Алпысбай аҚалаҚшыҒа
Таңжарық қағаз бетін қаралаған,
Шимайлап дүниежүзін саралаған.
Жасынан жаһан кезіп, ел қыдырып,
Белетсіз бекет басып аралаған.
Аяғы көп жүрістің мынау болды,
Бұралқы, ұры төбет жаралаған.
Алысып, құлақтан ап жатқан күнде,
Алпысбай шық деуге де жарамаған.
Айтамын оның несін сұрақшым деп,
Жатқанда жау қолында қарамаған.
Тағдырдан қаза келсе кім өлмейді?
Дәм тұзы бітпеген жан түк өлмейді.
Сәлем де Алпекеңе, тірі болсын,
Менімен тіпті дербіс түгемейді.
Жалғыз-ақ қойшы құрлы болмадыңыз,
Қойшы да баққан қойын түгендейді.
Айтар сөз толып жатыр жамандасам,
Дәм тартып аман шықсам амандасам.
Бір жылға жүз қой алып, неге бақтың,
Есебін бес жүз үйдің таба алмасаң.
Сұрауға бес мың үйді айласы бар,
Мақсұтқа өткізіп бер баға алмасаң.
Бұқараң қай жеріңе мәз болады,
Басына келген дертін қаға алмасаң.
Бұл менің ит те болса бұқарам деп,
Бір кезек нең кетеді хабар алсаң.
Пәледен ағартсаңшы сарапшыдай,
Жасымнан көруші едің арабшыдай.
Ат зорға сәулетіңді тартқан менен,
Болмадың қойға тіккен қарақшыдай.
Машекем қатарынан озып еді,
Дәулеті бұқараның қозып еді.
Дәуірлеп дербіс елі тегіс байып,
Құлашың татыраңға созып еді.
Бірдей боп бас-аяғы бес жүз үйдің,
Шапқы мен Телқарада бөжіп еді.
Аяғы Самарқанда басы Қашқар,
Қолыңа тиген дербіс тозып еді.
Тоздырдың, қанды қолды салып еді,
Сол күнде – пиғылыңды танып едім.
Қылдың да айтқанымдай шыға бердің,
Қызығып Құттыбайға қалып едің.
Тауыстың қой-қозыны қонып жүріп,
Құртсам деп пышағыңды жанып едің.
Байы өлген бір қатынды байға қоссаң,
Биеден бір құлынды алып едің.
Келер деп сенен опа ойға алмаймын,
Сонда да сені ойламай қоя алмаймын.
Дербіске бір жақсылық көрсетпесең,
Аюдай айбатыңа тоя алмаймын.
1926 жыл, Іле түрмесі
АДАЛДЫҚ ПЕН АРАМДЫҚ
Таңжарық қалам алса бөгелмейді,
Сұм көңіл жарық көрмей кенелмейді.
Көңілді қайғы басып қалса керек,
Қаламым бұрынғыдай жөнелмейді.
Сабыр ет бұған, Тәке, түк жасыма,
Басына ер жігіттің не келмейді.
Дүние алса сені уысына,
Сияр ма несібең ыдысына.
Жайраңдап кеше жүрген ер Тәкеңнің,
Қараңдар бүгінгі күн тұрысына.
Сұм жалған неге мұнша болдың таңсық,
Қалғансың әркімнен-ақ бекер қаңсып.
Әншейін азғана күн алдап жүріп,
Құйрықты кеттің міне қарға шаншып.
Пайда жоқ, қорлығы көп, саз дүние-ай,
Кешкенің кешке дейін сары су, шалшық.
Жұғады аяғыңа кетпестей боп,
Жеріңнің басқан-тұрған бәрі балшық.
Жабысқан денедегі нәжістерді,
Отырмыз арылта алмай қолмен аршып.
Кезінде жастық дәурен, есіл шақтың,
Еліріп, жел боп соғып, су боп ақтым.
Сабы алтын, жүзі болат ақ алмастың,
Жете алмай қадіріне тасқа шаптым.
Асылдың қолындағы нарқын білмей,
Аямай ақ күмісті мысқа саттым.
Шашқан оңай, жинаған қиын болып,
Мінеки аз күн зарын тартып жаттым.
Сөзімді қысқашалап ұқтырайын,
Аузын аша бермей ала қаптың.
Тұрғанда мылтық қолда, оқ белімде,
Болжамай түсер жерін аспанға аттым.
Делқұлы, дегбірсіз боп жүрген күнде,
Екі уыс екі жерден бидай таптым.
Бидайдың біреуі адал, біреуі арам,
Салдым да таразыға өлшеп бақтым.
Салмағы екеуінің бірдей емес,
Таңырқап, мұны көріп таңдай қақтым.
Аяғын әбден тыңда осы кептің,
Пайда алып, қайсысынан зиян шектім.
Дәмімен тұқым қылып, пайда алмаққа,
Екеуін екі бөлек жерге септім.
Жайқалып көгі бірдей өсіп шықты,
Көңілімде бай болдым деп шаттық еттім.
Қайтқанда ел жайлаудан орайын деп,
Артынып азық-түлік қайта жеттім.
Жетіліп адал бидай піскен екен,
Арамның түрін көріп шошып кеттім.
Құрт жепті, құс шағыпты, шөп басыпты,
Қараңдар пәрменіне құдіреттің.
Адалдан ырыздықты алып қалдым,
Арамнан түк ала алмай қалып қалдым.
Табылса бәрі пайда деп ойлаушы ем,
Тексеріп осы жолы танып қалдым.
1926 жыл, Іле түрмесі
ТҰТҚЫНДАЛУ
(Құлжадан Үрімжіге айдалу)
Жарандар, құлағың сал кеңесіме,
Қайғының мініп тұрмын кемесіне.
Отырмын құйрық қойып осы күнде,
Үш қырлы қасіреттің шегесіне.
Халықтың қамын ойлап, жырын жырлап,
Түсем деп мұны көрдім егесіне.
Айтуға бар сырымды аузымды аштым,
Жасырып қоймайын деп өңешіме.
Шығар жан аузыңа таяғанда,
Тірліктің түспес болмас тіресіне.
Арамды алып келіп аузыңа сап,
Қоймайды шайнап, жұтып жемесіңе.
Еріксіз еңірейсің, қиналасың,
Егіліп, кетсе түсіп ел есіңе.
Құйқаның ашта жеген дәмі кетпес,
Барады көзден кетіп елесі де.
Бұл күнде біз қайғыда, қулар аман,
Халықтың шай қайнатқан төбесіне.
Құсада қиялданып, ой тербейсің,
Қол ұстап көз жетпеген көмесіне.
Шалдыққан көңіл жүдеу, тәнім арық,
Болғандай су шайқалып, кеме ғарық
Сұм бастан, ақыл қашқан, қиял басқан,
Тітіреп улы оймен, жүрек қарып.
Жалғаннан жанжалы қып, күдер үзді,
Қайда деп енді бізге сәуле-жарық.
Қысқа күн айдай болып, түнім жылдай,
Таң ата көз ілінер барып-барып.
Жүгіріп жүріп жүйрік қиял ойдан қырға,
Келеді талып ұшып дүние шарып.
Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы,
Айырым ешбірінде болмас парық.
Сұңқар кім, сұлтаның кім, тұлпарың кім,
Бас-аяқ, бүйрек-сирақ бір-ақ нарық.
Дүниені сапырғандар ұрттам суға,
Зар болып жатыр шөлдеп, қанбай сарық.
Түрмеде көргенімді түгел жазсам,
Болады жастарға үлгі, өшпес тарих.
Қиын ба қисса жазу қолға алынса,
Ашулы ой, ары-бері толғанылса.
Кетпей ме кекті қалам, кегін жазып,
Істерін көрген-білген болғанынша.
Талмайды көз қараудан, тіл сөйлеуден,
Жан кетіп, нұрлы денең солғаныңша.
Жоқ деген аққа зауал – бәрі бос сөз.
Бақ қайтып, қырсық шалып, сорланылса.
Ер жігіт еріксізден езіледі,
Екі рет қайғыменен торланылса,
Жайыңды жақын тартып айтқан «досың»,
Дайындар өз көріңді ол не қылса.
Жабу жоқ, жасыру жоқ, жан ашу жоқ,
Ашпақшы титтей мінің болжанылса.
Бір табақ ас орнына сені сатып,
Пайда сол бірер тойып олжа қылса.
Бұл күнде айтқан сөзде тұрған жан жоқ,
Ант ішіп, уағда қып қол қағылса.
Көрініп көзге момын жүргендер көп,
Халықтың қамын жеген қормалынша.
Аз жазып қысқаша өмір тарихымды,
Кетпекпін ойлап алған формалымша.
Жақтырса жастар алып оқып жүрсін,
Ахмет, Міржақыптың жорналынша.
Ер жеттім салқын тауда, салып сауық,
Ойда жоқ қайғы, қатер, қаза, қауып.
Қазақтың бұрынғы өткен қылықтары,
Кетеді еске түсіп ауық-ауық.
Қазағым екі жүз жыл ар жағында,
Тоздырған бірін-бірі жауша шауып.
Жосыған үріккен қойдай таумен тасқа,
Жан бағып, балдырған жеп, қайың сауып.
Қазақтың сол сергелдең дәуірінде,
Жоңғарға келген үркіп Қызай ауып.
Бәйеке, Сасан, Боқаш бастап келіп,
Іледен орын алды мекен тауып.
Сондағы әдет-ғұрып, сана-салтын,
Кетейін оны ашпай-ақ жылы жауып.
Білгеннің сөз қатесін айып етпе,
Шақырған бейуақытта мен бір тауық.
Білгенің сөз қатесін кешірім қыл,
Оқылса ажыралмай «р» менен «л».
Күнелткен сөйтіп жүріп қазақ-қырғыз,
Секілді қорыққан қоян, үріккен шіл.
Ілені Қызай келіп жерлегелі,
Болыпты сонан бері жетпіс бір жыл.
Бәйеке, Сасан, Боқаш – ерлер қайда?
Кім қалар жолға түспей фәниде бұл.
Бәрі де жақсылардан келеді өтіп,
Секілді жесір қатын дүние тұл.
Өлмек – ақ, тумақ – парыз, білмек – сүннет,
Мұхамметке үмбет пенде, құдайға құл.
Сілекем, Мақаң, Дәкең, Нақаң қайда?
Туылмас қазаққа енді олардай ұл.
Құтпанды Алпекең мен Зыгуаң қайда?
Оңғанын дүниенің осыдан біл.
Машекем, Ыстекең мен Естекеңдер,
Кемеңгер бұлар қайда ақылға ніл.
Бұлғыншы, Жәннет, Шідер, Мұқа қайда?
Сөзімді миың барың құлағыңа іл.
Күнболат, Кәдекең мен Түкең қайда?
Ту ұстап жұрт бастаған мініп дүлдүл.
Молдажан, Демеу, Мазақ, Оразалы,
Бердіке – бұлар қайда өңкей бұлбұл.
Айтмамбет, Қожабек пен Тастандылар,
Халыққа аты шыққан бұрын дүр-дүр.
Жобалай, Төле зәңгі, Жапам қайда?
Қалдырған халыққа үлгі өлең мен жыр.
Кешегі қос Керімбек, Қуан қайда?
Дұшпанға жібермеген намысын бір.
Нұрсалбек, Тұрсынбай мен Барақ қайда?
Дүние білдірді ме битмідей сыр?!
Дін ашқан төрт Қызайға Шілбі қайда?
Ұмыт болып барады асқан соң қыр.
Ойласам міне қазір осыларды,
Алдымда ажал шіркін елестеп тұр.
Туған соң ақ өлімге байлаулы бас,
Ажалды ертелі-кеш еске ала жүр.
Өтпекші әне сондай бұл дүние,
Тұрлау жоқ, байлау-матау белгі жүйе.
Мал, мансап, аз өмірге қалма алданып,
Қалады жусаң кетіп жұққан күйе.
Дүние түгел тұрмас, түгесілмес,
Болады біреу кетсе, біреу ие,
Жалғанды аз болса да тату өткіз,
Пәкізе, дәмді тамақ, киім кие,
Ажалға ешбіреуі болмас себеп –
Жиған пұл, айдаған мал, сауған бие,
Өмірден өрдегідей хабарым жоқ,
Құр қалған бойға сеніп мен бір түйе.
Бірінде сол кезектің мен де тудым,
Қызырлы Қызай деген елде тудым.
Орнына бір адамның ие болып,
Дейтұғын Күңес, Шапқы жерде тудым.
Ойпаңнан қырға ұмтылып, өрге келдім,
Жол тауып, ептеп жүріп төрге келдім.
Істеуге ұлт қызметін талап қылып,
Айналып Құлжа шаһар көлге келдім.
Тәтті, ашты, кейіс, бейіс маған бір бәс,
Демеймін көлден шығып, шөлге келдім.
Жалғыз-ақ көргенімді ұқсын халық,
Қалайша осы қуыс көрге келдім.
Дубанның болып тұрған заманында,
Қызайдың мал мен басы аманында.
Алдымен Махсұтты ұстап алып кетті,
Қайғыдан еш нәрсе жоқ хабарында.
Бастықты елден қалған және ұстады,
Мақсаты құрал жинау амалында.
«Дәйбиау» деген атпен келіп жатты,
Дубанның қара қақпа қамалына.
Артында шаршы шпион уяндардың,
Қалды ғой қазақ байұс табанында.
Қазақтан шықты тыңшы қанша «батыр»,
Әрбірі бес жүз үйлік елге татыр.
«Бар екен тыққан мылтық, бересің» деп;
Жетпіс пенен сексеннен қамап жатыр.
Уголин, фудүйжаңы заты мұжық,
Жәдігөй жолдастары, ылғи бұзық.
Сойғандай қуанып жүр қызыл түлкі,
Қазақтың қанын ішіп, басын мүжіп.
Қинады жүз қазақты бір шпион,
Өтірік материал беріп, сызып.
Шыңғыртып, шыныңды айт, деп сабап-ұрып,
Маймылды ойнатқандай көрді қызық.
Дегенді «ұлтшылдық жоқ» мүлде ұмытып,
Кірістім қазағыма қаным қызып.
Кеңестік бас құрасып екі кісі,
Бұл қылған біздің ішке сыймай ісі.
Мұқалмай тоқтасын ба тасқа тимей,
Егелген ызаменен ердің тісі.
Мәлімдеп болған істі қойып қалдық,
Сылиңның жетеді деп бұған күші.
Ата деп, сылиңым деп біз жүргенде,
Кеселдің сондай екен бір жақ ұшы.
Барып ек елдің қамын ескерсін, деп,
Залыңды ел бұзушы жек көрсін, деп,
Яусылиң оқып көріп түсінген соң,
Беріпті гүңәнжүйге тексерсін, деп.
Жазғанбыз қылғандарын бірден санап,
Қуларды езіп жүрген жұртты қанап.
Гүңәнжүй сылиң жақтан қауып етіп,
Шығымшы шпионын қойды қамап.
Жазғанбыз ұқаннан соң істің дәлін,
Өзінің өз адамы кетірді арын.
«Саяси ісімізді былғады» деп,
Дубанға бізді баулап қыпты мәлім.
«Сұрасын бәрін қамап, тексерсін» деп,
Беріпті телеграмм Дубан залым.
Екісі екінші айдың, жұма күні –
Қамады мені айдап кеп, жазға салым.
Тар көрде, жаттым жалғыз – жеке дара,
Емеспін ең болмаса екеу ара.
Арбамен алып келе жатқанында,
Жолығып жол жөнекей көрді Сара.
Барады ішім мұздап, жаным сезіп,
Лаж жоқ, өкіметке бар ма шара.
Келемін шошымай да бір жағынан,
Өзіме болмаған соң ісім қара.
Біле алмай Саражанға не дерімді,
Сұм көңіл болып кетті отты шала.
Еркелеп әдетінше жол үстінде,
Бұрылып қарап тұрды, әлгі бала.
Әкеме жолықтым деп күліп кетті,
Білмеймін бала нені біліп кетті.
Басымды бара бер деп изеген соң,
Қуанып базар жаққа жүріп кетті.
Артыма қарай-қарай бол деп аман,
Көрінбей бір өксідім кеткен заман.
Егіліп іші-бауырым, төктім жасты,
Келмекші содан басқа неге шамам.
Сонымен келіп жаттым түрмесіне,
Аруағы қолдай көр деп Қызай анам.
Кіргізді ертесінде көрпе-жастық –
Бәти кеп, біліп тұрмын кешке таман.
Жал-жая, қазы-қарта келіп жатыр,
Кіргізіп келген заман беріп жатыр.
Соқпайды менің көңілім тамағына,
Қызығын күзетшілер көріп жатыр.
Қарайтын бір бала бар қабағыма,
Кіргіздім «дәріс» беріп сабағыма.
Ет пен май, жерге ауыз жоқ, толып жатыр,
Мейлінше тойғызамын тамағыма.
Көнеді, аты Мәжит тіліме еріп,
Бар күнде таниды екен басымда ерік.
Барлығын Әлғазының оны да айтып,
Тұрады үй жағымнан хабар беріп.
Ол жерде жақыным жоқ, одан өңге,
Жүрген соң шын досым сол өзі жөнге.
Бар екен адам білмес бір түрмесі,
Бір түнде алып жүрді Топа дөңге.
Арбамен алып жүрді түн ішінде,
Дыбысың жоқ сылдыр-тықыр жүрісінде.
Кімсің деп бір мұсылман жауап қатты,
Кәмерге қадам басып кірісімде.
Бір орыс, бір ұйғырмен екі-ақ адам,
Олардың танымадым бірісін де.
Біреуі Янковский Перен доқтыр,
Дей салдым – «здрасти» тіл үшінде.
Шаш алғыш – Темір ақын дейтін бірі,
Ол мені таниды екен «тірісінде».
Қарсы алды: «Кел, Таңжарық әпендім» деп,
Қате жоқ бейшараның білісінде.
Үй жолдас үшеуміз болдық тамыр,
Жатырмыз амандасып абыр-сабыр.
Әлғазы екінші үйде, мен төртінші...
Бар екен бас-аяғы жеті кәмер.
Дұшпанды ішімізден жаттық боқтап,
Адам жоқ келетұғын бізді жоқтап.
Біле алмай қайда екенін үй адасып,
Бәрі де тамақ-киім қалды тоқтап.
Ақпан, наурыз екеуі қабат өтті,
Мезгіл кеп ыстық болар, суық кетті.
Төртінші ай – сәуірдің үші күні –
Фалинов – Мұқанбаев тағы жетті.
Шәуешек, Үрімжі, Алтай, Баркөл, Құлжа,
Сөз қозғап бес аймақтан дүрілдетті.
Шақырып алып барып етті сұрақ,
Жатырмын ойдағымды мен де құрап.
Біле алмай не айтарды толғанамын,
«Айт» – дейді қалдырмастан шатпай бірақ!
Ойда жоқ жатыр айтып қайдағы істі,
Ері жоқ, тұрманы жоқ жайдақ істі.
Сөз байлап түгел ауып қашпақшы боп,
Бар қазақ сендер бастап сыбайласты.
Шәуешек, Үрімжі, Алтай, Баркөл, Құлжа,
Бәрімен болып шықтым байланысты.
– Алып тұр Алтайжақтан Әбеу хабар,
Амалын Баркөл жақтың Шәмси табар.
Құсайын Үрімжіден саған келген,
Кісің көп мұнда сенің елге шабар.
Бұл істі Махсұт құрған басында алғаш,
Бір қазақ Махсұт айтса кірмей қалмас.
Бастап жүр ол кеткен соң Жайырбегі,
Олардың қайсы қазақ тілін салмас.
Білесің соның бәрін ішінде өзің,
Қай қазақ саған келіп ақыл салмас.
Таратып жатасың сен ұйшұмадан,
Кетеді бірден-бірге бәрі жалғас!
Шақырдың алтыншы айда қырдағы елді,
Құсайын Үрімжіден мұнда келді.
Сәлиін Қожабектің тартып алып,
Қызайдың бастықтары жәрдем берді.
Күш берген Құсайынға сен емес пе,
Халықтың Құлжадағы көзі көрді.
Жабықбай қымыз әкеп, сойды тоқты,
Жайырбек «пұлменен» деп кеуде соқты.
Қызаймен еселесіп сөйлесе алмай,
Деді де қалды қырғыз «амал жоқты!».
Жүн болып кетпедің бе Қызай бүтін,
Шаңдаттың новый городты қылып түтін.
Қоршы мен Қанапия Әбеуді алып,
Екеуің Дәулеткелді қылдың бітім.
Міне бұл қылғандарың – күш емес пе?
Құтыртқан азулыны тіс емес пе?
Мал, мансап, жуандықты жұмсағаның –
Ұлтшылдық, заңға қарсы іс емес пе?
Бекер сөз сұрамаймыз сенен ағат,
Әбеуге жолықтың ғой неше қабат.
Алдында сілеңбудың – көк көпірде,
Екеуің сөйлестің ғой екі сағат.
Ол тыңдап сен сөйлесең барған сайын –
Майдалап ағызып ең тілдің майын.
Жасырмай соның бәрін бізге айтып бер,
Сөйлестің ташклаттың қандай жайын.
Сауалым саған қояр әзірінде,
Білесің істің ауыр, нәзігін де.
Албан боп Қызай, қырғыз не сөйлесті,
Өткен жыл Естеместің нәзірінде?!
Білесің соның бәрін, құлағыңда,
Бас қосқан адам аз ба бір ағымда?
Тай сойып Күнес елі не сөйлесті,
Өткен жыл Бататардың бұлағында?!
Қылдыңдар үкіметке қарсы қаулы,
Шыныңды айт рас іске болма даулы.
Махсұттың ақылдысы сен емес пе ең,
Ежелден сенің орның Сасан аулы.
Түрмеге тыныш жүрсең кіресің бе?
Ішімде сайрап бәрі, тұр есімде.
Үкімет бекер кімді қамап жатыр,
Құсайын неге ұсталды, білесің бе?
Таптыңдар ташклаттан міне пайда,
Құсайын, Әбеу менен Шәмси қайда?
Келмейді біле тұра осыны айтқың,
Кеп кеткен Әбеу не ғып шілде айында.
– Бұл істі маған айтып қылма кесім,
Алдауға жас балаша шықпайды есім.
Шәмсилер, Махсұт, Әбеу өз қолыңда,
Бұл істі сұрайсыңдар менен несін?!
Ол рас – Әбеу келген шілде айында,
Сылиңбу жатты тосып деген жайда.
Сөйлестік, бардық, көрдік, сәлем бердік,
Бөтен сөз одан басқа болу қайда?!
Нәзірде ат шабады, палуан салып,
Тамаша іздеп барады барша халық.
Ішіп-жеп, сауық құрып қайтып кетпек,
Ұйым құрған ешкім жоқ оған барып.
Той болса, нәзір болса жиналады,
Келген ел құрметімен сыйланады.
Сол жерде ұйым құрдың деген сөзге,
Шыдамай шыбын жаным қиналады.
Сонымен, алты ай жаттым Құлжасында,
Пендесін мендей мұңлы қылмасын да.
Зынданын қамағымен бірдей көрдім,
Құс келе келіп едім жыл басында.
Нақақтан мұндай күйге түсіп кеттім,
Қапалық, қайғы-уайым бір басымда,
Сауысқан, құзғын, құмай, ит пен қарға,
Телміріп жемтік іздеп тұр қасымда.
Денсаулық әзірінше біраз күшті,
Ауыр күн жан көрмеген басқа түсті.
Үйдегі қалғандарға мәлім емес,
Біз көріп жатқанымыз мұндай істі.
Ноқтаға азат басым ілінді ме?
Болары қандай заман білінді ме?
Насырдай тасқа шапқан тасырлатып,
Құлагер құр құдыққа сүрінді ме?
Күтпеген кім жаудырды бұл азапты,
Тесіктен екі көзді сығалатты.
Өртеніп қапалықта күйікпенен,
Дәт қылып ашып жаттым құмалақты.
Есті алып, айла-ақылдан қылды тұлдыр,
Бу басқан мұнарланып, өмір бұлдыр.
Құмалақ ақ сөйле деп отырғанда,
Шарт етіп ашылды есік шалдыр-шұлдыр.
«Таңжаликы шилай!» деп ағысыспен,
Күзетші сөйлеп кетті балдыр-бұлдыр.
Тұра кеп апаш-құпаш киінгенше,
Қылтама екі тепті құдай ұрғыр.
Тұрса да құмалағым төрттен түсіп,
Маңдайдан ағып кетті терім құрғыр.
Уголин келген заман Фалиновтар,
«Таңжарық» десіп жатыр құлдыр-құлдыр.
Басқа жоқ, олар екеу, мен бір өзім,
Келісіп алған екен сұрар сөзін.
– Господин, ну, Тандыжарик, как жизнь!
Солай деп сықситты ол шегір көзін.
– Хорошо, ничего деп тұрдым қарап,
Қайдағы улы қиял бойға тарап.
Қан-сөлсіз, сусыз, нәрсіз шөл қайыңдай,
Сарғайып байлаулы аттай тұрмын жарап.
– Господин, но, Тандыжарик, шынды айтасын,
Айтпаған шынды бізге кімге айтасың?!
Құтылам сылтау айтып деп ойласаң,
Пәлені басыңдағы ұлғайтасың.
Осындай сасық қиял ойыңа алма,
Мойныңа үзілмейтін түсті шалма.
Құтылам сылтау айтып деп ойланып,
Соңында бармақ шайнап ғапыл қалма.
– Олар онда, мен мұнда – ұйшұмада,
Осы сөз құлағыңда тұрсын дана.
Екеуінің пәлесін маған жауып,
Орынсыз қинауларың қисына ма?!
Әбеу мен тұтқындадың Махсұтыңды,
Оларды алып көңілің жақсы тынды.
Олар үшін жанымды тозаққа өртеп,
Таңдайыма татыттың ақ сүтімді.
Төрт айдай бір тынбастан зар жылаттың,
Мен алғандай боп тұрмын бас құтыңды.
Күнді түнге жалғайсың, түнді күнге,
Жақсы күн көрсетпедің, жақсы түнді.
Біздің қазақ білмейді ташклатты,
Қайсы қазақ төбеңнен тас құлатты?
Ойдан пәле ойдырып зарлатасың,
Екі көзден ағыздың жас бұлақты.
Жауабыма кетті олар қапаланып,
Төрт көзі қатарынан от боп жанып.
Қинаудың қинауларын бастап кетті,
Қолға көзір, басыма құрсау салып.
Қинаудың оты түсіп өзегіме,
Ұқсадым аттың қуқыл тезегіне.
Айналып ретімен сұрағанда,
Келіпті бір қытайдың кезегіне.
Өрт жүрді жерге пәле тау жанатын,
Адам жоқ мұнан бүгін сау қалатын.
Жылы жүз жігіт екен қойдан қоңыр,
Қытайша орысшаны аударатын.
Тат басқан шерлі жүрек, кірлі күнде,
Көргенім менің жалын бір бүгін бе?!
Елжіреп көрген жерден жан күйдірді,
Ол мені таниды екен тірлігімде.
Қайғыма ортақтасып, көңіл бұзып,
Отырды басын сипап, қағаз сызып.
– Бұяужың, бұхайпа – деп сүйеп барып,
Қойды әкеп орындыққа отырғызып.
Мейірімді жақсылығын көзім көрді,
Ағыздым нұрлы жүзден жас пен терді.
– Мұңайма, ер басына не келмейді,
Шуян деп темекісін әкеп берді.
Жеткенде аналардан сондай зақым,
Көрінді бір туғандай әлгі жақын.
– Жерлесім, жыныстасым, қытайым деп,
Елжіреп жылап кеттім құдай ақын.
Кезегі екі сағат толып қалды,
Фалинов келер кезі болып қалды.
Фалионов кеп, ол шығып кетерінде,
Көңілім тағы жүдеп, солып қалды.
Отырды үш кісімен Фалинов кеп,
Тартысып темекісін, бөлкесін жеп,
Жалт қарап, жан таптырмай кетті ақырып,
– Қолыңда көзір қайда, кім алды? – деп.
Қарадым медеу көріп әлгі жақты,
Ол сөйлеп орысшалап судай ақты.
– Екінші бос қойыңдар, салма көзір,
Мен алдым – деп кеудесін бір-ақ қақты.
Бұл жерден қытай кетті анау қалып,
Тастады жақсылығы көзірді алып.
Тікемнен тік тұрғызып қақитты да,
Баяғы таз кебіме қойды салып.
– Жауапты қалай, Тәке, топшыладың,
Қасарып қырсығың да көп шыдадың.
Қазір-ақ етбетіңнен түсіреміз,
Қаншалық болса-дағы ол шыдамың.
Ойлан сен, бар ма, жоқ па баста миың,
Әлі де аз боп тұр ма көрген сыйың.
Махсұттың ақылшысы сен болмасаң,
Махсұт қайтып құрады жалғыз ұйым.
Мен сенің мән-жайыңды тегіс білем,
Біріңменен біріңді беттестірем.
Сен бізді көзге ілмей көлбеңдеме,
Асықпа, өлгеніңе көрістірем.
Бұл жерге істемейді шешендігің,
Кесірін талқандаймыз кеселдінің.
Көрсеткен өкіметке қарсылығың –
Татымсыз артта қалған мешеулігің.
– Төрт айдай менен сұрап сұрағыңды,
Қараңғы зындан қылдың тұрағымды.
Қарсы деп үкіметке күйе жағып,
Өшірдің жанып тұрған шырағымды.
Басыма таудай пәле келтірсең де,
Құтымды қалған тағы кетірсең де.
Білмегенді білем деп айта алмаймын,
Мейлің сой, жалғыз оқпен өлтірсең де.
Мен сені елден ерек есті десем,
Шығанған зар-мұңымды естімесең.
Мен сенің қай жеріңе жұбанамын,
Жалғанша шыннан ары күшті келсең.
– Біз сені сұрап тұрмыз сылап-сипап,
Соған жарай аз емес сенде қиқақ.
Өз қылғаның өзіңе, өкінбессің,
Шара бар жіберуге бір-ақ ұйпап.
Ендеше, көрер күнді көр қыламын,
Тапалап табан асты жер қыламын.
Сайтанды бойыңдағы қағып алып,
Аруақпен көрде жатқан тең қыламын.
Отырар орындыққа шеге қақты,
Әдісін жанды қинау енді тапты.
Басыма көк темірдей құрсау салып,
Шыңғыртып шыбын жанды шырқыратты.
Танауға лазының суын құйып,
Қақалтып, көзден жасты бұрқыратты.
Торлады соқыр тұман төңіректі,
Осындай қорлықпенен өмір өтті.
Көбеге ине, үрпіме ши жүгіртіп,
Боздатты, зар жылатты, еңіретті.
Қинаудың неше түрлі сұмдықтарын,
Көрсетіп, айтқызуға «шындықтарын».
Қарайтын қабағыма кім бар мұнда,
Есімді бірде ұғып, бірде ұқпадым.
Басқа түскен пәленің,
Таба алмадым айласын,
Әлгі қытай бар болса,
Көрер ме едім пайдасын.
Досың қайсы, қане, кім?
Көрсет бүгін айласын.
Өтірік жеңді, шын қалды,
Періште қашты, жын қалды.
Жыламаған кім қалды,
Әділет, шындық қайдасың?!
Айтайын десем «дерек» жоқ,
«Рас болса» керек жоқ.
«Ұқпаймыннан» бөлек жоқ,
Ұрсын, соқсын, байласын!
Түсі суық сұрақшы –
Адам емес албасты.
Түрінен баста-ақ шошығам,
Жауабын көріп алғашқы.
Ұшы, қиыры жоқ пәле,
Біріне-бірі жалғасты.
Тамшы су бойға тарамай,
Көңілді қайғы қам басты.
Көзімнің еті көлкілдеп,
Тартылып тамыр қан қашты.
Мойныма аз емес артылған жүк,
Мөлшері қанша тонна мыңдаған күп.
Нәр татпай, ұйқы көрмей, күлкі көрмей,
Тұрғызды қанша сөтке тікемнен тік.
Кеудемде шыбын жаным шығар-шықпас,
Құлағым саңыраудай дыбыс ұқпас.
Адастым ақылымнан есім ауып,
Бозарып сұрқым кетті аруаққа ұқсас.
Жеті күн, жеті түні өткенінде,
Жығылып неше талып кеткенімде.
Суық шай жарым шыны жұтқызды әкеп,
Талықсып енді өлім жеткенінде.
Бір кезде жан кіргендей тұла бойым,
Мең-зең ғып бас көтертпей жатыр шойын.
«Қой, Тәке, бүйтіп өлмей, жан қорға» деп,
Түртіп қап мынаны айтты назалы ойым:
«Өлесің бүйтіп жатсаң жұтады жер,
Түгеген өстіп жатып не сабаз ер.
Күйдіргі қайғы деген от емес пе?
Ол отқа мал болмайды өртенгендер.
Бір жөні кейінгі күн бола жатар,
Рас деп не болса да қол қойып бер».
«Не дейсің сасық қиял, құдай ұрған,
Былжырақ, бұл қалай сөз айтып тұрған.
Рас деп шындығыма қолды қойып,
Арт жақта келісер ме елді қырған?!
Ол менің таңдап алған ақтық жолым,
Адам да адам емес серттен тайған.
Жолында ақиқаттың өлсе арман не,
Ел үшін өліп кетсем болам құрбан!»
Жығылып естен танып еңіредім,
Қараңғы түнек болып төңірегім.
Ыңырсып, ызаланып, ішқұса боп,
Қайраймын тісті тіске, кеміремін.
Қалыңдығы төрт елі,
Отыз парақ құрандай.
Сауалдың түрін көргенде,
Орнымнан қалдым тұра алмай.
Қалам ұстап екеу тұр.
Қара шұбар жыландай.
Ақыл-есім булықты,
Не дерімді біле алмай.
Келіп ем сәуір айдың өтісінде,
Отырмын содан бері от ішінде.
Келісіп, жағаласып келіп жеттім,
Мамыр айдың жиырма жетісіне.
Қол-аяғым тұсалды,
Ненің күнін көремін.
Дегендей үміт менде жоқ,
Қайта қарғып тұрамын.
Тұрағым менің қай жерде,
Біле алмаймын дерегін,
Ит пен құсқа жем болып,
Қайда жатар сүйегім.
Өлі еттеніп, барт болды,
Кірген орын шегенің.
Қанды іріңге айналды,
Асты біткен көбенің.
Екі уақыт қара су,
Тататын менің қорегім.
Гауляң ұннан баттаған,
Шикі мома жегенім.
Қайнатып умаш береді,
Жүгерінің кебегін.
Артымнан іздеп-сұрайтын,
Жоқ болып тұр көмегім.
Халқым ғана болмаса,
Кімге бүгін сенемін?!
Күннен-күнге білінді,
Ауырғаны дененің.
Азаматы алаштың,
Қайран Тәкең мен едім.
Өліп кетсем артымнан,
Айтыла жүрер өлеңім.
Осындай қыл бұрауда жаттық төлке,
Қап болып ісіп кетті іштегі өкпе.
Қан қашып, жан арықтап, тәнім тозып,
Сабындай ағаш күрек болды желкем.
Қос тақтай астығымды қос мамықтай,
Етік-жастық, көйлегім болды көрпе.
Жанында дәрет шелек тамақтандық,
Ас ішпес кірлі аяқтан небір ерке.
Тілгілеп қаңсарыңды тұрады аңқып,
Шіріген шелек-дәрет оған бірге.
Ойпыр-ау, мын қорлық өлтіре ме?
Сұм қиял ойдан қырға тентіреуде.
Адасып артта қалған еркін күнде,
Мына өмір көпке ұзатпай келтіре ме?
Осымен күндер өтті, айлар өтті,
Еркіндік басымдағы қайда кетті.
Бұл жерге жоғарыдан бұйрық келіп,
«Құлжадан өлке-сыңға айда» депті.
Бір күні «көтер» – деді шыңлиынды,
Көресің сол арадан зор сыйыңды».
Жүгіндей диуананың буып-түйіп,
Арқаға көтердім мен шыңлиыңды.
Жан тозып, буын босап, жүрек үсіп,
Салбырап, бас иіліп, зәһәр ішіп,
Басымды қара бүркеу бүркеді де,
Кер баққан машинаға тұрмын түсіп.
Жөнелдім кері есекке теріс мініп,
Сұлулап шомын тоқып, келістіріп.
Фалинов дегеніне жетті бүгін,
Жібермек өлгеніме көрістіріп.
Сай сүйегім саудырап,
Омыртқаны опырдым.
Иықты басып дәу шынжыр,
Машинаға отырдым.
Құлжадан кеттік шығып бесінде енді,
Борандай заулап көңке есілді енді.
Сор жеңіп, дәулет қашып, бейнет басып,
Бұрышы бақ қалтаның тесілді енді.
Тағдырың бұл пәлеге жолыққан соң,
Басқадан үміт-тілек кесілді енді.
Құлжаға қош айтысып шығып кеттік,
Шоғындай оттың қызыл бұғып кеттік.
Өнген жер, өскен елден тірі айрылып,
Заманның сыр-сипатын ұғып кеттік.
Баяндай, Күре, Сүйдін кеттік өтіп,
Туған жер ұмыт болсын көзден нетіп.
Қоштасып орман, тоғай, мәлілерге,
Кеңсайға ел жатарда келдік жетіп.
Күнәһар екеу-ақпыз, біреуі ұйғыр,
Оны да келеді айдап дірілдетіп.
Дем алып, түнде түнеп, таң атқан соң,
Жөнелдік Талқыны өрлеп дүрілдетіп.
Зауладық машинамен ертең ала,
Құлазып, мұңайып тұр тау мен сала.
Қоштасты арыздасып бізге жылап,
Бар екен сол сақшыда Торғай бала.
Мұңайып тұрған кезде қайғым артып,
Жаныма тоқтау айтып, жақын тартып.
Әкеліп, темекі, шай бірге жылап,
Сол бала бір туғаннан болды артық.
Біздің күн қара тұман, жығы жылау,
Ағызып екі көздің жасын бұлау.
Езіліп-елжіресіп жылап тұрып,
Қоштасқан сол баламен сөзім мынау:
Қош айтам, інішегім, қасыма кел,
Қаңбақтай барады айдап толқыған жел,
Әлім сен, жыларым сен, бауырым сен,
Ішіме қапалықпен толды ғой шер.
Қызайдан жалғыз иіс сені көрдім,
Айырылып әбден қажып сынғанда бел.
Қызайдың баласымыз, атаң – Шағыр,
Ілені мекеңдеген төрт рулы ел.
Сол елден кімді көрсең сәлемімді айт:
«Айдауда барады деп көз жасы көл!»
Құлжада қатын, балам қалды үйімде,
Көрдім деп жөні келсе бір хабар бер.
Соны айтып қоштасқанда әлгі бала,
Ілесе жүрді бізге бірталай жер.
Егіліп, аузы «қошқа» әрең келді,
Жылап тұр сонда бізді бар көргендер.
Иіскеп, қолын алып айрыларда,
Көз жас та болып кетті төгіліп сел.
Жалғанда біздей мұңлы адам болмас,
Айырылып елден тірі байланған шер.
«Қош енді, бір Аллаға аманат!» деп,
Деді де қала берді-ау о, қайран ер.
Арда өскен асау кердей азат басым,
Осындай күйге салды-ау фәруар дигер!
Опасы аз дүние-ай,
Тұрлау, тұрақ сенде жоқ.
Осы күнді ойласам,
Қамсыз адам елде жоқ.
Қолшыл болып қашаған,
Рахатта жасаған
Бауыры бүтін бас аман,
Жыламаған пенде жоқ.
Ішім жалын өртенген –
Еңіреп кешке ертеңнен,
Қайғым қаты зертеңнен,
Табылар шипа ем де жоқ.
Кеткен бақыт келгенше,
Көп өмір босқа өтерсің.
Жақсылық тағдыр келгенше,
Қорлықпен күнім кетерсің.
Денеден кірді кетірсең,
Беліңді буып бекінсең
Түлеп өсіп жетілсең,
Талай жасқа жетерсің!
Өзің жүрмей сақтанып,
Түстің отқа қақталып.
Ал құтылшы ақталып,
Епті жігіт екенсің.
Сені жеңіп ол алса,
Мойныңа шынжыр оралса,
Бақыттың орнын сол алса,
Қандай лаж етерсің?!
Бұл емес, бұйрықтан,
Бас емес пәле құйрықтан.
Кендір жіптей ширыққан,
Жабысқан пәле екенсің.
Айтуынан хан тайса,
Туралықтан заң тайса,
Дос бұзылып жал тайса,
Міне бұған не етерсің?!
Ел мен жұрт, қатын, балаңды,
Ашты тағдыр араңды,
Шапайың мен сараңды,
Көре алмай кетер ме екенсің?!
Кез болды азат басым мұндай халге,
Еріксіз жетектегі ұқсап малға.
Лаусагу мен Іртайды қабат басып,
Кеңсайды өрлеп келіп шықтық жалға.
Бір шипа табылар ма дертіме ем,
Кебінсіз қыла көрме құзғынға жем.
Бостандық, басымда ерік бар күнімде,
Мен қашан жігіт едім құрбымнан кем.
Жүрсем де үйде-түзде, ойда-қырда,
Осындай әуре күйге жолықпап ем.
Дәл сондай мұң мен зарда жалға шығып,
Аз тоқтап, дүзге отырып алыстық дем.
Өткіздік сол сәттерді санап тұрып,
Жыңмома, тұзсыз сумен жарап тұрып.
Мұңайып-мұнарланып Іле жатыр,
Бұзылып кетті-ау көңіл қарап тұрып.
Аман бол, уа-дариға, туған жерім,
Білмеген қадіріңді қайран елім.
Аруағы ата-баба кетті қайда,
Ұрпағың болып кетті-ау телім-телім.
Көңкеге тағы міндік дүрілдетіп,
Безгектей тұла бойды дірілдетіп.
Біреуді ерте, біреуді кеш жылатып,
Сұм дүние жоғалтарсың бір індетіп.
Қам менен қайғы қиял, мерез ектің,
Жүректі мұздай тұнық, іріңдетіп.
Сұм қабақ ашылатын күнің бар ма,
Қамыққан қанды жүрек кірің кетіп?!
Жапанда жалғыз зарлап жылағанмен,
Естілер мұңым кімге, үнім жетіп.
Бес күнге аярлықпен алдап жүріп,
Сұм дүние құртқаның ба шын індетіп.
Айналып туған жерге келер ме екем,
Осымен сөнер ме әлде күнім жетіп?
Жайрандап жаққан шамдай туған елге,
Қосатын күн болар ма күлімдетіп?
Тоқтамай, дамыл алмай және жүрдік,
Осындай бір сергелдең дәурен сүрдік.
Тамыздың сегізінде дүйсенбі күн,
Үрімжі қаласына келіп кірдік.
Асылдың кім танымас нақ сынығын,
Заманның көріп тұрмыз тапшылығын.
Шихудан кіре қылып бірге түскен,
Ұмытпан бір дүнгеннің жақсылығын.
Түскенде басқа сонда заман ақыр,
Маңыңа жан жуымай болып пақыр.
Көрсетпей айдап жүрген залымдарға,
Әкеліп қант, тоқаш беріп жатыр.
Шекер де тоқта жеген дәм бола ма,
Қара су ашта жұтқан зәзәм татыр.
Үшінші түрмесіне алып келіп,
Тапсырып жолға түсті келген «батыр».
Тінтті келген жерден шешіндіріп,
Жылт етер түйме қоймай алды қиып.
Адамның қанбасы екен осы қора,
Тұр екен «меймандарын» мұнда жиып.
«Желекпен» келіншектей бүркеп басты,
Көрінер тұқыртқанда аяқ асты.
Күн түспес айналасы биік дуал,
Құм-шағыл ортасына төккен тасты.
Біреу жүр кілт ұстап, кердең қағып.
«Сақ бол!» деп анау оған қақты қасты,
Тапанша жамбасында бұлаң қағып,
Келді де төртінші үйді кілтпен ашты.
Итеріп «желекті» алып, үйге қарай,
«Жынгуды шуңди» деп зәһәр шашты.
Ендім мен тар есіктен зорға сыйып,
Кеудені сүле-сапа, әзер иіп.
Көз жайнап торға түскен арыстандай,
Булығып, буырқанып, қабақ түйіп.
Аузы тар, ені жалпақ, түпсіз үңгір,
Шатақ бар – қатты жөтел, түшкір, сіңбір.
Тебіскен жер қорада жылқыдай боп,
Етеді «іннің» түбі дүңгір-дүңгір.
Көз көріп естігенді келе жатыр,
Аумалы заман екен келген бұл бір.
Қыстығып әлгі үйге кіріп келсем,
Отырған адам емес «сап албасты».
Тартылып қан ішіне, шашы өткен,
Көңілді оны көріп бір қан басты.
Олардың сүреңі – жын, сөздері – адам,
«Көнбеймін» деп қып отыр дау-егесті.
Бәрі де жөн сұрасып, мұңайысып,
«Ғарып!» деп мені есіркеп төкті жасты.
Жан отыр бір қуыста отыз екі,
Бар екен паритядан ең алғашқы.
Сұмдықтың мұнда деді қиын басы,
Көз жастың енді болды тыйылмасы.
Екі орыс, екі қытай, сегіз қазақ,
Өзбек пен ұйғыр, татар жиырмасы.
Кез болған бәрі мұңлы мұндай іске,
Көрмек түгіл кірмеген бұл бір түске,
Әнуар Қапасұлы мұнда екен,
Ызымен шиқырлатып тісті-тіске.
Молдахан, Молдабайлар және осында,
Көндірген талайларды еппен күшке.
Алмахан сырт Монголдан келген екен,
Оны ұстап Әнуар өзі берген екен.
Момақан Сексенбайдың қызын алып,
Түрмеге сол турадан түскен екен.
Алмахан өз жерінен қашып кепті,
Шын палуан, асқан батыр, мерген екен.
Алты жыл, жеті жылдық адамдар бар,
Көз оты көбінің-ақ сөнген екен.
Сол кезде біздің Мақаң бесінші үйде,
Тұрдыақын, Тастандылар өлген екен.
Сейітқазы, Шәмшилар мұнда дейді,
Ретпен әр түрмеге бөлген екен.
Суы екен көк қақпақтың ішкен асы,
Алыпты оған көніп кәрі-жасы.
Жасаған гауляң ұннан жың момасы,
Секілді өзі шикі, иттің асы.
Бір жылда өліп-бітіп құриды екен,
Күнәһар сегіз мыңдай айналасы.
Тағдырдың бұл ісіне бар ма шара,
Сап мұңлық ғарыптардың күні қара.
Әнуар, Момақан мен Молдахандар,
Боп алдық, бір дастархан төртеу ара.
Ойлама сенім бар деп заманды көп,
Қайғысыз көре алмадық аманды көп.
Осы жыл сәуір айда дәйбиаудан,
Талайды айтып отыр қамалды деп.
Деп жүрсем, мен ойымда олар аман,
Түсіпті оларға да ақыр заман.
Қожабегім жатыпты алтыншы үйде,
Шыққанда сығаласам кешке таман.
Түрменің неше түрлі кәсібі бар,
Қаптаған темір менен есігі бар.
Дәретке шыққан адам көрінетін,
Бір жарық тебен көздей тесігі бар.
Деп ойлап тағы Іледен кім бар екен,
Ауызын сол тесіктің қылдым мекен.
Әр жерден әрбіреуі бар секілді,
Деп жүрсем өз ойымда «Бір мен екем».
Қожабек алтыншы үйде қайран батыр,
Әр сөзі мың ділдәлық, жұртқа татыр.
Ашқанда сегізінші үйді қарап тұрсам,
Кердеңдеп біздің Жәкең келе жатыр.
Кісідей қиял басқан иіп басын,
Азырақ ақ шалыпты сақал-шашын.
Жолбарыс мұндай халге кездескенде,
Еріксіз шығып кетті көзден жасым.
Кір шалып, кірбең тартып қалған екен,
Сынығы мың ділдәлық асыл тасым.
Тесіктен қайтқанынша тұрдым қарап,
Сағынып көргім келіп әр тұлғасын.
Там бұрыш босағада тұрдым бұғып,
Өзгелер мән-жайымды білмейді ұғып.
Күншуақ там бұрышқа келді тұрып,
Есінеп жан қалтаға қолын сұғып.
Долданып, көзі жайнап, тісін қайрап,
Бораннан кер бұғыдай тұрған ығып.
Күрсініп, «иә, Алла» деп көкке қарап,
Оң қолын сол қойнына салды тығып.
Мүбәрәк жүзін көріп шыдай алмай,
Қыстығып кете жаздым даусым шығып.
Жібердім темекімді лақтырып,
Дірілдеп, көздің жасын бұлап тұрып.
Жәкеңе сонда айтқан сөзім мынау,
Тия алмай өксігімді жылап тұрып:
– Түстің бе темір торға, арыстаным,
Ауыздыға сөз бермей қарысқаным.
Алашқа атың мәшһүр ақтаңгерім,
Қараңды көре алмаған жарысқаның.
Оңалмай тегеурінің батқан дұшпан,
Жығылмай кеткен емес алысқаның.
Бері қарай жеті атаңнан өңкей мықты,
Дұшпанға жібермеген намыстарын.
Бақ-дәулет басыңдағы өзіңдікі,
Елдегі – сырттан кірген табыстарың.
Тақырлап қыр жусанын қойың жесе,
Жапырағын ойдың жылқың қамыстарын.
Төрт түлік малың шықса құрттай қайнап,
Білмеуші ек қайтып суға қанысқанын.
Тауысып талдың бүрін өрген түйең,
Тоқтатқан өзен судың ағыстарын.
Желше есіп, суша тасып, бұлтша жөңкіп,
Танбаған еңіс-өрге шабыстарың.
Жаяуға – ат, жалаңашқа – киім болып,
Есепсіз жоқ-жітікке қарасқаның.
Сол қызық, сондай дәурен шағың қайда? –
Маңдайда шайқалмаған бағың қайда?
Ақ өзен, қара бұлақ, Адуынкер,
Ағын су, ата қоныс, тағың қайда?
Шынтақтап оң тізеңде отыратын,
Ақ сұлу, қырғи қабақ, Нағым қайда?
Алпысбай, Сатыбалды, Кәрім қайда,
Болатын дертке шипа, дәрім қайда?
Тілдессем қанғанымша сұрар едім,
Жіберді осылардың бәрін қайда?
Бегімбет, Дербіс деген елдер қайда?
Бестөбе, Күнес, Шапқы – жерлер қайда?
Топ-топ боп алды-артыңда қорғаушыдай,
Жол бастап ертіп жүрген ерлер қайда?
Кең сауыр, қамыс құлақ атың қайда?
Бұл жерде жан ашитын жақын қайда?
Жалғанды жалпағынан басып жүрген,
Саңлақтар бүгінгі күн жатыр қайда?
Саржайлау, салқын ауа, бағлан еті,
Сары қымыз сапырылған көлің қайда?
Аузыңа қалың елді қарататын,
«Жайырбек күбің» деген шенің қайда?
Алдыңа айбыныңнан жан беттемес,
Алатын екі нықтан демің қайда?
Баласы Қаракөктің әкең Сасан,
Ел жаққа қайта аларсың енді қашан?
Адасып жол табудан кесілді үміт,
Еліңді өзің барып бастамасаң.
Зар төгіп жатып қалдым жаратқанға,
Көлеңке сәуле көріп таң атқанда.
Күйзелген, күңіренген қос жанарым,
Көзімнің оты қашып, алақтауда.
Сонымен жатып қалдық түрмесіне,
Талатып қандала мен бүргесіне.