Халел досмҰхамедов пен жаҺанша досмҰхамедовтіҢ тергеудегі беттесуі. 1931-жылдыҢ 15-ҚыркҮйегі
Х. Досмұхамедовке сұрақ: 1921-22 жылдардағы Ташкентте құрылған сіздердің астыртын ұйымдарыңызға Жаһанша Досмұхамедовтің мүше болғандығын растай аласыз ба және ол бұл ұйымда қандай міндет атқарды?
Жауап: Ешкімде қолхат жазып шақырған жоқ. Ол шешімді Мұхамеджан қабылдады. Оған – Тынышбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов қатысты. Олар Түркістандағы және Қазақ өлкесіндегі жағдайларды талқылады, соның ішінде Әнуар пашаның осында келуі мен Бұқарадағы оқиғалар сөз болды. Крондштаттағы көтерліс туралы да хабарланды. Сонымен қатар Орынбордағы Байтұрсынов басқарған ұйым мәселесінен хабарсыз екендігіміз айтылды. Содан кейін күнделікті тіршіліктің ауыртпашылығына тоқталып, Түркістанда ұйым құру туралы ұсыныс жасалды. Өзара сұрақтар қойып, пікір алыстық. Дінше Әділев: «Ұлттар туралы Үндеудің» (1917 жылғы ма, жоқ 1919 жылғы ма? – Т.Ж.) шартын пайдаланып Тәуелсіз Түркістан Халық Республикасын жариялау – туралы ұсыныс айтты. «Кеңес соттары жергілікті тұрғындарды барлық жерде қысып жатыр. Сондықтан да жиналыс ашып, еркін-саяси партия құру қажет. Қалалық кеңес үкіметіне өзінің саясатын өзгертуге ықпал жасау керек»,– деді.
Отырыста біз осы мәселелерді талқыладық. Еркін саяси мүмкіндік беретін үйірме құрудың мүмкіндігі туралы алып-қашпа сөздер қалада кең таралды. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылдық және өзара пікір алысатын ұйым құруға уағдаластық. Айтылған мәселелерді Тынышбаев екеумізге қағазға түсіруді ұсынды. Біз оны Жаһанша Досмұхамедовке көрсеттік. Сіздердің «Бағдарлама» деп жүргендеріңіз осы. Бағдарламаның бір данасын Әділевке беріп, пікір білдіру үшін және өздерінің ұйымдарының мақсатын жеткізу үшін оны Байтұрсыновқа жіберуді өтіндік. Аз уақыттан кейін Байтұрсынов Әділев арқылы: «Барлық жағдайды Биахмет Сәрсеновтен ұғысыңдар»,– деп бізге сәлем айтыпты. Сондай-ақ Байтұрсынов: «Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз»,– депті. Осы жауаптан кейін біз өзіміздің үйірмеміздің жұмысын кейінге қалдырдық. Тек күнделікті оқиғалар туралы пікір алысып жүрдік. Ақпан айында Түркістандағы жағдай туралы толық баяндалған мәліметті Омаров Уәлихан арқылы Орынборға жолдадық. Жағдайдың қиындап кетуіне байланысты ол мәлімет тиісті жерге жетпей қалды.
Біздің барлық мақсатымыз: Кеңес өкіметі еркін партия құруға, жеке бағыт ұстануға мүмкіндік бере ме, жоқ па, ондай болған жағдайда бұқаралықтар Кеңес өкіметі жағына шыға ма?,– деген мәселені білу еді. Сол мақсатпен Бірімжановты Бұқараға жіберуді ұйғардық. Ол бас тартқандықтан да, бұл мәселе нәтижесіз қалды. Өтегенов Садықты кімнің жібергені белгісіз. Біз оған күдікпен қарадық. Ақылды, беделді болғандықтан да ... баруға үгіттедік. Біздің басты бағытымыз мынау еді: Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек – дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. Ол – ұйымның құрылымы мен бағытына қарсы болды ма, жоқ па, есімде қалмапты. Қалайда өзара пікір таласы болғаны анық. Қалайда кеңес үкіметінің халық соттары халық ішінен сайланып қойылуы тиіс – дестік. «Тәуелсіз Халық Республикасы жарияланады»,– деген лақап рас болса, бұл әбден мүмкін жайт еді.
Жаһанша Досмұхамедовтің жауабы: Халел Досмұхамедовтің сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана. Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: «Жалғыз башқұрт (Валидов – Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашанда қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, ол тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады»,– дедім.
Осыдан кейін Халел: «Егер Жаһанша қарсы болса, онда бұл ұйымды құрылмады деп есептеу керек. Одан да бұрынғы «Алашорда» тұсындағы саясатқа көшейік. Қоқан автономиясы кеңес өкіметі жағына шықсын. Оларға: саяси қылмысқа – саяси айып тағылмасын. Кешірім жасалсын»,– деді. Мен: «17-жылдың ортасында қабылданған ескі бағдарламамызды қайтадан жаңғыртуға түбірімен қарсы болдым. ... Мұрзин Әзиз бұған қарсы шығып: «Тынышбаев екеуің Орынбордағы қазақ құрылтайы қабылдаған «Алаш» партиясының бағдарламасын қабылдамадыңдар»,– десті. Мен: ондай бағдарламаның есімде жоқ екенін және орындаудан бас тартатынымды айттым. Алайда жолдастарымның қысымымен жобаны екі-үш күнде жазып бітіріп, «Ақжолға» (газет – Т.Ж.) бердім. Ол жобаны өзгертті ме, жоқ па, білмеймін. Ол жоба Бұқараға жіберілді ме, жоқ па, одан да хабарсызбын. Жоба Байтұрсыновқа және басқа адамдарға жіберілді ме, одан да хабарсызбын. Ешқандай жауапхат алғаным жоқ, ешқандай мәлімдемеге қол қойғаным жоқ. Заки Валидовтің Ташкентке келгенін білгенім жоқ. Оны менен жасырған болуы керек. «Түркістан Халық Республикасы жарияланды!»,– деп түн ортасында мені ұйқыдан тұрғызып айтса да сенбес едім. Бұған кеңес өкіметі де, компартия да келісе қоймайтын. Ташкенттегі қазақ зиялыларының мәжілістеріне қатысқан емеспін. Өйткені мен ол кезде Түркістан Атқару комитетінің тапсыруымен Прежевальскіге іссапармен кеткем. Халел Досмұхамедовтің Өтегеновті қалай үгіттеп көндіргені туралы ешқандай мағлұматым жоқ.
Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Бұл оқиғаның тым ертеректе өтуіне байланысты кейбір жайларды ұмытып, не шатастырып алуым мүмкін. Жаһанша Досмұхамедовтің, жалпы «Алашорданың» батыс бөлімінің Заки Валидовке қарсы екені бұрыннан маған мәлім. Мәселе, Заки Валидовтің Бұқараға келуіне байланысты емес, Әнуар пашаға қатысты еді. Ол туралы Жаһанша Досмұхамедовке мен ештеңе айтқаным жоқ. Оған Қашқынбаев түсіндірген шығар,– деп ойладым. Түркістан Халық Республикасының жарияланатыны туралы хабарды Ташкентке келген комиссар Орджоникидзе айтты – деген сыбыс бар. Біз: «Халықтық Республика жариялаудың алғышарттары пісіп-жетілген жоқ»,– деп есептедік. Көп мәселе бізде қарапайым жолмен шешілді. Сондықтан да Жаһаншаның біраз мәселеден хабарсыз болуы мүмкін.
Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Әділевпен «Ақ жолдың» қасында жолықтым. Мұндай мекемелерге мен жолай бермеймін. Оны Бұқараға жұмсады ма, жоқ па, хабарсызбын. Жалпы қазақ зиялыларымен араласуды жаратпаймын. Олардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ, өзім де ешкімге тапсырма бергем жоқ. Мұны Халел Досмұхамедов те растай алады. Осыдан кейін қандай да бір ұйымға мүше болуым мүмкін бе?
Халел Досмұхамедовпен қатты сөзге келіп қалғандықтан да, жиырма екінші жылдан бастап, жиырма тоғызыншы жылға дейін ешқандай байланыс жасағам жоқ. Тек бір рет Алматыда аңға шыққан кезде кездесіп қалдым. Орынбордағы ұйым туралы ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Соған қарап менің жолым олармен бөлінген екен – деп ойладым. Сондықтан да Халел Досмұхамедовтің көрсетінділері мен үшін жаңалық болып есептеледі.
Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Жаһанша Досмұхамедовтің біздің ұйымымызға қандай ықпалы тигенін ашып айта алмаймын. Өйткені екеуміздің қатты сөзге келісіп қалып, жиырма тоғызыншы жылдың аяғына дейін араласпағанымыз рас.
Сұрақ-жауап алған: Попов.
*** *** ***