Сөз таптары және топтастыру принципі.
Жеке, нақтылы тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөздерді сөз таптарына топтастыруда сөз таптарының жалпы теориясына сүйену өте-мөте қажет. Тіл білімінде ертеден бастап, сөздерді негізгі немесе атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп әр түрлі топтарға бөлу дағдысы бар. Атауыш сөздердің қатарына заттар мен құбылыстардың, сапа-белгінің және іс-әрекеттің атаулары жатады. Олардың әрқайсысында толық мағына бар және сөйлемде өздігінен дербес мүше ретінде қызмет атқара алады. Атауыш сөздердің қатарына зат есім, сын есім, үстеу, етістік және шартты түрде сан есімдер мен есімдіктер жатқызылып жүр. Көмекші сөздерде атауыш сөздердегідей дербестік жоқ. Лексикалық мағынаның әлсіреп күңгірттенуі және ондай мағынаның грамматикалық мағынамен ұласып кетуі, сөйлемде дербес мүше бола алмауы көмекші сөздерді сипаттайтын және оларды атауыш сөздерден ажырататын белгілер болып саналады. Көмекші сөздердің қатарына әр түрлі тілдердегі артикльдер, предлогтар, жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер енеді.
Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әр түрлі көзқарастар мен байымдаулар бар. Олардың бірі бойынша, сөз таптары сөздердің лексика-грамматикалық категориялары болып саналса, екіншілері бойынша, сөз таптары сөздердің формальды-грамматикалық категориялары, үшіншілері бойынша, сөздердің таза грамматикалық топтары болып саналады.
Сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық категориялары деп қарайтындар сөздер өзіне тән белгілері, атап айтқанда, семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері бойынша топталып, тиісінше белгілі бір сөз табына телінеді деп есептейді.
Ф.Ф.Фортунатов және оның мектебі сөз таптарын формальды-грамматикалық (дәлірек айтқанда, морфологиялық) категория деп қарады. Ф. Фортунатоов сөздерді «түрленетін» және «түрленбейтін» сөздер деп топтастырады да, «түрленетін» сөздерді «жіктелетін» (етістіктер), «септелетін» (зат есімдер) сөздер септелетіндердің ішінде тек (род) категориясына орай сөз түрлендіруші формаларға ие болатын сөздер (сын есімдер) деп іштей жіктейді. Ф. Ф. Фортунатов үстеулерді «түрленбейтін», бірақ сөз тудырушы формаларға ие болатын топқа жатқызады . Сөздерді бұлайша тек сыртқы белгілеріне қарай сөз таптарына топтастыру тар шеңбердегі морфологизмге әкеп соқтырды.
Сөз таптарын таза грамматикалық категория деп қарайтын лингвистер де бар. Мысалы, О.П.Суник сөз таптарын классификациялауда тіл білімінде негізге алынып жүрген заттылық, атрибутивтік, іс-әрекет (процесс) тәрізділерді лексикалық мағына емес, жалпы грамматикалық мағына деп есептейді. Оның пікірінше, заттылық - зат есімдерге тән және оны басқа сөз таптарынан (сын есім, сан есім, етістік және үстеулерден) ажырататын жалпы грамматикалық мағына. О.П.Суник сөз таптарының әркайсына тән жеке грамматикалық категориялар мен мағыналарды, грамматикалық формаларды сөз таптарын ажырататын белгілер ретінде емес, сөз таптарының әрқайсысының өзіне тән жалпы грамматикалық мағынасынан туатын, соған бағынышты құбылыстар деп қарайды.
Сөз - әр жақты және өте-мөте күрделі құбылыс. Ең алдымен, сөз - дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын лексикалық единица. Бұл ретте ол тіл білімінің лексикология саласында қарастырылады. Мұнымен бірге, сөздің грамматикалық жағы да бар, әрбір сөзде грамматикалық мағына болады. Сөздерден сөз тіркесі және сөйлем құралады. Тілде сөздерден тыс еш нәрсе де жоқ десе болады. Сөзден тыс, сөзге келіп тірелмейтін бірде-бір құбылысты тілден табу қиын. Тіл білімінде сөз лексикалық құбылыс ретінде ғана емес, грамматикалық құрылыс ретінде де қаралады. Сөздердің белгілі бір тобы белгілі сөз табы ретінде қарастырылғанда, ең алдымен, оның білдіретін мағынасы есепке алынады да, зат есімдер тобына тән мағына - заттылық мағына, , сын есімдер тобына тән мағына - атрибутивтік мағына, етістіктер тобына тән мағына - процессуальдық мағына ретінде қаралады. Тіл білімінде сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда грамматикалық белгілер де негізге алынады. Грамматикалық белгілердің өзі екі түрлі: оның бірі - морфологиялық белгі, екіншісі -синтаксистік белгі.
Морфологиялық белгінің қатарына сөз тудыру формалары мен сөз түрлендіру формалары енеді. Сөз тудырушы аффикстер (жұрнақтар) сөз таптарына телініп, соған орай, олардың грамматикалық белгісі ретінде қызмет атақара алады. Мысалы: -шы(-ші), -м (-ым, -ім ) жұрнақтары зат есімдерге (етікші, жұмысшы; өнім, киім, білім, және т. б.), -лы (-лі,-ды, -ді, -ты, ті), -гыш (-гіш, кіш/,жұүрнақтары сын есімдерге (сулы, денелі, ажарлы, пайдалы, тұузды, кеуделі, тасты, жемісті және т. б.), -ла (ле, -да, д е, -та, те), -а (-е) жұрнақтары етістіктерге (тагала, шегеле, тоқтайла, екпелі, арқанда, мекенде, белгіле, және т. б.) тән жұрнақтар ретінде қаралады да, бір сөз табын екінші сөз табынан ажыратуға көмектеседі.
Сөз таптарының синтаксистік белгісі олардың сөйлем мен сөз ,тіркесінің құрамында атқаратын қызметтерімен айқындалады. Ол қызметтің мазмұнына белгілі бір сөз табына телінетін сөздің сөйлемге мүше болу қызметі ғана емес, мұнымен бірге оның сөйлемде немесе сөз тіркесінде басқа сөздермен тіркесу, олармен байланысу ерекшелігі де енеді. Зат есімдер бастауыш қызметін немесе толықтауыш қызметін, ал сын есімдер анықтауыш қызметін атқарады дегеннен аталған сөз таптары сөйлемнің басқа мүшелері бола алмайды деген ұғым, әрине, тумасқа тиіс. Зат есімдер сөйлемде қолданылу ыңғайына қарай баяндауыш қызметін де, анықтауыш немесе пысықтауыш қызметін де атқаратыны сияқты, сын есімдер пысықтауыш қызметінде немесе субстантивтеніп барып бастауыш, толықтауыш, кейде баяндауыш қызметінде де жұмсалуы мүмкін.
Сонымен, сөз таптары бір-бірінен жалпы категорияльды мағынасы, морфологиялық және синтаксистік белгілері арқылы ажыратылады. Бұл белгілердің ара салмағы сөз таптарының барлығында бірдей бола бермеуі мүмкін. Мысалы, ағылшын тілі мен түркі тілдерінде сын есімдер мен үстеулер морфологиялық көрсеткіштерге бай емес. Осылай болғандықтан, аталған тілдерде сын есімдер мен үстеулер басқа сөз таптарынан сөз түрлендіруші формаларға тапшы болуы жағынан және жалпы категорияльды мағына мен синтаксистік қызмет деп аталатын белгілері жағынан ажыратылады.
Наши рекомендации
|