Төл сөз, автор сөзі, төлеу сөз. Тыныс белгісі төл сөзді төлеу сөзге айналдыру жолдары
Сөйлеуші өз сөзінің ішінде біреудің айтқан сөзін дәл сол күйінде, ешбір өзгеріссіз беруі төл сөз деп аталады. Мысалы: «Мал жұтайды, өнер жұтамайды», – деген Абай. Осы сөйлемде «мал жұтайды, өнер жұтамайды»деген Абайдың сөзі ешқандай өзгеріссіз айтылған күйінде беріліп тұр.
Төл сөз тек біреудің айтқан сөзі ғана емес, ойлаған ойы, айтуға оқталған сөзітүрінде де беріледі. Мысалы:Айбала: «Еркем», – деп қала жаздап, аузын жиып ала қойды. «Түнімен осы суретті қалайда бітіруім керек», – деп ойлады қарт суретші.
Төл сөзбен байланысты айтылған сөйлеушінің өз сөзі автор сөзідеп аталады. Жоғарыдағы мысалдағы деген Абай, Айбала ... деп қала жаздап, аузын жиып ала қойды, деп ойлады қарт суретші– автор сөзі. Төл сөз бен автор сөзі «де» көмекші етістігінің деді, деп, деген, дейді, дегендей, дей жаздады, деген екентұлғасындағы түрінің бірімен байланысады.
Төл сөз бен автор сөзінің орын тәртібіне, төл сөзді сөйлемнің хабарлы, сұраулы, лепті болуына қарай төл сөздің тыныс белгілері де әр алуан болады.
1. Төл сөз автор сөзінен бұрынорналасса, төл сөз бас әріппен жазылып, тырнақшаға алынады не алдынан сызықша қойылады. Егер төл сөз хабарлы сөйлем болса, соңына үтір, сұраулы сөйлем болса, сұрақ белгісі,лепті сөйлем болса, леп белгісі қойылып, автор сөзінің алдынан сызықша қойылады. Мысалы: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар деген нәрселермен озады», – деген ұлы Абай.
– Бекбергеннің қызын неге алып қашпақ болдыңдар? – деп сұрады үй иесі менен.
2. Төл сөз автор сөзінен кейінтұрса, автор сөзінен кейін қос нүкте қойылып, төл сөз не тырнақшағаалынады, не алдынан сызықшақойылады. Мысалы: А.Жұбанов былай деген: «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті». Әйел бір төбенің басына шығып алып былай деді: – Менің атым – әйел, мына қыздың анасымын.
3. Төл сөз автор сөзінің ортасына орналасса, автор сөзінен кейін қос нүкте қойылып, төл сөздің алдынан несызықша қойылады, не төл сөз тырнақшаға алынады да, төл сөзден кейін не үтір,несұрақ белгісі,не леп белгісіқойылады. Мысалы: Әйтілес қарт: – Аттың құлағында ойнайтын жас кезіміз, – деп бастады әңгімесін.
4. Автор сөзі төл сөздің ортасынаорналасса, төл сөз тырнақшаға алынып немесе алдынан сызықшақойылып, автор сөзінің алдынан да, соңынан да сызықша қойылады да, төл сөздің екінші бөлігі кіші әріппен жазылады. Мысалы: «Осы бір тегін адам болмаған шығар, – деді Жалпақ балуан, – түнейік осы молаға».
Төл сөздің әрқайсысы жеке сөйлем болып айтылса, бас әріппен жазылып, автор сөзінің алдынан үтір(сұрау не леп белгісі) мен сызықшақойылып, автор сөзінен кейін нүкте мен сызықша қойылады. Мысалы: –Баруын барарсың, елін де шабарсың, – деді Бала би. – Қалыңдықтың қызығына түсіп кетпей, қалың жылқыға да көзіңді сал.
5. Бір төл сөздің ішінде екінші төл сөз келген жағдайда алқашқысының алдынан сызықша қойылып,соңғысы тырнақшаға алынады. Мысалы: – Қазақ халқында «Ұлық болсаң, кішік бол» деген нақыл бар, – дегенді жиі айтатын ол.
Сөйлеуші тарапынан өзгеріске ұшырап, біреудің сөзінің тек мазмұнынғана сақтап жеткізу төлеу сөз деп аталады.
Төл сөзді төлеу сөзге айналдыру кезінде болатын өзгерістер:
-негізгі өзгеріс төл сөздің тұрлаулы мүшелерінде болады;
-бір жақтың орнына екінші жақ айтылады;
Төл сөзді төлеу сөзге айналдыру жолдары:
1. Төл сөздің баяндауышы етістіктің ашық райынан болса, төлеу сөзде ол сәйкес шақтағы есімшеге айналып, оған -дық, /-дік жұрнағы, тәуелдікжалғауы және табыс септігі жалғанады да, толықтауыш болады.
2. Төл сөздің баяндауышы етістіктің бұйрық райынан болса, төлеу сөзде ол тұйық етістікке айналып, оғантабыс не барыссептік жалғауы немесе туралы, жөнінде, жайында шылауларының бірі қосылып айтылады.
3. Төл сөздің баяндауышы есім сөздерден не тұйық етістіктен болса, төлеу сөзде ол сөзге тіркес екеніндеген көмекші етістік айтылады. Төл сөздің бастауышытөлеу сөзде ілік септік жалғаулы анықтауышқаайналады.
4. Төл сөзде белгілі бір жақта тұрған сөз төлеу сөзде автор тарапынан басқа бір жақта тұрып айтылады.
5. Төл сөз сұраулы сөйлем болып, оның құрамында сұрау есімдігі болса,-төлеу сөзде сол күйінде сақталады. Егер сұраулы сөйлем -ма/ме сұраулық шылауы арқылы жасалса, төлеу сөзде шылаумен айтылған сөзболымды-болымсыз түрде не антоним түрінде қосарланып айтылады.
6. Төл сөзді төлеу сөзге айналдырғанда автор сөзіндегі де етістігінің орнына айт, сұра, ойла, бұйыр, талап ет, ескерт деген сияқты айту, ойлау мәнді етістіктерінің бірі айтылады.
Төл сөзді төлеу сөзге айналдыру жолдарының мысалдарының кестесі:
ТӨЛ СӨЗ | ТӨЛЕУ СӨЗ |
– Қиындықтан қалай шығудың жолын мен білмеймін, – деді анасы. | Анасы қиындықтан қалай шығудың жолын білмейтіндігін айтты. |
Әркім әр түрлі сөз айтып даурығып жатқанда, Сырбай: – Тоқтатыңдар! – деп ақырды. | Әркім әр түрлі сөзді айтып даурығып жатқанда, Сырбай тоқтатуын ақырып бұйырды. |
– Қазақтың мұң-мұқтажына алтын діңгек болған сенбісің? – деді басын көтеріп. – Қайдан жүрсің? | Қазақтың мұң-мұқтажының алтын діңгегі екенін айта келіп, басын көтерген қалыппен қайдан жүргенін сұрады. |
– Сенімен сырымды бөлісейін деп келдім, – деді Гүлнұр. | Гүлнұр оған сырымен бөліскелі келгенін айтты. |
– Баламды сізге бірер сағатқа қалдыруыма бола ма? – деп сұрады Айман көршісінен. | Айман көршісінен баласын бірер сағатқа қалдыруға болатынын-болмайтынын сұрады. |