Психологиялық менеджменттің негізгі әдістері

Психологиялық менеджмент ғылым ретінде негізгісі бақылау мен эксперимент болып табылатын әрқилы психологиялық әдістерге сүйенеді.

Өзінің сипаты мен мәні бойынша бақылау – ақиқатты бейнелеудің күрделі обьективті психологиялық үрдісі. Оның күрделілігі бір жағынан ұйымның қызмет етуінде зерттеушінің бақылаушы ретіндегі рөлі бақыланушыларға нақты ықпал ететін табиғи жағдайында жүргізілуімен, екінші бір жағынан ақпараттың іріктелуі мен жалпылануымен міндеттеледі. Сонымен бірге, көп жағдайда зерттеуші енжер рөлде болады, өйткені ол адамдардың үрдістерге, деректерге және құбылыстарға деген көзқарастарын немесе қатынасын тіркеп қана отырады.

Ақпаратты жинау әдісі ретінде бақылау әрқилы жағдайларда қолданылады. Біріншіден, жоспарланған зерттеудің бағытын нақтылау үшін алдын ала мәлімет жинауда. Осындай мақсатпен қолданылатын бақылау зерттелінетін құбылысқа деген көріністің ауқымын кеңейтеді, маңызды жағдайлардың ерекшеленуіне, «әрекет етуші» адамдардың анықталуына ықпал етеді. Екіншіден, бақылау психологиялық ақпаратты алудың басқа амалдары болмаған жағдайларда қолданылады.

Бақылауда бейнеленуі тиіс маңызды элементтердің ықтималды тізімі бар:

а) бақыланушылар – жағдайларға қатысатын адамдардың саны, топтың әлеуметтік-демографиялық құрылымы, ондағы өзара қатынастардың сипаты, жағдайға қатысушылардың арасында рөлдердің үлестірілуі;

ә) жағдай – бақыланған жағдайдың орналасқан жері және заттардан құралған ортаның іс-әрекетке деген ықпалы;

б) топ іс-әрекетінің мақсаты – бақыланған жағдайдың кездесоқтығы немесе заңдылығы, топтың жиналуына ықпал еткен нақты ресми немесе биресми мақсаттардың бар жоқтығы, жағдайға қатысушылардың әртүрлі мақсаттарының үйлесімдігі немесе қарама-қайшылығы;

в) әлеуметтік мінез-құлық – бақыланған топ іс-әрекетінің сипаты, іс-әрекет стимулдары, іс-әрекеттің кімге (неге) бағытталғандығы, топтағы психологиялық ахуал, сол орынға тән әлеуметтік мінез-құлық, бақыланған топ мүшелерінің мінез-құлықтарындағы ықтималды ауытқулар;

г) бақылау жиілігі мен ұзақтығы –жағдайды бақылау уақыты, ұзақтығы және қайталанушылығы, оның бірегейлігі.

Бақылаушының орнына және бақылаудың ұйымдастырылуына қарай, сондай-ақ басқа да факторлар бойынша ол бірнеше түрге бөлінеді:

1. Құрылымына қарай құрылымы бар және құрылымы жоқ бақылау болады.

2. Бақылушының зерттелінген жағдайға қатысу дәрежесіне қарай енген және енбеген бақылауды өз етуге болады.

3. Бақылауды жүргізу орнына және ұйымдастыру жағдайларына байланысты оны далалық және лабораториялық деп екіге бөледі.

4. Бақылауды жүргізу ретіне қарай жүйелі және жүйесі жоқ деп екіге бөледі.

Жалпы, басшы жүргізген бақылау құрылымы жоқ енген, далалық және жүйесі жоқ бақылау болып табылады.

Құрылымы жоқ бақылауды жүргізуде бақылаушы әрекеттерінің егжей-тегжейлі жоспары болмайды, жағдайдың ең жалпыланған бітістері, бақыланған топтың мөлшерлеп алынған құрамы ғана анықталады. Егер басшының зерттелінген жағдайдың маңызды элементтерін анықтау, сондау-ақ бақылаудың нәтижелерін тіркеудің егжей-тегжейлі жоспары мен нұсқауын құру мүмкіндігі болса, оның өзі қоластындағы қызметкерлердің біреуіне жүктей алатын құрылымды бақылауды жүргізуге болады. Бақылаудың осы типіне стандарттаудың жоғары дәрежесі тән, нәтижелерін тіркеуге арнайы бланкілер қолданылады, әртүрлі бақылаушылармен алынған мәліметтердің белгілі жақындығы анықталады.

Экспериментақпаратты жинаудың ерекше әрі қиын меңгерілетін әдістерінің бірі болып табылады. Эксперименттің жүзеге асырылуы басқа әдістердің көмегімен алынбайтын мүлдем айрықша ақпаратқа қол жеткізге мүмкіндік береді. Мәселен, өндірістегі өнімділікті арттыру мақсатында моральды және материалды ынталандырудың жаңа формаларын қолдану шешімі қабылданды. Алайда, бұндай әрекеттің қалаулы нәтижеге әкелетіндігі немесе керісінше жағымсыз салдарды тудыратыны, жақсы атқарылған еңбекті көтермелеудің алдында енгізілген және үйреншікті түрлерінің тиімділігін төмендететіні де белгісіз. Осы тұста басшыға мүмкіндіктері бойынша нақты жағдайды жасанды жасауға және құнды ақпаратты «беруге» қабілетті эксперимент көмекке келеді. Оны жүргізудің негізгі мақсаты – тікелей тәжірибеге, әрқилы басқару шешімдеріне әкелетін жорамалдарды, нәтижелерді тексеруде.

Наши рекомендации