Рметті Әзілхан аға! 4 страница

Осы көрікті күмбездің ішкі қабырғаларына, кешегі мәңгілік Күлтегін ескерткішіндей етіп, тамаша зергер-суретші Мұратбек Есболов бауырым Халима-ананың мейірбан, сүйкімді жүзін тас бетіне бедерледі.

Осы үш азаматқа шын жүрегімнен шексіз алғыс айтып, иықтарына Абылай ханның, Абайдың, Әуезовтің шапандарын жауып (соңғысынікі макинтош), бастарына хан қалпақ, қара тақия, шетен шляпа кигіземін.

Биылғы төпелеген қалың жауын, шудалары шұбатылған қара бұлттың астында қажымай қызмет етіп күмбезді көтерген қайратты құрылысшы інішектерім Асхат Айтмұхамбетовке, Ермек Бекбосыновқа, Айдын Баймұхамбетовке, Жанат Төлеубаевқа және Самат Жақыповқа өте ризамын. Олардың әрқайсысына өзімнің "Өмір өрнектері" кітабымның бір-бір данасын ескерткіш ретінде зор құрметпен сыйлаймын.

Халима күмбезін көтеруге өз шамаларынша қаражат қосқан азаматтарға: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Нұртай Сабильяновқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, жиенім Нұржан Нұрмұхамбетұлы Әжімбетовке, Олжас Омарұлы Сүлейменовке, Мұхтар Шахановқа, құдам Керейхан Аманжоловқа, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Зарлықұлы Мурзинге және басқаларға (барлығы 85 адам) шын жүректен алғыс айтамын. "Сіздерді Тәңір жарылқасын!" деймін.

Менің Халима туралы қысқаша естелігімді халыққа жариялаған "Жұлдыз" журналының, "Сарыарқа самалы", "Семей таңы", "Қас-қағым сәт" газеттерінің, Қазақ радиосының, "Қазақстан" арнасының "Ақжүніс" бағдарламасының ұжымдарына шексіз алғыс жолдаймын. Қазір ол естелік орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр.

Халимадан айырылып, аңырап қалғаннан кейін, менің жетімдігімді мүсіркеп, қазақ дәстүрі бойынша үйлеріне шақырып, бір шәугім шай берген, кейбірі иығыма шапан жапқан он үйдің адамдарына көптен-көп рақмет.

Енді айтылмаған не қалды? Күмбездің төбесінде неге ай, немесе жұлдыз, тіпті болмаса крест жоқ? Неге найзаның үшкір ұшы бейнеленген? — деген сұрақ бар шығар.

Ол сұраққа саңлақ сәулетші Сайынның өзі былай деп жауап берген:

— Ай — мұсылмандық, қызыл жұлдыз — коммунистік, крест — христиандық белгі. Діни ишара. Ал махаббат өз алдына дін. Ешқашан өшпейтін, жоғалмайтын, жойылмайтын дін. Өзге діндердің бәрінен де күшті дін. Ол адамның асыл жүрегін тесіп өтетін найза тәріздес ең өткір сезім. Мен ақ жеңгем Халиманың басына тек қана осы белгіні лайық көрдім.

Ол осылай деген еді. Мен інімнің бұл даналық жауабына шын жүректен ризамын.

Мен жан болып жаратылып, АДАМ болып дүниеге келгеніме бақыттымын!

Мен Халимадай ғажап жар сүйіп, мәңгілік махаббатты басымнан кешіргеніме бақыттымын!

Мен махаббаты мәңгі қадірлеп, қастерлеп келе жатқан қазаққа деген ұлы халықтың перзенті болғаныма бақыттымын!

Бұл менің жан жарым Халиманың жылына арналып жайылған дастарқан үстінде, оның басына мәңгілік ақ отау көтерілген тойын өткізген күнгі соңғы сөзім. Бірақ, бұл менің Халима туралы соңғы сөзім емес. Халима туралы үлкен сөзімді романымды "Мәңгілік махаббат жыры" деп атармын, бәлкім.

Екеумізді Тағдыр қосып, біз дүниежүзіндегі ең бақытты ғашықтардың қатарына кірдік. Мың мәрте шүкіршілік бұған!

Ойлап қарасам, бүкіл тіршіліктің, бар ғұмырдың мән-мағынасы, сән-салтанаты, қызық-шыжығы адал жар ғана екен.

"Жақсы жарға — жан пида!" дейтін себебім сол!

Сау болыңыздар.

Асыл махаббат аясында өмір сүріңіздер.

Халиманың жетісінде, қырқында оны еске түсіруге келгендерге "Махаббат, қызық мол жылдар" мен "Өмір өрнектері" кітаптарының 80 данасын қабыл алыңыздар. Сіздерге ескерткіш болсын.

Осы мәжілісте мен 5-ші және 6-шы инфарктке ұшырағанда Халима екеумізді жеке палатаға жатқызып емдеп, мені ажалдан алып қалған екі дәрігер отыр. Бірі республикалық кардиология институтының қазіргі директоры, профессор Әлихан Қазақбайұлы да, екіншісі сол институттың жетекші ғылыми қызметкері, бұрын Павлодар обкомында менімен бірге қызмет істеген досым Мұхи Көшімбаев марқұмның қызы (менің де қызым) Күлзида Мұхиқызы Көшімбаева. Сол сияқты мені алғашқы инфаркттерден аман сақтап қалған Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Орталық ауруханасының бұрынғы Бас дәрігері Мұхтар Айтқазин және осында. Өмірімді сақтап қалған осы үш адамға ерекше құрмет көрсете иіліп, тағзым етемін. Өйткені мен қазір Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп, тік тұрғаным үшін осы кісілерге және басқа дәрігерлерге қарыздармын.

Халима барлық дәрігерлерді, әсіресе, осы үшеуіңізді және аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болған Марат Әбдірахманұлы Баязитовты ерекше бағалап, құрметтеуші еді. Дәрігерлерді аялап, ардақтауға өте зор мән беретін.

Халима дәрігерлерге мейрам сайын сый-сыяпат жасап отыруды ешқашан ұмытпайтын. Біздің аурухананың, әсіресе, №48-қабинеттің дәрігерлері мен медбикелері Халиманың осы қамқорлығын әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді.

Халима: Көктегі Құдай өз алдына, ал Жер бетіндегі Тәңір дәрігерлер деп есептейтін еді...

Халиманың жылына және оның басына ақ отау көтерілу тойына қатысқан бәрлеріңізге рақмет. Халиманы еске ала жүріңіздер. Ол бәрілеріңізді жақсы көрді. Шеттеріңізден құрметтеп, сыйлай білді.

Екеуміз ауырып жатсақ та әзілдесе беретін едік. 1997 жылы ол ауруханаға жатып, операцияға түсерде мен:

— "Жаман айтпай — жақсы жоқ". Сен олай-бұлай болып кетсең, менен құран дәметесің бе? Мен құран оқи білмеймін ғой, — дедім.

— "Халима! Халима! Халима!" деп менің атымды үш рет атап, "біз аманбыз, Сені ұмытқан жоқпыз!" десең жетеді. Немесе Абайдың бірер ауыз өлеңін оқы. Мәселен. "Айттым сәлем Қаламқастан":

Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас. Халима!

Сағынғаннан Сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас, Халима!

— десең болды. Одан соң:

Сенен артық жан тумас

Туса туар, артылмас, Халима!

Бір өзіңнен басқаға

Ынтықтығым айтылмас, Халима!

— деп жалғастырсаң және еркің.

Мен соны құран деп қабылдаймын, деді ол күліп. Ол жолы ауруханадан аман қайтты. Бірақ, Халиманың осы сөзін ешқашан ұмытпаймын, ағайын. Сіздердің де естеріңізде болсын. Егер Халима күмбезінің қасынан өтсеңіз, немесе Алматыдан Талғарға қарай кетіп бара жатқаныңызда оң жағыңыздан Алатау иығында ақ күмістей жарқырап тұрған күмбез көрінсе, Халиманың атын атап, бет сипаңыз. Құран білмесеңіз, Абайдың бір ауыз өлеңін оқыңыз. Рухы риза болады Сізге. Халиманың қасында жатқан мен де қоса қуанамын онда.

21-шілде, 2002 жыл,

Алматы,

"Айтұмар" банкет залы.

МІНӘЖАТ

5-мамыр күні кешке Тұрсынбек Кәкішев телефон соқты.

— Ертең Мырзабекті еске алу кеші болады. Соған келіңіз, — деді.

— Мен сырқатпын ғой, Тұрсынбек. Бара алар ма екенмін, — дедім оған.

— Жоқ, болмайды, ауру болсаңыз да келесіз, — деді ол әр сөзін шегелей айтып.

Әрине, баруым керек. Бірақ, барғанда не айтамын? Мырзабек бейнесін "Махаббат, қызық мол жылдар" романында жасадым. Романдағы Жомартбек сол. Одан қалғанын былтыр мен алдыңғы жылы "Жұлдыз" журналында жарияланған "Өткелдерде" айттым. Оларды қайталаудың қажеті не? Жұрт естімеген жаңа естелік айту керек. Ондай не қалды?

Мені қинаған бір ой осы болды.

Осыдан он жыл бұрын Мырзабектің 60 жылдығын атап өткенбіз. Ол алпысқа толуына бес айдай ғана қалғанда өмірден өтіп кетті ғой. Амандық болса, алпыс жылдығымды өткіземін деп әзірленіп жүр еді. "Менің тойыма не әкелесіңдер?" дейтін еді ол әзілдеп. "Сенің тойыңа өзіңде жоқ нәрсе апарамыз" дейтінмін мен. "Менде бәрі де бар ғой. Сонда не әкелесің?" дейтін ол ойлана түсіп. "Оны той күні қолыңа ұстатқанда көресің".

Шапан-шапқыт өз алдына ғой. Мен Мырзабекке мүлде елеусіз бір нәрсе тағы да әзірлеген едім. Өзге ғалым жазушылардың қалталарында визиткалары толып жүргенде, мұндай дүние Мырзабекте ешқашан да болмайды. Өйткені ол ондай ұсақ-түйекке мән бермейтін. Сондықтан мен оның аты-жөні, атақ-лауазымы, үйі мен кеңсесінің әдіріс-телефондары жазылған 300 дана визитка жасатып, тықтырып қойғанмын. Мерейтойы күні қолына тапсырармын деп ойлағанмын.

Әрине, ол қуанатын еді. Өйткені ол мерейтойына жетпей, қайтыс болып кетті.

Досымыздың алпыс жылдығы оның өзінсіз өтті. Оның көптеген жора-жолдастары жылы-жылы естеліктер айтты. Қазақтың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаев оған арнаған өлеңін оқып, халықты қатты тебірентті.

Мырзабек дүниеден өтерде екеуміз ауруханада бірге жаттық. Ол төменгі қабаттағы бөлмеде, мен жоғарыда болдым. Сонда маған баспадан жаңа ғана шыққан "Ғасырлар сыры" деген ең соңғы кітабын әкеп сыйлады. Бірінші бетіне әдейі арнап мынадай үш шумақ өлең жазыпты.

Адірлі Әзілхан!

Табиғаттың сыры бар ашылмаған,

Деректер көп әлі де басылмаған.

Кейде олай жорылған, кейде бұлай,

Адамзаттың тарихы ғасырлардан.

Білсем-дағы әлжуаз өз жайымды.

Көп іздендім, тауысып көз майымды,

"Қудық қаздым инемен" ерінбедім.

Жақындығын білсем де "күз" айымның.

Жазғаным жоқ тарихта қалайын деп,

Қаламақы молырақ алайын деп.

Аямадым жүректі, жараладым.

Кәдесіне жастардың жарайын деп.

Өзіңнің Мырзабегің.

30.07.88. Аурухана.

Біз оның жаңа кітабын үйден ыстық мәнті алдырып "жудық". "Халиманың мәнтісін сағындым" деп, ол осы дәмді қалады. Ac үстінде көп қызықты әңгімелер айтты. Ең соңында Мырзабек:

— Ауруханадан шыққаннан кейін бұл кітапты дүкеннен көп етіп сатып алып, достарымның бәріне таратып беремін, — деді.

Бірақ, ол тарата алмады. Ертеңінде қайтыс болып кетті.

Оның алпыс жылдығында "Ғасырлар сыры" кітабының алпыс данасын сатып алып, жиналғандарға мен тараттым. Оның қағазға түсірген ең соңғы қолтаңбасы маған арнаған өлеңін 60 дана етіп, фотоға көшіртіп, оларды жиналған жұртқа үлестірдім. Оған арнап алған шапанымызды артында қалған жалғыз ұлы Ерденнің иығына жаптым. Жан жары Зураға көйлек кигізіп, мойнына шәлі орадық. Ең соңында Мырзабекті қуантамын деп арнайы жасатқан визиткалардың 60 данасын залда отырған адамдарға бөліп бердім.

Тұрсынбекпен сөйлескеннен кейін баяғы визиткалардың қалдығын іздедім. Бар екен. Солардың 70-ін санап алдым. Олардың бәріне "Дүйсенов" деген сөздің алды-артынан "70" "жыл" деген екі сөзді жазып, аяғына: "Әуезов мұражайы, 6. V. 1999. Әз. Нұршайықов" деп қол қойдым. Бұл жұмысты түнгі сағат он бірде бітірдім.

Таңертеңгі сағат алтыда дәрі ішуге ояндым. Осыдан бастап әр екі сағат сайын күні бойы (түнгі он екіге дейін) бір-екі таблеткадан қылғытумен боламын. Сол себепті, көбіне, таңертеңгі алтыдан кейін ұйықтамаймын: кітап оқимын, радио тыңдаймын, әр түрлі ойлар ойлап, афоризмдер шығарамын.

Бүгін таңертеңгі оразамды дәрімен ашқаннан кейін, Мырзабекті еске алу кешінде ол туралы оригинальный не айтамын деп ойлаумен болдым. Еске aлy кеші күндізгі сағат он екіде Әуезов мұражайында басталады. Айтатын ойымды соған дейін реттеп алуым керек. Толықтап жазып алуға уақыт тығыз, үлгере алмаймын. Ауызша айтуға тура келеді. Алдын-ала жазып алмаған сөз шашылып, шашау шыға береді. Бірақ, амал жоқ.

Осы жайларды ойлап жатқанымда "Махаббат, қызық мол жылдар" романы прототиптерінің дөңгелек шеңберге салынған суреті есіме түсті. Ол суреттер роман бойынша деректі фильм түсіру кезінде компьютермен жасалынған болатын. Басты бейне прототиптерінің ең жоғарғы жағында Мырзабектің суреті тұрған. Оны еске түсіру жиналысына келгендерге бұл да елеулі ескерткіш болуға тиіс. Сондықтан сағат тоғыздан кейін көшедегі ксерокстердің біріне апарып, оны 70 дана етіп бастырып алуым керек. Кенет келген бұл ойға қуанып, төсектен тұра сала сол суретті іздедім. Бір данасы сақталған екен.

Алты адамның кішкентай суреттері салынған гүлдесте (букет) сияқты суреттерді 70 дана етіп бастырып әкеліп, олардың әрқайсысының сыртына: "Сізге М.Т. Дүйсеновтің 70 жылдығына арналған еске алу кешінен ескерткіш. Әз.Нұршайықов. 6. V. 1999 ж. Алматы, Әуезов мұражайы" деген сөздер жазып, қолымды қойдым. Осы шаруаны тындырып бола берген кезде Мырзабектің мені 1947 жылы Семейге шығарып салғаны сап етіп ойыма орала кетті.

Мен Ұлы Отан соғысынан келгеннен кейін университетке оқуға түстім. Студенттер арасынан тапқан жалғыз досым Мырзабек болды. Екеуіміз жатақханада алты ай бойы бір кереуетте жаттық. Сол кезде 1946 жылдың аяғында менің сүйген қызым Халима әскерден қайтты. Семей облысының Шар ауданына барып, мұғалім болып орналасты. Мен Халимаға жетуге ынтықтым. Университеттен жарты жылға академиялық демалыс алып, елге кетуге қамдандым.

Мырзабек менің оқуды тастап кетуіме қарсы болды.

— Халиманы қайтесің, осындағы отыз қыздың біреуін алмайсың ба? – деді. Онда біздің курста отыз қыз бар болатын.

— Маған Халимадан басқа қыздың керегі жоқ, — дедім оған.

Ол мені I Алматы вокзалына шығарып салды. Мен №54 Ташкент-Новосибирь поезына билет алдым. Вагонның алдына келгеннен кейін Мырзабектің менің кері қайтпасыма көзі жетсе керек, күрсініп, басын шайқады. Содан соң:

— Мені қайда қалдырдың, досым-ау? Кімге қалдырдың? – деді қиылып.

Мен күлдім. Күлгенім "Қыз Жібек" қиссасындағы Төлегеннің қыз іздеп, Ақ Жайыққа аттануы ойыма орала кетті. Сонда шешесі Төлегенге: "Қарағым, алысқа аттанба, таңдап жүріп бір қыз осы жерден ал!" деп тілек ететін. Бірақ, Төлегеннің алған бетінен қайтпасын білген соң: "Бізді кімге тапсырдың?"дейтін ұлына. "Бір Құдайға тапсырдым" деп Төлеген боз жорға атын орғытып Жайыққа қарай жөнеле беретін.

Біздің курста менен басқа соғыстан келген тағы да үш ұл бар болатын. Олар менен кейін келіп қосылған Амантай Байтанаев, Қайсар Қасымбеков және Бүркіт Ысқақов деген майдангерлер еді. Мырзабектің өзімен құрдас Байтан Кәдірқұлов деген бозбала жігіт және бар. Отыз қыздың ортасында қаздай қалқып жүрген сол жігіттерге тапсырдым деп айтпақ болып, өлеңдетіп былай дедім:

Жаяу әскер взводын,

Маң-маң басып бастаған,

Жаудан қорқып, саспаған,

Оң қолын оқ жұлып әкетсе де,

Кейін қарай қашпаған

Амантай ерге тапсырдым.

Коккинаки секілді,

Көк жүзінде ойнаған,

Самолетін шүйілтіп,

Фашистерді төбеден

Бомбалауын қоймаған,

Сұлуды көрсе сұқтанып,

Тамсануға тоймаған,

Қайсардай сері ұшқышқа,

Бір өзіңді тапсырдым.

Биязы ылғи жүретін,

Жымиып қана күлетін,

Сабағын жақсы білетін,

"Сөз патшасын" сағалап,

Өлеңнен "үйрек"ілетін,

Төмен ұстап дауысын

Сөз сөйлейтін үркітпей,

Қан кешіп келген қаһарман.

Жауынгер ағаң Бүркіттей.

Қырандарға тапсырдым.

Рамазан мен Байтандай

Ұландарға тапсырдым.

— Тағы кімге? — деді Мырзабек күлім қағып, дереу маған жауап беруге асыққандай болып.

— Тағы ма, тыңда, — дедім мен өлеңімді ары қарай жалғап.

Көздері оттай жайнаған,

Бұлбұл құстай сайраған,

Жүрегінде бәрінің

Мөлдір махаббат мөлтілдеп,

Достық, мейір, сыйластық,

Тай қазандай қайнаған.

Сүйкімділік шырайы,

Тілді тас қып байлаған;

Мәнтай, Майра, Күлкендей,

Үш Әсия, Перизат,

Сәния мен Сақила,

Камалия, Шарипа,

Қанафия, Нұржамал,

Халжан менен Құлзайдай

Жұмабике, Төлеудей,

Ақанай мен Нәзила,

Бағдат, Бикен секілді.

Аққу мойын, қолаң шаш,

Қыр мұрынды, қиғаш қас,

Отыз қызға тапсырдым!

Осылай деп Мырзабектің қолын алдым. Паровоз бұрқырата бу шашып, Семейге қарай жүргелі тұр... Мырзабек қолымды босатпай, Қыз Жібекке қарай аттанып бара жатқан Төлегеннің шешесінің әуенімен, ол да өлеңдете боздатып қоя берді:

Уа, көл иесі, Қамбар-ау,

Шөл иесі, Қамбар-ау!

Әзілхан деген досыма

Әрқашанда көз сал-ау.

Адасса жолға салып жүр,

Көз жазбай, қойдай бағып жүр.

Барлық пәле-жаладан,

Бір өзің қорғап, қағып жүр.

Жаны жібек бұл жігіт,

Төлегендей талпынып,

Ғашық жүрек алқынып,

Төрт жыл тосқан жан жары

Халимаға жетсем деп,

Уа, көл иесі, Қамбар-ау!

Бұған қарсы дұшпанды

Қаңылтырдай қабыстыр.

Халима мен екеуін

Желімдей етіп жабыстыр.

Айқастырып білегін,

Қабыл етіп тілегін,

Мәңгілікке табыстыр!

Алло Әкпар!

Ол осылай деді. Бұл адал достың ғана аузынан шығар ақ батадай мінәжат сөз еді. Оның оң батасы қабыл болды.

Мырзабек батасын бітірген кезде "бақ" етіп, паровоз қозғалды. Мен ырғып вагонға міндім. Содан соң қара паровозды көңілмен қамшылап, екі аяқпен еденді тепкілеп:

Бектен мінер сұр қасқа,

Шаба алмаса, үр басқа!

Батырлық, байлық кімде жоқ,

Ғашықтық жолы бір басқа! –

деп әндетіп, Алматыдан Семейге қарай тартып бердім.

Бұл бұрын айтылмаған деталь. Бүгінгі Мырзабекті еске алу кешінде осыны айтуым керек деп шештім.

Дереу букет-суреттердің сыртына сөз жазуды тоқтатып, осы шумақтарды ойыма түсіріп, бөлек қағазға түрте бастадым. Сурет сөздерін жиналыс үстінде жазармын деп ойладым. Алдымен Тұрсынбектің өзі "Дос туралы сөз" деген тақырыпта баяндама жасайды. Содан кейін мен сөйлеймін.

Сөйтіп, Семей жақта Халимаға үйленіп, Ақбұзау ауылындағы Отан соғысында опат болған әкем үйінің өшіп қалған (шешем соғыс кезінде өлген) түтінін түтеттім. Содан кейін жан жарымды ақ білегінен ұстап Алматыға алып келдім. Халима ЖенПИ-ге түсті. Мен отыз қыз бен алты ұлдың ортасына оралдым. Олармен бірге университет бітірдім. Біздің курстан университет бітірген Мырзабек екеуміз Ғылым академиясының аспирантурасына жолдама алдық. Соған түстік. Ол ғалым болып шықты. Мен бола алмай қалдым. "Социалистік Қазақстан" газеті ("Егемен Қазақстан") мені қызметке қабылдап аспирантурадан қол үздірді.

Мен Мырзабекті ешқашан ұмытпаймын, үлкен портреті кабинетімде қарсы алдымда тұр. Маған арнаған соңғы өлеңінің фотокөшірмесі жазу үстелімнің үстінде жатыр. Өзі сыйлаған он бес кітабы сөрелерде тізулі. Мырзабек деген аты жүрегімде жазулы, жанды бейнесі кітаптарымда сақтаулы.

Мен үйден ұзап шыға алмаймын. Бірақ, Халиманың демеуімен барып, Мырзабекті еске алу кешіне қатысамын. Оны жақсы көрген адамдармен жүздесемін. Бір кезде ол өзінің салалы саусақтарымен сан рет қысқан алақандарды ұстаймын. Бұл мен үшін үлкен ғанибет.

Кеште мен Мырзабек туралы осы естелікті айтамын. Айтамын да:

— Бізбен бірге оқыған Амантай асқар таудай болып әне отыр. Атақты жазушы. "Сұлуды көрсе сұқтанғыш" сол Қайсар әне отыр. Өмір бойы ЖенПИ-де сабақ беріп, сан сұлуды тәрбиелеген саңлақ-педагог. (Кеше хабарлағанмын. Бүгін олар да келуге тиіс). Мен, міне, естелік айтып тұрмын. Ал, Мырзабек "Көл иесі Қамбарға" жалынып:

Әзілхан мен Халима екеуін,

Желімдей етіп жабыстыр.

Айқастырып білегін,

Қабыл етіп тілегін,

Мәңгілікке табыстыр!

Алло Әкпар!—

деп мінәжат еткен Халима да осы залда отыр. Оның бізге бұл батаны бергеніне биыл 52 жыл болыпты. Адал достық ақ батасы қабыл болды! деймін. Мен осы сөздермен естелігімді аяқтаймын. Өзі қысқа. Жұрт жалықпайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын Алматы вокзалының басында Мырзабек екеуміздің арамызда болған диалогтың еске түскен жолдарын қағазға көшіріп алып, сағатқа қарадым. Тура бір жарым болған екен. Еске түсіру кеші екіде басталады. Асығып орнымнан тұрып, дереу киіне бастадым.

13 мамыр 1999 ж.

Наши рекомендации