Дербес деректерді қорғаудың тарихи алғышарттары және халықаралық-құқықтық негіздері

Дербес деректерді қорғау жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының құрамдас бөлігі болып табылады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы мына элементтерден тұрады: адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның келісімінсіз жинау, сақтау, пайдалану және таратуға тыйым салу; өзі туралы ақпаратты бақылау; ар-намысы мен атын қорғау құқығы; дербес деректерді қорғау құқығы; тұрғын үйге қолсұғылмаушылық құқығы; дәрігер құпиясы; бала асырап алу құпиясы; наным-сенім құпиясы және тағы да басқа кәсіптік құпиялар[1]. Ал өз кезегінде жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына жатады. Дербес деректерді қорғаудың тарихи алғышарттарының жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының пайда болуы мен қалыптасуына байланысты болғандықтан, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығының пайда болу тарихына тоқталып өткенді жөн көрдік. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы құрамдас бөлігі болып табылатын қазіргі заманғы құқықтар мен бостандықтар концепциясы ұзақ тарихи дамудан өткені жалпыға белгілі.

Қазіргі заманғы зерттеушілер жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының заңнамалық актілермен тек XX ғ. ортасында бекітілгенін дұрыс атап өтті. Бірақ жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының өзіне қоғамдық қатынастар кешенін біріктіретін көп қырлы және терең ұғым екенін ұмытпаған жөн. Алғашқы жеке өмірдің мемлекетпен, қоғамдық өмірмен байланысы туралы ойлар ежелгі заман философы, ғалымы Аристотельдің еңбектерінде кездеседі. Ол да Платон секілді мемлекетті оны құрайтын элементтерінің бірлігі тұрғысынан қарастырды. Алайда, Аристотельдің пікірінше, Платонмен ұсынылған балалар мен әйелдер қауымында байқалатын шамадан тыс бірігуге ұмтылу мемлекетің құлдырауы мен жойылуына алып келеді. Сонымен Аристотельмен мемлекеттің жеке өмірдің неке-отбасылық қатынастар, балаларды тәрбиелеу ісі, тұрғын үйдің және жеке меншіктің қолсұғылмаушылығы салаларына араласпау қажеттілігін негіздеу жөнінде алғашқы қадамдар жасалды. Аристотель өз еңбектерінде мемлекеттік биліктің әке мен баланың, ер мен әйелдің және бай мен жалшының арасындағы қарым-қатынастарға ықпал ету саласын кезеңімен алып тастап отырды.

Әрине антикалық кезеңде қалыптасқан жеке өмір туралы ойлар қазіргі заман ойларынан көп айырмашылықтары бар. Байырғы заманның мол тәжірибесі жеке өмірге қол сұқпау және оның негізін құрметтеу сияқты құндылықтардың қазіргі замандағы әртүрлі құқықтың жүйелерінде қалыптасуы мен дамуын дұрыс түсінуге өз септігін тигізеді. Сонымен адамның жеке өміріне қолсұғылмаушылық құқығы антикалық кезеңнен қалыптаса бастады. Сол кезеңде адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас түрлері мен негізгі ойлары және мемлекеттің жеке өмірге араласпаудың негізгі көрсеткіштері анықталды.

Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы XVIII ғ. қалыптасқан «дәстүрлі» құқықтар қатарына жатпайды. Мысалы, XVIII ғ. классикалық конституциялар ішіндегі АҚШ конституциясынан жеке өмірдің қолсұғушылықтардан қорғалуын көре алмаймыз, тек конституцияға енгізілген түзетулер мен құқық туралы Билльде жеке өмірдің кейбір жақтарын құқық шеңберінен тыс араласудан қорғау мәселелері көрініс тапқан. Тек осыдан жиырма жыл бұрын АҚШ Жоғарғы соты Конституция нормаларын талдау арқылы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын фундаментальді конституциялық құқық деп мойындады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының пайда болу және даму тарихы – бұл қоғамның құқықтық санасының құқықтық нормалардың мазмұнына әсер етуінің айқын көрінісі болып табылады. Сөз болып отқан жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы туралы теориялық білімдер әртүрлі мемлекеттерде XIX ғ. мен XX ғ. тоғысында қалыптаса бастады. Бірақ сол уақытта бұл құқық конситуциялық құқықтың емес жеке мүліктік емес құқықтар, яғни азаматтық құқықпен қорғалатын объектілер қатарында болды. Бұл алдыңғы қатарлы құқықтанушылардың қоғамда орын алып жатқан өзгерістерге деген реакциясы еді. Мысалы, урбандалу, жеке тұлға атын коммерциялық мақсаттарға пайдалану, жеке өмірді бақылауды жеңілдеткен телеграф, телефон, тез суретке түсіріп алу құралдарының пайда болуы.

Дербес деректер институты құқықтық тұрғыдан алғанда жаңа институт болып табылады. Оның пайда болуы мен дамуы адам мен азаматтың конситуциялық құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде, жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығымен тығыз байланысты. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқықтық категория ретінде АҚШ-та өз бастауын алады. Ағылшын тілінде жеке өмір сүрудің барлық жақтары «privacy» терминімен белгіленеді, бұл терминнің орыс тілінде баламасы жоқ. 1890 жылы алғаш рет атақты америкалық заңгерлер Самюэль Уоррен мен Луис Брандейс «privacy» түсінігінің мәнін анықтауға тырысты. Олар «privacy» түсінігінің мәнін «the right to be alone» - «тыныш қалдыру құқығы» және «өз-өзімен болу» деп анықтады.[2] Олардың Гарвард құқықтық журналында жарық көрген «Құпиялыққа құқық» деген мақаласында құпиялылықтың кәсіптің жаңа түрлері мен кәсіппен айналысудың жаңа тәсілдерінің пайда болуынан қауіпке ұшырап отқанын, сондықтан арнай «құпиялылыққа құқық» құру қажетілігін негіздеп көрсетті. Себебі дамып жатқан өркениетті заманда өмір сүрудің қиындығы мен ауыртпалықтары, тұлғаны қоғамнан оқшаулануға итермелейді. Құпиялылық және өз-өзімен болу тұлға үшін маңызды нәрселердің бірі болып бара жатыр. Бірақ заманауи кәсіпкерлік және жаңа техникалық құралдарды қолдану арқылы тұлғаның жеке өміріне қолсұғушылықтан келген зиян оған физикалық күш көрсету арқылы келтірілген зияннан да ауыр деп атап өтті. Осы екі ғалымның айтқан пайымдауларының объективтілігі мен әділдігіне ғылыми техникалық прогресс біздің көзімізді жеткізіп отыр.

Америкалық соттардың қызметі жеке өмір сүру құқығының қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды. Мысалы, 1965 жылы Griswold vs Connecticut ісінде АҚШ Жоғарғы Сотының судьясы Дуглас АҚШ Конституциясына енгізілген алғашқы бес түзетулерінен жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын атап көрсетіп, осы түзетулердің жеке өміре қолсұғылмаушылықтың түрлі аспектілерін қорғайтынын мойындады. Оның мына бір айтқан сөзі көпшілікке белгілі: «Біздің ісіміз жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығымен болып отыр, ал ол өз кезегінде құқық туралы Билльдан да жоғары тұрады».[3]

АҚШ-та бастауын алған жеке өмірге қолсұғылмаушылық концепциясы қазіргі уақыттағы адамның құқықтары мен босиандықтары жүйесіне үлкен әсерін тигізді. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық халықаралық деңгейде алғаш рет 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында кепілдендірілді, 12-бапта: «Әр адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше араласуынан, озбырлық жасап баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғуынан, ар-намысы мен абырой беделіне нұқсан келтіруінен қорғалуға құқығы бар» делінген.[4]

Кейіннен зерттеліп жатқан құқық 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде халықаралық-құқықтық регламенттеуге ие болды, бұл құжаттың 17-бабында: «1. Әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс. 2. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар» делінген.[5]

Адамның жеке өмірінің кез келген қол сұғудан қорғалуы туралы құқығы халықаралық соттардың шешімінде, соның ішінде, адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың прецеденттерінен көрініс тапқан. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың көзқарасы бойынша «жеке өмір» түсінігі құрамына мыналар кіреді:

- адамның аты;

-адамның суреті(бейнесі);

-адамның беделі;

-тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығы;

-хат-хабар алмасу құпиясы;

-кәсіптік және іскерлік сипаттағы қызметі, сондай-ақ кәсіптік қызметпен айналысуға шектеулер;

-қауіпсіздік қызметімен немесе мемлекеттік органдармен құрастырылатын құжаттама;

-дербес деректерді жинау және өңдеу.[6]

Осыған байланысты аталмыш халықаралық құжатқа қол қойған мүше-мемлекеттер Пактпен расталатын адам құқықтарын нәсіл, жыныс, тіл, дін, саяси және өзге де пікірлер, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі, сонымен қатар, мүліктік жағдай сипаттары бойынша кемсітушіліктерге жол бермей, өз шекараларының шегінде сыйлап, қамтамасыз етуге міндетті.

Жоғарыда аталған халықаралық –құқықтық құжаттардың қабылдануы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқықғы, соның ішінде, дербес деректерді қорғау туралы Еуропа мемлекеттерінде ұлттық заңнамалары қалыптаса бастады. 1977 жылы Германияда «Дербес деректерді қорғау туралы» Конституциялық акт қабылданды, Ұлыбританияда 1998 жылдың шілдесінен бастап «Ақпаратты қорғау туралы» заң жұмыс істейді, Швецияда 1973 жылы қабылданған «Ақпаратты қорғау туралы» заңы, Венгрияда 1992 жылы қабылданған «Дербес деректер туралы және қоғамдық мүддені құрайтын деректерді жариялау туралы» заңы, Испанияда 1999 жылы «Дербес деректерді қорғау туралы» заңы қабылданды.[7]

Бұрынырақ ұқсас қағидаттар 1950 жылғы Адам құқықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропа конвенциясы секілді халықаралық-құқықтық құжатта декларацияланды, аталмыш құжаттың 8-бабында «әркім өзінің жеке және отбасылық өмірін, өзінің тұрғын-үйі мен корреспонденциясын сыйлауға қатысты құқыққа ие» делінген.

Осылайша, Еуропа Кеңесі конвенциялық органдарының шешімдеріне сәйкес мемлекет жеке және отбасылық өмірге араласпаудан бөлек, мақсаты –аталмыш құқықты заңнамалық қорғау, оны кедергісіз жүзеге асыруға қатысты жағдайларды тудыратын құқықтық кепілдемелерді бекіту, жеке өмірге заңсыз араласып, аталмыш құқықты бұзған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға жауапкершілік тағайындау туралы оң әрекеттерді жасауға міндетті.

Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот Адам құқықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияның 8-бабының мақсаты «адамды мемлекеттік органдардың негізсіз араласуынан қорғайды. Оның мемлекетті мұндай араласудан алшақ болуға міндеттеп қана қоймай, жеке және отбасылық өмірді шынайы сыйлау оң міндеттемелерден де тұра алатындығын айқындауында. Олардың адамдардың өз араларындағы қарым-қатынастарына да байланысты жеке өмірді сыйлауды қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың қабылдануын алдын ала қарастыра алатындығында».

Жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа қатысты құқық бұдан айқынырақ 1969 жылғы Адам құқықтары жөніндегі Американдық конвенцияда бекітілген, оның 11-бабында: «Әркім өз намысын сыйлатуға және өз абыройын мойындатуға құқылы. Ешкім өзінің жеке өміріне, отбасының өміріне жосықсыз және қорлаушы араласудың, тұрғын-жайына қол сұғылмаушылықтың бұзылуының немесе оның намысы мен абыройына заңсыз шабуылдаудың нысаны бола алмайды».

Осылайша, В.П. Жеребкиннің пікірі бойынша, Американдық конвенция құжатқа қол қойған мемлекеттердің азаматтарына өз құқықтары мен заңдық қызығушылықтарын тиімді қорғай алады. Осылайша, Конвенцияның 33-бабына сәйкес, егер азамат оның құқығы бұзылды деп есептесе, Адам құқықтары жөніндегі Америка аралық сотқа шағымдана алады. Сот арызды қарастырады, оны негізделген деп таныған жағдайда, жәбірленген тараптың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қайта қалпына келтіру жайында қаулы шығарады. Дәл осы жерде жәбірленуші тарапқа өтемақы төлем беру жайында қаулы шығарылуы мүмкін».

Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы Еуропа конвенциясында бекітілген қағидалары Еуропа Кеңесінің «Жеке тұлғалардың дербес деректерін автоматты түрде өңдеу кезінде қорғау құқығы туралы» 28 қаңтар 1981 жылы қабылданған Страсбург конвенциясының (108 Конвенция) арнайы нормаларында өз дамуын алды. Бұл Конвенцияда жеке тұлғалардың дербес деректерін автоматты түрде өңдеу кезінде, мемлекеттер арасында дербес деректерді трансшекаралық берген кезде жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты мақсат болып табылатыны туралы айтылған.[8]

Қарастырылып жатқан құқық 1994 жылғы Адам құқықтарының Араб хартиясында да бекітілген, оның 17-бабында: «Жеке өмірге қол сұғуға болмайды, қол сұғылмаушылықтың бұзылуы қылмыстық іс деп танылады. Жеке өмір өзіне отбасылық өмірге араласпау, тұрғын үйге қол сұқпау, хат алмасуы мен жеке байланыс орнатудың өзге де түрлерінің құпиялылығын қамтиды».

Осылайша, Адам құқықтары және негізгі бостандықтары жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Конвенциясында 1995 жылы Адам құқықтары және негізгі бостандықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияның негізгі идеясы қабылданды. Жекелей алғанда, ТМД Конвенциясының 9-бабы: «Әрбір адам өзінің жеке және отбасылық өмірін сыйлатуға, өзінің тұрғын-жайына қол сұғылмаушылық пен хат алмасудың құпиялылығына құқылы» деп бекітеді.[9] Халықаралық құжаттардан алынған жоғарыдағы үзінділерден дербес деректерді ғана емес, бәрінен бұрын жеке өмірге қол сұғылмауын қорғау туралы сөз болып отырғаны көрінеді.

Кешірек қабылданған халықаралық және еуропалық құжаттарда «дербес деректер» термині барынша жиі қолданылады, дербес деректер деп, жеке тұлғаға қатысты сәйкестендіретін немесе сәйкестендіре алатын кез келген ақпаратты түсінуге болады.[10] Алайда, одан әрі мәтін бойынша дербес деректер туралы ғана сөз болып отырмағанын, жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғау туралы және жинақтау тыйым салынған немесе барынша шектелген ерекше санаттағы мәліметтер туралы болып отырғаны айқындала түседі. Мұндай деректерге мыналар жатады:

-нәсілдік немесе этникалық шығу тегі;

-саяси көзқарасы;

-діни нанымы;

-философиялық көзқарасы;

-денсаулығы немесе сексуалдық ұстанымы;

-соттылығы.

Жалпы қағида мұндай дербес деректерді өңдеуге тыйым салынатынын алдыға тартады, алайда мыналар бұл қағидаларға кірмейді:

-мұндай деректерді өңдеуге адамның шынайы келісімі болса;

-мұндай деректердің қолжетімділігін адамның өзі жасаса;

-медициналық диагноз қою, емдеу, медициналық қызмет көрсету мақсатында талап етілетін өңдеу;

-мемлекеттік органдардың еңбек туралы заңнама саласындағы бақылау функцияларына қажетті өңдеу.[11]

Қорытындылай келе, жеке өмірді қорғаудың халықаралық-құқықтық регламенттелуі әлемнің көптеген мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына тікелей ықпал етті. Нәтижесінде жеке өмірге қол сұқпаушылыққа қатысты құқық, өзге де адам құқықтары секілді, адам құқықтары және бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарт бола отырып, тек қана халықаралық-құқықтық емес, сонымен қатар ішкі мемлекеттік реттеудің нысаны болып табылады. Түрлі мемлекеттердің ішкі мемлекеттік заңнамаларындағы адам құқықтары және бостандықтары жөніндегі нормалар бірінші кезекте конституциялық деңгейде бекітілді.

Наши рекомендации