Семей тҮрмесінде жатҚанда жазҒандары

Біз кеттік қош-аман бол, қайран елім,

Аманат үлкен-кіші, әже, келін.

Ел жұрттан тірі айрылу қандай қиын,

Барады балтыр сыздап, ұйып белім.

Іштегі қайғы-қасірет, жалын шоқты,

Суреттеп бітіре алмас айтып тілім.

Деп айтып өзімді-өзім жұбатамын:

«Заманның ағымына жоқ-ты сенім».

Ей, жұртым, қайғырарсың біз кеткенге,

Бұл заман ауыр тиген мал біткенге.

Адам азар елдің арбауына еріп,

Салынды өтірік-өсек түртінгенге.

1929 жыл, Семей

***

Екінші жазған хатым Данашыма,

Толған соң сағынуым қанасына.

Өзің түгіл хатыңа зар қылғаның,

Сыймайды ақылымның шарасына.

Баланың болмай тұрмас балалығы,

Астам ғой ананың да аналығы.

Анасы кешірмесе, бала сыйлап,

Білімге деп біліңіз шалалығы.

Балалар жетем десең адамдыққа,

Аулақ қаш, үйір болма жамандыққа.

Болады әншейін бір хат таныған,

Тоқтаған оқып жетпей мамандыққа.

Ұқпаған оқығанмен болмас маман,

Бәйгені қашаннан да алар талан.

Не кәсіп, не өнерден босқа қалған,

Тік бақай, сүйрік қолдан бар ма жаман?!

Өнердің ең жаманы бұқа пішер,

Еңбек қып бір аяқ ас о да ішер.

Ұқпаған шалағайдан болдың артық,

Кәсіптің әр түріне болсаң шебер.

Бұл нәубет уақытша келген басқа,

Болсын деп кейінгіге тәуір нұсқа.

Күйзеліп, ренжитін еш нәрсе жоқ,

Дейтіндер «біз алтынбыз», шықты мысқа...

Құрбаны портфель талас болған қалпың,

Тексеріп Мәскеу ашар мұның артын.

Шын озып, өтірік өліп, дұрыс орнап,

Төзіңдер, болар әлі-ақ жүзім жарқын!

Бала егер ақылды боп туса бүгін,

Ақтайды ата күшін, ана сүтін.

Баладан осал мінез көре қалса,

Ішіне ата-ананың толар түтін.

Мамаңа болғын тіреу жаным, Данаш,

Әр іске ақыл жұмсап, еппен жанас.

Мамаңды сенен басқа тапсырарлық,

Кімім бар ес білетін өзің санас!

1929 жыл, Семей

семей тҮрмесінде жатҚанда жазҒандары - student2.ru

МӘДИ БӘПИҰЛЫ

(1880–1921)

Қазақтың ақыны, композиторы Мәди Бәпиұлы 1880 жылы Қарағанды облысы қазіргі Қарқаралы (бұрынғы Егіндібұлақ) ауданында дүниеге келген.

Қарапайым халықтың құқығын қорғап, әлеуметтік әділетсіздік және теңсіздікті сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшыраған. Жалған айыппен түрмеге қамалып, Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде отырған. Қамауда отырғанда әділетсіздіктерге күйініп, бостандықты аңсаған «Қаракесек» әнін жазды. Халық арасына оның «Үшқара», «Мәди», «Шіркін-ай» және т.б. әндері кең тарады. Мәди түрмеде отырып 1916 жылғы көтеріліске үн қосты, өзінің өлеңдерінде патша үкіметі мен жергілікті феодалдардың зорлықшылдығы мен жүгенсіздігін айыпталған.

1921 жылы ақын дүниеден өткен.

ШҚАРА

Арғы атам әулие өткен ер Қазыбек,

Бекболат оның ұлы болыпты бек.

Тіленші – одан туған абзал шері,

Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек.

Атамыз одан кейін Алшынбайды,

Кемеңгер ақыл ойлы терең сайды.

Атағың Алатаудай бабаларым,

Көрдің осы күнде біздің жайды.

Сұрасаң Мәди еді менің атым,

Кем емес еш адамнан салтанатым.

Кешегі Бауыр-Бошан ортасында,

Біреуден кем тумаған менің затым.

Қақабай Бапан еді бір туысқан,

Аянбай өле-өлгенше кек қуысқан.

Ақымақтық, надандық бәрін тастар,

Болмады жанашырлық бір туыстан.

Үшқара басың биік мұнар шалған,

Сұмпиып өте шығар мына жалған.

Тар есік, тар босаға жаман екен,

Ер едім ел ішінде сайран салған.

Жаралдым жалғыз қылып әуел бастан,

Қайтпаған қайран маңдай қара тастан.

Мөр басса босқа болыс не қылайын,

Мөр басып туған ағам болды-ау қастан.

Шоқпардың жылқы жайдым даласына,

Не қылдым Қақабайдың баласына.

Өрісте жылқы жайып жатқанымда,

Бес солдат алып барды қаласына.

Абақты қатар-қатар болады екен,

Ішіне жақсы, жаман толады екен.

Ішіне абақтының кіріп барсаң,

Көңілің су сепкендей болады екен.

Сүйендім абақтының шарбағына,

Сыйындым атам Қазыбек аруағына.

Бұл күнде қаршығадай қалықтадым,

Бұл күнде мен аңшының қармағында.

Бауырынан Үшқараның аса алмадым,

Жайқалтып топырағын баса алмадым.

Есіме, қайран елім сен түскенде,

Көл қылып көздің жасын баса алмадым.

***

Көкорай көкке біткен шалғынымын,

Ішінде көк қаршыға алғырымын.

Тайдың да ат бәйгеден дәмесі бар,

Бәпидің атым Мәди жалғызымын.

Ақ қаптал ағайыннан арқам жауыр,

Өкпем жоқ, кеудемдегі бәрі бауыр.

Дұшпанның сүңгі найза сұққанына,

Туыстың саусағымен түрткені ауыр.

Көп үшін өзім келіп торға түстім,

Білмеймін не болары ақыры істің.

Елім деп еркелеткен, еркінсіткен,

Қайран ел, көзден жас боп бір-бір ұштың.

***

Қамауда қалған көңіл қайта жасып,

Шыққанға бір серпілді судай тасып,

«Ұлықтан рұқсат жоқ» деп қайта жапты,

Көңілді қапалық пен қайғы басты.

Алты айға кесіп сапты ұлығымыз,

Ұлыққа жақпай тұр не қылығымыз.

Алты ай алты күндей болар еді-ау,

Қалмаса Қақабайға құрымымыз.

***

Жараттың жалғыз қылып әуел бастан,

Қайтпаған қайран жүрек қара тастан.

Қас жауым басқа болса өкінбес ем,

Қақабай «Қарақшы» деп мөрін басқан.

***

Сыланбек, адам едің ақылың мол,

Жақсыға жиылмай тұр жабылған тор.

Жай білер осы күнде жақсы бар ма,

Басыңды кім сыйласа жақының сол.

Басыңнан бақыт кетсе құда кетер,

Бақ күндес ағайының түпке жетер.

Бақ-дәулет қайта оралса, кеткен досың,

Түлкідей төстен қашқан сылаң етер.

***

Әнипа, айналайын, қайран анам,

Семейдің түрмесінде отыр балаң.

Жазықсыз, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Қайтесің, сұм тағдырға бар ма шараң.

***

Сәлем де Игісінге балдызы едім,

Бәпидің жал-құйрықсыз жалғызы едім.

Артымнан ат ізін сап бір келмеді,

Шіркіннің, көңілін неден қалғызып ем.

Наши рекомендации