ТаҢжарыҚ жолдыҰлы
(1903–1947)
Ақын, Алаш қайраткері, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының жалынды күрескері Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылдың 15 наурызында ҚХР, Іле аймағы, Күнес ауданында дүниеге келген.
Қытай мектебінде (1917), Қазақстанда Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте (1922–25) оқыған. Қазақ жазушыларының еңбектерімен кеңінен таныс болған. Өзі де өлең жазып, айтысқа катысқан. Шыңжаңда мұғалім, «Іле» газетінде редактор (1936) болып кызмет істеген. 1940–1946 жылдары Қытайдағы солақай саясаттың кесірінен тұтқындалып, түрмеге жабылған.
Оның «Жастарыма», «Осы таң кімнің таңы?», «Оқып көр газетімді», «Көңілім қалды, торықты», «Абақтыда кім жатыр?», «Ақын сыры», «Еліме» сияқты түрмеде жазылған өлеңдері бар. «Өткен күндерім» (1942), «Қоштасу» (1941–42), «Қасқыр мен Бөрібасар» (1934–43), т.б. толғау жырлары мен «Назигүл» (1943) дастандарының авторы.
1947 жылдың 6 тамызында дүниеден өткен.
СТАЗЫМА
Неше жыл болды көрмедім,
Ұстазым еді Мыңбайды.
Көбейіп тұр қасірет,
Көрмеген басым мұндайды.
Қараңғы көрде жатырмын,
Түрменің іші мұң-қайғы.
Бата қылып тұрсаңыз,
Балаңның сағы сынбайды.
1926 жыл, Іле түрмесі
МЕН БОЛДЫМ БАЛА БҮРКІТ БАЙЛАУДАҒЫ
(Түрмеден Дүйсенбек досына жазған хаты)
Тіршіліктің қызығы жайлаудағы,
Жасшылықта көңілім қайда аумады?!
Сахараға сарғайып бір шыға алмай,
Бала бүркіт мен болдым байлаудағы.
Бір шығармын жазбаса пешенеме,
Не келмеді, не кетіп есен елге.
Ғарып болып жатырмын тар түрмеде,
Көңіл шіркін соғушы ең неше жерге.
Шартарапқа жастықпен ауған көңіл,
Осыменен бітті ме саудаң, көңіл?
Мұңаясың несіне өң бозартып,
Қарсы шапқан қайтпайтын жаудан көңіл.
Қарқара мен Қақпақты танып болып,
Күткен жерге үмітпен барып болып.
Абақтыны мінеки мекендедің,
Дүниежүзін айналып, шалып болып.
***
Сол күндерді ойласам,
Қапалықпен қан жұтам.
Жатқан жерім қараңғы,
Аузымды ашсам шаң жұтам.
Кейде алдырсам, кейде ұтам.
Арамның жайы міне осы.
Құйрығы қудың бір тұтам.
Еріп кете жаздаймын,
Қызығып айғай-шуларға.
Сеніп кете жаздаймын,
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып саспаймын,
Мен ішпеген у бар ма?!
Тәуекел деп сүңгимін,
Түпсіз дария, суларға.
Барлық дербіс аман бол,
Ісімді құдай оңдасын.
Сүлеймен зәңгі, Қуандар,
Бағыма солар өлмесін.
Еңсебай мен Қасейін,
Санап берді екеуі,
Жиырмадан теңгесін.
Жүгіріп келді Қасейін,
Қолында жоқ қайтсын-ай.
Ағайын деген осы ғой,
Бермесе байқұс бермесін.
Таусылар күні бар ма екен,
Бізден өткен «қателік».
Осы пәле бар ма еді,
Тып-тыныш жүрсем Күнесте,
Үлкендерден бата алып.
Зарлықпен жазған мұңымды,
Дүйсенбектің қолына тапсырып бер апарып.
Жолдасым еді бірге өскен,
Менің мұндай сөзімді,
Талай Қызай үлескен.
Сұраған жанға сәлем айт,
Мен ғарыпты Күнестен.
1926 жыл, Іле түрмесі
ДҮНИЕ, САҒАН НЕГЕ БОЛДЫМ ТАҢСЫҚ
Дүние, саған неге болдым таңсық,
Жалғансың әркімнен бір қалған қаңсып.
Сен де бір, іші қуыс қурай да бір,
Үрлеген сыбызғыдай қабыңды аршып.
Күлесің адамзатқа сені қуған,
Түлкідей бәрін алдап, алған жансып.
Үстіңнен білем сенің батыр өткен,
Жалпайтып, жалған сені, басып-жаншып.
Өр сөзбен өктем сөйлеп ақын өткен,
Қызыл тіл сиқырыңды, айпара ашып,
Жатырсың құлағыңды шүмкеп-көміп.
Сырыңды білмейтіндей жасырғансып,
Ол рас, байлар өтті мақтан қуып.
Жолыңа сенің олар малын шашып.
Сәлдесін жуан орап Қожа-молда,
Бас ұрды саған солар балын ашып.
Жете алмай сүйгеніне ғашық өтті,
Аһ ұрып – жас жүрегі жалын атып.
Солардың аттарымен аталады,
Белгісіз төбелерің, атын айтып.
Мен дағы жалған сені басып тұрмын,
Таңжарық, ұмытылмақ атым қайтып.
Қайтейін, тұрлауы жоқ саз, дүние-ай,
Маған бір жайнамаған жаз, дүние-ай.
Бұғанам қатпай тұрып қап көтерген,
Обал жоқ өзіме де аз дүние-ай.
Қаңқылдап қуа жонға барып түстім,
Оқ тиген топшысына қаз, дүние-ай.
Жел тұрып, дауыл мені көтермесе,
Қуат жоқ қайта ұшуға мәз, дүние-ай.
1926 жыл, Іле түрмесі
ІЛЕ ТҮРМЕСІНЕН
Бір сөзді бастан өткен бастағаным,
Әр істі жақсы-жаман басқарамын.
Алдамшы дүниенің мастығымен,
Көңілім мінезіндей жас баланың.
Жастықта ажал бір күн келсе жетіп,
Жаманы сол емес пе масқараның.
Көңілдің көрсе қызар байлауы жоқ,
Көзіне көрінгенді бас саламын.
Қайғысыз, уайымсыз қайран жас күн,
Тоқ болам, деген ой жоқ аш қаламын.
Көңілге келген істі қыла бермей,
Жастықта онда неден жасқанамын.
Ағалар енді қалам қолға алалық,
Мөлшерлеп ақылменен толғаналық.
Сөзімде кемшіл бар ма, қате бар ма?
Байқасын оқып көріп көп қалайық.
Ішінен татымдысын таңдап алып,
Жүруге жастар оқып қолданарлық.
Шықпайма шын қысылса сөзден өрнек,
Сол құрлы өзімізді қорламалық.
Тамшыдан тама берсе дария болып,
Кетпей ме ақырында ол молайып.
Таңжарық Жолдыбаев машһүр атым,
Белгілі алты алашқа жазған хатым.
Пенде боп дүниеге келгеннен соң,
Тірлікте не көрмейді адамзатың.
Бұл жалған ешкімге де жолдас емес,
Әншейін бір бес күндік көңіл шатың.
Көңілді шат қылар деп сайтанға еріп,
Осы ма дүние сенің махаббатың.
Бұл күнде мүсәпірлік басқа түсіп,
Ашынып, арыз-мұң қып жазған дәтім.
Шығыппын бей сағат күн биыл үйден,
Берер ме ақыр жалған бірер сәтін.
Дүние, әлеміңе созамын қол,
Адасқан мен бір ғарып таба алмай жол.
Торланып біздің басқа түсті тұман,
Айықсын алдағы күн, тілегім сол.
Сыртым сау, ішім түтін қапалықпен,
Бұл күнде көңілім жүдеу, қасіретім мол.
Тереңге түсіп кеттім, ұстар тал жоқ,
Ел-жұртым, есіңе алып, жәрдемші бол.
Жайлаған шалқар көлді аққу едім,
Шынымен қараңғы үйде болдым ба қор.
Шынымен шырмадың ба шіркін қырсық,
Арылмай аңдып жүрген не деген сор?!
Көп кезген қасқыр түсер қақпанға деп,
Кез болды мен сорлыға қазылған ор.
Шарықтап көкте жүрген ақ сұңқарға,
Оралса оңай екен жайылған тор.
Деуші еді қысас кетпес дүниеде,
Кетер ме осы кезде бір келмей ол.
Ел-жұрттың өлең жаздым атын салып,
Қайғының ақ қағазға хатын салып.
Тар қуыс, тас зынданға түстім міне,
Қайрылған қанатынан құстай талып.
Келген соң жұмыр басқа амал бар ма,
Отырмын ақ алмастай тілді жанып,
Қапалық, қайғы, қасірет, уайыммен,
Жүрмедім анық бір жыл шөлім қанып.
Жамбылда зындан бар деп естуші едім,
Отырмын үйір болып, енді танып.
Көз көрді естігенді анық болып,
Үйрендім абақтыға қанық болып.
Жатырмын енді шықсам көрусіз боп,
Хал-жайын түрмеңіздің танып болып.
Үстінде жатқан үйдің көздей тесік,
Күн шалмай кетті беттер шарық болып.
Зар болып бір көруге дос-жаранды,
Жатырмын жау қолында ғарып болып.
Мінеки, абақтыңды қылдым мекен,
Айналып дүниежүзін шарып болып.
Бит, бүрге, қандалалар қанды сорды,
Қасынып жатқаным жоқ қарық болып.
Етін жеп, қанын сорып, құр сүйекке,
Жабысқан терім кетті қабық болып.
Бұлдағы бір өсиет болсын жұртқа,
Жайылсын қырдағы елге дәріп болып.
Ақыры тиянағым осы болды,
Қиялдың қиырына барып болып.
Күңірендің қараңғыда қайран халқым,
Кек қалсын ұрпағыңа анық болып.
Тоздың ғой тоз-тоз болып томашадай,
Қорландың ақыл-естен танып болып.
Бізге де таң ататын күн бола ма,
Сұм көңіл көтеріліп, жарық болып.
Керегі жоқ ер басына не келмейді,
Бір нәубет келген шығар тарих болып.
Құтылмас көптен қоян қамалаған,
Қар болмас ер, дұшпанды табалаған.
Мысалы айдың нұрын азайта алмас,
Аспанға құтырған ит абалаған.
Алды-артын зейін қойып түгел ойлап,
Жігіт жоқ, өзін-өзі шамалаған.
Көре алмай күншілік қып жүргендер көп,
Жете алмай атын басқа сабалаған.
Көбіктей су бетінде көлбеңдеген,
Қалып тұр қазір көңіл заманадан.
Құзғындар жем іздеген қоршай түсті,
Қасқырдың қалды азы таламаған.
Ит екеш ит те еркелеп алдап бізді,
Соларды іс жүзінде сағалаған.
Бес күндік байлауы жоқ сасық жалған,
Бар ма екен малы-басы аман адам?!
Жарамас қалам алмай жатқан, Тәке,
Көбейді сырттан дұшпан сатқан, Тәке.
Аңдамай аяқ басу қатер екен,
Жолықты жолға құрған қақпан, Тәке.
Ашуда темекіңе құмар қанбай,
Алмасты ашырқанбай тартқан, Тәке.
Тартынба бір есептен жаудан, Тәке,
Болса да бастан бағың ауған, Тәке.
Қызық көп өмір болса көретұғын,
Біткен жоқ осыменен саудаң, Тәке.
Ей, Тәке, құлағың сал мына сөзге:
Қызығып жүргенім жоқ пұл мен бөзге,
Көңілінде көздегенің шын әділдік,
Ойласам арманың жоқ одан өзге.
1926 жыл, Іле түрмесі
АРМАНЫМ МЕНІҢ
Арманым – әттең дүние, халім менің,
Болмады-ау сөзім күшті, малым менің.
Босаға кедейдікі, төр байдікі,
Қайнайды сол жеріне қаным менің.
Бұл күнде тіл сөйлемей, пұл сөйлейді,
Шыдайды бұған қайтіп жаным менің.
Тон келте, жүнім сұйық, құйрық шолақ,
Жетіліп бір шықпады жалым менің.
Бір атты өзім мінсем, басқаға жоқ,
Жетеді неменеге әлім менің.
Баспана – жыртылған қос, сауын жалғыз,
Не болар кемпір менен шалым менің.
Аударып феодалдық өктемдікті,
Қай уақытта атар екен таңым менің.
Қапаста шырылдаған бозторғаймын,
Бұлбұлдай естілер ме әнім менің.
Есе алса езілгендер зұлымдардан,
Түрленер еді сонда сәнім менің.
Көксеген арманыма жетіп өлсем,
Шірімес қабырда да тәнім менің.
1926 жыл, Іле түрмесі