Студенттердің оқу іс-әрекетінің мотивтері
Студенттік кезеңдегі субъектілік дамудың психологиялық негіздері
Негізгі түсініктер:студенттік шақ, психологиялық даму, мотив, оқу мотивациясы, субъект, субъектілік.
Бұрын айтылғандай, оқудың жалпы теориясының негізін қалағандар Я.А. Коменский, И.Г. Песталоцци, А. Дистервег, И. Гербарт, біздің елімізде – К.Д. Ушинский, П.Ф. Каптерев, С.Т. Шацкий, А.П. Нечаев, М.Я. Басов, П.П. Блонский, Л.С. Выготский, Н.К. Крупская, А.С. Макаренко, сонымен қатар ХХ ғасырдың ортасындағы отандық және шетелдік педагогикалық психологияның көрнекті өкілдері Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов, И. Лингарт, Й. Ломпшер оқу іс-әрекетінің психологиялық теориясын қалыптастырып, ол Ресейге ғылыми басымды болған. Оны жетілдірушілер – Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов, А.К. Маркова, П.Я. Гальперин, Н.Ф. Талызина және т.б. (оның психологиялық негізі, іс-әрекет теориясының кең контекстінде Л.С. Выготский, С.Л. Рубинштейн еңбектерінде қаланған, ал нақты мазмұнын А.Н. Леонтьев тұжырымдаған) оқыту теориясында жаңа проблема қойды – іс-әрекет субъектінің өзінің әрекеттер үрдісінде өзгеруі, яғни әрекеттің жалпыланған тәсілдері арқылы оқу міндеттерін орындау барысында танып отырған пәннің объективті қасиеттерін қайта өндіретін әрекеттер процесінде өзгеруі.
Оқу іс-әрекеті теориясы тарапынан қойылған проблемалардың өзектілігі мен дер мезгілдігі тек оқыту шарттарына қатысты осы теория қалыптастырылған мектепке ғана таратылмайды, сонымен бірге жоғары оқу орнындағы оқытуға, студенттердің іс-әрекетіне де таратылады (түрлі себептер бойынша жеткілікті түрде қалыптастырылмаған және зерттелмеген). Оқу іс-әрекеті теориясының жоғары оқу орнындағы оқытуға таралуының өзектілігі мен дер мезгілдігі былайшы анықталады – жоғары мектептерде (біздің елімізде, дүниежүзілік тәжірбиеде де), мұндағы оқытуды да, студенттің оқу іс-әрекетін де қайта ұйымдастыруға мүмкіндік беретін белгілі бір позитивті беталыс қалыптасқан.
«Оқу іс-әрекеті» түсінігі үнемі бір жақты түсінік деп айтуға келмейді. Кең мағынада алғанда ол кейде үйренудің, оқудың және тіпті оқытудың синонимі ретінде жөнсіз қарастырылады. Тар мағынада, Д.Б. Эльконин бойынша – кіші мектеп жасындағы жетекші іс-әрекет түрі. Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов, А.К. Маркова жұмыстарында «оқу іс-әрекеті» түсінігі, субъекттің оқу пәніне деген, С.Л. Рубинштейн бойынша түсіндірлетін, бүкіл оның барысындағы ерекше «жауапкершілік қатынаспен» теңестіріле отырып, іс-әрекеттік мазмұн мен мағынаға толады.
Назар аудара кететін жайт, мұндай түсініктемеде «оқу іс-әрекеті» іс-әрекеттің жетекші түріне қарағанда кеңірек түсініледі, себебі барлық жас кезеңдеріне, соның ішінде студенттік кезеңге де таратылады. Бұл мағынадағы оқу іс-әрекеті – іс-әрекет субъектінің оқу әрекетінің жалпыланған тәсілдерін игеруі және оқытушы тарапынан әдейі қойылған оқу міндетін орындау үрдісіндегі, өзіндік бақылау мен өзіндік бағалауға ауысатын сыртқы бақылау мен бағалау негізіндегі өзіндік дамуы. Д.Б. Эльконин бойынша, «оқыту іс-әрекеті – бұл өз мазмұны жағынан ғылыми түсініктер саласындағы әрекеттің жалпыланған тәсілдерін игеру болатын іс-әрекет, ... мұндай іс-әрекет сәйкес түрткілермен қозғалуы керек. Осындай мотивтер ретінде әрекеттердің жалпыланған тәсілдері бола алады, немесе басқаша айтқанда өзіндік өсу, өзіндік шыңдалу мотивтері. Егерде оқушыларда осындай мотивтерді қалыптастыра алған жағдайда, онда жаңа мазмұнға тола отырып, іс-әрекеттің жалпы түрткілері, яғни мектеп оқушысының қоғамдық мәнді және қоғамдық бағалы іс-әрекетті жүзеге асыру позициясымен байланысты түрткілері қуатталады».
Оқу іс-әрекеті олай болса іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде қарастырыла алады. Ол, іс-әрекеттің субъекті ретінде үйренушінің өзіне бағыттталады – оның әлеуметтік-мәдени тәжірибені қоғамдық пайдалы, танымдық, теоретикалық және практикалық іс-әрекеттің әр түрлері мен формаларында саналы, мақсатты игеруі арқасында тұлға ретінде қалыптасуы, дамуы және шыңдалуы. Үйренуші іс-әрекеті терең жүйелі білімдер игеруіне, әрекеттің жалпыланған тәсілдерін өңдеуге және де оларды түрлі жағдайларда адекватты және шығармалық түрде пайдалануға бағытталған.
Оқу іс-әрекетінің, оны оқудың басқа формаларынан ажырататын үш негізгі сипаттамалары белгіленеді: 1) ол оқу материалын игеруге және оқу міндеттерін орындауға әдейі бағытталған; 2) онда әрекеттердің жалпы тәсілдері мен ғылыми түсініктер игеріледі (мектепке дейін игерілген тұрмыстық түсініктерге қарағанда); 3) әрекеттің жалпы тәсілдері міндеттерді орындаудың алдын алады (И.И. Ильясов) (алдын алушы жалпы тәсілдер, әрекеттер бағдарламасы жоқ кездегі, байқап көру және қателесу әдісі бойынша оқумен салыстырсақ, онда оқу іс-әрекет емес). Бұл үшеуіне оқу іс-әрекетінің екі маңызды сипаттамасын қосайық. Біріншіден, танымдық қанықпайтын қажеттіліктерге жауап бере отырып, 4) оқу іс-әрекеті субъекттің өзін өзгеріске түсіреді, бұл оның, Д.Б. Эльконин анықтауы бойынша, негізгі сипаттамасы болып табылады. Екіншіден, оқу құрылымы мен үрдісінің чехиялық теоретигі Й. Лингарт оқудың белсенді формасы ретінде оқу іс-әрекетінің тағы бір ерекшелігін қарастырады, дәлірек айтсақ, 5) үйренушінің психикалық қасиеттері мен мінез-құлқының «оның өз әрекеттерінің нәтижелеріне байланысты» өзгеруі. Осылайша, оқумен теңестіре отырып оқу іс-әрекетінің бес сипаттамасы жайлы айтуға болады.
Оқу іс-әрекетінің, үйренушілердің әрекеттің жалпыланған тәсілдерін игеруі, олардың мұғалімнің оқу әрекеттері арқылы әдейі қойған оқу міндеттерін орындау арқасында өзіндік дамуы іс-әрекеті ретіндегі анықтамасын негізге ала отырып, оның іс-әрекеттік сипаттамаларын қарастырайық. Ең алдымен Д.Б. Элькониннің ізімен оның қоғамдық сипатын атап өтейік: мазмұны бойынша, себебі ол адамзат жинақтаған мәдениет пен ғылымның барлық байлықтарын игеруге бағытталған; мағынасы бойынша, себебі ол қоғамдық мәнді және қоғамдық бағалаушы; формасы бойынша, өйткені ол оқытудың қоғамдық өндірілген нормаларына сәйкес және де арнайы қоғамдық мекемелерде өтеді, мысалы мектептерде, гимназияларда, колледждерде, институттарда. Кез-келген іс-әрекеттер сияқты оқу іс-әрекеті саналы түсінілгендігімен сипатталады және оның белгілі бір құрылымы мен мазмұны бар.
Оқу іс-әрекетінің пәндік мазмұнын талдау, кез-келген басқа іс-әрекет сияқты, оның пәнін анықтаудан, яғни іс-әрекеттің неге бағытталғанын анықтаудан басталады: бұл жерде – білімдерді игеруге, әрекеттердің жалпыланған тәсілдерін игеруге, әрекет тәсілдері мен амалдарын, оның бағдарламаларын, алгоритмдерін өңдеуге бағытталған, осы үрдіс барысында үйренушілердің өзі де дамиды. Оның мазмұны, пәні осы болып табылады.
Д.Б. Эльконин бойынша, оқу іс-әрекеті игеруге тепе-тең емес – ол оның негізгі мазмұны болып табылады және игеруді қамтитын оның даму деңгейі мен құрылымы арқылы анықталады. Сонымен бірге, оқу іс-әрекеті субъектінің өзінің өзгеруіне бағытталғандықтан, (ол оқу іс-әрекеті жетекші болып табылатын кіші мектеп жасында елеулі мөлшерде, тіпті іс жүзінде кез-келген жаста көрінеді) игеру субъекттілік өзгерісті интеллектуалдық, тұлғалық тұрғыда жанамаланады, бұл да оқу іс-әрекетінің пәніне жатады.
Оқу іс-әрекетінің жүзеге асуына көмектесетін құралдарды үш тұрғыдан қарастырған жөн. Біріншіден, бұл оқу іс-әрекетінің танымдық және зерттеушілік қызметтерінің негізінде жатқан интеллектуалдық (С.Л. Рубинштейн терминдерінде – ойлау операциялары) әрекеттер: талдау, синтез, жалпылау, жіктеу және т.б. Екіншіден, бұл белгілік, тілдік, вербалдық құралдар, осылардың формасында білім игеріледі, рефлексияланады және даралық тәжірибе өндіріледі. Үшіншіден, бұл негізгі білімдер, оларға жаңа білімдер қосылуы арқылы оқушының даралық тәжірибесі, тезаурусы құрылымданады.
Осы үш құралдардың бірігуі жайлы С.Л. Рубинштейннің жалпы оқу теориясында неғұрлым толығырақ айтылған. Бұл теория бойынша «проблеманы шешу немесе шешуге тырысу әдетте бұрыннан бар білімдерден қандай да бір жағдайларды, шешу әдістері немесе құралдары ретінде алуды ұйғарады».
Осыған сәйкес, мектептегі оқу үрдісінде, әсіресе кіші мектеп жасында оқу іс-әрекетке араласу бір мезгілде оның құралдарымен де жұмыс істеуді ұйғарады.
Оқу іс-әрекетінің тәсілдері қайта жаңғыртушы, проблемалық-шығармашылық, зерттеушілік-танымдық әрекеттерді қосатын көпқыр-лы болуы мүмкін (В.В. Давыдов, В.В. Рубцов). Оқу іс-әрекетінің тәсілдері – бұл қалай оқу керек, қандай тәсілдермен білім алу керек деген сұрақтарға жауап. Тәсілдердің неғұрлым толық және кең түрдегі сипаттауы ақыл-ой әрекеттерінің сатылап қалыптасуы теориясында берілген (П.Я. Гальперин, Н.Ф. Талызина). Мұнда бағдарлану принципі, сыртқы, заттық әрекеттен ішкі, ақыл-ой әрекетіне көшу және осы көшудің оқушының өзі қалай жасағанына қатысты сатылылығы оқу іс-әрекетінің тәсілдерін толықтай ашып көрсетеді.
Оқу іс-әрекетінің өнімі ғылым мен практиканың түрлі салаларында қолдануды қажет ететін тапсырмаларды шеше алу іскерлігінің негізінде жатқан құрылымданған және талданған білім болып табылады. Сонымен қатар, мотивациялық, құндылық және мағыналық жақтардағы психика мен іс-әрекеттің ішкі жаңа құрылымы да өнім болып табылады. Оқу іс-әрекетінің өнімі даралық тәжірибеге негізгі, органикалық бөлік болып енеді. Оның құрылымдық ұйымдасуынан, жүйелілігінен, тереңдігінен, беріктігінен адамның ары қарайғы іс-әрекеті, соның ішінде кәсіби іс-әрекетінің, қарым-қатынасының табыстылығы көп жағынан тәуелді.
Оқу іс-әрекетінің нәтижесі субъектінің мінез-құлқы болып табылады – бұл не оның осы іс-әрекетті жалғастыруға деген қажеттілігі (қызығу, кірісу, жағымды эмоциялар) немесе ниетінің болмауы, қашқақтау, бас тарту. Екіншісі дүние жүзі бойынша мектепке деген теріс қатынастан, сабаққа келмеуден, мектептен кетуден көрінеді.
Оқу іс-әрекеті келесі компоненттерден тұратын сыртқы құрылымға ие, мотивация; кейбір жағдайларда тапсырмалардың түрлі формаларындағы оқу міндеттері; оқу әрекеттері; өзін-өзі бақылауға ауысатын бақылау; өзін-өзі бағалауға ауысатын бағалау. Осы іс-әрекеттің әр компонентінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Сонымен бірге, табиғаты бойынша интеллектуалдық іс-әрекет бола отырып, оқу іс-әрекеті кез-келген интеллектуалдық акт сипатталатын құрылыспен сипатталады, дәлірек айтқанда: мотив, жоспардың болуы (пиғыл, бағдарлама), орындау (жүзеге асыру) және бақылау (К. Прибрам, Ю. Галантер, Дж. Миллер, А.А. Леонтьев).
Оқу іс-әрекетінің құрылымдық ұйымдасуын Д.Б. Эльконин – В.В. Давыдов теорияларының жалпы контекстінде сипаттай отырып И.И. Ильясов былай деп көрсетеді «...оқу ситуациялары мен міндеттерінің сипатталынатыны, мұнда оқушы әрекеттің жалпы тәсілін игеруге тапсырма мен оны игеру мақсатын алады, және де белгілі бір кластағы міндеттерді шешудің жалпы тәсілдерін табу үшін үлгілер мен нұсқау алады. Оқу әрекеттері - бұл оқушылардың ғылыми түсініктер мен әрекеттердің жалпы тәсілдерін алуы мен табуы, және де оларды өндіру мен нақты міндеттерді шешуде қолдану әрекеттері. Бақылау әрекеттері өзінің оқу әрекеттерінің нәтижелерін берілген үлгілермен жалпылауға бағытталған. Бағалау әрекеттері берілген ғылыми білімдер мен міндеттерді шешудің жалпы тәсілдерін игерудің соңғы сапасын белгілейді».
Мотивация отандық және шет елдік психологиясындағы іргелі проблемалардың бірі болып табылады. Қазіргі күнгі психологиядағы зерттеме үшін оның маңыздылығы адамның белсенділігінің көзін, оның іс-әрекетін, мінез-құлқын қозғаушы күшін талдаумен байланысты. Адамды іс-әрекетке не итермелейді, оның түрткісі қандай, ол оны не үшін жүзеге асырады деген сұрақтарға жауап оның сәйкес түсіндірмесінің негізі болып табылады. «Адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасаған кезде ең алдымен, оларды осындай байланысқа итермелеген, түрткілер жайлы және де олар алдына азды көпті мөлшерде саналы түрде қойған мақсаттары жайлы сұрақ туындайды». Ең жалпы түрде түрткі – бұл адамды осы түрткімен анықталатын іс-әрекетке енген қандайда бір әрекетке итермелеуші, ынталандырушы, анықтаушы.
Мотивация проблемасының күрделігі мен көп аспектілігі оның мәнін, табиғатын, құрылымын, түсінуде және де оны әр тұрғыдан зерттеу әдістерінің көп болуымен шартталады (Б.Г. Ананьев, С.Л. Рубинштейн, М. Аргайл, В.Г. Асеев, Дж. Аткинсон, Л.И. Божович, К. Левин, А.Н. Леонтьев, М.Ш. Магомет-Эминов, А. Маслоу, Ж. Нюттен, З. Фрейд, П. Фресс, В.Э. Чудновский, П.М. Якобсон және т.б.). Отандық психологияда мотивациялық аясын зерттеуді анықтаушы негізгі әдіснамалық принцип мотивацияның динамикалық пен мазмұндық-мағыналық жақтарының бірлігі жайлы ереже болып табылады. Осы принципті белсенді жетілдіру адамның қатынастар жүйесі (В.Н. Мясищев), мән мен мағына арақатынасы (А.Н. Леонтьев), түрткілер ықпалдасуы және олардың мәндік контексті (С.Л. Рубинштейн), тұлға бағыттылығы мен мінез-құлық динамикасы (Л.И. Божович, В.Э. Чудновский), іс-әрекеттегі бағдар (П.Я. Гальперин) сияқты және т.б. проблемаларды зерттеумен байланысты.
Отандық психологияда мотивация адамның өмірлік іс-әрекетінің - оның мінез-құлқының күрделі, көп деңгейлі реттеушісі ретінде қарастырылады. Осы реттеудің жоғарғы деңгейі саналы-еріктік деңгей болып табылады. В.Г. Алексеев көрсеткендей, адамның мотивациялық жүйесі берілген мотивациялық тұрақтылардың қарапайым қатарына қарағанда неғұрлым күрделі құрылымға ие. Ол тек кең аямен сипатталады, оған автоматты түрде жүзеге асырылатын ұстанымдар да, ағымды өзекті ұмтылыстар да, идеалды аясы да жатады. Соңғысы дәл қазір өзекті болмағанымен де, бірақ оның түрткілерінің ары қарай дамуының мәндік болашағын беретін адам үшін маңызды функцияны атқарады. Мұның барлығы, бір жағынан, мотивацияны қажеттіліктердің күрделі, көпдеңгейлі біркелкі емес жүйесі және қажеттіліктерді, түрткілерді, қызығушылықтарды, мұраттарды, ұмтылыстарды, ұстаным-дарды, эмоцияларды, нормаларды, құндылықтарды және т.б. қамтитын жүйе ретінде анықтауға, ал келесі жағынан – адамның іс-әрекетінің, мінез-құлқының көпмотивтендірілуі жайлы және олардың құрылымын-дағы үстемдеуші түрткі жайлы айтуға мүмкіндік береді.
Мотивация тек оқу іс-әрекетінің құрылымдық ұйымдасуының негізгі компоненттерінің бірі ғана емес (Э.Торндайктың «әзірлік заңын», П.Я. Гальпериннің мотивацияны ақыл-ой әрекеттерінің сатылап дамуының алғашқы міндетті сатысы ретінде қарастыруын еске түсірейік), сонымен қоса осы іс-әрекет субъектінің өзінің маңызды сипаттамасы болып табылады. Мотивация оқу іс-әрекетінің құрылымына бірінші міндетті компонент ретінде енеді. Ол іс-әрекетке қатысты ішкі немесе сыртқы болуы мүмкін, бірақ осы іс-әрекет субъекті ретіндегі тұлғаның әрқашанда ішкі сипаттамасы болады. Дәл осы мотивацияның оқу іс-әрекетіндегі бірінші дәрежелік маңызды-лығымен оның келесі тарауда арнайы жете қарастырылуы түсіндіріледі.
Ақпарат көздеріне сілтеме. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі арнайы бетте болады.