Азаматтық істердің мамандандырылған соттарда соттауға жатқызылуы
Соттар қызметін құқықтық реттеу тарихы сот құрылымдарының нақты иерархиясы, олардың юрисдикциясының аумақтық анықтылығы болғанда, сонымен қатар соттардың өкілеттігі шектері мамандандыру аясымен нақтыланғанда ғана сот әділдігі тиімді жүзеге асырылатындығын көрсетіп отыр.
Кеңестік кезеңде азаматтық және қылмыстық юрисдикция жүйесінде бірінші сатыдағы азаматтық істердің басым бөлігін қарастыратын аудандық және қалалық халық соттары21 болған еді. Сонымен қатар мемлекеттік арбитраждар бар болатын, олар бірыңғай сот жүйесіне кірмейтін, бірақ мемлекеттік арбитрлер іс жүзінде судья қызметтерін жүзеге асыратын22.
Қазақ ССР-нің кейбір аймақтары мен өзге одақтас республикалардағы режимдік (құпия) объектілері бар қалаларда «арнайы соттар» – облыстық деңгейдегі соттардың тұрақты сессиялары қызмет ететін. Олар мемлекеттік құпия материалдары бар істерді қарастыратын. 1994 жылы ондай соттар таратылып, олардың қызметтері аудандық (қалалық) деңгейдегі соттарға берілді.
Соттардың мамандануына қатысты проблемалық мәселелер 90-шы жылдардың соңына қарай көкейтесті мәселеге айналды. Нарықтық айналым белсенділігінің артуына байланысты елімізде нарықтық бағыттағы бірқатар маңызды жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Соттардағы істер саны артып, азаматтық істердің уақтылы және сапалы қарастырылуына байланысты көп қиындықтар туындады. Даулардың мазмұны күрделі бола бастады, сондай-ақ қажетті нормативтік база мен сот тәжірибесін талдауға бұрынғыға қарағанда барынша көп уақыт қажет болды. Осындай жағдайда соттардың мамандандырылу қажеттілігі (әсіресе төменгі саты соттары үшін) нақты айқындалды.
90-шы жылдардың соңына қарай туындаған жағдайды Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің қолданысқа енгізіліп қоюы, жеке құрылым ретінде шаруашылық соттарының қолданыстан шығып қалу жағдайлары одан әрі күрделендіріп жіберді. Осыған дейін таратылып кеткен соттарда қаралған істердің басым бөлігі аудандық соттардың қарауына берілді. Осының бәрі сот төрелігінің сапасына кері әсерін тигізіп, аудандық (қалалық) деңгейдегі соттардың жүктемесі артып кетті.
Басқа бағыттар бойынша да мамандандыруды енгізу қажет болды, әсіресе шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы даулар бойынша азаматтық істерді қарастыруда жеке құрылымға бөлуге басымдық берілді.
Алғашында аталған субъектілер арасындағы дауларды қарастыру үшін Алматы және Қарағанды қалаларында эксперименталды соттар құрылды23. Бұл соттардың ерекшелігі сонда, олар ауданаралық сот ретінде құрылғандықтан, аудандық буындағы соттар орналасқан барлық әкімшілік-аумақтық бірліктерде оларды құру қажеттілігі болмады.
ҚР АІЖК 30-шы бабының 1 бөлігіне сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар тараптары заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүліктік және мүліктік емес даулар жөніндегі, сондай-ақ корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық істерді қарайды.
Іс жүргізу заңымен әкімшілік юрисдикциядағы соттардағы істердің соттылығы кейінірек мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген соттар қалыптасқан соң реттеле бастады. Қазіргі кезде ол ҚР АІЖК 30-шы бабының 1-ші бөлігінде бекітілген; мамандандырылған аудандық және соларға теңестірілген әкімшілік соттар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дауласу туралы істерді қарайды.
Кодекстің 30 бабының 1-2 бөлігімен әскери соттардың азаматтық істерді қарау мүмкіндігі қарастырылған. Әскери соттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың әскери басқарудың лауазымды адамдары мен органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануы туралы азаматтық істерді қарайды. Әскери соттар, егер тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, басқа да азаматтық істерді қарауға құқылы.
Республика соттарының жүйесінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қызмет етеді. Олар баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы даулар; ата-ана құқықтарын айыру (шектеу) және оларды қалпына келтіру туралы; бала асырап алу туралы; кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы; Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарға қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар жөніндегі азаматтық істерді қарайды.
Егер әкімшілік-аумақтық бірлікте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылмаған болса, онда оның соттауына жататын істерді аудандық сот қарастыра алады.
Арнайы субъектілер арасында туындаған даулар бойынша істерді шешу үшін мамандандырылған қаржылық сот құрылған. Мамандандырылған қаржылық сот Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы лауазымды адамдарының және органдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы қатысушыларының шағымдануы туралы азаматтық істерді, егер тараптардың бірі Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушысы болса және басқа да азаматтық істерді қарайды.
21Қалалық халық соттары (1990 жылдардың басына дейін осылай аталған) аудандық бөлінісі болмаған облыс орталықтарында қызмет еткен. Бұл соттарда қылмыстық және азаматтық істер қарастырылатын, ал соттың өз ішінде судьялардың нақты мамандандырылған бөлінісі болмаған. Көпшілік жағдайларда сот төрағалары барынша тиімді сот құрамын өздері қалыптастыратын, себебі ол азаматтық және қылмыстық істерді қарауға маманданған судьялардың жүктемесін реттеу үшін қажет еді.
22Кейіннен таратылған арбитраждардың қызметі Қазақ ССР-нің Азаматтық іс жүргізу кодексімен реттелмейтін, ал олар қарастыратын шаруашылық дауларды шешу процедурасы жалпы юрисдикциялық соттарда іс жүргізу тәртібінен ерекше болатын.
23«Алматы және Қарағанды қалаларында ауданаралық мамандандырылған соттар құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығы // САПП РК. № 1-2. – Ст.1.