Нормативтік-құқықтық актілердің заңдылығына орай дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу.
Негізгі ұғымдар: ерекше талап қою.
1. Ерекше талап қоюмен іс жүргізу мынандай түрде жүзеге асады, яғни сайлауға, референдумдарға қатысушы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы аоыздар бойынша іс жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу, мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы іс бойынша іс жүргізу, нормативтік-құқықтық актілердің заңдылығына орай даулар туралы істер бойынша іс жүргізу, прокурордың органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгінуі арқылы. Ерекше талап қоюмен жүргізілетін істерді қарау және шешу кезінде сот ісін жүргізудің жалпы ережелерінің қолданылуы туралы ҚР-ның Азаматтық іс жүргізу кодексінің 3-бөлімшесінің баптарында айтылған.
2. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, лауазымды адамдардың шешімімен, әрекетімен (немесе әрекеттсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі заңдарда белгіленген соттылыққа жататын іс бойынша арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде түскен арыз оның берілген күнінен бастап бес күн мерзімде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын, дауыс беру күні және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейін түскен арыз дереу қаралуға тиіс. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдеріндегі түзетулер қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы арыз келіп түскен күні қаралуға тиіс. Арызды сот арыз берушінің, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды. Арыз негізді деп танылған сот шешімі бұзылған сайлау құқығын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады. Сот шешімі дереу заңды күшіне енеді және ол апелляциялық шағымдануға жатпайды. Ол тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікте болады.
3. ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 538-бабының 2) және 3) тармақшаларында аталған органдар (лауазымды адамдар) шығарған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі заңды күшіне енбеген қаулыларына әкімшілік жауаптылыққа тартылған, жәбір көрген адамдар және олардың заңды өкілдері мен қорғаушылары сотқа шағымдануы, сондай-ақ прокурор сотқа наразылық келтірүі мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылықтан зардап шеккен адам да сотта әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыға дау айтуға құқылы. Сотқа шағым беру әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұрады. Шағым беру мерзімінің өткізіліп алуы, әкімшілік жаза қолдану мерзімінің, сондай-ақ қаулының орындалу мерзімінің өтуі соттың шағымды қарауға қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімдер мен олардың істі дұрыс шешу үшін маңызын сот шағымының мазмұнына қарамастан тексереді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) қаулысына жоғарыда көрсетілген адамдар қаулының көшірмесі табыс етілген күннен кейін он күн ішінде тікелей сотқа шағым бере алады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және сотқа бір мезгілде түссе, онда шағымды сот қарайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға прокурор қаулының көшірмесін алған күннен бастап он күн ішінде сотқа наразылық келтіруі мүмкін.
Сот шағымды он күн мерзімде қарайды. Сот шағым берген адамға, сондай-ақ іс-әрекетіне шағым жасалып отырған әкімшілік органға немесе лауазымды адамға сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмей қалуы істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды. Істі қараған кезде сот әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының заңдылығы мен негізділігін тексереді, ол заң негізінде жүргізіліп отыр ма және оны соған уәкілетті орган немесе лауазымды адам жүргізіп отыр ма, адамды әкімшілік жауапқа немесе оған жүктелген міндетті орындауға тартудың белгіленген тәртібі сақталды ма, азамат заңдарға бұл үшін тиісті жауаптылық белгіленген әкімшілік құқық бұзушылық жасады ма, ол осы құқық бұзушылық жасауға кінәлі ме дегенді анықтайды. Сот азаматты әкімшілік құқық бұзушылық құрамы немесе оқиғасы болмағаны үшін әкімшілік жауапқа тарту негіссіз деп таныған жағдайда, ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде аталған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын өзге де жағдайларда сот әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі қаулының күшін жою туралы және ол істі қысқарту туралы ұйғарым шығарады.
4. Өздеріне нормативтік құқықтық актінің күші қолданылатын, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңда көзделген тәртіппен қабылданып, жарияланған нормативтік құқықтық актісімен азаматтардың немесе заңды тұлғалардың ҚР-ның Конституциясында, заңдарында және ҚР Президенттінің жарлықтарында кепілдік берілген құқықтары және заңмен қорғалған мүдделері бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға бұл актіні заңға толық немесе жекелеген бөлігінде қайшы келеді деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Сотқа арыз беру нормативтік-құқықтық актінің қолданылуын тоқтатпайды. Арызды негізсіз деп тани келіп, сот оны қанағаттандырудан бас тарту жөнінде шешім шығарады.
Заңға сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актіге және (немесе) жеке қолданылатын құқықтық актіге, сондай-ақ мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның іс-әрекетіне прокурордың наразылығын заңсыз акт шығарған немесе заңсыз іс-әрекет жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамаған жағдайда, прокурор наразылық келтірілген актіні немесе іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы хабарлама алынған кезден бастап он күн мерзімде немесе оны заңда қараудың заңда белгіленген мерзімі өткеннен кейін беріледі. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық келтірілген актінің күшін сот қарағанға дейін тоқтата тұрады. Сот прокурордың арызын он күн мерзімде қарайды. Прокурордың арызы оның қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қаралады. Сот отырысына наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған орган басшысының, лауазымды адамның немесе оның өкілінің келмеуі прокурордың арызын қарауға кедергі бола алмайды, алайда сот бұл адамның келуі міндетті деп тануы мүмкін. Сот прокурор арызының негізді екндігін анықтай отырып, өтінішті қанағаттандыру және нормативтік құқықтық актіні, жеке қолданылатын құқықтық актіні немесе іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы шешім шығарады. Егер сот наразылық келтірілген актіні немесе іс-әрекетті заңға және органның немесе лауазымды тұлғанның өкілеттігіне сәйкес деп таныса, ол арызда қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Дәріс 13.