындау негізінен салдарға тән құбылыс. Адамзат баласы өмір сүрген уақыт, өткен дәуір тарихи фактілерімен құнды.
Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрге сай өнердің даму сатысында хас таланттардың өзіндік дүниетанымы, эстетикалық талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы ерекше дарындылығы – өнердің бірнеше түрін меңгеруде. Олардың әрқайсысы халықтың рухани тұрмысында өнерді насихаттап қана қойған жоқ, әлеуметтік тұрғыда ой қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді. Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу – ғасырдан ғасырға жеткен сал-серілер өнернамасының негізі болмақ. Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалығында сал-серілік дәстүрі былайша сипатталады: «Сал – серілік дәстүрі бірте-бірте ұмтылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға ғана байланысты сақталып отыр. Сал және серінің айырмашылықтарын тап басып, ажырату үшін де этнографиялық айғақтарды ашып көрсеткен орынды... Серілер таза, әдемі киіну, кербез паңдық мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық, сақылық, білімдарлық қасиеттерімен айналасына өнеге шашатыны, тек өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық саясатшылықпен айналысып жүрген. Сал-серілердің топтасып жүріп, ауыл-ауылды аралаған сәтте тұтас ансамбльді елестетеді... Серілер бірдей ат мінуі, бірдей киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі, басындағы үкісі де көшпелі дала артистеріндей әсер қалдырған. Салдардың ауыл сыртына келіп құлауы, қыздардың көтеріп кетуінің белгілі дәрежеде эстетикалық мәні болды, халықтық драма өнеріндегі ойын-сауықтың қызметін атқарған...» [6, 451].
Сал-серілік дәстүр әр алуан өнер өз ортасынан оқшау тұратын өнер адамдарының ел мен жерге деген кіршіксіз сүйіспеншілігінен, ұлттық болмыс-бітімінен, мейлінше сөздік қоры бай қазақ тілінің көркемдігінен бастау алып, «сал» мен «сері» типтерінің пайда болуына негіз болса керек. Адам мен қоғам арасындағы тарихи сабақтастық өткен дәуірден сыр шертеді, адам баласының сана-сезімінің жаңаруына ықпал етеді. Сал-серілерге тән ұлттық сипат уақыт пен кеңістік аясында әр қилы дамып, қоғамның ілгері дамуында дара тұлғалардың ұлттық болмысын жан-жақты көрсетіп, ұлт өкілі ретінде халық арасында болатынын айғақтайды.
«Ұлттық сипат – бір қалыптан өзгермейтін, қатып қалған нәрсе емес. Өмірдің ілгері басуына, қоғамның дамуына сәйкес ол да дамиды. Ұлттың тарихи һәм әлеуметтік өмірлеріндегі дамулар нәтижесінде, адамның сана-сезімінің, түсінуінің жаңаруына ықпал ететін соны қатынастар тумақ. Солардың арқасында адамның затты, құбылысты тануы, түсінуі мен сезінуі бұрынғы қалыптағысынан тереңдей түспек» [7, 129].
Зерттеуші Е.Ысмайылов ақын-жыраулар мұрасын зерттеуде өзіндік үлес қосты. «Ақындар» атты еңбегінде қазақ халқының рухани-мәдени тарихында ерекше орын алатын ақын-жыраулардың болмысы, сал-серілердің бір басында бірнеше өнердің тұтасып түйіскендігі, яғни ақындық, композиторлық, орындаушылық, суырып-салма шешендік сияқты қасиеттердің жинақталып тұтасып көрініс табатынын ерекше бағалайды. «ХІХ ғасырдағы аты шулы Біржан сал, Ақан сері, Толыбай, Жаяу Мұса, Ағашаяқ, Әздембай, онан бергі Шашубай, Естай сал тағы басқалары әншіліктің, халық өнерпаздығының дәстүрін дамытып, қалыптастырған Қазақтың әнші ақындары, сал-серілері, искусствоның тұтастық қасиетін бойына жинаған адамдар... Бұрын да, қазір де сал, сері ақындарға тән негізгі ерекшелік ән мен өлеңнің үнемі түйісіп, ұштасып айтылмайтындығы дедік, осы ұштасудан әнші ақындар тыңнан өлең, жыр ғана шығарып қоймай, әнді де шығарып айтатын халық композиторлары болды. Атақты Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Мәди – барлығы да әнші, ақын ғана емес, өзінің шығарған тың әндері бар композиторлар» [8, 66]. Зерттеуші ақындық, музыкалық, өнерпаздық дәстүр жағынан сал мен серінің арасында үлкен айырмашылық болмағанмен, қимыл-әрекетінде, жүріс-тұрысы, киім-киісінде, мінез-құлқында өзгешелік бар екенін айтады. «Салдарға тән салтанаттылықты сауықшылдықты айта келе, профессор Е.Ысмайылов «сал» сөзін «салдырату», «салтанат» сөздерімен түбірлес сөз деп тапқан» [8, 149].
Сал-серілер өміріндегі ең айтулы дәстүр – жазда ауылға келуі. Бұл көрініс елді қызық думанға бөлеген, халық тұрмысына ерекше сән берген. Ауылға келген салдардың көшбасшысы немесе қосшылары аттан түспей, омақаса құлап, әдейі қыз-келіншектердің көтеріп, өздеріне сый-құрмет көрсетуін күтеді. Салдардың ерке назын түсінген қыз-келіншектер қымыз, сусын ұсынып, етіктерін шешіп, кілемге салып, бастарына үй тігеді. Салдардың қалтасынан жібек орамал, моншақ, тәттілер төгіледі. Салдарға ерекше құрмет – салт-дәстүрі бұзылмаған қазақ ауылының, халық мәдениетінің бір көрінісі.
Жалпы адамзаттық құндылығы бар төлтума мәдениетімізді қалыптастыратын өнердің өміршеңдігі, жан-жақтылығы адамзат баласының қоғам мен тарихқа деген объективті көзқарасынан бастау алады.
Ұлттық психология мен халықтың санасы қоғам дамуы мен тарих заңдылығынан тыс қала алмайды. Рухани құндылықтар ел санасына сіңіп, жаңғырған бүгінгі таңда өткенге үңіліп, ұлт тәуелсіздігі жолындағы сал-серілердің қоғамда, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде өзіндік орны бар екенін айта аламыз.
Сал-серілер қашанда халықтың ойын-сауық өнерін жаңа көркемдік сипатта дамыта отырып, ұлт мүддесіне, халық игілігіне жаратты. Сұлулықты сүю, жан сұлулығын сезіну – сал-серілерге тән қасиет. Табиғатынан ерекше, текті өнер адамдарының сыртқы келбеті мен жан әлемінің кіршіксіз тазалығының үйлесуі заңды құбылыс. Ел алдында актер болып, сайқымазақ ретінде әзіл мен қулық элементтерін жетік меңгерген сөз тапқыш, суырып салма, яғни өнердің хас шеберлері ел аралап, биік парасаттылықты, адамгершілік негізін, ұлт келбетін көрсете білген.
Тарихи шындыққа негізделген Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди өмірінен қоғам мен адам арасындағы қатынас, жеке адам проблемасы туындайды. Олар қазақ елінің мұңын өз заманында тарихи тұлға ретінде де биікке көтерді. «Жан иесінің маңдайына жазылған Өмір дейтін үлкен ұғымның моделі де – бірде жетістіріп, бірде жетімсіретіп, ұзын сүрлеуде қызығыңа қарап отыратын, жазықсыз жазалап, ойламаған жерден сезім сарайыңды шаң-тозаңнан тазалап та, ар-намысыңды, көкірек көзіңді, бүкіл болмыс-тұрқыңды ақырғы демің таусылғанша салмақтай беретін сол заңдылықтар мен қайшылықтардан бастау алады» [9, 316].
Әр дәуір перзенті заман талабымен үн қатып, даралық келбетін танытумен бірге жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен адалдық қатар жүретін тіршіліктің иесі болады.Жеке адам тағдыры «Өмір» атты аренада қоғамдағы күреске толы көріністерді көрсетіп бере алады.
Қай қоғамда болмасын әдебиеттің алдындағы міндеті- адамды зерттеу болмақ. Сондықтан тарихи прозада қоғам мен адам қатынасы тарихи деректер негізінде назарда болып, қаламгерге қоғам алдындағы жауапкершілікті жүктейді.Кеңістік- сал-серілер өмір сүрген қазақтың кең сахарасы болса, уақыт- XIX ғасырдың екінші жартысы.Қазақ қаламгерлері ұлы тұлғалар бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жинақтай келе, уақыт талабын, заман шындығын көрсету арқылы бүгінгі ұрпаққа ой тастайды.Сал-серілер образында қазақ ұлтының салт-санасы, яғни ұлттық менталитеті ұлттық мүдде тұрғысында маңызды орын алады.