Болар біраҚ бір реті...
Үш жыл болды, жігіттер,
Отырғалы тұтқында.
Ұшты талай үміттер
Жолдас болған тұтқынға.
Үш жыл болды, ағайын,
Жай болғалы абақты.
Сыннан өттің талайың,
Талайың бердің сабақты.
Үш жыл болды, достарым,
Отырғалы түрмеде.
Азап шеккен жас жаным
Керек дейсің кімге де?!
Үш жыл болды, жан жарым,
Көрмегелі жүзіңді.
Мүмкін сен де шаршадың,
Үмітің де үзілді?!
Алда әлі жиырма екі,
Көз жетпейді шетіне.
Болар бірақ бір реті,
Бекіне түс, бекіне!
МОСКВАНЫ ТЫҢДАЙМЫН
Күңгірлеп курант, Кремль
Соққанда таңғы сағатын,
Ойнақтап, толқып жүрегім,
Таңдаймын қалмай тағатым.
«Қайырлы таң, жолдастар,
Соңғы хабар» дегенде,
Асау аттай ойқастап,
Сыймайды сезім денеме.
«Табысқа жетті Оралдың
Кеншілері тамаша...»
Жеңісіне олардың
Қуанам мен де балаша.
Кавказдық бір бишіге
Беріліпті ардақты ат.
Тыңдаймын оны сүйсіне,
Тұрғандай мені наградтап.
Москва – ортақ жалпыға,
Өтейді көптің керегін.
Тарыққан үнді халқына
Беріпті достық көмегін.
Берсе де хабар түр-түрмен,
Айтпады бірақ біз жайлы.
Үмітпенен қарап телмірген
Азалы жүрек мұңайды.
Москваны тыңдаймын
Сонда да мен күні-түн.
Ниетімді бұзбаймын,
Үзілмейді үмітім.
Күн сәулелі Кремль
Жарық берген жаһанға.
Шұғыласын төгер бір
Деймін бірде маған да.
Түспесе егер көңілге
Көлеңкесі күдіктің,
Құштар болған өмірге
Үзілмес жібі үміттің.
КІНІШ
Еркін жүріп, ен жайлап,
Ештеңені білмеппін.
Қызықты ойлап, қызды ойлап,
Түбіне түсіп дүрмектің.
Тізеден кешіп теңізді,
Жүргенде судай сапырып,
Біреуге «күшік» дегізіп,
Қалды ма біреу «аһ» ұрып.
Өкпелеттім кімдерді,
Кімдердің көңілін қайтардым?
Алғысын маған кім берді,
Қарғысын маған айтар кім?
Жақсылығым болса егер
Жұртқа қылған, сүйінем.
Қылығыма ел сөгер
Қапаланам, күйінем.
Есуастық кей күнгі
Еске түссе, өкінем.
«Міне, ақымақ!» деймін де,
Өзіме-өзім жекірем.
Уа халайық, ұмыт тек
Өткен күнді, өтінем!
Қатем болса, ғафу ет,
Мен де сені кешірем.
ЕҢБЕККЕ ЕРІК
Еңбекті, істі мен кеше
Қажетті міндет білуші ем.
«Еңбекке еркің бар» десе,
Мырс етіп кейде келуші ем.
Байқасам енді, жігіттер,
Іс екен мұным ағаттық.
Ерікте есіп жүріп мен
Алыппын құнын жоғалтып.
Қалғанда енді айырылып
Еңбекке деген еріктен,
Тілеймін қайта қайғырып,
Кезімде талып, зеріккен.
Іссіздіктен іш пысып,
Алдыма қолым сыймайды.
Көрсем де нелер көп қысым,
Бәрінен осы қинайды.
Берсе егер қазір қайланы,
Кетпенді яки күректі,
Талқандардай Тайганы,
Түткендеймін түбекті.
Тұрмас едім арланып,
Тартынбас ем еш істен.
Котельниде от жағып,
Болар ем туннель тесіскен.
Дәретхана тазалап,
Сыпырар ем көшені,
Тек аталып азамат,
Туса күнім кешегі!
АРЫНДАСЫМА ХАТ
Қарағым, қарашығым Қабышкенім,
Атыңнан айналайын, жаным сенің.
Әдейі атымды атап, алыс жолдан,
Артымнан іздеп кепсің, жаным менің.
«Оқ тисе тар қолтықтан, қарындасың –
Алады тартып» деген сөз расын –
Білдім ғой жаңа ғана, жаным сенен,
Жасаған жар боп, тәңір жарылқасын.
Қарағым, қарашығым, қалқатайым,
Келе ме әлде білгің ағаң жайын?
Отыр ғой ағаң байғұс тар қапаста,
Қажытып қайғы менен қара уайым.
Ұрлық қып, кісі өлтірген айыбым жоқ,
Сонда да біз бейбаққа қайырым жоқ.
Бұл күнде шындық батып шаңырауға,
Боп тұр ғой ақ, қарада айырым жоқ.
Бұл тағдыр ең әуелі еркімді алды,
Сарғайтып санаменен көркімді алды.
Басыма мәңгі-бақи бейнет беріп,
Өмірі арылмайтын дертін салды.
Сонан соң жанымдағы жарымды алды,
Дүниеде ең сүйікті жанымды алды.
Жүрекке қасіреттің зәрін сеуіп,
Басыма қалың қара қайғы салды.
Аңырап алпыстағы анам қалды,
Зар жылап екі жетім балам қалды.
Жүздерін сорғалаған жаспен жуып,
Қарындас, апа, іні, ағам қалды.
Қан жуып ақ сақалын әкем қалды,
Жас буып жаудыр көзін көкем қалды.
Жабығып, жапа шегіп, жаутаң қағып,
Жанашыр жақын жеңге, тәтем қалды.
Астана, алтын тулы қалам қалды,
Ондағы шаттық дәурен, заман қалды,
Кең көшем, көркем бақшам, мәуелі бақ,
Үй-жайым, қора-қопсым қараң қалды...
Сыйласқан, сыпайы жүз жастар қалды,
Сырласқан, сұхбаттасып достар қалды.
Жас өмір, жаңа талап, жарқын талант,
Тәтті үміт, таудай арман босқа қалды...
Бірақ мен өкінбеймін өткеніме,
Сотталып сонша жылға кеткеніме.
Сенемін үкімет пен партияның
Түбінде шындыққа бір жетпегіне.
Тұрсам да қай биікте, қай қияда,
Түссем де қандай қағаз, қай сияға,
Сенемін әділ Совет өкіметіне,
Сенемін коммунистік партияға.
ОТАН
Ақтамаған ақ сүтін
Ана менен атаның,
Ел басына туса күн,
Демеймін қорғар Отанын.
Ағайынға жаны ашып,
Қараспаған туысқа,
Шығуына шүбәм бар
Отаны үшін ұрысқа.
Опасыздық етсе егер
Досы менен жарына,
Ол адам деп ел сенер
Айта алмаймын тағы да.
Шырылдатып баласын
Тастап кетсе далаға,
Отаны үшін отқа ол
Сірә да түсе ала ма?!
Жанындағы жолдасын
Жықса апарып апанға,
Ол қастандық етпес деп,
Айта алмаймын Отанға.
Туған тілін менсінбей,
Тәкаппарсып қараған –
Өз еліне де жерсінбей,
Өзгені артық санаған.
Елінің білмей ерлерін,
Шырқамаған ата әнін,
Сүйеді деме өз елін,
Сүйеді деме Отанын!
ЖАҢСАҚ ҒАЛЫМ
Әлі бар арамызда бірлі-жарым
Сыңар жақ, қызыл езу, жаңсақ ғалым,
«Мынау» деп көрсетпейтін қолмен нұсқап,
Онсыз да есімі оның жұртқа мәлім.
Болса да білім – тайыз, пікір – жаңсақ,
Оған да керек атақ, абырой, мансап,
Шимайлап бірдеңені ойдан-қырдан,
Ғалымдық атақ алу – барлық мақсат.
Бір өзі бар теманы бауырлайды,
Ғылымға оның жаны ауырмайды,
Шектелмей тек өзінің шапағатымен,
Пікірін басқалардың тағы ұрлайды.
Түрткілеп әр бұтаны, әр қияны,
Бүлдіріп қағаз, қалам һәм сыяны,
Өзінің шолақ пікір, шала ойымен
Алдайды үкіметті, партияны.
Деп жүріп қараны – ақ, ақты – қара,
Бүлдірді дүниені бұл бишара.
Өзінің кірлі қалам, лас қолымен
Елімнің сан ұлына жапты жала.
Жұлдыз боп туған халық талайына,
Күн болып төккен нұрын маңайына,
Халқымның терең ойшыл, дана ақыны –
«Байшыл» деп бәле жапқан Абайыма.
Айналмай тек өз ауыл, қотанына,
Айнымай еңбек еткен Отанына,
Халқымнан дара шыққан тұңғыш ғалым,
Жабысқан «шоқынған» деп Шоқаныма.
Қарамай ақ-қараға, кедей-байға,
Мектеп сап, білім шашқан қырға, ойға.
Халқымның ұлдарының арын қорғап,
Партия өзі түскен арашаға.
Абайға азу тісі бата алмады,
Шоқанға атқан мылтық от алмады.
Сонда да жаңсақ ғалым жанталасып,
Тыпыршып бір орында жата алмады.
Қолына алып тағы кірлі қалам,
Ақтарып ескі архивті суырмадан,
Қайтадан жаңсақ ғалым кірісті іске,
Зер төгіп өңешінен одан жаман.
Халқымыз ғасыр бойы жырға бөлеп,
Аттарын ардақтаған Айға теңеп,
Ақ Жүніс, ару Жібек, пәк Баянды
Атайды жаңсақ ғалым «антисовет».
Жүрегі толы ізгілік, махаббатқа,
Үйреткен халқын достық, шапағатқа,
Ақ Айман, сұлу Шолпан, ерке Еңлікті
Мін тағып, іліктірмек жаманатқа.
Қаралап Қамбар, Сайын, Тарғынды да,
Жазалап Есет, Бекет, Жалбырды да,
Айыптап Асан, Бұхар, Шортанбайды,
Жазғырмай тарихтан жан қалдырды ма?!
Қобызшы Қорқыт ата күйін шерткен,
Қорғаған күймен халқын өлім, дерттен.
Қорқытты «күй атасы» десе халқы,
Атайды жаңсақ оны «керікеткен».
Жеп еді ер Едіге елдің қамын,
Қуған ед Көк Ордадан моңғол ханын,
Құтқарған Тоқтамыстың тепкісінен
Атырабын Еділ, Орал, Сарыарқаның.
Хан болып, халқын қанап һәм қыспады,
Елге айтып әділ билік, тең ұстады.
«Ел қамын жеген Ерім» десе елі,
Атайды жаңсақ оны «ел дұшпаны».
Кенекем жеке хандық құрмақ еді,
Жеке ел боп өз алдына тұрмақ еді.
Ол кезде қалың қазақ қолдады оны,
Түсінген жұрт қарсылық қылмап еді.
Бұл күнде соры қайнаған сорлы Кене,
Жаламен душар болды әлденеге?
Аталып Ақырында халық жауы,
Әрі анти, әрі контр болды Кене.
Тарихын өз елінің білмейтұғын,
Ол үшін жаны ашып, күймейтұғын,
Ойлаған тек өзінің қара басын,
Бар ойын атақ, мансап билейтұғын.
Осындай шолақ, дүмше ғалымдарды,
Ала аяқ, қара ниет залымдарды
Кім дейміз жаңсақ демей, айтшы жұртым,
Ақылға емессің ғой өзің жарлы?!
Бәрібір жаңсақ ғалым, дүмше молда,
Ғылымға, халыққа жат бұл да, ол да.
Ел ісін, ер намысын таптаттырмай,
Ал халық, ал партия, өзің қолға!
АЩЫ АҚИҚАТ
Қазақтың әдебиет, тарихында
Түсіпті көп мәселе тағы сынға.
Ақтарып ескі архивті қасқа бастар
Алады бірін-бірі ауыр сынға.
Бірінен бірі қате тапқансиды,
Бірінің бірі мінін ашқансиды.
Біріне ұлтшыл деген атақ беріп,
Біріне байшыл айдар таққансиды.
Бірақ мен көрмедім еш ұлтшылдықты,
Байшыл деу һәм оларды былшыл тіпті.
Көремін тек олардың бойларынан
Бақталас, ішітарлық, күншілдікті.
Бірі өссе, басқасы көре алмайды,
Жолдастың қуанышын бөле алмайды.
Біреуі атақ, абырой ала қалса,
Қалғаны қызғаныштан өле алмайды.
«Абайы» жұртшылдықтан алып баға,
Лауреат болып еді Мұхтар аға,
Күшінен күншілдіктің үйге сыймай,
Доноспен шапты Мұқай Москваға.
Алып ед Бекмаханов доктор атақ,
Бейшара өз басына салды шатақ.
Күншілдер Қайдарова, Қақымжанов
Тор тастап аяғына, алды матап.
Болып ед Қалпақбаев аз күн вице,
Қалмады Салпақбаев аңдып итше.
Абалап жүріп, оны ақыры алып,
Жабысты ол орынға өзі битше.
Баласы атышулы Тоқхожаның
Санайды әлі өзін деп қожамын.
Жұмали, Ысмайылды қараласам,
Дей ме екен артын жабам масқарамның .
Сыңар жақ, қызыл езу сыншы Дәмит,
Дейме екен әлде өзін сонша сақ ит.
Жазушы Әуезов деп айтса болды,
Аузына кірді қара ит, шығып ақ ит.
Тарихшы Дүлейменов, Тойынбаев
Жүрген жоқ деп ел ісін орындайық.
Оларға атақ керек, мансап керек,
Сондықтан, жүр басқаға торын жайып.
Кенжекей, Дәулет Нәубет, Майқымдарым,
Ойлары олардың да айқын, мәлім.
Кенжебай, Шалабайды сырып тастап,
Орынын тартып алмақ байғұстардың.
Жаңадан шығыпты бір Малтекеев,
Біреуге сәл көңілі қалса кейіп,
Бас салар «байшылсың» деп, «ұлтшылсың» деп,
Ісіне бұл есердің біз не дейік?!
Мейлі сен баса бергін, төпей бергін,
Белгілі бірақ жұртқа көкейлерің.
«Орынды вакантный бассам», – дейсің, –
Көздерін құртып мына дөкейлердің!».
Бұлардың көргенім жоқ көздерін мен,
Аузынан естігем жоқ сөздерін мен.
Әйтсе де баршаға аян ащы ақиқат,
Сұраңыз, нанбасаңыз, өздерінен!
ПОЭЗИЯ АРУҒА
Сенің үшін қаншама мен терледім,
Қаншама мен нахақ сөздер есіттім.
Жалғыз өзім қайғыландым, еңіредім,
Қалып қойып сырт жағында есіктің.
Маған қанша ғайбат сөздер сөйледі,
Тақты маған қанша кінә, жаманат.
Екеумізді айыруды көздеді,
Сөнсін деді біздің жарқын махаббат.
Сені ойлап қырау басты шашымды,
Әжімдері тереңдеді маңдайдың.
Асау жүрек алқынды да басылды,
Отыз жаста-ақ егде тарттым, қартайдым.
Бірақ солай сүйе берем әрқашан,
Басылмас еш сүйіп сені, жануым.
Жүрегіңе жүрегіммен жалғасам,
Поэзия – менің ерке аруым!
ЖАНАМЫН...
– Неге күйіп, жанасың? – дейді достар,
Өмір сүре алмаймын жанбайынша.
Жанымда жолдастар бар, туыс, дос бар,
Соларға жалын атып бармайынша.
Өкінбей өмір бойы тынбай жансам,
Бойымнан тұрсам ылғи қызу бөліп.
Жылылық жүректерге бере алсам,
Арман жоқ осы жолда бітсем сөніп!
МІТ
Бермесе де тағдыр ерік, сыбаға,
Өмір сүрем тек үмітпен бір ғана.
Көрсем деймін кең даламды өзімнің,
Ыстық болған қарасындай көзімнің.
Көкшіл тартқан көлдерімді бір көрсем,
Арманым жоқ одан кейін және өлсем.
Даладағы тауларыма көз салсам,
Жалын атқан күндерімді еске алсам!
МАҚСҰТҚА
(Ақын М.Байсейітовке)
Жану керек болғанда, жанып кеттің өрт болып.
Күю керек болғанда, күйіп түстің дерт болып.
Тұру керек болғанда, тұрып қалдың серт болып.
Өлу керек болғанда, өліп кеттің мерт болып!